Беркеневтер «бандысы»

Бөлісу

07.07.2026 298

1920 жылдардың екінші жартысы мен 1930 жылдардың басы қазақ халқы үшін ауыр кезең болды. Бұл жағдай бүкіл КСРО-да сталиндік әкімшіл-әміршіл жүйенің орнығуымен, ал қазақ өлкесінде сол жүйенің өкілі Голощекиннің билікке келуімен және оның «Кіші Қазан» бағытын жариялауымен байланысты қалыптасты. Осы кезеңде Қазақстанда, оның ішінде Батыс Қазақстан облысында сайлау құқынан айыру, аудандастыру, шабындық және жайылымдық жерлерді тартып алу, байларды тәркілеу, артық астықты тапсыру, күштеп ұжымдастыру және отырықшыландыру секілді саяси-шаруашылықтық шаралар жүзеге асырылды. 


Кеңес өкіметінің саясатына қарсы шыққан және билікке мойынсұнбаған адамдар «банды» атанып, саяси қудалауға ұшырады. ОГПУ-дың мәліметі бойынша 1929-1930 жылдары Қаратөбе өңірінде Беркеневтер «бандысы» болған [1]. Шындығында олар ешқандай банды емес,  өздерінің шаруашылығын сақтап қалуды көздеген қарапайым шаруалар еді. Бұлар әкелі-балалы Бисенғали және Мамай Беркеневтер, сондай-ақ олардың қатарында әулеттің кіші ұлы Қоңырша да болды. Ақырында Беркеневтер кеңестік саясаттың құрбанына айналды [2].

2022 жылы БҚО полиция департаментінің арнайы мемлекеттік архивінде Беркеневтер ісімен танысу мүмкіндігі туса, кейін БҚО мемлекеттік архивінің қорларынан Беркеневтер «бандысына» қатысты ОГПУ-дың ақпарлары табылды. Осы архив құжаттарына сүйене отырып, мақаламызда Беркеневтердің қасіретті тағдырын баяндаймыз. Құжаттарда «Беркеневтер», «Беркеновтар» деп әртүрлі жазылады.

ОГПУ-дың Орал округтік бөлімінің 1929 жылғы 21 қарашадағы №36 жедел барлау ақпары (Оперразведсводка) бойынша астық дайындау науқаны кезінде байларға жасалған қысымға байланысты астық тапсырудан және қудалаудан қашқан Орал округінің Қаратөбе ауданы байларының Ақтөбе округі аумағына жаппай көшіп кетуі байқалған. Сондай-ақ Орал округінің Жымпиты және Тайпақ аудандарынан да байлардың үдере көшу жағдайлары тіркелген. 

Беркеневтерге қатысты алғашқы дерек құзырлы органның осы құжатында кездеседі. Онда Бисенғали Беркеневтің «бандшайкасы» деп атап көрсетілді. Астық тапсырудан бас тартқан Қаратөбе ауданының №3 ауылының байы Бисенғали Беркенев ұлдары Мамай және Қоңыршамен, Дербіс Асралиевпен және аты-жөні белгісіз тағы екі адаммен бірге алты мылтықпен қаруланып, Ақтөбе округі жағында бой тасалап жүрген. Ақтөбе округінен түскен агентуралық мәлімет бойынша олардың тобы Қаратөбеден шығысқа қарай 250 шақырым жерде, Орынбор округіндегі Ташкент темір жолы бойында шоғырланған. Сол жерден Орал округінің Қаратөбе ауданының №3 және №9 ауылдарына шабуыл жасауды көздеген. Шабуылдың мақсаты – сол ауданда қалдырған малдарын айдап әкету екен. Беркеневтер «бандысына» қатысты қабылданған шаралардың бірі ретінде олардың тобының Ташкент темір жолының Илецк стансасы маңында жүргені туралы ОГПУ-дың Орынбор округтік бөліміне телеграф арқылы хабар берілгені айтылады [3, 1-2-пп].

ОГПУ-дың Орал округтік бөлімінің 1930 жылғы 9 наурыздағы №38 жедел барлау ақпарында Қаратөбе ауданы бойынша ОГПУ уәкілінің мәліметіне сәйкес Бисенғали Беркеневтің жеті адамнан тұратын, жеті мылтықпен қаруланған тобының Ақтөбе округінің Шыңғырлау ауданындағы №2, №3 және №21 ауылдар аумағында жүретіні көрсетілген. Дегенмен құжатта соңғы уақытта топтың нақты орналасқан жері белгісіз екені және олардың Қожахметовтың тобымен байланысы жоқтығы баяндалады [3, 19-п].

