Қазақстанда тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі ұйымдардың қызмет қағидалары бекітілді.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тиісті бұйрығы шықты.
Құжатқа сәйкес, мұндай ұйымдар жергілікті атқарушы органдардың шешімімен құрылып, коммуналдық мемлекеттік мекеме нысанында жұмыс істейді.
Ұйымдардың негізгі міндеттеріне өңірдегі тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау және сақтау, ғылыми-зерттеу, есепке алу және мониторинг жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ оларды тиімді пайдалану бойынша шараларды әзірлеу және іске асыру кіреді. Сонымен қатар тарихи-мәдени мұра мәселелері жөніндегі арнайы комиссия құру және жаңа монументалды өнер нысандарын айқындау бойынша құжаттар әзірлеу қарастырылған.
Ұйымдар уәкілетті орган бекіткен жоспарларға сәйкес археологиялық және құтқару-қорғау жұмыстарын жүргізеді.
Негізгі бағыттардың қатарында есептік және ғылыми құжаттаманы жүргізу (есеп карточкалары, паспорттар, қорғау аймақтарының материалдары), ескерткіштердің техникалық жай-күйін жыл сайын тексеру, сондай-ақ оларды жергілікті және республикалық маңызы бар мемлекеттік тізімдерге енгізу бойынша ұсыныстар дайындау бар.
Сондай-ақ ұйымдар қорғау аймақтарын белгілеу, аумақтарды пайдалану режимдерін әзірлеу, қорғау шарттарын жасау, көрмелер, дәрістер мен экскурсиялар ұйымдастыру, ғылыми, білім беру және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау жұмыстарымен айналысады.
Құжат 2026 жылғы 4 мамырдан бастап күшіне енеді.
Мәдениет министрлігі тарихи-мәдени сараптама жүргізу қағидаларына өзгерістер енгізу туралы бұйрық жобасын қоғамдық талқылауға ұсынған болатын.
Жоспарға сәйкес, биыл мынадай маңызды нысандарда қазба жұмыстары жүргізіледі:
- Сығанақ қаласының некрополі (Қызылорда облысы);
- Қаратау жартас суреттері (петроглифтер);
- Қимақ қағанаты кезеңіне жататын Байдала мен Боброво қорымдары (Павлодар облысы).