VI ғасырдың орта шенінде тарих аренасына шыққан далалық Түрік қағанаты көптеген халықтардың этногенезіне, күрделі де әр алуан мәдени болмысына айрықша әсер етумен бірге, қытайлық әулеттердің, әсіресе Суй және Тан империяларының тарихи даму үдерістеріне терең әрі елеулі ықпал етті. Сондықтан болар, Түрік қағанатының билеуші әулеті – Ашиналардың ататек шежіресі, мұрагерлік тәртібі, қытайлық әулеттермен қарым-қатынасы сияқты мәселелер қытай ғалымдары үшін әрқашан өзекті және қызықты тақырып қатарында. Әсіресе соңғы жылдары Ашина әулетінен шыққан бірқатар тарихи тұлғалардың басына қойылған көктас пен қабіріне көмілген көртастардың табылуы мен ғылыми айналымға енуі осы бағыттағы зерттеуге кең мүмкіндік ашып отыр.
Осы қатарда Ашина Момо ескерткішінің алар орны бір төбе. Құлпытастың қашан табылғаны жайында ашық дереккөздерде тақты мәлімет келтірілмеген. Дегенмен, қазіргі Қытайдың Сиань қаласының аумағынан табылғаны және бүгінде Сиань қалалық мәдени мұра және археология институтының қорында сақталғаны белгілі. Қақпақтаста «唐右屯衛將軍阿史那公墓誌 (Тан елінің Оң тұрғауыл қолбасшысы Ашина мырзаның құлпытасы)» деген 12 иероглиф бар. Ал көртастың биіктігі 58 cm, ені 60 cm, қалыңдығы 12 cm; бүлінбеген, таңбалар өте анық. Кайшу үлгісімен жазылған. Мәтін 21 жол, толық жолдар 21 иероглифтен тұрады. Жалпы иероглиф саны, тақырыпты қоса есептегенде, 405. Тастың төрт қырына ойылған қуыстарға он екі мүшелдің бейнесі салынған, жолбарыс, қоян, жылқы, қой және ит жүгіріп бара жатқан кейіпте суреттелген. Фон ретінде алыстан мұнартып көрінген тау сілемдері алынып, далалық қыратты аймақтың өзгеше табиғи ландшафты бейнеленген. Ал лун (аждаһа) бейнесі жер бауырлаған жолбарыс немесе қабылан түрінде өрнектелсе, доңыз суыт жортып бара жатқан қасқыр бейнесінде көрсетілген. Бұл көркемдік шешімдер далалық көшпенділердің он екі мүшел туралы өзіндік таным-түсінігін танытады[1, 164 б][2].

Құлпытасты бүгінге дейін қытайлық белгілі ғалым, мәдениеттанушы, өнертанушы Гэ Чэнюн және Тайвань Чжунчжэн ұлттық университеті Тарих факультетінің профессоры Чжу Чжэньхун зерттеп, түсіндірме жасаған. Біз мәтінді қазақ тіліне аударғанда Чжу Чжэньхун ұсынған нұсқаны басшылыққа алдық.
Құлпытас мәтінінің қазақша аудармасы келесідей:
Оң тұрғауыл қолбасшы Ашина мырзаның құлпытасы
Мырзаның есімі Момо⌠1⌡, Мобэйдің⌠2⌡ тумасы, негізі Ұлы Юйдің⌠3⌡ зәузаты. Ся (әулетінің) билігі қожырағаннан (бері), (арғы аталары) далалық аймақты⌠4⌡ мекен етіп келген еді. (Олар) Алтай (Цзиньвэй) жерінде ⌠5⌡ орда тігіп, шаһарлы халықтарды⌠6⌡ тізгіндеп ұстады; жерінің шегін юэчжи⌠7⌡ еліне дейін кеңейтіп, өріс-қоныстарын аспан құбылыстарына⌠8⌡ сәйкес бөлісті. (Мырзаның) бабасы Апа шад⌠9⌡, атасы Циминь қаған⌠10⌡, әкесі Шора қаған⌠11⌡ еді. Қаған дегеніміз ежелгі шаньюймен⌠12⌡ бірдей.
Мырзаның бойында Лушаньдай⌠13⌡ асқақтық, жүрегінде үркердей⌠14⌡ өткірлік бар еді. Ол Қарағайдай қайсар, қаршығадай қыран-тұғын⌠15⌡. Көрегенділігіне алыс жұрттар тәнті болды, әскери өнеріне жан баласы тең келмеді. Дала тайпалары⌠16⌡ оның қолбасшылығына арқа сүйеп, ұлық көсемдер⌠17⌡ айбынына бас иетін.
Ізінше Тан империясы аспан астын дәргейіне қаратып, хас адамгершілік қасиеттерін (жер жүзіне) жайды. Мырза заманның қас-қабағын жіті барлап⌠18⌡, самұрықша қанат жазды⌠19⌡, ұлы шөлді кесіп өтіп, (сарайға) қол тапсырды. (Империяға) адалдығын марапаттау үшін, (тақ иесінің) арнайы жарлығымен оған жоғары бас қолбасшы⌠20⌡ (атағы) берілді, көп ұзамай Оң тұрғауыл қолбасшы⌠21⌡ (лауазымына) көтерілді. Ол әскери күзетті басқарып, император резиденциясын қызғыштай қорыды⌠22⌡, лауазымды қызметте ерен еңбегімен көзге түсіп, атқарған жұмысында адалдығымен назарға ілінді. Ю Юйдің Цинь (еліне) келуі⌠23⌡ мен Мидидің Хань (сарайына қызмет) етуі⌠24⌡, мың жылдан бері жыр болып айтылып келсе де, (олар мырзаның) шалымына да келмейтін шығар.
(Мырза императормен бірге) Дунъюэ тауына⌠25⌡ сапар шегіп, Жигуань шыңында⌠26⌡ (көк пен жерге құрбандық шалуға арналған) салтанатты рәсімге⌠27⌡ қатысуға дайын отырған. Аяқ астынан күн қызарып батып⌠28⌡, асыл рухы мәңгі-түнекті⌠29⌡ кезіп кете барды. Қырық үш жасында, Чжэньгуаньның жиырма үшінші жылы екінші айдың он алтыншы күні⌠30⌡ Сюаньян махалласындағы⌠31⌡ тұрағында өмірден өтті. Ойхой, жалған-ай!
Оқи отырыңыз: Ашина Сымоның құлпытасы және өмір жолы
Ханымы Ли тегінен⌠32⌡, атағы Пинъи сяньчжу⌠33⌡ еді. (Ол мырзадан) бұрын Чжэньгуаньның тоғызыншы жылы бірінші айдың сегізінші күні⌠34⌡ Сюаньян махалласында қайтыс болды. Ұлы Тан (елінің) Чжэньгуань (күнтізбесінің) жиырма үшінші жылы – сары Тауық жылы – көк Жылан күнінен басталған үшінші айдың он жетінші күні – ақ Тауық күні – ⌠35⌡ (ерлі-байлы екеуі) Ваньнянь үйезінің⌠36⌡ Луншоу ауылында⌠37⌡ бірге жерленді, бұл хаттамаға сай келеді. Күн артынан күн, ай артынан ай өтіп, жердің жүзі мың құбылар. (Марқұмдардың) көркем қасиеттерін мәңгі есте сақтау үшін осы тасқа жақсы сөзімізді ойып жаздық. Арнау:
Бірінші жыр
Қара көктің жұрнағы,
Қайратты туған ер еді.
Қайрылып мойын ұсынып,
Сарайға жүзін береді.
Қол бастап, байрақ көтеріп,
Лянь-Линьнен⌠38⌡ асты атағы.
Қайырын⌠39⌡ өтеу бұйырмай,
Қапыда сөнді шапағы.
Екінші жыр
Ақылына көркі сай,
Ажарлы туған, ай, бегім!
Орталық елге ниеті ақ,
Дегдар⌠40⌡ жарға сай бегім.
Тақ иесі жарылқап,
Жақсы аты жұртқа тараған.
Басына қашап тас қойдық,
Өшпесін деп санадан.
Түсіндірмелер:
⌠1⌡ 摸末 – Құлпытас иесінің есімі. Біз иероглифтердің қазіргі дыбысталуы бойынша тарихи тұлғаның есімін қазақшаға Момо деп қотардық. Анығында ерте орта ғасырларда 摸 иероглифі mɑk немесе mâk, ал 末 иероглифі muɑt болып оқылуы мүмкін. Осы бойынша марқұмның есімін Махмут немесе Махмат деп қалыптауға болады. Бұл әрине мұсылмандық есім емес. Біздің ойымызша, бұл жалқы есім санскрит тіліндегі Mahāmati терминінің түркілік нұсқасы болуға тиіс. Буддистік түсінікке сәйкес, Mahāmati атақты бодхисаттвалардың бірі. «Lankāvatāra-sūtra» бойынша, ол діни кеңестерде бас бодхисаттва ретінде қатысушылардың атынан Сиддхартха Гаутама Буддаға сұрақтар қоятын. Ол терең ойлы және шешен тілді болғандықтан Mahāmati (mahā – үлкен, mati – ақыл, зейін) деп аталған екен[3, 426 б].
