Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жетісу өңіріндегі қола дәуірі тайпаларының қолөнері мен тұрмыстық бұйымдары

30136

Оның бүгінгі дәлелі археолог мамандар қазіргі күнге дейін осы кезеңнің ескерткіштерін Қазақстанның барлық аумағынан тауып, зерттеп ғылымға жаңалықтар енгізуде.

Қола дәуірінде Алматы аумағы мен оның өңіріндегідей, б.д.д. ІІ-І мыңжылдықтың бас кезеңіне жататын «Анронов мәдениетінің» тұрақтары мен қорған-обалары пайда бола бастайды. Қоныс егіншілікпен, мал өсірумен және қолөнерімен айналысты. Ол жергілікті жерде «Тянь-шань» және «Көлсай мәдениеті» деп аталды. Ою-өрнекпен әшекейленген керамика бұйымдар, балталар, егін оратын қола орақ, тастан әллеміш заттар жасады. Жартастардың күн қақтаған жазық беттеріне көне суретшілер екі аяқты күйме арбалардың, күн басты құдайлардың бейнесін, ғұрыптық билер мен басқа да көріністерді шекіп түсірді [1, 9 б.]. Алтыннан соғылған, көркемдік деңгейі жоғары алғашқы зергерлік заттар да осы кезеңге жатады.

Жетісудағы Қапал селосының маңындағы Мыңшұңқыр обасынан табылған қола ғасырының кейінгі кезеңіне (б.д.д. ХІІ-Х ғғ.) жататын сырғалар ерекше жасалған. Олардың ішкі бетінде құланға ұқсайтын, тұрқы аласа дала жылқысының екі мүсіншесі орнатылған[1, 33 б.].

Қола дәуірінде мыс пен қалайының, қорғасынның қоспасынан қола қорытылып шығарылды. Өте берік әрі созылмалы металдан қару-жарақ пен еңбек құралдары: найзаның ұштары, айбалталар, ағаш ұқсату мен топырақты өңдеуге арналған балта-шоттар, пішен шабатын қол шалғылар жасалды.

Сұрғылт түсті тастан жасалып, жақсылап қырналып, өңделген тас келсаптар өте әсемдігімен ерекшеленеді. Олар ем-домдық дәрі-дәрмекті келіде түйіп, ұсақтау үшін қолданылған. К.М. Байпақов пен Т.В. Савельева еңбегінде: «Бұл шамандық емдеу тәсілінде еліктіргіш әсер тудырып, адамды ерекше күйге бөлейтін дәрі-дәрмек түрлері де болуы ықтимал» деп түйін жасайды[1, 35 б.]. Тастан бидай тартатын қол диірмендер жасалған.

Қола дәуірінде көзешілер, әдетте олар әйелдер болып келетін, саз балшықтан отқа күйдіріп құмыралар жасады. Керамика бұйымдар көне замандардың өзінде-ақ ою-өрнектермен безендірілген, оларды шикі балшықтың бетіне сызып түсірген немесе арнайы ирек тісті қалыппен бедерін басып шығарған [1, 36 б.].

Алғашқы табылған қола бұйымдар сирек кездесетін бағалы мұра ретінде бірден мұражайларға жіберіліп отырған. Мәселен, 1912 жылы Верный қаласының төңірегінен табылып, «Жетісу алтарі» деген ат иеленген құрбандық үстелшесі Эрмитажға тап болып, жете зерттеу нысанына айналды. Зерттеушілердің пікірінше, қазан шырағдандармен бірге үстелдің де ғұрыптық мәні бар, олар қасиетті храмдарда өткізілетін күнтізбелік мейрамдарда пайдаланылған. Археологтар Алматы қаласының оңтүстік шалғайынан осындай храмдардың орнын тауып, зерттеді.

ХХ ғасырдың 80-жылдары Оңтүстік Шығыс Қазақстанда , Жетісу атымен белігілі, қола ғасырының Қарақұдық ескерткіші қана белгілі болды. 80-90 жылдары зерттеушілердің бұл кезеңдегі ескерткіштерге деген қызығушылығы көптеген қоныстар мен қорымдардың ашылуына әкелді.Бүгінгі күні Жетісуда 30-дан аса қола ғасыры кешендері белгілі болып, 10-ға жуық тұрақтар мен 25-тен аса қорымдарға зерттеулер жүргізіліп, маңызды материалдар тауып, жүйеге келтірілді [2, 45 б.].

Бұл кезеңге жататын Іле Алатауы мен Күнгей Алатау таулы аймағындағы ескерткіштер басқа Жетісу кешендік ескерткіштерінен ерекшеленеді. Бұл археологтарға Шығыс жетісу мен Орталық Тянь-Шаньның таулы аудандарын қамтыған қоланың соңғы кезеңі Құлсай мәдениетін бөліп көрсетуге мүмкіндік берді [2, 45 б.]. Бұл ескерткіштер алдыңғы таулы аймақ (Ұзынбұлақ-І), ортаңғы тау (Кұлсай-І) және жоғарғы таулы аймақ (Қызылбұлақ І және ІІ)теңіз деңгейінен 1000метрден 2500 метрге дейінгі биіктікте табылды.

