Ашина Сымоның құлпытасы және өмір жолы

Автор:
29.09.2025
5423
Ашина Сымоның құлпытасы және өмір жолы - e-history.kz

Қытай деректерінде Ли Сымо деген атпен белгілі Ашина Сымо (583-647 ж.ж) дала-қытай қарым-қатынастарының тарихындағы көрнекті тұлғалардың бірі. 630 жылы Шығыс Түрік қағанатын қытайлар жаулап алғанда, Ілік қағанмен бірге император сарайына бас иген ақсүйектер қатарында Сымо да болған. Қытай императорының ықыласына бөленіп, сарайда лауазымды қызметтер атқарған Сымо 639 жылдан 644 жылға дейін Шығыс Түріктің қағаны деп жарияланды. 

Оның өмір жолы «Цзю Таншу» және «Синь Таншу» жылнамаларының түріктер туралы бөлімінде арнайы тілге алынған. Алайда деректердің күңгірт тұстары жоқ емес. Өте-мөте оның ата тегі жайлы қытайлық дереккөздер ұсынған мәліметтер шалағай. 1992 жылы қазан айында Қытайдың Шэньси провинциясының Лицюань үйезіндегі Чжаолин ауылының аумағынан Ашина Сымоның моласы табылып, қазба жұмыстары жүргізілді. Қабірден шыққан құлпытас тарихи тұлғаның ататек шежіресі мен өмір жолын жылнамалық деректермен ұштастыра отырып зерделеуге мүмкіндік берді. 

Біз құнды ескерткіштің физикалық сипаттамасын және қазақша аудармасын жасағанда, Чжаолин музейінің дайындауымен Қытайдың Саньцинь баспасынан 1993 жылы жарық көрген «Чжаолин бітіктастары» (昭陵碑石) еңбегіне енген Сымо құлпытасының эстамбы мен мәтінінің көшірмесіне сүйенгенімізді айрықша атап өтеміз. 

1. Сымо құлпытасының аудармасы

Сымо құлпытасы екі бөліктен – қақпақтас пен бітіктастан құралған. Қақпақтас шаршы пішінді, қалыңдығы шамамен 8 cm, табандарының ұзындығы 64 cm. Тас бетіне «唐故右武衛將軍曾兵部尚書李君銘志» (Тан империясы Оң қарулы күзетінің Бас қолбасшысы және әскери уәзір лауазымының иесі марқұм Ли дегдардың құлпытасы) деген 16 иероглиф ойылып, 4 қырына төрт киелі жануардың (көк аждаһа, ақ жолбарыс, қызыл қыран және қара тасбақа) бейнесі шекілген. Бітіктастың қалыңдығы 13 cm, табандарының ұзындығы 64 cm, құлпытас мәтіні 34 жолдан, толық жолдар 35 иероглифтен тұрады, кайшу үлгісімен (иероглифтердің жарғылық нұсқасы) жазылған. Тастың төрт қырына он екі мүшелдің бейнесі шекілген. 

Құлпытас мәтінінің аудармасы келесідей:

Ұлы Тан (елінің) Оң қарулы күзетінің Бас қолбасшысы[1], әскери уәзір лауазымының иесі[2] (және қайтыс болғаннан кейін) Шунь[3] (атағымен жарылқанған) марқұм Ли дегдардың құлпытасындағы арнау мен баян[4]

