Радловтың ұйғырлар туралы жазған кітабында қытай сөзі ескі заманда Гаошан, яғни ұйғыр жұртының жерінде Гулин тауынан екі өзен ағады; Тохула, Селенге деген өзендер. Сол өзен арасындағы бір таудағы ағаштан жарық нұр шыққан соң, ондағы жұрт барып қараса, бір ағаштан шыққан нұр екен. Ол ағаш жүкті әйел сияқты томпақ екен. Сол ағаштан бес бала туып, халық оны Құдайдың жібергені деп асырап, өсіріп, аттарын Сұңқартегін, Қотыртегін, Түгелтегін, Өртегін, Бұқатегін қойып, кенжесі Бұқатегинді хан қойыпты.
Тегін деп ақсүйек князьді айтады, соның нәсілінен отыз ханнан кейін Иойлунтегин дегені хан болған кезде Тан ханның еліменен неше жыл жауласып, аяғында құда болып, Тан ханның Цзинлин деген қызын Иойлунтегиннің баласы Иелітегинге айттырады. Бұл Тан хан дегені - Татан, яғни татар ханы болса керек. Ол Пели-пули-та деген тауда еді. Мағынасы ұрғашы жайлаған тау деген болады. Және Челі-таха деген тау бар еді. Мағынасы орысша «небесный гор», бізше тағдырдың үкімі дегенге келеді. Және Хули Таха деген тау бар еді. Мағынасы - құтты тау деген. Тан ханның жіберген бір кісісі сол Құтты тауды көріп, «осының басындағы биік тасты құлатса, бұл елдің бақыты қайтады» деп, Иойлунтегиннен қалыңмал үшін сол тасты сұрап алып кете алмаған соң, отпен қиратып, өртеп, носилкамен тасып алды. Сонан соң таудағы құрт, құс шулап, жеті күнге жетпей Иойлунтегин өліп, онан соң хан болғаны өле берген соң, халқы көшіп, Бешбалыққа, яғни Бес шаһарге келді. Темір қазығы А-чу, яғни Ақсу, күнбатысы - У-дон-Қаши, яғни Хотан мен Қашқар, күншығысы - Си-фан, яғни Тибетке шейін биледі. Бұл көшкені Бар-чижу - Ертетегиннің хан болғанынан 970 жыл бұрын еді дейді.
Енді осы айтылған Радлов кітабындағы қытай сөзінің ағаштан бала туды дегені еш сөзге қисынбайды. Олай болса да бұл сөз де Боданжар ханның баласы - Бұқахан болса керек. Себебі, Әбілғазы Баһадүр хан сөзінше Боданжардың екі баласы - Бұқа, Тоқа: бұл Бұқа тегин менен Төкел тегін болар, ағаштан нұр шығып содан туды дегені - Аланғудың нұрдан таптым дегенін еркін айтқанға ұқсайды.
Шәкәрім Құдайбердіұлының «Түркі, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» кітабынан. Алматы, «Қазақстан» және «Сана» баспа үйі, 1991 жыл.
Орыс тіліне аударған Орынбай Күленұлы Жанайдаров.