Ашина Ганьдэ құлпытасы және оның қазақша аудармасы

Автор:
19.01.2026
9747
Ашина Ганьдэ құлпытасы және оның қазақша аудармасы - e-history.kz

Сурет: @e-history.kz/коллаж

Еуразияның байтақ даласына билік құрған Ұлы Түрік қағанаты 583 жылы Шығыс және Батыс қағанаттарға бөлінді, ізінше Қытай империясының дала бағытындағы экономикалық, саяси және әскери агрессиясы үдей түсті. Тан әулеті ұйымдастырған тынымсыз шабуылдардың нәтижесінде 630 жылы Ілік қаған тұтқынға түсіп, Шығыс Түрік қағанаты құлады. 

Дала билігі тоқырауға тап болған алмағайып шақта түріктердің едәуір бөлігі Тан империясының билігіндегі өңірлерге, әсіресе малға жайлы экологиялық аймақтарға қарай ағылғандықтан, Қытай сарайы Гобидің күнгейіндегі Иньшань жотасы мен Ордос ойысын қамтитын далалық өлкеде көшпенді тайпалар үшін цзими (羁縻, тура мағынасында: ноқта, ноқталы немесе ноқталау) деп аталатын жанама басқару жүйесін енгізді. Қытай билігінің қатаң бақылауына қарамастан, 630 жылдан кейін түрік тайпалары үш мәрте ашық көтеріліске шықты, 682 жылы Елтеріс Білге Құтлық қағанның бастауымен Көк Түрік қағанаты қайта жаңғырды. Ол ғылымда екінші Түрік қағанаты деп аталды[1].

Қытай империясының билігіне мойын ұсынған түрік элитасының қатарында ашина әулетінен шыққан ақсүйектер аз болған жоқ. Олардың кейбірі Қытай сарайында саяси және әскери қызметтер атқарып, империяның билігін нығайтуға, ықпалын кеңейтуге еңбек етті. Қытай жерінде көз жұмған кей тұлғалардың көріне көмілген құлпытастар қаншама ғасырдан кейін қайта жарыққа шығып, ескі тарихтан сыр шертті. Әсіресе бұл эпитафиялар Қытай жылнамаларында көп айтыла бермейтін «ноқталы кезеңнің» шынайы көрінісін қалпына келтіріп, империя саясатының құпиясын ашуға таптырмас деректер ұсынады. Біздің мақаламызда сөз болатын «Ашина Ганьдэ құлпытасының» иесі де Қытай империясына қарсы өмір бойы күрескен Бағадыр шад Ілік қағанның шөбересі. Ол 665 жылы өмірге келіп, 691 жылы Лоян қаласында не бәрі 27 жасында қайтыс болады. Қытайлық жазба деректерде ол туралы ешқандай мәлімет жоқ[]. Құлпытас мәтінінен белгілі болғандай, ол Қытай тарихындағы бірден-бір император әйел У Цзэтянь патшайымның белсенді қолдаушыларының бірі болғанға ұқсайды. 

Ашина Ганьдэ құлпытасы 2000 жылдың маусым айында ежелгі Лоян қаласының оңтүстік қақпасы – Диндинмэньнің орнына таяу маңнан, нақтырақ айтқанда қазіргі Лоян темекі фабрикасының алабынан қазба жұмыстары кезінде табылған. Құлпытас көктастан шабылған, шаршы пішінді қақпақтастың қабырғасының ұзындығы 76,5 см, қалыңдығы 13 см, жиегі өсімдік өрнектерімен көмкерілген. Қақпақтасқа чжуаньшу үлгісімен «大周故冠軍大將軍歸義可汗阿史那志» (Ұлы Чжоу елінің Қаһарман Бас қолбасшысы—Ақжол қаған Ашинаға арналған эпитафия) деген төрт жол жазу бар. Құлпытас та шаршы пішінді, қабырғасының ұзындығы 75 см, қалыңдығы 15,5 см. Мәтін кайшу үлгісімен қашалған, жалпы 45 жол, толық жол 45 иероглифтен тұрады. Қазіргі кезде ескерткіш Лоян көне өнер музейінде сақтаулы[2]. 

Аталған музейдің ғылыми қызметкері Чжао Чжэньхуа құлпытасты оқып, 2004 жылы «Шилинь» (Тарих орманы) басылымында мәтіннің толық нұсқасын жеңілдетілген иероглифтермен жариялады[2]. Соның негізінде тарихшы Шигео Сайто 2011 жылы мәтіннің дәстүрлі иероглифтермен белгіленген нұсқасын жариялады һәм мәтінді жапон тіліне аударып, академиялық түсініктеме жазды[1]. Біз құлпытас мәтінін қазақ тіліне аудару барысында осы екі нұсқаны салыстыра пайдаландық. Атап өтер бір жайт, қақпақтас пен құлпытас жазуының эстамбы Чжан Найчжу мен Чжан Чэнъюй шығарған «Жібек жолы контексіндегі Лоян тас нақыштары» атты монографияда көрсетілген[3, 140-141 б]. Өкінішке қарай, бұл еңбектің қолымызға тиген электрондық нұсқасының сканерлік сапасы нашар болғандықтан, жазбаны түпнұсқасымен салыстыруға мүмкіндік болмады. 

Құлпытас мәтінінің қазақ тіліндегі аудармасы

Ұлы Чжоу (елінің) ⌠1⌡ Қаһарман Бас қолбасшысы⌠2⌡, Оң қарулы күзеттің сайыпқыран қолбасшысы міндетін атқарушы⌠3⌡, Ақжол қаған⌠4⌡ марқұм Ашина мырзаның құлпытасындағы арнау мен баян   

Қағанның шын аты – Ганьдэ, екінші аты – Шаншань⌠5⌡, Қорғанның (терістігіндегі) Иньшань тауының⌠6⌡ тумасы. Аспан тоғыз аймаққа, жер сегіз қиырға бөлінеді, үркер шоқжұлдызы оның жүйесін айқындаса, түпсіз тұңғиық оның өрісін анықтайды. Киелі рухтар күзеткен (өлкеде) көрнекті тұлғалар – шаньюйлер өмірге келді; қойнауы құтқа толы (аймақта) Цилянь тауының⌠7⌡ бағалы қазыналары (игілікке ұсталды). Күре жолдар төрт төңірекпен тоғысып, оңтүстік (қапталынан) Юймэнь қақпасы⌠8⌡ бой созады; жер аумағы үш (иелікке) бөлініп⌠9⌡, солтүстік (іргесінен) Цзиньхэ өзені⌠10⌡ ағып өтеді. Найза шыңдары тік шаншылған Лунмэнь таулары⌠11⌡ қара жердің қамалы болса, құйқалы баурайы кең көсілген Цзичжи алқабы⌠12⌡ бейбіт өмірдің бесігі еді. Бағзы заманда, Ұлы әміршілерге Аспаннан пәрмен келгенде⌠13⌡, Сяхоудың ұрпағы (дала жұртына) Чуньвэй⌠14⌡ атымен белгілі болды; Орталық ел⌠15⌡одақ құруды өтінгенде, Лаошанның⌠16⌡ әулеті (қытайлықтарға) Тәңір еркесі⌠17⌡ намымен танымал болды. (Марқұмның) бабасы Доби, яғни Ілік қаған⌠18⌡ бес мың нөкермен саят құрып, айбатымен жалпақ даланы тітіретті; жүз мың сарбазбен (жорық тартып), ерлік даңқы шалғай аймақты шарлап есті. (Ілік қаған) Еңлік тауын⌠19⌡ уысынан шығармады, (Орталық елмен) бірнеше мәрте бейбіт бітім жасасты⌠20⌡: Батыс аймақты⌠21⌡ тартып алып, (империя) астанасына шекесінен қарады; Чжоу мен Цинь дәуіріндегі (көшпенділер секілді) айбар шашып, қыр көрсетті. (Цзинь елінің) екі қатар қоңырауға (қолы жеткенмен), Вэй Цзян⌠22⌡ жундармен⌠23⌡ бітімге келуге мұрындық болды; ал бес мың жаяу жауынгерімен Ли Лин⌠24⌡ (ғұндарға амалсыз) тізе бүккен-ді. Ар жақта Гаоцюэ асуы⌠25⌡ алынбас қамал, бер жақта Ұлы қорған берілмес бекініс болды. Ганьцюань сарайында⌠26⌡ сан дүркін ұран от жағылып, Шулэ шаһарында⌠27⌡ әлсін-әлі құдықтың суы тартылып тұрды. Заманында Суй әулетінің⌠28⌡ іргесі сөгіліп, елдің іші алатайдай бүлінді. Тан елінің⌠29⌡ күні туып, Цзиньянда асыл ер атқа қонды⌠30⌡. Тәңірдің жарылқауы болмағандықтан, (Ілік қаған) елдіктің ескі жолын естен шығарды да меңіреу түкпірге бой жасырды (һәм кейінірек) Сарайға мойын ұсынды. Чжэньгуаньның төртінші жылы (630 жылы) тізе бүкті, оған Оң күзеттің Бас қолбасшысы⌠31⌡ (деген лауазым) және үш мың түтін иелік берілді, (көз жұмғаннан кейін) Ақжол цзюньван⌠32⌡ деп танылды. (Марқұмның) атасы Тегін⌠33⌡ өз жұртының ябғусы еді. Әкесі Гана⌠34⌡ Сол қарулы күзеттің нөкер сардары⌠35⌡ болды. Қаған Тәңірдің қалауымен ұлы парызды мойнына алса, ябғудың мәртебесі тақ мұрагерімен бірдей еді. Құрметті қарауыл жанындағы күзе басшысының әскерге әмір беретіндей құзыры бар. Нөкер сардар Сарай іргесін қорып, сақшылық, жаршылық міндеттерін атқаратын еді. (Әулеттің) шаңырағынан құт, тұқымынан мансап үзілмеді. (Бұл) Хуханье⌠36⌡ (шаньюйдің императорға) алыстан бас иген ізеттілігі хатқа түсіп, Цзинь Миди⌠37⌡ (қалғаның тақ иесіне) шынайы қызмет еткен адалдығы жылнамаға енгенін (еске салады).               