Мырзаның аты Сымо, асыл тегі ашина әулетінен, Иньшань[5] тауының тумасы. Биік мәртебесі Тяньшань тауында[6] ел іргесін қалаған Чуньвэйден[7] бастау алып, арғы заты Ханьхайда[8] ата даңқын жаңғыртқан Модудан[9] тарайды. Ағашты керту, арқанды түю арқылы (ел-жұртқа) жарлық ету ықылым заманнан бері жалғасып келеді. (Арғы аталар) ет жеп, қымыз ішіп[10], әдет-ғұрыпты әлмисақтан киелі тұтыпты. Солтүстік (аймақта) үстемдік құрып, мерейі көкке жетіпті; (ұрыс кезінде) айдың толғанын күтіп, ысқырма жебені (қарша боратыпты). Ұлы құрылтайда[11] сөз байласып, қоңыр күзде[12] садағын сайлап (жорыққа аттаныпты). Бабасы Іллік қаған[13] далалық өлкені қаһарымен жасқап, Ланван аймағын[14] ізгі қасиетіне (бас изетіпті), солтүстікте цюйшэлерді[15] тізе бүктіріп, шығыста бейтарап өңірді[16] тартып алыпты. Атасы Даба қаған[17] Сяогуань бекінісін[18] сан дүркін шауып, күнбатыс (аймақтарға) маза бермепті; Кунтун тауына[19]  арқа тіреп, (Тәңір) еркесі атаныпты; Чанхай қамалында [20] бөгеуіл құрып, әскерді жалғыз өзі билеп-төстепті. Әкесі Дуолу шад[21] қаһарымен далиді[22] тітіретіп, айбатымен кіші юэчжиді[23] тізерлетіпті; Көшпенділер жұртына ерлігімен танылып, тонды (халықтардың) әміршісіне еңбегімен белгілі болыпты. Мырза үркердің сәулесінен жаралғандай қаракөк әулетте өмірге келді, өнері мен парасаты бойына сыймай, жан жылуы жүректерге шуақ септі. Көңілі айдын көлдей кең болғандықтан, жақсы атағы алыс-жуыққа мәшһүр болды; пейілі күміс қоңыраудай таза болғандықтан, мәртебесі күннен күнге биіктей берді. Сүбіктер[24], асқар тауға қонған шаң секілді, оның ақыл-айласына бас иетін, хуяньдер[25], ұлы дарияға қосылған бұлақ секілді, оның атақ-даңқына арқаланатын еді. Князь қағанның немересі болғандықтан, оған Барыс тегін[26] (лауазымы) берілді. Көп ұзамай Күлік қаған[27] (дәрежесіне) көтеріліп, сюеяньто[28], ұйғыр, пугу, тоңра секілді тайпаларды басқарды. Кейінірек Циминь (қаған)[29] тарапынан талқандалып, Суй әулетіне тұтқын болады. Ян-ди (император оны) байлаудан өз қолымен босатты (және) бес жүз орам (жібекті) сыйға тартып, (оны) еліне қайтарды. Шібір қаған[30] мырзаны Цзяби тегін[31] етіп тағайындады. Шібір өлгенде, Ілік қаған[32] Лоши тегін[33] атағын берді. Құпия әскери жарлықтардың барлығы мырзаның алдынан өтетін еді. (Ол) үнемі ел шетіне келіп, шекаралық (аймақтарға) лаң салып тұрды. Удэнің жетінші жылы[34] Елшілік бабымен сарайға келіп, (император оны) Хэ-Шунь князі (атағымен) жарылқап, түмен орам (жібекті) сыйға берді. (Тайцзун) император жер жүзіне билік құрып, сегіз қиырды тәртіпке келтірді. Ұланғайыр құмды далаға дейін тыныштық тауып, жердің түбіне дейін бейбітшілік орнады. Мырза келер-кетерді мүлтіксіз саралап, жақсы мен жаманға анық көз жеткізгендіктен, шаньюйге[35] үнемі «Жүзіңді император сарайына түзе!» деп кеңес беретін еді. Чжэньгуаньның үшінші жылы[36] ғұндар[37] толықтай жойылып, соның себебінен мырза сарайға берілді. Император (мырзаның) адалдығын жоғары бағалап, (оған) Ли тегін сыйлады[38], Хуайхуа цзюньван[39] (шенімен), Оң қарулы күзеттің Бас қолбасшысы лауазымымен жарылқады. Лу Цзин[40] (Гаоцзу императорға) Цинь жерінен астана тұрғызу туралы кеңес беріп, (өтеуіне) Лю тегімен марапатталған; Фу Лучжи[41] Хань (әулетіне) шын беріліп, еңбегі сіңгендіктен, Иньчунь княз (шенімен) жарылқанған; бірақ олар сарайдың қарулы қолын басқарып, күзет кептеуілінің жұмысына тартылған жоқ еді. (Мырза) сәнді сарайдың салтанатын асырып, жорық шатырын нұрға бөледі. Көп өтпей Сячжоу (аймағының)[42] тұтығы болып тағайындалды. (Чжэньгуаньның) он үшінші жылы[43] Ими Нишу қаған[44] атанып, ел-жұртымен Хуанхэнің солтүстік қапталына оралды. Сөйтіп дарқан[45] атағына мұрагерлік етіп, күнге құлшылық ету құрметіне қолы жетті. Оң жағына қараса сөз бастаған шешендер, сол жағына қараса қол бастаған батырлар көзге түсетін еді. (Чжэньгуаньның) он сегізінші жылы[46] ел-жұрты сатқындық жасап, теріс айналғандықтан, өз бетінше (Хуанхэ) өзенінің оңтүстігіндегі Шэнчжоу[47] өңіріне оралып, сарай алдында кінәсін мойындады. (Кейін) Императормен бірге Шығыс (аймаққа) жорық тартты[48], жолшыбай Оң гвардия қолбасшысы[49] болып тағайындалып, бұратаналар қолының Ляо суынан өтуін басқарды. Байя қамалына[50] жасалған шабуылда қаңғыған жебе тиіп (жараланды), иеміз[51] (оның) халін білуге барып, жарасын өз қолымен таңып берді, (оған) өзі тұрғылас бұратаналардың барлығынан артық шапағат жасады. (Әскер) Бинчжоуға[52] жеңіспен оралғаннан кейін, Ханьхай бағытының әскери-әкімшілік губернаторы[53] болып тағайындалды. (Чжэньгуаньның) жиырмасыншы жылы[54] (императордың жарлығымен) Оң қарулы күзеттің Бас қолбасшысы болып тағайындалып, әскер тәртібін қадағалауға жауапты болды. Сегіз қолбасшылықтың (тәртібін) қатайтып, әскери бөлімдерге бақылауды күшейтті. Әскерді жұдырықтай жұмылдырып, маңызды қызметке қолғанаттарын қойды. Аждаһа қақпасынан өткен ақ сазанның рухы кенеттен аспан астын, жер үстін кезіп кете берді[55]; жарық күн ұясына құлап, асыл рух Қызылтауға[56] қайтты. Чжэньгуаньның жиырма бірінші жылы, қызыл қой жылының үшінші айының алтыншы күні[57] Цзюйдэ көшесіндегі тұрағында 65 жасында өмірден өтті. Сол жылы төртінші айдың жиырма сегізінші күні Чжаолин кесенесіне жерленді. (Ауыр қазадан) императордың қабырғасы қайысып, ел-жұрттың еңсесі түсті. (Императордың) жарлығымен әскери уәзір, елші-сардар, Сячжоу, Инчжоу және Суйчжоу аймақтарының әскери-әкімшілік губернаторы, Сячжоу аймағының басшысы деп танылды, өзге шен-лауазымдары сақтап қалынды. (Императордан) «Қызметшілері сенім белгісін ұстай отырып, пәрменге сәйкес (марқұмның денесін) Чжаолин (қорығындағы император) кесенесінің жанына жерлесін; Император әулеті үшін арнайы әзірленген табыт сыйға тартылып, Сыма саябағының сыртындағы қастерлі мекенге қойылсын, моласы Байдао[58] тауына ұқсатып тұрғызылсын; өлімді жөнелтуге жұмсалған шығын толығымен қазынадан төленсін; (сүйегі) бұратаналардың бұрынғы салтымен өртеліп, (күлі) көмілсін» деген жарлық келді. Төртінші, бесінші дәрежелі сарай шенеуніктерінің бірі Вассалдармен байланыс уәзірінің[59] орынбасарының атынан (салттың орындалуын) қадағалады, үрлемелі және соқпалы аспаптар қарауылы (сүйекті) зират басына дейін (құрметпен) шығарып салып, (қаралы топты) үйіне қайта әкеліп қойды. Басына белгі қойылды. Мырзаның көңілі (теңіздей) терең, пейілі (даладай) кең еді; жас кезінде батырлығымен, қартайған шағында көрегендігімен көзге түсті. Самұрықтай қанат керіп, сайгүліктей қолтық жазды. Садақ тартуға, әсіресе қылыш сермеуге шебер еді. Кіршіксіз адалдығы айдан анық, күннен жарық, перзенттік тақуалығы[60] қарағайдай берік еді. Ел басқарудың қыры мен сырын жетік игеріп, қара қылды қақ жара білді. Тоғыз қат аспанның құпиясын танып, сегіз лек түземнің айла-тәсіліне қанықты. Арына шаң жуытпай, адамшылық жолынан таймауды мақсат тұтты; атағы жер жарғанмен, өлімді қауырсыннан жеңіл санады. Императормен бірге Юнь-Тин тауларына[61] сапар шегіп, жеңісті күндерде иеміздің қасынан табылуға тиіс еді. (Амал нешік), асқар тау құлап, қамқоршымыздан айырылдық. Баласы – Сол тунвей күзетінің жетекшісі[62] Ли Чжэфу[63] қайғыдан қан жұтып, күңірене жоқтады. Асыл рухын өшірмеу үшін, басына қашалған жазуы бар тас қойды. Арнау келесідей. 

