Көшпенділердің өлім жөнелту және кесене салу дәстүрі

Бөлісу

22.10.2026 133

Туылу – өмірдің басы болса, өлу – оның соңы. Адам рухы жер бетіне келген қонақ, ал денесі талдаған ерекше киімі іспетті.


 Демек біз жер деген секундына 32 км жылдамдықпен күнді айналып ұшып келе жатқан алып кеменің уақытша қонағымыз. Күн де құс жолын айнала қозғалады. Бабаларымыз тірі адам тән мен рухтан тұрады, тән мен рухтың ажыраған кезін – өлім деген. Оны «тәңірге ұшты!», «қайтты!», «қайтыс болды!» деп жақсы сөздермен айтқан. Көшпенді халық өлген соң рух еркіндікке шығады, өмірге қайта келеді деп те түсінген. Сол үшін өлім оларға қорқынышты болмаған. Сол үшін де өлімнен қорықпайтын батыр болған. Сонымен қатар тірісінде мықты, ұлы адамдардың рухы яғни аруағы күшті болады деп керісінше аруақтан қорыққан және сыйлаған. Өйткені аруақ жердің екі шетіне қас қаққанша (электромагниттік толқын іспетті информация, сигналдар) бара алады, адамға күш-қуат бере алады, адамның санасына әсер ете алады деп қараған. Керісінше тірі адам тәнге қамалған тұтқын іспетті, мүмкіндігі шектеулі әлсіз, ал аруақ еркін әрі құдыретті деп қараған. Әрқашан аруаққа арнап мал сойып малдың жанын аруаққа бағыштаған, әр жылы аруақтарға арнап дүбірлі бас қосу жиыны мен тасаттық берген. Соғыста немесе апатта, қысылтаяң сәтте аруақ шақырған, аруақ көмектеседі деп қараған. Сондықтан адам өлгенде оған дабыралы түрде аттандыру жосынын істеген, арулап, әдемі киіндіріп жерлеген, аруақтың тәні жерленген жерге кесене немесе қорған тұрғызған. Көшпенділер туралы деректерден олардың неше мыңдаған жылдар бойы аруақты сыйлап келгенін көреміз. 

Сақтар ата-баба аруақтарына, аспан денелеріне, жұлдыздарға, күнге табынып, жылқы сойып оларға тасаттық берген. Отырықшы сақтар жерді Ана Тәңірі деп сыйынған. Сақтар соғыс тәңіріне де сыйынып, қылышты жерге шаншып, үстіне сүт, қан құйып тәуәп еткен. (1)

Сақ тайпаларының әрбірінің өз алдына ханы болған. Хан қаза болғанда сүйегін арбаға салып аралатқан. Оны көрген бұқара (әйелдер) құлағын тесіп, шашын жұлып, бетін тырнап қанатып жылаған. Ерлер оқпен қолын тесіп, көзін тырнап қайғырған. Хан үлкен қорғанға жерленген, өлікпен қоса алтын, күміс ыдыстар, жылқы қоса жерленген. Тіпті ханмен қоса ханымын, қызметшілерін қоса жерлейтін жоралғы болған. Адам жерленгеннен кейін сүйектің қасында болғандар түгел жуынып бой тазартқан.(2)

Жерлеу материалдарына қарағанда сақтарда ата-баба аруағына табыну, отбасылық, рулық әулиелермен желеп-жебеушілерге табыну ғұрыптары болған. Бұл ғұрыптар өлген адам рухының мәңгі жасайтынына, өлген соң да өз руының салты, үйреншікті ғұрыптары бойынша өмір сүре беретін о дүние бар дегенге негізделген. Өлген адамның денесі негізінен өзінің қыстаулығына жерленген.

Шығыс Қазақстан аумағындағы сақтар моласында ақсүйектердің денесін мумиялау болған. Қазақстандағы мал өсіруші тайпалардың отқа, жылқыға, Күнге басқа да аспан шырақтарына табынуы да тарихи тұрғыда анықталып отыр. (3) 

Біз көріп жүрген алтын адамдар сақтардың жоғары жіктері, оларға алтын киімдері алдын ала дайындалады деуге болады. Мәртебелі адамдарды алтынмен әшекейлеп жерлеу бұл аруаққа деген құрметтен туындаған. 

 

  

Боралдай сақ қорымдары және Есіктен табылған алтын адам

«Тәңірқұт Луантек затынан (руынан) қойылады. Елі оны «Тәңірдің гөдегі – Тәңірқұт деп атайды. Ғұндар көкті (аспанды) «Тәңірі», ұлды «годек» дейді. Тәңірқұт (Занғуағ) немесе (Занғұғ) – дарқан (шексіз кең) деген мағынада, яғни аспандай аялы деген сөз»ғұндар жер мен көкке сыйынды. Ғұн патшасы өзін «Тәңірдің ұлы» деп атады. Әр күні таңертең шығып келе жатқан Күнге тағзым етті. Түнде Айға сәлем берді, әр жылы көктемде Ұлубалыққа жиналып  ата-баба аруағына арнап мал шалып, тасаттық береді» дейді.(4)

Ғұндар да кейінгі қаңлы, түрік, моңғолдар да көктемде ата-бабаларының моласының басына барып, аруақтарға арнап мал сою, тіпті мемлекеттік көлемде жүргізу үрдісі болған. Хағанич тәңірқұт Хань еліне бағыну туралы сөз айтқанда өзге ел ағалары: «Атай көрмеңіз, біз ғұндар – ерлікті даңқ, бағынуды намыс санайтын елміз, қазір аға-інілер таққа таласып жатқаны рас, тақ ағаға бұйырмаса ініге бұйырар, Хань елі күшейіп тұрса да бізді қосып алатын қуатқа жеткен жоқ, өзге көшпенділер арасында әлі де ең күштіміз, өзгеге бағынардай басымызға не күн туыпты? Бұлай істесек өткен тәңірқұттардың аруағын қорлаймыз!» – депті.(5) Бұл көшпенділердегі аруақшылық, өмірден өткен әр адамның аруағын құрметтеген. Әсіресе ел билеген әділ хан, қол бастаған батыр, ел сыйлаған абыздардың аруағына сыйынған. «Аруақ ренжиді» деп түсінген, бұл тәңірлік дүниетанымдағы «адам өлсе де рухы өлмейді» деген түсінікке саяды.

Бұл моладағы жерлеу дәстүрі сақ обаларынікіне ұқсас, далалық көшпенділерде бертінге дейін әдемі киіндіріп жерлейтін дәстүр болған да, кейін ислам діні келгеннен кейін ақ кебінмен орап жерлейтін болған. Суреттегі бұйымда тағы самұрық құстың бейнесі бар, ол да ғұндардың тотемінің бірі екенінде күмән жоқ.

«Ғұндардың тәңірқұтты табытымен қызметкерлерімен, күңдерімен, ханымымен, алтын, күміс асыл киімдерімен қоса жерлеуінен олардың рухы өлмейді, басқа әлемге осы дүниедегідей өмір сүреді деп түсінетінін байқауға болады»(6).

