Ирада Аюпова: "Алтын Орданың төзімділік қағидаттары бүгін де өзекті"

Бөлісу

19.05.2026 348

Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан «Алтын Орда — дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты Халықаралық симпозиумы аясында Татарстан Республикасының мәдениет министрі Ирада Аюпова сөз сөйлеп, Алтын Орданың Еуразия кеңістігіндегі тарихи рөлі мен мәдени сабақтастығы туралы пікір білдірді. Ол бұл кезеңдегі діни төзімділік, мәдени әртүрлілік және қоғамдық келісім қағидаттарының қазіргі қоғам үшін де маңызды екенін атап өтті.

 

– Алтын Орда дәуірінде сенім, төзімділік және дәстүрге құрметке негізделген басқару жүйесі қалыптасты. Бұл тек теориялық ұстаным емес, алып мемлекетті басқарудың нақты әрі тиімді құралы болды. Түрлі этностар мен діндердің қатар өмір сүруі сол кезеңдегі мемлекеттің басты ерекшеліктерінің бірі еді, – деді Ирада Аюпова. 

Оның айтуынша, Алтын Орда кезеңіндегі діни және мәдени төзімділік қазіргі Еуразия кеңістігіндегі қоғамдық келісім үлгілерінің тарихи негіздерінің бірі саналады.

 

– XIV ғасырда ислам мемлекеттік дін ретінде қабылданғаннан кейін де Алтын Орда өзге конфессияларға құрметпен қарау саясатын сақтап қалды. Бұл көпэтносты әрі көпконфессиялы қоғамды тұрақты басқарудың маңызды тетігіне айналды, – деді спикер. 

Сондай-ақ ол Қазақстандағы тарихи мұраны сақтау бағытындағы жұмыстарға да тоқталды.

 

– Қазақстанда ислам, православ және өзге де тарихи-мәдени мұраларды қатар сақтау мен жаңғырту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл – мәдени әртүрлілік пен қоғамдық келісімді сақтаудың маңызды үлгісі, – деді Ирада Аюпова. 

Спикер Қазақстан мен Ресейдің ортақ тарихи-мәдени байланыстары туралы да пікір білдірді.

 

– Қазақстан мен Ресей – Еуразия кеңістігіндегі тарихи және мәдени үдерістер ғасырлар бойы тоғысқан мемлекеттер. Бізді ортақ тарих, мәдени байланыстар мен халықтар арасындағы өзара түсіністік біріктіреді, – деді ол. 

Сөз соңында Ирада Аюпова халықаралық симпозиумның ғылыми ынтымақтастықты күшейтіп, ортақ тарихи мұраны жаңа қырынан зерделеуге мүмкіндік беретінін айтты.

 

– Мұндай халықаралық алаңдар біздің ортақ Еуразиялық мұрамызды тереңірек түсінуге және болашақ ұрпаққа дұрыс жеткізуге жол ашады, – деді ол.

Бөлісу