Оқи отырыңыз: Ашина Білге тегін бітіктасының аудармасы      

Көктің ұлы Аспан пәрменін қабылдағанда зерлі жіппен түптелген қас дәптер⌠38⌡, ал княздерге еңбек жазылып, (енші үлестірілгенде), қара топырақпен оралған көк алан⌠39⌡ қолданылады. (Марқұмның арғы аталары) шашасына шаң жұқпайтын сайгүліктей теріскей (даладан) күнгейдегі (Қытайға) бет қойды. (Бабадан шөбереге дейінгі) төрт ұрпақтан бес гун⌠40⌡ (шығып), әкеге жете ұл туды. Қаған (Ганьдэ) бала күнінде ізгілік жолының іске аспағанын (көзбен көріп),  Конфуциймен⌠41⌡ мұңдас болды. Губернатор Лудың⌠42⌡ өнегесімен салт-санаға сай келмейтін істерден бойын аулақ ұстады. Цзычжэн⌠43⌡ сияқты сан-салалы білімді жетік игеріп, Маньцянь⌠44⌡ сияқты киелі кітап пен жылнамалық еңбектерді кәдеге жарата білді. Көркем сөзге жүйрік, жазу мәнері асқар шыңдай сырбаз, білімі теңіздей терең, (айтқан кеңесі) тау бұлағындай қайнарлы еді. Әсіресе қару-жарыққа жетік, соғыс өнеріне ықласы айрықша болатын. Янь Гао⌠45⌡ сияқты ауыр садақты шірене тартып, Ян Ю⌠46⌡ сияқты атқан оғы жерге түспейтін. Ат тұяғын көздесе, (мергендігі) Вэй әміршісінің (садақкерлік жайлы) жазғандарынан олқы соқпайтын⌠47⌡. Қарлығаш иекті, (жолбарыс мойынды) түр-тұлғасы (алыстан тоят тілеп), ұлыс бегі деңгейіне жеткен Бань Чаонан⌠48⌡ кем түспейтін. Көп ұзамай (бұқара халықтың астана) Бонан⌠49⌡ көңілі суып, (елдіктің) кезегі Чжоу⌠50⌡ (әулетіне) тиді. Аспан құбылыстары айшықталып, билік жүйесі жөнін тапты. Әміршінің жолы оңғарылып, ел-жұрт бейбіт өмір сүре бастады. Цо князі (Сяо Хэнің)⌠51⌡ үрім-бұтағы Пэй аймағынан сұйырғал қылып (сыйға берілген) жерді ардақтап өткен-тін. Чинсан (Вэй Сяньның)⌠52⌡ шөбере-шөпшектері Фуян (князі деген құрметті атаққа) шаң жуытпаған еді. (Сол секілді), Чуйгунның үшінші жылы – қызыл Доңыз жылы – екінші айдың он бірінші күні – көк Жылан күні⌠53⌡, Патшайым (У Цзэтянь)⌠54⌡ былай деп жарлық шығарды: «Ойхой! Аспан мен жер (күллі әлемді) құшағында тербетті, (соның үшін дүние жүзі) аймақтарға бөлініп, (болмысы) анықталды; ай мен күн (көк жүзінде) тоқтаусыз айналыста болады, (соның үшін) күн сағатының көлеңкесі бір ізге салынып, (барша ғалам) жарық сәулеге шомады. Ей, Сол қарулы күзеттің Бас қолбасшысы—Ақжол цзюньван марқұм Ашина Доби Ілік қағанның шөбересі Ганьдэ, сен жарқын өнегенің жарығы жетпеген шалғай қиырдан шықтың. Еліміз Аспан пәрменіне сай байтақ жерді бауырына басты, әптер-тәптер әлемді тәртіпке келтіріп, елдік қағидаларын бекітті. Қаталдық пен ізгілік жолын қатар ұстанып, екі сөзділіктен аулақ болды. Қалтқысыз ниетпен ел-жұрттың қамын жеп, қылмыскерлерді жазаға тартты. Арғы аталарың туралы айтар болсақ, (олар) жазаға ұшырап, елдіктен айырылуды өздері тілеп алды. Онан бері үш ұрпақ ауысты, айтарлықтай тәрбие қонып, жақсылықтың өтеуін қайтаруды білетін болдыңдар. Алпыс жылдай уақыт өткенде, басбұзарлықтан бой тартып, тура жолға бет қойдыңдар. Сені Ақжол қаған деген (атақпен) жарылқадым, (бабаңның) ізін жалғап, еліңнің көсегесін көгерткейсің. Аһ, есіңе сақта! Арыңа дақ түсірмей, билік ережелеріне қырағы бол, сонда ғана атақ-абыройдан кенде болмай, шексіз ықыласқа бөлене аласың. Ендеше ықтият қылмауға бола ма екен?». (Марқұм) әміршінің пәрменіне ілтипатпен құлақ қойып, Тәңірінің қалауына сай әрекет еткендіктен, (Дала) ордасын⌠55⌡ айбарымен жасқап, атақ-даңқы алыс қиырды шарлап кетті. Юнчанның алғашқы жылы⌠56⌡ тоғызыншы айда, Оң барыс қорамсақты ұланның қолбасшысы⌠57⌡ болып тағайындалды. (Император) сарайының күзетін (мінсіз атқарып), гаремдегі түнгі кезекшілікті қалт жібермей қадағалады. Көктің ұлы⌠58⌡ оны жоғары лауазымға лайық қайраткер деп таныса, әріптестері елге тұтқа боларлық тұлға деп ардақ тұтты.            

Қасиетті және құдіретті император (У Цзэтянь) Нұрлы залда⌠59⌡ таққа мініп, жер жүзіне үстемдік орнатты; алтын таққа отырып, аспан астын дәргейіне келтірді. Қара жер күллі тіршілік иесін бауырынан орбітеді, (Ұлы әміршілерге) Хуанхэден сызба, Лохэден жазба беріледі⌠60⌡. Көк аспан барша табиғат әлемінің жаратылысын анықтайды, (әділ патшалар билікке келсе) айдың сәулесі шалқып, жұлдыздар ажарлана түседі. Шығыста Фусан керіліп, батыста Жому көлденеңдейді. Түстікте Хоцзяо көсіліп, терістікте Бинчжоу көлбейді⌠61⌡. (Олар империяның) ресми жыл санауын қабылдап, (еліміздің) құрамына қосылды. Марапаттау мен тағайындау мәртебесі қайтарылып, қамқорлық жасау жөнінде тағы да жарлық түсті.  Тяньшоудың бірінші жылы тоғызыншы айдың жиырма тоғызыншы күні⌠62⌡ (патшайым У Цзэтянь) «Ежелден өктемдігімен белгілі жатжұрттық бұратананың (ұрпағы ретінде) тақ иесінің мейіріміне бөленіп, ізгілік жолына түстің. Атағың Алтын суының жағасын шарлап, даңқың Юймэнь қақпасына шейін жетті. Ұлы Чжоу (елінің) жыл санауы басталып, патшалықтың тынысы жаңарған (мерейлі сәтте), Тәңірінің қалауымен шапағатқа бөлеп, мәртебеңді биіктеткенім жөн болар. (Сондықтан өзіңе) Қаһарман Бас қолбасы және Оң қарулы күзеттің сайыпқыран Бас қолбасшысы міндетін атқарушы⌠63⌡ (лауазымын) лайық көрдім» деген пәрмен келді. Қаһарман қолбасы деген атақ Хань әулетімен құдандалы (Хо Цюйбиннен)⌠64⌡ басталса, Цзинь елінің⌠65⌡ даңқты сардарлары алғашқы болып сайыпқыран атанған еді. Аспан күзетінің жоғарғы қолбасшысы жұлдыздар көшесінде самаладай жарқырады⌠66⌡; сарай қарауылдың айдынды сардарлары тақ түбінде жауынгерлік байраққа сүйеу болды. (Марқұмның) ғұмыр жасы келте болды, ізгі амалдарының өтеуі қайтпады. Аһ, қайғы емей немене! Тяньшоудың екінші жылы бірінші айдың он сегізінші күні дертті болып, Цунчжэн махалласындағы жеке тұрағында жиырма жеті жасында өмірден озды⌠67⌡. Гуань Чжун қайтыс болғанда (Ци елінің князі) Хуань-гун қызығы таусылғандай (күй кешіпті) ⌠68⌡. Янь Хуэй көктей солғанда Конфуций терең күрсінген екен⌠69⌡. (Ауыр қазаға қаймана) жүргіншілердің де қабырғасы қайысып, сазгерлер қолындағы аспабын жерге қойды. О дүниеге (мезгілсіз аттанған) панасыз (бейбақ), жүз кісіні (құрбанға шалсақ та) тіріліп қайта келмейді.  

(Ганьдэ) қаған қабағы жазық, жүзі жарқын, кісіге сыпайы, қолы ашық (жан еді). Қызыл шынар мен сән ағашы дегдардың орман бағында жайқала бой тартып, інжу-маржан мен асыл қазына данышпанның кең бөлмесін нұрға бөлеген еді. (Марқұм ескілікке) құштар және өткенге (бес саусағындай) қанық болатын, (сондықтан) ұстаз Шумен⌠70⌡ рухани үндес болар еді. (Оның) замандастарынан мәртебесі үстем, беделі биік болды, (сондықтан) тайфу Цзя Имен⌠71⌡ (жан дүниесі) тылсым байланыста болғаны шүбәсіз. Көктем туып, тал бүрлеп, шешек гүлдеп, астана іргесіндегі күре жолды (мүлгіген) тұман жапқанда, Цюйчи көлінің⌠72⌡ жағасында өлең шығаратын, бал шараптан тарта отырып, қатпар-қатпар таулардың (сұлу көркіне) көз мейірін қандыратын. Дүниеге қызықпайтын және қолы береген еді, ниетінің шынайылығымен ел-жұрттың ізгі ықыласына бөленген-тін. Қатты нөсерде үйі құлап (далада қалған) көрші жесірді есігінен енгізбейтіні⌠73⌡, есесіне кедейлікке кіріптар болып, асқа жарымай отырса да, жолдастарынан теріс айналмайтыны даусыз еді. (Марқұм) Бөрілі тауды⌠74⌡ шиырлай бермей, (Хуханье шаньюй секілді) суреті Цилин сарайында⌠75⌡ сақталуға лайық еді. Сонымен (императордан) «Жетінші санатты сарай шенеуніктерінің бірі қабірдің орнын шалсын, (қазаны жөнелтуге) қажетті қаражат толықтай қазынадан төленсін» деген жарлық келді. (Үйілген) топырағы жылқының жалындай (күдірейіп), (зиярат етуге арналған) соқпақ қойдың ішегіндей (шұбатылып жатты), (моласы) мәңгілікке қасқайып тұрғай һәм (ізі) мыңдаған жылдар бойы өшпегей!              

(Марқұмның) ханымы ашидэ (тегінен). Нақтырақ айтқанда, Тұрғылықты шекаралық әскердің Бас қолбасшысы⌠76⌡, Оң қарулы күзеттің Бас қолбасшы міндетін атқарушы, сондай-ақ, Динсян тұтығы һәм бес өңірдегі әскери қосындардың жетекшісі, Оң ұланның шансясы⌠77⌡, Уюань аймағының ардагер гуны⌠78⌡ лауазымдарын қоса атқарған (Ашидэ Шубиньнің) екінші қызы⌠79⌡. (Ай құдайы) Чанъэ⌠80⌡ жанына қуат беріп, (перизат) Бао-у⌠81⌡ ақыл мен көрік сыйлады. Текті отбасында өмірге келіп, ізгілікті тәрбиеге қанып өсті. (Бала жасынан) инабаттылық жолын ұстанып, (парасатымен тақ иесіне кеңес бере білген) Чу ханымы (Фаньцзидің) ізін қуды⌠82⌡. (Ханым) «Бұрыш гүліне мадақ» ⌠83⌡ (жырының авторындай терең ойлы), (табан астында қар ұшқынын) тал үлпегіне (ұқсатып өлең шығарған ақын қыз Се Даоюньдей) ⌠84⌡ қаламы жүйрік болып қана қойған жоқ, (Вэй елінің Дин-гун князінің жары) Динцзян (сұлудай) ⌠85⌡ жақсы аты ел аузына ілініп, Цао (елінің манабы Си Фуцзидің) жұбайындай⌠86⌡ парасаттылығымен көзге түсті. Ауыздан ауызға көшкен «Сауысқан ұясы» ⌠87⌡ өлеңі ханымның (арлылығын) жыр еткендей, «Әтеш шақырғанда» ⌠88⌡ өлеңінде (айтылған оқиғалар) марқұм бегімге өнеге болғандай еді. Жер жүзінде шендесі аз, ел ішінде теңдесі жоқ еді. Жарынан айырылған Цзя бәйбіше⌠89⌡ мен етегі қанамаған арлы Цзян⌠90⌡ сияқты (адал жолдан айнымай), жылдар тізбегін сағынышпен өткеріп, жалғыздықты жанына серік етті. (Жас отауы үшін) төккен тері зайығы болып, ізгі тілектер орындалмай қалды. Бұлт үстінде самғаған жалқы тырнаның тыраулаған зарлы дауысы ғана құлаққа жетті; қола айнадан жүзі тайған сыңар тауыстың⌠91⌡ көзінен қайғы жасы сел болып төгілді. Тяньшоудың үшінші жылы – қара Ұлу жылы – бірінші айдың отызыншы күні – қызыл Мешін күні – Киелі астана (Лоян қаласының) түстігіндегі Бигуй ауылында жер қойнына тапсырылды⌠92⌡. (Ханымның моласы) арқасын Хуаньюань тауына беріп, аяғын Вэньло суына созып жатыр, алды – Фэнцюэ, арты – Лунмэнь⌠93⌡. Жол – таспадай түзу, қала қорғаны (көз ұшында) мұнартып көрінеді. Сыңсыған сыбызғының үні кейде құмығып, ізінше сарнап ала жөнеледі. Жел жағы сембей боздап, суықтың ызғары сүйектен өтеді. Дүңкілдеген дабылдың дауысы құлақты тұндырып, (өмірдің өткінші екенін) еске салады. Тэнгунның мәңгілік мекенінде жер тарпыған тұлпарды⌠94⌡ кім қай жылы көрді екен? Тырна болып құбылып келген (Дин Линьвэйдің) күңіренген зарын⌠95⌡ кім қай тұста естіді екен? Арнау:              

Бірінші жыр

Арқада Лунчэн⌠96⌡ жайқалып, 

Күнгейде Кунхэ⌠97⌡ толқыған. 

