Ашина Білге тегін бітіктасының аудармасы

Автор:
17.10.2025
6193
Ашина Білге тегін бітіктасының аудармасы - e-history.kz

Тан әулетінің тарихына арналған қытайлық жылнамаларда Ашина Білге тегін есімі екі мәрте аталады. Бірі, «Синь Таншу» жылнамасының «Түріктер» тарауында былай делінеді: «Көп өтпей (Білге қағанға) жаза жорығын жасау туралы жарлық түсті. Оң гвардиялық күзет әскерінің Бас қолбасшысы және Алтынтау (Цзиньшань) бағытының жетекшісі басмыл Чумукунь Чжими чор (處木昆執米啜), қырғыз тұтығы және Оң қарулы күзеттің Бас қолбасшысы Құтлық Білге қаған (骨篤祿毗伽可汗), қытан тұтығы Ли Шихо (李失活), си тұтығы Ли Дапу (李大酺), Түрік Бөгу чордың ұлы Сол сяньван Бек тегін (墨特勒), Сол қарулы күзеттің қолбасшысы және Оң сяньван Ашина Білге тегін сияқты қытайлықтар мен жатжұрттықтар аралас үш жүз мың қол жасақталды» [1. 6052 б]. Енді бірі, «Цэ фу юань гуй» (冊府元龜) жинағының жергілікті лауазымды тұлғаларға арналған 986-шы бумасына енген император жарлығында Ашина Білге тегіннің аты Білге қағанға қарсы жасақтаған қалың қолдың сардарлары қатарында тілге алынады [2. 11416 б]. Осы екі деректен белгілі болғандай, Ашина Білге тегін Тан империясы 718 жылы Көктүрік қағанатына қарсы жабдықтаған қалың қолдың әскербасыларының бірі болған.

Қапаған қағанның билігінің соңғы тұсында елден жырылып, өз еркімен Тан империясына берілген және Қытай билігі үшін айтарлықтай еңбек еткен Ашина Білге тегін 724 жылы 43 жасында өмірден өткен соң қабіріне көмілген көртас, жапон ғалымы Ивами Киехиро ұсынған дерек бойынша, 1956 жылы Сиань қаласының іргесіндегі Цзаоюань елді мекенінде жүргізілген қазба жұмыстарында табылған [3. 55 б]. Қазіргі күнде Сиань қаласындағы Бітіктастар музейінде сақтаулы. Құлпытастың пішімі жайлы нақты мәлімет жоқ, эстамптың биіктігі 75 cm, кеңдігі 74.5 cm. Мәтін 31 жолдан, толық жолдар 31 иероглифтен тұрады, кайшу үлгісімен (иероглифтердің жарғылық нұсқасы) жазылған [4. 104 б].

Біз аударма жұмысында Ивами Киехиро 1992 жылы «Ішкі Азия тілдерін зерттеу» журналында жариялаған ескі қытай тіліндегі мәтін мен 1991 жылы жарық көрген «Суй, Тан және бес әулет кезеңіне тән эпитафиялар жинағындағы» эстампты түпнұсқа ретінде пайдаландық. Ықшамдылық үшін және техникалық қиындықтарды ескере отырып, құлпытас мәтінінің қытайша толық нұсқасын ұсынбадық.

Біздің ойымызша, бітіктас мәтінінің аудармасы мен түсіндірмесі Көктүрік қағанаты кезеңіндегі түрік элитасының, оның ішінде бодандықты қабылдаған топтың Қытаймен саяси және мәдени байланысын айқындауға мүмкіндік береді.          

 

Аударма:

 Тан (әулеті) Сол гвардиялық күзет әскерінің Бас қолбасшысы [1] және Сол сяньван [2] Ашина Білге тегіннің [3] құлпытасындағы арнау мен баян

Чаосань дафу [4], чжуцзо цзолан [5] міндетін атқарушы дунхайлық Сюй Цзюнь [6] жазды. 

Тан (әулеті) Кайюаньның он екінші жылы күзгі тоғызыншы айдың алғашқы күні Динь-мао күні [7] еді, ал үшінші күні – Цзи-вэй күні [8] – Сол гвардиялық күзет әскерінің қолбасшысы Ашина Білге тегін 43 жасында қайтыс болды. (Ол) Ілік және Төлес қағандардың шөбересі еді [9]. Арғы аталары Сяхоудан [10] тарайды. (Олар) дала отында мал өсірумен айналысқандықтан, шалғай терістіктегі шеткері аймақты [11] қоныс тұтты, Чжоу және Цинь әулеттеріне әлімжеттік көрсетіп [12], қытайлық княздіктерге [13] тыным бермеді. (Ұлы Тан әулетінің) Кайюань Шэнь-у императоры [14] аспан мандатына сай ізгілікті саясат жүргізіп [15], данышпан әміршілердің сара жолын жалғай білді [16], (соның арқасында) сегіз қиыр, төрт тараптағы (халықтардың) барлығы (Тан әулетінің билігіне) мойын ұсынды.

Білге (тегін) меңіреу түкпірдің асыл бекзаты [17], ойпаң саздың ойлы кемеңгері [18] еді. (Ол) жұлдыздарға қарап, далалықтардың тағдыры таусылуға таяу екенін болжады [19], табиғат құбылыстарын бақылап, Қытайда данышпан әміршінің билікке келгенін білді [20]. Сондықтан ел-жұртын бастап, жылдам бетбұрыс жасады [21], тері тонын қиыр шетте қалдырып, әдеп пен тәрбиеге қол қусырды [22]. Арада жыл аунамай жатып, (оның) отаны жер бетінен жойылды [23]. Бұл оның болашақты болжайтын көрегендігі мен сәуе көретін көріпкелдігінен емес еді, ел басына күн туғанда, кім жалғыз жүріп жол таппақ? Патшамыз барша бөтен халықты [24] бауырына тартып, жердің жүзін мейіріне бөлегендіктен, оның бас иіп берген тартуын [25] қабыл алып, тізе бүгіп білдірген адалдығына [26] алқау айтты, оны маңызды қызметке тағайындап, құрметті атақпен және жалақымен жарылқады.

Кайюаньның үшінші жылы [27] Байрақты қолбасы [28] және Оң қарулы күзеттің нөкер сардары [29] болып тағайындалып, сыйлыққа күрең халат пен алтын белбеу [30] алды. Жарлыққа сай айлалы Тоғыз арысты [31] берілуге көндіру үшін елші болып барды және (осы сапарында) Тоғыз арыспен бірге Бөгу Чордың [32] көзін жойып, кесік басын ел астанасына жеткізді. Сарай ерлігін алқап, (оны) қолбасы [33] (қызметіне) көтерді және (оған) ескі ұлысты [34] басқартты. (Кайюаньның) бесінші жылы [35] Сол сяньван атанып, ілгері-кейін берілген халықты [36] қадағалау (міндетін) қоса атқарды, қолбасшы шатырын [37] тігіп, алты ту [38] ұстауға рұқсат алды. Мыңғырған бұратана халыққа бас болып [39], атақ-даңқы вассал князьдермен [40] теңессе де, (императордың) жарлығына аса ықтият бола білді, мәртебелі қызметте отырса да кішіпейілдіктен айнымады, өзі келіп берілгендерге ізгілікпен бас-көз болып, үлкен-кіші, бай-кедей демей қамқорлығына алды. (Кайюаньның) жетінші жылы [41] сарайға шақырылып, арнайы (жарлықпен) көптеуіл жетекшісі [42] болып тағайындалды. Келесі жылы Лунъю [43] және Шофан [44] цзедушилерінің [45] (қол астында) шолғыншы жетекшісі [46] қызметіне ауыстырылды. Осыған тұспа-тұс, ху қарақшылары [47] лаң салып, Хэцюй [48] (аймағын) астан-кестен қылды. Тіл әкелу және бүлікшілерді қолға түсіру [49] қолбасшының ерлігінің арқасы еді. Ізінше (ол) императордың жеке күзетіне [50] алынып, Сарай ұланының [51] жетекшісі қызметіне көтерілді. (Марқұм) бұл қызметте екіжүзділік істемей, жүктелген міндетті бұлжытпай атқарып, жұмысына адалдық танытты. Саят құрып, салбурынға шыққан сайын, императордың қасында жүріп, атқосшысы болды [52]. Ұшқан құс, жүгірген аңды тірі жібермеді. (Нөкерлерге) сіңірген еңбегіне қарай сыйлық үлестіргенде, (марқұмның) алдына түсетін ешкім жоқ еді. 

