Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қадыр батырдың наласы

1869
Қадыр батырдың наласы - e-history.kz

Жарықтық мың болғыр Нүкең шежіре еді ғой, шіркін! Сол абыз ақсақалдың алдын көргеніме, әрбір айтқан тарихи деректерін һәм жер атауларын құлағыма құйып алғаным үшін кейде өз-өзіме де ризамын.

Тарбағатай, Маңырақ даласының тау-тасының тіпті осы өңірдегі Найман ұлысының Байжігіт тармағанынан тараған Алты Жұмық, Бес Саты баласының өткені мен бүгіні жайында қилы-қилы әңгіменің тиегін ағытатын.

Бірде Нүкең шай үстінде ауыр күрсініп алып, Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталр шаққа таяғанда Шығыс Түркістан үкіметі мен Совет Одағы арасында дипломатиялық қатынас орнады. Торғауыттар ішкі Қытай жақтан қысым көріп, арадағы осы бейбіт келісім бойынша 1944 жылы Маңырақ тауына келіп қыстады. Сол кезде Тарбағатайдың күнгейін паналаған арғы беттегі қазақ руларының да біразы осы көшпен келіп, Маңырақты қыстап шықты.

Сол бір аумалы-төкпелі заманда бері қарай ауған көшпен бірге Райымхан мен баласы атақты Қадыр батыр келіп  Маңырақ тауындағы Жаманбай сайын қыстап шығады.

Бірақ бала-шағасын әкелмей, тек еркек қос болып отырды. Жазға дейін ешкім мазаламай, торғауыттармен бірге отыра берді. Жаз шыға торғауыттар еліне қайта көшті. Ақжардағы милицияға біреу: «Қадыр көшіп келіпті, Жаманбай сайында отыр екен» деп жасырын хабарлапты. Ақжардағы милиция бастығы шұғыл түрде, екі милицияны Қадырдың ізіне түсуге бұйырыпты.

Біреуі кейіннен Есенгелдінің бір баласы Айтқожаның Қожекесінен тараған Төгіске күйеу бала болды. Енді бірі Самар жақтан келген жас милиция капитаны еді. Оларға милиция бастығы Қадыр батыр үнемі қарумен жүретінін, кезіккенде байқап, реті келсе, Ақжарға алдап әкелуін тапсырады.

Нұрахмет ақсақал әңгіме барысында айтады: «Кейіннен сол милицияның біреуі өзі әңгімелеп беріп еді. Оқиға былай болыпты. Екі милиция таң ата ертерек Ақжардан шығып, екі сағат мөлшерінде тауға етегіне ілініп, иректелген соқпақ жолымен желе-жортып жан-жағына бажайлай қарап, бір белден енді аса бергенде астында жарау көк аты, қолында он екі таспалап өрген бұйра қамшысы, жақсы киінген батыр келбетті, екі иығына екі кісі мінгендей еңгезердей, тау тұлғалы атты кісі тура алдымызға келіп көлденеңдеп тура қалғанда зәре құтымыз қашты, бажайлап қарасақ, Ақжардағы милиция бастығының сипаттаған адамына түр сипаты келіп тұр.

Қадырдан абайлаңдар, құралайды көзге ататын мерген деген сөздер еске түскенде қарсы алдымызда біздің іс-қимылымызға кірпік  айқастырмастан қарап тұрған адамға: 

– Кім боласыз, жөніңізді айтыңыз. Ал біз Қадырды іздеп келе жатыр едік? – деген сұрағымызға еш саспастан: 

– Қадыр деген мен боламын! – деді.

– Сізді Ақжардағы милиция бастығы күтіп отыр, тұрақты түрде тұруға тіркелуіңіз керек, қазір бірге жүріңіз, – дедік.

– Жарайды, менің үйім мына жотаның астында, үйге кіріп киімімді ауыстырып  шығайын, –  деп, өзі алға түсіп, тау ішіне қарай атының басын бұрып жүріп кетті.

Қасымдағы серігіміз екеуіміз артынан текешоқырақтатып ілесіп келеміз. Бір жағы қорқып, бір жағы үрейленіп, жол-жөнекей әр түрлі дыбыстан секем алып күтпеген сәтте атып жіберер деп сақтанып келеміз. Қолымыздағы мылтығымызды ыңғайлап ұстап, арақашықтықты алыстатпай ілесіп келеміз. Бірақ қаруы көрінбейді, қолында қамшыдан басқа ештеңе байқалмайды. Жота басына тігілген кигіз үйге жақындап келіп, ат ағашқа атын байлады. Жайлап атынан түсіп, үйге кіріп кетті. Үйден бір бәкене бойлы  шал шығып, есік алдындағы ошаққа шай қойып, кіріп-шығып жүрді. Шай қайнатым уақыт өтті. Қадыр шықпады.

Есіктің алдындағы ошаққа келген шалды тоқтатып, мылтығымызды кезеп, шалды қалқалай үйге беттедік.

Үйге баспалай басып енсек, ешкім жоқ. Шалдан сұраймыз «Жаңа ғана үйге кірген Қадыр қайда? деп, шал «ешқандай адам көрген жоқпын» дей береді. Ақыры шалды тұтқындап Ақжарға алып кеттік. 

Бұл ақсақал Қадырдың әкесі жарықтық Райымхан еді. Сталиндік қуғын-сүргіннің зардабын көрген Есенгелді би ұрпағының бір баласы. 

Осы кезде әңгімеге Сапаш ақсақал араласты. Сапаш та Есенгелді бидің Айтқожадан тарайтын ағайынымыз еді.

Нұрахмет ақсақал: 

– Әй, Сапаш бауырым, әңгімеңнің тиегін ағыт, – дегендей сыңай байқатты. Сапаш ақсақал да әңгіме айтудың хас шебері еді: –  Әке-шешеден ерте айырылған соң ағайынымыз Оқас ақсақалдың баласындай болып жүруші едім, жеңгеміз Уәзипа сондай жайлы кісі еді.

Соғыс кезі ғой колхоз басшылары, мен он алты жасқа толған соң, сенім білдіріп бір отар қозыны бөліп берген. Оқас ақсақалмен қос қора болып отыратын едім. Кешке малды жайғап, үйге енсем, төр алдында денелі келген, сұлуша адам отыр екен. Үстіне кигені біздің жақта жоқ, шибарқыт кәстөм, өзі егіліп жылап отыр әрі әңгімесін айтып отыр екен. Мына совет өкіметінің маза беріп, туған жерде байырқалатып отырғызатын түрі жоқ екен», – деп, Нүке, жаңағы сіз айтқан әңгімені әлгі егіліп жылап отырған кісі айтып отыр екен.

Сапаш ақсақал әңгімесін былай өрбітті: 

«– Сол екі милиция үйге дейін ілесіп келген соң, есік алдындағы мама ағашқа атымды байлай сала үйге ендім. Үйдегі әкеммен асығыс қоштасып, енді қайтып бір-бірімізді көреміз бе, жоқ па, төрінен көрі жуық қарт адамға тисе қоймас, уақыт өткен соң, келіп алып кетермін дедім. Әкем жарайды, маған не істер дейсің, кейін алып кетерсің деп қала берді. 

Әкем сыртқа шай қойып, кіріп-шығып жүрді. Мен кигіз үйдің іргесін көтеріп жіберіп, үйдің артындағы сайға түсіп, ер тоқымымен әрі қару-жарағымен дайын тұрған екінші атымды мініп, құтылып кеттім. Содан алыстан айналып, Оқа, сіздің үйге келдім емес пе? Енді бұл үкіметте маған орын жоқ екен.  Мен арғы бетке қайта асамын, тірі жүрсем, әкемді құтқарып алудың қамын жасармын, түбінде кегімді қайтарамын» деп кек сорғалаған көз жасасын сүртіп тастады. Содан тамағын ішіп, таң қараңғысынан аттанып кетті. Жүрек жұтқан Батырдың егілуі жаны төзбес азабынан туғанын туғанын көріп біліп отырсақ та, ол заманда қолдан келер дәнеңе болмады ғой. Оқас ақсақал маған жан керек болса тісіңнен шығарма, шығарсаң өзіңді де, бізді де жоқ етесің», – деп әбден шегеледі.

Адамға жан керек қой, қырық жылдан соң ғана айтып отырмын. Нүкең «Иә, бір қиын заман болды ғой» деп сөзін жалғады. 

– Қадыр батыр құралайды көзге атқан мерген, ауылды ашаршылықтан да, орыстан құтқарған адам еді. Бірге өскен досы Әбілқас екеуі Саты ұрпағын қорғап-қоршап, арғы бетке аман-есен өтуіне жағдай жасаған батырлар еді. Әбілқас атақты Дәулетбай батырдың ұрпағы еді. Қадыр батыр Есенгелді Айтқожа, Көлбай, Жамансары, Ыбырай, Райымхан ұлы. Ыбырайдан ағайынды Бабахан, Райымхан тарайды. Ағайындылардың үлкені Райымханның бойы аласа, бәкене  болса, Бабахан жарықтық бойы зор, екі иығына екі кісі мінгендей иықты, келісті адам еді. Райымханнан Қадыр, Қазтай туады, ал Бабаханнан ұрпақ қалмады. Райымханның Шамшия деген бір қызын Бабахан асырап алған еді. Сол Бабахан алғаш колхоз құрылғанда Теңдік колхозына бастық болды. Содан ағайын арасы көре алмай көрсетіп, қиын болды ғой деп бір қойды. Қасқақта отырған Бабаханды Ақжарға апаруға милиция бастығы келіп, әкетпекші болады. Сонда Бабахан: 

– Қандай  кінәмен, не үшін апармақшысыңдар? – дейді. Аудандық милиция  бастығы: 

– Аудандық атқару комитетінің бастығы Әлібектің жасалған қастық өлімге қатысты тергелесің, – дейді. 

Ақжарға бара жатқан жолда Бабахан: 

– Мен үй ішіме айтып, ертең барайын, – деп тоқтай қалады. Милицияға бастығы мылтығын оқтап:

– Жүр! – дейді. Бабахан милицияның бастығының мылтығын қолынан жұлып алып лақтырып жібереді. Өзі ауылға қарай атының басын бұрып, жүріп кетеді. Милиция бастығы мылтықты ала салып, атып жібереді. Оқ қара санынан тиген Бабахан аттан ауып түседі. Мылтық дауысын ауылдағылар естігендерімен, келіп араша түсе алмайды. Жандарынан қорқады. Сол қара саннан тиген оқтан Бабахан қансырап, жан тапсырады. Ертеңінде барған ауыл адамдары шидің арасынан Бабаханның мүрдесін тауып алып, арулап көмеді. Зираты Қасқақ ауылының Ақжар жаққа шыға берісінде. Секен, саған бір көрсетермін, – деп Нұрахмет ақсақал маған қарап әңгімесін бір түйіп қойды. 

Осыдан кейін ыза болған Қадыр совет үкіметіне қарсы күреседі. Ауылдың көшкісі келетіндерін арғы бетке өткізіп отырады. 

– Әй, Секен, сен осыны жазып алып, кейін кең заманда бір айтарсың, – деп Нүкең арқамнан қағып қойды. Осыдан кейін Қадыр батыр еліне орала алмады. Қадыр батыр 1906 жылы дүниеге келіп, арғы бетте 1972 жылы дүниеден өтті. 

Жарықтық Райымхан атамды Үштіктің ұйғарымымен сотталып, ақыры Өскемен түрмесінде қайтыс болды деп естідік, сол күннен күні кешеге дейін сол айтқандарына сеніп келгенбіз ғой біз пақыр.

Сөйтсек, бірер күннің алдында Алматы қаласында тұратын аталас інім Талғат хабарласып, ҚР Приздент архивінен біраз деректің көзін тапқанын, соның ішінде асыл текті Райымхан атамыз Өскемен түрмесінен қанды қасап Карлаг саяси тұтқындарды қамайтын лагерге жер аударылғанын оқып біледі. Жарықтықтың жер бетінің тозағы атанған Карлагта неше түрлі қинаумен азаптаудың түр-түрін жасы ұлғайған шағында көрешегін көрсеткен асыл тәнін қорлаған советтік кесір жүйенің ауыр қылмысы еш уақытта да кешірілмейді һәм кешірмейміз...

Сол бір сұм заманың кесірінен қаншама қазақтың түтіні өшті ғой.

Бұл соңғы бір ғасырда болған жер бетіндегі ең ауыр зұлмат һәм ең үлкен қиянат!

Сейітбек Құрманбекұлы Қизатов, 

шежіреші, тарихшы, қарт ұстаз

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?