Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Аягөз шайқасы және батыр бабалардың жорық жолдары

7852
Аягөз шайқасы және батыр бабалардың жорық жолдары - e-history.kz

«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» - 300 жыл

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев 2021 жылы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деп аталатын көлемді мақаласында: «Тарихқа көз жүгіртсек, әр буын белгілі бір сынақты басынан өткереді. Біздің бабаларымыз «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаны» көрді. Бостандық бізге оңайлықпен келген жоқ. Ата-бабаларымыз азаттық жолында арпалысты. Талай зұлмат замандар мен нәубеттерді бастан өткерді. Осының бәрі халықтың есінде сақталып, ұрпақтан ұрпаққа берілуге тиіс. Біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс», - деп атап өткен болатын.  

Биыл 2023 жыл 1723 жылы өткен «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғасының 300 жылдығына арналған экспедиция 3-10 шілде күндері аралығында «Аягөз-Таңсық-Балқаш» бағытында тарихи-танымдық экспедиция жұмыстарымен 500 шақырымнан артық жол жүріп өтті. Бұл аралықта Қабанбай батыр заманында қазақ-қалмақ және қазақ-шүршіт шайқастары өткен тарихи орындар бар. Бірақ, осы күнге дейін зерттелмеген. Анықтау, зерттеу және көз жеткізу мақсатында жұмыстар атқарылды.

Осы аталған экспедицияға еліміздің әр өңірінен жиналған ғалымдар, тарихшылар, өлкетанушылар және тарих жанашырлары, тарихи мекен Аягөз жеріне келіп, экспедицияның бірінші күні 3 шілде Мамысу ауылының маңындағы Қаракерей Қасабай батырдың кесенесінің алдында батыр бабалар рухына арнап, құрбандық шалып, құран оқыды.

Экспедицияның екінші күні. 4 шілде Мамырсу мен Батпақсу арасындағы шайқас орындарын анықтау, зерттеу жұмыстары жүзеге асырылды. Бұл жерде 1757 жылы шілде айында Абылай хан, Әбілпейіз сұлтан және Қабанбай батырлар бастаған Қазақ хандығының әскері Цинь империясының әскерімен шайқасқа түскен және бітім жасаған тарихи іздері анықтала түсті.

Экспедицияның үшінші күні. 5 шілде. Аягөз өңіріндегі Батпақсу мен Көгілдір тауы аралығында зерттеулер жалғасып, тарихи шайқас орындары қаралды. Бұл аралықта қазақ-қалмақ және қазақ-мәнжүр шайқастары өткен. 

Экспедицияның төртінші күні. 6 шілде. Ғылыми-зерттеу жұмыстары Көгілдір тауының етегінде жалғасты. Бұл жерде бірнеше тарихи оқиғалар өткен.

Экспедицияның бесінші күні. 7 шілде. Аягөз өңіріндегі Таңсық, Қопа және Көктөбе бағытында жалғасты. Аягөз жеріндегі қазақ-қалмақтың соңғы шайқастары да осы жерлерде өткен. Таңсық ауылының шығыс жағында 18 шақырым Көктөбе және Ащықұдық жайлаулары жерінде батырлар қорымы бар екен. Кезінде осы арадан жебе ұштарын жергілікті тұрғындар тауып алып жүрген. Одан кейін осы шайқастардың нақты тарихта өткендігі ел аузында ауызша тарих айту дәстүрімен жеткен. Бұл шайқастар туралы алғашқы дерек Аягөзде XIX ғасырда тұрған Құрбанғали Халидтің «Тауарих хамса» атты еңбегінде Көгілдір тауы етегінде шайқас болғандығы аталған. Одан кейін Аягөз өңірінің жергілікті қариялары өздерінің бұрынғы ата-бабаларының айтуымен жеткен әңгімелерді бертіңгі өлкетанушыларға баяндаған.

Тарихта неше Аягөз шайқасы болған?

Кемінде екеуі нақты болған деп тұжырым жасауға болады. Біріншісі, 1717 жылғы Аягөз шайқасы. Барлық жерде қазірге дейін 1718 жыл деп қате жазылып жүр. Тарихи оқиға нақты 1717 жылы болған. 

Екіншісі, қазақ-қалмақтың соңғы шайқасы 1754/1755 жылдарға дәл келеді. Бірінші шайқас туралы сол уақытта Аягөз өңіріне келген Ресей елшісі Борис Брянцев жергілікті қазақтармен жолығып, қандай жағдай болғандығын сұрап жазып кеткен. Бұл тарихи дерек «Памятная книжка Сибири» атты еңбекте нақты 1717 жыл деп хатталған [1]. Осы экспедиция жұмыстарының барысында  аталған шайқастың нақты орыны табыла қойған жоқ. Оны кейін оң жағалаудан арнайы іздеу керек. Шамамен Жұмағұл қыстағы мен Таңсықтың аралығында өткен сияқты. Кейін жеке зерттеуді қажет етеді.