Көне түркілердің кемінде билеуші элитасына буддизм жат болмаған секілді. Мысалы, «Бэйши» жылнамасында былай делінеді: «Іркін (Мұқан қаған) өлгенде... таққа інісі көтеріліп, Таптар қаған деп аталды... Іркін билікке келгелі олардың елі қуаттанып, Хуася жұртына тізесін батыруға ниеттенді... Ци елінде Хуй Линь дейтін шрамана бар еді, ол тұтқынға түсіп, түріктердің ордасына жеткізілді. Ол Таптарға «Ци елінің бай, қуатты болуы будданың ілімін ұстануынан» деді және оған нидана мен випака қағидаларын тәптіштеп түсіндірді. Таптар оның айтқанына иланып, самгхарама тұрғызды һәм Циге елші жіберіп, «Цзинмин (Таза айқындық)», «Нирвана», «Хуаюань (Әлемнің себептері)» сияқты сутралар мен «Даша-бханавара-виная (Он бөлімді ереже)» еңбегін алдырды. Таптар, сондай-ақ, ауыз бекітіп, тыйғаннан тыйылды, пагоданы айналып, құлшылық жолын өтеді. Тіпті кейде Ішкі аймақта (Қытай жерінде) тумағанына өкінетін еді»[4, 3290 б]. Таптардың ордасында қытайлық буддистер ғана емес, соғдылық һәм үнділік буддистер де болған. Белгілі дуньхуантанушы Ян Фусюэнің хабарлауынша, гандхаралық трипитака ғұламасы Jñānagupta Қытайдан еліне қайтар жолында Таптар қағанға жүздесіп, оның қолқасымен қағанатқа он шақты жыл қызмет етеді[5]. Ал француз шығыстанушысы Эдуар Шаванн жиһанкез, аудармашы Jñānagupta 575 жылдан 585 жылға дейін Таптар қағанның жанында болды, ордада өткен алқалы жиындарға жиі қатысып, түркі аймағында буддизмнің қанат жаюына айтарлықтай ықпал етті; Таптар қаған көз жұмғаннан кейін де жаңа әміршіге қызмет қылды деп нақтылай түседі. Шаванның жазуынша, шамамен 575 жылы қытайлық Ци елінің императоры Jñānagupta-ға Махаяна іліміндегі басты құжаттардың бірі – «Махапаринирвана сутрасын» түрік тіліне аудартып, оны Түрік қағанына сыйлық ретінде ұсынады[6, 168 б]. Әрине, дереккөздердің тапшылығына байланысты Түрік қағанатында буддизмнің қаншалықты ықпалды болғанын дәп басып айту өте қиын. Ян Фусюэнің пікірінше, қан төгуді құптамайтын буддизм ілімі мал өсіріп, аң аулайтын көшпенді халықтың батырлықты дәріптейтін өмір салтымен үйлесе алмайды да, көп ұзамай құлдырауға тап болады[5]. Дегенмен, буддизмнің ықпалы Түрік қағанатында VIII ғасырға дейін өмір сүрген сыңайлы. Бұл пікірімізді «Тундянь» жылнамасындағы келесі дерек құптайды: «Кіші шад (Білге қаған) қамал соқтырып, буддизм монастыры мен даосизм храмдарын салдырмақ болып еді, Тонйұқұқ оған «Болмайды! Түріктің түтін саны аз, халқымыздың қарасы Қытайдың жүзден біріне де жетпейді. Біз жерге байланбай, судың тұнығын, шөптің шүйгінін кешіп, көшіп-қонып жүргеніміздің, аңшылықты кәсіп қылып, жаппай қаруланғанымыздың арқасында ғана берілмей келеміз... Егер ескі салттан бас тартсақ, қала жағалап, топырақ жастансақ, онда оқыста жеңілсек, Тан елі бізді қалайда тырп еткізбей басып алады. Оның үстіне монастыр мен храм адамды аяушылық пен көнбістікке үйретеді. Бұл қару-қайраттың жолы емес, ұстануға болмайды» деді. Кіші шадтар оның кеңесін құп көрді»[7, 5445 б]. Демек, қытай иероглифтерімен 摸末 (mɑkmuɑt) болып таңбаланған тарихи тұлғаның шын есімі буддистік дәстүрге сәйкес қойылған болуы мүмкін деген болжалымыз негізсіз емес.
Момоның өмір жолы қытай жылнамаларында арнайы тарау ретінде жазылмаған. Дегенмен, «Цзю Таншу» және «Синь Таншу» жылнамаларының «Юань Цзюньчжанның өмір баяны», «Ли Юаньцзидің өмір баяны», «Ван Даоцзунның өмір баяны», «Лю Ланьның өмір баяны» және «Түрік» сияқты тарауларында оның аты тілге алынады. Жылнамаларда оның ресми атағы Юйшэ шад (鬱射設немесе 奧射設) деп көрсетіледі. Ерте орта ғасырларда郁/奥 иероглифтері ʔi̯uk, ал 射 иероглифі dʑʰi̯a болып дыбысталуы мүмкін. Ендеше титулдың түркілік нұсқасы Ұза шад немесе Үзе шад болуға тиіс.
⌠2⌡ 漠北 – Тура мағынасында: шөлдің терістігі. Моңғол үстіртіндегі ұлы шөлдің солтүстігінде жатқан аймақ қытайлық жылнамаларда Хань әулетінен бері осылай аталып келген[8, 3103 б].
⌠3⌡ 大禹 – Қытайлық мифология бойынша Ся әулетінің негізін қалаушы тұлға. Ся Юй (夏禹) немесе Жун Юй (戎禹) деген аттармен де белгілі. Тегі – Сы (姒), аты – Вэнь Мин (文命). Сяхоу тайпасының көсемі ретінде, ол Шунь (舜) бабалықтың пәрменімен тасқын суға қарсы күрес ашады. Оның бастамасымен өзен арналары аршылып, каналдар қазылады, аймақта егін шаруашылығы өркендей бастайды. Сіңірген еңбегіне байланысты Шунь оны мұрагерлікке ұйғарады. Аңыз бойынша, биліктегі кезінде саньмяо деп аталатын бірлестіктің көтерілісін жаныштайды. Ол өлгенде орнына баласы Ци (啟) отырады. Қытай тарихындағы әулеттік монархия осылай басталады[9, 2795 б].
Мәтінде Момоның ата-тек шежіресі Юйден басталады. Себебі, Тан әулетінің ресми идеологиясы бойынша, түріктер ежелгі ғұндардың ұрпағы болуға тиіс. Мысалы, «Чжоушу» жылнамасында «Түрік, шамасы, ғұндардың бір табы, тегі ашина»[10, 907 б] делінсе, «Бэйши» жылнамасында «Түріктің арғы аталары Сихайдың оң жағалауын мекен етіп, дербес тайпа болды. Олар, шамасы, ғұндардың бір тармағы»[4, 3285 б] деп көрсетілген. Ал дәстүрлі, классикалық жылнамаларда ғұндардың тегі ретінде сяхоу тайпасы аталады. Айталық, Сыма Цянь «Ғұнның арғы атасы Ся әулетінен тарайтын Чуньвэй. Олар Тан Яо мен Юй Шунь заманына дейін-ақ шаньжун (山戎, таулық жунь), сяньюнь (玁狁), сюньюй (荤粥) деп аталып, солтүстіктегі жапан түзде малдың соңынан көшіп-қонып жүрді» [11, 4498 б] деп жазады. Ежелгі қытай аңызы бойынша, Ся әулетінің соңғы билеушісі Ся Цзе әділетсіз, қайырсыз, қатыгез болған екен. Сондықтан ел билігі Шан әулетінің қолына көшкенде, жаңа әмірші Чэн Тан оны жер аударып, Минтяо аймағына айдатады. Цзе үш жылдан кейін өледі, артында Сюньюй (獯鬻) деген жалғыз тұяқ қалады. Ол ел-жұртымен көз көрмес, құлақ естімес, аяқ жетпес алыс қиырға көшіп кетеді, әкесінің жесірлерін өзіне қаратып, олардан үбірлі-шүбірлі бала сүйеді. Оның кіндігінен тараған ұрпақ кейін сюнну (匈奴) атанып, ен далада емін-еркін көшіп-қонып жүреді. Қытайлық жылнамаларда түріктердің ата тегінің мифтік Ся әулетінен таратылуының қисыны осында. Қайталап айталық, бұл табғаш-түрік қарым-қатынастарын ежелгі хань-ғұн қарым-қатынасының тарихи контексті шеңберінде қарастыру арқылы өзін шын мәнінде Хань әулетінің мұрагері, Хуася өркениетінің қорғаны ретінде көрсетуге тырысқан кірме әулеттің (Тан империясының билеуші әулеті қытайыланған сяньбилерден тарайды) ресми идеологиялық көзқарасы. Ал түрік шежірешілерінің өз тегін сяхоу немесе сюнну тайпаларымен байланыстыруы екіталай.
⌠4⌡ 荒服 – Ежелгі Чжоу және Цинь әулеттері қолданған Цзифу (畿服) жүйесіндегі бесінші аймақ. Бұл жүйе орталық билік пен жергілікті аймақтар арасындағы қарым-қатынасты географиялық арақашықтық бойынша бірбеткей реттеп, жүйелейді, онда жергілікті аймақтардың орталық билік алдындағы міндеттері де нақтыланған. Бұл идеал түсінік бойынша, жер жүзі астанамен арақашықтығына қарай бес аймаққа (иелік немесе табиға) бөлінеді: 1. Астаналық аймақ (甸服) – әміршінің тікелей иелігіндегі жерлер; 2. Княздік аймақ (侯服) – империя құрамындағы княздіктер; 3. Вассалдық аймақ (賓服) – империяға бағынышты екенін мойындайтын шалғай жұрттар; 4. Қорғаныстық аймақ (要服) – шекара маңындағы жат жұрттар; 5. Далалық аймақ – жун және ди тайпалары. Ежелгі конфуциандық классикалардың бірі «Сюньцзы» еңбегінде «Хуася княздіктері Көктің ұлына (天子) бағынышты және ұстанатын рәсімдері де бірдей. Мань, и, жун, ди тайпалары да Көктің ұлына бағынышты, бірақ ұстанатын рәсімдері бірдей емес... Астаналық аймақ күн сайын, княздік аймақ ай сайын, вассалдық аймақ тоқсан сайын, қорғаныстық аймақ жыл сайын сарайға сыйлық әкелуі керек. Ал далалық аймақтың халқы Көктің ұлын ұлықтау кезінде сәлем беріп, сыйлық әкелуге тиіс» [12, 291 б]. Цинь империясында дейінгі (б.з.д. 221 жылдан бұрынғы тарихи кезең) классикалық әдебиеттерде тілге алынатын Цзифу жүйесі, шын мәнінде әлемнің геосаяси бейнесі туралы идеал түсінік, кейінгі қытай әулеттерінің ішкі-сыртқы қатынастарына айтарлықтай әсер етіп отырды.
⌠5⌡ 金微之地 – Алтай тауы қытайлық жылнамаларда Цзиньвэй (金微, Алтынды) деп те аталған.
⌠6⌡ 珠闕之民 – Тіркестегі珠闕 (інжу баған) сөзі 朱闕 (қызыл баған) болып та жазылады. Тарихи-көркем әдебиеттерде бұл сөз император сарайы немесе империя мағыналарында қолданылған. Мәтінде әсіресе Түрік қағанатының бастапқы кезеңінде қытайлық Чжоу және Ци әулеттерінің бағынышты халі айтылып тұр. Бұл жайында жылнамаларда «Іркін билікке келгелі олардың елі қуаттанып, Хуася жұртына тізесін батыруға ниеттенді. (Чжоу) сарайы олармен құдандалы болу үшін, жыл сайын жүз мың бума торғын-торқа жіберіп тұрды. Ел астанасында тұратын түріктерге айрықша сый-қошамет көрсетілді, киім-кешегі мен азық-түлігі сарай есебінен өтелетіндердің саны үнемі мыңнан кем болмады. Циліктер де олардың қарақшылығынан жасқанып, ел қазынасын сарқып бітті. Таптар қаған бұған масаттанып, қол астындағыларға «Күнгейдегі екі ұлым елгезектігінен айнымаса, ештеңеден кемдік көрмеспін» дейтін-ді» [4, 3290 б] делінеді. Біз көшпенді түркілердің Қытай бағытында ғана емес, Орталық Азия аймағында да отырықшы халықтарға саяси-әскери үстемдік құра білгенін ескере отырып, аудармада бұл тіркесті шаһарлы халықтар деп баламаладық.
⌠7⌡ 月支 – Ежелгі юэчжи тайпасы. Тарихи әдебиеттерде этнонимнің 月氏, 禺氏, 禺知, 苑支 деген нұсқалары да кездеседі. Олар б.з.д. III ғасырда қазіргі Қытайдың Ганьсу провинциясының аумағындағы Дуньхуан және Цилянь алабын мекен еткен. Б.з.д. 177-176 жылдары Ғұн көсемі Модудың тегеурінді шабуылы салдарынан Іле және Шу алабына қоныс аударады. Құлпытас мәтінінде бұл этноним жалпы тарихи Батыс өлкені немесе Орталық Азия аймағын меңзейді.
⌠8⌡ 天【行】 – Бітіктаста 天 (аспан) иероглифінен кейінгі таңба өшіп қалған. Чжу Чжэньхун өшіп қалған иероглифті 行 (қозғалыс) деп жориды. 天行 сөзінің тура мағынасы: аспан денелерінің қозғалысы; ауыспалы мағынасы: аспан құбылыстары. Бұл, шүбә жоқ, қисынды. Көшпенділер үшін көші-қонды үйлестіру, жортуыл-жорықты ұйымдастыру, шаруашылық қызметін жүйелеу қашанда аспан шырақтарының қозғалысы мен табиғат құбылыстарын қадағалауды қажет етеді. «Бэйши» жылнамасында түріктер «жортуылға шығарда айдың толғанын күтеді... Үнемі көшіп қонып жүреді, бірақ әрқайсысын өзіне тиесілі жері болады. Қағаны Өтікен тауына ірге көмген. Қаған ордасының маңдай алды қашанда шығысқа қаратылып тігіледі. Бұл күннің шығуына көрсетілген құрметі болса керек. Қаған жыл сайын игі-жақсылармен бабалар үңгіріне тәу етіп қайтады. Ал жылдың бесінші айы орталағанда, Тамақ суына (Tamaγ ïduq) жиналып, Көк тәңіріне құрбандық шалады... Олардың жазуы соғдылықтардың жазуына ұқсайды, бірақ, жылдың есебін білмейді, тек шөптің көктеуін белгі қылады» [4, 3288-3289 б] делінеді. Осы деректердің өзінен-ақ көшпенді түріктердің күллі өмірі табиғат құбылыстарымен тығыз байланысып жатқанын байқауға болады.
⌠9⌡ 阿波設 – Қытай жылнамаларында Апа шад лауазымымен белгілі нақты тарихи тұлға аталмайды.
Ата тек шежіресі бойынша, Ашина Момоның атасы болып келетін Циминь қағанның тумысы жайлы қытайлық жылнамаларда екі түрлі дерек ұсынылады. «Суйшу» жылнамасының «Түрік» тарауы бойынша, Циминь қаған Ышбара қағанның баласы, аты Ямар (染干, кей әдебиеттерде Жамғар немесе Намған делінеді), ол Тули (Төлес?) қаған деген атпен қағанаттың солтүстік аумағында билік құрған[13, 1872 б]. Ал осы жылнамадағы «Чжансунь Чэннің өмір баянында» Ямар Шораға (Чулохоу) қағанның баласы деп көрсетілген[13, 1333 б]. Белгілі қытайлық тарихшы Цэнь Чжунмянь Ямарды Шораға қағанның ұлы деп ұйғарады[14, 512 б]. Чжу Чжэньхун профессордың зерттеуі бойынша, Циминь қағанның тумысы туралы пікірталас Тан әулеті алғаш билікке келген жылдары-ақ басталған. Ол Дулань (Тұлан) қаған атанған Юнъюйлюй (Оңиоллұғ?) мен Циминь қаған ағалы-інілі, екеуі де Ышбара қағанның кіндігінен тараған деп болжайды. Оның пікірінше, 597 жылы Тули қаған (әлі Циминь қаған атанбаған кезі) Ямар мен Дулань қаған Юнъюйлюй екеуі бірдей Қытай астанасына елші салып, қыз айттырады. Дулань қағанның күші басым екенін, болашақта бой бермей кетуі мүмкін екенін ескерген Суй әулеті ағайынды екеуді араздастыру үшін Аньи ханшайымды мол сыйлықпен Ямарға ұзатады. Осылайша Ямар мен Юнъюйлюй арасында қанды қырғын басталады. Ал тарихи әдебиеттерде Циминь қағанның бірде Ышбара қағанның, енді бірде Шораға қағанның баласы ретінде хатталуының себебін ол дала көшпенділері ұстанған әменгерлік жолымен түсіндіреді. Ғалымның жазуынша, Циминь қағанның туған әкесі Ышбара қаған; Ышбара қаған қайтыс болғанда, оның жесірлері Шораға қағанға қаратылған, сондықтан, Ямардың туған әкесі жайлы қытайлық жылнамашылардың жаңылысатын жөні бар[1, 183-185 б]. Алайда, «Суйшу» жылнамасындағы Юнъюйлюй Ямардың ордасын қапыда басып, оның аға-інілерін, балаларын, немере інілерін түгел қырып тастады[13, 1872 б] деген дерек Чжу Чжэньхунның болжалын теріске шығарады. Жапон тарихшысы Икэда Томомаса «VI ғасырдың аяқ шеніндегі Түрік қағандарының шежіресі мен мұрагерлік тәртібі» атты зерттеуінде Ямарды Шораға қағанның туған баласы деп көрсетеді. Оның пікірінше, Суй әулеті Түрік қағанатын ыдырату, әлсірету мақсатында жақтаушысы аз, күші әлсіз Ямарға үнемі қолдау көрсетіп, оны Ордаға қарсы айдап салып отырған; қытай жылнамаларындағы Циминь қағанның тумысы жайлы қым-қиғаш деректер, шындығына келгенде, сол жылдары қағанатта болып қайтқан Чжансунь Чэн секілді қытай елшілері Дала элитасын өзара қырқыстыру үшін қолдан жасаған қауесеттердің салдары. Ғалымның жазуынша, көшпенді халықтардың таққа мұрагерлік тәртібі туралы қытайлық жылнамалардағы деректерге сенім артуға болмайды, өйткені ондай деректердің хатталуына император сарайының әртүрлі дипломатиялық мақсаттары мен айла-тәсілдері ықпал етіп отырады[15, 115-146 б].
Қысқасы, Ашина Момо ескерткіші Циминь қағанның тумысы жайлы пікір-таласқа нүкте қоя алмайды, есесіне мыңдаған жылдар бойы айтылып келген нұсқаларды онан сайын күрделі ете түседі. Апа шад пен қытай жылнамаларына Апа қаған деген атақпен енген Мұқан қаған баласы Төременнің қатысы болуы мүмкін бе? Бұл әлі де зерделеуді қажет етеді.
⌠10⌡ 啟民可汗 – Ямар Суй әулетінің көмегімен бақталасы Дулань қағанды жеңгеннен кейін, 599 жылы сәуір айында Қытай сарайында императордың қабылдауында болып, 意利珍豆啟民可汗 (Цили Чжэньдо Циминь қаған, ерте орта ғасырларда i-li tin-təw kʰei-mjen деп оқылуы мүмкін) деген ресми атақ алады. Қытайлық жылнамаларда тіркестің мәнісі «意智健» (ес, ақыл, батыл) деп түсіндіреді. Осы бойынша тіркесті Еллік Синта Қабан қаған деп тұспалдауға болатын секілді. Мұндағы Еллік, дәстүрлі түсінік бойынша елді, елі бар деген ұғымда қолданылып тұрған жоқ, есті, ойлы деген мағынада жұмсалып тұр. Өйткені кең қолдауға ие болған жорамал бойынша, қазіргі түркі тілдеріндегі ş немесе s дыбыстарының орнына ілкі түркі тілінде l дыбысы келген. Қазіргі шуаш тілінде де өзге түркі тілдеріндегі ş/s дыбыстарының орнына l дыбысы қолданылады: қазақ тілінде ʒas (адамның жасы), шуаш тілінде sul; ұйғыр тілінде taş (сырт, тыс), шуаш тілінде tul; қазақ тілінде bes (сан есім), шуаш тілінде pılek; қазақ тілінде esık, шуаш тілінде alæk. Түркі тілдеріндегі l/ş сәйкестігінің жұрнағы қазақ тілінен де байқалады. Жас (адамның жасы) және жыл (уақыт мезгілі) сөздерінің төркіндестігін олардың тұлғалық жақындығы да, семантикалық орайластығы да айтып тұр. Сондай-ақ, қазақ тіліндегі еле (ескер, еске сақта, мән бер), елеулі (еске сақтарлық, маңызды), елеңдеу (есі ауу, көңілі бұрылу) деген сөздер де тұспалымызды шындыққа жақындата түседі.
Біздің ойымызша, тіркестегі екінші дыбыстық құрам санскрит тіліндегі cintā сөзі болуға тиіс. Сөздікте бұл сөздің мағынасы жүрек, ой, аңсар, ойлау, толғаныс, пайым, ақыл[16, 457 б] деп көрсетілген. Ал үшінші сөз кәдімгі түркі тілдерінің көбіне ортақ қабан сөзі болса керек. Радловтың «Түркі тілдерінің сөздігін жасау тәжірибесі» еңбегінде қабан сөзінің батыр, жауынгер[17, 439 б] деген мағыналары тіркелген. Жалпы тіркесті есті, ойлы және ержүрек қаған деп түсінуге болады.
599 жылы Аньи ханшайым өмірден өтеді, Суй империясы билеуші әулеттің тағы бір қызын И-чэн ханшайым деген атпен Циминь қағанға ұзатады. Ол осыдан көп ұзамай Хуанхэнің түстігіндегі Ся және Шэн аймақтарының жеріне қоныс аударады. Дулань қаған өлгеннен кейін ғана Циминь қаған Суй әулетінің жәрдемімен еліне оралып, шығыс түріктердің Ұлы қағаны болып жарияланады. Ол жобамен 610 жылы қайтыс болады, артында ел тізгінін ұстаған Доцзи (Шібір қаған), Сичунь (Шора қаған) және Доби (Іллік қаған) деген үш ұл қалады.
⌠11⌡ 啜羅可汗 – Бұл тұлғаның ресми атағы кей әдебиеттерде 處羅可汗, 處邏可汗 немесе 叱羅可汗 деген нұсқалармен де кездеседі. Ол – Циминь қағанның ұлы, Шібір қағанның інісі, Іллік қағанның ағасы. Ұлы қаған атанғанға дейін Елтебер шад деген ресми титулмен белгілі болған һәм Ли текті қытай қызына үйленген. Шібір қаған 619 жылы қайтыс болғанда, баласы Шибоби (болашақ Төлес қаған) жас болғандықтан, елдің игі-жақсылары Ұлы құрылтайда Сичуньды Шора қаған деген атақпен таққа отырғызады. Бірақ оның билігі баянды болмай, 620 жылы жаз айында жұмбақ жағдайда қайтыс болады. Оның өлімі туралы «Синь Таншу» жылнамасында «(Шора қаған) Бинчжоуды (билікке енді ғана келген Тан әулетінен) тартып алмақ болып, жауырын қаратып еді, болжал сәтті болмады... Үш күн бойы қанды жаңбыр жауды, елдегі ит біткен түнімен ұлып шықты. Оның себебі анықталмады. Сонымен, (Шора қаған) ауырып қалды. (Қытай қызы И-чэн) ханшайым бес дәрілік минералдың ұнтағын жегізіп еді, көп ұзамай күйдіргісі асқынып, өлді»[18, 6029 б] делінсе, «Цзю Таншу» жылнамасында «Шібір қағанның інісі Ел шад ағасының орнына отырып, Шора қаған атанды... (Қытай сарайы) тағыларға жақсы мен жаманды тәптіштеп түсіндірмек болып, елшілікке Чжэн Юаньшуды жіберді. Бірақ Шора қаған (сарайдың ұсынысын) қабыл алмай, қалың қолымен Тайюань шаһарын шабуға шықты... Жол үстінде Шора ауырып, дертіне шипа табылмады. Қарауындағылар Чжэн Юаньшу у бергізді деп күдіктеніп, оны қайтармай ұстап қалды. Шора сонан өлді»[19, 2379 б] делінеді.
Шора қағанның деректермен расталған екі ұлы бар, бірі біз сөз етіп отырған бітіктастың иесі Ашина Момо, енді бірі қытай тарихындағы әйгілі қолбасылардың қатарында аталатын Ашина Шээр (阿史那社爾).
⌠12⌡ 單于 – Ғұн әміршілерінің ресми титулы қытайлық әдебиеттерде 撐犁孤塗單于 (чэнли гуту чаньюй) деп көрсетілген. Мұндағы 單于 сөзі жеке қолданылып та ең жоғары әміршінің лауазымды атағын білдірген. Сөздің тура мағынасы: кең, байтақ, дарқан. Сиратори Куракити оны žengiz деп оқып, тұңғыс тілдерімен байланыстырады[1, 170 б]. Гинпу Утиданың пікірінше, 單于 иероглифтері ескі қытай тілінде targü деп дыбысталған, ол моңғол тіліндегі delgüü (жайылған, керілген, созылған) сөзімен орайлас болуға тиіс[1, 170 б]. Түркітанушы Джерард Клосон оны көне түрік тіліндегі yabγu сөзінің ескі нұсқасы деп болжайды[20, 182 б]. Ал қытайтанушы Эдвин Пуллибланк бойынша, ерте ғасырларда dānɦwɑ̄ɦ болып оқылатын бұл сөз түрік-моңғол тілдеріндегі tarqan атағымен байланысты болуы ықтимал[20, 183 б]. Егер сөз төркінін түркі тілдеріне ортақ tar- (таралу, жайылу, кеңею) деп болжасақ, онда бұл түбірге -γa/-γï жұрнағы жалғану арқылы кең, жайылған мағынасын білдіретін tarγa немесе tarγï сөзі жасалуы лингвистикалық тұрғыдан өте қисынды. Бұл сөз ғұндардан сяньбилерге, сяньбилерден жужандарға ауысу барысында өзгеріске ұшырап, сөз соңына -n дыбысы қосарланған секілді. Сөйтіп, Дала тарихының түркілік кезеңінде ол tarqan тұлғасына орнығып, ерекше әскери еңбегі немесе адал қызметі үшін берілетін жоғары атақ, кей ретте салықтан босатылған ерікті адам мағынасында жұмсалған. Қазіргі қазақ тілінде бұл сөздің дарқан (кең, аялы; жомарт; шебер), тархан (ханға сыйлы, елге еңбегі сіңген тұлға) және Тарғын (кісі есімі) нұсқалары қолданылады.
⌠13⌡ 盧山 – Дұрысы: 廬山. Кейде 匡山、匡廬 деп те аталады. Оңтүстік Қытайдағы Цзянсу провинциясының Цзюцзян қалалық округының аумағында, Янцзы өзенінің бойында орналасқан. Ең биік нүктесі – Ханьян шыңы, теңіз деңгейінен биіктігі 1473.4 метр. Лушань тауы мінгескен шыңдарымен, құлама сарқырамаларымен, бітік өскен орман-тоғайымен танымал. Ол Қытайдағы ең көрікті һәм киелі таулардың қатарында аталады. ЮНЕСКО-ның «Әлемдік мұралар тізіміне» енген[9, 1447].
⌠14⌡ 昂宿 – Ежелгі қытай астрономиясындағы жиырма сегіз зодиак шоқжұлдызының бірі. Кейде 髦頭 (Жүнді бас) немесе 旄頭 (Жалау басы) деп те аталады. Бас жұлдызы қазіргі түсініктегі Торпақтың құрамына кіреді. Қытай аңызы бойынша, Хань дәуірінде өмір сүрген атақты саясаткер Сяо Хэ (б.з.д. 257-193 жж.) Жүнді бастың нұрынан жаралыпты. Белгілі, танымал тұлғаларды жұлдыздың сәулесінен жаралған деп дәріптеу осыдан шыққан. Біз қазіргі қытай тілінде үркер жұлдыздарының 昴宿星团 (mǎoxiù xīngtuán) деп аталатынын ескеріп, аудармада осылай қолдандық. Анығында мәтіндегі 昂宿 мен біздің ұғымымыздағы үркер тең емес.
⌠15⌡ 抗節與寒松比貞,致果共晨風競爽 – Баспа-бас аудармасы: табандылығы қыстың күнгі қарағаймен пәктік таластырып, жеңімпаздығы таңғы қаршығамен сайысқа түскендей еді. Біз оқырманға ұғымды болу үшін қарағайдай қайсар, қаршығадай қыран деп аудардық.
⌠16⌡ 夷落 – Тура мағынасы: и тайпалары. И, дәстүрлі түсінік бойынша, қазіргі Шығыс Қытай аймағын мекен еткен жат халықтар. Жүре келе бұл иероглиф бөтен, жат, шет халықтар мағынасына ауысқан.
⌠17⌡ 名王 – Тура мағынасы: танымал княздар. Бұл жерде тайпа көсемдері меңзеліп тұр.
