Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

М. Х. Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегіндегі тарихи – танымдық деректер.

30143

Мұхаммед Хайдар Дулати (1499–1551) қазақтың есімі әлемге мәшһүр тұңғыш тарихшы ғалымы, кемеңгер ойшылы, әдебиет зерттеушісі, этнограф.

Баршаңызға белгілі М. Х. Дулати Кашмирде билік құрған жылдары парсы тілінде «Тарих-и Рашиди» атты Орталық Азия халықтарының ХІІІ-ХVІ-шы ғасырлардағы тарихы, этнографиясы мен географиясы, әдебиеті мен мәдениеті жайлы классикалық тарихи шығармасын жазды. Еңбектің ішінде халқымыздың тарихына қатысты қызықты мағлұматтар көп. Соның біріне, атап айтсақ Шыңғысханның Орта Азия мен Қазақстанды жаулап алу оқиғаларын М. Х. Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегіндегі деректер арқылы бажайлап көру мынадай жәйттерді айшықтауға мүмкіндік берді. Сонымен, өзіне көрші жатқан жерлерді жаулап болған Шыңғысхан енді Орта Азия мен Қазақстанға көз тігеді. Жазба деректерге қарағанда, бұл жорыққа Шыңғысхан өте ұқыпты дайындалған. Ол өз еліне Орта Азиядан, Қазақстаннан келген саяхатшылар мен саудагерлерден Хорезм шахының, Қарахан мемлекетінің, қарақытайлардың ішкі саяси жағдайы, олардың бір-бірімен қарым-қатынастары, әскерлерінің құрамы туралы сұрап, мәліметтер алып отырған. Шыңғысхан 1217 жылы Күшліктің Жетісудағы иеліктерін басып алуға Жебе ноянды аттандырады. Жебе ноян бастаған монғолдар діни қысым жасамау ұранын басшылыққа алды.(1)

Күшліктің мұсылман дінін жақтаушыларға тізе батырып отырған кезіне сай келген бұл ұран жергілікті халықтан қолдау тауып, монғолдарды мұсылмандар құшақ жая қарсы алды. Монғолдар бұл жағдайды дер кезінде пайдаланып, Жетісу жеріне енеді. Қазіргі тарихи әдебиеттердің барлығында дерлік осылай баяндалады. Ал, «Тарих-и Рашидидегі» деректерді сөйлете отырып, осы оқиғалардың қалай өрбігендігін имандылық тұрғысынан да, тарихи-танымдық тұрғысынан да тереңірек түсіне алуға мүмкіндік туары анық.

Сонымен: «Шыңғыс хан шығыс елдерін өз қарамағына алған кезде Күшлік ибн Тайанг хан найман Бишбалик ((Бесбалық)- Шынжандағы қазіргі Үрімші және Тұрфан қалаларының солтүстік жағында болған. ХІІІ ғ. Бесбалық Қарақожа қаласымен қатар ұйғырлардың астанасы болған) жолымен қашып гурхан (қарақытайлардың билеушісі) иелігі уәлаятының шекарасына жетті. Тау-тасты кезіп, кіріптарлыққа түсті. Төңірегіндегі тайпаластары бөлініп кетті. Кейбіреулердің айтуына қарағанда, гурхан әскерлерінің бір тобы оны ұстап алып, гурханның алдына алып барған дейді. Тағы бір, аңызда, ол гурханға өз аяғымен барған. Әйтеуір біраз уақыт гурханның қызметінде болып, аялдаған. Сұлтан Мұхаммед хорезмшаһ ((1200–1220) Мауараннаһрдағы хорезмшахтар мемлекетінің соңғы шахы, 1220ж. соңында Каспий теңізіндегі аралдардың бірінде қаза тапқан), гурханға қарсы шыққанда шығыс жақ беттегі әмірлер гурханға мойынсұнбай бас көтеріп, әлемнің әміршісі Шыңғыс ханның қолдауына арқа сүйеді. Сөйтіп олар гурханнан аман-есен қалды. Күшлік хан гурханға айтты: «Менің елім өте көп және олар Имэл (Эмил-Алакөл көліне шығыс жағынан құятын Тарбағатайдағы өзен), Қиалық (Жетісудағы Қапалдың батыс жағындағы жердің аты) және Бишбаликта сергелдеңде жүр. Кез келген адам оларға опық жегізіп, ренжітіп жүр. Егер рұқсат болса, солардың басын қоссам және сол қауымның көмегімен сізге жәрдем көрсетсем деймін. Әрі гурханға бастан-аяқ , бар мүмкіндігімше ол толық айтқан бұйрықтарды орындаймын» деді. Осы әдіс-айламен гурханды қанаттандырды. Кейін оған сыйлық алып барып «Күшлік хан» дәрежесін алмақ болды. Гурхан бермеді. Күшлік атылған жебедей зулап кетіп қалды.