Қазақ-қалмақ күресінің тууына төмендегідей жағдайлар себеп болған деген тұжырым жасауға тура келеді. Біріншіден, көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан екі жақтың билеушілері үшін көшіп-қонатын жерді кеңейту керек болды: екіншіден, қалмақ билеушілері Сырдария бойындағы сауда орталықтарын басып алғысы келді. 

XVII ғасырдың соңы мен XVIII ғасырдың басында Қазақ хандығы ішкі-сыртқы аса ауыр жағдайға тап болды. Қазақ хандығына үстемдік еткен әлеуметтік топтың арасында ішкі тартыс пен алауыздық туып ұлғая берді. Қазақ хандығы өз ішінен үш жүзге (Ұлы жүз, Орта жүз және Кіші жүз) жіктелетін еді. Бұл дәуірде әр жүзді билеген кіші хандар Үш жүздің ұлы ханына сөз жүзінде бағынғанымен, іс жүзінде өз алдына жеке саясат жүргізе бастады. Әрбір жүздің қарауындағы ұлыстарды билеген сұлтандар да дербестікке бой ұрды. Сөйтіп, қазақ хандығы саяси тұрғыдан бөлшектенген елге айнала бастады  [2].

1715 жылы Ресей империясы жасақтап жіберген Бухгольц экспедициясының құрамында Ертіс өзенін жоғары бойлап бара жатқанда  И.Г. Ренат қалмақтардың тұтқынына түсті. Ол 1715-1733 жылдар аралығында жоңғар жерінде тұрып, Жоңғария мемлекетінің әскери қуатының артуына септігін тигізді. Оларға зеңбірек құюды үйретті. Баспахана құрып берді [3]. Міне, қалмақ әскері Аягөз шайқасына осындай қарулы дайындықпен келген.

Аягөз шайқасы алдындағы жағдай туралы жазушы М.Мағауин өзінің «Қазақ тарихының әліппесі» атты еңбегінде: «1715 жылы Тәуке хан қайтыс болды. Ауыр жеңілістерге ұшырап, аруағы қашып отырған жұрт Тәукенің інісі Қайып сұлтанды хан көтерді. Қайып ханның беделі Әз-Тәукедей болмады. Алаш ұлыстарының дербестігі сөзден іске көшуге айналды. Әсіресе, хандық мәртебеден үміткер болған Әбілқайыр сұлтан ресми құжаттарда өзін сұлтан атап, Қайыптың біртұтас Қазақ Ордасының ханы екенін мойындап, оның әміріне бас ұратынын мәлімдесе де, шын мәнісінде зор билікке жеткені көрінеді. Ешбір ұлысқа көтерілмесе де, бұл кездегі деректердің біразында хан аталады.

Ел ішіндегі саяси-әлеуметтік жағдай қандай болса да, Жоңғар қаупі жаңа әрекет керегін ұмыттырмаған. 1717 жылы Қайып хан мен Әбілқайыр сұлтан Қазақ Ордасының отыз мың әскерін бастап, Дүрбін-Ойратқа қарсы аттанды» [4], - деп атап көрсеткен.

Осы шайқаста Қабанбай батыр қалмақ батыры Арсалаңды жекпе-жекте өлтірген. Ол туралы жазушы Қ. Жұмаділов «Дарабоз» романында: «Аягөз шайқасына ол енді Қабанбай атымен қатысып еді. Рас, бұл жолы қазақ жасағы қалмақтардың жойқын күшіне төтеп бере алмады. Әйтсе де осы соғыста көзге түсіп, қалмақ нояны Арсалаңды жер жастандырған Қабанбайдың даңқ тұғырына көтерілгені анық» [5], - деп жазды.

Қазақ хандығы дәуірін зерттеген Н.Г. Аполлова өз еңбегінде: «Аягөз шайқасындағы Қазақ хандығы әскерінің жоңғарлардан жеңіліс табуы, сол кезде Әбілқайыр және Қайып хандардың дұрыс жоспар құрмағандығын және өзара қатынастарының нашар болғандығын байқатады. Сондықтан, қазақ жауынгерлері сәтсіздікке ұшырап, жеңілді, соңында шегініп кетуге мәжбүр болды» [6], - деген мәліметтер келтірген.

Белгілі этногроф-ғалым Ж.О. Артықбаев: «Аягөз түбіндегі жеңіліс Қазақ ордасының ұзақ жылғы саяси және әлеуметтік дағдарысының бастамасы болды. Қалай болғанда да қазақ жағын жасытып, болашақтағы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» үрейін бастаған осы жеңіліс болды. Ешқашан жауынан беті қайтпаған дала ұландарының жүрегіне бұл жеңіліс пен шегініс үрей әкелді» [7], - деп тұжырым жасаған.

Жалпы, 1717 жылы Аягөз шайқасында қазақтар 30 мың жауынгермен келіп, қалмақтың 1500 шекара әскерінен ойсырай жеңіліп қашты деген орыс дерегіне күмән келтіреміз. Бұл жерде күш тең дәрежеде болса керек. Одан кейін қалмақтарда отты қару көп болған деп ойлаймыз.

«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама»

1722 жылы Қытай императоры Канси қайтыс болып, жоңғар жағына қауіп сейілген. Осы кезде Қытай мен Жоңғария арасында уақытша бейбіт келісім болды. Нәтижесінде жоңғарлардың назары қазақ даласына ауды. 1723 жылы қазақтармен арадағы шайқаста жеңістерге жетіп, Сайрам, Ташкент және Түркістан қалаларын жаулап алды [8].

1723 жылы Жоңғария билеушісі Сыбан Рабдан қазақтарға қалың қол жойқын күшпен тұтқиылдан сұрапыл шабуыл жасап, қазақтардың малы мен жанын орасан зор шығынға ұшыратады. Аман қалғандары жан сауғалап төңірекке тарыдай шашырап, жер ауып, табандарынан тозып «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» сияқты аса аянышты ауыр апатқа душар болды. Дәл осындай бүкіл ұлт тағдыры зауалға бет алған шақта, қызыл жоса қанды сабақтан кейін ғана, қазақ халқы ұлттық береке бірліктің – жеңімпаз күш екендігін жете түсінеді [9].

Академик В.В. Бартольд өз еңбегінде: «ХVIII ғасырда Жоңғар мемлекеті 1722 жылы Цинь императоры Канси қайтыс болғаннан кейін тіпті күшейді. Өйткені, жоңғарға қауіп сейілді. Жоғария билеушілерінің назары Орта Азияға ауды. Тіпті, қытай жағына бодандық туралы келіссөздерде тыйылды. Олардың әскери қуаты артып, Жетісу жеріндегі қазақ пен қырғыз халқын ығыстыра бастады» [10], - деген мәліметтер келтірген. 

Қазақ халқы өз өміріндегі аса ауыр апат, зор зобалаңға тап болып, адам айтқысыз аянышты күндерді басынан кешірді. Атақоныс, құтты мекен, мал-мүлкінен және баспанасынан айырылып, аш-жалаңаш, жяу-жалпы шұбырған қарапайым халық бұқарасы қатты қиналды. Ашаршылыққа ұшыраған жұрт жол жөнекей жер желегін, шөптің тамырын, қозықұйрық сияқты жабайы өсімдіктерді теріп жеп, қайыр сұрап күнелтті. Әйелдер мен балалар және қарт адамдар адам төзгісіз жол азабына шыдай алмай, жапан түзде қалып аштан қырылды. Бұл ауыр оқиға қазақ тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп аталды. Мұның былай аталуы: жаудан қашып жаяу шұбырған қалың қауым ашаршылықтан бұралып, Алқакөл жағасына келіп сұлап жатқанда, көп ішінен бір ақсақал шығып: «Адам баласы өмірде көрген жақсылық пен жамандықтың бәрін ұмытпауы керек, біз осы көрген күнімізді не деп атасақ болар»? деп сұрапты. Сонда тағы бір қария орынынан тұрып: мұның аты «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» болсын депті [11]. Мұның мәнісі: атамкен, мал-мүліктен айырылып, жаяу-жалпы аш-жалаңаш босқан ел шұбыры-шұбыра табаны ағарып, азып, тозды деген сөз екен.

Аягөз өңіріндегі Көгілдір тауы мен Көктөбе арасындағы шайқас

Қазақ елі өзінің азаттық жолындағы күресінде XVIII ғасырда қалмақтармен көп тіресті. 1723-1725 жылдар аралығында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға» ұшыраған қазақтар Ташкент, Самарқанд, Бұқара жеріне дейін жетсе, бірқатары Арқадан асып, Ырғыз өзені, Торғай даласына дейін  кетті. Қансыраған халықтың көпшілігі қырылды. Қалған халықты аман алып шығу үшін қазақ батырлары, хандары, сұлтандары, жыраулары бірлікке келіп, күш біріктіріп күреске шықты. Кейін 1726 жылғы Ордабасындағы Үш жүздің құрылтайы, 1727 жылғы Бұланты-Білеуті шайқасы, 1729 жылғы Аңырақай және тағы басқа шайқастар халықтың бойын тіктеп, рухын көтере бастады. Осы аталған азаттық жолындағы шайқастардың бірі – Аягөз өңірінде Көгілдір тауы мен Көктөбе арасында өткен. Бірақ, осы бір соңғы шешуші шайқастардың бірі тарихта «ақтаңдақ» күйінде қалған. Өкінішке орай көпшілік білмейді. 

Осы аталған шайқастың алдында Шыңғыстауда Шаған шайқасы өткен. Одан жеңіліп қашқан қалмақтар Аягөз өңіріндегі Көгілдір тауына жеткенде екі күн бойы шайқасып, соңында жеңіліс тапқан.

Шаған шайқасында 1750 жылы қалмақтар жағынан Доржы мен Арқауыл қол бастап келіп, Қоңыр әулие үңгірінің маңында қорған жасап Абылай сұлтан мен Қабанбай батыр бастаған қазақ әскерімен шайқасқан. Осы шайқаста жеті күн шайқасып, қазақ әскері қамалды ала алмай тұрғанда Абылай батырларымның қайсысы осы қамалды алып, жауды жеңсе соған «Дарабоз» атағын беріп, бас қолбасшылыққа сайлаймын деген екен. Қабанбай батыр Абылай сұлтанмен кеңес өткізіп, осы арада ерекше соғыс тактикасына көшкен. Қабанбайдың айтуы бойынша әскерді жалпы шайқасқа түгел кіргізбей, оларды топ-тобымен тың күштер ретінде кезектеп шайқасуға бағыттаған. Барлық жасаққа Қабанбай қолбасшылық жасай отырып, Есепенбет батыр екеуі жаудың қамалын алған. Қабанбай батыр қалмақтың Арқауыл батырымен жекпе-жекке шығар алдында қолындағы туын Қазыбек биге тапсырып ұрандап шауып, жеңіспен оралған. Соңында Абылай сұлтан өз ризашылығын білдіріп, Қабанбайға тәжін кигізіп, Еспенбетке шапанын шапқан, осы себепті кейде Қабанбайды «хан» деп те атаған.

Осы жеңістен кейін Абылай «Дарабозым - Қабанбай» мұнан кейін ханның ұраны болсын. Жауға шапқанда Қабанбайлап шабыңдар деген екен. Шаған шайқасында Абылай сұлтанның қасында болғандар: Бұқар, Қазыбек, Боранбай, Төбет, Қабанбай, Бөгенбай, Бармақ, Сүбебай, Баймұрат, Ақпантай, Еспенбет және тағы басқа батырлар қатысқан. Жеңіліс тауып қашып шыққан Доржының қалған әскерін Аягөз жерінде алдынан шыққан Ер Жәнібек пен Көкжарлы Барақтың сарбаздары талқандаған [12]. 

Аягөз өңіріндегі Көгілдір тауы етегінде өткен қазақ-қалмақ шайқастары туралы ең алғаш рет аздаған мәліметті Құрбанғали Халид «Тауарих хамса» атты еңбегінде жазған [13]. Онда Көгілдір тауында шайқас өткен деп қысқаша ақпарат берілген. 

Аягөз өңірінде шайқас өткен тарихи орын Көгілдір тауы

 

Екінші, жергілікті қариялардан ерте уақытта Ресей империясының Орыс георграфиялық қоғамының мүшесі Титовтың жазып алған мәліметтері 1914 жылы Орыс георграфиялық қоғамы жинағында «Қалмақ, торғауыттармен қазақтардың шайқасы» деген тақырыпта басылған.

Титовтың жазбасында: «Абылай, өзінің батырлары - Қабанбай, Қасай, Байбарақ, Құттымбет, Құтты, Айтбай, Дүсенбай, Төлем, Ертіс, Бұқар, Дәулетбай, Серікбай және Мырзагелді сияқты 5000 адам мен олардың адамдары Шыңғыстау тауларына бара жатып, Абылай бекініске шабуыл жасай бастады. Көптеген адамдар қазақтар жағынан шығын болып, біраз уақыттан  кейін Абылай бекіністі алып үлгерді. Бекіністі тастап шыққаннан  кейін оның тұрғындары Тарбағатай тауларына қарай шегінді, ал қазақтар өздерінде жоғарыда аталған батырларымен бірге 1500 адам болса, қайтадан қарақалмақ пен торғауыттардың соңынан түсіп, оларды Көгілдір тауының етегіне дейін қуып барып (Аягөздің төменгі ағысында), олармен шайқасты. Шайқас екі күнге созылды. Осы шайқаста Қарақалмақ билеушісі Қандыжап  Абылайдың қолына түсті. Қарақалмақ пен торғауыттардан 5000 адам шайқасқа қатысты, олардың көпшілігі қаза тапты. Қазақтар жағынан бір төресі мен 9 адамы шығын болған. Қарақалмақ пен торғауыттар қазақтардың шабуылына төтеп бере алмай, Емел, Оркашар және Барлық сайларына қарай қашты» [14], - деп жазылған анық дерек бар.

 

Үшінші, тағы бір айқын дәлел бар. Кезінде Шыңыстаулық бірнеше қариялар және тобықты Тоқтамыс батырдың ұрпақтары бабасы Тоқтамыстың Аягөздегі соңғы шайқасқа қатысқандығы және онда қалмақтың Сауан есімді байының екі ұлын қатар-қатар жекпе-жекте өлтіргендігін баяндап жеткізген. Сондай-ақ, ертеден ел аузында жеткен анық мәліметті үлкен қариялар ақын Шәкір Әбеновке айтып беруі арқылы «Тоқтамыс батыр дастаны» жырланған.

Көгілдір тауының Солтүстік-Шығыс жағында 3 шақырым жерде батырлар қорымы

 Ақын Төлеген Жанғалиев «Тоқтамыс батыр» тақырыбында жазған шағын мақаласында: «Тоқтамыс батырдың келесі бір ерекше ерлік көрсеткен тұсы тарихта белгілі «Аягөз шайқасы». Осы кездің соғыс заңы бойынша шайқас басталмай жатып батырлар жекпе-жегі болады. Бабамыз бес қарудың бәріне ұста болған деседі. Әсіресе, найзагерлікпен аты шыққан көрінеді. Осы шайқаста Қабанбай бабамыз жас батырға ерік береді. Ол бір емес, екі жекпе-жекте қатар шығып, қалмақтың Сауан байының екі ұлын бірдей жер жастандырған» [15], - деп тарихи мәлімет келтірген. Жалпы, тобықты Тоқтамыс қазақ батырларының қайратты, ер жүрек және киелі (Көк бөрі) тарихи тұлғаларының бірі болғандығын Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Ту тіккен тобықтының қолбасшысы, Жуантаяқ Ер Тоқтамыс деген кісі», -  деуі де сондықтан болса керек.

Көктөбедегі батырлар қорымы

Төртінші, Аягөз өңірінің жергілікті қариялары шайқастың өткендігін арғы бабаларынан естіп білген. Атадан балаға айтылып келген мәліметтер жергілікті Өлкетанушыларға жеткен. Мысалы, Аягөз өңірінде Таңсық және Айқыз ауылдарының тұрғындары, шежіреші, өлкетанушы, ақсақалдар: Дінмұхаммед Жантасов, Тұрсынбек Оспанұлы, Кәрібай Дүтбаев және тағы басқалары Көгілдір тауы мен Көктөбе арасында шайқас өткендігін, оған дәлел батырлар қорымдарының әр жерде көргендіктерін және жергілікті халық садақтың жебе ұштарын тауып алғандығын Аягөздік өлкетанушы Бақытөмір Шалғынбаевқа бұрынырақ баяндаған [16]. Жалпы, тарихи орындар туралы жергілікті халықтың арасында білікті қариялардың айтқандарының көбі расқа келеді. Шайқас өткен жерде батырлар қорымы, ру-тайпалардың тасқа салынған таңбалары және қару-жарақтың табылуы оның айқын дәлелі бола алады. 

Бесінші, 2023 жылдың 3-10 шілде күндері аралығында «Аягөз-Таңсық-Балқаш» бағытында тарихи-танымдық экспедициясы ұйымдастырылып, тарихи орындар анықталды. Осы жоғарыда аталған тарихи мәліметтердің растығына көз жеткізу мақсатында тарихи орындарды іздегенде Көгілдір тауы мен Көктөбе арасында шайқас іздері анықтала түсті. Осы аралықта Аягөз өзенінің сол жағасына қарай қазақ-қалмақтың соңғы шайқасы өткендігіне дәлел ретінде батырлар қорымы бірнеше жерден кездесті. Бұрынырақ жергілікті қариялардың айтып жүргені және қару-жарақ түрлерін тауып алғандығы шайқас орыны екендігі расталды [17]. Зерттеу жұмыстары жүргізілген тарихи орындардың GPS координаттары белгіленді.

Таңсық ауылынан шығысқа қарай 18 шақырым жерде Көктөбе мен Ащықұдық жайлауында қазіргі уақытта Нұржан Мұхаметжанов есімді азамат тұрады, өзі біздерге жол бастап, батырлар қорымын көрсетті. Анықтап көрдік. Тарихи орындардың орналасқан жерлерін белгіледік.

Осы Аягөз өңіріндегі Көгілдір тауы мен Көктөбе арасындағы шайқасқа Абылай сұлтан, Әбілпейіз сұлтан, Қабанбай батыр, Бөгенбай батыр, Барақ батыр, Ер Жәнібек батыр, Дәулетбай батыр, Баймұрат, Бөдес, Шоқпар, Ботантай батырлар және басқа батырлар қатысқан. Олармен бірге Кіші жүз және Ұлы жүздің батырлары келіп қатысқан. Жалпы, осы шайқаста қазақ батырларының бірлігі мен ынтымағы жеңіп шықты.

  Аягөз өңіріндегі Қазақ-шүршіт шайқасы және «Мамырсу бітімі»

1756 жылы генералдар Хадака, Дардана бастаған Қытай-мәнжүр әскері қалың қолмен келіп Әмірсананы ұстамақ мақсатпен қазақ даласына кірген. Оның соңында қазақ жерін жаулаймыз деген жоспарлар да болған. Бірақ ол жүзеге асқан жоқ. Себебі, Абылай сұлтан, Қабанбай, Бөгенбай бастаған қазақтың қаһарман батырлары оларға қарсы тұрды. Көшпенділердің айла тәсілі бойынша соғыс тактикасын жүргізді. Сөйтіп күз, қыс айларында қытай әскері қазақ жерінде көп қырылып, ақырында императорға хат жазып 1756 жылы қазан-қарашада қайтуға мәжбүр болады. Генералдар - Хадака, Дардана Қытай императорлары тарапынан жазаланды.

Шүршіт әскерін келесі 1757 жылы Чжао Хой бастап, Жоңғарияның Шығыс Түркістанмен шекарасы бойымен Іле алқабына дейін жүрді, содан кейін шығысқа қарай Ертіске бұрылып, қалған қалмақтарды талқандады. Фу Дэ де Ертіске қарай ілгері жылжыды. 1757 жылы  шілдеде Чжао Хой колоннасы Алакөлге құятын Еміл өзенінің оң жағалауында болды. Оның отрядтары бір уақытта, бірақ бірінен соң бірі жүрді. Бұл тактика бүкіл армияның жеңілуінен қорғады. 1757 жылы 15 шілдеде Чжао Хой басқарған отряды Аягөз өзенінің маңында Айдынсу мен Аягөз бойында Әбілпейіз сұлтан басқарған Абылай жасағымен шайқасқа түсті. Осы жерде Әбілпейіз сұлтанның бірқатар сарбаздары қаза тапты. Содан кейін мәнжүр қолбасшылығы мен Орта жүз ханы Әбілмәмбеттің ұлы Әбілпейіздің өкілдері арасында келіссөздер жүргізілді. Әбілпейіз адамдары Абылайдың Әмірсанаға қосылуына ақсақалдардың наразылығын, бұл жолы Ресей шекарасына қашып кеткен Әмірсананың ісінің бекер екенін ақыры түсінгендерін жеткізді. Әбілпейіздің өзі маньчжур-қытай әскерлеріне жоңғарлардың қалдықтарын басып алып, жоюға көмектесуге уәде берді, бірақ ол үшін Қытаймен сауда айырбасы ашылады [18]. 1758 жылы Абылай ханның тапсырмасымен Қазақ - қытай саудасын Қабанбай батыр елшілік бастап, сауда нүктелерін белгілеп,  қарым қатынас бейбіт жағдайда өрбіген екен.       

Абылай хан ордасы тігілген Аягөзге құятын Батпақсу өзені

 

1757 жылы Қазақ-шүршіт шайқасында қаза тапан Әбілпейіз сұлтан сарбаздарының қорымы. Батпақсу өзенінің Аягөзге құятын тұсындағы төбеде

Аягөз өзеніне құятын Батпақсудың солтүстік жағында «Айдынсу» аталған жер. Тарихта «Айдынсу», «Батпақсу» және «Лайсу» аталған осы бірақ тарихи орын. Кезінде Айдынсу болып атырапқа жайылған. Қазір көк өзек болып жатыр.

 

Аягөз жеріндегі «Мамырсу бітімі» 1757 ж.

Құрбанғали Халидтің «Таурих Хамса» атты еңбегінде «Мамыр су» бітімі туралы: «Абылай қалмақпен шайқасып жатқанда қытайлар Жоңғар хандығын жойып, Құлжа шаһарына ауыз салады. Жоңғарларды толық бағындырған еді де, шабылған қалмақ, торғауыт елі қытай қорғанын қабылдамай қашып еді, алайда қашқандары бойларына құт болмай, мына бәлеге душар болды: ақыры қуылып, одан барып қытайды паналауға мәжбүр болды. Ижн хан атынан Қара Дурчун деген Құлжадан көп әскермен шығып, жапа көрген қалмақтан 2000-дай адам алып, екі жақтың ортасына Аягөз өзенінің етек жағы – Батпақ су жеріне түсіп, Абылай ханға елші салады. Абылайда мыңнан аса қолмен келіп, Батпақ су бойында бітім жасасты. Көкқасқа айғыр мен қара бас қошқар сойылды, қолдарын қанға батырды. Шарт бойынша өткен іс кешірім болып, құн, мал дауы болмайды, қазақ пен қалмақ бір-біріне зияны тимейтін болды деді. Содан былай суды халық «Мамыр су», Абылайға «ижн» аты берілді. «Ижн» моңғол тілінде «хан» атағы, демек Абылайдың билігін – хандығын қалмақ пен қытайда мойындаған болып шығады. Ал қазір Қасабай бейіті деген жер сол көк қасқа сойылған төбе деседі. Бұлардың ғұрпы бойынша келісім қағаз, мөрмен емес, қолдарын қанға малумен, яғни осы шартқа кім қарсы болса денесі қанға батысын, жанын құдай атсын, мәңгі тамұқта жатсын деген қарғыс келісім жасалған.

Мамыр арапша маомур – көл-сөбір, өмірлі деген мағанада, яғни жайлауы мол, халқы тоқ мағанасында, ал қазақтар «мамыр» сөзін көңілден қайғы мен қауіп кетіп, шаттық жайлаған жер мен уақытқа қатысты қолданды. 

Мамыр суы Аягөз дуанынан төмен жағынан шамамен бір шақырым жерден келіп құяды. Батпақ су мұнан төмен бір бекет жерде.

Қазақта Қызайдан бұрын Аягөз маңына қонған ел жоқ деп айтушы еді. Басқа да хабарларды салыстырып Құрбан Қажы есебін дұрыс көрдім, бітім 1756-1757 жылына тура келеді. Бітімге дейін қазақ елі Шыңғыс тауына келмеген екен, бітім болған соң жайлап жылжып Аягөз өзенінен өтіп Алакөлге, бір шеті Жайсанға, Тарбағатай тауына қарай асты. Абылай хан басында Қызылжар, Көкшетау айналасында болып, бітімнен кейін Шыңғыс, Арқат тауларына дейін келгені, Орда тауын мекен, қыстау етіп, бұл тауға Абылай орналасқан соң-ақ, «Орда» аты берілгенін айтады. Осы хабарды бізге жеткізушілер оннан аса адам болды [19]», - деп жазған Құрбанғали Халид.

Осы экспедицияға демеушілік жасаған Алматылық меценаттар:  Амангелді Сембаев, Берік Аубакиров мырзаларға және Қазақстандық спортық және жауынгерлік самбо федерациясының вице-президенті, тарих жанашыры, Семей қаласынан өз көлігімен келіп, басынан аяғына дейін қатысқан Қайрат Құнсафин мырзаға да алғыс айтамыз. Сондай-ақ, Аягөз ауданының Мәслихат төрағасы Архат Ибрашин, Мамырсу ауылының әкімі -Тілеукен Әжікеев, Таңсық ауылының әкімі - Нұрбек Қабдыкешов, Қопа ауылының әкімі - Нұрлан Жетібаев және Аягөз ауданының Өлкетанушылары: Шаһзада Есалы, Бақытөмір Шалғынбаев және Әділбек Баймоллаевтарға алғыс айтамыз! Жалпы, экспедицияға қатысқан әр азамат өз үлестерін қосты. Барлығына үлкен рахмет!

3-10 шілде, 2023 ж. «Аягөз-Таңсық-Балқаш» тарихи-танымдық экспедициясына қатысқандар: 1) Қанат Еңсенов – Экспедиция жетекшісі, ҚР ҒЖБМ Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор; 2) Нұрлыхан Әділжанов – тарих магистры, PhD докторант; 3) Ахат Әшу – ҚР Ұлттық архивінің қызметкері, көне жазуларды оқитын маман. Астана қ.; 4) Қайрат Айтхожин – Өскемен қаласындағы №44 мектеп-лицейінің тарих пәні мұғалімі, Өлкетанушы, зерттеуші-педагог;  5) Азат Есімханов - Өскемен қаласындағы №44 мектеп-лицейінің ағылшын тілі пәні мұғалімі, Өлкетанушы, сарапшы-педагог, тарих жанашыры; 6) Бақытөмір Шалғынбаев – Мөлдір сана газетінің бас редакторы, Өлкетанушы; 7) Әділбек Баймоллаев – Аягөз ауданы, Бозай ауылының зейнеткер ұстазы, Өлкетанушы; 8) Ертіс Нұрқасым – Аягөз қаласының тұрғыны, Өлкетанушы; 9) Шахзада Есалы – Аягөз ауданы, Мамырсу ауылының тұрғыны, зейнеткер, Өлкетанушы; 10) Қайрат Құнсафин - Қазақстандық спортық және жауынгерлік самбо федерациясының вице-президенті, тарих жанашыры. Семей қаласы; 11) Қуаныш Қабидолдин – Экспедиция хатшысы, ШҚО Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылының азаматы, тарихшы, шебер-педагог, тарих магистрі.

Пайдаланған әдебиеттер мен деректер тізімі:

1. История Казахстана в русских источниках в XVI-XX вв. Том II. С. 279-284.

2. Телеуова Э. Тәуке ханның тәуелсіз саясаты // Қазақ тарихы. - №4-5. – 1998. - 30-31-бб.

3. Бартольд В.В. Очерк истории Семиречья. – Фрунзе: Киргизгосиздат, 1943. С. 87

4. Мағауин М. Қазақ тарихының әліппесі. – Алматы: Қазақстан, 1995. – 92-б.

5. Жұмаділов Қ. Дарабоз. Бірінші кітап. Алматы: Қазығұрт, 2005. - 58-76-бб.

6. Аполлова Н.Г. Присоиденение Казахстана к России в 30-х годах XVIII века. – Алма-Ата: Издательство Академии наук Казахской ССР, 1948. - С.172-17.

7. Артықбаев Ж.О. Бөгенбай батыр. Астана: Фолиант, 2007. - 134-135-бб.

8. Бартольд В.В. Очерк истории Семиречья. – Фрунзе: Киргизгосиздат, 1943. С. 86.

9. Мұхаметқанұлы Н. XVIII-XX ғасырлардығы Қазақ-Қытай байланыстары. Алматы: Санат, 1996. – 26 б.

10. Бартольд В.В. Работы по истории и филологии тюркских и монгольских народов. – Москва: Наука, 1968. - 220-б.

11. Нығымет Мыңжан. Қазақтың қысқаша тарихы. Арап қарпінен көшірген – Мұратқан Қани. Алматы: Жалын, 1994. – 273 б.

12. Сәнік З. Көптомдық шығармалар жинағы. 4-том. Қаракерей Қабанбай. Хан батыр Қабанбай. – Алматы: Ан-Арыс, 2017. - 149-152-бб.

13. Халид Қ. Тауарих хамса: (Бес тарих). 2-ші басылым. – Алматы: «Алтын кітап», 2007. – 78 б.

14. Записки Семипалатинского подотдела Западно-Сибирского отдела Императорского Русского географического общества. - Семипалатинск: Областная Типография. 1914. С. 8-9.

15. Тоқтамыс батыр: Тарихи деркнама. Құрастырған автор: А.Қ. Ғабдуллина. – Алматы: «Информ-Арна» баспасы, 2019. – 228-229 бб.

16. Аягөздік Өлкетанушы информатор: Бақытөмір Шалғынбаев пен Қанат Еңсеновтің сұхбаты. 5 шілде, 2023 ж.

17. Еңсенов Қ.А. «Аягөз-Таңсық-Балқаш» тарихи-танымдық экспедицияның жинақталған қолжазба материалдары. 3-10 шілде, 2023 ж.

18. Хафизова К.Ш. Казахская стратегия Цинской империи. – Алматы: Издательский дом «Таймас», 2007. – С. 33.

19. Халид Құрбанғали. Тауарих хамса: (Бес тарих). Ауд. Б. Төтенаев, А. Жолдасов. – Алматы: Қазақстан, 1992. – 108-109-б.

Қанат ЕҢСЕНОВ,

ҚР ҒЖБМ Мемлекет тарихы 

институтының жетекші ғылыми қызметкері, 

тарих ғылымдарының кандидаты, 

қауымдастырылған профессор

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?