ОГПУ-дың Орал округтік бөлімінің 1930 жылғы 10 шілдедегі Қаратөбе ауданы бойынша жедел барлау ақпарында Бисенғали Беркенев пен Мамай Беркеневтің тобы «бандшайка» ретінде жеке-жеке көрсетілген. 1930 жылғы 26 маусымдағы аудан уәкілінің мәліметіне сәйкес Бисенғали Беркенев өзінің екі серігімен бірге әрекет еткен. Олардың біреуі – Асралиев, екіншісінің тегі белгісіз, кесілген шолақ мылтықпен және наганмен қаруланған. Топ Қаратөбе ауданының №3 ауылы маңында, Қаратөбеден солтүстік-шығысқа қарай 75 шақырым жерде әрекет жасаған. Олар әртүрлі үгіт-насихат жүргізгенімен, қарулы белсенділік танытпаған.

Агентуралық мәліметтер бойынша ағымдағы жылдың 16 маусымында наганмен қаруланған Мамай Беркенев өзінің серігімен (аты-жөні белгісіз) бірге Қаратөбе ауданының №4 ауылының азаматы Иманқұловпен әңгімелесу кезінде: «Мен Ақтөбе округі Шыңғырлау ауданының №24 ауылы кеңесінің төрағасында болдым, ол маған әзірге жасырынып жүре тұруды айтты», – деген. Осыған байланысты Мамай Беркенев Қаратөбе ауданының №3 ауылында тұратын туысы Батал Ахмедовты күтіп жүргенін, онымен отбасына бару мәселесін келісіп алмақ екенін айтқан. Оның отбасы Орал және Ақтөбе округтерінің шекарасында Қаратөбе ауданында қалған болатын. Бұдан басқа, Мамай Беркенев Қаратөбеден шығысқа қарай 90 шақырым жерде, Ақтөбе округінің №1 ауылында Тілеп Медетов есімді қарулы байдың тұратынын айтқан [3, 41-42-пп].

1930 жылғы 5 қыркүйектегі ОГПУ-дың Орал округтік бөлімінің Қаратөбе ауданына қатысты агентуралық құпия дерегі бойынша Бисенғали және Мамай Беркеневтер №3 ауылдың кейбір азаматтарына хабарласып, «Әртүрлі науқандар аяқталды ма, билік тарапынан бізге жеңілдік бола ма деп сұрастырған және егер №3 ауылдың белсенділері бізге қысым көрсетпесе, онда өзіміздің тұрғылықты жерімізге қайта ораламыз», – деп мәлімдеген.

Құжаттағы қосымша мәлімет бойынша Бисенғали және Мамай Беркеневтер аты-жөндері анықталмаған үш адаммен бірге ағымдағы жылдың 20 тамызында Қаратөбе ауданының №3 ауылының тұрғыны Хабеш Қоңырбаевтың үйінде қонақ болып, түскі ас ішкеннен кейін белгісіз бағытқа қарай кетіп қалған [3, 49-50-пп]. Осылайша, ОГПУ құжаттарындағы Бисенғали және Мамай Беркеневтерге қатысты деректер кеңес билігінің байларға қарсы жүргізген саясатының айқын көрінісі болып табылады. Аталған мәліметтер астық дайындау науқаны кезіндегі қысым мен қудалаудың салдарынан ауқатты шаруалардың өз қоныстарын тастап кетуге мәжбүр болғанын аңғартады. Сонымен қатар Беркеневтер тобы ресми құжаттарда «бандшайка» деп аталғанымен, нақты деректер олардың  қарулы шабуылдар жасамағанын, керісінше жергілікті билік өкілдерінен кешірім күткенін, отбасыларымен қауышуға және ауылда қалған мүліктерін сақтап қалуға тырысқанын көрсетеді. 

1929 жылдың күзінен бастап 1930 жыл бойы билік органдарынан қашып жүрген Беркеневтер тобы ақыры 1931 жылы қаңтар айының соңында қолға түсті. ОГПУ-дың бандылармен күрес жөніндегі құпия құжатында «Орал оперсекторының 1931 жылғы 20 ақпандағы хабарламасы бойынша жіберілген жедел топ (1931 жылғы 1 ақпандағы №1 ақпарды қараңыз) Бисенғали Беркеневті, Мамай Беркеневті және олардың серігі Рамазан Биленғалиевті ұстады. Бандылық топ есептен шығарылды», - деп баяндалған [4]. Бұл құжатта көрсетілген Рамазан Биленғалиев – Бисенғалидың 22 жастағы кіші ұлы Қоңырша Бисенғалиев. «Беркеневтер ісіне» қатысты құжатта да бастапқыда  Қоңырша Бисенғалиевтің есімі Рамазан Бисенғалиев деп қате жазылған.

ОГПУ-дың жандайшаптары саяси қудалауға ұшыраған Қаратөбелік Бисенғали, Мамай, Қоңырша Беркеневтерді және оларға Жұмағали Үмбетовты қосып Орал қаласындағы тергеу изоляторына қамады. Беркеневтер «бандысына» қатысы бар деп ұсталған тағы 12 адам 1931 жылы 3 сәуірде Оралға жеткізіліп, қамауға алынды. Олар Дәрбіс Асралиев, Шәкір Асралиев, Ғимран Едігеев, Қазы Сандыбаев, Сағынғали Сандыбаев-Мұхамбетов, Ақтай Төлебаев, Құби Жарлығасынов, Аязбай Қартамбаев, Құсайын Есенов, Тастемір Құсайынов, Жарылғасын Жейісов, Әжікен Құблашев. Барлығы 16 адамға ҚК 59-3 бабы бойынша «бандылық жолға түсті» деген айып тағылды. 

«Беркеневтер ісін» ОГПУ-дың Жымпиты ауданына жауапты уәкілдері қарады. Себебі бұл кезеңде Қаратөбе ауданы таратылып, оның аумағы Жымпиты ауданының қарауына өткен болатын. Құзырлы органның құжаттары бойынша оқиғалардың бұрынғы Қаратөбе ауданымен шектесетін Ақтөбе округінің Шыңғырлау және Қобда аудандары аумағында орын алуы, куәгерлердің өз тұрғылықты жерлерінен көшіп кетуі, сондай-ақ топ мүшелерінің контрреволюциялық қызметін дәлелдейтін айғақтардың жеткіліксіздігі тергеу ісін аяқтауға кедергі келтірген. Сол себепті тергеу барысы ұзаққа созылады. 

1931 жылы 2 тамызда 70 жастағы Бисенғали Беркенев тергеу изоляторында іші мен аяқ-қолы ісініп, жүрек ақауынан қайтыс болды. Ал оның ісі қайтыс болғанына үш айдан кейін ғана 1931 жылы 9 қарашада тоқтатылды. 1931 жылы 2 қарашада 42 жастағы Мамай Беркенев тергеу изоляторында жүрек ақауының себебінен қайтыс болып, оған қатысты іс 1932 жылы 14 қаңтарда ғана тоқтатылған. Сөйтіп, Беркеневтер тобының жетекшілері саналған Бисенғали мен Мамай Беркеневтер тергеу нәтижесінде көрген қорлықтан көз жұмды. 

«Беркеневтер ісін» жүргізген ОГПУ уәкілдері істі тездетіп аяқтау мақсатында қамаудағы адамдардың бір бөлігін өз тұрғылықты жері бойынша тергеуге жіберсе, енді біреулерін кедей болғаны және аса ауыр қылмыс жасамағаны үшін босатып жіберді. Ал қалған бес адамға қатысты тергеуді жалғастырып, оларды Беркеневтер «бандысының» құрамында болды, тұрғындарды астық тапсырмауға үгіттеді, Құныскерей Қожахметовпен тығыз байланыс жасады және бұрынғы Қаратөбе ауданының №3 ауылына қарулы шабуыл жасау кезінде ауылдық кеңестің мүшелерін ұрып-соқты деп айыптады.

Қоңырша Бисенғалиевке ауылдық кеңес берген анықтамада оның әлеуметтік шыққан тегі байдың және кезінде патша шенеунігі болған бітімгер судьяның ұлы екені көрсетілген. Құжат бойынша 1929 жылға дейін олардың шаруашылығы 50 сиырдан, 20 жылқыдан, 10 түйеден, 15 өгізден және 80 қойдан тұрған. Отбасы құрамы – 6 адам. 1929 жылы оларға 5000 пұт астық және 25 бас мал тапсыру жөнінде қатаң міндет жүктелген, бірақ олар бұл тапсырманы орындамай, жасырынып қашып, әкесімен бірге бандылық топ құрған. Тұтқындалғанға дейін әкесі Бисенғали Беркеневпен шаруашылықтары ортақ болған. Ал Мамай Беркеневтің жеке шаруашылығына, оған салынған міндеткерлікке қатысты дерек жоқ. 

1932 жылы 13 наурызда бес адамға қатысты №763 істің айыптау қорытындысы шығарылып, ҚАКСР-дегі ОГПУ-дың уәкілетті өкілдігі үштігінің қарауына жолданды. 1932 жылы 3 маусымда Қазақстандағы ОГПУ-дың уәкілетті өкілдігі жанындағы үштіктің шешімімен ҚК 58-10 және 59-3 баптары бойынша айыпталған 1. Қазы Сандыбаев, 2.  Дәрбіс Асралиев – он жыл мерзімге концлагерьге кесілді, 3. Аязбай Қартамбаев, 4. Құби Жарлығасынов, 5. Қоңырша Бисенғалиев – бес жыл мерзімге концлагерьге кесілді [5]. 

Қоңырша Бисенғалиевке және басқаларына қатысты дерек ашық тізімде тұр [6]. Өкінішке қарай, олардың концлагерьдегі және одан кейінгі тағдырлары белгісіз күйінде қалып отыр. Дегенмен, бесеуі де 1990 жылғы 12 сәуірдегі Орал облыстық соты алқасының қаулысымен 58-10 бабы бойынша ақталды. Алайда 59-3 бабы бойынша тағылған айып бүгінгі күнге дейін алынған жоқ.

Қорытындылай келгенде, Беркеневтер әулетінің тағдыры 1920-1930 жылдардағы кеңестік әкімшіл-әміршіл саясаттың қазақ қоғамына тигізген зардабын айқын көрсетеді. Бұл бір ғана әулеттің басынан өткен қайғы емес, күштеп ұжымдастыру мен саяси қуғын-сүргін салдарынан мыңдаған қазақ шаңырағын қамтыған тарихи қасіреттің бір парасы. Біздің мақсатымыз – архив құжаттарында көрсетілгендей Беркеневтер «бандысы» деген ұғымды көпшілікке әйгілеу емес, керісінше жазықсыз саяси қудалауға ұшыраған есіл ерлердің есімдерін қоғамға таныту, олардың толық саяси ақталуына ықпал ету және тарихи әділеттілікті қалпына келтіру. Шаң басқан архив құжаттарының зерттеліп, жаңадан ғылыми айналымға енгізілуі де үлкен жетістік. Ендігі кезекте Бисенғали, Мамай Беркеневтер мен Қоңырша Бисенғалиев секілді саяси қуғын-сүргін құрбандарының есімдерін мәңгі есте сақтау – оларға көше атауларын беру, деректі фильмдер түсіру, кітаптар шығару және жас ұрпақтың санасына ерлік рухын сіңіру бүкіл қоғамның ортақ парызы деп санаймыз.

 

Есқайрат Хайдаров, 

Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті «Қазақстан Республикасының тарихы» кафедрасының

 аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты 

 

Пайдаланылған әдебиеттер мен деректер

1. Бөкей және Орал өңіріндегі бандитизм. 1929-1931. (ОГПУ хабарламалары бойынша) Құжаттар жинағы /Құрастырт. Е.Е. Хайдаров., «DANA орталығы» – Орал қаласы, «DANA» орталығы баспасы, 2023. – 206 бет. 

2. Хайдаров Е.  «Банды» емес, бостандық үшін күрескендер. // e-history.kz – Қазақстан тарихы порталы. 2025. 19 қыркүйек. URL: https://e-history.kz/kz/news/show/50000655%20%20%20%20%2028 

3. Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік архиві. 716-қор, 1-тізім, 2-іс. 51-п.

4. Қазақстан Республикасы Президентінің архиві. 141-қор, 1-тізім, 5052-іс, 173-п.

5. Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің арнайы мемлекеттік архиві. 18-қор, П-3452-іс, 214-п. 

6. Бисенгалиев Конырша (1910). Открытый список. URL: https://ru.openlist.wiki/index.php?search=Бисенгалиев%20Конырша%20(1910)

Бөлісу