Сусамыр жәрмеңкесі туралы шағын мақала бізге не айтады

Бөлісу

22.05.2026 89

Бір қарағанда, 1925 жылғы «Сусамыр жәрмеңкесі» атты шағын мақала – шаруашылық хабарға ұқсайтын қысқа мәтін. Бірақ оған тарихи контекстпен қарасақ, бұл жазбада жаңа құрылған Қара-Қырғыз автономиялық облысының ең өзекті түйіндері тоғысып тұр: көшпелі елге тауар қалай жеткізіледі, ақша айналымы әлсіз жерде сауда қалай жүреді, орталық мекемелер даланың нақты сұранысын қаншалық тани алды, жаңа баспасөз осының бәрін қалай түсіндірді? 1924 жылдың күзі мен 1925 жылдың көктемі – Қырғызстан үшін мемлекеттілік, әкімшілік құрылым, мәдениет және шаруашылық жүйе қатар жаңадан қалыптасып жатқан аса күрделі өтпелі шақ еді. Бұл жағдайды сол дәуірдің ғылыми еңбектері де, анықтамалықтары да, кейінгі зерттеулер де айқын көрсетеді. 


Сондықтан «Сусамыр жәрмеңкесі» мәтінін тек «сауда дұрыс жүрмепті» деген тар түсінікпен оқу жаңсақ болар еді. Ол, шын мәнінде, кеңес дәуірінің алғашқы жылдарындағы экономикалық тәжірибенің далалық шындықпен бетпе-бет келген тұсын көрсетеді. Жол қатынасы нашар, сауда қалалар мен ірі қоныстарға ғана шоғырланған, көшпелі өңірлерде натуралды шаруашылық басым, ал тауар жеткізу жүйесі енді ғана реттеле бастаған жағдайда жәрмеңке – жай базар емес, мемлекет пен ауыл арасындағы сынақ алаңы болған. 

Жаңа автономияның жаңа үні болған «Эркин Тоо»

Бұл мақаланың қайда жарияланғаны да айрықша маңызды. «Эркин Тоо» – қырғыз тіліндегі тұңғыш ұлттық газет. Қырғыз Республикасының ресми мекемелері 7 қараша 1924 жылды ұлттық баспасөздің туған күні ретінде атап өтеді; дәл сол күні Ташкентте «Эркин Тооның» алғашқы саны жарық көрген. Ұлттық статистика комитеті де, мемлекеттік мекемелер де осы датаны қырғыз баспасөзі тарихының бастауы ретінде көрсетеді. 

Газеттің тарихи орны мұнымен шектелмейді. ХХ ғасырдың ортасына дейінгі қырғыз жазуы тарихын зерттеген еңбектер Қасым Тыныстанов қалыптастырған арабграфикалы қырғыз әліпбиі мен емлесінің Ахмет Байтұрсынұлының әліпбиі мен емле реформасына өте жақын болғанын, тіпті сол негізде қалыптасқанын дәлелдейді. KazNU жариялаған 2024 жылғы зерттеуде арабграфикалы қырғыз әліпбиі «Байтұрсынұлы қалыптастырған қазақ әліпбиі мен емлесі негізінде» жасалғаны нақты айтылады. Осы жағынан қарағанда, «Сусамыр жәрмеңкесі» – тек экономикалық емес, қазақ-қырғыз ортақ жазу мәдениетінің де бір дерегі. 

Басқаша айтқанда, бұл мәтін – жаңа автономияның жаңа газетінде, жаңа ұлттық жазу қалыптасып жатқан шақта жарияланған материал. Сол себепті оның тілі де, уәжі де әкімшілік құжат пен ағартушылық мақала арасындағы аралықта тұр: автор бір жағынан кемшілікті сынайды, екінші жағынан билікке нақты нұсқау береді, үшінші жағынан қарапайым оқырманға жәрмеңкенің не үшін керек екенін ұғындырады. Ұлттық баспасөздің алғашқы кезеңінде газет дәл осындай қызмет атқарған. 

Сусамыр неге таңдалды

Жәрмеңкенің дәл Сусамырда ашылуы кездейсоқ емес. 1925 жылғы анықтамалық Қара-Қырғыз автономиялық облысының құрамына Қарақол мен Нарын уездері, Пішпек уезінің бір бөлігі, Әулие-Ата уезінің таулы өңірі, сондай-ақ Әндіжан, Наманган, Қоқан, Ферғана мен Ош аймақтарының бөліктері кіргенін жазады. Демек жаңа автономияның аумағы өзара әркелкі, кең әрі табиғи-географиялық жағынан күрделі болды. Оның үстіне халықтың негізгі бөлігі ауылдық жерде тұрды: 1925 жылғы анықтамалықта ауыл халқының үлесі 91,6 пайыз деп көрсетілген, ал сауаттылар небәрі 5,4 пайыз болған. 

