Бүгінгі таңдағы түркология түркі халықтарының тілін ғана
зерттеп қоймай, тарихын, әдебиетін, фольклорын, этнографиясын, философиясын,
өнерін тұтастай да, саралап та зерттейтін кешенді ғылымға айналып отырғаны
мақтаныш сезім ұялатады.
Кеңес дәуірі кезеңінде түркі әлеміне байланысты зерттеулерге қойылған кейбір шектеулерге қарамастан, түркология ғылымына қызығушылық танытып, мәселенің зерттелуіне айтарлықтай үлес қосқан ғалымдардың, оның ішінде қазақ ғалымдарының орны ерекше. Осындай ғалымдардың бірі және бірегейі – академик Әлкей Марғұлан.
Отызыншы жылдардан бастап Ә. Марғұланның зерттеу нысаны болған эпостық жырлар, одан кейінгі жылдарда зерттеген қазақтың ежелгі сәулет өнері, мүсін тастар, шеберлік өнері тарихын зерттеуі болсын, негізгі үш саланы қамти отырып жүргізілгенін көреміз. Біріншіден, археологиялық экспедициялар кезінде қазба жұмыстары нәтижесінде жинақталған деректерді зерттеу, екіншіден, ежелгі, орта ғасырлардағы ғалымдардың, жиһанкездердің Орта Азия және Қазақстан туралы жазған еңбектерін зерттеп, оларды ауыз әдебиеті саласындағы зерттеулерімен сабақтастыра отырып қорытынды жасау әдісін қолданған. Тіпті, ауыз әдебиеті үлгілерін, оның ішінде ертегілер мен жырларды өзара салыстыра отырып, жыр мотивтерінің ұқсастық, ерекшелік жақтарын, мотивтің алғашқы және кейінгі іздерін халықтардың қоғамдық, экономикалық тарихын негізге ала отырып зерттеген.
Ә. Марғұланның ғалым ретіндегі басты ерекшелігі этнотарихи, этномәдени, этноархеология, этнолингвистика салаларына арнайы назар аудара зерттеуі екенін баса айтуымыз керек.
Ә.Х. Марғұлан – қазақ фольклорын, оның ішінде, қазақтың тарихи жыр-аңыздарына сүйене отырып, тарих пен этнографияны байланыстырып, тарихи фольклорды алғаш рет кешенді түрде зерттеген ғалым. К.Ақышевтің пайымдауынша, «археология мен этнографияны және фольклорды ұштастыра білген Әлкей Марғұланның ғылымға сіңірген еңбегі қызық кітаптың айқарма беті сияқты». Осы кітап уақыт озған сайын құнын еселей арта бермек [1, 45-б.].
Ә. Марғұлан өзінің «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Ежелгі жыр- аңыздар» атты еңбегінде: «Ғасырлар бойы сахарада айтылып келген ертегі-жырларды, аңыз әңгімелерді ең алғаш шығарып таратқан, сахараны қоныстанған әртүрлі көшпелі түркі тілдес елдер еді. Олардың ішінде жұртшылық майданынан белгілі орын алып, тарихта көрнекті ат қалдырған жұрттар, ескі дәуірден шолып қарағанда, ғұн мен сақтар, үйсін мен қаңлылар, қырғыз бен ұйғырлар жұрты болмаса, өзгенің барлығы тарихи дәуірлерде бүгінгі қазақ даласында тіршілік жасап, олардан тараған рулардың көпшілігі бері келе қазақ елінің іргесін құруға негіз болды. Сондықтан бұл айтқан ескі рулар жасаған мәдениет бұйымның іздері де, оның ішінде қазақ жыры, эпос, ою-өрнек, сәулет өнері туындылары, бүгінге дейін Қазақстан жерінде жақсы сақталып, олардың жұртшылық салты, елдік заңы, барлық рухани тіршілігі де көбінесе қазақ елінің тұрмысында ашығырақ сақталғанын» анықтады [2].
Фольклордың этнографиямен тығыз байланысты екенін, олардың өзара этностың тарихын зерттеуде бірін-бірі толықтырып отыратындығын академик Ә.Х. Марғұлан өз зерттеулерінде дәлелдеді [3, 144 б]. Бұған ғалымның 1946 ж. қорғаған «Қазақ халқының эпикалық әңгімелері (миф, легенда, ертегі-жыр, аңызды әңгімелер) туралы тарихи-әдебиеттік зерттеулер» атты докторлық диссертациясы [4] және 1985 ж. жарық көрген «Ежелгі жыр-аңыздар» атты ірі монографиялық еңбегі дәлел [2]. Бұл еңбектерде Әлкей Марғұлан алғаш рет халықтың жыр-аңыздарын тарихи дерек ретінде пайдаланып, кешенді тұрғыдан зерттеген. Сонымен қатар осы тарихи жыр-аңыздарында қазақ халқының генезисін және өсіп-өрбу жолдарын кеңес дәуірінде алғаш айтқан ғалымдар қатарына жатады.
Ауыз әдебиетінің бай қазынасы Әлкей Хақанұлына әр кездері ой салып, ғылыми терең түйіндер жасауға көмектескенін көреміз. Сондықтан да ғалым халық ауыз әдебиеті үлгілерін үздіксіз және ерекше қадірлеп, көңіл қоя зерттеді. 1931 ж. С.Ф. Ольденбург, А.Н. Самойловичтердің басшылығымен Кеңестер Одағы халықтарының ауыз әдебиетін жинастырып, бірнеше том жинақ шығару мәселесі көтеріледі. Осы кезде Ә.Х. Марғұлан қазақ эпосы мен жыр аңыздарын орыс тіліне аударып, жария ете бастайды. Ғалымның алғашқы аударған еңбегі "Ер Тарғын" жыры [3, 145 б.].
Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы Орталық ғылыми кітапханасының қолжазба және сирек кездесетін кітаптар қорында Әлкей Хақанұлы 1939, 1941 жылдары жинап тапсырған жетпістен аса қазақ ертегілері сақталған [5].
Ә. Марғұланның пайымдауынша, ел аузында айтылатын эпос жырларының жыр түрі бірте-бірте ұмытылып, қара сөзбен айтылатын ертегіге айналған. Оның мысалы ретінде «Ер Көкше», «Шора», «Қобыланды» жырларының қара сөз түріндегі нұсқаларын келтіруге болады. «Ер Төстік», «Арғы мерген», «Қара мерген», «Ақ Көбек» сияқты бүгінде ертегіге айналған эпикалық әңгімелер бір кезде эпос жыры болғанына Ә.Х. Марғұлан шүбә келтірмейді. Бұлар бергі феодалдық дәуірде жаңа мазмұн алып, алғашқы қауымдық құрылыс дәуірі кезіндегі сюжеті біраз өзгерген.
Ә. Марғұлан ғұндардың Европа елімен қарым-қатынаста болғаны тек тарихта жазылып қоймай, Европа елдерінің ұлы эпос жырларында, қария аңыздарында да сақталып келгендігі туралы жазды. «Олардың ғұндар туралы барлық қария аңыздарын толығынан алып жазған Блеер мен француз ғалымы А.Тьерри», – деп көрсетті. Ә. Марғұлан «Ғұндар туралы әдемі хикаялар әсіресе Скандинавия жырларында, мадьярдың қария сөздерінде жиі кездеседі. Ғұндардың бейнесі Скандинавияның «Ұлы Эдда», «Кіші Эдда» сияқты жырында дүниежүзілік әдебиеттің сюжеті болып табылған. «Ұлы Эдда» жырының бас геройы – Шығыстан Европаға келген алып ер. Ол өзі төзімді, өзі кемеңгер, өзі ел басқарушы, жылқы өсіріп, қымыз ішеді, көрмеде мүсін аттары байлаулы тұрады, ерлікті 12 жасынан бастаған атақты алып тұлға, алып ер Еділ» - дейді [2, 60 б.].
«Манас» жырын терең зерттеген Ә.Х. Марғұлан «Эдда» жырында Еділді улап өлтіру тәсілі Манасқа өте ұқсас, – деп жазды. Сонымен қатар, ғалым: «...Қазақ, қырғыз, алтай эпосында кейіпкердің бір ойлаған, мақсатты ісіне жете алмай, қамыққанда, қиын түс көріп, толғау сөздер айтуы» жөнінде ғылыми пікірін білдірген. Ә. Марғұлан жазуында мұндай аңыз да «Нибулин» жырында кездесіп отырады. Еділ өлерінің алдында түс көріп, оның өмірден өтетіні қолынан ұшып кеткен ақ сұңқар құс бейнесінде алдын ала сездіріледі, бақшадағы ағаштары солып қалғандай болады. Бұл аңыз ғұндардың айтуынан алынып, «Ұлы Эдда» жырына қосылған. Мұндай толғау айту қырғыздың «Манас» жырында, қазақтың «Орақ» жырында көркем түрде берілген. Демек, Шығыс пен Батыс елін жақсы танып, өзінің тарихы, мәдениеті әрі бай, әрі көркем, дүниежүзілік әдебиетке үлес қосқан ғұндардың жәйі осындай» [2, 61 б.]. Ә. Марғұлан жазуындағы «Нибулин» жыры С. Өтениязовтың зерттеу еңбегінде «Нибелунга туралы жыр» деп аталады.
Ә.Х. Марғұланның пікірінше: «Құла мерген», «Қара мерген» әңгімелері «Ер Төстік» ертегісінен сәл басқарақ. Мұнда қоғам тіршілігі өзгеріп, аз да болса, есейіп келе жатқан салт-сананың суретін көрсеткендей болады. Мұның «Ер Төстіктен» айырмашылығы: мұнда қазына, кен, алтын, күміс көп айтылады. «Құла мерген» жырының әлеуметтік мазмұны «Ер Төстікке» қарағанда басқарақ. Ел басқару ісі, қауым тіршілігі жұртшылықтың тұтас болуын тілек етеді. Сондықтан алып туған ерді, ер туғызған ананы үлгі етеді. Құла мергеннің қынабын іздеуі, ол қынаптан алмас кездік шығуы осы мысалдың ишарасы», – деп түсіндіреді Ә.Х. Марғұлан.
Ғалымның пікірінше: «Құла мерген» жырында теңіз астынан қазан іздеу – тайпалар демократиясының бірлігін сипаттайды. Қазан мықты болса, ел де мықты. Қазан – шаңырақ сияқты бүтіндіктің белгісі, ол құрыса, ел де құриды. Оның үстіне қазанды қасиеттеу – ерте кездегі темірге табынудың бір түрі. Тәуке ханның аңызында кездесетін «қара қазан», «қара мылтық» алу – жаудан кек алудың белгісінің ескі түрі. Тәукенің жарғысы бойынша бұрын жауласқанда «шаңырақ», «қазан сындырып» кек алудың орнына енді оны сындырмай, жәбір көрген жаққа сол нәрселердің өзін беріп тыныштық жасайды. «Жеті жарғыда» кек алуға беретін символикалық нәрселер – «қара қазан», «қара мылтық», «қара нар», «қара күң», «қара ат». Мұның бәрі «құн дауымен» байланысты ережелер [4, 175 б]. «Қара нардың» мәнісі: өлген кісінің сүйегін қара нарға артып, көп қоныстаған қыстаудың төңірегіне апарып қоюдан шыққан»,-деп түсіндіреді ғалым. Ал, «Ер Көбек» жырында бақташылық тұрмыспен қатар қала тұрмысының, күрделі кәсіптің, темір балқыту, балта-сайман соғудың үлгісі бар. Жерден алпыс алты шоқ темір жиып алып, оны атақты ұстаға беріп, «қылыш соқ»,- дейді [4, 164 б].
«Көшемес ұста қылышты бір күн, бір түн соғады. Көбек қылышын алып, дария судың жағасына барып, бір тастақты мекен етеді. Бір қыс тақиясын, бір қыс тонын киіп, малын бағады. Бақташылық тұрмыспен байланысты жағдайлардың бірі – мал өрісі, жайылым, суат. Ақ Көбектің мал бағып жүргенде бірде тақия, бірде тон киюін оның қысы–жазы әр өлкеде болғаны деп түсіндіреді», – Ә. Марғұлан [2, 79 б]. Демек, мал бағып жүрген жері қыс болса суық, жаз болса, ыстық. Бүгінгі тілмен айтқанда, Солтүстік Қазақстан, Сібір, Мұз теңізінің жағасы. Мал өсіруші Ақ Көбек малын қысты күні тон киіп бақса, жазды күні тақия киіп бағады. Қозы Көрпештегі секілді Балталыдағы жайлаудан Мұз теңізіне дейін.
Ә. Марғұлан эпостық ертегілерді Қазақстан аумағында сақталған ежелгі тас кешен, ер, алып тұлға иесіне сай алып сын тастар, мұнаралы бейіттер, молалардың жасалу тарихын археологиялық жағынан дәлелдеу арқылы, V – VII ғасырлардан жеткен құлпытастардағы жазуларда сақталған деректермен салыстырады, яғни, материалдық мәдениет пен рухани мәдениетті қатар алып, бір-біріне дәлел, байланыс іздей отырып, біртұтас немесе бірлікте қарастырады.
Ә. Марғұланның «Ежелгі жыр-аңыздар», «Шоқан және Манас» атты монографияларында батырлар жырын тудырған ортаның мәдениетке қосқан үлесі мен көне дәуірдегі халықтардың аңыздары, ежелгі жырлардың ерлік бейнелері, олардың тарихи негіздері «Манас» жыры, оның қай кезде шыққаны туралы қазақ пен қырғыздың қария сөздері, сонымен қатар тың зерттеулер ежелгі ғұн, сақ, түрік, оғыз, қыпшақ замандарында туып бізге дейін жеткен әдеби үлгілері сөз етіледі. Әлкей Хақанұлының қызыға зерттеген үлкен тақырыбы – осы «Манас» эпосы. Бұл зерттеулері «Шоқан және «Манас» еңбегінде шешімін тапты. Ең алдымен ғалым тауып жариялаған «Манастың» Шоқан жазып алған көне нұсқасының жұртшылыққа ұсынылуы өте маңызды болды. Сол нұсқаны басқа нұсқаларымен салыстыра отырып зерттеді. Соған қоса эпопеяның жалпы хатқа түсу тарихы, бұрынғы және кейінгі орындаушылары, олардың өз замандары тілегіне орай өзгертіле жырлануы, оның себептері, жалпы түркі халықтары мен қырғыздар тарихына байланысты дәуір көріністері, Шоқанның және басқа зерттеушілердің пайымдаулары, т.с.с. кеңінен талданып, тиісті бағасына ие болды. Ондағы Орхон ескерткіштері мен Қорқыт кітабының таңбалары көрсетіліп, солармен туыстығы айқындалды Эпосқа ғылыми анықтама беріліп, оның әлем өнері тарихында алатын елеулі орны белгіленді.
«Манас» жырын жарыққа бірінші рет шығарып, оны дүниежүзілік әдебиетте танытқан – кешегі жастай кеткен Шоқан, одан кейін, бар өмірін түркі тілдес елдердің әдебиетін зерттеуге жұмсап, жойқын еңбек қалдырған ғалым академик В.В. Радлов. «Манас» жырын зерттеуші ғалымдар бір ғасыр бойы осы екі саңлақты бетке ұстап, олардың еңбегіне сүйеніп келді, әлі де сүйенбекші»,-деп жазды Ә.Марғұлан [6].
«Манас» жырын Шоқан кадет корпусында оқып жүрген кезінен ести бастағаны белгілі. Ә.Марғұлан жазуында мұны білуге ол кезде екі түрлі жағдай болған. Бірі: Омбыға келген Ұлы жүз қазақтары мен қырғыз ақындарымен Шоқан жиі кездесіп жүрді; екінші, бұл кез – Шоқанның халық әдебиеті мұрасын ерекше сүйіп, оның кейбір жарқын түрлерін өзінің корпустегі ұстаздарына таратуға апарып жүрген кезі. Шоқанның Омбыда оқып жүрген кезі Ұлы жүз қазақтары мен Алатау қырғыздарының Ресейге жаңадан қосыла бастаған кезі болғандықтан, бұл елдің елшілері (көбінесе халықтың рухани тіршілігін, ертегі-жырын жүйрік білетін кілең шешен билер, құйма ақындар не әншілер) Омбыға жиі келіп, көп уақыт қонақтап жататын. «...Мұндай атақты адамдардың бас қосқан кезін Шоқан еш уақытта босатпаған. Шоқанның ойынан көп уақыт кетпеген сондай кездесудің бірі– 1848 жылғы қырғыз халқының атақты биі Сартаймен кездесуі. 14 жасар Шоқан салған Сартай бидің суреті ғалымның «Шоқан – суретші» атты мақаласы арқылы көпшілікке таныстырылды. Міне, осындай қазақ пен қырғыз халқының жыры, музыкасы сөз болған жиналыста ғалым атап көрсеткендей, шындығында, «Манас» жыры әңгіме болмауы мүмкін емес.
Бұдан аңғарылатын шындық: Шоқан қырғыз жеріне бармас бұрын «Манас» жыры туралы көп естіп, біраз деректермен таныс болған. Кейін ол Ыстықкөл сапарына шыққанда Манастың есімімен байланысты жер аттарын, тарихи әңгімелерді дәптеріне күн сайын жазып отырады, «Манастың Бозтөбесі» деген атақты жерге кездесіп, ол туралы Ыстықкөл дәптеріне халық аузынан аңыз-әңгіме жазып алады. Бұл туралы Шоқан өзінің «Жоңғария очерктерінде» жазғанын Әлкей Марғұланның 1965 жылы басылған «Шоқан жазып алған «Манас» жыры» атты мақаласы арқылыбелгілі [6].
Ә. Марғұлан «Манас» жырының бір бөлігі – «Көкетай ертегісінің» Шоқан аударған орыс тіліндегі нұсқасын қырғызшадағы түпнұсқамен салыстыра отырып қазақша аударғаны өте ұтымды шыққаны белгілі [7]. Осы бөлімде ас беру дәстүрінің табақ тарту, тайлақ тарту, сауын айту секілді элементтеріне баса назар аударған. Сауын айту – қазақтағы ірілі-ұсақты астарға тән, әбден қалыптасқан дәстүр, төңіректегі және алыстағы ауылдарға ас берілетін күн туралы хабарлау. Біріншіден, мұндайдайындық бір ғана отбасының ғана емес, рулы елдің ортақ ісі деп, әр ата баласы өз үлесін қосқан. Мұндай үлес малдай, заттай және ақшалай ғана емес, жабдыққа керекті үй-жай, ыдыс-аяқ жинау мен асқа қызмет етуде рулы елдің қалтқысыз көмегі, бірлігі ең басты фактор болатын. Өскенбайдың асына тек Тобықты руы ғана емес сонымен қоса бүкіл Қаракесек жауап берген [2, 226 б.]. «Манас» жырында сауын айтумен тығыз байланысты әдемі суреттің бірі өзен бойын шалқыта тігілген үйлер, қонақ күтіп алатын даяшылар, құнан шаптырым жерге созылта қазған жер-ошақтар, үлкен сойыс, тау-тау қылып табақ тарту суреттері кездеседі. Осы суреттерге орай қанша сойыс қылуды, қанша ат шаптыруды, қандай жүлде тартуды, сауын айта бара жатқан кісі жол жөнекей жариялап отырады. Көкетай асына сауын айтқан Боқмұрын асқа шақырылған Ер Қосайға, Айтқожаға, Манасқа, Ер Көкшеге, Ер Төстікке, Ер Бағысқа: «Сұр құнандай күлігін немесе Темір тұяқ, жез білек, ырғай мойын көк ала алып келсін шабысқа, озса, бәйге алсын, озбаса, тамаша көрсін де», – деп шарт қояды.
Осы сауын айту туралы Ә. Марғұланның «Архивтегі жазбалар» атты мақаласынан да: «Керей Құлжабайдың асын береміз деп сауын айтуға екі кісі жіберілгенін, онда бас атқа бәйге сыйы төрт жүз бұйым – жүз жылқы, жүз қой, жүз теңге ақша, жүз кез мата, екінші аттыкі екі жүз кез бұйым, жүз теңге ақша, үшінші атқа – жүз теңге, жиырма бір атқа дейін бәйге болатынын хабарлатқандығынан», - мәлімет аламыз [8, 190 б.].
Үлкен астарға әр ру салт-дәстүрмен, яғни, ақыны, жыршысы, балуаны, жүйрік аты мен сойыс сабасымен келеді. Бөтен елдерге сауын айтуға жай кісіні жұмсамайды, оған әрі епті, әрі тілге шешен, әрбір елдің жорасын білетін, майталман кісі жіберілу керек [2, 227 б.].
Ас секілді үлкен жабдықтар қазақ халқының барлық әдет-ғұрып, дәстүрі тұнып тұрған, сондықтан да қоғамдық мәні терең рухани, дүниетанымдық құбылыс екенін байқаймыз. Көшпелі қазақ қоғамы қауымдық қоғам болса, ондағы қауымдық қатынастар басты идеологиялық, салт-дәстүрлік, отбасылық, дүниетанымдық және бүкіл рухани мәдениетті толық қамтып отырды. Ежелгі көшпенділерде ынтымақтастық идеясында ата -баба аруағына сыйыну, табыну, сыйлау ерекше орын алды. Сондықтан мұндай үлкен жабдықтар ұлттың бірлігі мен жерінің тұтастығын сақтауға, ел басын біріктіруде, ішкі және сыртқы саясатты жүзеге асыруда орасан зор роль атқарғанын көреміз.
Әдебиеттер
1 Ақышев К. Археология атасы // Ғұлама. Әлкей Марғұлан туралы естелік мақалалар, очерктер жинағы. – Павлодар: ЭКО, 2004. – 45 б.
2 Марғұлан Ә.Х. Ежелгі жыр аңыздар. Алматы: Жазушы, 1985. - 368 б.
3 Билял А.Б. Академик Ә.Х.Марғұлан еңбегіндегі қазақ халқының жыр – аңызының этнотарихи мұрасы // Көшпенділер өркениеті мен рухани мәдениетінің тарихы атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. – Павлодар: ЭКО, 2004. – 269 б.
4 Марғұлан Ә.Х. Қазақ халқының эпикалық әңгімелері туралы тарихи-әдебиеттік зерттеулер: Ф.ғ.д. дисс. – Алма-Ата–Москва, 1946. // Ә.Х. Марғұлан шығармалары. Алматы: Алатау. -2007. – ІІІ том. – 488 б.
5 ҚР ҒА ҚСКҚ // шифр: қ – 112, 195, 198, 202
6 Марғұлан Ә. Шоқан жазып алған «Манас» жыры // ҚазССР Ғылым академиясының Хабаршысы. – 1965. – № 8. – 10-29б.
7 Марғұлан Ә. Көкетайдың ертегісі // Манас жырының Шоқан жазып алған бөлігі. Аударған Марғұлан Ә. Алматы: Жазушы, 1973. – 111 б. |
8 Марғұлан Ә. Архивтегі жазбалар // Жұлдыз. – 1985. – № 7. |
References
1 Aqyshev K. Arkheologiia atasy // Gulama. Alkei Margulan turaly estelіk maqalalar, ocherkter zhinagy. – Pavlodar: EKO, 2004. – 45 b.
2 Margulan A.Kh. Ezhelgі zhyr anyzdar. Almaty: Zhazushy, 1985. - 368 b.
3 Bilial A.B. Akademik A.Kh.Marғgulan enbegіndegі qazaq khalqynyn zhyr – anyzynyn etnotarikhi murasy // Koshpendіler orkenietі men rukhani madenietіnіn tarikhy atty khalyqaralyq gylymi-praktikalyq konferentsiia materialdary. – Pavlodar: EKO, 2004. – 269 b.
4 Margulan A.Kh. Qazaq khalqynyn epikalyq angіmelerі turaly tarikhi-adebiettіk zertteuler: f.g.d. diss. – Alma-Ata–Moskva, 1946. // A.Kh. Margulan shygarmalary. Almaty: Alatau. -2007. – ІІІ tom. – 488 b.
5 QR GA QSKQ // shifr: q – 112, 195, 198, 202
6 Margulan A. Shoqan zhazyp algan «Manas» zhyry // QazSSR Gylym akademiiasynyn Khabarshysy. – 1965. – № 8. – 10-29b.
7 Margulan A. Koketaidyn ertegіsі // Manas zhyrynyn Shoqan zhazyp algan bolіgі. Audargan Margulan A. Almaty: Zhazushy, 1973. – 111 b.
8 Margulan A. Arkhivtegі zhazbalar // Zhuldyz. – 1985. – № 7.
Аннотация
Мақала ғұлама ғалым Ә. Марғұланның тарихи фольклор бағытындағы өлшеусіз қызметі, ғылыми еңбектері туралы.
Түйін сөз: Орта Азия, Қазақстан, түркология, жазба еңбектер, тарихи фольклор.
М.А. ХАМИТОВА
(Университет мировых языков и международных отношений им. Абылай хана, к.и.н.)
АКАДЕМИК А. МАРГУЛАН И ПРОБЛЕМЫ ФОЛЬКЛОРОВЕДЕНИЯ
Резюме
Статья посвящена трудам ученого–энциклопедиста А.Маргулана по историческому фольклору.
Ключевые слова: Центральная Азия, Казахстан, тюркология, письменные источники, исторический фольклор.
M.A. KHAMITOVA
(Kazakh University of International Relations and World Languages
named after Abylay Khan)
THE ACADEMICIAN A. MARGULAN
AND THE FOLKLORE STUDYING PROBLEMS
Summary
The article is devoted to the work of A. Margulan, an outstanding Kazakh encyclopaedist in the sphere of folklore.
Key words: Central Asia,Kazakhstan, Turkology, written sources, historical folklore.
М.А. ХАМИТОВА
Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, т.ғ.к.