Биыл сегізінші айда, жарлыққа сай қайтадан Шофан бағытындағы шолғыншы әскердің басшысы болып тағайындалды. Жолшыбай тосын жағдайға тап болғанда, шолғыншыға [53] тән сергектігін көрсетті. Солтүстік аймақтағы [54] (шекарашылардың) еңсесі түскен сәтте, ел іргесін бекемдеуге бел буған батылдығын танытты. Тәңірден келген соқпа дерттен [55] (айыға алмай), өмірден өтті. Дәрі-дәрмек ем болмай, орны толмас ауыр қазаға душар болдық. Тәж иесі аза тұтып, тайпа көсемдері жоқтау айтты [56]. Императордың жарлығымен (марқұм) Сол гвардиялық күзет әскерінің Бас қолбасшысы деп танылып, (қазасына) жүз орам кездеме [57], жүз дань [58] күріш, жүз дань тары ақтық салынды. Жерлеу рәсімін (императордың жарлығын жеткізуші) әтек [59] басқарды, өлімді жөнелтуге қажетті шығын толықтай қазынадан өтеліп, (тиісті жоралғылар) молшылықпен өткерілді. Қаралы айдың жиырма сегізінші күні [60] сүйегі шығарылып [61], астаналық аймақтың Чанъань үйезіндегі Луншоу ауылына [62] қойылды, бұл хаттамаға сай келеді. 

Қолбасы мінезі кең, еркі мықты, Көк садағын сайланып [63], Темірқазықтың жолын таныған [64] сәуегей жан еді, кітап ашпаса да барлығын алақанындағыдай біліп отыратын. Нөкер сардарлықтан бас қолбасшы (лауазымына) көтерілді, өрілген шашын тарқатып, алтын мөрді беліне байлады, көлбіреген етегін кесіп, көк торғынды үстіне жамылды [65]. Алғашқыда артынан көп сөз ерсе де [66], ақыр-аяғында лайықты бағасын алды. «Кісіні таныған – кемеңгер» деген қанатты сөз бар, (марқұм) үшін бұл қиын болған жоқ. Қолбасы көзі тірісінде (жерге иілген) жемісті ағаштай [67] (кішіпейілдік танытып), ешқашан ерлігі мен еңбегін бұлдамады, ол қайтыс болғаннан кейін басына … ұқсатылып мола тұрғызылды [68]. (Салтанатпен өткерілген) қаралы рәсім [69] (марқұмды) қайғыра еске алуға арналған, оның мәні де осында. Арнау: 

Хош иісі сүйсіннің [70], сүрегінен аңқиды.

Сыртымен сұлу көрінбей, сынымен ішкі шалқиды.

Қайратты туған асыл ер, қатарынан озық ойлайды.

Көкірек көзі жарқырап [71], бамбуктей көкке бойлайды [72].

Көкірек көзі не десең, көргенділік айнасы.

Бамбук – қайсар мінезі, ақ жолдан анық таймасы. 

Көктің ұлы – көреген [73], бөтен деп шетке қақпады.

Адалдығын бағалап, көтермелеп, баптады.

Ерлігімен танылып, ер атанды, ерледі.

Сардар боп күзет қолына, атағы көкке өрледі. 

Қолбасы болды ләшкерге, князьі һәм Батыс аймақтың [74]. 

Қол бастап, бетпақ даланы, бөрліктірген айбаттым!

Тоғыз арыс беріліп, жарлыққа мойын ұсынды-ай. 

Байғыздай шулар байғұстар, сайрады бұлбұл құсындай [75]. 

Қу тобыр бүкті тізесін, лаңшылдың басы шабылып [76].

Соғдылар сонда бүлінді [77], әлінен асты қағынып. 

Қыран мінез қолбасы, ақтады патша сенімін.

Жазалы жауды жайратты, еңсесін тіктеп елінің. 

Арғымақ – күндер зулады, өтті ғой уақыт аялсыз.

Тулаған асау өзендей, көшті бір дәурен баянсыз. 

Бақыт-құс қонып басына [78], салтанат құшқан шағында.

Қайран ер өтті өмірден, қайраулы нағыз бабында. 

Ата даңқын жаңғыртып, ақ сарайға енгенде.

Әкетті ажал түнекке, ғұмырдың күні сөнгенде [79].

Боз дала боздап, қара жел, моланы құшып, қыңсыды.

Сәйгүлік тұлпар сүрініп [80], азалы жоқтау сыңсыды [81]. 

Жер қойнына тапсырдық, қаралы мәтін – шерлі мұң.

Басына көктас орнаттық, қашап бір жазып ерлігін. 

Мәңгілік мекен қу мола, болмайды ешкім жолдасың.

Қара жер алды қабылдап, бақұл бол, батыр, қолбасым!

Түсіндірмелер: 

[1] 贈左驍衛大將軍 – Сол гвардиялық күзет әскерінің Бас қолбасшысы. «Ұлы Танның алты жинағы» атты дереккөзге сәйкес, Гвардиялық күзет әскерінің оң және сол қанаттарына бірден Бас қолбасы тағайындалады, олардың дәрежесі үшінші санаттағы шенеуніктермен бірдей [5. 619 б]. Бұл он алты Гвардиялық бөлімнің қатарындағы Гвардиялық күзет әскерінің ең жоғары қолбасшысы. Алайда бұл қызметке көзі тірісінде мола иесінің қолы жетпеген. Сөйлем басындағы  иероглифі айтылған атақтың марқұмға өлгеннен кейін берілгенін көрсетеді.     

[2] 左賢王 – Сол сяньван. Қазақтілді кей әдебиеттерде Сол білге хан деп те аударылған. «Тарихи жазбалар» бойынша, ғұндардың билік жүйесіндегі 24 әскербасының бірі және бірегейі. «Ғұндар дананы туци дейді. Сондықтан, тақ мұрагері көбінесе Сол туци князь болып тағайындалады» [6. 4517 б]. Ғұн кезеңінен бастау алатын ел басқарудың осындай үштік жүйесін түріктер де қолданған. Түрік қағанатының аумағы тардуш (оң қанат немесе батыс аймақ), төлес (сол қанат немесе шығыс аймақ) және ічрекі (орталық) деп үш бөлікке бөлінген. Сондықтан, ғұндардың Сол сяньван лауазымына Түрік қағанатының билік жүйесіндегі төлес ябғу, ал Оң сяньван лауазымына тардуш шад атағы сәйкес келеді. Ілік қаған өлгеннен кейін Тан империясына бағынған түрік тайпалары да осы жүйе бойынша басқарылған. Мысалы, 639 жылы Шығыс Түрік қағанаты қалпына келтіріліп, Ашина Сымо Ілбіс Низек Сіліг би деген лақаппен қаған болып жариялағанда, оған көмекші ретінде Ашна Нишу Сол сяньван, Ашына Чжун Оң сяньван болып тағайындалады[7. 5164 б]. Дегенмен, Ашина Білге тегіннің Сол сяньван деп көрсетілуі құлпытас мәтінінің арнау бөлігіндегі оның Батыс аймақтың князьі (тардуш шад) болып жарияланғаны туралы дерекке қайшы екенін қаперде ұстаған жөн.     