Түсіндірме: 

[1] 右武衛大將軍. Тан империясының әскер жүйесінде император сарайының күзетіне жауап беретін он алты гвардиялық алайдың бірі саналатын Қарулы күзеттің оң қанатының Бас қолбасшысы. Дегенмен, қытайлық дереккөздерде, мысалы, «Цзы чжи тун цзянь» және «Цзю Таншу», «Синь Таншу» жылнамаларында 630 жылы Ашина Сымоға 右武候大將軍, атап айтқанда, Жауынгерлік жасақтың оң қанатының Бас қолбасшысы лауазымы қайран етілгені хатталған. Тан империясында аталған лауазымға көбінесе императордың жақын адамдары тағайындалған, ол Жауынгерлік жасақтың сол қанатының Бас қолбасшысының көмекшісі ретінде императорлық әскери-көлік гарнизонын және сарай қорғанысын басқарған.  

[2] 兵部尚書. Ежелгі Қытай сарайында елдің әскери ісін басқаратын ең жоғары әкімшілік тұлға. Қызметі қазіргі қорғаныс министрлеріне жуық. Кейде әскери істер министрі деп те аударылады. Бұл Сымоға ол өлгеннен кейін берілген құрметті лауазым. 

[3] . Құлпытас мәтінінің кейінгі бөлігінде кездесетін 和順王 атағын меңзесе керек. 

[4] Ежелгі қытай дәстүріне сай, құлпытас мәтіні шартты түрде арнау () және баян () деген екі бөлімнен құралады. Баян немесе алғы сөз бөлігінде марқұмның ата тегі, туған жері, өмір жолы, жеткен жетістіктері, мінез-құлқы, жұрт алдындағы қадір-қасиеті, өлімі және жерлеу рәсімі сөз болады. Ал онан кейін келетін арнау бөлімінде поэтикалық тілмен марқұмның атақ-даңқы дәріптеліп, жоқтау айтылады. Жалпылай айтқанда, құнды ақпараттарды тек алғы сөз ғана бере алады. Бұл жұмысымызда құлпытас мәтінінің баян бөлігі ғана аударылды.       

[5] 陰山. Солтүстік Қытайдағы тау сілемі. Шығыста Хэбэй өңіріндегі Хуашань жотасынан батыста Ішкі Моңғолияның Баян-нуур аумағындағы Ланшань тауына дейін ұзыннан ұзаққа созылып жатады (1200 шақырым). Ол Хуанхэ алабы мен Даланың табиғи-климаттық шекарасы. Ертеректе моңғолдар Далан Хар (Жетпіс Қаратөбе) деп атаған. Дациншань (Хар уул), Улашань (Муна уул) және Ланшань (қазақша мағынасы Бөрілі) жоталарынан тұрады.

[6] Бұл жерде ғұн кезеңіндегі Циляньшань (祁連山) жотасы меңзеліп тұр. Янь Шигудің «Тарихи жазбаларға» жазған түсіндірмесіне сәйкес, «Циляньшань Тяньшань (Аспантау немесе Тәңіртау) деп те аталады, ғұн тілінде аспан цилянь делінеді». 

[7] 淳維. «Тарихи жазбалар» бойынша ғұндардың арғы тегі. 

[8] 翰海. Бұл топоним қытайлық дереккөздерде екі географиялық нысанға байланысты қолданылады: 1) Байқал көлі. 2) Ұланғайыр құмды дала немесе Гоби шөлі. Мәтінде соңғы мағынасында қолданылып тұрғаны анық.    

[9] 冒頓. Ғұн империясының негізін қалаушы тұлға. Құлпытас мәтінінде Сымоның ататек шежіресінің ғұн көсемінен таратылуы кемінде түріктердің ақсүйек тобының ортасында арғы бабаларын ғұн билеушілерімен байланыстыратын түсініктің болғанын көрсетсе керек.  

[10] 茹毛飲湩. Тура мағынасында: жүн жеу және сүт ішу. Соңғы иероглиф () кейде айран деп те түсіндіріледі. Біз бұл тіркесті ет жеп, қымыз ішу деп аудардық. 

[11] 蹛林. «Тарихи жазбаларға» түсіндірме жазған қытайлық авторлар бұл сөздің мағынасын әртүрлі жориды. Біз «ғұндардың күзгі ұлы жиыны өтетін орын» деген мағынасына сай бұл сөзді Ұлы құрылтай деп аудардық. 

[12] 待膠折. Тура мағынасында желімнің иілгенін күту. Янь Шигу «Ханьшу» жылнамасына жазған түсіндірмесінде «Күз келгенде (садаққа қолданылған) желім қатайып, июге жарайды, садақты пайдалану да жеңілге түседі, ғұндар көбінесе осы мезгілде жорыққа шығады» дейді. Уақыт өте келе 膠折 сөзі қытай тілінде күздің садақ байланып, жорыққа шығуға қолайлы мезгілі деген ауыспалы мағынаға ие болған. Біз осы мәніне сай оны «қоңыр күз» деп аудардық.    

[13] 伊力可汗. Бұл тұлға, күмән жоқ, қытай дереккөздерінде 伊利可汗 деп хатталған Бумын қаған. Біз қытай иероглифтерінің ортағасырлық оқылымына сәйкес Іллік қаған деп атадық.

[14] 狼望. «Ханьшу» жылнамасындағы «Бұған дейінгі әміршілер өлшеусіз шығынға мойын ұсынып, бейкүнә жандарды ауыр жұмысқа жеккенде Ланванның солтүстігіндегі өңірлерге көңілі тартты дейсіз бе?» деген сөйлемде жолығатын Ланван сөзін Янь Шигу ғұн тіліндегі топоним деп түсіндіреді. Кей ғалымдар оны жаубалшық немесе қарауыл мағынасындағы термин ретінде қабылдайды. Мәтінде «ғұн жері» мәнісінде қолданылып тұр.      

[15] 屈射. Қытайлық дереккөздер бойынша Ғұн империясының солтүстік аймағын мекендейтін шағын халық. Кей тарихшылар бұл атауды кейінгі қыпшақ этнонимімен байланыстырады. 

[16] 甌脫. Қытайлық жылнамашылар мен синологтардың бұл сөзге байланысты пайымы бірдей емес. Дегенмен, сөз төркінінің ғұн тілінен шыққаны талас тудырмайды. Ғұн тіліндегі нұсқасының дыбыстық құрамы кейінгі түркі тілдеріндегі орта немесе орда сөзіне жақын болуға тиіс деген болжам айтылады. Біздің ойымызша, бұл дыбыстық және мағыналық тұрғыдан тіліміздегі отар сөзіне жуық болса керек. Мәтінде қытай тіліндегі екі ел арасындағы буферлік аймақ деген мәніне орай бейтарап өңір деп аудардық.   