Осындай кеңістікте Сусамыр – жай ғана жайлау емес, түйіскен торап еді. Бүгінгі зерттеулерде Сусамыр алқабы Қырғызстандағы ең ірі жазғы жайылымдардың бірі ретінде сипатталады: ELD Initiative жариялаған баянхатта оның шамамен 478 мың гектарды қамтитыны және жыл сайын көрші өңірлерден мыңдаған малшыларды тартатыны айтылады. Бұл – Сусамырдың табиғи тұрғыдан да, шаруашылық тұрғыдан да көп жұрттың басын қосатын кеңістік болғанын көрсетеді. 

Ал қырғыз саудасының XIX ғасыр соңы мен XX ғасыр басындағы тарихын қарастырған зерттеулер жәрмеңкелердің көбіне көш жолдарының түйінінде, жетуге де, тауар жеткізуге де ыңғайлы жерлерде ашылғанын жазады. Сол еңбекте көшпелі қырғыздар үшін сауданың басты формалары жәрмеңке, базар және стационар сауда болғаны, ал мал мен мал өнімдері басты айырбас эквиваленті қызметін атқарғаны көрсетілген. Яғни Сусамырдағы жәрмеңке – бос кеңістікте ойдан шығарылған жоба емес, көшпелі шаруашылық логикасына сай таңдалған орын. 

Мақаланың өзегі неде

Берілген мәтінге сүйенсек, мақала авторы 1924 жылы Сусамыр жайлауындағы Дубанкешу деген жерде ашылған жәрмеңкенің неге ойдағыдай жүрмегенін талдайды. Мәтінде бұл істі Түркістан орталық атқару комитетіне қарасты мекемелер бастағаны айтылады; мақсаты – көшпелі халыққа кездеме және басқа да күнделікті қажет тауарларды айырбас арқылы жеткізу. Автор былтырғы тәжірибеден сабақ алу керек дейді де, ең үлкен кемшілік – жергілікті елге қандай тауар өтімді екенін үкімет ұйымдарының алдын ала дұрыс білмегенінде деп көрсетеді. Бұл ой кездейсоқ емес: НЭП кезеңіндегі кооперация тарихына арналған еңбектер 1921–1923 жылдардан кейін нарықтық қатынастар мен кооперативтік сауда қайта жандана бастағанымен, мемлекеттің нарықты толық сезініп кетпегенін, әкімшілік басқару мен шынайы сұраныс арасындағы алшақтық сақталғанын атап өтеді. 

Мақаладағы ең әсерлі дерек – көшпелі елдің жәрмеңкеге дайындығы мен сауда ұйымдарының соған сай келе алмауы. Автордың жазуынша, қырғыздар айырбасқа ондаған мың қой мен жүздеген ірі қара айдап әкелген, бірақ он күн ішінде сатылған тауар көлемі өте мардымсыз болып шыққан. Оның үстіне жәрмеңкеге жеткізілген кездеме, сабын, балта секілді бұйымдар сұранысқа шақ емес, ал сатушы ұйымдар малға еркін айырбастаудан гөрі шикізат пен аң терісін ғана алуға бейіл болған. Мәтіндегі бір әйелдің 2000 қой айдап келіп, оған айырбастайтын тауардың тек 250 қойға ғана жетуі – сол сәттің бүкіл қайшылығын ашып тұрған көрініс. Яғни проблема «халық саудаға келмеді» дегенде емес, «халық келді, бірақ жүйе оған дайын болмады» дегенде жатыр. Бұл тұсты Қырғызстандағы сауданың әлсіз дамуы, жол қатынасының нашарлығы және мемлекеттік сауда аппаратының енді ғана қалыптасуы туралы деректер де жанама түрде қуаттайды. 

Мақаланың соңғы бөлігі одан да маңызды. Автор жәрмеңкені доғару керек демейді. Керісінше, оны жандандыру қажет екенін айтып, нақты ұсыныстар береді: халық жайлауға көтерілетін 15 маусым мен 15 тамыз аралығына дейін дайындалып, кездеме, шай, қант, сабын, шыны ыдыстар, сіріңке секілді тауарларды уақытында жеткізу керек дейді. Бұл – жай тілектестік емес, жергілікті нарықтың нақты картасы. Автор қандай тауар өтетінін білген. Билік соны білмеген. 