І ғасырда Хентай аймағы Баянадарға сұмынынан табылған ғұн моласы. (Моңғолия. Ұланбатыр. Шыңғыс хан музейі).

Тәңірлік сенімде дене қалады, рух ұшып кетеді де жалғасы сақтала береді, кезі келгенде өмірге жаңа келген нәрестеге қонады деп қарайтындықтан, рух әлемінде де оған қажет болуы мүмкін деп ел басыларының қызметшілерін бірге «көр жолдас» ету құбылысы болған. Бірақ бұл кейінгі кездерде тоқтатылып, тек мал шалынып, кейбір құнды заттар бірге көміліп, керісінше ай аралатып рухқа арнап мал сойып, май қоңырсытатын болған. Шоқан Уәлиханов 19 ғасырдағы қазақ дүниетанымы бойынша қазақ тірі рух қонған бақсыға, өлі рух онгонға сенген (аруақ). Адам өлгеннен кейін рух азаттыққа шығып еркін тәңірге айналады. Оған кіші тәңірлер мен өзге рухтардың әмірі жүрмейді. Сондықтан бұл дүниедегі игілік пен қырсық, жақсылық пен жамандық, бақыт пен бақытсыздық тәңірге( жазымыш) байланысты болған, рахат пен азап күнәға ере келетін болған. (7)

«Ғұндар әр жылы үш рет жиналып, көктемде тәңірқұт ордасында тасаттық береді. 5-айда Ұлубалыққа жиналып ата-бабаларына, аруақтарға, жерге тасаттық береді. Күзде мал семіргенде тағы жиналып мал санын, адам санын есептейді. Тәңірқұт жылына үш ұлу (айдаһар) ғибадатханасына тасаттық береді. Ағуандар ғұндардың молаларын қопарғанда ғұндар төтенше ашуланып, ағуандарға күйрете соққы береді»(8).

Қаңлылар ата-баба аруағына табынады. Әр жылы маусым айында ата-бабаларының мазарына жиналып тасаттық береді. Некелену, өлімді ұзату салты түріктермен ұқсас. Буддаға сиынады, қаңлыларда буддаға сенгендер де болған.(9)

Қазақ ұғымында да адамның аруағы осы дүниедегі туыстарымен әрқашан жанама байланыста болады. Ал аруақтың ол әлемде жақсы тұруы осы дүниедегі туыстарының жылдық асын, қырқын, жетісін ойдағыдай беруіне байланысты, жақсы өтсе разы болып туысқандарына қамқорлық жасап отырған, жаман өтсе шамданып зиянын тигізетін болған. Аруақ жазадан құтылады, ол еркін(10)

Ғұндардың көктемде аруақтарға арнап тасаттық беру салты сақтарда да болғанын жоғарыда көрдік. Кейінгі қаңлылар мен түріктерде, моғол-татарларда да осы салт болған. Көшпенділерде өлгеннің моласын қирату – ол кешірілмес қылмыс саналған. Сол үшін де Шыңғыс қаған сияқты көсемдердің зираты құпия болып, оны ешкім білмеген. 1767 жылы қазақ Көкжал Барақ қырғыздардың әулиесінің зиратын қорлап кеткеніне қатты намыстанған қырғыздар қалың қол жиып келіп, Барақтың 2000 сарбазын қырып, бастарынан мұнара тұрғызған екен.

«Батыры өлсе қанжары сүйегімен бірге жерленеді, өлгенде жылайды, жерлеген кезде әндетіп шығарып салады (жоқтау айтып). Семіз иті, өлушінің аты, киімі, сауыты бірге өртеледі. Ерекше төбеттерді де сөйтеді. Осылай істесе өлушінің аруағын қорғап жүреді деп сенеді. Жерлегеннен кейін туыстары аттар мен төбеттерді тізіп қояды да, кеште жылап өлең айтады. Екі адам шығып дұға оқиды, өлушінің аруағына бағышталады. Бөгеттерден ада, жын-шайтаннан сақта делінеді, онан аттар мен төбеттер, киімдер өртеледі. Аруақ, кие, жер мен көк, күн, ай, жұлдыз, тау, өзен және өткен атақты адамдардың атын атайды. Сиыр мен қойды да тасаттық ретінде өртейді, сусындықтарды да тасаттық қылып шашады»(11). Сянби, ахуандар сияқты, қазірге дейін қазақтар да күйеуі өлсе, оны жерлеуге апара жатқанда зарлы жоқтаумен шығарып салады. Бұл ХІІІ-ХІҮ ғасырдағы моңғол-татарларда да болған. Қазақтардағы итті сенімді қолғанат, күзетші ретінде пайдалану сонау сянби заманынан бері жалғасқан дағды екенін көреміз. Исламға кіргенге дейін (ХҮІІІ ғасырдың соңы) өлген адамға арнап мал шалған, ертеректе малды жемей, өртеп жіберетін. Аруаққа арнап дұға оқу да әлі күнге жалғасып келеді. Әсіресе жесір қалған әйел жоқтау айтқанда өлушінің аруағына дұға оқылады. Қазақтардағы парқы тек дұғаға құран сүрелерін оқитын болған. Ғұндар, түріктер, моңғол-татарларда да аруаққа, жер, су, күн, ай, жұлдызға сыйынған. Бұл салттар ХІХ ғасырдың соңына дейін қазақта берік сақталып келген. Ал аруаққа арнап қымыз шашу қазақтарда бертінде ұмыт болған, бірақ жауын жауғанда «сүт көп, көмір аз» деп шөмішпен үйді айналдыра ұрып, сүт шашуы соның сарқыншағы сияқты.

 

Шығыс Қазақстандағы сянби молалары (12)

Сянбилерден кейінгі теле (терік) тайпаларының жерлеу ғұрпы мынадай болған:

Өлікті жерлегенде оны қазылған көрге отырғызып қолына тартылған садақ ұстатады, беліне қылыш іледі, қолтығына найза қыстырады, сөйтіп тірі кездегі қалпына келтіреді, қабір жабылмай ашық қойылады. Егер біреу жай түсіп өлсе немесе індеттен өлсе, онда оған бақыт тілеп мінәжат етіледі. Егер қауіпсіздікте басқа істер болмаса тасаттық беріледі. Көп мал шалынып, сүйегі отқа өртеледі. сонан кейін әлгі жерді атпен айналады, кейде тіпті жүздеген рет айналады, бұл жиынға жасына, жынысына қарамай барлық адам қатыса алады»(13) Қаңғар, телелер түріктерге бағынғанымен, салттарында түрік тайпасынан сәл парқы болған. Түріктер өлікті өртейді, ал қаңғарлар жерлеген. Жай түсіп өлген адамды моғол-татарлар да, қазақтар да қарғысқа ұшыраған деп біліп, ол жерге бақсы абыздар мал шалып, дұға оқыған.

