Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазаққа бұйырмаған қайран «Нобель»...

2441
Қазаққа бұйырмаған қайран «Нобель»... - e-history.kz

Сурет: egemen.kz

Бүгін, 31 мамыр «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» күні ғой. 

XX ғасырдағы қазақ халқының басына орнаған осы бір қанқасап уақыттың әлі де ашылмаған парағы мен айтылмаған шындығы көп. Сол сүреңсіз күндерде туған ұлтын қалайда өркениет тезіне қоспаққа қам жеген небір есіл ерлердің еңбегі еш еленбей кетті. Біз төмендегі материалды осы мақсат үдесінде  өздеріңізге ұсынып отырмыз.

Мен бұл адамның есім сойын ең алғаш рет республикалық «Нұр Астана» газетінің тілшісі болып жүргенімде естідім. Сол кезде газет редакторының бірінші орынбасары, белгілі қаламгер Қуаныш Жиенбай  қазіргі қазақ математикасының қал-ахуалы жайында бір ғалыммен сұхбаттасуың керек деп тапсырма берді. Ал дегенде абдырап қалғанмен, мен  бұл сұхбаттың негізгі кейіпкерін сол мезетте-ақ өз көкірегімде белгілеп үлгерген де  болатынмын. Сол кезде Л.Н Гумилев атындағы  Еуразия Ұлттық университеті «Математикалық анализ» кафедрасының меңгерушісі,  сондай-ақ  10-11 сынып оқушыларына арналған «Алгебра және анализ бастамалары» оқулығының авторы, елімізге есімі  мәлім математик Нұрлан Темірғалиев мырза бірден есіме түсті. Екеуара өрбіген әңгіме барысында қазақтан шыққан тұңғыш физика-математика ғылымдарының кандидаты, кейін келе қызыл қырғынның тырнағына ілініп қаза болған Ибатолла Ақбергенов жайлы  тұңғыш рет осы кісінің ауызынан естідім. Сұхбат барысында Темірғали ағаның  осы тұлғаға қатысты айтқандарына ерекше тебірендім. Содан бастап осы адамға қатысты деректерді ептеп жинастырып жүрдім. Ал төмендегі өздеріңізбен бөліскелі отырған мәліметтерді кездестіргенімде шынымды айтсам, тіптен қайран қалдым. Ішім алай-дүлей болып кешегі игі жақсының бәрін дерлік оққа байлаған қанқасап күндерге нәлет айттым. Ең әуелі өздеріңізге  бұл деректі ұсынбас бұрын Ибадулла Ақбергеновтың өмір жолына азғантай ғана  аялдай кетсем деймін.

Ибадулла Ақбергенов  қасиетті Қаратау топырағында 1907 жылы дүниеге келген.  Небары 31 жасында отыз сегіздің қанды шеңгеліне  ұшырап мерт болған. Мешін жылы (1931) Ташкент Орта Азия университетінің физика-математика факультетін тәмамдаған ғажайып ғалым 1934 жылы Ленинград мемлекеттік университетінің аспирантурасына келіп оқуын тереңдете түседі. Ибадулланың осы оқу орынына түсуіне тікелей себепкер болған орыс математигі  Л.В.Канторовичтің өзі болатын.  Осы жерде ол не себептен қазақ баласына көмек қолын созды, әуелі Л.В Канторович кім еді деген сынық сұраққа да қысқаша  жауап бере кетейін.  Бұл ғалым әйгілі  «Нобель» сыйлығының иегері, кейін келе КСРО ғылым академиясының академигі болған адам еді. Енді өзі математик бола тұра,  математика саласынан ешқандай да номинациясы жоқ «Нобель» сыйлығын қалай ғана алды  деген қызық сауалдың да туындайтыны белгілі.  Әрине, Л.В Канторович бұл сыйлықты  математикадан емес, экономикалық  бір  мәселені  математикалық есептеу жолымен шешкендігі үшін де осы сыйлыққа ие болған-тұғын.

Сонда бұл мәселе қалай болды дейсіз ғой? Экономика саласына тиесілі осы мәселенің оң шешімі «Фредгольм интегралдарында» жатқандығын   байқаған ғалым мұны  мақала қылып көтереді ғой. Осы ғылыми жазбаны кездейсоқ көзі шалып қалған жас ғалым Ибадулла Ақбергенов  мәселенің түпкілікті шешілу жолдарын кең көлемде толыққанды қарастырып қарымта  мақала жазады ғой.  Себебі Ақбергенов бұл мәселенің шынымен-ақ нағыз майын ішкен кәсіби маманы-тұғын.

Оның  теориялық жағынан өте жоғары «Фредгольмның екінші текті интегралдық теңдеуінің  шешуі және оның меншікті мәнін анықтау» деп аталатын ғылыми еңбегі де дәл осы жылдары жарық көрген болатын.  Бұл қарымта мақалаға қайран қалған Канторович Ақбергеновті өз қасына алдырып, қолынан келген бар қамқорлығын жасайды ғой. Канидаттық диссертациясын қорғауына да шын себепкер болған да осы адам еді. Жастары да қарайлас қос ғалымның осы кезеңдердегі орнаған қарым-қатынасы да шын достыққа  ұласып кеткен-тұғын.

Осылайша экономикалық  мәселені математикалық жолмен шешкен екі  ғалымның бірлесіп жазған бұл еңбегіне  біраз уақыт өте келе әйгілі «Нобель» сыйлығы беріледі ғой. Ол кезде халық жауы ретінде есім-сойын атауға қатаң тыйым салынып өзі әлдеқашан өмірден өтіп кеткен Ақбергеновтың есімі әлі  ақталмаған уақыт еді.  Сондықтан да орыстар тарапынан «Нобель» сыйлығының тізімінен Ақбергеновтың есімі саналы түрде сызылып тасталады.

Канторович  өзінің 1950 жылы жарық көрген «Приближенные методы высшего анализа» кітабында Ибадулла жайында жақсы пікірлер айтқан.

«Осы еңбектің 80 пайызы Ақбергеновтың ақадал еңбегі екендігін орыс ғалымы  өл-өлгенше айтып өткен екен» дейді математик Ерлес Мырсыдықов өзінің  бір сұхбатында.

Енді тағы бір осындай ерекше деректің бірі Елдес Омаровқа тиесілі.  Алаштың аймаңдай азаматы Елдес Омаров 1892 жылы киелі Торғай топырағында дүниеге келген.

XX ғасырдың басында қазақ тілінде физика мен геометрия пәнінен оқулықтар жазып, математиканың қазақ тіліндегі төл терминдерінің қалыптасуына ерекше еңбек сіңірген.  Мысалы, өзінің «Пішіндеме» атты  оқулығында теореманы – түйін, биссектриса – жарма, радиус – өре, хорда – керме, параллелограмм – қиықша, пропорционал – құрылымдас, фигура – пішін, трапецияны – қостабан деп қазақша сөйлеткені де осы сөзіміздің бұлтартпас дәлел.  Елдес ең әуелі Ыбырай Алтынсариннің  ашқан  екі жылдық қазақ-орыс мектебінде білім алып, кейін келе Орынбордағы мұғалімдер институтын тәмамдаған.  Осынау аз ғана ғұмырында еліне өлшеусіз еңбең сіңірген ұлы математик 1937 жылы небары қырық бес жасында  қанды репрецияның құрбаны болады.  

Елдесті екінші кейіпкеріміз қылып айтып отырғанымыздың  себебі сәл кейінірек. 1943 жылы Ағылшын маматематигі Алан Мэтисон Тьюринг өзінің әйгілі Алан Тьюринг машинасын (дұрысы теориясын) жариялайды ғой. Осы теориядан кейін он төр жылдан кейін,  1957 жылы  американың маңдайалды математигінің бірі Элиаким Гастингс Мур өзінің әйгілі  «Мур» машинасы атты еңбегін жарыққа шығарады. Ғалымдардың айтуынша, бұл жаңалық компьютердің пайда болуына тікелей себепкер болған деседі. Ең қызығы, одан аттай 57 жыл бұрын яғни 1900 жылы неміс ғалымы Давид Гильберттің Париж шәрінде өткен Математиктердің II Халықаралық конгресінде  мәселе етіп көтерген «Алгаритм ұғымын формалдау» ұғымына Елдес Омаров жас математик ретінде бел шешіп  кірісіп кетеді ғой (Жоғарыдағы ғылыми жаңалықтар 1943 пен 1957 жылдарда жазылса, Елдестің  одан бұрын 1937 саяси қуғын-сүргін құрбаны болғанын ескеріңіз).

Сөйтіп оның негізгі шешімі ретінде «Формалдаған машина схемасын» жасап, мұны сол кездегі ғылыми журналдардың біріне   жариялайды. Бірақ аталған ғылыми жаңалыққа ешкім де мән бермегендіктен  ұлы ғалымның бұл еңбегі елеусіз  қағаберісте қала береді. Кейін келе Елдес Омаровтың осы жазбасын жіті зерттеген ғалымдар тобы оның бұл еңбегінің әйгілі  Э. Гастингстің «Мур машинасымен» бірден бір сәйкес келетінін анықтайды. Осыны алға тұтқан ғалымдар бүй деп қорытынды шығарады.  Әгәраки кеңес билігі Елдес Омаровтың осы жаңалығына дер кезінде назар аударып, өндірістік тұрғыдан жүзеге асырған жағдайда  компьютерлендіру саласынан  Кеңес одағы АҚШ-тан кем дегенде 20-30 жылға алға болатындығын айтады.

Бұған енді қалайша қайран қалмайсың. Мінекей, компьютердің де алғашқы пайда болу қадамына қазақ баласының да қатысы болғандығын әйгілеген мұндай мәліметтерді оқығанда осындай азаматтардың желге ұшқан есіл еңбегі мен қор болған ғұмырын аяп жүрегің қан жылайды екен. 

Шіркін, бұл абадан азаматтардың бәрі тірі болғанда қазақ халқы қандай болар еді деген де ойға қалады екенсің.  

Қазір «Кеңес одағы қазақ топырағына теміржол мен аурухана, мектептер мен заводтар салды. Сөйтіп көз аямыз кеңейіп, көкірегіміз ашылды. Мінекей, орыстың арқасында ғана осындай жағдайға жеттік» дейтін кембағал түсініктер де  көп айтылатын болды ғой. Шындап келгенде мұны советтік жүйе  қазақ халқын ұшбаққа шығару үшін емес, өз мүдделері үшін жасады емес пе?! Өзінің бас көтерер мұндай азаматтарынан түгелдей дерлік айырылған ел  осындай мүсәпір түсініктермен өмір сүрмегенде қайтетін еді.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?