[3] 阿史那毗伽特勒 – Мола иесінің түрік тіліндегі ресми атағы. 阿史那 – ашина, 毗伽 – білге, 特勒 – тегін сөздеріне сәйкес келеді. 

[4] 朝散大夫 – Тан империясының билік жүйесіндегі бесінші санаттағы әкімшілік қызметкер, бірақ нақты міндеті жоқ номиналды лауазым [8. 834 б]. 

[5] 著作佐郎 – Тан империясының билік жүйесінде мұрағаттау жұмысын жүргізетін және құлпытас мәтіні, тілек, жоқтау секілді ресми құжаттар дайындаумен айналысатын хатшы қызметкер [8. 788 б]. 

[6] 徐峻 – Құлпытас мәтінінің авторы. Тарихи Хучжоу аймағының Чанчэн ауданынан шыққан Сюй әулетінің мүшесі. Бұл әулет Тан империясының негізін салған Ли әулетімен құдандалы болып келеді. Сюй Цзюньнің әкесі Сюй Цзянь, атасы Сюй Цидань Қытай сарайында хатшылық қызмет атқарып, ел тарихын жазумен айналысқан белгілі тұлғалар болған. Суй Цзюньнің ата тек шежіресі Ивами Киехироның мақаласында тәптіштеп баяндалған. 

[7] 唐開元十有二祀秋九月丁卯朔 – Мұндағы 開元 – Тан Сюань-цзун императордың жыл санауы, 713 жылы желтоқсаннан 741 жылы желтоқсанға дейін. Қытайлық ежелгі күнтізбе бойынша кайюаньның он екінші жылы (開元十有二祀) тоғызыншы айының (九月) алғашқы күні () циклдік хронология жүйесіндегі Динь-мао (丁卯немесе қызыл Қоян) күніне тура келеді. Біздің жыл санауымызға көшірсек, бұл 724 жылдың 2 қазаны.    

[8] 三日己未 – Тоғызыншы айдың үшінші күні (біздің жыл санауымыз бойынша 724 жылдың 4 қазаны). Бұл күн циклдік хронология жүйесіне сай Цзи-сы (己巳 немесе сары Жылан) күні болуға тиіс еді, алайда мәтінде не үшін Цзи-вэй (己未 немесе сары Қой) күні деп көрсетілгені түсініксіз. 

[9] 頡利突利可汗之曾孫也 – Мұнда Шығыс Түрік қағанатының Ілік қағаны (頡利可汗, 620-630 жылдары билік құрды) мен оның қол астында болған, кейін аралары бұзылған Төлес қаған (突利可汗) меңзеліп тұр. Төлес қаған Ілік қағанның ағасы Шібір қағанның баласы, басқаша айтқанда, Ілік қаған Төлес қағанға әке жолында. Демек, Ашина Білге тегін бұл екі тұлғаға бірдей шөбере бола алмайды.    

[10] 夏后氏 – Сяхоу немесе Ся, аңыз бойынша Қытай жерінде билік құрған алғашқы әулет. Шамамен 4 мың жыл бұрын таотан тайпасының көсемі Яо, ююй тайпасының көсемі Шунь, Сяхоу тайпасының көсемі Гунь мен Юй қазіргі солтүстік Хэнань аумағында Ся немесе Хуася деп аталатын тайпалар одағын құрады. Қытайлық жылнамаларда түріктер ғұндардың бір табы (突厥者,盖匈奴之別種) деп көрсетіледі[9. 907 б]. Ал Сыма Цянь «Ғұнның арғы тегі Сяхоудың Чуньвэй деген атасынан тарайды»[6. 4498 б] деп жазады. Түріктен шыққан Ашина Білге тегіннің ататек шежіресінің Сяхоудан таратылуының себебі осында.   

[11] 北垂 – Солтүстік шекара немесе солтүстіктегі шекаралық аймақ. 

[12] 虐周毒秦 – Сөзбе-сөз мағынасында: Чжоуды азаптау және Циньді улау. Чжоу (шамамен б.з.д XI ғасырдан б.з.д 256 жылға дейін) және Цинь (б.з.д 221-207 ж.ж.) әулеттері билік құрған кезеңде, дала бағытынан үдей түскен қысымның нәтижесінде Қытай классикалық феодализмнен орталықтандырылған басқару жүйесіне бетбұрыс жасады.  

[13] 诸夏 – Чжоу дәуірінде өмір сүрген және чжухоу (诸侯) деп аталған княздіктер. Кей ретте жалпы Қытай мағынасында да қолданылады.  

[14] 開元神武皇帝 – Тан империясының Сюань-цзун императоры Ли Лунцзидің (685-762) ресми титулы. 

[15] 重光應運 – Тіркестегі 重光 сөзі әлемге жарық шашқан аспан денелері секілді адамгершілік құндылықтарын тарату, ал 應運 сөзі Аспан мандатына немесе Тәңір жолына сай әрекет ету мағынасын білдіреді. 

[16] 下武嗣兴 – Тіркестегі 下武 иероглифтері қытай классикалық әдебиетінің бастауында тұрған «Шицзин» («Өлеңдер») жинағына енген поэзиялық шығарманың атауы. Онда Чжоу әулетінің негізін қалаушы У-ванның әкесі Вэнь-ванның жолын қуып, ізгі саясат ұстанғаны жырланады. Ал 嗣兴 сөзі жалғастыру және жаңғырту мағынасын білдіреді.   

[17] 幽都稟秀 – Тіркестегі 幽都 сөзі ежелгі қытай әдебиетінде «қиыр солтүстіктегі аймақ» және «өлілер әлемі, меңіреу түнек» [10. 1892 б] мағыналарын білдіреді. Ал 稟秀 дегеніміз адамның туа біткен дарыны мен ізгі болмысы. 

[18] 沮澤資靈 – Тіркестегі 沮澤 сөзінің мағынасы: ойпаң жер, сазды алқап. Бұл сөз Ғұн әміршісі Модудың Хань патшайымы Люй Чжиге жазған атақты хатының қытай тіліндегі нұсқасында «孤僨之君,生於沮澤之中,長於平野牛馬之域» [11. 3754 б] (Ойпаң сазда туып, жылқы мен сиыр мыңғырған далада өскен жалғызбасты әміршімін) деп қолданылады. 

[19] 占星辯胡運將終 – Дала халықтарында жұлдызға қарап ауа райын, ел тағдырын немесе жорық сәтін болжайтын дәстүрдің болғаны қытайлық дереккөздерде тілге алынғанмен, нақты мәліметтер өте тапшы. Ғұндардың астрологиялық дәстүрі туралы «Тарихи жазбаларда» «Жорыққа аттанарда ай мен жұлдызға қарайды. Ай толса шабуылдап, ай кетілсе шегінеді» [6. 4520 б] делінеді. «Суйшу» жылнамасы бойынша түріктер «Жортуылға шығарда айдың толғанын күтеді» [12. 1864 б]. Ал құлпытас мәтіні Ашина Білге тегіннің аспан шырақтарының құбылысын бақылап, сол арқылы ел тағдырын болжағанын хабарлайды. Мұндағы 胡運 сөзі қытай емес халықтар мен жат елдердің тағдыры деген мағынаны білдіреді, нақты осы сөйлемде Түрік елінің тағдыр-талайы меңзеліп тұр.    