Құлсай мәдениетіне жататын қорымдардан 44 ыдыс табылды. Керамикалар біртектес және түбі жайпақ. Жасалған ыдыстардың негізгі тобы формасы жағынан Жетісу кешендеріне жақын: Тамғалы [3, 55 б.], ой-Жайлау және Талапты [4, 36 б.].

Ыдыстардың тұрпатын, жасалу техникасын және өрнегін салыстыра зерттеу қола дәуіріндегі мәдениеттің әрбір кезеңіне олардың белгілі бір түрі тән екенін анықтауға мүмкіндік береді. Қоныстарды мекендеушілерде қыш ыдыстарын жасау ісі едәуір орын алды. Оның бәрі шаруашылық пен тұрмыста пайдалануға арналды. Қола дәуірінде құмырашылар көбінесе әйелдер болды.Құмыраларға салынған өрнектер негізінен алғанда штрихталған үшбұрыштар, зигзагтар, шырша, дөңгелек батырып салған оюлар, сызықшалардан тұрды

Алдыңғы дәуірінде бүйірі тік немесе біраз шығыңқы, мойны ішке қайырылған, түбі жайпақ ыдыстар басым болды. Тісті немесе тегіс қалыппен түсірілген шырша өрнектері, шаршы, үш бұрышты, сопақша өрнектер, қисайта батырылған түтікшемен түсірілген «орақ тәрізді», тырнақпен түсірілген өрнектер көп тарады. Басқа өрнектермен қатар «меруерттер» - дөңгелек, томпақ өрнектер кездеседі. Ыдыстардың бүйірі мен түбі түгел өрнектеледі.Өрнек тік, көлденең, ирек сызықтардың, тік ирекшелердің, сызықшалармен толтырылған үш бұрыштардың қиюласуынан тұрады.

Ортаңғы қола дәуіріне тән құмыралардың түбі жайпақ келеді, иіні дөңгелетіліп немесе иініне мойны мен бүйірін бөліп тұратындай ойық жасалады. Өрнек тегіс немесе ұсақ тісті қалыппен түсіріледі. Бұл дәуірдегі ең көп кездесетін геометриялық өрнек – үш бұрыш, меандр, сынық, ирек сызық және көбінесе ернеуі, мойны, үстіңгі жағы өрнектеледі, ал иіні ойық ыдыстарда сурет үш жерге – мойнына,ортасынан жоғарырақ бөлігіне, түбіне жақындау жерге салынады. Кейде ыдыстың түбі өрнектеледі [5, 112 б.].

Соңғы қола дәуірін иіні дөңгелек, бүйірі азды-көпті шығыңқы құмыралар сипаттайды. Олардың ернеуіне қиғаш және айқыш-ұйқыш кертпелері бар балшық таспа жапсырылады. Кейде иініне өрнектің басқа түрлерімен қатар ирек сызық, қисық ойық, шырша, «меруерт» түрінде сурет салынады. Үстіңгі жағы сопақша ойықтармен өрнектелген немесе ешбір өрнексіз ыдыстар сирек те болса да кездесіп қалады.

Жасалынған қыш – құмыраларға қарап, олардың жасалу техникасы туралы сөз етуге болады. Ыдыстардың пішінін, жасалу техникасын және өрнегін салыстыра зерттеу қола дәуіріндегі мәдениеттің әрбір кезеңіне ыдыстардың белгілі бір пішіні тән екенін анықтауға мүмкіндік береді.Яғни, қола дәуіріндегі тайпалар қыш ыдыстардың жасалынуы, математикалық - типологиялық салыстырмалы әдісті пайдаланған.[7, 66 б.].

Қола дәуіріндегі ежелгі тайпалардың көркемдік талғамы мен мәдениеті туралы сәндік заттар мен өнер бұйымдарына қарап қорытынды жасауға болады. Сарыарқа археологиялық институтының ғылыми қызметкері, археолог Э.Р. Усманова « Костюм женщины эпохи бронзы. » еңбегін жарыққа шығарды[6, 7 б.]. Бұл еңбектің құндылығы – Лисаковка аймағындағы қола ғасыры ескерткіштерін 25 жыл зерттеу нәтижесінде ежелгі Евразия кеңістігін мекен еткен тұрғындардың киімдерін, әдет-ғұрыптарын жан-жақты зерттеп, қайта қалпына келтіріп, ғылыми айналымға алып келді. Қола ғасырын зерттеумен айналысқан ғалымдар алдында алғашында кезеңдерге бөлу, хронологиямен, жерлеу әдістері, қайта қалпына келтірумен ғана айналысты. Кейінгі кезеңде сол ескерткіштегі табылған керамиканың жасалу технологиясы және мазмұны, ол жерде басқа да қолөнер бұйымдары сырғадан бастап киім-кешекке дейінгі заттарды жеке-дара зерттеуге әкелді. Археологиядағы ең қызықты тақырып сол дәуірде өмір сүрген адамдардың – киімі.

Қола дәуіріндегі тайпалар кендірден, қара қурайдан, жабайы зығырдан және қалақайдан иірілген өсімдік жіптерді де қолданды. Қабірлерден табылған аяқ киім қалдықтарына қарағанда, олар теріден тігілген, тақалары болмаған, тарамыс жіппен тігіліп, жіліншік тұсынан баумен тартылып байланған. Теріні ұқсату үшін ірі малдың жақ сүйектерінен жасалған лөкет пышақтар және қоныстардан жиі кездесетін тегістегіштер қолданылды.

Еркектер мен әйелдер басына жүннен тоқылған немесе теріден тігілген құлақшын киді. Сыртқы киімдер де жүн матадан тігілді. Олар сірә, қос өңірлі немесе мойнында ойығы болып, сол жағынан бір түймемен қаусырылған болса керек.

Әйелдердің киімі көйлек, құлақшын, тері аяқ киім болды. Әдетте жүн матадан тігілген көйлектің етегі тізеден төменірек түсіп тұрған. Жеңі ұзын болған. Жеңнің қайырмасына қатар-қатар моншақ тағылды. Белдемшенің алды белдігінен етегіне дейін бірнеше қатар ақ моншақтар тізбегімен сәнделді. Мата қызыл түстің әр түрлі реңімен – алқызыл, күлгін-қызыл бояумен боялды.

Адамның өмір сүру деңгейінде тұратын тұрағы, тамағымен қатар киімде маңызды рөл атқарды. Киім адамды табиғат құбылыстарындағы жағымсыз әсерден қорғайды, ерекшелігі адамның денесінде тұрады. Тамақ денеге күш беріп, өмірлік белсенділігін арттырады. Киім адамның денесін табиғаттың суық жағдайларынан қорғап, белсенді қарсы тұрады. Киімдерді қайта қалпына келтіру арқылы сол кезеңде өмір сүрген халықтардың әлеуметтік құрылымы, жасалу технологиясы жөнінде мәлімет аламыз.

Қола дәуіріндегі қолөнердің тағы бір түрі зергерлік өнерді археологтар б.з.д. 2 мыңжылдықтардың екінші жартысына жатқызады [8, 25 б.]. Әсемдік заттар да өмірде белгілі бір маңызға ие болған. Ілуде біреу болса да «аң» стилінде жасалған заттар кездеседі.

Қабірлерден табылған көптеген сәндік заттарға қарап, әйелдер құлақтарына алтын қаптаған үлкен сырғалар мен бұрама самай сырға, мойындарына өңіржиек немесе моншақ тізілген алқа таққан, қолдарына білезік, жүзік салған. Киімнің жағасына әйнек моншақтар тіккен, кеуделеріне дөңгелек қапсырма таққан. Табан із, дөңлелек ромб тәрізді, кейде өрнектелген салпыншақтар мен белдік құрсаушалар кеңінен тараған. Еркектер де, әйелдер де сәндік зат және бойтұмар есебінде қабыршақтарды, жыртқыш аңдар мен үй жануарларының азуларын тағатын болған. Олардың кейбіреулері қызыл жосамен боялған.

Қорыта келе айтарымыз: Қола ғасырының өзінде ежелгі тұрғындар өмірлік қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін металлды ерітіп, басқа түрге енгізумен қатар, тұрмыстық бұйымдарын да жоғарғы технологиямен жасай білген. Сол кезеңнің өзінде математикалық қабілеттіктерімен пропорцияны сақтай білген. Соның нәтижесінде қанша ғасыр өтсе де, бүгінгі күнге дейін бұзылмай жеткен.

Шораев Б.К., Қорқыт Ата атындағы ҚМУ – нің Археология және этнография ғылыми зертттеу орталығының ғылыми қызметкері

                                              Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.Древние сокровища Алматы и Жетысу: Фотоальбом – Алматы, 2004. –  С.172.

2.Горячев А.А. О погребальном обряде в памятниках Кульсайского типа // История и археология Семиречья. Сборник статей и публикаций.- Выпуск 2. Алматы: Фонд «Родничок», 2001. – С.186.

3.Рогожинский А.Е. Могильники эпохи ббронзы урочища Тамгалы // История и археология Семиречья. Сборник статей и публикаций.- Выпуск 2. Алматы: Фонд «Родничок», 1999. – С.186.

4.Марьяшев А.Н., Горячев А.А. Археологические памятники эпохи бронзы урочища Ой-Джайляу (Семиречье) // Археологические исследования в Казахстане. Алма-Ата, 1992.

5.Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. 1-том. – Алматы: Атамұра, 2010. – 544 б.

6.Усманова Э.Р. Костюм женщины эпохи бронзы. Опыт реконструкций. – Лисаковск-Караганда, 2010. – С.176.

7.Карабаспакова К.М. Племена Семиречья и Южного Казахстана в эпоху бронзы. Автореф. дис… канд.ист. наук. Алматы, 1998 .

 8.История искусств Казахстана. Учебник. – Алматы: Издат-Маркет, 2006. – 248 с., илл., 32 с. цв. клейка.

cd51bdfe23574197bcb7f9c6af416d82.jpg

2fb651bcc697c256833e4d86a0d679e6.jpg

c65e799df9199d7593241c7383cc0e8e.jpg


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?