Сауда неге жүрмей қалды

Сусамырдағы сәтсіздікті түсіну үшін бір маңызды нәрсені есте ұстау керек: көшпелі қоғамда «сұраныс» ұғымы қалалық дүкен логикасымен өлшенбейді. XIX ғасыр соңы мен XX ғасыр басындағы қырғыз саудасын зерттеген еңбекте көшпелілердің мал мен мал өнімдерін мата, темір бұйымдар, шай, қант, сабын, сіріңке, тұрмыстық ыдыстарға айырбастағаны айтылады. Демек «Сусамыр жәрмеңкесі» мәтінінде аталған тауарлар – автордың жалаң болжамы емес, әлдеқашан қалыптасқан айырбас сұранысының жалғасы.

Ендеше 1924 жылғы жәрмеңкенің әлсіз өту себебі тауар айналымының табиғи негізі жоқтығынан емес, ұсыныс пен ұйымдастыруда болған. Мұны бірнеше қабаттан көруге болады. Біріншіден, жаңа автономияның өзінде сауда желісі әлсіз еді: 1925 жылғы анықтамалық сауда негізінен қалалар мен ірі қоныстарда ғана шоғырланғанын жазса, 1926/27 жылдарға қатысты деректер ірі сауданың мемлекеттік ұйымдар мен кооперативтер қолында болғанын, ал көшпелі аймақтардағы ұсақ және алыпсатарлық сипаттағы бөлшек сауда көбіне жеке саудагерлер арқылы жүргенін көрсетеді. Екіншіден, жол қатынасы аса қиын болды: шоссе жолдары жоқ, таулы аймақтардағы вьючный жолдар жыл маусымына тәуелді, кей мезгілде өтуге мүлде келмейтін. Үшіншіден, НЭП тұсында кооперациялар қайта жандана бастағанымен, мемлекет нарықты «реттеу» мен оны шынайы түсінудің аражігін ажырата алмады. Соның салдарынан жәрмеңкеге тауар жеткізу әкімшілік есеппен жоспарланды да, жергілікті өмір ырғағына кешігіп жетті. 

Сусамыр жәрмеңкесінің расында облыстық деңгейде мән берілген жоба болғанын архив дерегі де аңғартады. Қара-Қырғыз автономиясының 100 жылдығына арналған ресми архив материалындағы іздеу нәтижесінде Сусамыр жәрмеңкесін ұйымдастыру жұмысына арнайы уәкіл – жолдас Чукин тағайындалғаны көрінеді. Бұл бір жағынан жәрмеңкенің маңызын көрсетсе, екінші жағынан оның стихиялы базар емес, әкімшілік бақылаудағы экономикалық шара болғанын білдіреді. Бірақ дәл сол әкімшілік сипат жәрмеңкенің әлсіз тұсына да айналған: жергілікті сұранысты тану төмен, ал есеп пен нұсқау жоғары болды. 

Шағын мәтіннің тарихи салмағы

«Сусамыр жәрмеңкесі» бізге үш үлкен шындықты қатар көрсетеді. Біріншісі – көшпелі қоғам нарыққа жабық болмаған. Керісінше, ол әлдеқашан айырбасқа бейімделген, қай тауардың өтетінін жақсы білетін орта еді. Екіншісі – кеңестік жаңа әкімшілік сол сұранысты кооперация мен мемлекеттік сауда арқылы игергісі келді, бірақ алғашқы тәжірибелерде дала экономикасының тілін толық түсіне алмады. Үшіншісі – сол қайшылықты алғаш тіркегендердің бірі ұлттық баспасөз болды. «Эркин Тоо» мұнда ресми үнқағаз емес, нақты өмірдегі ақауды көрсеткен қоғамдық мінбер қызметін атқарып отыр. 

Осы тұрғыдан алғанда, Сусамыр мәтіні Қарқара жәрмеңкесі туралы 1925 жылғы материалдармен де үндеседі. Ерте кеңестік кезеңдегі жәрмеңкелер енді тек сауда алаңы емес, кооперацияны тарату, мемлекеттік ұйымдарды бекіту, мәдени-ағарту жұмысын жүргізу, жаңа идеологияны ауылға апару құралына айналды. Бірақ жәрмеңкенің тағдырын шешетін нәрсе бәрібір біреу болды: тауар ауылдың нақты қажетіне дәл келе ме, жоқ па. Сусамыр мақаласының құндылығы да осында – ол идеологиялық ұранды емес, экономикалық дәлсіздікті ұстап алған. 

Қорытынды

Сусамыр жәрмеңкесі туралы бұл шағын мақала – Қырғызстан тарихындағы өтпелі кезеңнің ықшам портреті. Оның бойынан жаңа автономияның әкімшілік қадамдарын да, әлсіз инфрақұрылымын да, көшпелі қоғамның айырбас мәдениетін де, кооперацияға сүйенген НЭП-тің далалық сынағын да көреміз. Ең бастысы, бұл мәтін бізге бір қарапайым ақиқатты ұқтырады: жәрмеңке далаға «мәдениет апаратын» біржақты құрал емес, алдымен даланың өзін түсінуді талап ететін кеңістік. Сусамырдағы алғашқы сүріну – халықтың саудаға енжарлығынан емес, биліктің сұранысты дәл ұстай алмауынан туған. Сол себепті «Сусамыр жәрмеңкесі» бүгін біз үшін ескі газет қиындысы емес, мемлекет пен көшпелі қоғам алғаш рет бір-бірінің тілін үйренуге мәжбүр болған шақтың тірі куәлігі.

Мақаланың толық нұсқасы: 

Сусамыр жәрмеңкесі

Қырғыз жеріне кездеме және бұлдарды көшпенді халық арасында айырбастап, халықты бұлмен қамтамасыз ету шарасына кірісуге 1924 жылы Түркістан орталық атқару комитетінің комиссиялар советі Сусамыр жайлауының Дубанкешу деген жеріне жәрмеңке ашқан. Бұл жер Нарын, Әулие-Ата, Наманган, Әндіжан уездерінің орталық жері. Сусамыр жәрмеңкесі басталған жылы жақсы болмады, бірақ бола алмағандығы Түркістан орталық мекемелерінің іс-жүзінде тәжірибе көрмегендігінен болды. Жәрмеңкеге қандай бұл өтімді екеніне және жергілікті халықтың қандай маталар аларын білмегендігінен болды, бұл бізге бір сабақ болып қалды. 75 болыс елге қандай бұл өтімді боларына былтырғы тәжірибеден білуіміз керек. Былтырғы жәрмеңкеде көшпенді халықтың сұраған бұйымдарының көбі табылмады. Үкімет кооператив бұлдарына айырбас қыламыз деп қырғыздар жәрмеңкеге 72000 қой, 600 іріқара айдап келді.

Сусамыр жәрмеңкесінің он күндігінде қожалық ұйымдары 2658 сом 61 тиындық кездеме, 48 сомға балта, 4 сом 20 тиынға сабын ғана сатты. Қырғыздар 94 қойды 979 сомға сатты. Үкімет ұйымдарынан келген бұлдар мұндай: кездеме 22234 кез, 11290 сомдық 420 кесек сабын 50 сом 65 тиындық, 40 балта 159 сомдық. Халықтың сұраған бұлдары көп сатылатын еді, бірақ сатушы үкімет дүкендері шикізат, аң терілеріне ғана сатамыз деді, сондықтан бұнда сауда-сатық аз болды. Бір қырғыз қатын 2000 қой айдап келіп кездемеге айырбастаймын десе 250 қойлық ғана кездеме бар екен.

1924 жылғы Сусамыр жәрмеңкесі қырғыз саудасына тосқауыл болғандығы осы. Қырғызда ақша жоқ, малға сауда қылушылар айырбастамайды. Егер айырбас болып бұл сатыла бастаса әр болыс пен қала байланысы артады. Былтыр жәрмеңкенің жақсы болмағандығы біздің бұл шығарушыларымыздың жергілікті халыққа қандай мәміле қыларын біле алмағандығы. Енді қазірден бастап Сусамыр жәрмеңкесін жандандыру шарасына кірісу керек. Сусамырға халық көшіп барған уақыт 15 июньнан 15 августқа дейін даярланып кездеме мен керекті бұлдарды жеткізу керек. Көшпенді халыққа өтетін бұлдан жақсылап малға, ақшаға сатуға кездеме, шай, қант, сабын, шыны бұйымдары, сіріңке болуы керек және кооперативтерді сауда жасауға жіберу керек. Бұл Сусамыр жәрмеңкесінен мал мен тері бұйымдары көп табылады, алдағы уақытта қала мен ауыл байланысып сауда жандануында күмән жоқ.

«Эркин Тоо» газеті №7, 29 наурыз 1925 жылы, 4-бет

Бөлісу