«Шыңғыс хан мен оның мұрагерлері Еуразияның ұланғайыр даласына бейбітшілік орнатты» - моңғол ғалымы

Бөлісу

19.05.2026 262

Шыңғыс хан және оның мұрагерлері соғыстар мен қақтығыстарды тоқтатып, Еуразияның ұланғайыр даласына бейбітшілік орнатты. 


Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиумында Моңғолия Ғылым академиясының президенті Содносамбуу Дэмбэрэл осылай деп атап өтті. 

Оның айтуынша, Моңғолия мен Қазақстан халықтарын терең тарихи байланыстар біріктіреді. «Беделді халықаралық академиялық конференцияға қатысу мәртебесіне ие болғаным үшін зор ризашылығымды білдіргім келеді. Бұл іс-шараның маңыздылығы ерекше, өйткені ол Моңғолия Президенті, аса мәртебелі Ухнаагийн Хүрэлсүхтің Қасым-Жомарт Тоқаев шақыруымен Қазақстан Республикасына жасаған ресми сапарынан кейін өтіп отыр. Осы сапар барысында екі мемлекет басшысы саясат, ғылым және экономиканы қоса алғанда барлық салада жемісті әрі өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту жөнінде маңызды уағдаластықтарға қол жеткізген болатын. Моңғолия мен Қазақстан халықтарын терең тарихи байланыстар біріктіреді. Ал Қазақстанның Азия мен Еуропаның тоғысындағы бірегей географиялық орналасуы ғасырлар бойы тағдырымызды өзара сабақтастырып келеді. Шыңғыс хан және оның мұрагерлері соғыстар мен қақтығыстарды тоқтатып, Еуразияның ұланғайыр даласына бейбітшілік орнатты. Олар халықтар арасындағы байланыстарды кеңейтіп, өзара келісімді нығайтты әрі өркениеттің дамуына қолайлы жағдай қалыптастырды. Нәтижесінде «Pax Mongolica» - Ұлы Моңғол бейбітшілігі дәуірі орнықты», - дейді ол. 

Шетелдік маман сонымен қатар осы тарихи миссияны жүзеге асыруда Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы хан негізін қалаған Жошы ұлысы – Алтын Орда ерекше рөл атқарғанын мойындады.

«Тарихшылар Алтын Орданың Моңғол империясындағы аса маңызды әкімшілік, байланыс және көлік желісі болған «ям» пошта жүйесінің сенімді әрі үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге зор үлес қосқанын атап өтеді. Сонымен қатар, ол империяның экономикалық күретамыры саналған Ұлы Жібек жолы бойындағы сауда бағыттарын қорғауға үлкен ықпал етті. Алтын Орда тарихын зерттеу тек Моңғолия мен Қазақстан үшін ғана емес, Орталық Азиядағы өзге де елдердің тарихы мен мәдениетін тереңірек түсіну үшін де айрықша маңызға ие», - деп атап өтті ол өз сөзінде.

Дэмбэрэл мырзаның айтуынша, бүгінде тарих пен мәдениет Моңғолия мен Қазақстан халықтары арасында бұрыннан алтын көпір қызметін атқарып келеді. 

«Ғалымдарымыз да ұзақ жылдар бойы табысты ынтымақтастық орнатып келеді. Мәселен, 2011 жылы Моңғолия Ғылым академиясының Тарих институты мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетібірлескен зерттеу тобы Моңғолия аумағындағы Ланх-Хэрэм деп аталатын нысанда археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесінде VII ғасырдың екінші жартысына жататын көшпелі ақсүйектердің толық жерлеу кешені табылып, тарихи ғылым үшін аса құнды деректер анықталды. Бірлесе зерттеу жүргізудегі әлеуетіміздің зор екеніне және оның болашақта үлкен нәтижелер беретініне сенімдімін. 

Қымбатты достар! Дала өркениеті – Моңғолия мен Қазақстанды байланыстыратын ортақ тарихи-мәдени кеңістік. Моңғолия Ғылым академиясының президенті ретінде бір-бірімізді құрметтеп, өзара қолдау арқылы бірлесе жұмыс істеудің маңызын ерекше атап өткім келеді. Моңғолдар мен қазақтардың тамыры ортақ көшпелі мұрадан бастау алады. Мұны моңғолдың киіз үйі мен қазақтың киіз үй мәдениетінен, салт-дәстүрі мен дүниетанымынан анық көруге болады. 

Мен қазақ халқының «Достық – сарқылмас байлық» деген керемет мақалын білемін. Ал сіздер «Жалғыз жебені сындыру оңай, ал біріккен жүз жебені сындыру мүмкін емес» деген моңғол мақалын естіген боларсыздар. Бұл нақылдар халықтарымыздың бірлік пен ынтымаққа ерекше мән бергенін көрсетеді. Моңғолия Ғылым академиясының президенті ретінде бір-бірімізді құрметтеп, қолдау арқылы, ғалымдарымыздың тәжірибесін біріктіру негізінде екіжақты әрі халықаралық деңгейдегі ортақ қызығушылық тудыратын көптеген табысты академиялық зерттеулер жүзеге асатынына сенемін», - деді ол.

Бөлісу