Түріктердің өлім жөнелтуі былай болған:

«Өлген адамның денесі оңаша киіз үйге жатқызылады. Балалары, немерелері, туыс-туғандары, ер-әйел демей құрбандыққа қой, жылқы сойып, етін есіктің алдына жаяды (келгендер үшін), беттерін теміртекпен жыртып дауыс салып жылайды, қан мен жас қоса төгіледі.» (14).

Түрік Будданы жоқтап бетін тіліп қан шығаруы. Қызыл, Мингой, Майя үңгірі 224, б.з. 550-600 жж.

 

Жоқтау, көріс, бұл – моңғол дәуірінде жалғасын тауып қазақта сақталған. Қазақта әйелдер, өлушінің әйелі солай істейді, бетін тырнап қан шығару ХІХ ғасырдың соңына дейін болған. Кемпірлердің тілін алмағандарға: «Бетің тілінгір!» – деген қарғыс «күйеуің ерте өлсін» дегенді білдіреді. Қазақтағы қайтыс болған адамға арнап қонақасын беру сянбилерден түріктерге, одан монғолдарға жалғасып, бізге жеткен салт.

«Бұл рәсім жеті қайталағанда барып аяқтайды. Көктемде немесе жазда өлген адамды жапырақтар сарғайған кезде (сүйек күлі), ал күзде не қыста өлген адамды көктемде жерлейді. Қабір басына белгі ретінде қада, тас(балбал) қойылады, қада саны адамның тірісінде өлтірген жауының санына қарай болады. Бұл күні ерлер де, әйелдер де бір киерлерін киіп, қабір басына жиылады. Егер онда жігітке қыз ұнаса, қыздың үйіне құда түсуге адам жібереді, оған әдетте қыздың әке-шешесі қарсы болмайды.(15)

Түрік балбал тастары мен кесененің жұрттары , ҚХР, Шыңжаң, Алтай аймағыы, Шеміршек ауылындағы түрік қорымдары. (Балбал тас түрік батырының өз өмірінде өлтірген жауының бейнесі ретінде кесененің алдына қойылатын болған)

Алтайда түрік балбалтастары шоғырланған қорымдар көп. Түріктер ең алғаш осы арада орда тіккен, Бумын қаған мен Ай қаған қорымдары осы маңда болуы мүмкін.

«Әкесі, ағасы өлсе, інісі, әкесінің інілері жеңгесіне не ұлдары өгей шешесіне үйлене береді. Олардың есігі шығысқа қаратылады, онысы күнге болған құрметі болса керек.(16). «Олар жыл сайын өзінің мәртебелі адамдарын бастап, ата-баба үңгіріне барып құрбан шалады. Ал мамырдың ортасында Тарын өзеніне барып, Көк Тәңіріне тасаттық береді. Өтукен тауынан батысқа қарай 500 шақырым жерде басына ағаш та, шөп те өспейтін биік шоқы бар, оны Ба тәңірі(жер құдайы) деп атайды.(17)

Шытырлап жанып жатқан бір бұтақты ортаға әкеліп құтырына айғайлап, кәрін төгіп, ойнақтаған жын-шайтанды қуғандай болды. Жұрт бұл адамдарға жын-шайтандарды аластап, бізді кесел-пәледен құтқарады деп сенеді. Осы арқылы барлық пәлені аластадық деп сенген олар Земархтың өзінде осы оттан өткізіп, өзімізге төнген пәле-жаладан аластадық деп сенгендей болды (18).

Сыр бойын мекен еткен оғыздардың ұлы абызы, әулие Қорқыт ата туралы аңызда Қорқыт ажалдан қашады, ажалмен арбасады. Ал исламда ажалдан қашуға болмайды. Қазақта «қорқыт ажалдан қырық жыл бойы қашып соңында ең бірінші рет қазылған көріне түскен екен» деген тәмсіл қалған.

 

Қорқыт ата мазары. 1870 жылдардағы сурет

Енесей қырғыздарында өлім жөнелту былай болған екен:

«Қырғыз (немесе хакастар) тек шөп, су құдайларына ғана сыйынады, тұрақты мінәжат уақыты болмайды, бақсыларын қам дейді. Қыз айттырғанда қалың малына жүздеп, мыңдап жылқы береді. Адам өлгенде бет жыртпайды, мәйітті үш айналып жылайды да қояды. Сосын өртеп күлін бір жылдан соң жерлейді, сонан кейін жоқтау ырымын жасайды» (19). Десе де Таң патшалығы жарғыларында осы дерекке қайшы мынадай мәліметтер бар: «Қалыңдық айттырғанда қалыңмал айдатпайды, күйеуі өлген әйел теміртекпен бетін жыртып қанды жасын саулатады, мүрдені өртеп жыл уағы болғанда көмеді (20). Енесейдегі руна жазуымен жазылған көптеген бітіктастардың бәрі бұрын кесене немесе зираттар, қазыр тек біз көріп жүргеніміз балбал тастар мен қайтыс болған адамның өмірі, өсиеттері жазылған бітіктастар. 

Тыбалар құдаласқанда байлар жылқы айдатады, кедейлер бұғы терісі мен шөптің тамырын береді. Өлген адамды ағаш табытқа салып тау ішіне қояды немесе ағашқа асып қояды. Өлгенге түріктер құсап жылайды, мал ұрлағандар еселеп айып төлейді, жаза заңы болмайды (21).

Бұрын көшпенділерде әр адамның өз жұлдызы болады, адам өлгенде оның жұлдызы да ағып түседі деп қараған. Мысалы қидан көсемі Абауке өлген кездегі жағдай тарихи деректе былай жазылған: «Бір күні Абаукенің шатырының алдына бір жұлдыз ағып түсті, көп ұзамай Абауке Фу юй қаласында қайтыс болды» (22).

Қазақта «жұлдыз ақса бір адам өледі, ал жарық жұлдыз ақса бір арыс батыр не патша өледі» деген сенім бар. Сондықтан қазақтар жұлдыз ақса: «Менің жұлдызым жоғары!», – дейтін болған. 916 жылы құрылған моңғол тілдес қидандардың күшейуіне байланысты тоғыз оғыздың қун(ғұн) тайпалары батысқа көшті, олар куман және қыпшақ деп аталды. Олар көктүріктердің дәстүрін жалғастырушылар болды, бірақ олар адамның денесін өртемей жерлеген. 

Кейінгі қимақтар мен қыпшақтарда түркілік салт сол қалпында жалғасты. 

ІХ ғасырдың аяғынан бастап ата-бабаларға арналған, ішінде мүсіні (немесе мүсіндері) бар қоршалған шағын киелі орындар салу кундар мен қыпшақтардың айрықша белгісіне айналды. Обелискілер көбіне қарапайым дөрекі стеллалар болды, бөлшектері жоқ фигуралардың беттері терең ойылған сызықтармен көрсетілген, жүрек пішінді. Әйел мүсіндері ерлерге қарағанда дөңгелек кеуделерімен ерекшеленді (23). Қасиетті орындар көбіне бай және текті көшпенділер үшін салынған.

