Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тарихшы тартуы – тарих тағылымы

2232
Тарихшы тартуы – тарих тағылымы - e-history.kz

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Х.М. Әбжановтың көп томдық шығармалар жинағы жарық көрді.

  1. Әбжанов Х. Табалдырық. Шығармалар жинағы. 1-кітап. – Алматы, «Алгорифм», 2023. – 464+8 жапсырма бет; 
  2. Әбжанов Х. Тағдыр. Шығармалар жинағы. 2-кітап. – Алматы, «Алгорифм»,2023. – 440+8 жапсырма бет; 
  3. Әбжанов Х. Тұлға. Шығармалар жинағы. 3-кітап. – Алматы, «Алгорифм», 2023. – 512+16 жапсырма бет; 
  4. Әбжанов Х. Тарту. Шығармалар жинағы. 4-кітап. – Алматы, «Алгорифм», 2023. – 480+8 жапсырма бет; 
  5. Әбжанов Х. Тарихшы. Шығармалар жинағы. 5-кітап. – Алматы, «Алгорифм», 2023. – 488+8 жапсырма бет.

ХХ ғасырдың жетпісінші жылдары ғылым есігін имене ашқан жас маман, бүгінгі тарих ғылымының тарланы, академик Ханкелді Махмұтұлы Әбжанов былтырғы жылы бүкіл саналы ғұмыры өткен ғылыми ортада мерейлі жетпіс жасын үлкен жетістікпен қарсы алды. 

Академик Ханкелді Әбжановтың «Қазақстанның село интеллигенциясы» (Алматы, 1984), «Сельская интеллигенция Казахстана в условиях совершенствования социализма» (Алма-Ата, 1988), «Қазақстанның село интеллигенциясы: кеше, бүгін, ертең» (Алматы, 1990), «Интеллигенция Казахстана: история, теория, современность (Алам-Ата, 1992), «Қазақстан: тарих пен тағдыр» (Алматы, 2003), Қазақстан: Тарих. Тұлға. Теория» (Алматы, 2004), «Қазақстан: тарих, таным, тағылым» (Алматы, 2007), «Қазақстан: тарих, тіл, ұлт» (Астана, 2007), «Тәуелсіз Қазақстан: жоғары білім, ғылым, саясат (Ғ.Кенжебаевпен, Алматы, 2009) және басқа да көлемді зерттеулері мен жинақтары кітап болып басылды. Ал өткен жылы ғалымның 70 жасына орай, «Табалдырық», «Тағдыр», «Тұлға», «Тарту», «Тарихшы» деп аталатын жалпы көлемі 149 баспа табақтан тұратын (5 алғысөз, жалпы саны 212 зерттеу, пікір, сұхбат, естелік, замандастарының әр жылдардағы ой-пайымдары, ықылас-ниеттері мен 1 библиография, фотосуреттер) 5 томдық еңбегі жарық көрді. Автордың көп томдық шығармалар жинағына алғашқы жарияланымынан бастап, газет-журнал, әр түрлі деңгейдегі ғылыми конференция және басқа да ғылыми және ғылыми-танымдық жинақтарда шашырай таралған зерттеулері, сөйлеген сөздері, мектеп, универитет қабырғасындағы достары, әріптестері, шәкірттері жазған ақжарма тілектер қамтылған. Академик-ғалымның аталған көп томдық шығармалар жинағын баспаға ұсынған Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Ғылыми кеңесі, кітап Алматы қаласында орналасқан «Алгорифм» баспасынан меценат Ғани Смаханұлының қаржылай қолдауымен жарық көрген.

Көптомдықтың «Табалдырық» деген бірінші кітабына тарихшы ғалымның алғысөзі, Қазақстан мәдениеті мен интеллигенциясы, ауыл-село, демография тарихы зерделенген 27 еңбек және 1978-2023 жылдардағы шығармаларының библиографялық көрсеткіші енген. Кітаптағы зерттеулердің хронологиялық шеңбері 1979-1991 жылдарды қамтыған және «Жол басы», «В поисках истины», «Рецензиялар» деген үш бөлімге топтастырылып берілген. 

«Тағдыр» деп аталған екінші кітаптағы 25 зерттеуге ХІХ-ХХ ғасырларда орын алған оқиғалар мен тұлғалар тағдыры және басқа да Қазақстан тарихының өзекті тақырыптары арқау болған. Кітап «Халық тағдыры және тарих қозғалысы», «Судьба народа и движение истории» деген көлемді екі бөлімнен тұрады. Бөлімдердегі «1916 жылғы көтеріліс: тарихи көзқарас эволюциясы», «Қилы заман» және қазақ зиялысының тағдыры», «Қазақстанда тоталитарлық мәдениеттің қалыптасуы (1917-1945 жж.), «Миссия интеллигенции», «Эволюция национальной идеи движения «Алаш» және т.б. зерттеулерден советтік жүйенің күйреуімен қоғамдық ғылымдардың методологиялық еркіндікке ие бола бастағаны, деректік-ақпараттық негізінің кеңейе түскені байқалады.

«Тұлға» деп аталған үшінші кітап алғысөзден және 6 бөлімнен тұрады. Бөлімдерге 38 зерттеу енген. Хронологиялық ретпен орналасқан көлемді бөлімдерде: ойшылдар Әл-Фараби, Абай, ел билеуші Абылай, батырлар мен би-шешендер Қожаберген Толыбайұлы, Бөгенбай Ақшаұлы, Жабай Қазыбекұлы, Қабанбай Қожағұлұлы, Қазыбек Келдібекұлы, Сарыбай Айдосұлы, Амангелді Иманов, Алаш ардақтылары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұстафа Шоқай, Мағжан Жұмабаев, Қошке Кемеңгерұлы, коммунисттік партия қатарында жауапты қызмет атқарған әміршіл-әкімшіл жүйенің құрбандары Темірбек Жүргенов, Сәкен Сейфуллин, Санжар Асфендиаров, Жанайдар Сәдуақасов, Ұзақбай Құлымбетов, Нәзір Төреқұлов, қазақ қайраткерлері Дінмұхамед Қонаев, Жұмабек Тәшенев, Асанбай Асқаров, ғалымдар Шоқан Уәлиханов, Қаныш Сәтбаев, Салық Зиманов, Түймебай Әшімбаев, Қозыбаевтар әулеті, Рамазан Сүлейменов, Зардыхан Қинаятұлы және т.б. әр ғасырда өмір сүрген қырыққа жуық Ұлы Дала тұлғаларының мұрасы мен ұлттық тарихтағы орнын зерттеген еңбектер берілген. 

арих ғылымдарының докторы, профессор Х.М. Әбжановтың тәуелсіздік тұсында жазылған 36 зерттеуі мен ой-тұжырымы «Тарту» деп аталған төртінші кітапқа топтастырылған. «Тәуелсіздік бастаулары», «Тәуелсіздік және ұлттық өрлеу», «Независимость и национальное возрождение» деген көлемді үш бөлімде ұлт тарихындағы бетбұрысты оқиғалар мен өзгерістер нәтижесі қарастырылған: «Мәңгілік ел» идеясы: тарихы, мәні, маңызы», «Түркілік ортақ тарихтың интеллектуалды қырлары», «Ұлт-азаттық қозғалыстары: тарихнамалық пайым мен зерттеу методологиясы», «Қазіргі Қазақстан: тарих және методология», «Тәуелсіздік және ұлттық тарих», «Тәуелсіздіктің мәдени-рухани негізі: тарихи-теориялық талдау» «Қазіргі тарих ғылымы» және басқа да зерттеулері бар.

«Тарихшы» деп аталған бесінші кітаптың «Тарих таразысы», «Сұхбаттар», «Замандастар келбеті», «Көзкөргендер», «Ізгі тілектер – 60 жас», «Мерейтойлық лебіздер – 70 жас» деп аталған алты бөлімінде: ғалымның әріптестерінің жарыққа шыққан кітаптарына жазған пікірлері, естеліктері, сұхбаттары, замандастарының әр жылдардағы ой-пайымдары, ықылас-ниеттері берілген, бөлімдерге орналастырылған материалдардың жалпы саны – 86. 

Аталған кітаптан академик Х. Әбжановтың тарихшы ғалым Е. Бекмаханов туралы жазған «Ғалым бейнесі естеліктерде», аграрлық экономиканың, білім мен ғылым саласында сүбелі еңбек еткен Қ. Сәбденұлы туралы «Қазақтың қасиеті мен киесі», белгілі журналист Ж. Аупбаевтың «Рухы күштілер» кітабы жөніндегі «Рухы күштілер және тарих көші» атты талдау мақаласын, «Тарихты алдап кету ешкімнің қолынан келмейді» (журналист Ғ. Мүсіреп пен  ғалым Х. Әбжановтың сұхбаты), «Әбілқайырды әйгілі ұлт қайраткері деп пайымдаймын» («Аңыз адам» журналы), тарихшы ғалым А. Нүсіпбеков туралы «Жастарға «қарағым, шырағым» деп толғанып отырып тапсырма беретін» («Жұлдыздар отбасы» журналы), «Зұлмат жылдар зобалаңы» (Atrau), «Сәтбаев тағылымы – қазақ зиялысының темірқазығы» (журналист Б. Қайратұлы мен ғалым Х. Әбжановтың сұхбаты), «Қазақстанда қуғын-сүргін ғылыми зерттеу институтын ашу керек» («Егемен Қазақстан» газеті), ғалым-педагог Т.З. Рысбеков туралы «Организатор высшей школы и ученый», «Зәки Ахметов шығармаларының тарихи негіздері», тарихшы ғалым К. Нұрпейіс туралы «Қайран, менің Кеңес ағам», журналист-ғалым А. Сейдімбек туралы «Ұлының қалдырған ізі мәңгілік», «Азаттыққа мейірі қанбаған тұлға», шәкірттері С.З. Баймағамбетов, Б. Санақұлова туралы «Сейілді еске алғанда ...», «Дүние неткен тар едің ...», тарихшы ғалымдар А. Құсайынов туралы «Мен оған борыштымын», Д.И. Дулатова туралы «Тарих факультетінің патшайымы», Т. Омарбеков туралы «Ғылымы асқан Талас еді» және басқа да естеліктерін, сұхбаттарын оқуға, сондай-ақ профессор Қ.Ә. Ахметовтың ғалымның (Х. Әбжановтың) «Қазақстан: тарих, тіл, ұлт» зерттеулер жинағы жөніндегі ой-пайымымен, А. Кәкеннің «Ұлттық идея: тарихи тағдыры мен болашағы» кітабына (А. Сейдімбек, Х. Әбжанов, Қ. Салғараұлының бірлескен авторлығымен жарық көрген) пікірімен, тарихшы ғалымдар: Қ. Ахметов, А. Тоқтабай, Н. Мұхамедханұлы, Ғ. Кенжебаев, З. Төленова, Г. Кәкенова, З. Қабылдинов, Б. Кәрібаев, Х. Тұрсұн және басқа да замандастарының әр жылдардағы ой-пайымдары, ықылас-ниет, ізгі-тілектерімен танысуға болады.

Академик Ханкелді Махмұтұлы Әбжанов өзінің бүкіл саналы ғұмырын ұлт тарихын зерттеп, зерделеуге арнады. Ғалымның өзі айтқандай, жұмыр басты пендеге ауа, су, күн қандай қажет болса, әркімнің және баршаның шыққан тегінен, табиғи қалпынан, салт-дәстүрінен, тілінен көз жазып қалмауы үшін төл тарихын білуі де соншалықты маңызды екенін дәйектеді. 

Академик-ғалым: «...Тарих тағылымы – ердің ісі екеніне көзім жетті. Кеш те болса, ар алдындағы тазалығымды сақтау үшін бес томдыққа кірген еңбектеріме қалам тигізбедім. Әу баста қалай жазылды, сол қалпында бердім. Бұл тағдыр ғой. Кейінгілердің кемелденуіне септігі тиіп жатса, шүкіршілік айтамын. Бірақ ең дұрысы – ғылымның сара жолынан таймау[1]... «Жастар танымда, ғылымда даңғыл жол жоқ екенін білсе, менің олжам сол»[2] деп түйіндейді. 

Қадірлі оқырман, тарихшы ғалымның «Табалдырық», «Тағдыр», «Тұлға», «Тарту», «Тарихшы» деп аталған тағылымды еңбегімен танысыңыз. 

 

Данагүл МАХАТтарих ғылымдарының докторы, «Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ» Ке АҚ  «Отырар кітапханасы ғылыми орталығының басшысы

 

[1] Әбжанов Х. Тағдыр. Шығармалар жинағы. 2-кітап. – Алматы, «Алгорифм», 2023. – 440+8 жапсырма бет. – 7-б.

[2] Әбжанов Х. Табалдырық. Шығармалар жинағы. 1-кітап. – Алматы, «Алгорифм», 2023. – 464+8 жапсырма бет. – 7-б.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?