 [17] 達拔可汗. Түрік қағанатының төртінші қағаны –Тапар қаған (佗缽可汗).

[18] 蕭關. Қазіргі Қытайдың Нинся-хуэй автономиялық регионының Гуюань қаласының оңтүстік-шығыс алқабына орналасқан қамал. Угуань, Тунгуань және Сангуань қамалдарымен қатар «Гуаньчжунның төрт бекінісі» атанып, далалық көшпенді халықтардың шабуылына қарсы қорғаныс жүйесін қалыптастырады. Ол қытай өлкелері мен солтүстіктегі далалық аймақ арасындағы көлік торабы саналған. 

[19] 空同. Бұл жерде Қазіргі Ганьсудың Пинлян қаласының аумағындағы Кунтун (崆峒山) сілемі меңзеліп тұр. Батыс аймақ – Сиюйге  қатынайтын жол Кунтун тауларын кесіп өтеді. Қытайлық мифологиялық түсінік бойынша, хуасялықтардың түп атасы Хуан-ди (Сары бабалық) осы тауды мекен еткен Гуан-чэн-цзы деген данышпан әулиеге арнай амандаса барып, одан ел билеу жайлы кеңес алған. Құлпытастағы «Кунтун тауына арқа тіреп, Тәңір еркесі атанды» деген жолдар осы мифтік түсінікке негізделген.

[20] 昌海. Қытайлық дереккөздердегі 蒲昌海, нақтырақ айтқанда қазіргі Шығыс Түркістан аумағындағы Лобнор көлі және сол маңдағы ежелгі Кроран қаласы. Құлпытас мәтінінде Батыс аймақ деген жалпылама мағынада қолданылып тұр.    

[21] 咄陸設. Қытайлық жылнамаларда 咄六設 деп көрсетілген.  

[22] 大荔. Қытайлық дереккөздерге сәйкес ежелгі батыс жун (西戎) тайпаларының бір тармағы. Олардың негізгі мекені қазіргі Шэньси провинциясының Дали үйезі (大荔县) деген болжам айтылады. 

[23] 小月. Бұл ретте ежелгі 小月氏— кіші юэчжи тайпасы меңзеліп тұрғаны айдан анық. Б.з.д 162 жылы Лаошан шаньюй юэчжилерді талқандап, Хэси өңірінен түре қуғанда, батысқа ығысқан қалың көштен жырылып, жұртта қалып қойған аз бөлігі қытай дереккөздерінде кіші юэчжи деп аталған. Құлпытаста дали және кіші юэчжи этнонимдері жалпы Солтүстік Қытай аумағына қоныс аударған далалық тайпаларды меңзеп тұрса керек. 

[24]   須卜. Ежелгі ғұндардың текті, мәртебелі аталарының бірі. Құлпытаста бұл сөз өзінен кейінгі хуянь этнонимімен бірге түркі тайпаларының текті аталарын меңзеп тұр. 

[25] 呼衍. Ғұн еліндегі текті әулеттердің бірі. 

[26] 波斯特勒. Атап айтар бір жайт, құлпытаста 特勤 лауазымдық атауы 特勒 деп жазылған. Ортағасырлық қытай дереккөздерінде бұл қателік жиі қайталанады. 

[27] 俱陸可汗. «Синь Таншу» жылнамасында «Сымо – Ілікпен тумалас, әкесі – Дуолу шад. Циминь Суй әулетін пана тұтып елден кеткенде, Гобидің теріскейіндегі тайпалар Сымоны қаған көтереді. Циминь елге оралған соң, оны қаған атағынан айырады» делінген.

[28] 薛延陸 (Xueyanlu). Бұл тарихи әдебиеттердегі 薛延陀 (Xueyantuo) этнонимінің ағат жазылған нұсқасы.

[29] 啟民. 609 жылы өмірден өткен. Құлпытаста Циминьнің атынан кейін 可汗 (қаған) атағы қолданылмаған. Бұл, сірә, екі тұлға арасындағы араздыққа байланысты болса керек.

[30] 始畢可汗. Қытайлық жылнамалармен бірдей. 

[31] 伽苾特勒. Қытайлық жылнамаларда 夾畢特勤 түрінде қолданылады. Қытай жылнамаларын ана тілімізге аударған қытайлық қазақ ғалымдары 夾畢 тұлғасын Қапыт деп оқиды. 

[32] 頡利可汗. Бағадыр шад Ілік қаған. Қытайлық жылнамалармен бірдей.    

[33] 羅失特勒. Қытайлық жылнамаларда бұл туралы айтылмаған. Ортағасырлық қытай тілінде -la; -ɕjet немесе śjet деп оқылған. Лашын тегін болса керек. 

[34] 624 жыл. Қытайлық дереккөздер бойынша, Сымо У-дэ жылдары император сарайына неше мәрте елшілікке барған. Гао-цзу император Лю Юань (566—635) оған Хэ-Шунь (Мүлайым, Биязы, Момын) княз атағын сыйлаған. 

[35] 單于. Шаньюй немесе дарқан – ежелгі Ғұн империясында ең жоғары билеушінің атағы. Бұл жерде Ілік қаған меңзеліп тұр. 

[36] 629 жыл. Бұл дерек өзге қытайлық дереккөздерден басқаша. Қытайлық дереккөздердің барлығында Іліктің билігінің аяқтауы 630 жыл деп көрсетілген. Яғни, Чжэньгуаньның төртінші жылы үшінші ай, шамамен 630 жылдың сәуір-мамыр айларының аралығы. Қытайлық жылнамалар бойынша, Чжэньгуаньның төртінші жылы үшінші айда Сымо Ілік қағанмен бірге тұтқынға түсіп, империя астанасы Чанъаньға жеткізіледі. Тайцзун император Ли Шиминь оның өз әміршісіне деген адалдығына сүйініп, Жауынгерлік жасақтың оң қанатының Бас қолбасшысы қызметіне тағайындайды және оған Хуачжоу тұтығы деген құрметті атақ сыйлайды.   

[37] 匈奴. Бұл жерде Ілік қағанның соңына ерген түрік тайпалары меңзеліп тұр. 

[38] Қытайлық дереккөздер бойынша, Тайцзун император Сымоға Ли тегін Чжэньгуаньның он үшінші жылы, яғни 639 жылы сыйлаған. 

[39] 懷化郡王. Тура мағынасында: бағынған княз. 

[40] 婁敬. Хань империясының саяси қайраткері. Ел астанасын Чанъаньға орнықтыру, Циньчжун аймағына империяның өзге өңірлерінен тұрғындарды көшіру  туралы Лю Банға кеңес беріп, соның қарымжысына Лю тегімен жарылқанған. 

[41] 陸支. Қытайлық дереккөз бойынша бұл тұлғаның аты-жөні Фу Лучжи (復陸支). Хань империясына өз еркімен берілген ғұн әскербасыларының бірі. 119 жылғы қытайлықтардың пайдасына шешілген ірі жорықта Хань әскерін басқарған қолбасшылардың бірі. 114 жылы өлген.  

[42] 夏州. Тарихи-әкімшілік аймақ. Тан империясынің билігі тұсында, аймақтың жер шарасы шамамен қазіргі Шэньси провинциясының солтүстік алабы мен Ішкі Моңғолияның Хангин, Өөшин үйездерінің аумағына тура келеді. Сячжоу тұтығы нақты лауазымды қызмет емес, құрметті атақ қана.  

[43] 639 жыл. 

[44] 乙彌泥孰可汗. Өзге қытайлық дереккөздерде 乙彌泥熟俟利苾可汗 деп хатталған. Ортағасырлық қытай тілінде -- jĕt,  –mjie, —niei, --ʑi̯uk деп оқылған. Қытайлық дереккөздерді ана тілімізге аударған қытайлық қазақ ғалымдары 乙彌泥熟俟利苾可汗 тіркесін Ілбіс Низек Сіліг би қаған деп қалыптаған. Құлпытас мәтініне сай Сымоның өз кезінде Барыс тегін атанғанын ескерсек, Ілбіс қаған атағы шындыққа жақын секілді. 

[45] 廣大之號. Тура мағынасында кең-байтақ, дарқан. «Ханьшу» жылнамасында Ғұн көсемінің атағына қолданылатын шаньюй (單于) сөзінің мағынасы тура осылай түсіндірілген. Бұл жерде қаған атағы меңзеліп тұр.

[46] 644 жылы. 

[47] 勝州. Тарихи аймақ, қазіргі Ішкі Моңғолиядағы Тогтох және Сарачи өңірлеріне тура келеді. 

[48] Шығыс аймаққа жорық 645 жылы болды. 

[49] 右衛將軍. Сарай күзетіне жауап беретін он алты гвардиялық алайдың бірінің қолбасшысы. 

[50] 白崖城. Тарихи аймақ, қазіргі Ляонин провинциясының Дэнта қаласының аумағынан өтетін Тайцзыхэ өзенінің солтүстік жағалауы. 

[51] Бұл жерде иеміз деп Тайцзун император Ли Шиминь меңзеліп тұр. Бұл туралы «Синь Таншу» «Ляодун жорығында қаңғырған жебе тиіп жараланды, император оның жарасына ұйыған қанын аузымен сорып шығарды, бұл оған көрсетілген зор құрмет еді» деген дерек ұсынады. 

[52] 并州. Тарихи аймақ. Қазіргі Шаньси провинциясының Тайюань қаласының аумағы. 

[53] 瀚海道行軍總管. Бұл дерек өзге қытайлық дереккөздерде жолықпайды.  

[54] 646 жыл. 

[55] Қытай мифологиясы бойынша, ақ сазан асау суды өрлей жүзіп, Аждаһа қақпасынан (Лунмэнь, Хуанхэ өзенінің бойындағы шатқал) өтер болса, ол аждаһаға айналады. Бұл жерде талай сынақтан өтіп, зор жетістік пен биік мәртебеге қолы жеткен Ашина Сымоның өмірден озғаны айтылып тұр. 

[56] 赤山(Чишань). Біз иероглифтік мағынасы бойынша Қызылтау деп аудардық. Қытайлық дереккөздер бойынша, бұл далалықтардың ұғымындағы өлілер мекені. Бұл туралы «Хоу Ханьшу» жылнамасы мынадай дерек ұсынады: «(Ухуаньдар) майданда өлгенді мәртебе санайды, өлікті ағаш табытқа салады, жоқтау айтады, жерлеу кезінде өлікті өлең айтып, би билеп шығарып салады. Итті семіртіп, түрлі-түсті қарғыбаумен жетелеп келеді де, өлген адамның (көзі тірісінде) мінген атымен, киген киімімен қоса өртеп, (соңғы сапарға) шығарып салады. Мұның мәнісі, әлгі ит марқұмның рухын Қызылтауға дейін қорғап жеткізеді. Қызылтау Ляодуннан Солтүстік-батысқа қарай мыңдаған ли қашықтықта, қытай өлсе, оның рухы Тайшаньға қайтатыны секілді (өлген далалықтардың рухы Қызылтауға қайтады)». 

[57] Қазіргі күнтізбе бойынша Сымо 647 жылы 25 сәуір күні қайтыс болды. Басына сол жылы 6 маусым күні құлпытас қойылды. 

[58] 白道山. Қазіргі Ішкі Моңғолияның Хух-Хот қаласының солтүстігіндегі Дациншань сілемінің Усунба асуы. Ол ондаған шақырымға дейін созылып жатқан тау жолы, алыстан ағараңдап, таспа тәрізді тартылып жататындықтан, қазақтілді кей әдебиеттерде Ақбелдеу деп те аталған. 

[59] 鴻臚少卿. Сарайда шетелдік елшілерді қабылдауға байланысты этикалық тәртіптерді реттеуші мекеменің басшысының орынбасары, қазіргі Сыртқы Істер Министрлігінің Хаттама бөлімімен қарайлас қызмет атқарады. 

[60] . Бұл қытайлық саяси-әлеуметтік идеологиядағы аса маңызды ұғымдардың бірі. Конфуциандық бойынша перзенттік тақуалық, әміршіге адалдық жеке отбасы құндылықтары қоғамдық иерархиялардың іргелі негіздері болып табылады.

[61] 云亭. Бұл 云云 және 亭亭 (Юньюнь және Тинтин) дейтін екі таудың жиынтық атауы. Дәстүрлі түсінік бойынша, ежелгі императорлар осы екі тауда жер-су құдайы мен бабалар рухына тәу еткен. Тан дәуірінде бұл ұғым жалпылай император құлшылық етуге тиіс қасиетті мекен деген мағынаға ауысқан. 

[62] 左屯衛中郎將. Сарай гвардиясының күзет басшысы. 

[53] 李遮匐. Қытайлық дереккөздер бойынша, Ли Чжэфу 679 жылы Батыс Түріктің Он оқ қағаны Ашина Дучжимен байланысып, Тан билігіне қарсы көтеріліске шығады, бірақ, Пэй Синцзянь басқарған империялық әскерге қолды болып, Чанъаньға жеткізіледі. Кейінгі тағдыры белгісіз. 

2. Сымоның өмір жолы

Біз қарастырып отырған тарихи ескерткіштің маңызы: ол қытай жылнамаларындағы өзге деректермен салыстыра зерттеуге тұрарлық бастапқы және құнды ақпараттар ұсынады. Біз осы арқылы VI-VII ғасырлардағы дала-қытай қатынасында айтарлықтай орны бар тарихи тұлғаның өмір жолы жайында толығырақ мәліметке қол жеткізе аламыз. 

Ашина Сымоның ата тегін қытайлық дереккөздер ашып айтпайды. Бұл жайында «Синь Таншу» жылнамасы «Сымо – Ілікпен тумалас, әкесі – Дуолу шад» [1. 6039б] деп қысқа қайырады. Ал құлпытас мәтініне жүгінер болсақ, оның бабасы Түрік қағанатының негізін қалаған Ашина Бумын Іллік қаған ( —552) болып шығады. Бумын қағанның қытайлық жылнамалардағы 伊利(*i lji)可汗титулының бітіктаста 伊力(*i liek)可汗болып қашалуы жаңсақ түсінік тудырмауға тиіс. Өзге тілдерден енген ономастикалық атаулардың (жалқы есімдер) қытай тілінде бірнеше нұсқамен, кейде тіпті айтарлықтай фонетикалық-иероглифтік айырмашылықтармен таңбалануы үйреншікті жайт. Бітіктас ұсынған мәліметтің маңызы мынада: Бумынның атағы біз жиі қолданатын Ел қаған емес, Еллік қаған (Елді қаған, Ел іргесін қалаған қаған) болуға тиіс. Бумын қаған 545-552 жылдары теле тайпалары мен Жужан қағанатын талқандап, Гоби шөлінің түстігі мен терістігіндегі байтақ даланы қайта біріктірді. Қытайлық дереккөздер оның 553 жылдың наурыз айында өмірден өткенін нақтылайды[2. 3286-3287 б].

Дәстүрлі көзқарас бойынша, Сымоның әкесі Ашина Чулохоу Баға қаған (?—588), атасы Ашина Қара Исицзи қаған (?—553) деп саналатын.[3] Ал құлпытаста Сымоның атасы Даба қаған (達拔可汗) деп көрсетілген. Ол, шүбә жоқ, қытайлық дереккөздерде аталатын Тапар қаған (佗缽可汗) болуға тиіс. Жылнамаларда оның шын есімі айтылмайды. 1956 жылы Моңғолияның Архангай аймағынан табылған Бұғыты бітіктасында ол Маға Татпар қаған деп аталады[4. 49 б]. Қытайлық дереккөздерде айтылуынша, Тапар қағанның жүздеген мың садақшы сарбазы болған. Қытайлық Чжоу, Ци әулеттері түріктерден именіп, Тапар қағанның көңілін табу үшін бәсекеге түседі де ел қазынасын сарқып бітеді. Тапар қаған «Күнгейдегі ұлдарым адалдығынан айнымаса, ештеңеден кемдік көрмеспін» деп мақтанады. Ол Қытайдан тұтқынға түскен буддист-монахтың уағызына иланып, буддизмді қабылдайды, түрік жерінен сангхарама (буддизм монастыры) салдырады, ауыз бекітіп, буддизм тиымдарын берік ұстанады[5. 1864-1865 б]. Қытайлық тарихшы Линь Мэйцунь Бұғыты бітіктасының алғашқы жолын «Бұл тас Түрік пен Қытайдың билеушісі Құтыт (Kwts'tt) (Тапар қаған) үшін орнатылды» деп оқиды[6]. Бұл деректер Сымо құлпытасындағы Тапар қаған «Кунтун тауына арқа тіреп, Тәңір еркесі атаныпты» деген лебіздің мәнін аша түсетіндей. Сөйлемнің алғашқы бөлігі, сірә, Тапар қағанның қытай мифологиясындағы Кунтун тауына тәу етіп, әулие тұлғадан ел билеудің жолын игерген Хуан-ди секілді, буддизм ілімін жетік білетін ғұлама діндарға жолығып, тақуалық жолына түскенін меңзесе, екінші бөлігі ежелгі Ғұн әміршілерінің құрметті атағы Қытай жылнамаларында «撐犁孤塗單于» (Тәңір ұлы дарқан) деп хатталғанын еске түсіреді. Тіркестегі 孤塗 (мағынасы: ұл) иероглифтері көне қытай тілінде *kwada деп оқылған. Бұл Тапар қағанның Лин Мэйцунь ұсынған лақабы (немесе шын есімі) -- Kwts'tt нұсқасына өте жақын. Айтылған деректер ежелгі ғұн тілінен бізге жеткен 孤塗 сөзінің этимологиясын анықтауға көмектесуі мүмкін. 

Бір қызығы, Сымо құлпытасында байырғы ғұндардың иісі бұрқырап тұрады. Мысалы, Ғұн билеушісі Моду шаньюй Сымоның түп атасы деп аталса, тас бетінде дала тарихының Ғұн кезеңін еске салатын 翰海,蹛林,狼望,屈射,甌脫,大荔,小月,須卜,呼衍,廣大之號 сөздері жиі қолданылған. Керек десе ғұн сөзі түрік этнонимін, ал шаньюй атауы қаған атағын алмастырып тұр. Біздің пікірімізше, бұл Тан әулеті кезеңіндегі қытайлық ұлттық идеологияның көрінісі. Осы кезеңдегі қытайлық саяси тұлғалар мен зиялы қауым өкілдерінің көпшілігі далалық көшпенді халықтардың ата шежіресін ежелгі ғұндармен байланыстырды. Өйткені, мұндай легитимациялық түсінік Ұлы даланың жаңа қожасы – Түріктер тудырған мәселелерді бұған дейінгі Хань-Ғұн қарым-қатынасының тарихы аясында қарастыруға мүмкіндік беретін еді. Сондай-ақ, Қытай империясының қызметіне тартылған далалық ірі саяси тұлғаға арналған құлпытас мәтінінің авторы, мүмкін Сымоның ұлы Ли Чжэфудың өтінішімен, елдігі жойылғанмен әлі де Тан әулетінің басты қарсыласы болып саналатын далалық тайпаларды біріктіруші түрік (突厥) ұғымынан әдейі бой тартып отырған болуы да мүмкін. Бұндай саяси сезімталдық, өкінішке қарай, Қытай қоғамында қазірге дейін жалғасып келе жатқанын айта кеткен жөн шығар. 

Сымоның әкесі Дуолу шад (Төлес шад) жайында қытайлық жылнамалар ешқандай қосымша дерек ұсынбайды. Құлпытас мәтініне жүгінсек, ол Түрік қағанатында әскербасы – шад қызметін атқарып, ерлігімен, батырлығымен танылып, елдің Қытаймен шекаралас оңтүстік аймақтарын (мәтінде бұл дали және кіші юэчжи этнонимдерімен меңзелген) басқарған секілді. Сымоның қаған атынан император сарайына неше мәрте елшілікке жіберілуі, сірә, Қытай бағытындағы мәселелерге жастайынан құлағы түрік болғандығынан шығар.  

Текті әулетте өмірге келгенмен Сымоның билікте жолы болмайды. Жылнамалар Түріктің Циминь қағаны қытайлық Суй әулетін паналаған жылдары (599-603 ж.ж) теріскей даланың халқы Сымоны қаған көтергенін айтады[6. 6039 б]. Құлпытасқа жүгінсек, бұған дейін Барыс тегін атанған жас Сымо Күлік қаған атағымен сюеяньто, ұйғыр, пугу, тоңра тайпаларына билік құрады. Демек, оның билігі Шығыс Түрік қағанатының аумағына тегіс жүрмеген. Билікке таласта Қытай империясына арқа сүйеген Циминь қаған қарсыластарын қирата жеңіп, 603 жылы қағанаттың екі тізгін, бір шылбырын қолына алады. Шамамен 604 Сымо Циминь қағанға тұтқын болып, Суй империясының астанасы – Дасин шаһарына жеткізіледі. Құлпытастан белгілі болғандай, Суй әулетінен шыққан Ян-ди император оны байлаудан өз қолымен босатып, мол сыйлықпен еліне қайтарады.      

Жылнамаға сәйкес, мінезі ашық, ойы жүйрік, айтқан болжалы дәл келгенмен, Сымоның түр-түсі түріктен гөрі соғдыларға көбірек тартқан еді[1. 6039 б]. Шібір (?—619) мен Шора (?--620) қағандар соның үшін оны ашина әулетінен емес деп күдіктенетін. Сондықтан, Ілік қаған ел басқарған жылдары ол әскербасы – шад қызметіне қол жеткізе алмай, Цзяби тегін деген атақты місе тұтады[7. 5163 б]. Бұл деректі құлпытас мәтіні Шібір қаған Цзяби тегін, ал Ілік қаған Лоши тегін (Лашын тегін) атағын берді деп нақтылай түседі. Жылнамадағы оның түр-түсінің соғдыларға көбірек тартқанына байланысты биліктен шеттетілгені (қол бастауға рұқсат берілмеуі) туралы ақпаратты жапон тарихшысы Косэцу Сузуки элита ортасындағы билікке таласпен байланыстырады һәм Сымоның нағашы жұрты соғды болу керек деп болжап, оның «ашина әулетінен емес екендігі» туралы алып-қашпа өсекті билік жүйесіндегі қарсыластары – Исицзи қағаннан тарайтын Шібір мен Шора қағандардың  (Сымоның мәртебесі мен ықпалын төмендету мақсатындағы) саяси үгіт-насихатының көрінісі деп бағалайды[3].                                     

Ілік қаған билікке келгенде, Сымо қағанаттың кеңесші хатшысы қызметін атқарған секілді. Құлпытастағы «құпия әскери жарлықтардың барлығы мырзаның алдынан өтетін; шаньюйге үнемі «Жүзіңді император сарайына түзе!» деп кеңес беретін еді» деген деректер осыған меңзейді. Осы жылдары Сымо Қытай сарайына бірнеше мәрте елшілі болып барады. Құлпытаста 624 жылғы елшілік ерекше атап өтілген. Жылнама бойынша, Ли Шиминь (бұл кезде әлі император емес) Түрік билеушілерінің арасына іріткі салғандықтан, Қытай бағытындағы шабуылдарды тоқтатуға мәжбүр болған Ілік қаған Төлес қаған Шибоби мен Цзяби тегін Сымоны императормен келіссөз жүргізуге жібереді. Осы сапарда Төлес қаған Ли Шиминьмен анда болады. Ал Қытай императоры Ли Юань Сымоны көрген бойда оған өз жанынан – алтын тақтан орын береді. Сымо тізерлеп, бой тартады. Бірақ император «Сені көргенде, Ілікті көргендей болдым» деп қиылған соң ғана Сымо жарлықты қабыл алады[1. 6031 б]. Құлпытасқа сәйкес, оған Хэ-Шунь князі деген атақ беріледі. 

Елді жайлаған бүлік салдарынан Ілік қаған жеңіліске тап болып, 630 жылы Қытай әскеріне тұтқынға түскенде, оның қасынан табылған үркердей топтың ішінде Сымо да болады. Император Тайцзун оның өз әміршісіне деген адалдығын жоғары бағалап, оған Жауынгерлік жасақтың оң қанатының Бас қолбасшысы қызметін ұсынып, Хуачжоу тұтығы деген құрметті атақ сыйлайды [1. 6039 б]. Тұтқындағы Ілік қаған 634 жылы құсадан қаза тауып, Шығыс Түрік қағанаты елдігінен айрылады. Хуанхэ өзенінің түстігіне көшірілген Іліктің ел-жұрты енді Сымоның басқаруына өтеді. Көп өтпей оған Хуайхуа цзюньван атағы берілді[7. 5163 б]. Жылнамалардағы осы деректер құлпытас мәтінімен айтарлықтай шалғай. Біздің айтарымыз, қазіргі күнтізбе бойынша Сымо 647 жылы өмірден өтті. Бітіктас сол жылы қойылды. Демек, Тан әулетінің тарихына арналған жылнамалық еңбектерден шамамен 100 жыл бұрын тас бетіне қашалған мәтін әлдеқайда сенімді болуға тиіс. 

Қытайлық дереккөздерге сәйкес, 639 жылы мамыр айында Шибоби Төлес қағанның туған інісі Цзешишуай (结社率) Қытай билігіне қарсы көтеріліске шығып, император сарайына шабуыл жасайды. Сәтсіз аяқталған көтерілістен кейін, Тан империясы Іліктің ел-жұртын қайтадан Хуанхэнің солтүстігіндегі далалық аймаққа көшіріп, Түрік вассалын қалпына келтіруге шешім қабылдайды. Сөйтіп, Сымо Ли тегімен жарылқанып, Ілбіс Низек Сіліг би қаған деген атпен [7. 5163 б] қуыршақ билікке отырғызылады.

Осы оқиғаға байланысты Тайцзун императордың Сюеяньто ұлысына жазған хатында «Өзгені елдіктен айыру Қытайдың салтында жоқ. Іліктің кесірінен халық күйзелгендіктен ғана Түрікті талқандаған едім. Енді оларға қаған атағын қайтармақпын. Шөлдің солтүстігін сюеяньтолар, оңтүстігін түріктер жайласын» деп бұйырады және Сымоға дабыл мен ту тапсырады. Әр жылдары Хуанхэ өзінің оңтүстігіндегі аймақтарға көшірілген түрік тайпалары мен соғдылар жарлыққа сәйкес далалық аймаққа көш түзейді. Сымоға көмекші ретінде Ашына Чжун оң білге княз, Ашна Нишу сол білге княз болып тағайындалады[7. 5164 б]. Құлпытастағы «Дарқан атағына мұрагерлік етіп, күнге құлшылық ету құрметіне қолы жетті. Оң жағына қараса сөз бастаған шешендер, сол жағына қараса қол бастаған батырлар көзге түсетін еді» деген деректің мәнісі осы еді. 

641 жылы Сымо жүз мың халық, қырық мың сарбаз, тоқсан мың жылқымен Хуанхэден өтіп, ежелгі Динсян өңіріне (шамамен қазіргі Ішкі Моңғолиядағы Хорингэр аумағы) орда тігеді. Түстігі Хуанхэмен шектесіп, терістігі Байдао жотасына дейін созылып жатқан малға жайлы кең-байтақ бұл өлке түріктер басын бәйгеге тігіп қорғайтын құтты мекен еді[1. 6040 б]. Шығыс Түрік қағанаты қайта шаңырақ көтереді. Тан империясының тақ мұрагері Ли Чэнцяньнің «Аспан астының билігі қолыма тисе, Цзиньчэн қамалының батысындағы аймаққа түмендеген нөкеріммен саят құрып барар едім. Сосын түйген шашымды тарқатып, түрік болып, Ашина Сымоға берілер едім. Егер онда шад дәрежесіне қолым жетсе, ешкімнен кем болмас едім» [8. 6190 б] деп арман қылатыны да осы кез.      

Алайда, Қытай империясының түрік вассалдығын қалпына келтіру жоспары күткен нәтиже бермейді. Сымоның қарауындағы ел-жұртқа билігі жүрмейді, оның соңы тынымсыз бүлікке жалғасады. 643 жылы жаппай көтеріліске шыққан түрік тайпалары Хуанхэнің түстігінде қайырылып, Шэнчжоу және Сянчжоу аймақтарынан қоныс сұрайды. Император бұл талапқа рұқсат етеді. Сымо салт атпен сарайға оралып[7. 5164-5165 б], айыбын мойнына алады. Қытайлық тарихшы У Юйгуйдің анықтауынша, Шығыс Түрік тайпалары сюеяньтолардың тынымсыз шабуылы мен үздіксіз қысымы салдарынан Тан империясының аумағын паналауға мәжбүр болады, ал Қытай империясы оларды сюеяньтолардың шабуылынан қорғай алмайды[9. 205 б]. Бұл пікірдің жаны бар. Өйткені Ілік қаған қолды болып, Шығыс Түрік қағанатының шаңырағы шайқалғаннан кейін, даланың билігі шын мәнінде сюеяньтолардың қолына өткен еді. Сондықтан Қытай империясының Шығыс Түрік қағанатын қалпына келтіріп, оны күннен күнге күшейіп келе жатқан сюеяньтоларға қарсы пайдалану жоспары қатаң қарсылыққа тап болмай қалмайтын еді. Ашина Сымо қаған болып жарияланысымен сюеяньто әміршісінің Қытай императорына «Түріктер екіжүзді және сенімге лайық емес. Мәртебелім Түріктерді талқандаған соң, оларды құл ретінде бұқара халыққа үлестіріп беруі керек еді. Цзешишуайдың бүлігі олардың тағылығын паш етті. Олардың тұқымын тұздай құртуды сұранамын» [7. 5164] деп хат жазуы осының айғағы.       

Қалай айтқанмен, Шығыс Түрік қағанатын қалпына келтіру жоспары сәтсіз аяқталады. Ел Етміш ябғу бітіктасындағы «(олар) қаған еткен қағанның ордасы бүлінді»[4. 55 б] деген дерек осы тарихи оқиғаны меңзесе керек. 645 жылы Сымо Тайцзун императорға серік болып, Когурё бағытындағы жорыққа қатысады һәм жолшыбай Оң гвардияның қолбасшысы болып тағайындалып, империя әскерінің құрамындағы жатжұрттықтар жасағын (бұратаналар қолы) басқарады. Байя (өзге дереккөздерде Байянь) қамалының түбіндегі айқаста жазатайым оқ тиіп, жараланады. Жылнамаларда айтылуынша, Тайцзун император оның жарақатының қанын өз аузымен сорып, оған үлкен ілтипат көрсетеді[7, 5165]. Жорықтан оралған соң Ханьхай бағытының әскери-әкімшілік губернаторы, кейінірек Оң қарулы күзеттің бас қолбасшысы қызметтеріне тағайындалады. 

Шығыс Түрік қағанатының басынан бақ тайған алмағайып заманда өмір сүріп, екі мәрте қаған атанған, Қытай сарайында маңызды қызметтен атқарып, дала-қытай қарым-қатынасының тарихында соқталы із қалдырған Ашина Сымо 647 жылы 25 сәуір күні қайтыс болады. Жылнама бойынша, ол Чжаолин кесенесіне жерленді, моласы Байдао тауына ұқсатып жасалды, Хуачжоуда ерлігі қашалып жазылған мәңгітас қойылды[7. 6040 б]. 

Ашина Сымоның құлпытасы – Шығыс Түрік қағанаты тарихынан ғана емес, дала-қытай арасындағы ықпалдастықтан да сыр шертетін құнды ескерткіш. Ол далалық мемлекеттік дәстүрдің ғұндардан бастау алатынын айғақтап қана қоймай, Тан әулетіне бағынған түрік ақсүйектерінің империя өміріндегі атқарған рөлі мен қилы тағдырынан да куәлік береді. Сондықтан, құлпытас – түркі-қытай қатынасын зерттеуде теңдесі жоқ бастапқы дереккөз ретінде бағалануға тиіс.                                          

Пайдаланған әдебиеттер:

1. 欧阳修,宋祁新唐书北京:中华书,2013

2. 李延寿北史北京,中华书局,2012

3. Косэцу Сузуки. 突厥阿史那思摩系譜考:突厥第一可汗国の可汗系譜と唐代オルドスの突厥集団.《东洋学报》,2005, 87

4. Н. Базылхан. Көне түрік бітіктастары мен ескерткіштері – Қазақстан тарихы туралы түркі деректемелері II том. Алматы, Дайк-Пресс, 2005

5. 魏徵隋书北京,中华书局,2011

6. 杨富学突厥佛教杂考.《中華佛學學報》第16 期,2003 

7. 刘昫旧唐书北京,中华书局,1975

8. 司马光资治通鉴北京,中华书局,1976

9. 吴玉贵突厥汗国与隋唐关系史研究北京,中国社会科学出版社,2007  

Ерлан Мазан

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз