Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

«Гурьев (Атырау) облысы халқының майдан мен тылға көрсеткен сан — алуан көмегі»

30149

Ұлы Отан соғысы жылдарында фашистік Германияны жеңуде халықтық қозғалыстардың тарихи маңызы ерекше болды. Солардығ бірі «Халықтық қорғаныс қорын жасау» болды. Бұл халықтық қозғалыстың алдыңғы сапында болған коммунистер мен комсомолдар тек өздері емес, бүкіл халықты майданға көмек көрсету ісіне жұмылдырды.

Майданға ерікті түрде көмек көрсету жөніндегі халықтық қозғалыс бір ғана мақсатты — майдан мен тылдың бірлігін нығайту мен жауды талқандауды тездетуді көздеді. Қазақстан еңбекшілері соғыстың алғашқы күндерінен — ақ қорғаныс қорына өздерінің қаражаттарын, мемлекеттік заемдар, облигацияларын, алтын, күміс, қымбат бағалы заттарын өткізді [1, 123 б.].

Отан қорғау қорын жасап оны молайту жолындағы халықтың қолдауында шек болған жоқ. Бұл қорды кей жерлерде халық өзара «Отан сақтау қоры», «Жеңіс қоры» деп те атады. Мұның бәрі билік органдарының ұйтқысымен халықтың шынайы көңіл — күйінен туған ұғым еді. Қорғаныс қорына қаржы жинау жұмысын жолға қойып, оның күннен күнге молая түсуіне жергілікті партия, кеңес ұйымдары тарапынан ерекше көңіл бөлінді [ 2, 154 б.].

Қорғаныс қорын жасаудың халықтық бастамасы алуан түрлі болды. Республикада «Кеңестік Қазақстан», «Қазақстан комсомолы», «Қазақстан колхозшысы», «Қазақстан әйелдері», «Қарағанды шахтері», «Қазақстан мұнайшысы», «Озат ғылым үшін» тағы басқа да танк колонналарын қолдау үшін қаржы жинау еркін және жүйелі сипат алды [3, 11 б.]. Бұл игілікті іске Гурьев (Атырау) облысы да белсене араласты. Отан қорғау қорына арнайы есеп ашылғаннан кейін мемлекеттік банк бөлімшелері еңбекшілердің жеке қаражатынан берген, ақшалай көмегін қабылдап ала бастады. Мұндай есеп ашылысымен — ақ ақша жинап, өздерінің алтын, күмістен соғылған зергерлік бұйымдарын тапсырды [4, 13 б.].

Қорғаныс қорына түсіп жатқан қаржы мөлшері мұқият есепке алынып, оның барысы айына үш рет (әрбір он күн сайын) баспасөз бетінде жарияланып тұрған [2, 156–157 пп.]. 1-кесте — Отан қорғау қорына Гурьев (Атырау) облысынан түскен қаржы мәліметі. (1941 ж. 21 желтоқсан) Облыс Түскен барлық ақша, (мың сом) Қымбат заттар, ақшалай құны, (мың сом) Шетел валютасы Алтын грамм Күміс грамм Платина грамм Мемлекеттік заем облигациясы (мың сом) Гурьев (Атырау) 2377 — 41 — - — 2746 Гурьев (Атырау) облысында салынып жатқан Мақат — Қосшағыл теміржол құрылысының бірінші бөлімінің жұмысшылары қорғаныс қорына 2 күндік жалақыларын аударған. [6].

1942 жылы желтоқсанда Гурьев (Атырау) облысы Ескене мұнай кәсіпшілігі мен Мақат ауданы еңбекшілерінің ынтасы бойынша «Қазақстан мұнайшысы» танк колоннасын құруға қаржы жинау басталып, бірінші ұжым мүшелері колонна құру үшін 240286 сом, ақша жинаған [7, 13 б.].

Соғыстың алғашқы екі жылы ішінде ғана тек танк колоннасын жасау үшін Қазақстан халқы 500 млн. сомға жуық қаржы жинаған. [2, 189 б.].

Халықтың қорғаныс қорына жолдаған ерікті жарналар күн сайын тұрақты өсіп жүйелік сипат алған. Бұл істің қанатын кеңейту үшін арнайы үгітшілер тобы құрылып ел ішін аралап, үгіт — насихат жұмыстарын жүргізген. Барлық облыс орталықтарында үгіт курстарының арнайы жоспары жасақталып, үгітшілерді арнайы курстарда оқытып, тәжірибе алмасқан. Тек қана Гурьев (Атырау) облысы бойынша мұнай кәсіпшіліктері мен ұжымшарларда, аудан орталықтарында 43 үгітшілер курстары ұйымдастырылып, онда 1470 тыңдаушы теориялық және тәжірибелік білім алған. Үгітшілер курсының 58% — дан астамы ауыл ұжымы мүшелері мен зейнеткерлер құрамынан жиналған. [8].

Танк колоннасы мен самолет экскадрильясын жасақтау үшін 100 және 150 мың сом көлемінде қаржы аударған колхозшылар қатарында Гурьев (Атырау) облысы Новобогат ауданы «Қызыл балық" ұжымшарының төрағасы Б. Құрмашев, сол ауданның «Ракуша» колхозының төрағасы Ж. Наурызбаев т.б. болды [9]. Сонымен қатар, танк колоннасын жасақтауға Гурьев (Атырау) облысы Бақсай ауданы Павлов атындағы колхоздың төрағасы Константин Александрович Нам 1943 жылы 50 мың сом, 1944 жылы 100 мың сом берсе. [2, 184 б.], Гурьев (Атырау) облысы «Алғабас» балықшы ұжымшары партия ұйымының хатшысы Сағын Алпатанов 60 мың сомнан аударды. [2, 184 б.].

1942 жылы 6 наурыздағы Гурьев (Атырау) облысы Таушық селосында майданға кеткен Қызыл Армия жауынгерлерінің отбасыларының тұрмыстық жағдайын тексерген комиссия мүшелерінің қысқаша хабарламасы бойынша 27, ақпанда 430 қызметкерлер мен жұмысшылар жасайтын № 2,3 және 5 шахталар тексерілген. Тексеру барысында жұмысшылардың отбасыларының ауыр тұрмыстық жағдайлары анықталып, жекеленген Қызыл Армия отбасы мүшелеріне, ақшалай және заттай көмектер берілді [10, 70 б.].
Жұмысшылар комитеттеріне барлық Қызыл Армия отбасыларын есепке алып, оларға көңіл бөліп, қамқорлықтар жасау, совхоз басшылығының көмегімен тұрғын үймен, отынмен қамтамасыз ету, еңбекке жарамды жанұя мүшелерін жұмысқа, балаларын бала — бақшаларына орналастыру міндеттелді [11].

1944 жылдың 1 шілдесінде Гурьев облыстық атқару комитеті қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы әскери қызметкерлердің отбасына көмек беру мақсатында құрылған қорға 2 күндік жалақыларын аударды. Қорға 2225 сом, ақша, 29 текше метр, ағаш, 47 метр мануфактура, 500 сомға әртүрлі тоқыма бұйымдары т.б. тұрмыстық қажетті заттар жиналып, 28 адамға тегін көмек берілді [12].

Соғыс жылдарында Гурьев (Атырау облысында) Отан үшін өз денсаулығынан айырылып, елге мүгедек болып келген жауынгерлерге-де қол үшін беріп қамқорлыққа алды. Соғыс мүгедектеріне ұн, май, кондитер өнімдері, картоп, аяқ киім, шаруашылық сабыны берілді. Бақша егуге жер, ақшалай көмек және зейнетақы төленді.

КСРО ХКК мен БКП (б) ОК — нің 1943 жылы 21 тамыздағы «Неміс басқыншыларынан азат етілген аудандардың шаруашылығын қалпына келтіру шаралары» қаулысы бойынша [13, 417 б.]. Қазақстан азат етілген аудандардың қалаларын, елді мекендерін қалпына келтіру жұмыстарын орындауда белсенділік танытып, КСРО республикалары арасында алғы шепте болды. Қазақстан облыстары 14 гвардиялық дивизиялар мен әскери бөлімдерін, неміс басқыншыларынан азат етілген 12 қаланы, 45 ауданды, 35 шахтаны өз қамқорлығына алды. [14, 1 б.].

Аталған нысандар республиканың барлық облыстарына бөлінді. Оның ішінде Гурьев облысына — 195 атқыштар дивизиясы, автоматшылар батальоның қамқорлыққа алды. [15]. Тез арада облыстық атқару комитеттері азат етілген аудандарға көмек беру және шаруашылығын қалпына келтіру жөнінде арнайы қаулылар қабылдап, комиссиялар құрды. Гурьев облыстық партия комитетінің бюросы мен облыстық атқару комитетінің 1943 жылы 22 қазандағы (№ 136.б.) қаулысына сәйкес Орлов облысына көмек беру мақсатында арнайы комиссия құрылды. Оның төрағасы — облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары А.Савостьянов, мүшелері — Ж.Камбаров, К. Төлебаев, Е. Жұмағалиев, С.Ротань, В.Наумов, Б.Струлевич тағайындалды. Осындай комиссиялар аудандар мен қалаларда, ауыл ұжымдарында да құрылды. [15].

Азат етілген аудандаға ең алдымен ауыл шаруашылығының білікті мамандары жіберілді. Мәселен, Гурьев облысынан азат етілген аудандарға 17 адам жолдамамен жіберілсе, оның 2 — і МТС директоры, 6 — ы зоотехник, 4 — і агроном, 5 — і ветфельдшер болды. [16, 14 б.]. 1943 жылдың 15, ақпанындағы мәлімет бойынша Гурьев облысы Орёл облысына көмек ретінде 99 бас мүйізді ірі қара, 568 бас қой — ешкі, 12 бас шошқа, 2 бас жылқы, 1 электромотор, 162 жұп қолғап, 11 келте тон, 1320 жүн шұлық, 942 байпақ, әртүрлі 566 киім, 6386 үйге қажетті заттар, 134 кг, 200 кеңсе бұйымдары, 6135 медициналық институтқа арналған кітаптар, 24122 сом тұратын дәрі — дәрмек, 4150 кг тары, 75 кг күріш, 60 кг кептірілген нан, 312 кг май, 181 центнер балық әзірленіп жіберді. Доссорда 2 трактор, 1 машина, 2 жол арбасы, 1 грейдер, 2 нефтедвигатель, т.б. тұрмыстық қажетті заттармен қатар 1 088 375 сом, ақша жиналды. [17 ].

Гурьев облысы атқару комитетінің бірінші хатшысы Ә.Қамбаровтың 1943 жылы 24 қарашада Шаяхметовке берген хабарламасында 20 қарашаға дейін Орёл облысына көмекке 76 мүйізді ірі қара, 386 ұсақ мал, 2 бас жылқы, 3 трактор, 2 мотор, автомашина т.б. азық — түлік, киім — кешек, дәрі — дәрмек, тұрмыстық заттар жиналғанын, оларды 6 желтоқсанда облыстан құрамы 5 адамдық делегациямен Орёл облысына жөнелтілетін хабарлады. Оларды жөнелтуге қажетті жабық платформа вагондар бөлуді сұрады [15].
Қорыта келгенде, соғыс жағдайындағы Гурьев (Атырау) облысының тұрғындары ауыр тұрмыстарына қарамастан майданды, Қызыл Армия отбасыларын, азат етілген аудандарды өз қамқорлықтарына алып, оларға қаржылай — заттай, рухани жағынан көмектерін беріп отырды. Жергілікті жерлерде жүргізілген қаражат жинау, қорғақша аудару т.б. шараларда асыра сілтеушілік, көзбояушылық әрекеттер-де орын алған, бірақ олар белгіленген мақсатқа жетуге кері әсерлерін тигізе алмаған. Сөйтіп, соғыстағы Ұлы Жеңіске аймақ тұрғындары Отан алдындағы азаматтық борышын абыроймен өтеп, туған жеріне үлкен патриоттық сезімін таныта білген.

Әдебиеттер тізімі:
1. Қазақ ССР тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. Бес томдық. — Алматы: Ғылым. 1984. — 728 б.
2. Балақаев Т., Алдажұманов Қ. Қазақстан еңбекшілері майдан қызметінде (1941–1945 ж.ж.) — Алматы:
Ғылым, 1985. -320 б.
3. Қашқынбаев З.Ш. Қазақстан майдан арсеналы. Алматы, 1975.
4. Боздақтар. Естелік кітабы. Торғай облысы. — Алматы, Қазақ энциклопедиясы. 1995.
5. БҚО ММ. 850 — қор. 1- тізбе, 1143 — іс.
6. Ат. О ММ, 369 — қор, 1- тізбе, 4 — іс.
7. Ахметов Қ., Досқалиев Қ. Қазақстан — Сталинград майданының арсеналы. Алматы, 1992.
8. ҚР ПМ. 708 — қор, 5/1- қор, 250 — іс
9. ҚР ПМ 708 — қор 7/1 — тізбе, 667 — іс.
10. Тағзым. Маңғыстаулықтар Ұлы Отан соғысы жылдарында 1941–1945 ж.ж. — Астана: Фолиант. 2005
11. ҚРО ММ. 1474 — қор, 1- тізбе, 105 — іс.
12. Ат. О ММ. 1045 — қор, 1 — тізбе, 34 — іс.
13. Советский Союз в годы Великой Отечественной войны. Москва. 1985, — 711 с.
14. ҚР ПМ. 708 — қор, 9 — тізбе, 1361 — іс.
15. Ат. О ММ. 855 — қор, 1 — тізбе, 241 — іс.
16. Ат. О ММ 855 — қор, 1 — тізбе, 244 — іс.
17. МО ММ 17 — қор, 1- тізбе, 801 — іс.

Сарсенов А.С., Бозахаева Г.К.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті

daurenbi@bk.ru

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?