Күшліктің шабуылға шыққандағы туралы хабар таралып, ол Имэл, Қиалық шекарасына жеткен кезде оған бұрынырақта әлем әміршісі Шыңғыс ханның айбатты даңқынан қашып кеткен макрит әмірлерінің бірі Тоқтай қосылды.

Күшліктің өз топтары да жер-жерден жиналды. Содан ол елді мекенге шабуыл жасап тонау, қарақшылық әрекетке кірісті. Олар ана жер, мына жерден тиіп қашып, барымталап кететін.

Сұлтан Мұхаммед хорезмшаһтың жеңісін есітіп, оған елшілерін бірінен соң бірін жіберіп, Сұлтан Мұхаммед хорезмшаһ батыс жағынан гурханға шабуыл жасаса, ал өзі Күшлік шығыс жағынан шауып, гурханды екі жақтан қысып жоямыз деп өтініш айтты. Егер Сұлтан Мұхаммед хорезмшаһ гурханды күйретуде Күшліктен бұрын өзін көрсете білсе, онда қарауындағы Алмалық (қазіргі Шыңжан — Ұйғыр автономиялы округіндегі Құлжа қаласының солтүстік-батысындағы қала. ХҮІ ғ. қала күйреген), Хотан және Қашқар Сұлтан Мұхаммед хорезмшаһтікі болсын.(2) Егер де Күшлік қарақытайды бұрынырақ жойса, онда оған Финакетке (Бенакет, Бенакент- монғол шапқыншылығынан күйреген қала, кейіннен, Ақсақ Темір қалпына келтіріп, үлкен ұлының атымен Шахрухияатаған. Күйреген қаланың бүгінде орны Сырдария өзенінің оң жағында дарияға Ангрен өзенінің құйылысынан жоғары 15 км жерде жатыр) дейінгі жер тиесілі болсын деп осыған тоқтасып, келісті. Олардың кеңесінен соң шаң көкке көтеріліп, келісімге сай екі жақтан әскер қарақытайға жүріп кетті. Күшлік алға шығып, гурхан әскері қашықта болса да қырғыеға ұшыратты, және оның Өзкенттегі қазыналарын тонады. Ол жерден шығып, Баласағұнға (қала-қорған, Шу өзенінің бойында орналасқан. ХІҮғ. қала тіршілігі тоқталған) бет алды. Гурхан сонда болатын, Джинуджеде (Шудан жоғары жатқан өзен) соғыс болды. Күшлік жеңілді һәм оның әскерінің көбі тұтқынға түсті. Күшлік кері оралып, өз әскерін қайта жасақтауға кірісті. Сұлтан Мұхаммед хорезмшаһпен шайқастан соң гурхан өзіне оралғанын, бағынышты уәлаяттарға жөнсіздік жасап, оның әскері-де өз жеріне қайтқанын естіген соң Күшлік жасақталған әскермен жарқылдаған найзағайдай ойнап үстінен төнді. Ұрыс басталып, гурханның әскері мен қазынасын, иелігін бағындырып алды әрі қыздарының бірін әйел етіп алуға талап етті. Найман тайпасының көбі христиан болатын. Ол қызды христиандықтан бас тартып, пұтқа табынуға мәжбүр етті.

Күшлік қарақытай өлкелерінде мықтап орныққан соң, бірнеше рет онымен гурханмен соғысты. Бірнеше рет ол Ханбалыққа (яғни, Пекин) дейін барды. Ең соңында оны, аңдаусызда, аң аулап жүрген жерінен ұстап, өлтіреді.

Қашқар мен Хотан басшылары да қарсылық жасап, бүлік шығарды. Гурхан Қашқар ханының ұлын тұтқында ұстап отырған еді. Ал Күшлік оны түрмеден босатып, қайтадан Қашқарға жіберді. Ал әмірлер қулық жасап ол қалаға кірмей тұрып, қапысын тауып, оны қақпаның алдында өлтірді. Астық пісіп, егін орыла бастағанда Күшлік ол жаққа әскер тұруға жіберетін. Олар жейтінін жеп, астықтың қалғанын өртеп жіберетін. Осындай үш-төрт рет әскер келіп кеткен соң астық та түгесілді. Жұт басталды. Содан олар шарасыздан оның үкіміне мойынсұнды. Күшлік әскері сол жерге келді. Қожайындары (кедхуда) бар әрбір үйлерге әскерлер түнейтін. Ымырт үйіріле қорлық, зорлық-зомбылық , бұзақылық етек алатын. Дінсіз, пұтқа табынушылар ойларына келгендерін істейтін. Ешкімнің оған қарсы тұруға шамасы жоқ еді.

Ол жерден Күшлік Хотанға кетті де Хотанды басып алды. Одан кейін бұл аймақтын тұрғындарына Мұхаммед дінінен шығуды бұйырды. Не христиан, не пұтқа табынушылықты — екеуінің бірін қабылдасын, олар нәсари (христиан) немесе қытай киімін кисін деді. Адамдар қытай киімін [яғни буддизмді] таңдады. Құран аятында айтылғандай: <Еріктен тыс, лажсыз, тіршіліктеріңді сақтап қалу үшін жесеңдер, оған кінә жоқ. Бұған да Алланың кешірімі мен мейірімі мол>. Сонымен, Күшлік Азаншының азанын тоқтатып, мұсылман мен мүминнің бір Аллаға сенушілігіне бөгет жасап, мешітті жауып, медреселерді құлдыратып тынды.

Күшлік Қашқар мен Хотанды алған соң христиан дінінен пұтқа табынушылыққа көшіп, елге-де соны міндетті етті. Олар ханифиттердің таза дінін кәпірлікке (гебр) айырбастауға мәжбүр етті. Һәм тура жолдың нұрлы сәулесін күпірліктің үрейіне ауыстырып, рақымды Аллаға бас иудің орнына қарғыс атқыр сайтанға мойынсұндырды.

Сол кезеңде зорлық пен үстемдік жасап, күш көрсете отырып, Мұхаммед діні имамдары мен Алланың жолында жүргендерге өз дінінің артықшылығына күштеп көздерін жеткізу үшін барлық ғалымдар мен лайықты адамдар сахараға шықсын деп, қаладағыларға әмір етті. Үш мыңнан астам имам жиналып, оның алдына келді. Ол бұларға қарап: «Бұлардың ішінде дін мен шариғатқа қатысты айтыса алатын кім бар? Сөзден қайтпай, жазадан қорқып үнсіз қалмасын», — деді. Өзі ешкімнің де өзіне қарсы келуіне, дәлелдерін айтуға батылы жетпестігіне нық сенімді еді, алда-жалда әлдекім сөйлейтін болса, онда оның қаһарлы жүзінен төнген қорқыныштан қашқақтап, сақтанып әрі шиеленіс отын өршітіп алмай, керісінше жалғанды мақұлдап, шындықты қаралап шығар деген ойда болды. Бірақ сол тайпаның Алла қолдаған шейхі, әрі, ақиқат имамы Алаадин Мұхаммед әл-Хотани <Қабіріне Алланың нұры жаусын, әрі сыйы көп болсын> орнынан тұрып, Күшліктің жанына келіп отырды. Ақиқатты айтуға бел буды. Діндер жайлы айтыс басталды. Күшліктің даусы қатты шыға бастады. Алайда имам Кучлукке назар аудармай нақты әңгімелер келтіріп отырды. Оның болмысын жоқ деп есептеді. Хақ — нақақтыққа, ғалым — надандыққа үстем болды. Бақытты азап шегуші имам Кучлукты айтыста жеңілуге мәжбүр етті.

Күшліктің пасықтықтан ыза-оты лаулады. Сөзі шорқақтап, тілі күрмелді. Сандырақтап, бейпіл ауыздыққа салынды, лайықсыз сөздерді тілге тиек етті. Осы бағытпен ол біраз сөйледі.

Шындықты айту және қатені көрсетуден тайынбай діни керітартпалыққа төзе алмай, әрі мына жағдайға көз жұма алмай, имам айтты: «Аузыңа құм құйылсын, әй діннің жауы, қарғыс атқан Күшлік».

Мұндай ірі сөз кәпірдің құлағына жеткенде, күнәһар кәпір оны ұстауға әмір етті. Сөйтіп имамды бірнеше тәулік жалаңаш, байлауда, шөлде ұстап тамақ, ғұмырлық азықтан мақұрым етті.

«Егер-де сіз тамақ бермесеңіз, мен Алланың дастарқанына қонақ болып, түнеймін, Алла маған тамақ береді, һәм менің шөлімді қандырады». Және осы имам Мұхаммед Салих пайғамбар сияқты өз қуанышы сәмудке кіріптар болғандай және Жақыптың қан жылап көрген азабындай, не тауқыметіндей, пайғамбар (с.ғ.с.) айтқан: «Азап пайғамбарлар үшін, сонан соң әулиелер үшін, одан кейін өрісі жоғары болғандар үшін», сол үшін Аййубтың сабыры ләзім.

Істің соңы сол адасқан қауымның айналасына барып тірелген соң, әртүрлі жалған уәде беріліп, байбалам салынып, жазалау да орындалады. Сондықтан имам Мұхаммедтің іші мен сырты бірдей имандылықтың куәсі болғандықтан, оны өзі Хотанда салған медресесіне шегеледі. Осылайша ол имандылық жолында шаһид болуға бел буды. жалған дүние үшін тозаққа баруға шешім алмай, имансыздық желкенін желбіретпеуге бекінді. Бақиды фәниге алмастырмады. Әуестік пен бұл дүние қызығына ұлы арман үшін берілмеді. Алла тағала айтады: <Бұл дүниеде тіршілік — тек ойыншық, (қыздырмалы) қызық екен. Тақуалар үшін, ақырет күні артық. Осыны түсінбек керек>. Сөйтіп, хаққа жанын тапсырды. Зынданнан — жұмаққа, ақыреттің ниғметіне жетті. Төменгі мекеннен көкке, жоғары мекенге жол тартты.

Осы оқиғадан соң көп ұзамай Шыңғыс хан мемлекеттерді жаулап алуға бет алған кезде Кучлуктың жөнсіз бұзақылығына тойтарыс беру үшін бір топ нояндарды жіберді. Сол уақытта Күшлік Қашқарда болатын. Қашқар адамдарының айтуынша нояндар жеткен кезде ол соғысуға сап түзеп үлгермеген еді. Сондықтан ол алды-артына қарамай қашты. Бірінен соң бірі топ-топ болып жеткен монғолдар жұрттан Күшліктен басқа ештеңе талап етпеді. Әрі барған жерінің барлығында азан шақырып, намаз оқуға, әркім өз әдет-ғұрпына қарай өмір сүріп, өз дінін ұстануға рұқсат беріп жар салды.

Күшлік хан жеңіліп қашқан соң, қалада тұрып жатқан және мұсылмандар үйіне орналасқан оның адамдары бір сәтте-ак топыраққа сіңіп кеткен сынаптай жоқ болды. Монғол әскері Күшліктің ізіне түсті. Әр жерге ол тоқтап, әскер жақындап қалғанда құтырған иттей болып, тағы да жүріп отырып, сөйтіп Бадахшан маңайына да жетті. Сөйтіп ол Сариг-Чупанға (Сары-Шопан) келгенде сорына орай жолдан адасты. Одан әрі бір тауда шатқалға тірелді. Бір топ бадахшандық аңшылар сол маңайда тауда, аң аулап жүрген. Олар қашқындарды көріп, солар жаққа бет алды. Екінші жақтан монғолдар келіп жетті. Шатқал тар юолғандықтан өту қиын еді. Монғолдар, аңшыларға былай деді: «Анау топ бізден қашқан Күшлік пен оның нөкерлері. Егер Күшлікті біздің қолымызға ұстап берсеңдер, онда сіздермен жұмысымыз болмайды», — деді. (3)

Әлгі, аңшылар Күшліктің тобын қоршап, тұтқындады, оларды монғолдарға тапсырды. Олар оның басын кесіп, өздерімен алып кетті. Бадахшандықтар көп олжамен — гауһар тас, маржанмен үйлеріне оралды.

Қорыта келе, Ғұлама Бабамыздың: «Бір нәрсе айдан анық: кімде-кім ислам діні мен Мұхаммедтің заңына, жолына кедергі, шабуыл жасаса, ешқашан жеңіске жетпеген, ал оның дәстүрін сақтап жолын қуған адамның күн сайын берекесі артқан»,- деген тұжырымы күллі мұсылман қауымының мәңгілік ұраны болып отырғандығы даусыз болса керек.

Пайданылған әдебиеттер тізімі:

1. Қазақстан тарихы. көне заманнан бүгінге дейін, бес томдық, 1 том, Алматы. «Атамұра» 2010, 441 бет.
2. Мұхаммед Хайдар Дулати. Тарих-и Рашиди, парсы тіліндегі қолжазба нұсқасынан тәржімалаған Ислам Жеменей. Жалпы ред. басқарған және алғысөзін жазған Әбсаттар Дербісәлі. — Алматы: Тұран, 2003. — 318 б.
3. «Тарих-и Жаһангушайдан» үзінді М. Х. Дулати. Тарих-и Рашиди, парсы тіліндегі қолжазба нұсқасынан тәржімалаған Ислам Жеменей. Жалпы ред. басқарған және алғысөзін жазған Әбсаттар Дербісәлі. — Алматы: Тұран, 2003. — 320б.

Н. С. БахторазовТарМУ-дің Гуманитарлық — әлеуметтік ғылымдар институты, 3-курс студенті

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?