Сәкен Ғұмаров музей-үйі – Орал қаласындағы ең ерекше мәдени орындардың бірі. Бұл музей қазақ бейнелеу өнеріндегі өзгеше қолтаңбасымен танылған суретші, режиссер әрі авангард бағытындағы қылқалам шебері Сәкен Ғұмаровтың өмірі мен шығармашылығына арналған. Музейге келген адам тек картиналарды көріп қана қоймай, суретшінің ішкі дүниесімен, философиялық көзқарасымен және өнерге деген ерекше танымымен таныса алады.
Сәкен Ғұмаров – қазақ бейнелеу өнеріндегі ең ерекше әрі жұмбақ тұлғалардың бірі. Ол 1937 жылы Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы өңірінде дүниеге келген. Кейін отбасы Жалпақтал жағына қоныс аударып, болашақ суретшінің балалық шағы сол өңірде өтеді. Әкесі мәдениет пен өнер саласына жақын адам болғандықтан, Сәкен ерте жастан шығармашылық ортада өседі. Балалық шағынан сурет салуға қызыққан ол айналасындағы табиғатты, адамдарды, ауыл өмірін қағазға түсіруге әуестенеді. Сол кезеңнің өзінде оның өзгеше ойлайтыны байқалған. Кейін өнерге деген қызығушылығы кәсіби білім алуға алып келеді. 1960-жылдары Мәскеуге оқуға түсіп, режиссерлік бағытта білім алады. Сонымен қатар Ленинградтағы шығармашылық ортамен байланыс орнатып, театр мен бейнелеу өнерінің қыр-сырын меңгереді.
Сәкен Ғұмаров алғашқы еңбек жолын театр саласында бастайды. Ол Оралдағы драма театрында жұмыс істеп, кейін телевидение саласына ауысады. Батыс Қазақстандағы алғашқы телевизиялық студиялардың қалыптасуына қатысып, режиссер болады. Алайда уақыт өте келе оның негізгі бағыты суретшілік өнерге ауысады. Сәкен Ғұмаров қазақ сурет өнерінде абстракция және авангард бағытында жұмыс істеген санаулы қылқалам шеберлерінің бірі болды.
Сәкен Ғұмаровтың шығармашылығы әсіресе 1980–1990 жылдары кеңінен таныла бастады. Бұған дейін оның картиналары көбіне шағын шығармашылық ортада ғана белгілі болса, кейін халықаралық көрмелерге қойылып, шетелдік өнертанушылар мен коллекционерлердің назарын аударады. Алғашқы ірі көрмелерінің бірі Украинада өтіп, сол жерден кейін суретшінің еңбектері Ресей мен Еуропадағы өнер ортасына тарала бастады. Музей қызметкерлерінің айтуынша, Сәкен Ғұмаровтың жүздеген картинасы бүгінде Ресей, Швейцария, Болгария, Румыния, АҚШ және басқа елдердегі жеке коллекцияларда сақтаулы. Кей еңбектері Қазақстаннан тыс жерлердегі галереялар мен өнер қорларына да өткен. Бұл – оның шығармашылығы тек жергілікті деңгейде емес, халықаралық өнер кеңістігінде де бағаланғанын көрсетеді.
Алайда Кеңес дәуірінде Сәкен Ғұмаровтың өнерін бәрі бірдей қабылдай қойған жоқ. Сол кезеңдегі ресми өнер бағыты социалистік реализмге негізделген болатын. Яғни суретші нақты өмірді, еңбек адамын, өндіріс пен қоғамды түсінікті формада бейнелеуі керек еді. Ал Сәкен Ғұмаров бұл шеңбермен шектелмеді. Ол адам санасы, руханият, тарих, уақыт, еркіндік секілді күрделі ұғымдарды символдар арқылы жеткізуге тырысты.
Музей-үй қалай ашылды?
Бүгінде Сәкен Ғұмаров музей-үйі орналасқан ғимарат Орал қаласындағы тарихи құрылыстардың бірі саналады. Ғимараттың сәулеті сол кезеңдегі Орал қаласына тән еуропалық үлгіде салынған көне үйлердің стилін сақтап қалған. Ұзақ жылдар бойы бұл нысан түрлі мекеменің қарамағында болған. Бір кезеңде мұнда архив те орналасқаны айтылады.
Сәкен Ғұмаров дүниеден өткеннен кейін оның шығармашылық мұрасын сақтау мәселесі көтеріледі. Себебі суретшінің көптеген картинасы, қолжазбалары мен жеке архиві әр жерде сақталып келген. Кейін жергілікті мәдениет саласының өкілдері мен өнертанушылардың бастамасымен арнайы музей-үй ашу туралы шешім қабылданады. Осылайша көне ғимарат суретшінің шығармашылығына арналған мәдени кеңістікке айналды.
Музей экспозициясы Сәкен Ғұмаровтың өмір жолын, шығармашылық ізденісін және дүниетанымын көрсетуге бағытталған. Мұнда суретшінің түпнұсқа картиналары, графикалық жұмыстары, жеке заттары, қойындәптерлері, хаттары, өлеңдері мен сирек фотосуреттері сақталған. Сонымен қатар оның жұмыс барысында пайдаланған мольберті, бояу құралдары, қылқаламдары және шеберханасындағы кей заттар қойылған. Бұл жәдігерлер келушілерге суретшінің шығармашылық атмосферасын жақынырақ сезінуге мүмкіндік береді.
Картиналарындағы негізгі тақырыптар
Сәкен Ғұмаров шығармашылығының басты ерекшелігі – оның картиналары белгілі бір оқиғаны жай бейнелеп қана қоймай, терең тарихи және философиялық ойды жеткізуге құрылған. Суретші еңбектерінде қазақ тарихы, ашаршылық, репрессия, ядролық полигон зардабы, табиғат пен адам тағдыры, руханият тақырыптары жиі кездеседі. Оның көптеген туындысында түркілік дүниетаным мен ұлттық тарихи жад көрініс табады.
Сәкен Ғұмаров әсіресе өткен тарих пен адамның рухани күйін байланыстыра бейнелеуге тырысқан. Кей картиналарында Орхон-Енисей жазуларына ұқсас таңбалар, көне түркі белгілері, тасқа қашалған символдар кездеседі. Өнертанушылар мұны суретшінің қазақ тарихының терең тамырына үңілу әрекеті деп бағалайды. Оның шығармашылығына Абай, Шәкәрім, шығыс философиясы және түркі дүниетанымы қатты әсер еткен. Ол Құран мен Библияны, шығыс ғұламаларының еңбектерін оқып, сол идеяларды өз шығармаларына енгізгені туралы музей қызметкерлері мен зерттеушілер жиі айтады. Суретшінің бірқатар туындылары Семей ядролық полигоны мен Капустин Яр сынақ алаңының зардабына арналған. Бұл картиналарда табиғаттың бұзылуы, радиация әсерінен өзгерген жануарлар бейнесі, адамзаттың техногендік қателігі көркем түрде көрсетілген. Сәкен Ғұмаров ядролық сынақтарды тек экологиялық мәселе емес, рухани апат ретінде де қабылдаған. Кей жұмыстарында жарылған жер, күйген дала, үрейлі жануар бейнелері арқылы полигон қасіретін астарлап жеткізеді.
Ал тәуелсіздік тақырыбындағы еңбектерінде еркіндік идеясы мен ұлттық рух алдыңғы қатарға шығады. Оның кей картиналарында көк аспанға ұмтылған бейнелер, шексіз дала, қыран құс, көшпелі мәдениет элементтері кездеседі. Бұл суреттерден суретшінің ұлттық болмыс пен рухани тәуелсіздікке деген көзқарасын байқауға болады.
Сәкен Ғұмаров шығармашылығындағы маңызды ерекшеліктің бірі – түстер символикасы. Ол әр түске белгілі бір мағына берген. Суретшінің түсіндіруінше қоңыр түс – жер, тұрақтылық пен береке, көк түс – аспан, рухани кеңістік пен еркіндік, қызыл түс – қуат, қозғалыс әрі сақтану белгісі, ақ түс – тазалық пен рух тазалығы, сары түс – сабыр, тереңдік және даналықты білдіреді. Осы түстер үйлесімі оның картиналарында жай эстетикалық шешім ретінде емес, белгілі бір ойды жеткізетін құрал ретінде қолданылады. Кей жұмыстарында бір түстің басым болуы арқылы суретшінің көңіл күйі немесе көтеріп отырған тақырыбы байқалады.
Сәкен Ғұмаровтың еңбектері көзі тірісінде-ақ жоғары бағаланған. Музей қызметкерлерінің мәліметінше, облыстық музей суретшінің 24 картинасын өзінен 24 мың кеңестік сомға сатып алған. Яғни әр картина шамамен мың сомнан бағаланған. Ол кезең үшін бұл өте үлкен ақша болған. Музей мамандарының айтуынша, мұндай қаржыға сол уақытта бірнеше «Жигули» немесе «Москвич» автокөлігін сатып алуға мүмкіндік болған. Кейін Сәкен Ғұмаровтың шығармаларына шетелдік коллекционерлер де қызығушылық таныта бастаған. Музейдегі деректер бойынша, оның кейбір картиналары бірнеше миллион теңгеге бағаланған. Жекелеген туындыларына 20 миллион теңгеден астам баға ұсынылғаны туралы мәліметтер де айтылады. Алайда суретшінің ХХ ғасырда салынған көптеген еңбегі мәдени құндылық ретінде есептелетіндіктен, оларды шетелге шығаруға шектеу қойылған. Сондықтан Сәкен Ғұмаровтың түпнұсқа картиналарының бір бөлігі бүгінде Қазақстандағы музейлер мен жеке коллекцияларда сақтаулы.
Өнер мен тылсымға сенген тұлға
Сәкен Ғұмаров тек суретші ретінде ғана емес, өнердің адам жанына әсер ететін рухани күш екеніне сенген тұлға ретінде де белгілі болды. Оның шығармашылығында сурет жай бейне емес, белгілі бір энергия мен ойды жеткізетін құрал ретінде қарастырылған. Сәкен Ғұмаров өнер адамның ішкі дүниесін өзгертеді, рухани күйіне ықпал етеді деп есептеген. Сол себепті ол кейбір картиналарын «энергиямен байланысты» жұмыстар деп атаған. Суретші өз еңбектерінде адамның көзге көрінбейтін рухани әлемін бейнелеуге тырысқан. Оның картиналарындағы түрлі белгілер, символдар мен түстер үйлесімі белгілі бір көңіл күйді немесе ойды жеткізу үшін әдейі қолданылған. Кейбір көрермендер оның жұмыстарын ұзақ қарап тұрған кезде өзгеше әсер алатынын айтқан. Мұндай пікірлер суретшінің өзі туралы естеліктерде де кездеседі. Сәкен Ғұмаров шығармашылықты тек кәсіби өнер емес, рухани ізденіс ретінде қабылдаған. Ол көп уақытын жалғыздықта өткізіп, кітап оқып, ой жазумен айналысқан. Суретшінің қолжазбалары мен күнделіктерінде өмір, уақыт, адам жаны, табиғат пен ғарыш туралы ой-толғамдар кездеседі. Сонымен қатар ол поэзиямен де айналысқан. Түрлі философиялық жазбалар қалдырып, өнер мен руханияттың байланысы туралы ойларын қағазға түсірген. Оның жазбаларында қазақтың дәстүрлі дүниетанымы, түркілік таным, дін, ар-ождан және рух тазалығы туралы пікірлер жиі айтылады. Суретші үшін өнер – тек көркем шығарма жасау емес, адамның ішкі әлемін тазартатын рухани кеңістік болған. Сондықтан оның музей-үйіне келген адамдар көбіне картиналардың сыртқы бейнесінен бөлек, олардың астарындағы ойды түсінуге тырысады.
Соңғы жылдары және мұрасы
Сәкен Ғұмаров өмірінің соңғы жылдарын Орал қаласында өткізді. Ол шығармашылықтан қол үзбей, сурет салумен қатар ой-толғамдарын қағазға түсіріп, жаңа жобалармен айналысқан. Замандастарының естеліктерінде оның үнемі ізденіс үстінде жүретін, өнер туралы сағаттап әңгімелесетін адам болғаны айтылады. 1995 жылы суретші жұмысқа бара жатқан жолда жүрек талмасынан қайтыс болған.
Суретші өмірден өткеннен кейін оның мұрасын сақтау мәселесі көтерілді. Себебі көптеген картинасы жеке қолда, әртүрлі шеберхана мен архивтерде сақталған болатын. Кейін оның еңбектерін жинақтау, жүйелеу және халыққа таныстыру жұмыстары басталды.
Бүгінде Сәкен Ғұмаров музей-үйі Орал қаласының маңызды мәдени орындарының біріне айналды. Мұнда сурет өнеріне қызығатын жастар, студенттер, өнертанушылар, туристер мен шығармашылық адамдар жиі келеді. Музей қызметкерлері келушілерге суретшінің өмір жолы туралы баяндап қана қоймай, әр картинаның астарындағы мағынаны, қолданылған символдар мен түстердің ерекшелігін түсіндіреді.