⌠18⌡ 覘風雨 – Тіркестің баспа-бас мағынасы: жел мен жаңбырды бақылау. Қытай тілінде жел мен жаңбыр тіркесінің тар жол, тайғақ кешу, ауыр хал; өсек-аяң деген ауыспалы мағыналары да бар. Біз мәтіннің мәніне қарай «замананың қас-қабағын барлау» деп аудардық.
⌠19⌡ 來儀 – Ескі әдебиеттерде көбінесе 鳳凰 (қытай мифологиясындағы киелі құс, самұрық немесе феникс) сөзімен қатарласа қолданылып, әу баста киелі құстың көркем биі, кейінірек алыстан ат терлетіп жеткен ардақты жан, қайраткер тұлға деген мағыналарды білдірген. Біз аудармада оқырмандарға түсінікті болу үшін «самұрықша қанат жазу» деп қазақшаладық.
Ашина Момоның Қытаймен қарым-қатынасының қалай басталғаны жайлы «Синь Таншу» жылнамасы келесідей дерек ұсынады: «Ілік қаған Бағадыр шад аталып тұрған шағында ордасын Уюань аймағының солтүстік бөлігіне қондырды. Сюэ Цзюй (Суй әулетінің соңғы жылдарындағы көтеріліс жетекшілерінің бір) Пинлян қаласын алып, (Ілікпен) байланысты. Император (Гао-цзу олардың одақтасуынан) қауіптеніп, Юйвэнь Синь арқылы Ілікке сыйлықтар жіберді, сөйтіп, (Сюэ Цзюй екеуінің) арасына сына қақты. Суй (әулетінің соңғы жылдарындағы аласапыран кезеңде) Уюань аймағының басшысы Чжан Чансун қарауындағы бес қаламен жабайы (түріктерге) берілген болатын. Юйвэнь Синь (Ілікке) Уюань аймағын (иесіне) қайтару жайлы кеңес берді, (Ілік бұл ұсынысты) құп көрді әрі Цинь князінің (Ли Шиминь) қолымен бірігуге өзінің және Чжан Чансунның сарбаздарын жіберді. Тақ мұрагері Ли Цзяньчэн Фэнчжоу аймағын таратып, Юйчжун өңірін (түріктерге) беруді ұсынды. Сонымен Шораның ұлы Юйшэ шад (Ашина Момо) қарауындағы он мың түтінді Сары өзеннің түстігіне қондырды, Линчжоу шекаралық бекініске айналды»[18, 6029 б]. Дәл осы оқиға «Цэ фу юань гуй» жылнамасында былай хатталған: «Фэнчжоу аймағы ит арқасы қиянда жатыр, ілгеріде Түріктерге қараған, (сондықтан жергілікті тұрғындар далалықтармен) тығыз қарым-қатынас жасап келеді, оған шектеу қою мүмкін емес. Тақ мұрагері Ли Цзяньчэн Фэнчжоу аймағын таратып, қала-кенттерді босатып, қараша халықты уақытша Линчжоу аймағына көшіруді, Уюань және Юйчжун аймақтарын (түріктерге) беруді ұсынды. Сонымен Түрік (қағанаты) Шораның ұлы Юйшэ шадты қарауындағы он мынан астам түтінмен Сары өзеннің оңтүстік өңірін қоныс етуге жіберді, Линчжоу шекаралық аймаққа айналды»[21, 11469 б]. Келтірілген деректерден белгілі болғандай, Ашина Момо шамамен 618 жылы түрік-қытай арасындағы келісімшартқа сәйкес қағанатқа қайтарылған ата қонысқа – қазіргі Му-Ус шөлінің оңтүстік жиегіндегі шұрайлы алқапқа ел-жұрттың аманатын арқалап көшіп келеді.
622 жылы Тан әскері Уюань аймағын қайта басып алды, бірақ, 626 жылға дейін Сары өзеннің оңтүстігіндегі тарихи Хэнань өңірі іс жүзінде Ашина Момоның иелігінде болды. 629 жылы Ашина Момо қарауындағы тоғыз іркін елмен Тан әулетіне беріледі. Оның жайы қытайлық жылнамада былай баяндалады: «Түріктерден береке кетті. Юйшэ шад Ашина Момо ел-жұртымен Сары өзеннің оңтүстігіне көш түзеді. (Тан елінің қолбасшысы) Лю Лань олардың арасына ірткі салып, бір-біріне жауықтыра түсті. Ілік қаған шынымен Момодан секем алды. Сөйтіп, Момоны үрей биледі. Ілік қаған оның соңынан қуғыншы жіберді. Лю Лань өз қолымен қуғыншылардың жолын кесіп, бетін қайтарды»[19, 2524 б]. Демек, Дала халықтарын тізе бүктіру жолында Тан империясы қолынан келгеннің бәрін істеген, ең сүйікті тәсілдердің бірі – саяси элита арасындағы араздықты өршіту, оларды бір-біріне айдап салу болған.
⌠20⌡ 上大將軍 – Әскери атақ. Қытай тарихында алғаш Үш патшалық кезеңінде өмір сүрген әскербасы Лу Сюнь (183-245 жж.) Жоғары бас қолбасшы атағымен жарылқанды. 575 жылы Солтүстік Чжоу әулетінде Бас қолбасшыдан жоғары тұратын лауазымды әскери қызмет ретінде танылған. Суй әулеті билікке келгенде екінші санаттағы штаттық, бірақ номиналды қызмет саналған. 624 жылы Тан империясы Жоғары бас қолбасы шенін жеке тұлғаға сіңірген еңбегі үшін берілетін, бірақ нақты билігі жоқ құрметті атақ деңгейінде бекітті[22, 54 б].
⌠21⌡ 右屯衛將軍 – Әскери лауазым. Суй империясы 607 жылы Оң командалық штабты Оң тұрғауыл кеңсесі деп қайта атап, Сол және Оң тұрғауыл қолбасылардың дәрежесін үшінші санаттағы шенеуніктермен теңестірді. Олар Бас қолбасының жұмысына жәрдемдесіп, империялық күзеттің сайыпқырандар аталған бөлігін басқарды[22, 233 б]. «Цзю Таншу» жылнамасы бойынша, Ілік қаған талқандалған соң, оның ел-жұрты бөлшектеніп кетеді, бір бөлігі сюеяньтоларға қосылады, бір бөлігі Батыс Түрік қағанатына көшеді, енді бір бөлігі Қытай сарайына бодан болады. Бағын түріктерді жайғастыру мәселесі бойынша Қытай сарайында алқалы кеңес өтіп, император Ли Шиминь ақырында Вэнь Яньбоның ұсынысын қабыл алады. «Шофан жерінде төрт губернаторлық құрылып, Іліктің жері алты аймаққа бөлінді... (Түріктердің) игі-жақсылары қолбасы, чжунлан (сарай күзетінің сардары) секілді жұмысқа тартылды. Жүзге жуық адамға бесінші санаттан жоғары лауазымды қызмет берілді. Мыңдаған (түрік) отбасы Чанъаньға көшіп келді»[19, 5163 б]. Ашина Момо да осы кезеңде Жоғары бас қолбасы деген номиналды лауазымнан Оң тұрғауыл қолбасы деген нақты қызметке көтерілген болу керек.
⌠22⌡ 肅奉宸居 – Тіркестегі 肅奉 сөзі құрметпен бас ұру, айтқанына көніп, айдағанына жүру, ал 宸居 сөзі императордың тұрағы мәнісінде қолданылады. Тан әулетіне бағынған түрік ақсүйектері сарай күзетіне көбірек тартылған. Ілік қаған тұтқындалып, жүз мыңдаған дала тұрғыны империяға берілгеннен кейін, оларды қалай орналастыру туралы сарайда өткен алқалы жиында хатшылық басшысы Вэнь Яньбо «Ежелгі данагөй әміршілер адам баласын алаламай, барлығын бірдей тәрбиесіне алған екен. Бүгінде аш-жалаңаш түріктер шыбын жанын бізге аманат етіп отыр. Оларды қорғауымызға алып, ішкі аймақтарға қоныстандырсақ, әмірімізге көндіріп, әдеп пен заңға бейімдесек, біраз жылдан кейін олар шаруақор егіншілерге айналады. Олардың көсемдерін іріктеп, көптеуілдік қызметке жіберсек, айбатымызды танып, қамқорлығымызды жадында түйсе, бізге қандай қатер төндіре алсын?» [19, 5163 б] деп кеңес береді. Тайцзун оның ұсынысын қабыл алады. Бұл саясаттың дәйекті атқарылғанын Ашина Сымо, Ашина Білге, Ашина Чжун, Ашидэ Шубинь секілді белгілі тұлғалардың қарулы күзетке (көптеуілдік) жұмысқа тартылып, қолбасшылық қызметтер атқарғаны растайды.
⌠23⌡ 由余入秦 – Ю Юй – ежелгі Цзинь елінің тумасы, стратег, дипломат, қолбасы. «Әскери өнер» еңбегінің авторы. Ол Цзинь елінен батыс жун тайпаларының жеріне қашып барады. Батыс жун билеушісі оны Цинь еліне елшілікке жібереді. Ю Юй кейінірек Цинь елінің Мугун князіне беріледі. Оның кеңесінің арқасында Мугун батыс жунның 12 тайпасын тізе бүктіреді.
⌠24⌡ 日磾在漢 – Цзинь Миди (б.з.д. 134-86 жж.) – Ғұнның сюту князінің баласы. Б.з.д. 121 жылы қапыда Хань әскеріне тұтқындалып, императордың қызметінде болады. Лауазымы тәрбиеші-тайфу (селжұқтар еліндегі атабек қызметімен қарайлас, тақ мирасқорларының тәрбиешісі һәм қамқоршысы) дәрежесіне дейін көтерілген.
⌠25⌡ 東嶽 – Қазіргі Қытайдың Шаньдун провинциясының аумағында орналасқан Тайшань тауы ертеде Дунъюэ деп те аталған. Тайшань тауы Цзинань және Тайань қалалық округтерінің шекарасында, ұзындығы 200 шақырым. Ең биік нүктесі Юйхуан шыңы, теңіз деңгейінен биіктігі 1532 метр. Қытайлар үшін Тайшань – жер жүзіндегі бірінші тау, бес киелі таудың маңдай алдысы. Ол қытай мәдениетінің нышаны ретінде дәріптеледі. Ежелгі заманда Қытай императорлары Тайшань тауында көк пен жерге құрбандық шалып, ел мен жұртқа тыныштық, бақ, береке тілеген. 1987 жылы ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне енгізілген.
⌠26⌡ 日觀 – Тайшань тауының ең биік нүктесі – Юйхуан шыңының оңтүстік-шығысында орналасқан жартас, күннің шығуын тамашалауға ыңғайлы болғандықтан Жигуань (Күнқарақ) деп аталған.
⌠27⌡ Бұл жерде Тан әулетінің Тайцзун императоры Ли Шиминьнің 647 жылы келесі жылдың (648) екінші айында Тайшань тауында көк пен жерге құрбандық шалу рәсімі өткізілетіні туралы жарлық шығарғаны меңзеліп тұр. Бірақ сол жылы Хэбэй провинциясының аумағын тасқын су басқандықтан, салтанатты рәсім өтпей қалады[1, 179 б].
⌠28⌡ 西光遽謝 – Баспа-бас аудармасы: батар күннің арайы кілт сөнді. Бұл тіркес қабір иесінің өмірден суыт аттанғанын меңзейді. Алайда құлпытас мәтініне тереңірек үңілсек, екі жылға таяу ауырса керек.
⌠29⌡ 夜臺 – Тура мағынасы: түнгі мұнара. Кейінірек мола, көр деген ауыспалы мағынаға ие болған. Мәтінде өлілер әлемі (陰間) деген мәнде жұмсалып тұр.
⌠30⌡ 貞觀廿三年二月十六日 – 649 жылы (сары Тауық жылы) 3 сәуірге тура келеді. Мәтінде Ашина Момоның 43 жасында өмірден өткені айтылады, демек ол 607 жылы (қызыл Қоян жылы) дүниеге келген.
⌠31⌡ 宣陽之里 – Мәтіннен белгілі болғандай, Ашина Момо Чанъаньға көшіп келгеннен кейін үйелменімен Сюаньян махалласына орналасса керек. Чжу Чжэньхун профессордың жазуынша, Сюаньян махалласы Чанъань шаһарының Чжуцюэмэнь қақпасынан (Оңтүстік қақпа) шығысқа қарай үшінші көшенің бойындағы солтүстіктен бесінші махалла. Момо 629 жылдан 649 жылға дейін Чанъань шаһарында тұрған[1, 180 б].
⌠32⌡ 李氏 – Аты-жөні белгісіз, қытайлық жылнамаларда да ол туралы ешқандай дерек сақталмаған. Дегенмен, Ашина Момоның баласының басына қойылған көртастан белгілі болғандай, Ли ханшайым Тан империясының билеуші әулетінен шықса керек және олар бас құрағанда, ұзату тойы болашақ император Ли Шиминьнің шаңырағында өткен. Ашина Момо мен Ли ханшайым Ли Юань Тайюань аймағында Суй әулетіне қарсы көтеріліске шыққан 617 жылдан Суй императоры Гун-ди тақты босатқан 619 жылға дейінгі аралықта бас құраған болу керек (Ашина Момо бұл жылдары 10-11 жаста болатын). Өйткені Ли Юань көтеріліске шыққанға дейін-ақ өзін Шібір қағанның боданы деп мәлімдеген болатын. Суй және Тан әулеттерінің билігі алмасқан алмағайып кезеңде, Ли Юань үшін түріктердің саяси-әскери қолдауы өте маңызды болғаны анық. Чжу Чжэньхун профессордың пікірінше, Ашина Момоның Ұлы қағандықтан шеттетілуіне оның Тан империясын орнатқан Ли әулетіне күйеу екені себеп болған[1, 192 б]. Бұл сөздің жаны бар. «Цзю Таншу» жылнамасы бұл жайлы келесідей дерек ұсынады: «Шора қайтыс болды. (Шораның қатыны) И-чэн ханшайым ұсқынсыз әрі қайратсыз Юйшэ шадты емес, Шораның інісі Добиды Ілік қаған деген атпен қаған көтерді»[19, 5154 б]. И-чэн ханшайым Суй империясын орнатқан Ян әулетінің, атап айтқанда Ян Сенің қызы. Ол 610 жылы Циминь қағанға ұзатылған. Циминь өлгенде әменгерлік жолымен Шібір қағанға, Шібір өлгенде Шорға қағанға қаратылған. И-чэн ханшайым қағанаттың қатыны болғанмен, Суй әулетіне адалдығын сақтап қалды. Мысалы, Суй әулетінің Ян-ди императоры 615 жылы Яньмэнь бекінісінде түріктің қалың қолының қоршауында қалғанда, И-чэн ханшайым Шібір қағанға «Телелер бас көтерді» деген жалған ақпарат жібереді, суыт хабарға сенген Шібір қаған қалың қолмен кері қайтады. Сөйтіп, Ян-ди император масқара жеңілістен аман қалады. Ли Юань Чанъань шаһарын алып, Гун-ди императорды тақтан тайдырғаннан кейін, И-чэн ханшайым Суй әулетінің билігін қалпына келтіруге барын салды. Шора қаған қайтыс болғанда, егер әке тағына он үш жасар Ашина Момо отырса, оның жұбайы Ли ханшайым (құлпытас мәтіні бойынша Пин-и Сяньчжу) қатын болып жариялануға тиіс. Бұл, әрине, И-чэн ханшайымның мүддесіне қайшы. Сондықтан, ол тақ мұрагері Момоны шеттетіп, Циминь қағанның ұлы Добиды қаған көтереді және жеңгелік жолымен оған күйеуге шығып (бұл оның төртінші некесі), Шығыс Түрік қағанатының сыртқы саясатына өз ықпалын сақтап қалады[1, 192 б].
⌠33⌡ 平夷縣主 – Тан империясында ханшайымдардың дәрежесі үш санатқа бөлінген: 1. Гунчжу (公主) – император қызы (көне түрік тіліне құнчұй тұлғасында ауысқан), Да Чангунчжу (ұлық әз ханшайым, императордың әкесінің әпке-қарындастары) мен Чангунчжу (әз ханшайым, императордың әпке-қарындастарды) да осы санатқа жатады. 2. Цзюньчжу (郡主) – императордың немере қыздары. 3. Сяньчжу (縣主) – билеуші әулеттен шыққан княздердің, императордың қандас тумаластарының қыздары.
⌠34⌡ 貞觀九年正月八日 – 635 жылы (көк Қой жылы) 31 қаңтар. Ли ханшайым қайтыс болғанда, Момо 28 жаста еді.
⌠35⌡ 大唐貞觀廿三年歲次己酉三月乙巳朔十七日辛酉 – 649 жылы 3 мамыр. Ашина Момо осы жылдың 3 сәуірінде қайтыс болды. Сүйегі арада тура бір ай өткенде жер қойнына тапсырылған. «Суйшу» жылнамасы бойынша түріктерде «Кісі өлсе мәйіті киіз үйге жатқызылады. Үй іші мен туыс-туғандары құрбандыққа көбінесе сиыр, жылқы шалады және үйді айнала дауыс салып, беттерін қанжармен тіледі, олардың (көзінен) жас, (жүзінен) қан төгіледі. Осылай жеті мәрте қайталаған соң тоқтайды. Сөйтіп күннің сәтіне қарай сүйекті ат үстіне өңгеріп өртейді де, күлін жинап, жерге көмеді. Қабір басына сайғақ шаншылып, үстіне үй соғылады, қабырғасына марқұмның бейнесі салынып, тірі күнінде өткерген шайқастарының жайы баяндалған суреттер сызылады»[13, 1864 б]. «Чжоушу» жылнамасында келесідей дерек келтіріледі: «Күннің сәтіне қарай марқұмның тірі күнінде мінген аты мен тұтынған заттарын сүйекпен қоса өртеп, күлін жинап алады да кезі келгенде жерге көмеді. Көктем мен жаз айларында қайтыс болған адам шөп сарғайып, ағаштың жапырағы түсе бастағанда, ал күз және қыс айларында қайтыс болған адам гүл бүршік атып, жапырақ жайқалғанда жерленеді»[10, 910 б]. Басқаша айтқанда, көне түріктерде жерлеу рәсімі марқұм көз жұмып, шамамен жарты жылдан кейін орындалған. Бірақ, Ашина Момо небәрі бір айда және өзінен 14 жыл бұрын қайтыс болған марқұм жұбайының қасына жерленген. «Тундянь» жылнамасына сәйкес, қытай дәстүрі бойынша император жеті айға дейін, княздер бес айға дейін, ірі шенеуніктер үш айға дейін жерленуге тиіс және ерлі-зайыптыларды бір қабірге жерлеу конфуциандық этикетке сай келеді[7, 2342 б]. Демек, Ашина Момоны жерлеу тәртібі түркілік жолдан гөрі қытайлық салтқа көбірек бейім секілді. Қытайлық ғалымдардың зерттеуінше, түрік ақсүйектері өмірден өткенде, империяға сіңірген айрықша еңбегіне байланысты кей-кейде сарайдың арнайы рұқсатымен түрік салты бойынша сүйегі өртеліп, күлі жерге көмілген (мысалы Ашина Сымо). Демек, Тан империясына бағынған түріктерде кремацияның жұрнағы сақталғанмен, ол әлдеқашан арнайы рұқсатпен атқарылатын оқшау ырымға айналып үлгерген [23, 187 б].
⌠36⌡ 萬年 – Ежелгі аудан. 558 жылы Чанъань, Бачэн және Бэйшань аудандарының біраз жері жаңа әкімшілік аумақтың құрамына біріктіріліп, ол Ваньнянь үйезі деп аталды. Жер шарасы қазіргі Сиань қаласының солтүстік-батыс аумағында. 583 жылы Дасин деп аталып, Юнчжоу аймағына қаратылды. 618 жылы қайтадан Ваньнянь аталып, астаналық аймақтың құрамына енгізілді[8, 200 б].
⌠37⌡ 龍首鄉 – Көне Сиань қаласының солтүстік іргесінде орналасқан. Хань әулетінен Суй әулетіне дейін Луншоу тауы, ал Тан әулеті билікке келгенде Луншоу жазығы атанды[1, 182 б].
⌠38⌡ 廉藺 – Чжаньго дәуірінде Чжао елінде өмір сүрген Лянь Линь мен Линь Сянжу айтылып тұр. Лянь Линь атағы жер жарған қолбасы, ал Линь Сянжу шанцин (бас уәзір) деңгейіне дейін көтерілген саясаткер, дипломат болған. Саясат майданында үзеңгі қағыстырып, кейін келе қанды көйлек дос болып кеткен екеуінің бал жаласқан ынтымағы қытай әдебиетінде мемлекеттік мүддені қара бастың қамынан жоғары қоя білген адамгершіліктің өнегесі ретінде дәріптеледі.
⌠39⌡ 鴻私 – Ұлы қайырымдылық, теңдессіз мейірім, көбінесе әміршінің қамқорлығы меңзеледі[24, 589 б].
⌠40⌡ 君子 – Батыс Чжоу (б.з.д. 1046 - б.з.д. 771 жж.) және Чуньцю (б.з.д. 770 – б.з.д. 476 жж.) дәуірлерінде элиталық ақсүйектер цзюньцзы (君子) деп аталған. Чуньцю дәуірінің соңғы кезеңінен бастап бұл сөз жоғары адамгершілік қасиеттерге ие кісі, кемел адам, идеал тұлға деген ауыспалы мағынаға ие болған[9, 1201].
Соңғы сөз
Ашина Момоның атасы Ямар жылнамаларда Циминь қаған деген атпен белгілі. Құлпытас мәтіні бойынша, ол Апа шадтың баласы. Ямар бастапқыда Тули қаған деген атпен қағанаттың солтүстік бөлігін басқарады. Ол 597 жылы Суй әулетіне елші жіберіп, қыз айттырады. Қытай императоры Вэнь-ди әулеттің бір қызын Ань-и ханшайым деген атпен Ямарға ұзатады. Бұл Дулань қаған Юнъюйлюйдің наразылығын тудырып, араздық қантөгіске ұласады (Суй әулетінің күткені де осы еді). Батыс Түріктің Тардуш қағанымен одақтасқан Юнъюйлюй Ямарды елден қуады. 599 жылы Чанъань шаһарына қашып барған Ямарды Суй императоры Цили Чжэньдо Циминь қаған (Еллік Синта Қабан қаған) деп танып, Шочжоу аймағына орналастырады. Сол жылы Ань-и ханшайым қайтыс болып, Суй әулеті тағы бір қызын И-чэн ханшайым деген атпен Циминь қағанға береді. Дулань қаған өмірден озып, Тардуш қаған елдегі бүліктен тогондар арасына қашқанда, Циминь қаған Далаға оралып, Суй әулетінің жәрдемімен Шығыс Түріктің Ұлы қағаны болып жарияланады. Шамамен 610 жылы өмірден өтеді.
Оның орнына үлкен ұлы Доцзи отырып, Шібір қаған атанды. Ол әкесінің жесірі, император қызы И-чэн ханшайымды әміріне алды. 615 жылы Шібірдің қалың қолы Қытайдың Ян-ди императорын Яньбэй бекінісінде қоршауға алды, алайда И-чэн ханшайымның айласының арқасында Суй әулеті масқара жеңілістен аман қалды. Суй әулетінің соңғы жылдарында, Шібір қаған Сюэ Цзюй, Ван Шичун, Лю Учжоу, Лян Шидоу, Доу Цзяньдэ секілді көтеріліс жетекшілеріне үнемі қолдау көрсетіп отырды. Болашақ Тан империясының негізін қалаған Ли Юань да Тайюань қаласында көтеріліске шыққанда, Шібір қағанның көмегіне арқа сүйеді.
Шібір қаған 619 жылы өмірден өтіп, інісі Сичунь Шора қаған деген атпен таққа мінді. Ол Ұлы қаған болып жарияланғанға дейін қытайлық Ли әулетінің (болашақ Тан империясының негізін қалаушы) қызына үйленген-ді. Қаған атанғаннан кейін, И-чэн ханшайымды жеңгелей алды және Суй әулетінің билігін қайта орнату сылтауымен іргесі енді қаланып жатқан Тан империясына қарсы соғыс ашты. 620 жылы түріктің қалың қолы Қытайды шаппақ болып аттанған ұлы жорық үстінде Шора қаған жұмбақ жағдайда көз жұмды. Оның соңында Момо және Шээр деген екі ұл қалды.
Момо 607 жылы туған. Болашақ Гао-цзу император Ли Юань Тайюаньда көтеріліске шыққан 617 жылдан Суй императоры Гун-ди тақты босатқан 619 жылға дейінгі аралықта, Шібір қаған мен Ли Юань ортасындағы одақтастық келісімге орай, Ашина Момо он немесе он бір жасында Ли тегінің бір қызына (болашақ Пин-и сяньчжу) үйленеді. Алайда одақтастық қажетімен бекітілген бұл неке оған саяси ұпай бола алмайды. Шора қаған өмірден озғанда, қағанатта мәртебесі асқақтап тұрған қытай қызы И-чэн ханшайым Дала жауынгерлерінің күшімен Суй әулетінің билігін қалпына келтіру мақсатында, Тан әулетіне күйеу болып келетін Юйшэ шад Момоны ұсқынсыз әрі қайратсыз деген желеумен тақтан шеттетіп, Ұлы қағандыққа Шора қағанның інісі Добиды көтерді.
Шібір қағанның кезінде жасалған түрік-қытай келісіміне сай, Момо шамамен 618 жылы елу мыңдай адаммен Сары өзеннің түстігіндегі (Хэнань) Уюань өңіріне көшіп келіп, Сячжоу аймағын бақылауына алды. Сячжоу ежелден Хэтао алабынан (Ордос) Чанъань шаһарына бағытталған стратегиялық дәліз ретінде белгілі. Шора қаған 620 жылы Тан империясына қарсы Ючжоу, Бинчжоу, Яньчжоу және Юаньчжоу бағыттарында әскер жүргізгенде, Яньчжоу бағытындағы қалың қолды Момо мен Лян Шидоу басқарады[2]. Демек, не бәрі он бір жасында шад атанып, қол бастаған Момо Хэтао өңірінің жағдайына бес саусағындай қанық болу керек. Қытайлық жылнамалардағы осы дерек Көлтегін бітіктасындағы «Көлтегін он жасында Ұмай текті шешеміздің бағына ер атанды» деген сөйлеммен үндес және ежелгі түрік мәтіндерінің дереккөз ретіндегі шынайылығы мен дәлдігін енді бір қырынан нақтылай түседі.
Ілік қаған билік құрған алғашқы жылдары Момо ел-жұртымен Уюань өңірін қоныс етті. Ол 622 жылы Лян Шидоумен бірге Қытайдың Линчжоу аймағын жаулап алуға аламан қол жіберді, бірақ жорық сәтсіз аяқтап, Момоның елі Уюань алабын босатуға мәжбүр болады. Қытайлық тарихшы У Юйгуй профессордың зерттеуі бойынша, Ілік қағанның Тан әулетіне қарсы ұйымдастырған бірқатар әскери операцияларынан Момо шет қалады, бұл көке мен іні арасындағы билікке таластың көрінісі-тұғын[25, 159-163 б]. Момоның бақылауындағы Сячжоу өңіріне бекінген түрік жасағы Ілік қағанның әміріне бағына бермеген, тіпті кейде Тан әулетімен уақытша одақ та құрған[2]. Шамамен 626 жылы Юйшэ шад Момо Хэтао өңіріне оралады. Жылнамада бұл жайында «Ондаған мың атты жасақпен Хэнань өңіріне бекінген түріктің Юйшэ шады қорғаннан бері өтіп, Учэн бекінісін қоршауға алды»[26, 6007 б] делінеді. Алайда Тан әскерінің қайтарма шабуылынан ауыр соққы алып, есеңгіреп қалған Момо көкесі Ілік қағанның билігін мойындауға мәжбүр болады. Сөйтіп, Ілік қағанның Гаолин алабы арқылы Чанъань шаһарына қарай жүргізген ұлы жорығына Момо да ат салысады.
Алайда жорық сәтті болды деп айту қиын. Ли Шиминь түрік элитасының арасындағы ашық араздықты шебер пайдаланып, Дала қолын соғыссыз кері қайтарады. Осы жайында оның «Байқап қарасам, түрік қолының қарасы көп болғанмен бірлігі бекем емес екен. Әміршісі мен қолбасыларының көздегені олжа ғана. Бітім жайлы келіссөз кезінде қағаны өзеннің батысында жалғыз қалды да, тарқан-бектері жапатармағай маған дидарласуға келді. Егер осындайда тап берсем, оларды жеңу шірік ағашты жыққаннан да оңай еді... Алайда соғысты қаламадым. Сондықтан қару-жарақты жасырдым да, алтын-күміс мен торғын-торқаны аямадым. Көксегеніне қолы жетсе, ат басын өздігінен кері бұрмақ, көңілі тасып асқақтап, қорғанысқа немқұрайлы қарамақ. Әрі қарай күш жинақтап, сәті келгенде оларды жермен жексен етеміз»[26, 6020 б] дегені бекер емес-ті.
Ағайын арасындағы араздық ақыры ел іргесінің сөгілуіне түрткі болды. 628 жылы Момо ел-жұртымен Сары өзеннің түстігіне көш түзеді. Қытайдың жергілікті билігі қаған мен шад арасындағы жанжалды отқа май құйғандай өршіте түсті. Ақыры көңіл енжарлығы ашық қақтығысқа жалғасып, оған Қытай сарайы араласты: кәнігі, әккі тәсілге сай жақтасы аз, күші әлсіз Ашина Момоға сарай тарабынан әскери, саяси қолдау көрсетіліп, қуғыншы қолдың беті қайтарылды. 629 жылы Момо тоғыз іркін елмен Тан империясына берілді.
Момоның інісі Шээр де 11 жасында шад атанып, Юқұқ шатпен бірге теле, қырғыз, тоңра тайпаларын басқарды. Бірақ сюеяньто және ұйғыр тайпаларының бүлігі салдарынан елден кетіп, шамамен 628 жылы Қаған-пагода қаласын (қазіргі Шығыс Түркістандағы Жемсары ауданының аумағында) басып алып, өзін Дубу қаған деп жариялайды. Оның сюеяньто бүлігіне қарсы күресі нәтиже бермейді. Қуатты сюеяньто билігіне қарсы күресте әлдеқашан елеулі күшке айналған Тан империясына арқа сүйеуді көздеген ол 636 жылы сарайға беріледі. Қытай сарайы оған Сол тоқсауыл Бас қолбасы шенін береді. Көп ұзамай Тайцзун императордың қарындасы Хэнъян ханшайымға үйленеді.
Құлпытас мәтінінде «Әскери күзетті басқарып, император резиденциясын қызғыштай қорыды, лауазымды қызметте ерен еңбегімен көзге түсіп, атқарған жұмысында адалдығымен назарға ілінді» деп дәріптелгеніне, мәртебесі ежелгі ғұн ханзадасы Цзин Мидимен теңестірілгеніне қарамастан, империяға мойын ұсынған өзге түрік ақсүйектерімен салыстырғанда, Момо императордың сеніміне кіре алмаған секілді. Мысалы, Тули қаған Шибоби Бэйпин Цзюньван (Бэйпин князі), Ашина Суниши Хуайдэ Цзюньван, Ашина Сымо Хуайхуа Цзюньван атанып, Ілік қаған өлгеннен кейін Ақжол княз деп танылған еді. Әрине, бұның барлығы елдігінен айрылған түрік элитасының көңілін орнықтыру үшін жасалған саяси айла болғанмен, қалың көпке үлестірілген «құр атақтан» қара көктің тұқымы Момоның шет қалуы таң қаларлық жағдай. Түрік ақсүйектеріне қарауындағы ел-жұртымен «ноқталы аймақтарға» орналасуға рұқсат берген, тіпті ежелгі қонысына қайтуға жағдай тудырған «рақымшылық саясат» та Ашина Момоны айналып өтеді. Ол сарай күзетіндегі үшінші деңгейлі лауазымды қызметте табаны күректей 20 жыл отырады, іс жүзінде ол түрік тайпаларын бас көтермеуге мәжбүрлеу мақсатында кепілге алынған тұтқын еді[2]. Басқаны айтпағанда, туған інісі, империяға өзінен 7 жылдан кейін берілген Ашина Шээрге сарайдың көрсеткен қолдауы мен арқтан сенімі оны жолда қалдырады. Шээр сарай күзетіндегі лауазымды қызметпен ғана шектелмей, шет елдерге, мысалы Когурё мен Далаға жүргізілген ірі жорықтарда жеке құрамға қолбасшылық етіп, ерлігімен, шешімгерлігімен көзге түседі. Әскери қызметтен бөлек, сыртқы саясатқа жауап беретін Мәмілегерлік мекемесін де басқарады[1, 190 б]. Момо 649 жылдың сәуір айында қайтыс болғаннан кейін ғана, бұрын оның қарауында болған рулар жаңа әкімшілік бірлік – Юйшэ аймағына қайта қоныстандырылып, Динсян губернаторлығының басқаруына беріледі. Жаңа аймақ Момоның Юйшэ шад деген түркілік атағының құрметіне аталған, соған қарағанда, бұл оның қолы жеткен ең мәртебелі атақ болуға тиіс. Біздің болжауымызша, оның императордың сеніміне ие бола алмауының жалғыз себебі бар – Момо он жылға таяу уақыт шегінде ел-жұртымен Хэнань (Сары өзеннің түстігі) алабын жайлап, шекаралық аймақтың қыры мен сырына бес саусағындай қанық болған еді. Сондықтан, жөні бойынша Ілік қағаннан кейінгі тақ мұрагері Момоның империя үшін әрқашан сенімсіз, тіпті қауіпті тұлға ретінде қарастырылуы заңды да.
Тан императоры Тайцзун Тайшань тауында көк пен жерге құрбандық шалу және құлшылық жасу рәсімін өткізу туралы 647 жылы жарлық түсіреді. Ашина Момо шеттегі қытайлық емес вассалдық аймақтардың өкілі ретінде императормен бірге Тайшань тауына сапар шегуге ұйғарылады[2]. Уақыты келесі жылдың екінші айына белгіленген салтанатты рәсім Сары өзеннің тасуына байланысты өтпей қалады. Ашина Момо 649 жылы сәуір айында Чанъань шаһарында 43 жасында өмірден өтті, сүйегі қытай дәстүріне сай бір айдан кейін өзінен ондаған жыл бұрын қайтыс болған бәйбішесі Пин-и сяньчжу Ли ханшайымның жанына, Ваньнянь ауданының Луншоу ауылындағы қорымға қойылды.
Қорыта айтқанда, құлпытас мәтіні Түрік қағанатының билеуші ашина әулетінің ататек шежіресі, Тан империясының «ноқталап басқару» саясатының алғашқы кезеңі, Тан империясының іргесін қалаған Ли әулеті мен ашиналар арасындағы саяси-әскери одақтастық қатынастар жайлы тың дерек ұсынуымен құнды. Әсіресе Момоның туған баласы Уши мен немересі Цзынуға арналған құлпытастардың да табылып, ғылыми айналыға енуі Шығыс Түрік қағанаты құлағаннан кейін билеуші әулеттің басынан өткен қилы тағдырға анық көз жеткізуде, Тан империясы ұстанған «ноқталап басқару» саясатының жалпы үрдісін жан-жақты зерттеуде, империяға берілген түрік ақсүйектерінің қытайылану үдерісін ой көзімен шолуда айрықша мәні бар дереккөздер топтамасын ұсынады. Аталған деректерді қазақ тілінде сөйлетіп, отандық тарих ғылымының игілігіне жарату, біздің ойымызша, өте-мөте маңызды.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. 朱振宏. 阿史那摸末墓志笺证考释. 《唐史論叢》第15輯. 西安:陝西師範大學出版社, 2012
2. 葛承雍.東突厥阿史那摸末墓誌考述.《中國邊疆史地研究》2003年第1期
3. 丁福保. 佛學大辭典. 台北: 華藏淨宗學會, 2012
4. 李延壽. 北史. 北京:中華書局,2012
5. 楊富學、高人雄:突厥佛教盛衰考.《南都學壇》(人文社會科學學報)2003年第2期
6. Эдуар Шаванн. 續高僧傳·闍那崛多傳箋注.《中國文史研究——國際漢學譯叢》第2輯. 北京: 學苑出版社, 2023
7. 杜佑. 通典. 北京: 中華書局, 1988
8. 戴均良等. 中國古今地名大詞典. 上海: 上海辭書出版社, 2005
9. 辭海. 上海:辭書出版社,2009
10. 令狐德棻. 周書. 北京:中華書局,1971
11. Такигава Сукэнобу. 史記會注考證. 北京:文學古籍刊行社,1955
12. 荀子新註. 北京: 中華書局, 1979
13. 魏徵. 隋書. 北京:中華書局,2011
14. 岑仲勉. 突厥集史. 北京: 中華書局, 1958
15. Икэда Томомаса. 6世紀末葉における突厥可汗の系譜と継承. 東洋学報 82 (1), 2000-06
16. 林光明. 梵漢佛教語大辭典. 台北: 嘉丰出版社, 2011
17. Радлов, В. В. Опыт словаря тюркских наречий. Том II часть 1. Петербург: 1899
18. 歐陽修,宋祁. 新唐書. 北京:中華書局,2013
19. 劉昫. 舊唐書. 北京:中華書局,1975
20. E.G. Pulleyblank. 上古漢語的輔音系統. 北京: 中華書局, 1999
21. 王欽若等. 冊府元龜. 南京:鳳凰出版社,2006
22. 呂宗力. 中國歷代官制大辭典. 北京:商務印書館,2015
23. 劉永連. 突厥喪葬風俗研究. 桂林: 廣西師範大學出版社, 2012
24. 古代漢語詞典. 北京:商務印書館,2005
25. 吳玉貴. 突厥汗國與隋唐關係史研究. 北京: 中國社會學院出版社, 2007
26. 司馬光. 資治通鑑. 北京,中華書局,1976
Ерлан Мазан