Низами қимақтардың ата-бабаларына деген құрметін сипаттайды. Аруақтар қимақтар мен құмандар, қыпшақтар ерекше күшке ие деп есептелетін. Сондықтан соған сәйкес қасиетті деп саналатын көптеген мүсіндерді орнатқан: «Барлық кундар қыпшақ тайпалары сол жерден өтіп бара жатқанда, осы обелискінің (балбалдардың) алдында екі рет тағзым етеді. Олар атқа қонғанда да немесе жаяу жүргенде де тағзым етеді.» (24).

Қыпшақтар діни нанымы жағынан ежелден түркілер арасына кең таралып келген тәңіршілікті ұстанып келген. Олар Көк Тәңіріне, жер-су киелеріне, Ұмайға, отқа, аруақтарға, аруақтардың тас мүсініне сыйынды. Оны мына деректен көруге болады: «Ал егер олардың ішінен бір адам өлсе, оған үй пішіндес үлкен шұңқыр қазылған, оған күртеше, белбеу, садақ ... кигізіп, қолына ағаш тостаған ұстатады. Нәбиздің алдына нәбиз салынған ағаш ыдыс қояды, қолындағының бәрін әкеліп, өзімен бірге сол үйге жатқызатын... Сосын оны соған салып, үстіне үйді палубамен жауып, үстіне топырақ үйіп тастайтын. Сосын жылқы алып, санына қарай жүз, екі жүзден біреуін сойып, басы, аяғы, терісі, құйрығынан басқа етін жейді. Ал, шынында да, олар мұның бәрін: «Мынау оның жұмаққа мінетін аттары», – дейді. Ал егер ол жауын өлтірген ержүрек болса, олар ағаштан оның өлтірген адамдарының санымен тең мүсіндерді қашап, қабірінің басына қойып: «Мынау оның жас балалары, оған жұмақта қызмет етеді», – деп айтатын (Ибн Фадлан)

Қыпшақтардың өлген адамның қабіріне балбал орнату салты да, тілі де көк түріктерге қатты ұқсайды. Сондай-ақ өлген адамға сауыт кидіріп, қару ұстатып, керекті заттармен қосып жерлеуі теле-оғыздардан аумайды.

«Қыпшақтар өлген адамның бейітіне жүзін шығысқа қаратып балбал орнатады. Олар кейде оба үйеді, кейде шошақ төбелі пирамида тұрғызады» (25).

 

 

 

 

Шикул қыпшақ моласы. 13 ғасыр . Шығыс Еуропа. (26)

Қайтыс болған адамның жанына ыдыс-аяқ және өзге керекті заттар бірге қойылған. 

Днепр маңындағы қыпшақ балбалдары

Көшпелілер о дүниеде әрқашан сойылған жылқылармен, кейде басқа жануарлармен, ал оның өлтірген жаулары қарапайым стеллалармен немесе тастан немесе ағаштан жасалған адам бейнелерімен бейнеленген. Жылқылар жылдам өту үшін, бір әлемнен екінші әлемге жаттықтыру үшін қажет болады деп ойласа керек. Олар неғұрлым көп болса, соғұрлым жақсы. Оғыздарда марқұмның бейнелері бейіттердің үстіне де, арнайы киелі орындарға да орнатылмаған. Ол әдет тек Қимақ қағанатының халқы арасында, негізінен қыпшақтар арасында болған (27).

Үнгүт тайпасы – несториандық христиан дінін ұстанатын тайпа. Олар ежелгі шато түріктерінің ұрпақтары. Несториандық христиандық Батыс Азияда Х ғасырдың басында пайда болды және ҮІІ ғасырда Қытайға енгізілді, ол Тан династиясында несториандық христиандық деп аталды. Түркі тілдес керей тайпасы (Орталық Моңғол үстіртіндегі көшпелілер) және түркі тілдес найман тайпаларының (Батыс Моңғол үстіртіндегі көшпелілер) екеуі де христиан дініне сенеді (28).

Қыпшақ-кумандардың Қырым тарапында христиан дініне сенетіндері де болған, 11 ғасырда нисторияндық бағыттағы христиан діні керей, найман, үңгіт тайпаларына тараған. 13-ғасырдағы үңгіт тайпасынан қалған моланың басына Сирия жазуымен жазылған ескерткіш тастар қойылған.

 

Үнгүттердегі несториан тасы

Мәтіні: 

Alecsandros khan sakhshi myñ beş yūz altemyş törūt, tabğaş sahşe ūd yil abram aye igirme ekki, bū ordo igesi yaunan kömekke señuin yetimiş bir yşenda teñir yarlliğini bitirdi. Būl beğniñ özide teñir mäñgū ūşmahta ornatpage bolsūn. Bişik abauegra uerhua derhudşa(Сирия тілi).

Makadonya baleğleğ, Pilip han oğle Aleksandrus han sapşe, meñ alte yüz ikkiyilinda tabğaş sahşe, bares yil oninşe yil yeti yañida otūz üş yaşinta teñir yarlliğini bitirdi. yat bolsūn özide mäñgū, üşmahta ornatmah bolsūn, ämin, ämin!

Būl habira Abram tömirasiniñ ol kiñ sao pu ta taruğaşi sunle hiula gerün kubegüt, ikki süyin süyinla,üş siunla ha otūz alte yaşinta teñir yarlliğini bitirdi. Tabşhan yil altinşi ay, yigirmi tört.

Başmeh dmaran yeşue!(Сирия тілі)

Aleksandrūs han saheşe yil meñ alte yüz yigirmi sekküz yilinta, tūrik saqşi yilan yil,üşünşi ay, toqūz yañida, tay tūtūh Yañ Si sim şaniñ esligi alişbah hatūn otūz üş yañida teñir yarlliğini ibitirdi! Yaş hobti ät özi bū şin habra işinte hizländiler! Özite mäñgū üşmahha tahi!

Sara repha tahel areh hūnşilar birla yūrūt orūn tutup mäñgū mäñgū at yañgi bolsūn! Ud keş üdlärke taği yat helmiş bolsūn! Ämin yin wamin!

Көшпенділердің өлім жөнелтуі отырықшы халықтардан басқаша болды. Ғұндар туралы олардың жерлеу ғұрыптары туралы, арғы дүниеге көзқарастары туралы тоқталдық. Сянбилер туралы тарауда олардың өлім жөнелту салты тура қазақтармен ұқсас екенін көрдік. Түркілер мен телелердің салттарында сәл өзгешеліктер бар. Түрік тайпасындағылар өлікті өртеп күлін көмсе, телелер өлікті тірі адамша отырғызып қоятын болған. Ал одан бергі қыпшақтардың салты бізге жақын, ал моғол-татарлар туралы деректерге қарайық: Карпини: «Біреу дертпен ауырса үйінің сыртына қара қауырсынды найза қыстырып қояды, оны көрген адам ол үйден аулақ жүреді. Өлген адамды оңаша жатқызып, бағалы заттарын тұлдайды. Марқұмға арнап бие матап, бес тұрманы сай атын тұлдайды. Жыл мерзімі болғанда мол дастарқан жайып, табақ тартып, қымыз құяды. Аттың еті желініп болған соң терісіне сабан тығып керіп тіктеп қояды. Бұл о дүниеде де осындай басында үйі, ішер асы, қымызы, белдеуде аты болсын деген ырым. Осындай ырымды топты әйел жыл толғанша үнемі жасап тұрады екен» (29).

Бұл дерекке қарасақ дәл қазақтың өлім жөнелту салтынан еш айырмасы жоқ екенін көреміз, қазақта да өлген адамның заттарын айырым қояды, атын не түйесін тұлдайды, жылы толғанда жылдық асын беріп көп елді шақырып мал сойып ас береді. Жылы толғанша жетісі, қырқы, жүзінде қонақ асын беріп қана қоймай жоқтау рәсімі жылы толғанша көңіл айта келгендер үйге келгенде қайталана берген. 

Карпини: «Ақсүйектерді жерлеудің мынадай түрі бар екен, адам баспаған кең даладан терең көр қазады да жанақым шығарады, оған марқұмның туысы не жақын серігі жатып байқайды. Мәйітті қойған соң жанақым жабылады, сосын қабірды жауып, бұған ешкім соқтықпайтын болады. Онан соң марқұмның отбасындағылар түгелдей отпен аластаудан өтеді, ол былай болады: Бір жерге екі найзаны тұрғызып байлайды және оған ақтық байлайды. Сосын от жағады, марқұмның барлық үй-мүлкі найзаның астындағы оттан өткізіледі, екі бәйбіше найзаның екі жағында тұрып отқа су шашып зарлы жоқтау айтады (30).

Қазақта да өлікті жерлегенде көбінесе жанақым қазылған, қазып болған соң қайтыс болған адамның туысы кіріп жатып көреді (менің әкем қайтыс болғанда қазылған қабіріне інісі жатып тексеріп шыққан болатын). Қазақтар мәйітті жерлегенде әйелдер бармайды, ал көне түркілерде әйелдер де жерлеуге бара берген. Моғол-татар әйелдері сияқты өлікті шығарғанда әйелі, қыздары зарлы жоқтау айтса ол салт сянбилерде де болғанын көрдік, түрік дәуірінде де әйелдер бетін жыртып қанын қоса ағызып, шашын жайып жоқтаса, ХІХ ғасырға дейін қазақ әйелдері де солай істеген. Жоқтау жылдық асы беріліп қаралы ту жығылғаннан кейін айтылмайтын болған. Ал заттарды отпен аластау туралы жоғарыда айтып өттік. 

Ал жерлеуге қатысқан адамдардың оттың арасынан өтуі 19 ғасырда да болған, Шоқанның айтуынша: «Қазақтар өлікпен бірге табақ, ыдыс-аяқ көмеді, өлген адам жатқан үйдегі заттардың бәрін оттың арасынан өткізіп аластайды. Үйткені ажал келіп адамды көрінбей бауыздағанда қан үйдегі барлық затты былғап кетеді» дейді.

Арғы өмірге көзқарасы:

Көшпенділердің дүниетанымында арғы дүние, қиямет, махшар соты, тозақ, жәннәт ұғымы болмаған. Тамұққа жер асты жын-шайтандар әлемі жазаланатындар солай түседі деп сенсе рухтар әлемі ұжмақ (ұшпақ). Көшпенділер рух өлмейді тек денеден ажырап рухтар әлемі О дүниеге кетеді деп сенген. Ол туралы авраамдық діндердегі сияқты әр түрлі әңгімелер айтылмаған. 

Карпини: «Татарлар өлген соң арғы өмірдің болатынын, тозақтың болатынын да білмейді, арғы өмірде де осылай тамағымызды ішіп, малымызды бағып жүре береміз деп ойласа керек», – депті (31).

Марко Поло: «Олар рухтың өлмейтіндігіне сенеді. Адам өлген кезде оның рухы басқа денеге көшеді, өмірінде істеген жақсылығы мен жамандығына қарай оның болашағы жақсы немесе жаман болады деп сенеді. Егер ол кедей болса және өзін асыл ұстаса, онда ол бірінші рет әдепті әйелден қайта туады және ол екінші рет ақсүйек ханымның үйінде қайта туады да ақсүйек адам болады, құдаймен бір болғанша өмір баспалдағымен көтеріле береді. Ал, ақсүйек адамның баласы болса да, мінез-құлқы нашар болса, кейінгі өмірінде кедейге, тіпті итке айналып, азайып, төмендей береді. Олар үлкенге кішіпейілділікпен сөйлеп, бір-бірімен амандасып, күлімдеп, сыпайы, білімді жандардай жүреді. Тамақтану кезінде де тазалыққа ерекше мән береді. Олар ата-анасына үлкен құрмет көрсетеді. Егер ұл әке-шешесіне немқұрайлылық танытып, дөрекілік танытса немесе қажет кезде ата-анасын асырау міндетін мойнына алмаса, онда сот бұл адалдыққа жат қылмысын өткізген болып қатаң жазалайды. Түрлі қылмыс жасаған зұлымдар алдымен түрмеге жабылып, кейін дарға асу жазасына кесілді. Үш жыл түрмеде отырғандар, яғни хан белгілеген кәдімгі түрмеге қамалғандар, түрмеден босап шыққанда, оларды басқалардан ерекшелеу үшін бетінің бүйір жағында белгісі болған» (32).

Моғол-татарлардағы қайта туылу ұғымын буддизмнің ықпалынан келген деген пікір де бар, дегенмен бұған нақты дәлел жоқ (бәлкім екі сенімде де болған ұқсастық). Қазақтар күні бүгінге дейін осы дүниені жалған дүние, шынайы өмір ана жақта деп қараған.

Шоқанның айтуынша бұрынғы қазақтар ұлы, күшті адамдар қайтыс болса ұлы күшті аруаққа айналады, ал жәй адамдар қайтыс болса, болмашы аруаққа айналады деп қараған. Шыңғыс қаған өлгеннен кейін оған құдайдай табынды (Бұл исламға терең өткенге дейін қазақта да болған). Өздері қысылған сәтте ата-бабаларының аруағын атап шақырады. Сәті түскен істің бәрін аруақ қолдады деп түсінген, аруақтардың зиратының басына барып түнейді, кейде баласы жоқтар бала тілейді. Ертеде ұлы адамдардың зираты жасырын немесе күзетілетін болған, сірә жау қорламасын дегеннен шыққан болса керек.

Ішкі моңғолдағы Шыңғыс қаған кесенесі және оның тасаттық орыны (Бұнда Шыңғыс қаған жерленбеген, тек аруағына сыйынатын орын)

 

Карпини, Рубруктардың дерегі бойынша оның ұрпақтары Батулар Шыңғыс қағанның аруағына сыйынған, оның арнайы тәуәп үйі болған, бір Италияндық монахты Шыңғыс қағанның аруағына бас ұруын талап еткен, ол зорласа да көнбеген соң өлтірілген.

Шыңғыс қағанның үлкен ұлы Жошы Алтын Орданың негізін қалаушы, алайда ол әкесінен бір жыл бұрын қайтыс болып Ұлытауда жерленді, бастапта оның жерленген орны құпия болған болуы мүмкін, тек тіке жақындарына белгілі болған.

Жошы кесенесі. Ұлытау

Қазақ хандығы дәуірін сипаттайтын Розбехан исфаханидың дерегінде қазақтардың салты, діни сенімі былай делінген: «Сенімді адамдардың әңгімесіндей олардың ортасында (қазақтарда) пұтқа табыну, жерге табыну салттары кең таралған. Сенімді адамдардың айтқанындай олардың ортасында олардың өздері табынатын құдай бейнесі бар. Бейнеге табыну бұл күпіршілік, құдай заңын қорлау... Демек қазақтар исламды қабылдағаннан кейін аруаққа табынса ол бұдқа табынғаны. Бұл жағдайда олардың аруаққа табынғаны діннен безу, бұдқа табынушылық болатынын білмеуі есепке алынбайды... Бірақ бұл шарт қазақ халқына қатысты емес, себебі олар исламды қабылдағанына 200 жылдан асса да, үлемдері және ғалымдар жан-жақтан Түркістан мен Мәуераннахр үлемдері, енді бір жақтан Қажытархан үлемдері, Дербенд-ширван үлемдері, Хорезм, Хорасан үлемдері келеді. Көпестер қазақтарға ислам елдерінен келіп тұрды, оларға ислам парызын жаттатады, қазір олардың хандары, сұлтандары мұсылмандар, олар құран оқиды, намаз оқиды, балаларын мектепке береді, ораза ұстайды, неке оқытпай үйленбейді. Алайда бұл ережелер қазақтардың арасына таралмайынша олар оны орындамайды. Олар осы білімді алып, аруаққа табыну бұдқа табыну екенін білмедік деп қалай айта алады?»(33)

Демек бұл 1507 жылғы оқиға, ол кезде қазақ халқының жартысы әлі исламды қабылдамаған еді. 1582 жылы Тәуекел хан Ұлытаудағы қалмақтарды жеңіп, Қашқариядан Ысқақ Қожа Ишанды алдырады. Ол он жыл қазақ жерінде жүріп, 180 мың адамды исламға кіргізді.(34) Осыдан бастап толық исламға кірген халықтың жерлеу ғұрыптары мен өлім жөнелту салтына ислам элементтері толық араласты деуге болады.

Қырғыздардағы аруаққа сену туралы Шоқан былай деген:

Олар құдайдың атын естеріне жиі алады, ертедегі моңғолдар сияқты Көк Тәңір деп айтады. Олар отты, айды, жұлдыздардың бәрін қадір тұтады. Отты бәрінен де жоғары ардақтаған, бастарына қиын күн туған кезде қарақырғыздар мойындарына белбеулерін іліп (орта ғасырдағы мадақтау жырларын айтқанда осындай белгілер болған) отқа май құя отырып оған құрбандық берген. Сондай-ақ өлгендердің рухы құдайдай мән-мағынаға ие болады деп санап, оларға арнап шырақ жағып, қой сойып құрбандық шалған. От пен рухқа табынғанда: «От ана, немесе ата аруағы сенің рухыңа тағзым! Тоба, тоба кешіре гөр!» – деп жалбарынған. Бұл кезде құрбандық шалушы құдай алдында тік тұрғандай бір тізесін бүгіп отырып оң қолын маңдайына алып барып тәу еткен. 

Бақсылар мен шаман абыздарын бұл ордада аса құрмет тұтқан. Манаптар осы атағын мақтаныш етеді, сарыбағыштардың қазіргі жетекшісі Үмбетәлінің осындай атағы бар.(35)

Кесене тұрғызу

Кей қазақтар әлі күнге дейін жалғасып келе жатқан жәй адамдарға бейіт тұрғызу, ұлы жане батыр адамдарға кесене тұрғызуды исламнан келген деп қарауы мүмкін, бірақ ол теріс түсінік. Кесене, бейіт тұрғызу көшпенділерде неше мың жылдардан бері жалғасып келе жатқан салт. Ғұн заманында Ғалукка тәңірқұттың тұсында (Заманымыздан бұрынғы 96-85) Нейсүн генерал деген адамды соғысқа шығар алдында құрбандыққа атамақшы болады. Ол: «мен өлсем де ғұнның тұқымы құриды!» – деп лағнет айтты, ақыры өлтірілді, сонан бірнеше ай толассыз қар жауып, жұттан мал қырылды, елге оба тиіп, егін піспей қалды. Осыдан қорыққан тәңірқұт оған арнап киелі тәуәп үйін салдырды(36).

«Түріктерде жерлеу кезінде өлген адамның туыстары өлген күніндегідей тасаттық беріп атпен шабады, беттерін жыртады. Қабір басына қада тас тұрғызылып, қабірды қоршай үй тұрғызылады. Үйдің ішіне өлген адамның тірі кезіндегі өткерген шайқастары баяндалған суреттер салынады. Ол бір адам өлтірсе бір тас қойылады, кейбірінде бұндай тастар жүзге тіпті мыңға жетеді. Құрбандыққа шалынған қой мен сиырдың басы түгел қадаға ілінеді» (37).

 

Михо жерлеу диванында шашы ұзын түркі салт аттылары.

570 ж. Солтүстік әулеттер, Қытай. Тайюан қаласы

Бұл жоғарыдағы сурет екеуі бір сурет.

634 жылы тань империясына қолды болған Елік қаған қайтыс болғанда түрік салты бойынша өртеліп жерленді. Оның ябғұсы тегінде шешесінің Буаштың шаңырағына мініп келген құлы екен, аты Ғұния еді. Ол Елік туғаннан бауырына салған екен, ол қайғыға шыдамай, Еліктің аруағына арнап өз-өзін бауыздап, сол жолда құрбани болды да Елікпен бірге жерленді»(38)

«Күлтегін қайтыс болғанда оған тань патшасы арнайы көңіл айтуға Жаң Чүй мен Лю Шияң жіберілді, құлпытас орнатуға арнайы бәдізші жіберілді. Патша арнайы жоқтау сөзін жазды. Күлтегіннің басына кесене тұрғызылды, оған мүсіні мен балбал тас тұрғызылды. Кесененің төрт қабырғасына оның соғыстағы ерліктерін сызып қашау ісі жүргізілді. Сурет-оюлардың дәл айнымай сызылғаны сондай Білге қаған әр жолы барып қайтқанда қайғыра жылаушы еді»(39)

Күлтегін мәңгі тасында да осыған ұқсас сөздер жазылған: «табғаш, тибет, авар, риым, отыз татар, қырғыз, тоғыз оғыздан адамдар келіп жоқтасты, сықтасты... (Күлтегінгі) мәңгітас тоқыттым, бұл киелі жер, қазір де киелі жер, табғаш қаған бәдізші жіберді. Мүсін, сурет, барық(тәу ететін орын), ішіне, тасына өрнек салдырдым. Күлтегіннің алтынын, күмісін, ақтығын (өзге елдер әкелген заттар), дүние мүлкін, 4000 жылқысын, ірі қарасын қағанның айтуы бойынша тұйғындар (елге садақа ретінде) таратты. Батыстан дауыс шығарылды, інім Күлтегіннің киелі орынына күзет қойылды, тұйғындарыңызды да, ұрпағыңызды да табындырып, сиындырдыңыз, ұша бердіңіз, тәңірде тірлік иелік кеше беріңіз» – делінеді. Демек бүгінгі Күлтегін мәңгі тасы тұрған жерде бұрын оған арнап салынған кесене болған, адамдар келіп оның аруағына сыйынған. Кейін уақыт өте келе ол кесене құлаған, көп заттары жойылған. 

 

      

Күлтегіннің мәңгітасы және бас мүсіні

 

 

Кесененің схемасы(40):1.Қоршаған қорған. 2.Ішкі дәліз жол. 3.текшетас( бод тәңірінің символы). 4. Төрт қанатты мемлекет туы орнатылған ту тұғыр. 5.Барық( аруаққа сиынатын төбесі жабық үй),6.Барықтың сыртқы қабырғасы, 7.Барықтың сыртқы айналма жолы. 8.Күлтегін мен ханымының мүсіні. 9.Мүсіндер, 10.Бақа тасқа орнатылған мәңгітас. 12.Қой тастар. 13.Балбалдар. 14.Жерден бір метір биіктетілген кешен алаңы 

 

Демек біз көріп жүрген түрік бітіктастарының маңы бұрын кесене болған, мейлі Күлтегін, Білге қаған, Таспар қаған, Нири қағандар, Тұниұқұқ болсын, балбалы бар Енесейдегі қалың жазуы бар тастар болсын бәрі зираттықтар мен қорымдар.

      

Моңғолиядан табылған көне түркі кешеніндегі қабырғадағы марқұмның тірі кездері бейнеленген суреттер. Шороон Бумбагар кешені. VII ғ. Моңғолия

Көшпенділер қайтыс болған адамды енді жоқ демейді, денесін тастап рухы ұшып кетті дейді. Білге қаған тасында: «Білмессіздіктен ағам қаған бұл дүниеден ұшты, кесенеңе бас етіп қырғыз қағанының балбалын тіктім» – дейді. Ол таста тағы мынадай мәтіндер бар: «Үлкен ұлым ауырып ұша берді, Ху сеңуіннің балбалын тіктім. Әкем қаған ит жылы оныншы айдың 26 сында ұша берді, доңыз жылы(келесі жылы) 5-айдың 27 күні киелі орын жасаттым. Маған Лисүй сеңуін бастаған 500 адам келді. Сәнді қыш ыдыстар, алтын, күмісті есепсіз әкелді. Киелі орынға жұпар ағаш әкеліп отырғызды. Осыншама халық шашын жұлып, құлағын қанатып, бетін жыртты. Жақсы атын, қара бұлғын, көк тиын (ақша) есепсіз шашылып жатты» – дейді Білге қаған. Тағы Күлтегіннің басына: «Табғач қағаны сөзімді бұзбады, мүсін, тасынғ барқын (тәуәп ететін орын) тұрғыздырттым. (кесене) ішіне, тасына сурет, өрнек салдырттым, көңілімдегі сөзімді бастырдым... мәңгі тас орнаттым, киелі жерге қойдырдым» – дейді. 

Білге қаған кесенесінің қалпына келтірілген суреті және оның мәңгітасы

Шоқан айтады: «қазір қазақтардың арасында өлген адамға кесене немесе зират тұрғызу, ескерткіш орнату артында қалғандардың сөзсіз істеуге тиісті борышы саналады әрі қазақтардың ең қастерлейтін орындары» – дейді. Бұл тіпті қазірге дейін бар салт. Аруаққа арнап шалынатын малдар түйе, жылқы, қой, өгіз сияқты ерекше белгісі бар мал сойылады. Қазақтар бастарына іс түссе болды мал соя бастайды, оны обаларға емес, ата-бабаларының басына апарып сояды. Мал сойылатын кезде дұға оқып, малдың түсін атай бастайды. «Уа аруақ, ай мүйізді, айыр тұяқты, салпаң құлақ, бауырсақтай тілік құлақ, қос тісі бар жануарды саған арнаймын!» – дейді. (41)

Алайда көшпенділер салған көне зираттар мен кесенелер көбі топырақтан жасалғандықтан уақыт өте келе ескіріп құлап, тозған, түрлі соғыстардан кейінгі қоныс аударуларда қараусыз қалған.

Айта кетерлігі шығыс халықтары саналатын қытай, корей, жапон халықтарында да ата-баба аруағына, әулиелердің, ұлы адамдармен батырлардың зиратының басына арнаулы кесене сияқты тәуәп ететін ғибадатхана салынады. 

 

Конфуций кесенесі және оның іші

Көшпенділер отырықшы елдерді жаулап алып билегеннен кейін сол елдердің дінін ұстанатын болған. 10 ғасырдан бастап Жетісу мен Қырғызстанды, Мәуераннахрды билеген қарахандар мемлекетінің билеушілері исламға кірді. Сатұқ Бұғыра хан исламды мемлекеттік дін етіп өз елінде таратты. Ягма, шігіл, қарлық, тухси тайпалары исламға сене бастадыы. Осылайша олардың өлім жөнелту, кесене салу ғұрпында өзгерістер болды. Өлген адамды сауытымен, әдемі безендірілген киімімен емес, ақ матаға орап көметін болды. Қабірге өзге заттар қойылмайтын болды, жаназа намаз қосылып, ол араб тілінде оқылатын болды. Мүсін және тасаттық мінбері болмайтын болды. Алайда кесене мен зираттың формасы өзгермеді. Зират басы құбылаға қаратылып, басына ай орнатылды. Ескерткіш тас орнатыла берді, келіп аруаққа сиыну жалғасты, онан кейін аруаққа құран оқитын болған. Онан ілгері аруаққа буддизмдік, христиандық дұғаларда оқыла берген. 

Алайда зират тұрғызу, кесене салу исламнан емес еді. Ендігі жерде жерлеу ғұрыптарына ислами элементтер араласты.

Сатұқ Бұғыра хан кесенесі. Шыңжаң ұйғыр автономиялы ауданы. Атұш қаласы.

Кейінгі Қожа Ахмет Яссауидің суфистік ағымы да исламнан бес парызды алу арқылы тәңір сенімі негізінде жасалды. Онда көшпенділердің тәңірі мен исламдағы алла бір деп қаралды. Сол үшін ешқандай ғұрыпты харам деп шектемеді.

Қожа Ахмет Яссауи кесенесі. Түркістан қаласы

16 ғасырдың соңында қазақтар негізінен исламды формалық тұрғыдан қабылдап, енді бәрі сүндетке отырған, айдары алынған адамдар болды. Бірақ далада шәриғат үкімі жүрген жоқ, исламға кірдік, мұсылман дегенмен бұрынғы тәңірлік ғұрыптың дені сақталып қала берді. Десе де өлім жөнелту мен кесене бейіт тұрғызуда өзгерістер болды. Молда жоқтың қасы еді. Бірақ мүмкіндігінше исламша жаназа шығартып, ақ матаға орап жерледі. Ендігі жерде жерлеуге әйел адамдардың қатысуына шек қойылды, өлгенге құран оқылды. Бет жыртып жоқтау, естірту, дәуір жүргізу, жетісі, қырқы, жылдық асы жалғаса берді. Зират кесенеде сурет пен мүсін болмайтын болды, бірақ ескерткіш тас қойылды. Аруаққа арнап мал сою жалғасты, қара жамылып, қаралы ту тігу, атпен шауып келу, көрісу, ат тұлдау, марқұмның киімдерін іліп қою, аруаққа апта сайын мал сойу не май иісін шығарып шелпек пісіру, қырқына дейін шырақ жағу, бейітке түнеу, белдігін мойынына асып жүгініп, аруаққа сыйынып, тілек тілеу жалғаса берді. Моңғолдар тибеттік буддизмді қабылдағаннан кейін тибеттіктер сияқты өлікті далаға тастайтын болды. 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

Қазақтың қысқаша тарихы. Нығмет Мыңжан. 65-бет. Алматы. Жалын баспасы. 1994

Хан патшалығы тарихы. Бангу. Батыс өңір шежіресі

Қазақстан тарихы. 1-том. 231-232 беттер. Алматы «Ата мұра» .2010.)

Қазақтың қысқаша тарихы. Нығымет Мыңжан. 106-107-беттер Алматы. Жалын баспасы. 1994

Жүңго тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректер. 1- том. Тарихи жазбалар. Сыма Цянь, Ұлттар баспасы. 2013. Пекин

Ғұндар тарихы. Лин Ган. 171-173-беттер. Халық баспасы. 1986. Пекин

Шоқан Уәлиханов таңдамалы шығырмалары. Қазақтағы шамандықтың қалдықтары. Жаңа өмір баспасы. 23-24 беттер. 1956

Ғұндар тарихы. Лин Ган. 171-173-беттер. Халық баспасы. 1986. Пекин

Қазақтың қысқаша тарихы. Нығмет Мыңжан. 95-бет. Алматы: Жалын баспасы. 1994

Шоқан Уәлиханов таңдамалы шығырмалары. Қазақтағы шамандықтың қалдықтары. Жаңа өмір баспасы. 26-27 беттер

Үш патшалық кітабынан. https://ctext.org/text.pl?node=603328&if=gb&remap=gb

https://www.heritagedaily.com/2024/08/xianbei-tombs-discovered-in-kazakhstan/153323?fbclid=IwY2xjawFPvWdleHRuA2FlbQIxMAABHdItzxIPEEitwYiww6Tz3pCe9NhGwXs3C9M_0UHJQ5tgFH_0TBdyxDg_hg_aem_6TWvGggb3o2QKn1HETxGDA

Жүңго жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер. 2-том, 66-бет. Ұлттар баспасы. 2013. Пекин

Жүңго тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректер. 2-том. 163 б. Ұлттар баспасы. 2013. Пекин

Жүңго тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректер. 2-том. 102 б Ұлттар баспасы. 2013. Пекин

Жұңго жылнамаларындағы ғұн, түрік баяндары. 281 бет. Іле халық баспасы

Жүңго тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректер. 2-том. 163 б.Ұлттар баспасы. 2013. Пекин

Қазақстан тарихы. 1- том. 385- бет. Алматы: Ата мұра баспасы. 2010

Жүңго тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректер. 3- том. 147-бет. Ұлттар баспасы. 2013. Пекин

Қазақ салт-дәстүрі. Ясин Құмар. 574- бет. Шыңжаң халық баспасы. Үрімжі. 2006

Жүңго тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректер. 3- том. 143-бет. Ұлттар баспасы. 2013. Пекин

Жүңго жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер, 3-том, 5-7- 24-беттер. Ұлттар баспасы. 2013. Пекин

S.A.Pletneva, "Kipchaks", p.30

Kimball L., "The Vanished Kimak Empire", Western Washington U., 1994, p.381

Рубруктың шығысқа сапар естелігі. 13-бет. Шинхуа баспасы. Пекин. 1989

https://www.reddit.com/r/MedievalRus/comments/1r1hfkz/chingul_kurgan_eastern_europes_most_renowned_and/

S.A.Pletneva, "Kipchaks", p.31), (5.   May, Timothy (7 November 2016). The Mongol Empire: A Historical Encyclopedia (2volumes): A Historical Encyclopedia. ABC-CLIO. pp. 221.

17.     Roux, Jean-Paul, Histoire de l'Empire Mongol, Fayard,, р -40)( https://zh.wikisource.org/wiki/%E8%B3%87%E6%B2%BB%E9%80%9A%E9%91%91/%E5%8D%B7246

Карпинидің шығысқа сапар естелігі. 11-бет

Карпинидің шығысқа сапар естелігі. 12-13-бет

Карпинидің шығысқа сапар естелігі. 11-бет

Марко Полоның саяхат естелігі. 71-бет

Тарихи адамзат ақыл-ойының қазынасы, 3-том. Розбехан Исфахани. Бұхара қонағының естелігі. 364-бет. Фолиант баспасы. Астана. 2005

Мұхаммед Садық Қашқари. Тазкира-йи азизан. Қазақстан тарихы туралы түркі деректемелері 4-том. 70- бет. Қожа Ысқақ Уәлидің қырғыз-қазақ жерлерінде ислам таратуы 

Шоқан Уәлихановтың көп томдық шығармалар жинағы. 84-85-86 беттер. Алматы. 2010

Жұңго жылнамаларындағы ғұн, түрік баяндары. 27 бет. Іле халық баспасы

Жұңго жылнамаларындағы ғұн, түрік баяндары. 281 бет. Іле халық баспасы

Жұңго жылнамаларындағы ғұн, түрік баяндары. 408 бет. Іле халық баспасы

Жұңго жылнамаларындағы ғұн, түрік баяндары. 442 бет. Іле халық баспасы

Қаржаубай Сартқожаұлы. Орхон ескерткіштерінің толық атласы. 1- том. 172 бет

Шоқан Уәлиханов таңдамалы шығырмалары. Қазақтағы шамандықтың қалдықтары. Жаңа өмір баспасы. 27-33-49-50 беттер

 

Түсіндірме сөздер:

Кундар – тайпа аты

Сянби – 2-3ғасырлардағы Һинган тауынан Алтай тауларына дейінгі тайпалар одағының атауы

Үлемдер – дін таратушы миссионерлер

Ғалукка – ғұн қағанатының 9-ұрпақ билеушісі

Бәдізші – тасқа қашап жазу, сурет салатын адам

 

Ерзат КӘРІБАЙ

тарихшы

Бөлісу