Көз көрмес шалғай ен дала,

Ерлері қайтпас науқыран. 

Лаошанның ізін жалғаған,

Айнымай баба салтынан.

Ежелден даңқы көкке өрлеп,

Дәурені жүріп, шалқыған.  

Екінші жыр

Ханынан жұрты айнымас,

Тоғайда қалқып құс әні – 

Тыраулап тырна жиекте, 

Қутұмсық қырға ұшады⌠98⌡. 

Тәңірі сүйген асыл ер, 

Жичжу бек⌠99⌡ дарқан құшағы.

Алтын таққа бас иіп,

Атақ пен даңқ құшады.

Үшінші жыр

Тан билеп күллі жер жүзін,

Тақ жарлығы бөлеп арайға –  

Қол бастап арғы атасы,

Қызмет қылған сарайға. 

Ю Юйден⌠100⌡ қалған сара жол,

Цзинь Миди үлгі талайға. 

Тағлым алған көл-көсір,

Сенімге лайық, қалайда. 

Төртінші жыр

Ізгі құлдан із қалмай,

Анттас елден бақ тайды. 

Өркені өспей өреннің,

Елдікті қалай сақтайды?

Сяньван деп сыйлап, жарлықпен

Танытты ағзам ізетін.

Әдіскер туған есіл ер,

Жамғарды сарай күзетін. 

Бесінші жыр

Тумысың зерек Цан Шудай⌠101⌡,

Янь Хуэйдей қысқа ғұмырың.

Қалқайып жетім сағанаң,

Өтелді соңғы ырымың.

Күнбатыстан есігің,

Теріскейің – белес, қыр.

Өшсе де отың сезерсің,

Ендігісі – елес құр. 

Алтыншы жыр

Жер астында күн болмас,

Шомғанмен нұрға сан ғалам.

Бауыры суық бұл маңда

Кімдердің басы қалмаған? 

Қыр басын қымтап аппақ қар,

Жол жатыр әне шұбартып.

Қиғаның қалай, қайран ер,

Қас аруды шын артық? 

Түсіндірмелер:

⌠1⌡ – Тарихи әдебиеттерде 武周 деп хатталады. Қытай тарихындағы бірден-бір император әйел У Цзэтянь құрған әулет. 690 жылы 16 қазаннан 705 жылы 3 наурызға дейін билік құрды. 

⌠2⌡冠軍大將軍 – Әскери лауазым атауы. Он алты мемлекет кезеңіндегі (304—439 жж.) кейінгі Чжао елі қолданысқа енгізген. 333 жылы кейінгі Чжао елінің қолбасшысы Ши Ху Циньлин және Луншань аймағын бағындырғаннан кейін әміршісі Ши Лэге жергілікті тайпа көсемі Фу Хунға қаһарман қолбасы атағын беру жайлы хат жолдайды. Бұл кейінгі әулеттерге де үрдіс болып қалады[4, 703 б]. 

⌠3⌡行右鷹揚衛將軍 – Тіркестегі 行 иероглифі міндетін атқарушы деген мағынада қолданылып тұр. Ал 右鷹揚衛將軍 дегеніміз бұған дейін 右武衛將軍 (Оң қарулы күзеттің қолбасшысы) деп аталып келген лауазым. 684 жылы У Цзэтянь патшайымның жарлығымен 右鷹揚衛將軍 деп ауыстырылған[4, 251 б].

⌠4⌡歸義可汗 – Тура мағынасында оң жолға немесе тура жолға оралған қаған. Ықшамдылық үшін Ақжол қаған деп баламаладық.

⌠5⌡可汗諱感德字尚山 – Ежелгі қытай дәстүрі бойынша тұлғаның екі аты болады, туғанда қойылған атын () жасы, жолы үлкен немесе лауазымы жоғары кісілер ғана атай алады. Қатарластары мен әріптестері немесе жолы кіші адамдар тұлғаның ер жетіп, кәмелетке жеткенде қойылатын екінші атын () атауы керек. Мәтіннен белгілі болғандай, ашина әулетінен шыққан мола иесінің аты 感德 (тура мағынасында: император мейріміне алғыс), ал екінші есімі немесе ныспысы 尚山 (тура мағынасында: таудай салмақты).

⌠6⌡陰山 – Тарихи-географиялық атау. Солтүстік Қытайда, нақтырақ айтқанда Хуанхэ өзенінің солтүстігіндегі далалық аймақта орналасқан тау жүйесі. Жалпы ұзындығы 1200 шақырым. Ең биік нүктесі – 2364 м. Тау жүйесінің құрамына Ланшань, Шэйтэн-Ула, Хүйтэн, Хэланьшань, Дациншань, Хуашань жоталары кіреді[5, 2728 б]. Атақты Қытай қорғаны Иньшань тауларының оңтүстік қапталынан өтеді. Ол көне түркілер үшін айрықша стратегиялық маңызы бар аймақтардың бірі болды. 

⌠7⌡祁連【山】– Тарихи-географиялық топоним. Солтүстік Қытайдағы тау жотасы, Наньшань тау жүйесінің солтүстік тармағы. Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай Алтынтау жотасынан Цилинь тауына дейін 1,000 шақырым қашықтыққа созылып жатыр. Ең биік нүктесі 5,808 м[5, 1772 б]. Цилянь топонимы ғұн тілінен шыққан, мағынасы: аспан, тәңір.

⌠8⌡玉塞 – Юймэнь қақпасының (玉門關, тура мағынасында: Қастас қақпасы) басқаша атауы. Юймэнь қақпасы – қазіргі Қытайдың Ганьсу провинциясының Дуньхуан қаласының аумағында орналасқан ежелгі бекініс, Қытайдың батыс бағыттағы тарихи шекарасы. Хань әулетінің У-ди императоры салдырған. Батыс аймақтан әкелінетін қастастың құрметіне осылай аталған.

⌠9⌡土宇三分 – Тура мағнасында: жері үшке бөлінген. Бұл жерде мемлекеттік басқарудың ежелгі көшпенділерге тән үштік жүйесі меңзелсе керек. Ежелгі ғұндарда мемлекет аумағы шығыс (сол қанат), орталық және батыс (оң қанат) иеліктерге бөлінді. Ал Түрік қағанаты басқаратын аймақтар тардуш (оң қанат немесе батыс аймақ), төлес (сол қанат немесе шығыс аймақ) және ічрекі (орталық) деген үш саяси бірлестіктен тұрады. Қазақ ордасының үш жүзден құралуының да түп негізі осында жатса керек.

⌠10⌡金河– Тура мағынасында: Алтын өзені. Шигео Сайтоның пікірінше, топоним Иньшань тауларынан басталып, Хух-Хото қаласының аумағы арқылы Сарыөзенге (Хуанхэ) құятын Дахэйхэ өзенінің көне атауы[1]. Алайда бұл пікір құлпытастағы көшпенділер әлемінің оңтүстік іргесінің Юймэнь қақпасымен шектесетіні туралы ақпаратқа сәйкес келмейді. Біздің ойымызша, бұл жерде Ұлы Даланың солтүстік аймағындағы өзендердің бірі, мүмкін Кем өзені меңзелсе керек. Олай дейтініміз,  иероглифі ортағасырлық қытай тілінде ki̯əm деп оқылған.

⌠11⌡龍門 – Сөзбе-сөз мағынасы: Айдаһар қақпасы. Қазіргі Хэбэй провинциясының Чичэн үйезінің аумағындағы Лунмэнь шатқалы меңзеліп тұрса керек. Ол туралы «Ляоши» жылнамасында «Лунмэнь үйезінде Лунмэнь тауы бар. Екі беткейдегі жартастар асқар биікке бой созып, алыстан қақпа тәрізді болып көрінеді. Шекара сыртындағы өзендер мен шөлейттегі жауын суы осы қақпа арқылы теңізге қарай ағады. Ашық күндері суы кешіп өтуге болатындай тайыз, мөлдір болғанмен, жаңбыр жауса деңгейі лезде он жэньге (қытайлық ұзындық бірлігі, 1 жэнь шамамен 1.85 м) дейін көтеріледі. Лунмэнь тауы – Қорғанның терістігіндегі аймақты бақылауға атап соққан ұрымтал жер» [6, 510 б] делінеді. 

⌠12⌡雞秩 – Ежелгі ғұн жеріндегі тау. Нақты орны белгісіз. Ол туралы «Ханьшу» жылнамасында б.з.д. 72 жылы «Цилянь қолбасшысы (Тянь Гуанмин) Қорғаннан 1600 ли (шамамен 800 шақырым) шалғайдағы Цзичжи тауына дейін жорық тартып, 19 тұтқынның басын шапты, 100-ден астам жылқы, сиыр, қой олжалады» (7, 3786 б) деп жазылған.

⌠13⌡大君有命– Тіркес Қытайдың батыс Чжоу әулеті заманында хатқа түскен «Ицзин» (易經, Өзгерістер кітабы) еңбегінен алынған. Тіркестегі 大君 – Чжоу әміршілерінің атағы, ал 有命 сөзі аспаннан келген пәрмен, тағдыр, пешене, философиялық мәнде Аспан мандаты түсініктерін білдіреді. Бұл жерде Шан әулетінің Ся әулетін биліктен кетіргені жайлы аңыз меңзеліп тұр. 

⌠14⌡淳維– Қытайлық деректерде ғұнның арғы атасы ретінде айтылатын тұлға. Сыма Цянь «Ғұнның арғы атасы Ся әулетінен тарайтын Чуньвэй. Олар Тан Яо мен Юй Шунь заманына дейін-ақ шаньжун (山戎, таулық жунь), сяньюнь (玁狁), сюньюй (荤粥) деп аталып, солтүстіктегі жапан түзде малдың соңынан көшіп-қонып жүрді» [8, 4498 б] деп жазады. Ежелгі қытай аңызы бойынша, Ся әулетінің соңғы билеушісі Ся Цзе әділетсіз, қайырсыз, қатыгез болған екен. Сондықтан ел билігі Шан әулетінің қолына көшкенде, жаңа әмірші Чэн Тан оны жер аударып, Минтяо аймағына айдатады. Цзе үш жылдан кейін өледі, артында Сюньюй (獯鬻) деген жалғыз тұяқ қалады. Ол ел-жұртымен көз көрмес, құлақ естімес, аяқ жетпес алыс қиырға көшіп кетеді, әкесінің жесірлерін өзіне қаратып, олардан үбірлі-шүбірлі бала сүйеді. Оның кіндігінен тараған ұрпақ кейін сюнну (匈奴) атанып, ен далада емін-еркін көшіп-қонып жүреді. 

⌠15⌡中國 – Қазіргі Хуанхэ өзенінің алабын мекендеген ежелгі хуасялықтар өздерін әлемнің кіндігінде орналасқан таңдаулы халық ретінде сезінген, сондықтан бұл аймақты Чжунго – Орталық ел, Әлемнің кіндігіндегі ел деп атаған.

⌠16⌡老上 – Лаошан шаньюй (дарқан). Аты – Цзиюй (稽粥). Моду шаньюйдің ұлы, б.з.д. 174 жылы әке тағына отырып, 6 жыл билік құрды. Оның билігі тұсында Ғұн империясы юэчжилерді талқандап, ел іргесі қазіргі Құмыл алқабына дейін кеңейтті.

⌠17⌡驕子 --  Ғұн әміршісі Хулугу шаньюй б.з.д. 89 жылы У-ди императорға «Түстікте алып Хань, терістікте құдіретті Ғұн (елдері билік құрып отыр). Ғұндар – Тәңірдің еркесі-дүр, олар қайдағы бір ұсақ-түйек үшін назалы болмайды»[7, 3789 б] деп жазады.

⌠18⌡頡利可汗 – Шығыс Түрік қағанатының соңғы билеушісі Ашина Доби. Ол Циминь қағанның үшінші ұлы. 620 жылдан 630 жылға дейін ел биледі. Осы жылы Шығыс Түрік қағанаты талқандалып, Ілік қаған тұтқынға түсті. 634 жылы үй қамауында ішқұсталықтан қайтыс болды.    

⌠19⌡燕支山 – Батыс Қытайдағы Ганьсу провинциясының аумағында орналасқан тау. Кей әдебиеттерде 胭脂山 деп те аталады. 胭脂 дегеніміз далап, еңлік. Ғұндар осы тауда өсетін мақсары, айлық секілді өсімдіктерден қыз-келіншектер пайдаланатын далап дайындаған. Б.з.д. 121 жылдың жазындағы қиянкескі ұрыстарда ғұндар Еңлік және Цилянь (Тәңір) тауларынан айрылып қалады. Сондағы күңірене көшкен жұрттан қалған бір ауыз өлең: «Айрылып Тәңір тауымнан, Кеміді басы малымның. Айрылып Еңлік тауымнан, Ажары тайды жарымның».[8, 4545 б]

⌠20⌡幾撓琉璃之酒 – Тура мағынасында: әйнекейлі ыдыстағы шарапты бірнеше мәрте араластыру. Бұл жерде 琉璃 (liúli. әйнекейлі ыдысы) иероглифтері 留犁 (liúlí, ғұндар пайдаланған қасық) сөзін алмастырып тұрғаны айдан анық. Мағынасы ескірген сөздерді дыбыстық құрамы бірдей өзге иероглифтермен алмастыру қытай әдебиетіне жат емес. Тұтас сөйлем далалық көшпенділер мен қытайлықтар арасындағы анттасу рәсімін меңзейді. «Ханьшу» жалнамасы бойынша, б.з.д. 47 жылы Хань елшілері Хуханье шаньюймен келісімге келеді, «(олар) Ғұн жеріндегі Ношуй өзенінің шығысындағы тауға көтеріліп, құрбанға ақбоз ат шалды. Шаньюй қыңырақ қанжармен және алтын қасықпен араластырған шарапты Лаошан шаньюй өлтірген юэчжи әміршісінің бас сүйегінен жасалған тостағанмен ішісіп, қанды серт байласты»[7, 3801 б].

⌠21⌡右地 – Тура мағынасында: оң жақтағы жер. Қытай жылнамаларында далалық көшпенділердің батыс қанаты дәстүрлі түрде осылай аталған. 

⌠22⌡魏絳– Қытай тарихының Чуньцю дәуірінде Цзинь елінде өмір сүрген қолбасы, саяси қайраткер. Ол Цзинь елінің Дао және Пин герцогтары үшін қызмет етіп, жатжұрттық тайпалармен келісімге келуге мұрындық болады. Бұл турасында Қытайдың классикалық жылнамалық әдебиеті «Гоюй» еңбегінде былай делінеді: «(б.з.д. 562 жылы) герцог (Дао) Чжэн еліне жорық жүргізіп, қалың қолды Сяоюйге төңкереді. Чжэн елінің билеушісі Цзя (бітім сұрап, сыйлыққа) сұлу бойжеткен, шебер және құма аралас отыз қызметші, он алты сазгер қыз, екі қатар қоңырау (бяньчжун, ежелгі музыкалық аспап, сән-салтанаттың, зор биліктің нышаны), жез қоңыраулар мен он бес сәнді арба жібереді. Герцог Вэй Цзянға сегіз сазгер қыз, бір қатар қоңырау береді һәм оған «Сіз маған жун және ди тайпаларымен ымыраға келіп, Хуася княздіктерін тәртіпке салу жайлы кеңес берген едіңіз. Онан бері сегіз жылда княздіктермен жеті мәрте жиналыс өткіздік, мұратыма жете алмаған кезім жоқ. Осы шаттығымды өзіңізбен бөлісуге рұқсат етіңіз» дейді.Вэй Цзян «Жун және ди тайпаларымен бітімге келгеніңіз, әміршім, сіздің маңдайыңызға жазылған бақыт емес пе. Сегіз жылда княздіктермен жеті мәрте жиналыс өткізгеніңіз, әміршім, сіздің айбарыңыздың асқақтап тұрғанынан емес пе. Бұған сарай кеңесшілерінің де еңбегі сіңді, құлыңыз мұншама сыйлыққа лайық емес» деп бой тартады. Сонда герцог «Сіз болмағанда жундармен мәмілеге келуім де, (Хуанхэ) өзенінен бері өтуім де мүмкін емес еді, бұған басқалардың қатысы қанша! Сыйлықты қалайда қабыл алыңыз!» дейді»[9, 443 б]. Құлпытас мәтініндегі «Вэй Цзян жундармен бітімге келуге мұрындық болды» деген сөйлем осы тарихи оқиғаны меңзеп тұр.

⌠23⌡ – Ежелгі қытайлық әдебиеттерде батыс Чжоу (б.з.д.1046-771 жж.) әулетінің билігі жүрмейтін батыс аймақтарда өмір сүрген этникалық топтардың жалпы атауы, сондықтан батыс жун (西戎) деп те аталады. Чжаньго дәуірінің (б.з.д. 476/403—221 жж.) соңғы кезеңіне қарай жун атауы батыс өлкелердегі жатжұрттық тайпалардың жалпы атауына айналды[5, 1897 б].

⌠24⌡李陵 – Қытайлық әскербасы. Б.з.д. 99 жылы Хань әулеті ұйымдастырған қанды жорықта Ли Лин торуылға тап болып, ғұндарға беріледі. Оның соңғы өмірі Ғұн ордасында өтеді, б.з.д. 74 жылы қайтыс болады.

⌠25⌡髙闕 – Тарих-географиялық атау. Иньшань жотасындағы асу. Ішкі Моңғолияның Солтүстік Хангин ауданының аумағында[5, 687 б].

⌠26⌡甘泉宮 – Цинь Шихуан заманында іргесі қалана бастаған сарай, ол Чанъань қаласының сыртында орналасқан. Хань әулеті кезінде кеңейтіліп, елдің саяси өмірінде айтарлықтай салмағы бар императорлық резиденциялардың біріне айналады. У-ди император жаз айларында княздер мен шетел елшілерін көбінесе осында қабылдаған[5, 670 б]. 

⌠27⌡疏勒城– Ежелгі Чеши (車師) елінің аумағындағы қала. Орны шамамен қазіргі ШҰАР Шонжы ауданының аумағында, Тяньшань тауының солтүстік қапталында. Б.з. 75 жылы Ғұн қолы мен Хань шеріктері осы қамал үшін қиянкескі соғыс ашады. Қаладағы құдықтың суы тартылып, Хань әскері шөлден қырыла жаздайды, бірақ берілмейді. Бұл туралы «Хоу Ханьшу» жылнамасында тәптіштеп баяндалған[10, 720-722 б].

⌠28⌡ – Қытайда 581-619 жылдар аралығында билік құрған әулет. Ол Қытайды қайта біріктіріп, ортағасырлық тарихи өрлеуге жол ашты.

⌠29⌡ – Қытайда 618—907 жылдар аралығында билік құрған әулет. Тан әулетінің билігі кезінде Қытай әлемдік империя деңгейіне көтерілді.

⌠30⌡龍飛晉野 – Сөзбе-сөз аудармасы: Цзинь даласында айдаһар көкке көтерілді. Бұл жерде Тан әулетінің негізін қалаған Ли Юаньның 617 жылы Цзиньян (қазіргі Тайюань) қаласында Суй билігіне қарсы көтеріліске шыққаны меңзеліп тұр.

⌠31⌡右衛大將軍– Әскери лауазым. Сарай төңірегінің күзеті мен әскери қарауылды бақылайтын үшінші санаттағы қолбасы[4232 б].

⌠32⌡歸義郡王– «Цзю Таншу» және «Синь Таншу» сияқты жылнамаларда 歸義王 – Ақжол ван деп хатталған.

⌠33⌡特勤– Ежелгі түркі тіліндегі tegin/tekin сөзінің қытайша транскрипциясы, бұл Ашина әулетінен шыққан қағандардың ұлдарына берілетін атақ. Шигео Сайто құлпытас мәтінінде tegin сөзінің қабір иесінің атасының аты ретінде қолданылып тұрғанына назар аударады. Оның пікірінше, лауазым атауы ретінде tegin сөзі адамның аты бола алмайды және тек кісі есіміне қосақталып қолданылуға тиіс. Сондықтан, Ганьдэнің атасы туралы қытайлық әдебиеттерде толық мағлұмат сақталмаған болуы мүмкін. Мәтінде оның Тан императоры тарапынан берілген лауазымы аталмай, тек түркілік атағымен ғана тілге алынғанына байланысты, Шигео Сайто оны әкесі Ілік қаған тұтқынға түскенге дейін өмірден өткен, басқаша айтқанда, Тан әулетіне берілмеген болуы ықтимал деп болжайды[1].

⌠34⌡伽那 – Ганьдэнің әкесі Гана туралы қытайлық дереккөздерде ешқандай мәлімет сақталмаған. Дегенмен, оның басына қойылған тас 1999 жылы Сиань қаласының аумағынан табылған, қазіргі күнде Сиань қаласының Чанъань аудандық мәдениет сарайында сақтаулы. Гана есімі санскрит тіліндегі gānā – піл сөзімен байланысты болуға тиіс. Ол 671 жылы Лоян қаласында қайтыс болған[11].

⌠35⌡左衛郎將– Әскери лауазым. Ескеретін бір жайт, Ганьдэнің әкесі Ганаға арналған құлпытаста оның лауазымы Адал қолбасы (忠武将軍) және Сол қарулы күзеттің нөкер сардары міндетін атқарушы (行左武衛郎将) деп көрсетілген[11]. 

⌠36⌡呼韓 – Бұл жерде, шүбә жоқ, Ғұн шаньюйі Хуханье (呼韓邪) айтылып тұр. Ол атышулы «Бес шаньюйдің бүлігінен» кейін ғұндардың оңтүстік қанатын қайта біріктірді, бірақ ағасы Чжичжи шаньюймен билікке таласта жеңіліп, б.з.д. 51 жылы Хань империясына берілді.

⌠37⌡日䃅 – Ғұндардың Сюйту князінің ұлы. Сюйту князінің иелігі қазіргі Ганьсу провинциясының аумағына туралы келеді. Б.з.д. 121 жылғы аянышты жеңілісте 14 жастағы Миди қолды болып, Хань сарайында атбегілік жұмыс атқарады. Кейін У-ди императордың назары түсіп, (Цзинь) тегін алады. Сондықтан, қытайлық әдебиеттерде ол 金日䃅 (Цзинь Миди) атымен белгілі. Б.з.д 86 жылы өлді. 

⌠38⌡玉冊金繩– Қастас (нефрит) тақтайшалардан құрастырылып, зерлі жіппен түптелген кітап. Ежелгі Қытайда императорлар тәңірге атап құрбандық шалғанда немесе құрметті атақтар қабылдағанда қолданылады. Ескі дәстүр бойынша, нефриттен жасалған бұйымдар тек император сарайында ғана пайдаланылады. 

⌠39⌡白茅玄土– Чжоу әулетінің (б.з.д. 1046—256 жж.) Көктің ұлы атанған жоғары әміршілері княздарға иелік жер үлестіргенде, шығысты көк, оңтүстікті қызыл, батысты ақ, солтүстікті қара, ал орталықты сары түстермен белгілеп, тиісті рәсім кезінде осы символдық нышандарды пайдаланған. Мысалы, князьға жер солтүстіктен берілсе, қара топыраққа оралған көк алан (өсімдік) қолданылған. Бұл жерде қабір иесінің арғы тегі солтүстік даладан екені меңзеліп тұр.

⌠40⌡– Ежелгі Қытайда ақсүйектерге берілетін ең жоғары атақ. Бес дәрежелі атақ жүйесі ретімен:  (гун→герцог),  (хоу→князь),  (бо→граф), (цзы→виконт),  (нань→барон).

⌠41⌡孔宣父 – Б.з. 637 жылы Тайцзун императордың жарлығымен Конфуцийге宣父 – Баршаның әкесі деген құрметті атақ берілді. Аудармада біз Конфуций деп өз атымен атадық.

⌠42⌡陸內史– Бұл жерде батыс Цзинь елінде өмір сүрген саясаткер, қаламгер, қолбасы Лу Цзи (陸機, 261—303 жж.) меңзеліп тұр. Ол Пинъюань аймағына губернатор болған. Ол туралы «Цзиньшу» жылнамасында «Бойы еңгезердей биік, үні қоңыраудай күмбірлі еді. Бала күнінен айрықша талантымен көзге түсті. Қаламы жүйрік еді. Конфуцийшілдік іліміне шын беріліп, салт-санаға сай келмейтін істерден бойын аулақ ұстаушы еді»[12, 971 б] деп жазылған.

⌠43⌡子政 – Хань дәуірінде өмір сүрген оқымысты-ғалым, тарихшы Лю Сянның (б.з.д. 77—б.з.д. 6 жж.) лақап аты. Қытай библиографиясының атасы. «Тезистер», «Чу элегиялары», «Өнегелі айымдардың өмірбаяны», «Тарих бақшасы», «Жаңа кіріспе» сияқты көптеген еңбектердің авторы[5, 1417 б].

⌠44⌡蔓倩– Хань дәуірінде өмір сүрген саясаткер, қаламгер, ақын Дунфан Шоның (б.з.д. 154—93 жж.) лақап аты.

⌠45⌡顏高 – Ежелгі Қытайда аты аңызға айналған мерген, қолбасы. «Цзо чжуань» жылнамасында ол туралы «садағының салмағы 180 цзинь (шамамен 45 келі) еді»[13, 1563 б] делінеді. Кейде ол Конфуцийдың шәкірті, Конфуций мектебінен көктеген жетпіс екі данышпанның бірі деп те айтылады.

⌠46⌡ 養由 – Бұл жерде ежелгі Чу елінде өмір сүрген даңқты қолбасы, қытайлық мергендердің сиынатын пірі Ян Юцзи (養由基) меңзеліп тұр. «Чжаньго цэ» жылнамасында ол туралы «Чу елінде Ян Юцзи дейтін қас мерген бар екен, жүз қадамнан теректің жапырағын сағағынан үзіп түсіреді екен, жүз оғынан бір оғы жерге түспейді екен» [14, 41 б] делінеді. 

⌠47⌡馬蹄為的何慚魏後書– Бұл сөйлем Қытай тарихындағы атақты қолбасы Цао Цаоның ұлы, ірі ақын Цао Чжидің (曹植; 192—232 жж.) «Ақ боз ат» дейтін өлеңіндегі «Шалқайса құралайды көзден атып, еңкейсе ат тұяғын шаққан үзіп» (仰手接飛猱,俯身散馬蹄) деген жолдарды еске салады. Шауып бара жатқан аттың тұяғын оқпен үзу, бұл жерде қас мергендіктің белгісі ретінде айтылып тұр.

⌠48⌡ 班超 – Бань Чао (32—102 жж.) – Хань дәуірінде өмір сүрген қолбасы, дипломат. Оның әкесі Бань Бяо мен ағасы Бань Гу атақты тарихшылар болған. Қазіргі Шығыс Түркістан өлкесінде Хань әулетінің билігін орнатуға айрықша еңбегі сіңген Бань Чаоның түр-тұлғасы «Хоу Ханьшу» жылнамасында «Қарлығаш иекті, жолбарыс мойынды, алыс қиырда князь болатындай жан»[10, 1571 б] деп суреттеледі. 

⌠49⌡ – Ежелгі Шан әулетінің астанасы. Бұл жерде Тан әулеті меңзеліп отыр.

⌠50⌡ – Шан әулеті құлағанда билікке Чжоу әулеті келген. Ал Тан әулетін тақтан кетірген У Цзэтянь да өзі орнатқан билікті Чжоу деп атады. Тарихи әдебиеттерде ол У-Чжоу деп те аталады.

⌠51⌡酇侯 – Хань әулетінің билігін орнатқан Лю Банның ең сенімді серіктерінің бірі, ірі саясаткер, Хань империясының чинсаны (бас уәзір) Сяо Хэнің (б.з.д. 257—193 жж.) титулы.

 ⌠52⌡丞相 -- Ежелгі Қытайда әміршінің елді басқару ісіне көмектесетін ең жоғары лауазымды әкімшілік қызметкер, бас уәзір. Бұл жерде Хань империясында чинсан қызметін атқарып, Фуян князі атағы берілген Вэй Сянь (б.з.д.143—62 жж.) меңзеліп тұр.

⌠53⌡垂拱三年歲次丁亥二月乙未朔十一日乙巳 – Шамамен 687 жылы 29 наурыз. Бұл жылы тақ иесі Жуй-цзун император болғанмен, билік іс жүзінде оның шешесі У Цзэтяньнің қолында еді. 

⌠54⌡皇太后 – Тура мағынасында: императордың шешесі. Бұл жерде Қытай тарихындағы бірден-бір император әйел У Цзэтянь (624—705 жж.) меңзеліп тұр. Ол Тайцзун императордың тоқалы, Гао-цзун императордың ханымы. 660 жылы қараша айынан кейін Тан империясының билігі іс жүзінде У Цзэтяньнің қолына көшті. 690 жылы 16 қазаннан 705 жылы 21 ақпанға дейін У-Чжоу патшайым деген атпен тақта отырды. Оның ресми титулы – Қасиетті және құдіретті император (聖神皇帝). 

⌠55⌡龍庭 – Қытайлық әдебиеттерде айтылатын ғұндардың саяси орталығы Лунчэн (龍城) меңзеліп тұр. Аудармада біз бұл сөзді орда деп баламаладық.

⌠56⌡永昌元年 – 689 жылы.

⌠57⌡右豹韜衛將軍 – Оң қаһарлы күзеттің қолбасшысы (右威衛將軍) деген әскери лауазым 684 жылдан 705 жылға дейін У Цзэтяньнің жарлығымен осылай аталды[4, 246 б].

⌠58⌡天子 – Ежелгі Қытайда монархиялық билік Тәңірден (немесе көктен) беріледі деген түсінікке орай ең жоғары әмірші Көктің ұлы деп дәріптелген.

⌠59⌡明堂 – Ежелгі Қытай императорлары салтанатты шаралар өткізетін зал.

⌠60⌡河出圖而洛出書 – Ежелгі қытай аңыздары бойынша, Хэту (Хуанхэ сызбасы) мен Лошу (Лохэ жазбасы) Көктен берілетін бағалы сыйлық, жақсылықтың нышаны; «Хуанхэден сызба, Лошуйдан жазба шығады, әулиелер соған сай әлем заңдарын ашады»[5, 871 б]. Аңыз бойынша, егер данышпан әміршілер ізгі билік жүргізсе, Көк тәңір оларға Хэту мен Лошу сыйлайды, бұл императорға биліктің Көктен берілгенін және Көктің ұлының жер жүзін заңды түрде басқаруға өкілеттігі бар екенін білдіреді.

⌠61⌡扶桑、弱木(若木)、火徼、冰洲 – Ежелгі қытай мифологиясы бойынша, Фусан қиыр шығыстағы таң аймағының, Жому шалғай батыстағы күн ұясының, Хоцзяо оңтүстіктегі аптап өлкенің, Бинчжоу солтүстіктегі мұзды алқаптың атауы. Бұл жерде жалпы төңіректің төр бұрышы деген мағынада жұмсалып тұр.

⌠62⌡天授元年九月廿九日 – Біздің жыл санауымыз бойынша 690 жылы 5 қараша. У Цзэтянь осы жылы 16 қазан күні таққа отырған.

⌠63⌡行右鷹揚衛大將軍 – У Цзэтяньнің жарлығымен Оң қарулы күзеттің бас қолбасшысы лауазымы 684 жылдан 705 жылға дейін Оң қарулы күзеттің сайыпқыран Бас қолбасшысы деп аталды[4, 251 б]. Тіркестегі  иероглифі міндетін атқарушы немесе уақытша деген мағынаны білдіреді. 

⌠64⌡漢朝外戚 – Бұл жерде «Хань әулетімен құдандалы» деп қолбасы Хо Цюйбин(霍去病, б.з.д.140—б.з.д.117 жж.) меңзеліп тұр. Ол жолы бойынша У-ди императордың ханымы Вэй Фуцзэге жиен болып келеді. Бала күнінен нағашы ағасы Вэй Циннің баулуымен әскери өнерге жетік болып өскен Хо Цюйбин алғаш рет б.з.д. 122 жылы 18 жасында ғұндарға қарсы қол бастап шығады. «Тарихи жазбаларда» жазылуынша, Осы жорықта оның әскері Цзюньчэнь шаньюйдің көкесін тұтқынға алып, екі мың ғұнның басын шабады. У-ди император оған 1600 түтін иелік және Қаһарман князь атағын береді[8, 4581 б].

⌠65⌡晉國 – Қытай тарихындағы империялық әулеттердің бірі. Б.з. 266 жылдан 420 жылға дейін өмір сүрді. 

⌠66⌡羽林上將吐光景於星街 – Тұтас сөйлем ежелгі қытай астрономиясында羽林軍 – Аспан күзеті деп аталған шоқжұлдызбен байланысты. Бұл жұлдыздар қазіргі ұғымымыздағы Суқұйғыштың құрамына кіреді. Сөйлем өзінен кейінгі сөйлеммен (сарай қарауылдың айдынды сардарлары тақ түбінде жауынгерлік байраққа сүйеу болды) құрмаласып, жер жүзіндегі оқиғаларды аспан құбылыстарымен байланыстыра қарастыратын қытайлық түсінікке меңзеп тұр.

⌠67⌡以天授二年正月十八日遘疾薨於従政里之私第春秋廿有七 – Ашина Ганьдэ шамамен 691 жылы ақпан айының соңына қарай Лоян қаласында шұғыл науқастан қайтыс болады. 27 жасында өмірден өткенін ескерсек, ол шамамен 664 жылы туған болу керек. Айта кету керек, Тан империясы ел байтағы – Чанъань мен Лоян қалаларында жабық аудан жүйесін (里坊制) қолданған. Шаршы пішіндес және айналасы қоршалған, қақпасы түнге қарай жабылатын шағын аудандар ли () немесе фан () деп аталған, біз аудармада балама ретінде махалла сөзін қолдандық. Ал Цунчжэн махалласы Лоян қаласының оңтүстік-батыс мүйісінде орналасқан, нақтырақ айтқанда Хоуцзаймэнь қақпасының ішіндегі даңғылдың шығыс жағындағы бірінші махалла[2]. Онда негізінен шенеуніктер мен ақсүйектер тұрған.

⌠68⌡管仲云亡齊桓不樂 – Гуань Чжун (б.з.д. 725—645 жж.), чуньцю дәуірінде өмір сүрген саяси қайраткер, легистік бағыттың ірі өкілі. Ол Ци елінде сарай шенеунігі болған һәм Қытай тарихындағы жайсаңдардың (宰相) идеал үлгісі саналады. Ци елінің Хуань-гун князьі (齊桓公) Гуань Чжунның өлердегі өсиетін орындамай, билікке алаяқтар мен жемқорларды тартқандықтан, сарай төңкерісінен өледі. Ци елінің дәурені өтеді. 

⌠69⌡顔回既没夫子長嗟 – Бұл жерде Конфуцийдің ең сүйікті шәкірті, Конфуций мектебінен көктеген жетпіс екі данышпанның маңдай алды Янь Хуэйдің жастай өлгені айтылып тұр. Бұл жайында Конфуцийдің тәлімі топтастырылған «Лунь Юй» (Қанатты сөздер) еңбегінде «Янь Хуэй өлді. Ұстаз «аһ! тәңір мені алсайшы, тәңір мені алсайшы» деді»[15, 156 б] делінеді.

⌠70⌡束先生– Бұл жерде Батыс Цзинь кезеңінде өмір сүрген оқымысты-ғалым Шу Си (б.з.д. 262—300 жж.) меңзеліп тұр.

⌠71⌡贾太傅 – Цзя Тайфу лақабымен белгілі Цзя И (б.з.д. 200—168 жж.) меңзеліп тұр. Ол Хань әулеті дәуірінде өмір сүрген публицист, ойшыл, ірі қаламгер. Ол империяның сыртқы саясаты, әсіресе ғұндармен дипломатиялық қатынасты реттеу мәселесіне байланысты пікірталастарға белсенді қатысып отырған.

⌠72⌡曲池 – Мәтінде тарихи Чанъань қаласында орналасқан Цюйцзян саябағы айтылып тұр. Цинь Шихуанди заманында Цичжоу атанса, У-ди билігінен кейін Цюйцзян атанды.

⌠73⌡雖雨壊屋崩固不容於鄰婦 – Аңыз бойынша, Лу елінде ныспысы белгісіз жалғыз басты еркек өмір сүріпті, оның көршісі жалғыз басты жесір келіншек екен. Күндердің бір күні түнде нөсерлі дауыл соғып, жесір келіншектің үйін қиратып кетеді. Далада қалған әйел көрші еркектің есігін қағады. Бірақ еркек есігін ашпайды. Жесір онан «Мені неге кіргізбейсіз?» деп сұрайды. Сонда еркек «Мен жасы алпысқа жетпеген еркектің бөтен әйелмен оңаша қалуына болмайды дегенді естіп едім. Мен жаспын, сіз де жассыз, сондықтан сізді үйіме кіргізе алмаймын» деп жауап береді[16, 768 б]. Бұл жерде мола иесінің конфуцийлық этикаға беріктігі дәріптеліп тұр. 

⌠74⌡狼山 – Қытай жылнамаларында айтылатын Ланцзюйсюй тауы (狼居胥山). Географиялық нысанның нақты орны туралы әртүрлі тұспал айтылады: 1. Қазіргі Ұланбатырдың шығысындағы Керулен өзенінің солтүстігіндегі тау; 2. Хэнтэй тауы; 3. Ішкі Моңғолиядағы Хэшигтэны ауданының солтүстік батыс аумағынан Авга ауданының жеріне дейін созылып жатқан тау[17, 145 б].

⌠75⌡麟閣– Хань империясына еңбегі сіңген қайраткер тұлғалардың портреті сақталған Цилинь үйі (麒麟阁) меңзеліп тұр. Қытай әдебиетінде Цилинь үйі тіркесі «теңдессіз еңбек» және «жоғары мәртебе» мағыналарында жұмсалады[18].

⌠76⌡鎮軍大将軍 – Әскери лауазым, алғаш 225 жылы Вэй елінің Вэнь-ди императоры бекіткен. Атқарған міндетінің маңыздылығы бойынша екінші санаттағы лауазымды қызмет[4, 918 б]. Кейін нақты өкілеттігі жоқ номиналды лауазымға айналды. 

⌠77⌡右羽林軍上下– Әскери лауазымның атауы болса керек. Ескі жылнамалар мен «Қытайлық әулеттердің лауазымды қызмет жүйесінің үлкен сөздігі» сияқты еңбектерге енбеген. Дегенмен «Цюань Сяньчэн құлпытасы» секілді тарихи деректемелерге негізделгенде, У Цзэтянь патшайым билеп тұрған жылдары Қытай сарайының әскер жүйесінде 羽林軍上下 немесе 羽林衛上下 сияқты лауазымды қызметтер болған. Бірақ нақты қызметі мен дәрежесі белгісіз. 

⌠78⌡五原郡開國公– Мұндағы Уюань – тарихи-географиялық аймақ, алғаш б.з.д. 127 жылы құрылған, аймақ орталығы қазіргі Ішкі Моңғолиядағы Бұғыты қаласының аумағында орналасқан. Тан империясы Уюаньда Фэнчжоу және Тяньдэ әскери губернаторлықтарын құрған. Тіркестегі 開國公 – құрметті атақ. Цзинь, Суй және Тан әулеттері кезінде бұл сөз 開國郡公 (аймақтың негізін салушы герцог)  немесе 開國縣公 (ауданның негізін салушы герцог) атақтарының қысқарған түрі ретінде қолданылды[4, 96 б]. 

⌠79⌡ Мәтінде Ашина Ганьдэнің қайын атасының есімі көрсетілмеген. Чжао Чжэньхуаның зерттеуі бойынша, құлпытаста аты-жөні аталмаған бұл тұлға қытайлық жылнамаларда кездесетін әскери, саяси қайраткер Ашидэ Шубинь (阿史德樞賓) болуға тиіс[2].

⌠80⌡嫦娥 – Қытай мифологиясы бойынша Ай бетін мекендейтін перизат. Аңызға сәйкес, мәңгі сұлу болып қалу үшін Чанъэ өз күйеуі, мифологиялық мерген Хоу Иге Тәңір-ана Си-ван-му сыйлаған өлместің дәрісін ұрлап жеп қояды да, Айға ұшып кетеді[5, 255 б]. 

⌠81⌡寶婺 – Әу баста қытай астрономиясындағы Қыз шоқжұлдызының басқаша атауы болған. Жүре келе әйел құдай, перизат деген ауыспалы мағыналарға ие болған.

⌠82⌡楚妃 – Мәтінде Чу ханымы деп Чу елінің князі Чжуан-ванның (б.з.д.?—591 жж.) жұбайы Фаньцзи айтылып тұрса керек. Аңыз бойынша Фаньцзи әйел затының ақылдысы болған. Чжуан-ван алғаш таққа мінген жылдары аңшылыққа әуестеніп, ел шаруасын, жұрт қамын естен шығарады. Оған сөзін өткізе алмаған Фаньцзи аң-құстың етін аузына алмай қояды. Сонымен Чжуан-ван аңшылық қызығынан бой тартып, бар қайратын басқару ісіне жұмсайды. Соның арқасында Чу елі күшті княздіктердің қатарына қосылады[19, 70 б].

⌠83⌡椒花頌 – Цинь дәуірінде өмір сүрген ақын әйел Чэнь ханым (аты белгісіз) жазған ода. Ол қытай әдебиетінде жаңа жылдық құттықтаудың қайталанбас үлгісі ретінде дәріптеледі. 

⌠84⌡柳絮飛文 – Бұл жерде Шығыс Цзинь әулетінде өмір сүрген ақын қыз Се Даоюньнің (346—409 жж.) он төрт жасында көктен қылаулап түскен қар ұшқынын жел ұшырған талдың жеңіл үлпегіне теңеп жыр шығарғаны айтылып тұр. Се Даоюнь – қытай әдебиетінің тарихына есімі енген санаулы ақын әйелдердің бірі. Оның шығармаларының дені бізге жетпеген, «Қарға мадақ», «Тайшань тауына мадақ», «Қанатты сөздерге мадақ» сияқты азын-шұғын өлеңдері ғана сақталған. 

⌠85⌡姜氏 – Бұл жерде Вэй елінің князі Дин-гуннің (б.з.д. ?—577 жж.) ханымы Динцзян меңзеліп тұрған секілді. Ол парасаттылығымен, сабырлылығымен, көрегенділігімен, шешендігімен тақ иесіне рухани дос, ақылшы жар бола біледі. Оның басынан өткен оқиғалар қытай әдебиетінің классикалық үлгісі – «Өнегелі айымдардың өмірбаяны» еңбегіне енген[19, 18-19 б].

⌠86⌡曹妻– Цао елінің манабы Си Фуцзидің (僖负羁) әйелінің көрегендігі сөз болып тұр. Б.з.д. 637 жылы Цзинь елінің ханзадасы Чунъэр (болашақ Вэнь-гун князь) Цао елінен пана сұрап барады. Цао елінің Гун-гун князі оған дөрекі мінез көрсетеді. Цао елінде сарай қызметінде жүрген Си Фуцзи ханымының кеңесімен Чунъэрмен жасырын жолығып, бағалы сыйлық ұсынып, оған тілеулестік білдіреді. Кейінірек Цинь елінің билігіне қолы жеткен Чунъэр болмашы тыныстан кейін Цао еліне басып кіріп, өзіне дөрекілік көрсеткен Гун-гун князді тұтқынға алады. Цао елінің бас қаласын талапайға салған Цинь әскері, Вэнь-гуннің жарлығына сай, Си Фуцзидің ине-сабақ жібіне тимейді. Бұл оқиға классикалық қытай әдебиетінде әйел көрегенділігінің мисалы ретінде дәріптеледі[19, 112 б]. 

⌠87⌡鵲巢 – Ежелгі қытай классик әдебиетінің озық үлгісі «Шицзин» (Өлеңдер) жинағына енген өлең. Хань дәуірінде өмір сүрген теоретик Мао Чан жазған түсініктемеге сәйкес, өлең ханымдардың ізгі қасиеттерін жырлауға арналған, «княздер мәртебелі атаққа елге сіңірген еңбегімен жетсе, ханымдар қарапайым әулеттен шықса да күйеуінің арқасында соның бәріне қол жеткізе алады, бірақ мінез-құлқы көкектікіндей болғанда ғана, ол соған лайық болмақ» дейді Мао Чан[16, 62 б].

⌠88⌡鷄鳴 -- «Шицзин» (Өлеңдер) жинағына енген өлең. Мао Чан бойынша өлең данышпан, ақылды ханымдарға арналған. Аңыз бойынша, Ци елінің Ай-гун князі зинаға бой ұрып, ел жұмысын ақсатады. Чэнь шаңырағынан шыққан ақылды тоқалы күндіз-түні кеңес беріп және ел қамын есіне салып, оны тура жолға оралтады[16, 328 б].

⌠89⌡賈婦 – Бұл жерде Вэй және Цинь әулеттерінің билігі тұсында сарайда ірі қызмет атқарған саяси тұлға Цзя Чунның (217—282 жж.) бәйбішесі, ақын, жазушы Ли Вань меңзеліп тұрған секілді. Ол әкесінің ісіне байланысты қиыр шетке айдалып, тақ иесінің рақымымен елге оралғаннан кейін Цзя Чунның кейінгі әйкелінен көп қиянат көрсе де ұстамдылықтан жазбай, көркем шығармашылықпен айналыса береді.

⌠90⌡貞姜 – Мұнда Ци елінің Чжуан-гун князінің (б.з.д. 794—731 жж.) бәйбішесі Чжуан Цзян сөз болып тұр. Ол қытай әдебиетінің тарихында тұңғыш әйел ақын ретінде белгілі. Ол жүз біткеннің сұлуы деп дәріптеледі. «Шицзин» жинағында оған арналған өлең бар. Мао Чан бойынша, Чжуан-гун әйел үстіне әйел алады. Жас тоқал ерке қылығымен әміршінің жүрегін жаулап, шектен шығады. Ал Чжуан Цзян көрікті һәм ибалы болғанмен, етегі қанап көрмегендіктен, тақ иесінің ықыласына бөлене алмайды[16, 221 б]. Тірі жесір күй кешсе де, адалдықтан айнымайды. 

⌠91⌡鏡掩孤鸞– Ежелгі қытай аңызы бойынша, Кабул қаласының әміршісі әлдекімнен сыңар луань-няо (мифологиялық құс, түрі қырғауылға немесе тауысқа келеді, қауырсыны жалт-жұлт етіп құбылып тұрады, үні өте жағымды. Мәтінде оқырманға түсінікті болу үшін тауыс деп аудардық) сатып алады. Қапасын алтынмен аптап, күміспен қаптап, кім көрінгеннің қолы жете бермейтін асыл дән, кенеулі азықпен баптаса да, сыңар луань-няо мыңқ еткен үн шығармайды. Арада үш жыл өтеді. Күндердің бір күні әміршінің ханымы «луань-няо тұқымдасын көрсе сайрайды деп естіп едім, неге айнаға жақын ұстамаймыз?» деп білгішсінеді. Әмірші ханымның кеңесімен луань-няоны айнаға жақындатады. Сол сәтте қола айнадан өзінің көлеңкесін көрген сыңар, мұңлы луань-няо зарлы үн шығарып, бұлқынған беті шырқау биікке көтеріледі де жан тапсырады[20, 14 б]. Осы аңызға байланысты қытай тілінде жары қайтыс болып, жалғыз қалған адамның сүйенішсіз ауыр халін бейнелейтін 鏡裡孤鸞 (айнадағы сыңар луань) деген тұрақты тіркес қалыптасқан. 

⌠92⌡天授三年歳次壬辰壹月壬午朔卅日景申歸厝於神都城南罼圭郷之禮也 – Ашидэ ханымның қашан және не себеппен қайтыс болғаны анық емес, дегенмен, мәтіндегі дерек бойынша, ол жұбайы Ашина Ганьдэ қайтыс болып бір жылдан кейін, 692 жылы 22 ақпан күні жер қойнына тапсырылады. Ескеретін бір жайт, мәтінде 丙申 – қызыл Мешін күні жаңылыстан немесе өзге себеппен景申 деп болып жазылған. Мәтіндегі Қасиетті астана дегені У Цзэтянь патшайым билеген Ұлы Чжоу елінің байтағы – Лоян. Ал ежелгі Бигуй ауылы қазіргі Лоян қаласының Гуаньлинь кентінің батыс іргесіндегі Гучэн ауылы болуы мүмкін[2]. 

⌠93⌡背軒轅而傃溫洛前鳳闕而後龍門 – Сөйлемдегі Хуаньюань Қытайдың Хэнань провинциясының Лоян қаласының аумағында жатқан тау сілемі, танымал туристік нысан Хуаньюань қақпасы осында. Вэньло суы деп мұнда Лоян қаласын қақ жарып өтетін Лохэ өзені меңзеліп тұр. Ал Фэнцюэ сөзі ескі қытай тілінде император сарайы, елорда мағынасында қолданылса, Лунмэнь Лоян қаласының аумағындағы тау, онда Әлемдік мұралар тізіміне енген Лунмэнь үңгірлері бар.

⌠94⌡滕城馬駶 – Бұл тіркес ежелгі қытай әдебиетіндегі «Тэнгун Сяхоу Иннің мәңгілік мекені» деген аңызбен байланысты. Аңыз бойынша, Хань әулетінің негізін қалаған Лю Банның жақын серіктерінің бірі Сяхоу Ин бірде Чанъаньның шығыс қақпасына жеткенде арбаға жеккен ат шыңғыра кісінеп, жер тарпып, табандап тұрып алады. Сяхоу Ин сарбаздарға жерді қазуға бұйырады. Жер астынан қақпағында жазуы бар тастан шабылған табыт шығады. Қараса «Тұңғиық, тұнжыр көрге үш мың жылда күн сәулесі қайта құйылар! Ей, Тэнгун, сенің мәңгілік мекенің осы жер болар!» деп жазылған екен. Сяхоу Ин «Көзімді жұмсам, Тәңірдің қалауымен осында жерленемін бе?» деп аһ ұрады. Айтса айтқандай, ол өлгенде денесі сонда көміледі[21. 130 б].

⌠95⌡丁公鶴鳴– Ежелгі қытай аңызы бойынша, Дин Линьвэй Ляодун аймағының тумасы. Ол даоистік жолды ұстанып, Линсю тауында пірге қол береді. Жыл артынан жыл өтеді, ол әулие санатына жетеді һәм тырна болып құбылып, туған жеріне ұшып келеді де, шаһар қақпасына қонады. Сол сәтте жас жігіттердің бірі тырнаны атып алмақ болып, қорамсаққа қол салады. Еріксіз қанат керіп, қаланы айнала ұшқан төбел тырна «Туған жерден кеткеніме мың жыл болыпты. Қала өзгермеген, бірақ, жұрт жаңарып, ұрпақ ауысыпты. Аһ, менің замандастарым, не үшін менің жолымды қуып, әулиелікке қол созбадыңдар? Ығы-жығы болған молалар, бұл жалғанның өткінші, алдамшы екенін айтып тұрған жоқ па?» деп тыраулайды[22, 1 б].

⌠96⌡龍城– Сыма Цянь 蘢城 деп жазады. Ежелгі топоним. Ғұн ордасы жылдың бесінші айында осында тайпа көсемдерін кеңеске шақырып, бабалар рухына, аспан мен жерге, иелер мен киелерге арнап құрбандық шалады. Кей деректерде 龍庭 деп те аталады[23, 3931 б]. 

⌠97⌡鵾壑– Кей әдебиеттерде 鯤壑 болып жазылады. Мағынасы: шексіз-шетсіз шалқар теңіз.

⌠98⌡鸿– Қаз тәрізділер отрядының үйректер тұқымдасына жататын құс. Қутұмсық қаз қытай мәдениетінде айрылысу, хабар алысу немесе туған жерге сағыныш пен жарға адалдық символикасына ие.

⌠99⌡日逐– Ғұн империясының билік жүйесіндегі лауазым атауы. «Ханьшу» бойынша, Хулугу шаньюй б.з.д. 96 жылы таққа отырғанда інісін Сол сяньван етіп тағайындайды. Өкінішке қарай, Сол сяньван бір-екі жылдан кейін қайтыс болады да, оның баласы Сол сяньван лауазымына лайық болмағандықтан, жичжу бек деген атаққа ие болады. Бань Гу «Жичжу бектің дәрежесі Сол сяньваннан төмен еді» деп нақтылайды[7, 3778 б].

⌠100⌡由余– Ежелгі Цинь елінің Му-гун (б.з.д. 705—621 жж.) князінің кеңесшісі. Арғы тегі Цзинь елінен. Жундардың арасына қашып барып, ордаға қызмет етеді. Ол Жун әміршісінің жарлығымен Цинь еліне елші болып келеді. Му-гун Жун елінің әміршісіне сыйлыққа сазгер қыздар жібереді. Қыздарға есі кеткен Жун әміршісі Ю Юйдің кеңесіне құлақ қоймайтын болады. Көңілі қалған Ю Юй Цинь еліне қашып келіп, Му-гунге беріледі. Ю Юйдің айласының арқасында Цинь елі жундарға қарсы жеңісті жорықтар жүргізіп, олардың он екі тайпасын бағындырады, Цинь елінің іргесі кеңейіп, күші нығаяды[23, 2104 б].

⌠101⌡蒼舒– Ежелгі қытай мифологиясының кейіпкері. Аңыз бойынша ол этникалық қытайлардың түп атасы саналатын Хуан-дидің (Сары бабалық) шежірешісі болған және иероглифтік жазуды ойлап тапқан[5, 221 б]. 

Соңғы сөз

Баста айтқанымыздай, «Ашина Ганьдэ құлпытасы» көне ежелгі түріктер елдіктен айрылып, Қытай империясына еріксіз мойын ұсынған «ноқталы кезеңнің» ақтаңдақтарын ашуға көмектеседі. Олай дейтініміз, Шығыс Түрік қағанаты жойылғаннан кейін, дала халықтарын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған Қытай сарайы түрік элитасын белсенді түрде қызметке тартып, ірі лауазымдармен жарылқап отырды. Түркілік вассалдар өз-өзіне тиеселі атты әскермен Тайцзун императордан Гаоцзун императордың билігіне дейінгі «салтанатты кезеңде» әртүрлі әскери операцияларға белсенді қатысып, батырлықтарымен, стратегиялық-тактикалық шешімділіктерімен көзге түсті. Олардың қатарында Шора қағанның (處羅可汗) баласы Ашина Шээр (阿史那社爾) мен Чжиши тайпасының көсемі Сілік (執失思力) сияқты белгілі тұлғалардың өмірбаянына ежелгі қытай жылнамаларынан арнайы бөлімдер қарастырылған. Олар Тан империясында биліктің нығаюына, әскери жүйенің жетілуіне және агрессиялық соғыстардың жеңісті жүргізілуіне айрықша үлес қосты. Соған қарамастан империяға бағынышты Түрік тайпаларының, әсіресе оның элиталық тобының іс-әрекеттері екінші буыннан кейін қытайлық тарихи әдебиеттерде негізінен тілге алынбайды, алайда айтылған кезеңде далалық тайпаларды қоныстандыруға арналған «ноқталы аймақтар» (羁縻州) жүйесі өмір сүруін тоқтатқан жоқ. Сондай-ақ империя сарайының түрік элитасын қытайыландыру саясатын белсенді жүргізгені де күдік тудырмауға тиіс. Ілік қаған тұтқынға түсіп, жүз мыңдаған дала халқы империяға берілгеннен кейін, оларды қалай орналастыру туралы сарайда өткен алқалы жиында хатшылық басшысы Вэнь Яньбо «Ежелгі данагөй әміршілер адам баласын алаламай, барлығын бірдей тәрбиесіне алған екен. Бүгінде аш-жалаңаш түріктер шыбын жанын бізге аманат етіп отыр. Оларды қорғауымызға алып, ішкі аймақтарға қоныстандырсақ, әмірімізге көндіріп, әдеп пен заңға бейімдесек, біраз жылдан кейін олар шаруақор егіншілерге айналады. Олардың көсемдерін іріктеп, көптеуілдік қызметке жіберсек, айбатымызды танып, қамқорлығымызды жадында түйсе, бізге қандай қатер төндіре алсын?»[245163 б] деп кеңес береді. Тайцзун оның ұсынысын қабыл алады. Бұл саясаттың дәйекті атқарылғанын Ашина Сымо, Ашина Білге, Ашина Чжун, Ашидэ Шубинь, және басқа белгілі тұлғалардың Қарулы күзетке (көптеуілдік) жұмысқа тартылып, қолбасшылық қызметтер атқарғаны растайды. Шығыс Түрік қағанаты құлағаннан кейінгі 50 жылда империяға берілген түрік элитасының да айтарлықтай қытайыланып үлгергені анық. Мысалы, Ашина Ганьдэ біз қарастырып отырған құлпытастың мәтінінде «Конфуциймен мұңдас», қытайлық этикеттің «өнегесін ұстанған», «тәрбие қонып, жақсылықтың өтеуін қайтаруға» бел буған, «киелі кітап пен жылнамалық еңбектерге» ден қойған қайраткер ретінде суреттеледі. Мәтінде айтылуынша, ол Тан дәуірінің ұлы ақындары сияқты «көл жағасында» «бал шараптан тарта отырып», «өлең шығарып», «қатпар-қатпар тауларға көз мейірін қандыратын». Мәтінде ол және оның ханымы қытай тарихындағы аңыз тұлғалармен шендестіріледі. Әрине, әсіре болуы да мүмкін, дегенмен, түрік элитасының төрт буын ауысқанша қаншалықты қытайыланғанын, империя саясатының қаншалықты нәтижелі болғанын осы деректер қапысыз дәлелдей алады. Ашина Сымо елін ұстап тұра алмай, Қытай астанасына қайта оралғанда, Тайцзун императордың «менің болжауымша, алдағы елу жылда орталық елге түрік тарапынан ешқандай қатер келмейді»[25, 6041 б] деп айтқаны айдай келеді.   

Тарихшы Шигео Сайто құлпытастағы келесі деректің маңыздылығын айрықша атап көрсетеді. Оның айтуынша, 687 жылы У Цзэтянь патшайымның арнайы жарлығымен Ашина Ганьдэнің Ақжол қаған болып жариялануы кездейсоқтық емес, қайта нақты саяси есепке негізделген стратегиялық жоба болғаны анық. Атап айтқанда, Шығыс Түрік қағанаты құлағаннан кейін күрт көтерілген сюеяньтоларға қарсы күресте құрал ретінде пайдалану үшін Қытай империясының Ашина Сымоны қаған деп жариялап, ел-жұртымен қоса Сары өзеннің (Хуанхэ) теріскейіне көшіргені секілді, 682 жылы екінші Түрік қағанаты құрылып және дала халықтарын қайта біріктіріп, империяға елеулі қауіп төндіре бастағанда, император сарайы Ганьдэні Ақжол қаған деген атақпен жарылқау арқылы іргесі бүтінделе бастаған түрік жұртының бірлігіне ірткі салмақ болған сыңайлы. Дала бағытында Қытай әскері қайта-қайта жеңіліске ұшырып, «ноқталап басқару» жүйесі толықтай күйреген шақта, Шығыс Түрік қағанатының соңғы әміршісі, алтынның сынығы, асылдың қиығы, қара көктің тұқымы, биліктің нағыз мұрагері, Бумын қағанның зәузаты – Бағадыр шад Ілік қағанның (империя оны Ақжол цзюньван деп таныған болатын) шөбересі Ашина Ганьдэні қаған көтеру арқылы Қытай империясының бағынышты түркілерді Далаға қарсы қорған ретінде пайдаланумен қатар, ең маңыздысы, елдікті жаңғыртып жатқан Көк Түрік қағанатында саяси, әскери тұрақсыздықтарға ұласуы мүмкін шиеленістер тудыруды көздеуі мүмкін. Тұспалымызды мәтіндегі У Цзэтяньнің аузымен айтылған «Арғы аталарың... жазаға ұшырап, елдіктен айырылуды өздері тілеп алды. Онан бері үш ұрпақ ауысты... жақсылықтың өтеуін қайтаруды білетін болдыңдар. Алпыс жылдай уақыт өткенде, басбұзарлықтан бой тартып, тура жолға бет қойдыңдар. Сені Ақжол қаған деген (атақпен) жарылқадым, (бабаңның) ізін жалғап, еліңнің көсегесін көгерткейсің» деген емеуріннен анық байқауға болады. Бұл жерде Шигео Сайтоның екінші Түрік қағанатының негізін салушы Елтеріс Құтлық қағандар шежіресінің бастауында тұрған Бумынның ұрпағы болмауы мүмкін[1] деген болжамы негізсіз емес. Оның тумысы туралы «Синь Таншу» жылнамасында «Құтлық – Іліктің руласы»[25, 6044 б] делінсе, «Тундянь» жылнамасында «Құтлық – Іліктің алыс ағайыны, Оның әкесі Шаньюй духуфуының оң қанатын басқаратын Юньчжун тұтығы Шэли Юаньиннің қол астындағы жетекшілердің бірі, ата қуған тұдын чор еді»[26, 5434 б] делінеді. Басқаша айтқанда, оның ашина әулетінен шыққаны күдік тудырмаса да, Бумын қағанның кіндігінен тарауы екіталай. Тіпті хан тұқымынан шыққан күннің өзінде, арғы аталарынан бері қатардағы ру басы ғана болған Құтлыққа қарсы Ганьдэнің қаған (шын мәнінде қуыршақ қаған) болып жариялануы, шын мәнісінде ел арасында жаңа элитаның заңдылығы жайлы күдік пен дақпырт тудыруға жеткілікті болатын. «Цзю Таншу» жылнамасында айтылғандай, «Тағыларды тағыларға қарсы айдап салу – Орталық елдің (қытай елі) ұзақмерзімді стратегиясы»[24, 5171 б] еді. Алайда кейінгі Түрік қағанатының саяси орталығының моңғол үстіртіне ауысуы Қытай империясына Ганьдэні Далаға қарсы қуыршақ ретінде пайдалану жоспарын түбегейлі іске асыруға мүмкіндік бермеген сияқты. Ақжол қаған атанған Ганьдэ төрт жылдан кейін, 691 жылы 27 жасында өмірден озады, құлпытаста айтылуынша, оның кіндігінен бала жоқ еді. Осыған байланысты империя іргелі жоспардан бас тартып, екінші Түрік қағанатының егемендігін мойындауға мәжбүр болады. 695 жылы Бөгу чор қаған Қытай астанасына елші жібереді. Төбесі көкке жеткендей қуанған У Цзэтянь патшайым оған Сол қарулы күзеттің Бас қолбасшысы лауазымы мен Гуйгогун (Отанына оралған герцог) атағын сыйлап, сәлемдемеге бес мың топ кездеме жөнелтеді. Келесі жылында Бөгу чор Цяньшань қаған (Оңалған қаған) деп мойындалады[245168 б]. 

Сондай-ақ Шигео Сайто Ашина Ганьдэнің ханымының ашидэ әулетінен шыққан туралы деректің тарихи маңызына айрықша назар аударады. Оның айтуынша, ашина және ашидэ әулеттері арасындағы құдандалық одақтың Шығыс Түрік қағанаты кезеңінен басталғаны туралы тікелей дерек өте тапшы болғанмен, қарастырылып отырған құлпытас жазуы осыған байланысты маңызды мәлімет ұсынады. Атап айтқанда, қағанат тағының заңды иегері саналатын ашина әулетінен шыққан Ганьдэнің Ашидэ Шубиньнің қызын әміріне алуы қос әулет арасындағы құдандалықтың Тан әулеті түріктерге қатысты қолданған «ноқталап басқару» саясатының соңғы кезеңінде тарихи құбылыс ретінде өмір сүргенін көрсетеді. Осы дерекке сүйене отырып, ашидэ әулеті тұтас «ноқталы кезеңде» ашина әулетімен құдандалық байланысты сақтаған деп болжауға; әрі қарай айтылған әулеттер арасындағы құдандалық байланыс бірінші Түрік қағанаты дәуірінен басталған деп тұжыруға негіз бар. Демек, ашидэ әулеті бірінші және екінші қағанаттар дәуірінде қашанда ашина әулетінің басты құдандалы-саяси одағы болып қала берген.

Сайып келгенде, құлпытас жазуы Тан әулетінің «ноқталап басқару» саясаты алпыс жыл бойы жалғасып, император сарайы далалық элитаны қытайыландыру бағытында едәуір жетістікке жеткеніне қарамастан «ноқталы аймақтарда» орналасқан бағынышты түріктер бәрібір бірінші қағанат дәуірінен мұраға қалған саяси-идеологиялық түсініктерді сақтағаны, аймақтың іс жүзінде әлі де біртұтас түрік әлемінің бір бөлігі болғанына көз жеткізеді.                          

Пайдаланған әдебиеттер: 

1. Шигео Сайто. 突厥「阿史那感徳墓誌」訳注考唐羈縻支配下における突厥集団の性格《内陸アジア言語の研究》 2011, 26, p. 1-38

2. 趙振華唐阿史那感德墓誌考釋。 《史林》20045p. 82-87

3. 張乃翥,張成渝絲綢之路視域中的洛陽石刻上海:古籍出版社,2018

4. 呂宗力中國歷代官制大辭典北京:商務印書館,2015

5. 辭海上海:辭書出版社,2009

6. 脫脫遼史北京:中華書局,1974

7. 班固漢書北京:中華書局,1962

8. Такигава Сукэнобу. 史記會注考證北京:文學古籍刊行社,1955

9. 左丘明國語上海:上海古籍出版社,1978

10. 范曄. 後漢書北京:中華書局,1965

11. 朱振宏. 唐阿史那伽那墓誌研究《唐研究》第二十卷,2014p. 193—208 

12. 房玄齡等. 晉書北京:中華書局,2000

13. 楊伯峻. 春秋左傳注北京:中華書局,1990

14. 繆文遠. 戰國策北京中華書, 2012

15. 張燕嬰譯註. 論語北京中華書局, 2007

16. 毛詩正義. 北京北京大學出版社, 1999

17. Жақып Мырзақанұлы. Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері. Бейжің: Ұлттар баспасы, 1998 

18. 朱凱程. “麒麟閣凌煙閣《文史知識》 19968p.124-124

19. 張濤譯註. 烈女傳北京人民出版社, 2017

20. 劉敬叔. 異苑北京中華書局, 1996

21. 葛洪. 西京雜記貴陽:廣西人民出版社,1993

22. 陶潛. 搜神後記北京中華書局, 1981

23. 辭源. 北京商務印書館, 1980

24. 劉昫舊唐書北京:中華書局,1975

25. 歐陽修,宋祁新唐書北京:中華書局,2013

26. 杜佑. 通典北京中華書局, 1988

Ерлан Мазан

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз