Майдан даласында Кәмен Оразалинді оқтан сақтап қалған портсигар
Бөлісу
20.10.202667
Майдан даласындағы шайқастардың бірінде аға сержант Кәмен Оразалиннің өзімен бірге алып жүрген темекі сауытына (портсигар) оқ тиіп, оның өмірін аман алып қалады.
Соғыс кезіндегі портсигар (темекі сауыты) –
тек темекі сақтайтын бұйым емес, майдан даласындағы
сарбаздардың өмірінен сыр шертетін, олардың тағдырымен
ерлігінің символына айналған бірегей тарихи жәдігер.
Бүгінде Кәмен Оразалиннің музей-үйінде сақтаулы тұрған өзіндік орны бар құнды жәдігердің бірі – жазушының соғыс жылдарында пайдаланған портсигары. Бұл жәдігер майдангердің өмірін аман алып қалуға себеп болған тарихи мән-маңызға ие көне жәдігер ретінде музей қорында сақтаулы.
Майдан даласындағы шайқастардың бірінде аға сержант Кәмен Оразалиннің өзімен бірге алып жүрген темекі сауытына (портсигар) оқ тиіп, оның өмірін аман алып қалады. Қарапайым ғана бұйым болғанымен жауынгерге қалқан болып, ажалдан арашалап қалған. Кейін атам бұл жәдігер туралы: «Осы мені аман алып қалған. Бұл болмаса менде болмас едім, сендерде болмаушы едіңдер» - деп айтып отырушы еді. Бұл сөздер темекі сауытының оның өміріндегі айрықша орынын аңғартады.
Кәмен Оразалин 1939 жылы әскер қатарына шақырылады. Әскери борышын өтеп, елге оралатын уақытта Ұлы Отан соғысы басталып, майданға аттанады. Соғыс жылдарында талай қиыншылықты бастан өткереді. 1941 жылдың 21 қазанында басынан жарақат алса, 1942 жылдың 24 қаңтарында екі аяғынан ауыр жараланады. Уфа қаласындағы нөмірі 289-шы әскери госпитальдың комиссиясы К.Оразалинді екі аяғынан ауыр жараланғандықтан соғысқа жарамсыз деп тауып, 1942 жылдың 29 маусымында әскерден біржолата қайтарады.
Туған жерге оралған соң толықтай әдебиетке бет бұрып, 1950 жылы соғыс тақырыбына арнап «Жексен» повесін жазып, жарыққа шығарады. Онда ұлттар достығы, қазақ жігіті Жексен мен орыс қызы Елена арасындағы махаббат баяндалады.
1999 жылы атамның 80 жылдық мерейлі мерекесі қарсаңында үйді ағартып, сырлап, жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Сол кезде бөлмелерді босатып, заттарды ауыстырып жүргенде темекі сауытты жоғалтып алдық.
Атам әр жыл сайын соғыс кезінде жараланған күндерін еске алып отыратын. Таңғы сағат алтыда тұрып, сыртқа шығады, үйдің жанындағы орындыққа жайғасып, соғыста қаза тапқан майдандас жолдастарын еске алатын. Немерелеріне де осы сауытты көрсетіп, оның тарихын, соғыста басынан кешкен оқиғаларын да айтып отыратын. Осындай еске алу күнінің бірінде осы темекі сауытын іздеп, таппай қатты ренжіді. Іздемеген жеріміз жоқ, бірақ таба алмадық. Жолдасым Елдар бір күні Семей қаласына барып, базардан соған ұқсас бір сауыт алып келді.
- Әке, міне сіздің темекі сауытыңызды таптық – деп, беріп еді.
- Сендер кімді алдайсыңдар? Мен өзімнің өмірлік серігім болған сауытымды танымайды дейсіңдер ме? деп ренжіген күйін танытты.
Содан күндердің бір күні Елдар қораны жинап жүріп, сөренің қалтарысында қағаздармен қалып қойған темекі сауытты тауып, қуанғаннан үйге жүгіріп келіп,
- Әке, таптым! Таптым..., тауып алдым! деп атама бергенде, атам көзіне жас алып, сауытты сүйіп, кеудесіне ұзақ басып тұрып: «Бұл – менің соғыста жанымнан тастамаған, мен үшін ең қымбат, өмірлік серігім ғой...» деп кемсеңдеп, көңілінің босағаны әлі көз алдымда...
Атамның осындай сәтін көріп, бұйымның атам үшін қандай қымбат, баға жетпес дүние екенін байқадым.
Бұл зат өткен тарихты бүгінге жеткізген, тек бір адамның тағдырын ғана емес, кейінгі ұрпақтың өмірін жалғаған, біз үшін қастерлі дүние.
Бүгінде жазушы музейінің экспозиция залында сақтаулы тұрған бұл портсигар - өзіндік орны, тарихи маңызы бар, құнды жәдігер.