[20] 候呂知中國有聖 – Сөйлемде қазақ тіліне аударарда қиындық тудырған  (Люй) ұғымы туралы арнайы тоқталған жөн секілді. Люй – Қытайдың ежелгі он екі сатылы дыбыс жүйесіндегі (十二律吕) жұп пернелердің атауы. Нақтырақ айтқанда,  – тақ пернелер,  – жұп пернелер. Бұл жүйе ежелгі Қытайда музыка аспабының тілін табу үшін ғана емес, кейде күн райын, табиғат құбылысын және елдіктің үйлесімін болжауға да қолданылады. Сөйлемдегі 候呂 тіркесі дыбыс пернелерін, нақтырақ айтқанда, табиғат ырғақтарын бақылау мағынасында жұмсалып тұр. Жалпы сөйлем Ли Лунцзидің Сюань-цзун деген атпен 712 жылы таққа мінгенін меңзейді. 

[21] 乃率部帳翻然改圖 – Мұндағы 部帳 сөзі ескі қытай тілінде тайпа, ел мағынасында қолданылады. Ал 翻然改图 тұрақты тіркесі жылдам әрі түбегейлі өзгеріс жасап, басқа жоспар құру деген мағынада.  

[22] 棄韋毳於遐庭歸禮譲之淳化 – Мұндағы  – иленген жұмсақ тері;  – түбіт немесе аң терісі; 遐庭 – қиыр шалғайдағы жер; 禮譲 – сыпайыгершілік, әдептілік; 淳化 – адамгершілік қағидаларын бойына қондыру, ағару;  – мойын ұсыну, бағыну. Жалпы бұл сөйлем мола иесінің түркілік көшпенді өмір салты мен киім-кешек үлгісін тәрк етіп, қытайлық-конфуциандық өнегеге мойын ұсынғанын білдіріп тұр. 

[23] 曾未移歲舊國淪亡 – Осындағы 舊國 сөзі отан, туған ел мағынасында қолданылып тұр. «Отаны жер бетінен жойылды» деген сөйлем Қапаған қаған 716 жылы шілде айында қапылыста қаза тапқан қанды оқиғаны ғана меңзеп тұрмаса керек. Өйткені, Ашина Білге тегін кемінде 715 жылы Тан империясына берілген. Сөйлемде Қапаған қағанның билігінің соңына қарай қағанатта саяси-әлеуметтік дағдарыстардың үдеуіне байланысты Ашина Білге тегіннің елден кетуге мәжбүр болғаны айтылып тұрса керек. Қытайлық жылнамаларға сенсек, Қапаған қаған жасы ұлғайған сайын қытымыр, қатыгез бола түседі де, ел-жұрты теріс айналып, өз еркімен Тан империясына берілгендердің қарасы көбейеді [1. 6048 б].    

[24] 百蠻 – Тура мағынасында: жүздеген (көптеген) мань тайпасы. Ең ежелгі қытайлық әдебиеттерде бұл термин оңтүстік аймақтардағы қытай емес этникалық топтардың жиынтық атауы ретінде қолданылған. Уақыт өте келе жат, бөтен халықтар деген мағынаға ауысқан. Тан дәуіріндегі ресми құжаттар мен жылнамаларда империя аумағынан тыс жатқан немесе елдің шекаралық аймақтарында орналасқан қытай емес этникалық топтар 百蠻 деп те аталған. Бұл «өркениетті әлем» мен «жабайы тобыр» арасындағы тәртіп туралы конфуциандық «қытай және варвар» (华夷之辨) тұжырымдамасына меңзейді.    

[25] 委質– Бұл сөздің тура мағынасы: жас буынның әулет ақсақалдарына амандаса барғанда әкелген сыйлығын еденге қойғаннан кейін есіктен шегіншектеген күйде шығып кетуі. Уақыт өте келе әміршіге бағалы сыйлық немесе тарту-таралғы ұсыну арқылы бағыныштылығы мен адалдығын білдіру, бағыну, тізе бүгу деген ауыспалы мағынаға ие болған [10. 1623 б].   

[26] 草面之誠 – Тіркестегі  иероглифінің ескі қытай тілінде шөп; жайлым; қарадүрсін, дөрекі; шимай деген мағыналарынан бөлек, пәс, төменшік деген мағынасы да бар[10. 139 б]. Ол өң, әлпет мәнісін білдіретін  иероглифімен тіркесіп келгенде «төменшіктеген кейіппен» деген мағына береді. Біз тұтас тіркесті тізе бүгіп білдірген адалдық деп қазақшаладық. 

[27] 開元三年 – Біздің жыл санауымыз бойынша 715 жылға (көк Қоян жылы) тура келеді. 

[28] 雲麾將軍 – Тан дәуіріндегі әскери лауазым атауы, дәрежесі қосымша үшінші санаттың жоғары сатысына тән. Жалақысы екі мың дань дәнді дақылдың құнына теңестірілген орда шенеунігі [5. 152 б]. Тіркестегі 麾 иероглифі әскери ту, қолбасшының байрағы деген мағынаны білдіретіндіктен, лауазым атауын «байрақты қолбасы» деп аудардық.   

[29] 右威衛中郎將 – Тан дәуіріндегі әскери лауазым атауы, Қарулы күзеттің сол және оң қанаттарына бірден нөкер сардар тағайындалған. Олардың дәрежесі төртінші санаттың төменгі сатысына жатады. Олар өз-өзінің қол астындағы аламанбасы (校尉), бесжүзбасы (旅帥), кежеуілбасы (親衛), қарауылбасы (勳衛), сақшыбасы (翊衛) секілді әскери қызметшілердің жұмысын бақылап, оларды Сарайдың түнгі күзетіне жұмылдырады және өз идарасының әкімшілік жұмыстарына жауапты болады [5. 618 б].    

[30] 紫袍金帶 – Тан империясында үшінші санаттан жоғары сарай шенеуніктерінің ғана киюіне рұқсат етілген қызыл күрең түсті ресми халат үлгісі және алтын немесе қас тасымен безендірілген белдік.   

[31] 三窟九姓 – Қытай жылнамаларында жиі ұшырайтын 九姓、九姓鐵勒 (тоғыз теле)、鐵勒九姓 (теленің тоғыз атасы) тіркестері, жалпы айтқанда, Орхон-Енисей жазбаларындағы «тоғыз оғыз» ұғымына сәйкес келеді. Дегенмен Сюань-цзун императордың билігі тұсында тоғыз теле (九姓鐵勒)Теленің тоғыз атасы (鐵勒九姓)  тіркестерінен бөлек, тоғыз түрік (九姓突厥) түсінігі де қолданыста болған. Мысал ретінде 744 жылы қашалған «Тоғыз түріктің циби руынан шыққан нөкер сардар Ли-дің құлпытасын» айтуға болады. Айтылған сөз тіркестерінің арасындағы байланысты анықтай түсудің қажеттілігін және мәселенің күрделілігін ескере отырып, біз аудармада 九姓 ұғымын «тоғыз арыс» деп қазақшалауды жөн көрдік. Ал тіркесте тоғыз арыс тіркесін анықтап тұрған 三窟 сөзінің тура мағынасы: үш ін. Сөз төркіні «Чжаньго цэ» деп аталатын жылнамалық еңбектегі «狡兔有三窟,僅得免其死耳 (Айлалы қоянның үш іні болады һәм ажалдан тек солай құтылмақ)» деген қанатты сөзден бастау алады. Уақыт өте келе пәле-қаладан жалтарудың әртүрлі жолдары, амал-айла [10. 1345 б] деген ауыспалы және жағымсыз мағынаға ие болған. Ивами Киехироның жазуынша, Қытай аумағынан шалғай орналасқан теле тайпаларының Түрік қағанаты күшейгенде мойын ұсынып, әлсірегенде теріс айналатын тұрлаусыздығын қытайлықтар 三窟 сөзімен сипаттауы мүмкін. Сондай-ақ ғалым бұл сөздің топоним, солтүстікті білдіретін бағыт-бағдар атауы немесе тоғыз арыстың айрықша басқару жүйесін меңзейтін термин ретінде қолданылуы да мүмкін екенін айтады [3. 55 б].      

[32] 默啜 – 691 жылдан 716 жылға дейін билік құрған Қапаған қаған. Оның тағы бір лақабы қытайлық әдебиеттерде 默啜 (Karlgren бойынша: mək-ʑi̯wɛi) деп хатталған, бұл ескі түркілік Бөгу чор титулына сәйкес келеді. Ол Құтлық қағанның інісі, Білге қағанның көкесі. Қапаған қаған өмір бойы Түрік қағанатың еңсесін көтеру, іргесін кеңейту жолында күресті. Жылнама бойынша, Кайюаньның 4 жылы алтыншы айдың жиырма тоғызыншы күні (біздің жыл санауымыз бойынша 716 жылдың 23 шілдесі) байырқылар Бөгу чордың басын кеседі. Осыдан сәл ілгері Бөгу чор қағанатқа қарсы бас көтерген байырқыларды қапыда басып, Тоғла суының бойында оларды талқандаған болатын. Жеңісті жорықтан желпініп қайтқан жолында талды орманда байырқының Сечжилюэ (颉质略: Қышлақ?) бастаған қашқын әскеріне кездейсоқ тап болып, Қапаған қаған қапияда мерт болады. Сечжилюэ Қапаған қағанның кесік басын Тан империясының елшісі Хао Линьцюаньға табыстап, екеуі бірге сарайға келеді. Қапаған қағанның басы қала қақпасына ілініп, жұртқа көрсетіледі. Алайда Хао Линьцюань еңбегіне лайық марапат пен сыйлық ала алмай, ішқұсталықтан өледі [13. 6719-6724 б]. Құлпытаста Ашина Білге тегін «Тоғыз арыспен бірге Бөгу Чордың көзін жойып, кесік басын ел астанасына жеткізді» деп нақты айтылғанына қарағанда, мола иесі Қапаған қағанның басы шабылған атышулы оқиғаның басы-қасында болған секілді. Айтылған дерек байырқыларды бас көтеруге азғырған және Қапаған қағанға жолшыбай жасалған қастандықты ұйымдастырған тұлға осы Ашина Білге тегін емес пе екен деген күдікті ойға жетелейді. Олай дейтініміз, Құлпытас мәтіні бойынша, ол 717 жылы Сол сяньван атағына ие болады. Ал 720 жылы Дала бағытына жасалған ірі жорыққа байланысты қытайлық дереккөзде Ашина Білге тегіннің мәртебесі Оң сяньван (князь) деп көрсетілген [1. 6053 б]. Өзара қайшылығына (Сол сяньван және Оң сяньван) қарамастан, бұл оның империяға сіңірген еңбегіне орай берілген марапат болуға тиіс. Өйткені, Қытай императоры шамамен 705 жылы Бөгу чордың көзін жойған адамға князь (ван) атағы және тиісті иелік сыйға берілетіні жайлы жарлық шығарған еді [1. 6047 б].        

[33] 增秩將軍 – Нақты қандай қызметке көтерілгені ашып айтылмаған. 

[34] 舊部落 – Тура мағынасында: ескі тайпалар. Ілік қаған тұтқынға түскенде империяға бағынған түрік тайпалары меңзеліп тұрған секілді. «Цзю Таншу» жылнамасында Ашина Сымо жайлы сөз болғанда, «Тайцзун оның (Ілік қағанға) адалдығын жоғары бағалап, оған Жауынгерлік жасақтың оң қанатының Бас қолбасшысы, Хуачжоу тұтығы деген лауазым берді және Іліктің ескі ұлысын (頡利舊部落) билеп, Хуанхэнің оңтүстік алқабын жайлауға бұйырды» [7. 5163 б] делінеді.

[35] 五年 – Кайюаньның бесінші жылы, біздің жыл санауымыз бойынша 717 жыл (қызыл Жылан жылы). 

[36] 新舊降戶 – Тура мағынасында: жаңа және ескі бодандар. Бұл жерде Ілік қағанның өліміне (603 жыл) дейін және онан кейін империяға бағынған түркі тайпалары меңзеліп тұрған сияқты. 

[37] 牙帳 – Иероглифтік мағынасы: тісті шатыр. Ежелгі қытай дәстүрі бойынша, жорық кезінде бас қолбасшының шатырының алдына тігілген басты ту, сабының піл тісімен нақышталуына байланысты, 牙旗 (тісті ту) деп, ал ту тігілген шатыр 牙帳 (тісті шатыр) деп аталған. Біз бас қолбасшының шатыры деп қазақшаладық.   

[38] 六纛 – Алты ту немесе әскер жүйесінде қолданылатын алты байрақ. Ежелгі аңыз бойынша, Көктің ұлы деп аталған Чжоу әміршілерінің қол астындағы алты әскердің әрбірінің өз туы болған[3. 73 б]. Тан әулеті билікке келгенде, цзедушилер (генерал-губернатор) тіккен әскери тудың саны да алтау болған.  

[39] 富有夷眾 – Бұл сөйлемді «оның байлығы сонша, барлық бұратана халық оған қарады» деп те түсінуге болады. 

[40] 貴為蕃王 – Мұндағы  иероглифі Қытай империясына бағынған бөтен халық немесе вассалдар деген мағына береді. 

[41] 七年 – Кайюаньның жетінші жылы, біздің жыл санауымыз бойынша 719 жыл (сары Қой жылы). 

[42] 宿衛 – Түнгі күзет. Бұл жерде император сарайының түнгі күзеті айтылып тұр. «Ұлы Танның алты жинағы» бойынша, жатжұрттықтар әскери қызметке тартылса, түнгі күзеттен босатылады; бірақ кежеуілбасы, қарауылбасы және сақшыбасы қызметіндегі бұратана өкілдері әр үш күн сайын бір мәрте сарайдың солтүстік қақпасында түнгі күзетке шығады [5. 154 б]. Осы деректен империяның сарай қызметіндегі бұратаналарға аса сенім арта бермегені байқалады.     

[43] 隴右 – Тарихи аймақ, Луншань (қазіргі Люпань) тауының батыс қапталы. Лунси деп те аталған. Географиялық орналасуы бойынша қазіргі Ганьсу провинциясының аумағына тура келеді. 

[44] 朔方 – Тарихи аймақ. Б.з.д 127 жылы ғұндардан тартып алынған өлкеде Шофан аймағы құрылған. Аймақ орталығы қазіргі Ішкі Моңғолияның Ордос қаласына қарайтын Хангин ауданының аумағына тура келеді. Тан империясы 721 жылы Шофан цзедушиі деп аталған әскери-әкімшілік құрылым жасақтайды, оның қарауына қазіргі Нинся округі, батыс Ішкі Моңғолия, орталық және солтүстік Шэньси, солтүстік Шаньси, солтүстік Хэбэй, шығыс Ганьсу өңірлері кіреді. Уақыт өте келе аталған топоним қытай тілінде солтүстік аймақ деген ауыспалы мағынаға да ие болған.    

[45] 軍 – Тура мағнасында: әскер немесе гарнизон. Бұл жерде Лунъю және Шофан цзедушилері айтылып тұр. 

[46] 游弈使 – Ежелгі әскери лауазым. Тан әулетінің орта кезеңінен бастап қолданысқа енген. Олар казармаларды патрульдеу мен тосқауыл, қарауыл, тежеуіл міндеттерін орындауға жауапты болды [8. 867 б]. Ивами Киехиро бұл қызметті көне түркілік qulavuz (шолғыншы, жолбасшы; қазақ тілінде құлабыз) ұғымымен салыстырады [3. 75 б]. 

[47] 胡賊 – Қытайлық жылнамаларда ху () түсінігі түрлі кезеңде әртүрлі этникалық топтардың атауы болған. Құлпытас мәтінінде «ху қарақшылары» деген тіркес 721 жылғы көтеріліске қатысты айтылып тұр. Тарихи Ланьчижоу аймағын мекен еткен ху халықтары (соғдылар, түріктер, корейлер, тогондар, телелер) ауыр алым-салықтан жұбына жеткендіктен [7. 2988 б], осы жылдың жаз айында жаппай көтеріліске шығады. Сянь Шу, Кан Дайбинь, Ань Мужунь, Хэ Хэйну басқарған көтерілісшілер тарихи Люхучжоу аймағын басып алып, Хэцюй өңіріне қауіп төндіреді. Императордың жарлығымен Лунъю цзедушиінде жасақталған ауыр қол көтерілісті табанда жаныштап тастайды[7. 182 б].  

[48] 河曲 – Тура мағынасында өзеннің иіні. Ал тарихи-географиялық аймақ ретінде, бұл ескі әдебиеттерде көбінесе Хуанхэ өзенінің иінді алабын білдіреді. Тарихи Хэцюй өлкесі Тан империясының шекаралық қорғаныс жүйесінде Линчжу (靈州) және Сячжоу (夏州) аймақтарына іргелес орналасқан. Қытайлық ғалымдардың зерттеуінше, негізінен ортаазиялық соғдылар қоныстанған Люхучжоу аймағы Хэцюй өлкесінің батыс алқабына тура келеді [14. 26-31 б].   

[49] 執訊獲醜 – Тіркестегі 執訊 етістігі ақпарат алу үшін жау қолынан тұтқын түсіру немесе тұтқынның аузынан жауап алу; 獲醜 етістігі жау әскерін немесе баукеспе қарақшыларды тірідей қолға түсіру деген мағына береді. Біз осы ретте бұл ұғымды бүгінде сирек қолданылатын «тіл әкелу» дейтін тұрақты тіркеспен білдірдік. 

[50] 羽林軍 – Ежелгі Қытайдың әскери жүйесіндегі империялық күзет қызметінің бір тармағы. Алғаш рет Батыс Хань әулеті кезеңінде пайда болып, Мин дәуіріне дейін жалғасты; бастысы императордың жеке күзетіне жауап береді [10. 1924 б]. 

[51] 禁旅 – Сарай гвардиясы, императордың меншікті әскері ретінде сарай күзетін қадағалайды [10. 808 б].

[52] 每岐山大蒐亟奉周王之駕長楊校獵屢陪漢帝之軒 – Баспа-бас аударсақ: Цишань тауында саят құрған сайын Чжоу князінің күймесін ілтипатпен қорғап, Чанян қорығында аңға шыққан сайын Хань императорының арбасының жанында жүретін. Тілімізге тиек болып отырған осы салалас құрмаласқа енген алғашқы сөйлем б.з.д. XI ғасырда Цишань тауының (қазіргі Шэньси провинциясының Цишань үйезінің аумағында) күнгейінде өткен Чжоу әулетінің князі Чжоу Чэн-ванның бастамасымен саят құру және ортақ одаққа бірігу мақсатында өткен саяси шараны меңзейді. «Цзо-чжуань» жылнамасына жүгінер болсақ, бұл оқиға Чжоу Чэн-ванның Янь еліне сапарынан кейін болған және өз билігін нығайту үшін княздарды салбурынға шақыру арқылы ортақ одаққа біріктірген[15. 1251 б]. Ал келесі сөйлем Хань әулетінің империялық Чанян қорығында өтетін саятқа қатысты. Бұл турасында «Ханьшуда» мынадай қызық дерек келтірілген: Келесі жылдың (б.з.д. 12 жылы) күзінде, (Чэн-ди) император ғұндарға (Қытайдың) аң-құсының молдығын мақтан қылмақ болып, Батыс астана аймағына бұқара халықты Чжуннань тауынан аң қарауға жұмылдыру жайлы жарлық берді. (Жарлық бойынша) батыста Баосе, шығыста Хуннун, оңтүстікте Ханьчжун өңіріне дейін тор мен тұзақ құрылды. Тірі ұсталған аю, жайра, жолбарыс, қабылан, маймыл, мешін, түлкі, қоян, бұғы, бұлан қапас-арбаға тиеліп, Чанян сарайындағы жыртқыштар саябағына жеткізіліп, шарбақпен қоршалған алқапқа қоя берілді де ғұндар (жыртқыштарды) қолмен соғып алды және (әркім) өз олжасын өзі байланды. Император (бұл қызықты) көзбен шолды. Бұл күндері шаруалардың астық жинауына рұқсат етілмеді (11. 3557 б). Құлпытастағы екі ауыз сөйлемде Ашина Білге тегіннің саят сайын императордың жанында жүріп, қызметінде болғаны айтылып тұр.               

[53] 虞候 – Тан империясының Шығыс сарайында барлау, бақылау жұмыстарына жауапты және дәрежесі қолбасылармен теңестірілген лауазым иесі осылай аталған. Сондай-ақ әскери губернаторлықтарда күзет немесе шабармандар жұмысын басқаратын әскери лауазым да юйхоу деп аталған (8. 882 б). Ивами Киехироның анықтауынша, юйхоу барлау жүргізу, заңсыздықтарды жою және әскер тәртібін қадағалау жұмыстарымен айналысады [3. 79 б]. Біз шолғыншы деп аудардық. 

[54] 朔漠 – Тура мағынасында: солтүстіктегі сүреңсіз шөл. Мәтінде жалпылай теріскей аймақ, солтүстік дала мәнісінде қолданылып тұр. 

[55] 穹蒼降癘  – Тіркестегі 穹蒼 сөзі аспан күмбезі мағынасын білдірсе,  иероглифі алапес, оба секілді аса жұқпалы індеттердің жалпы атауы. 

[56] 冕旒追悼渠帥興哀 – Сөйлем құрамындағы 冕旒 иероглифтерінің тура мағынасы: император мен княздар киетін салтанатты, ресми бас киім, тәж; ауыспалы мағынасын: император, әмірші (10. 1061 б). 渠帥иероглифтерінің мағынасы: қарақшылардың басшысы, атаман (10. 1289 б). Бұл жерде дала көсемдері, тобыр басшылары деген мағынада қолданылып тұр. 

[57] 物 – Қытайдың жазу жүйесіндегі көп мағыналы иероглифтердің бірі, тіркесте ала түсті жібек мата, кездеме(10. 1660 б) мағынасында қолданылған. 

[58]  – Ежелгі Қытайда 120 цзиньге (шамамен 60 келі) тең ауырлық өлшемі. 

[59] 內使 – 內侍 деп те жазылады. Тақ иесінің жеке қызметкері. Олар императордың күнделікті тұрмысын ыңғайлауға, әміршінің жарлығын жеткізуге жауапты. Цинь әулетінен (б.з.д. 221-207 ж.ж.) Суй әулетіне (581-619 ж.ж.) дейін бұл қызметті қаламгерлер де, әтектер де атқарып келді. Ал Тан әулеті билікке келгеннен кейін, бұл жұмысқа тек әтектер тартылды. Сондықтан сарай әтектері жалпылай 內侍 деп те талды [10. 1109 б]. Ал Ивами Киехироның пайымынша, мәтінде Сарайдың этикет бөлімінің қызметкері меңзеліп тұрған болуы мүмкін. Өйткені Тан әулетінде шетелдік мәртебелі меймандар мен елшілерді қабылдау, мемлекеттік аза тұту секілді маңызды рәсімдердің орындалуын Сарайдың этикет бөлімі қадалаған[3. 80 б].    

[60] 亡月季旬八日 – Тура мағынасында: өлім шыққан айдың соңғы онкүндігінің сегізінші күні. Ежелгі Қытайда өлген адамның денесін табытқа салып, белгілі мерзімге өз үйінде сақтайтын дәстүр болған, бұл бинь () деп аталған. Ескі дереккөздер бойынша, мәйіт кейде үш жылға дейін сақталған [16. 115-117 б]. Ал «Бэйши» жылнамасына сәйкес, түріктер адам өлсе, марқұмның мінген аты мен тұтынған затын мәйітпен қоса өртеп, күлін жинап алады да, сәтті күні жер қойнына тапсырады; көктем мен жазда қайтқан адам өсімдіктің жапырағы сарғайып түсе бастағанда, күз бен қыста қайтқан адам гүл-шешек бүршік атқанда жерлеген [17. 3288 б]. Осындай деректі «Көлтегін бітіктасынан» да табамыз: Көлтегін Қой жылы (731 жылы) он жетісі қайтыс болды, тоғызыншы айдың жиырма жетісінде жоқтау жоралғысы өтелді, ал сағана мен бітіктасы мешін жылы (732 жылы) жетінші айдың жиырма жетісінде тұрғызылды[18. 77 б].  

[61]  – Тура мағынасында: көшу, көшіру. Бұл жерде марқұмның сүйегін (нақтырақ айтқанда сүйек күлін) жерленетін орынға жеткізу мағынасында қолданылып тұр. 

[62] 京兆府長□□龍首郷 – Осындағы көмескі тартқан екі иероглифті Ивами Киехиро және  деп қалыптайды. Бұл дұрыс. Чанъань үйезінің Луншоу ауылына жерленген тарихи тұлғалардан Қапаған қағанның қызы Ашина Білге ханшаның басына қойылған белгітастың мәтінін осы жолдардың авторы қазақ тіліне аударып, ғылыми көпшілікке ұсынған болатын[19].     

[63] 天弧射法 – Сөйлемдегі 天弧 (Аспан садағы) иероглифтері ежелгі қытайдың жұлдыздық жүйесіндегі 弧矢 (Садақ пен жебе) деп аталатын шоқжұлдыз құрамындағы жұлдыздың атауы. Бұл шоқжұлдыз жалпы 9 жұлдыздан тұрады және Үлкен Арлан (Canis Major) мен Сафина (Argo Navis) шоқжұлдыздары аймағында, Сүмбіленің оңтүстік-батыс қапталында орналасқан. Пішіні садаққа ұқсайтындықтан солай аталған. Ежелгі Қытай әдебиетіне көбінесе жаугершілікті сипаттайтын метафора ретінде қолданылады(10. 601 б).  

[64] 太一營圖 – Мұндағы 太一иероглифтері ежелгі қытай космологиясында аспан әлемінің жоғары билеушісі немесе әлем кіндігіндегі құдайлық күш ұғымын білдіреді. Кейде далалық халықтардың түсінігіндегі Темірқазыққа сәйкестендіріледі[10. 1515 б]. Жалпы 天弧射法 және 太一營圖 тіркестері мола иесінің астрологиялық болжалға жүйрік сәуегейлігі мен аспан шырақтарының қозғалысына сай жортуыл-жорыққа бағыт-бағдар беретін көрегендігін меңзеп тұр.  

[65] 金章解辮而飾腰紫絨削袵而加體 – Біз «өрілген шашын тарқатып, алтын мөрді беліне байлады; көлбіреген етегін кесіп, көк торғынды үстіне жамылды» деп аударған салалас құрмалас Ашина Білге тегіннің далалық өмір салтынан түбегейлі бас тартып, толықтай қытайлық әдет-ғұрыпты қабылдағанын көрсетеді.     

[66] 初或竊議 – Бұл тіркес мола иесінің қытайлық саяси жүйеде бірден биліктің сеніміне ие бола алмағанын білдірсе керек. 

[67] 功不言於大樹 – Бұл жерде Ашина Білге тегіннің кішіпейілдігі Хань дәуіріндегі әйгілі қолбасы Фэн И-мен (?–34) салыстырылып тұр. Фэн И – Шығыс Хань әулетінің негізін салған Лю Сюдің сенімді серігі, ондаған жылға созылған жорық пен жортуылдарда елге зор еңбек сіңірсе де, табиғатынан аса кішіпейіл, мақтанды жаны сүймейтін адам болған. Аңыз бойынша, өзге қолбасшылар алқа-қотан талқыда өз жетістіктерін мақтана ортаға салып жатқанда, Фэн И үнемі үлкен ағаштың саясында үнсіз отыратын көрінеді[3. 83 б]. Біз бұл тіркесті оқырмандарға түсінікті болу үшін «жерге иілген жемісті ағаштай кішіпейіл» деп бейнелеп аудардық.     

[68] 墓起象於□□ – Мұндағы өшіп қалған екі иероглиф топоним болуға тиіс. Қытайлық дереккөздер бойынша, Шығыс Түрік қағанатының басынан бақ тайған алмағайып заманда өмір сүріп, екі мәрте қаған көтерілген, Қытай сарайында маңызды қызметтен атқарып, дала-қытай қарым-қатынасының тарихында соқталы із қалдырған Ашина Сымо қайтыс болғаннан кейін Чжаолин кесенесіне жерленіп, моласы Байдао тауына ұқсатып тұрғызылған [7. 6040 б].

[69] 飾終表哀 – Мұндағы 飾終 сөзінің мағынасы: марқұмды көзі тірісінде сіңірген еңбегіне сай құрметті атақтармен жарылқау. Біз оны «марқұмды еске алуға арналған салтанатты қаралы рәсім» деп аудардық. 

[70] 蘭 – Сүйсіндер тұқымдасына жататын шөптесін өсімдіктердің жалпы атауы. Ежелгі қытай әдебиетінде сүйсін гүлінің хош иісі(蘭芳) ізгілікті мінез бен көргені көп өнегелі адамды сипаттау үшін қолданылады[10. 929 б].  

[71] 濳懷朗鑒 – Тұтас тіркес көкірек сарайындағы жарқыраған айна деген түсінікке меңзейді. 

[72] 高挺貞筠 – Көкке бой созған кербез бамбук. Ежелгі қытай әдебиетінде ол айнымас адалдық пен қайтпас қайсарлықтың символы. 

[73] 明明天子 – Ежелгі қытайлықтар ең жоғары әміршіні Көктің ұлы (天子) деп атаған. Бұл, шүбә жоқ, «Тақ билігі Тәңірден» деген ежелгі түсінікке негізделген. 

[74] 右地封王 – Сөзбе-сөз мағынасында: Оң аймақтың князі болып тағайындалды. Баста айтқанымыздай, бұл дерек мола иесінің Сол сяньван деген атағымен кереғар. 

[75] 懷我好音 – Тіркес қытайдың классикалық «Шицзин» (Өлеңдер) жинағынан алынған. Онда былай делінеді: 翩彼飛鴞,集於泮林,食我桑黮,懷我好音. Қазақша сөйлетсек: Жапалақ қағып қанатын, тоғайға біздің қонатын. Үжмеге біздің тойған соң, әсем бір әнге салатын. Өлеңнің мәнісі: жамандықтың жаршысы саналатын жапалақтың өзі Қытай мектебінің ауласындағы тоғайға қонып, үжмеден (тұт жемісі) дәм татқан соң, әсем үн шығара бастайды. Демек, жүйелі тәрбие мен өнегелі орта тексіз, білімсіз адамды да ізгілікке үйретуге қабілетті. Бұл жерде Ашина Білге тегіннің «тағылар әлемінен» келіп, қытай мәдениетінің ықпалымен «өнегелі өмірге» – ізгілік пен тәртіпке бейімделгені меңзеліп тұр. Біз оқырмандарға түсінікті болу үшін арнаудың осы жолын «Байғыздай шулар байғұстар, сайрады бұлбұл құсындай» деп қазақшаладық.    

[76] 元凶首刎 – Бұл жерде Қапаған қағанның басы шабылған қанды оқиға айтылып тұр. 

[77] 羣胡  (ху) иероглифі көне ғасырларда солтүстіктегі далалық аймақты жайлаған сюнну (ғұн), дунху (шығыс ху), сяньби секілді көшпенді, жартылай көшпенді халықтардың жалпы атауы болған. Кейінірек Суй және Тан дәуірінен бастап ху ұғымы ортаазиялық соғдылар мен олардың Қытай аумағындағы диаспорасын білдіретін этнонимге айналды.   

[78] 始欽服冕 – Сөзбе-сөз: императордың ілтипатына бөленіп, салтанатты бас киім кию. Басқаша айтқанда: биік мансапқа қолы жетіп, тасы өрге домалау. 

[79] 魂歸大夜 – Тіркестегі 大夜 сөзінің тура мағынасы: ұзақ түн; ауыспалы мағынасы: өлімнен кейінгі мәңгілік ұйқы[10. 277 б]. 

[80] 滕嬰馬駐 – Бұл тіркес ежелгі қытай әдебиетіндегі 滕公佳城(Тэнгун Сяхоу Иннің мәңгілік мекені) деген аңызбен байланысты. Аңыз бойынша, Хань әулетінің негізін қалаған Лю Банның жақын серіктерінің бірі Сяхоу Ин бірде Чанъаньның шығыс қақпасына жеткенде арбаға жеккен ат шыңғыра кісінеп, жер тарпып, табандап тұрып алады. Сяхоу Ин сарбаздарға жерді қазуға бұйырады. Жер астынан қақпағында жазуы бар тастан шабылған табыт шығады. Қараса «Тұңғиық, тұнжыр көрге үш мың жылда күн сәулесі қайта құйылар! Ей, Тэнгун, сенің мәңгілік мекенің осы жер болар!» деп жазылған екен. Сяхоу Ин «Көзімді жұмсам, Тәңірдің қалауымен осында жерленемін бе?» деп аһ ұрады. Айтса айтқандай, ол өлгенде денесі сонда көміледі [20. 130 б]. Бұл аңыз қазақы түсініктегі «топырақ бұйыру» тіркесін еске салады. Біз оқырманға түсінікті болу үшін аудармада «Сайгүлік тұлпар сүрінді» деген бейнелі тіркесті қолдандық.      

[81] 繆襲歌聞 – Бұл жерде Үш патшалық кезеңінде өмір сүрген әдебиетші, саяси қайраткер Мяо Си (繆襲,186-245 ж.ж.) жазған және өзінен кейінгі жоқтау жанрына стилистикалық үлгі көрсеткен «Элегия» дейтін атақты өлең арқылы жалпы азалы жоқтау, қаралы көңіл меңзеліп тұр. 

Соңғы сөз:

Тұжырып айтқанда, құлпытас мәтінін алты бөлікке бөлуге болады: 1) Ашина Білге тегіннің өмірден өткен уақыты және ата тегі; 2) Ел-жұртымен Тан әулетіне берілуі; 3) Қытай империясына сіңірген еңбектері; 4) Өлімі мен атқарылған рәсімдер; 5) Мінездеме; 6) Арнау. Құлпытас мәтінін сарайдың мұрағаттау ісін жүргізетін шенеунігі жазған, сондықтан оны империя билігінің Ашина Білге тегіннің өмір жолына берген ресми бағасы деп қабылдауға болады.

Ашина Білге тегін 724 жылы 43 жасында тосын дерттен айыға алмай қайтыс болады. Демек, ол 682 жылы өмірге келген. Дәл сол жылы Шығыс түріктер Білге Құтлық Елтеріс қағанның (650-691) басшылығымен Қытай билігіне қарсы ашық күреске шығады. Басқаша айтқанда, Ашина Білге тегіннің балалық, жастық шақтары Елтеріс және Қапаған қағандар билік құрып, Шығыс Түрік қағанаты қайта жаңғырған айтулы кезеңге тура келеді. Алайда, Қапаған қағанның билігінің соңғы кезеңіндегі аумалы-төкпелі жағдайға байланысты елден кетіп, Тан империясына беріледі. Шен алып, шекпен киіп, шалқып өмір сүреді. Империяның Далаға қарсы жымысқы жоспарлары (Қапаған қағанның өліміне байланысты) мен көпе-көрнеу шапқыншылықтарына белсенді қатысып отырады. Ол империя билігіне мойын ұсынған түркі бодандарын билеп-төстейді. Құлпытас мәтіні Тан әулетінің далалық көшпенділерге қолданған ноқталау саясатының (羈縻統治) нақты мысалын әйгі етеді. Біз бітіктас мәтіні түрік-қытай қарым-қатынасы мен Тан әулетінің шекаралық саясатын зерттеуге тарихи деректер ұсынады деп үміттенеміз.

Пайдаланған әдебиеттер: 

1. 歐陽修,宋祁新唐書北京:中華書局,2013

2. 王欽若等冊府元龜南京:鳳凰出版社,2006

3. Ивами Киехиро. 「阿史那毘伽特勤墓誌」訳試稿. «内陸アジア言語の研究», 1992, 7. 55-94 p

4. 王仁波隋唐五代墓誌彙編(陝西卷第一冊)天津古籍出版社,1991

5. 李林甫等大唐六典北京:中華書局,1992

6. Такигава Сукэнобу. 史記會注考證北京:文學古籍刊行社,1955

7. 劉昫舊唐書北京:中華書局,1975

8. 呂宗力中國歷代官制大辭典北京:商務印書館,2015

9. 令狐德棻周書北京:中華書局,1971

10. 古代漢語詞典北京:商務印書館,2005

11. 班固漢書北京:中華書局,1962

12. 魏徵隋書北京:中華書局,2011

13. 司馬光資治通鑑北京,中華書局,1976

14. 艾沖唐代靈、鹽、夏、宥四州邊界考《中國歷史地理論叢》2004年第1

15. 楊伯峻春秋左傳注北京:中華書局,1990

16. 陳作飛說「殯而後藏」《文史知識》 1993年第5

17. 李延壽北史北京:中華書局,2012

18. Н. Базылхан. Көне түрік бітіктастары мен ескерткіштері – Қазақстан тарихы туралы түркі деректемелері II том. Алматы, Дайк-Пресс, 2005

19. Ерлан Мазан. Білге ханша құлпытасы және Көктүрік пен Қытай арасындағы саяси некеден бір үзік сыр. «Қазақ мемлекеттілігі мен ұлы дала көшпенділері: тарих және қазіргі заман» XVII халықаралық еуразиялық ғылыми форумның материалдары, I том. Астана: Л.Н. Гумилев атындағы EҰУ, 2020.

20. 葛洪西京雜記貴陽:廣西人民出版社,1993

Ерлан Мазан

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз