Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жайсаң Ақбай: Сырым батыр бастаған көтеріліс жеңілген жоқ

2572
Жайсаң Ақбай: Сырым батыр бастаған көтеріліс жеңілген жоқ - e-history.kz

Сурет: Zakon.kz

Тарихшы, өлкетанушы, қоғам қайраткері, «Құрмет белгісі» мен «Халықтар достығы» орденінің иегері Жайсаң Ақбай ағамыздың есімі бүкіл республикаға, сонымен бірге алыс-жақын шет елге де мәлім. Бүгінде жасы 96-ға шыққан ақсақал бүкіл саналы ғұмырында Жайық өлкесінің тарихын зерттеп, әр кезеңдегі саясатқа байланысты тасада қалып шаң басқан, бұрмаланған тарихи шындықтарды, ел тұтастығы жолында күрескен қазақтың ерлерінің есімін жаңғыртуда үзіліссіз еңбектенумен келеді. Осы кезге дейін «Қазақтар», «Сырым батыр», Жәңгір хан туралы «Нарын-Казахия», «Жанша», «Хамза Есенжанов», «Жұбан», «Қадыр», «Мағишат», батыс аймағы өнері мен мәдениетінің өткені мен бүгініне шолу жасайтын «Мағмұр-Сұңғат», т.б. ұзын саны отыз бес кітап жазып шығарған. Халық әртісі Асанәлі Әшімовтың Жайсаң ағайдың еңбегіне: «Ол мәдениет, өнер капиталын жасаушылар мен байытушылардың ісін насихаттаушы, жас өнер иелерінің қамқоршысы, оларға жағдай жасауда нәтижелі қызмет еткен тұлға» деп бағалаған пікірі бар екен, осы анықтамаға бірдеңе алып-қосу қиын. 

Орал қаласына іссапарға барған кезде облыстың мәдениет саласын көтеруге үлес қосып, бүкіл ғұмырын өлке тарихын зерттеп-зерделеуге арнаған ақсақалмен  кездесіп, әңгімесін тыңдаған едік. 

- Сізді кезінде мәдениет саласында ұзақ жыл қызмет ісегенде музей ісін ұйымдастыруға көп көңіл бөлген дейді. Осы қазір өзіміз отырған музейдің қалыптасып, дамуына да қатысыңыз бары рас па? Жалпы осы салаға қалай келдіңіз?

- 1946 жылы көзім ашылды. Сырым ауданынан онжылдықты бітіріп, Оралдың пединститутына оқуға түстім. Қалап алғаным орыс бөлімі. Орысқа бағынышты болдық. Сондай заман болды. Ауылда орыс тілін оқытатын мұғалімдер соғысқа кетті. Тілді түсінеміз, бірақ әлгі «мужской, женский родтарын» сақтай алмаймыз. Ауылдан келген жас балалар... орыс тобының құрамында соғыстан оралған адамдар болды, қазақтан есімде қалғаны Сүйінішәлиев Қалам деген декан болды. Ленинградтық блокадаға қатысқан Махатова Майра, Құбышев деген азаматтар бізге сүйеніш болды, білімге құштарлығымызды оятты. 3-курста оқу озаты атандым, семинарларға, сараптамаларға қатынастық. Француз революциясының көсемдерінің бірі Максимилиан Робеспер туралы баяндама жасауды тапсырды. Тым жақсы баяндама жасадым. Ол кезде қағазға қарап айтпайсың, содан Робеспер атанып кеткем. Бірге оқығандарға қарыздар болдық. Институтты 1950 жылы бітірдім. Бірқатары мұғалім болып қалды. Ол кезде мұғалімдер де күшті болды. Сол алған білім, тәрбие пайдаға асты. Жалпақталға жолдама алдым. Бір жыл мұғалім, бір жыл аудандық оқу білім бөлімі инспекторы, партия совет жұмысында болып, барлығы 21 жыл қызмет істедім. 1971 жылы облыстық Мәдениет басқармасының басшысы болып тағайындалдым. Сол жерде 17 жыл қызмет істедім, үлкен көңіл бөлгенім – музей жұмысы болды. Осы үйді алдық музейге.  Қаланың осы қалай деген үйлері мәдениет басқармасына музей ұйымдастыруға керек болды. Музей ісіне ерекше көңіл бөлгенім – тарихшылығымнан еді, кейін сол тарихшылығыма қайтып оралды. 

Фото: akorda.kz

- Алғашқылардың бірі болып Сырым батыр туралы еңбек жаздыңыз. Сіздің жас кезіңізде Сырым көтерілісі тақырыбы қозғалған ба сонда?

- Ол былай, 1987 жылы заңды демалысқа шықтым. Он жыл БҚО қазақ мәдениет қорын қоғамдық негізде басқардым. Бастамам – өлкетану ісі. Байқаймын, барлық Қазақстанның өңірлерінің тарихы жақсы баяндалады, жақсы жазылған, көбірек айтылады. Ал біздің тарихымыз өте жұпыны, қайраткерлер есімі аталмайды. Мысалы, Сырым бабаның үлкен қайраткер ретіндегі есімін 1947 жылы білдім. Пединститтта оқып жүргенде екінші курста орыс совет тарихшысы Михаил Вяткиннің «Сырым батыр» деген кітабы шықты. Ол сол кітап үшін Сталиндік сыйлықтың бірінші дәрежелі сыйлығын иеленді. Сол кітапты оқыдым, сонда барып Сырымның кім екенін білдім. Вяткин деген кісі үлкен зерттеуші болған ғой деймін, көп деректі Мәскеуден, Петербургтен, Орынбордан тапқан. Тарихи тұлғалардың ішінде ең жарқын із қалдырған адамның бай құжаттары болды, соның барлығын құрастырған. Қазақтың Сырым жөнінде айтқан мақал-мәтелдері келтірілген. Сонда Вяткиннің айтқаны: «қазақ тарихын зерттеуде сол қазақтың есінде қалған әңгімелері өте пайдалы болды, соны ғылымға пайдаландым» дейді.  «Қазақта артық дүниеге келмеген, Дат баласы Сырымнан» деген сөз бар. Бұл Сырымға қазақтың берген бағасы екен. Сырым Датұлы өте кемеңгер болған, ақыл-ойы терең, бала кезінде бала би атанған. Есейе келе ұлт азаттық көтерілістің туын тіккен. Қазақта бірінші болып орыс империясына қарсы шықты. Ол тұста елді басқарған Екінші Екатерина болды. Сол Екінші Екатерина Сырымды бағалаған, оны өз ықпалына көндіргісі келген. Оған Баһадүр деген атақ сыйлаған. Оны он төрт жыл бойы аға старшын сайлаған, барлық старшындар Сырымға бағынған. Қазақта қарадан хан болмайды деген тұжырым бар. Қазақтың өз қанынан дүниеге келген хан жоқ. Оның себебі – бір қазақ билікке келсе, онда ол өзінің руына не жүзіне тартады. Барша қазаққа қызмет етпейді. Ең алдымен өз руына, тегіне қызмет етеді. Сондықтан би, батырлардың шешімі біреу – қарадан хан болмауы керек, ал хандардың барлығы Шыңғыс ұрпақтары, қазақ болып кеткен моңғолдар. Қазақтың мықтылығы сол – моңғолдарды қазаққа айналдырған. Мысалы, хандардың бәрі өзін қазақпыз деп есептеген, арғы тегі Шыңғысхан, төрелер.

 

- Сырым басшылық еткен көтеріліс жеңіліске ұшыраған жоқ дейсіз. Жалпы осы Сырым батыр тақырыбына келуге нендей себеп қозғау салды?

- Сырым 14 жыл старшын болды. Оның тарихқа енгізген жаңалығы – ханның төңірегіндегі әр рудан шыққан атақты билерден кеңесі болды. Яғни ол Париж коммунасынан бұрын дүниеге келген парламент. Дара өзі басқармаған, Нұралы ханды тақтан тайдырып, күреске басшылық еткен. Оның он төрт жылы аға старшындыққа кетсе, қалған уақытта да елді басқарған. Өте беделді. Сырым жөнінде Александр Суворовтың айтатыны бар. Соғыс қолбасшысы өзі Европа жақта соғыста жүргенде Екатеринаға: «Сырым Пугачевтен де қауіпті адам. Егер Сырым қолға түссе оның көзін жою керек. Ол халыққа беделді, өте қауіпті адам» деп хабар берген. Царицын қазіргі Волгоград, бұрынғы Сталинградтан үлкен қолменен келе жатады. Мақсаты – Пугачевті қолға түсіріп, алып кетіп жазалау. Келе жатса от көрінеді, барса қазақ сарбаздары екен, атыс басталады, Суворовтың көмекшісі оққа ұшады. Суворов соңынан зерттеп тергегенде әлгілер Сырымның сарбаздары екен. Қараөзен дейтін жер бар оңтүстікте, түнде кездескен ғой. Әлгі жасаған хабарламасының негізі содан болса керек. Қайткенде де Сырымның көзін жоймақ болады. Өз басым Сырымды батыр деген сөзді көп қолданбаймын, ол қара қылды қақ жарған би. Оның нақыл сөздері мен мақалдары осы кезге дейін сақталған. Соны мен өзімше дәлелдедім. Сырым өте тұлғалы адам болған. Атқа мініп, қылыш асынған жауынгер емес. Бірде маған екі жігіт келді, мүсіншілер екен. Суретші, мүсіншілер арнайы келіп ақылдасады. Қолдарында жасаған дүниелері, «мынаны сіз қалай бағалайсыз?» деді. Мен  «мұны бағаламаймын» дедім. Қате. Ол атқа мініп шапқан, қолына қылыш ұстаған кісі емес, ақылмен басқарған. Кемеңгерлігі, бойындағы басты күші осы болған, халық артынан ерген. Халық ханды тыңдамай Сырымды тыңдаған. Сырым көтерілісі бірнеше жылға созылды. Біздің тарихшылар осы кезге дейін Сырым жеңілді деп келді. Мен ол жеңілді дегенді мойындамадым. Бірақ құжаттар керек. Тапқан құжатым – 1797 жылы үлкен жұт болады, жұтта мал қырылады, бұл ұлт-азаттық көтерілістің ерекшелігі – ол халықтық сипат алған, жеке батырлардың, сарбаздардың көтерілісі емес. Сырым ауданы жерінде Сырым шыққан төбе бар. Сырым кезінде оны қорғаныс ретінде пайдаланған. Атқа мініп дөңестікті айналады, сонда 20 шақырымнан көрінеді. Орынбордан келген казак-орыстар, оралдың казак-орыстары, Сырымды қолға түсіреміз деп қуып жүргендер «анда өте көп адам, біздің шамамыз жетпейді» деп қайтып орала берген. Соған белгі қойдық осы ғасыр басында. Ол кезде зейнеткерлікке шыққан адаммын, халықтан қаржы жинап, бекіністі көретін орынға айналдырдық. Жолда төбе тұсында күмбезді белгі бар. Обасынан топырақ алдық, кетіп бара жатқандар соған тоқтайды, тағзым етеді. Сырым көтерілісі жеңілмеді дедім ғой, бірақ халықтың жұтқа ұшырауымен байланысты халық абыржып, мұқтаждыққа ұшырады, мал қырылып, адам қырылып, індет пайда болды. Сондықтан да Сырым шегінді. Жеңілдім деп мойындаған жоқ. Өзі руластарымен, сарбаздарымен Хиуа жеріне келді. Хиуаға барып өзбек хандықтарынан көмек алғысы келді. Бұл ары қарай көтерілісті жалғастыру үшін еді. Нұралы хан балалары Қаратай мен Бөкей сұлтан бар, тағы басқалары Сырымның ізіне түседі. Жергілікті адамдарды пайдаланып, Сырым шөл басу үшін даладағы киіз үйді паналағанда, үзеңгісін улап тастап, сол у бойына тарап, сол жақта қайтыс болады. «Қай жерде дүниеден өтсем, сол жерге қалдырыңдар» деген екен өзі.

Қаратай сұлтанның қолынан уланғаны туралы көзінің тірісінде ашық айтқан Бақытжан Қаратаев. Ол мемлекеттік Думаның мүшесі болған, заңгер болған адам ғой. Өзінің қолжазбасында: «Менің бабам Қаратай сұлтан Нұралы ханның кегін алды, Сырымды өлтірген сол» деп жазыпты. Бұл жаңалықты мен жария еттім. Сырым бастаған көтеріліс жеңілмеді дейтінім – артынан Исатай-Махамбет бастаған көтеріліс басталды. Одан кейін Алашорда, ары қарай, Халел Досмұхамедов тұжырымдамасында айтқандай, қазақ 250 жыл бойы тізеден қан кешті. Ұлттың азаттығы үшін. Сырым көтерілісінің жалғасы 1986 жылғы жастар көтерілісі. 1991 жылы азаттыққа қолымыз жетті. Оны айтып отырғаным – қазіргі Қазақстан астанасында Сырымға белгі жоқ, ескерткіш жоқ. Шын мәнісінде ұлт-азаттық көтерілістің көшбастаушысы. Ең алғашқы  ту тіккен адам  – Сырым. Неге ескерілмейді?

Фото: akorda.kz

- Астанада Сырым аты насихатталмай жатыр деп отырсыз ғой. Байқаймыз, бұл жұмыстар оның туған жерінде жақсы жүргізілген сияқты... 

- Аудан атын өзгерту мәселесіне мен тікелей араластым, ол кездегі заңнамаға сәйкес әр селолық советтің ақсақалдары ауданның атын өзгертуге ризашылық білдіруі керек. Соны аяқтай жүріп ұйымдастырдым. Сырым бабаның 250 жылдығын атап өтуге үлкен қызмет еттік. Үш адам келді, Әбіш Кекілбаев, Мырзатай Жолдасбеков, Серікболсын Әбділдин. Әдейі шақырылды. Әбділдин сол кездегі парламент төрағасы. Сол кезде Назарбаевтың тәртібімен елдімекендер атын өзгертпеуге мораторий жарияланды, «мен Назарбаевқа бардым, Сырым деген тарихи тұлға, Вяткиннің кітабын оқығам, ұлыма Сырым деп ат қойған кісімін, Сырым өз алдына бұл ұлт-азаттық күрестің көшбасшысы, Сырым есімін мәңгіге қалдыру керек» деп көндірген. Соны жариялады. Аудан атын өзгерттік. Сырым баба есіміне байланысты көптеген тарихи ескерткіштер қойылды, Сырым музейі ашылды. Соңғы келгенде Әбіш Кекілбаевтың айтқаны: «Ақтөбеде Қобыланды батыр тойына қатынастым, енді Сырым бабаның тойына келіп отырмын, тағзым етемін, бір айтарым – Қобыланды батырды «кімсің?» деп құжатын сұрасақ, ол «ноғаймын» дер еді, ал Сырымнан сұрасақ «қазақпын» дер еді. Ол қазақ болатын болса, ол қазақ бостандығы үшін күрескен адам, ол облыстың, елдімекеннің тұлғасы емес, қазақ тарихындағы ұлы тұлға, сондықтан Сырым тек Қадыр Мырзалиевтің бабасы емес, бәріміздің бабамыз» деді. 

Енді сізге мынаны айтайын, Сырымның тарихи көтерілісіне арналған бірде-бір диссертация жоқ. Сырым тіпті ұмытылған, ешкім оның көтерілісінің маңызын зерттемеген. Ғабит Мүсірепов Сырым жөнінде пьеса жазды, бірақ сахнаға қойылмады. Қажығали Мұхамбетқалиев Сырым баба туралы роман жазды, талай ақылдастық. Ол романды мұра етіп қалдырды. Қазіргі биліктен сұрарымыз – Сырым бабаны ардақтау керек. Сондай тұлғаны ұмытуға еш құқымыз жоқ, сол тұлғалар арқылы біз өзіміздің тарихымызды зерттейміз. Бұл менің ұлтты ардақтауға байланысты айтып отырған әңгімем, бірақ тарихи құжаттарға сүйенілген. Екатерина кезіндегі Сырымға атақ беру не Сырымға ара түсуге байланысты Екатеринаның указание жинағын, ел аузындағы әңгімелерден кітап шығардым, кейіннен үш тілде оқылатын «Ерен ер Сырым Датұлы» деген кітабым жарық көрді. Бұл әңгіме аяқсыз қалмауы керек. Сырым жөнінде ғалымдарға үндеу тастаймын. Үлкен мазмұнды тақырыпты қолға алу керек. Мәліметтер орыс зерттеушілері арқылы, мысалы Алексей Левшин арқылы жетті. 1834 жылы Парижде кітап шығарды. Қазақтың тарихына арналған үш томдық. Мен сол кітапты іздестіріп, үлкен ғалымның көмегімен Москвадан алдырдым. Левшин мазмұнды тұжырымдар жасаған. Айтарым – облыс орталығында ескерткіші тұр, қолдан келгенді жасап жатырмыз. Сырым музейі дайындалып жатыр. Өз топырағымызда насихат істер жалғасып жатыр, енді республикада жалғасса екен деймін. 

- Сіздің келесі бір іргелі тақырыбыңыз – Жәңгір хан. Жәңгір реформатор деген ойды алып шығып, жаңа көзқарас қалыптастыруға ықпал еткен екенсіз. Осы жөнінде өз аузыңыздан естісек…

- Қазақта «Кіші жүздің қолына найза бер де, жауға қой» деген сөз бар.  Бұл тектен тек айтылған сөз емес. Мұның терең тамыры бар. Кіші дейтін мұрагер. Кенже бала ғой, бүкіл мұра соның қолында қалады. Кіші деген адамның аздығынан, жердің тапшылығынан емес, Шоқан Уәлиханов Кіші жүзге үлкен баға берген. Бала кезімде қарттардың әңгімесін тыңдайтынмын. Көнекөз қарттардың әңгімесінің қайырмасы – Сырымның аузынан шыққан мақал-мәтелдер. Сонда «Сырым пайғамбар ма, неге Сырымды еске алады?» деп ойлаушы едім. Сырым көтерілісінің ең басты жеңісі – Бөкей хандығының ұйымдасуы. Мына Жайық пенен Еділдің төменгі ағысы аралығындағы жер қазақтың байырғы жері. Сырымның көтерілісінің басты мақсаттарының бірі – сол жерді қайтарып алу болды. Мақсатын орындай алмады. Бірақ патша шешім алмастан бұрын Сырымды көндіру керек, Сырымның ұрпақтарын көшіру керек деді. Оның өзі тектен-тек айтылмаған. Сырым сол жер үшін арпалысты империямен. Кіші жүзден бөлініп Бөкей сұлтан Сырымның көтерілісі нәтижесінде босатылған жерде хандықты ұйымдастырды. Одан бұрын 1731 жылы қалмақтар көшті, қазақтар оларға тыныштық бермеді, ол жер 1731 жылға дейін бос жатты. Орысқа жағымпаз болғандар «ол жерді орыс патшасы қазақтарға сыйлады» дейді, ол сыйлықтан емес, Сырым көтерілісінің нәтижесінде босатылған жерлер қазаққа қайтып оралды. 1812-1815 жылға дейін Бөкей сонда хан болды. 1815 жылы қайтыс болды, қайтпас бұрын мұрагері Жәңгірді дайындады. Астрахан губернаторы үйіне жатқызып, европаша білім алуына, ағартушы хан болуына әдейі күнілгері қызмет еткен адам. 1824 жылы Орал қаласында хан тоғайында зеңбірек атылып, губернатор келіп, Жәңгірді хан деп жарияланды. 1845 жылға дейін Жәңгір хан болды. Жәңгірдің тарихтағы орны, атқарған ролі мойындалмай, оған тиісті баға берілмей, әруағы баяғы Махамбеттің «хан емессің, қасқырсың» дегенін көтерді. Осы мәселеге байланысты дайындалып, зерттеу жүргіздім, Жәңгірді дұрыс бағалаудың қажетті мақсатына қызмет еттім. Бұл оңайға түскен жоқ. Совет заманында біздің хандарымыздың бәрі албасты, бәрі халықты қанаған есептелді. Билер мен батырлар да солай. Сталиннің тірі кезінде  «қазақ тарихын бұрмалауды қойып, шындыққа негіздеу» деген «Правда» газетінде  мақала болды. Осыған байланысты көптеген ғалымдар, тарихшылар жауапқа тартылып, Бекмаханов Кенесары хан жөнінде жазғаны үшін 25 жылға сотталды. Біздің жерлесіміз академик Қажым Жұмалиев те 25 жылға сотталды. Тағылған айып – баяғы хан-сұлтандарды дәріптеді, феодализмді көкседі деген. Міне, содан кейін Сырымның есімін атауға қорықты, оның тарихтағы ролін зерттеуге батылдары бармады. Жәңгір де солай. Жәңгір не істеді?

Жәңгірдің ең басты атқарған жұмысы – қазақты отырықшылыққа көшірді. Көшпенді тұрмыстың жағымды жақтары бар, бірақ, отырықшылықтың артықшылығын мойындауымыз керек. Экономиканы дамыту, малды асылдандыру, бала оқыту мәселелерін қолға алу үшін бір жерді мекендеп отыру керек. 1837 жылы осыны бастаған Жәңгір болды. 1840 жылы қазақ балаларына арнап мектеп ашты. Жалпылама білім беру ғана емес, мектеп бітіргендерді жоғары оқу орнына оқыту мәселесін қолға алды. Отырықшылыққа көшірді, ағартушылық жұмыс атқарды. Шешек ауры болды, соған қарсы егу жұмыстарымен айналысты. Қара халық «Жәңгір балаларымызды шоқындырайын деп жатыр, солдатқа берейін деп жатыр» деп шулады. Жұқпалы ауруларға қарсы ектіргенде «баламызды уландырып жатыр» деп түсінді. Жәңгір сол мектепке өз баласын оқуға беріп, өзінің баласын бірінші болып ектірген адам. Жәңгір сол істерді атқаруда халықтан түгелдей қолдау таба алмады. Өйткені халық оқымаған кез еді. Көбіне оның әрекеттерін қате түсінді. 

- Сіз Жәңгір хан жөнінде үш тілде кітап шығарып, Жәңгірді алғаш халыққа басқа жағынан келіп таныстыра бастағанда, оны реформатор хан деп дәріптегенде көпшілік тарапынан қарсылық болды ғой...

Жәңгірдің ағартушылық, басқа да реформаторлық істерін дәріптеу жөнінде баспасөзде көптеген мақалалар жарияладым, өзіме қарсы адамдардың қатарын көбейттім. Олар менің үстімнен арыздады. Облыстық акиматқа барды. Олар он төрт, мен жалғызбын, баяғы Исатай, Махамбет жөнінде диссертация қорғағандар бар іштерінде, айтыс ақындары бар. Көшербаев басшы еді ол кезде. Үлкен тартыс болды. «Сіз не айтасыз?»  деді әкім соңында.

Мен:«Егер совет заманы үстемдік құрып тұрса, егер большевиктер туралы ұғым, баяғы хандар мен билер туралы түсінік баяғыша болса, онда бұлардың айтып отырғаны өте дұрыс. Менің бұл мәселені көтерудегі мақсатым – «қазақта хан болмаған, қазақта мәдениет пен ағартушылық болмаған, қаңбақ сияқты көшіп жүрген, жел тұрса көшеді, сай-салада қалады» деген Жириновский және сол сияқты  тағы басқалардың пікіріне қарсы шығу, Жәңгірді қайтадан таныстыру, шындыққа жүгіну. Жәңгір –  ағартушы хан, реформа арқылы халыққа тәуелсіздік алып келуші ретінде қажырын жұмсаған адам. Жәңгір хан сауда-саттықты дамытып, мал тұқымын асылдандырды, егіншілікпен айналысуға жағдай жасады, бала оқытты. Осы жағын неге көрмейміз?» дедім.

- Бүгінде «Исатай-Махамбет басқарған қозғалыс Жәңгір басшылық еткен хандық билікке қарсылық емес, шын мәнінде Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсылық еді» деген пікірлер айтылады. 

- Осы іске араласқан адам академик Зейнолла Қабдолов. Көшербаев сол кісіге өтініш жасады. Бізде сондай қырқыс болып жатыр, «біреу Жәңгірді жақтайды, біреу оған қарсы» деп... Сонда ол кісі яғни З. Қабдолов  «Егеменге» екі бет мақала жариялады. «Жәңгір реформа арқылы халықты бостандыққа, тәуелсіздікке жеткізу жолдарын іздеді. Халықты біліммен қаруландырып, сауда-саттықпен айналысуын, басқа кәсіпті үйренуін көздеген адам. Махамбеттің де көздегені халықтың тәуелсіздігі, бірақ найзаның ұшымен. Екеуінің мақсаты бір, бірақ әдісі екітүрлі» деген бағыттағы мақала болды. Содан кейін де түрлі айыптар жалғаса берді, дегенмен, Жәңгір есімі атала бастады. Аты университетке берілді, өзі салдырған мектепке берілді.  Оралдан көше беріп, музей ашты. Осы істердің басы-қасында мен болдым, өйткені бұл мәселені қозғаған өзім едім. Бірақ, әлі жете түсінбейтыным, мысалы, қазақтың соңғы ханы Жәңгір. Генерал шені болған, европалық білімі болған. Жәңгір мектеп ашқан жылы Ыбырай дүниеге келген. Сонда ол Алтынсариннен бұрын мектеп ашқан. Зерттеу мақсатында Бөкейордасына барғанымда бір орынды көрсетті, он бес шақырым жер ауылдан ұзап шығады, сөйтсе, мектеп бітірген балаларды Орынборға кадетке орналастыру үшін шығарып салады екен. Сонда қазақтар баяғы жылап-еңіреп, «біздің балаларды шоқынуға апара жатыр, жібермейміз» дегенде Жәңгір өзінің баласын арбаға отырғызған. Зұлхарнай деген баласын. Оның тәрбиешісі Махамбет болған. Жәңгір 1929 жылға дейін әулие есептелген. Қарағайдан жасалған кесенесі болды, халық ем іздеп барған, ішінде кітаптар, құрандар болған, халық соған түнеп, Алладан тілеп, аурудан жазылуды сұрап, сол орынды қадірлеген. Қазір Жәңгір жөнінде жақсы әңгімелер көп айтылады. Әсіресе, мұражай кешені жақсы ұйымдастырылды, оның мектебі, оның салдырған мешіті, сарайы қалпына келтірілді. Шоқан Уәлихановтың тұрған жері т.б. қайраткерлерге арналған орындар бар ғой, оның бәрі қолдан жасалған, ал мынау Жәңгірдің өзі салдырған хан сарайы, Орданың өзі тұрған музей, орманы да сол заманнан тұр. Өнер адамдарының дені – Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей Бөкейордасынан шыққандар. Бөкейордасы біздің тарихымыздың үлкен мұрасы. Келер жылы жол ашылады деп отырмыз. Қонаевтың өзі соны көтерген кісі еді. Бара алмай кетті. Мәдениет, білім тараған жері Бөкей ордасы. Кезінде губерния болған. 

- Осы жерде сұрай кетейік, «Радуга Ак Жайык» деген кітабыңыздағы Махамбет туралы мақалада оны өлтірген хорунжий Ықылас емес, оған Жүсіп Өтеулиновтың кінәсі бар деген дерек келтіресіз. Бұл мәліметті қайдан алдыңыз? 

- Бұл мәлімет Орынбор желілік қырғыз бөлімінің өкілі Редькиннің 1846 жылғы рапортында бар (31 шілдедегі), оған Махамбеттің екі әйелі куәлік еткен. Айғақтар тігілген. Ал енді Исатай-Махамбетті көтерген адам Халел Досмұхамедов. Оның руы беріш. Махамбет пен Исатай да беріш руынан.  1925 жылы Халел Миялыға келіп ақындарды, ел тарихын жақсы білетіндердің басын қосып бір апта қызмет істейді. Исатай-Махамбет жөнінде жиынға қатысқан адамдар ішінде Ығылман Шөреков Махамбет туралы дастанды ұсынады. Шөреков оқыған кісі болса керек, ондағы келтірілген деректер, уақыты дұрыс көрсетілген, оқиғаларға дұрыс баға берілген. 1925 жылы араб емлесімен жазылған. Бір данасы Орда музейінде сақтаулы. Халелдің өзі алашорда көсемі болғандықтан айдауда, бақылауда жүрді. Оқыған адам. Сол кездегі идеологияға бұрды. Махамбет өлеңдері ешуақытта баспадан шығып, ешкімнің қолында болмаған. «Хан емессің, қасқырсың» дегенді Халел айтқызды оған. Өйткені ананы кітап етіп шығару үшін, тағы да көмек болуы үшін большевиктердің көңілінен шығуы керек болды. Солай Махамбетті дәріптедік те Жәңгірді атамай келдік осы кезге дейін. Мысалы, Исатай-Махамбет көтерілісі. Исатай мен Махамбеттің достығы туралы Әнес Сарайдың осында үлкен конференцияда айтқаны бар. «Екеуінің арасындағы достықтың қалай қалыптасқанын мен түсінбеймін, Махамбеттің әкесін өлтірген Исатайдың адамдары ғой, кек алу дейтін бар, біз екеуін қол ұстасып көтерілісті басқарды дейміз, ал осыны тереңірек зерттеу керек» дегені бар.

- Сіз «Хан Жәңгір» атты атты пьеса жазыпсыз, оны режиссер Оксана Малуша сахналапты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, Алтын Орданың 750 жылдығына орай Тәуелсіздік мерекесінде А.Н. Островский драма театрында қойылған спектакль туралы, әсіресе, орыс басылымдарының жарыса жазған мақалаларын көзіміз шалды. 

- Островский атындағы орыс драма театры осыдан 21 жыл бұрын ұсыныс жасады, «Жәңгір жөнінде пьеса жазсаңыз сахнаға қояйық деп едік» деп.  «Мен тарихшымын, драматург емеспін, маған бұны орындау қиын» дегенімде, «сіз материалды өте жақсы білесіз, жазыңыз» деп болмады. Мен классиканы көтердім. Шекспирден бастап қарадым. Алты ай отырып жаздым. Қойылайын деп жатқанда баяғы дау қайтадан лапылдап күшейді. 2019 жылы сол пьеса сахнаға қойылды. Жәңгірлі мақтайтындар да, даттайтындар да қатынасты. Осылай тарихи драма дүниеге келді. Міне, осы бағытта қызмет еттім. Жәңгірді мақтау оның ісіне байланысты. Алғашқы ғылым-білімнің тараған жері.

- Сіздің келесі тақырыбыңыз Алашқа қатысты. «Жанша» атты еңбегіңіз бар. Алаш қозғалысының алғашқы қадамы – 1905 жылы Оралда өткен бес облыстың өкілдері қатысқан Құрылтайдан басталған делінеді. Содан кейінгі жылдары қанаттанып, күшейе бастаған қозғалыстың көп жұмыс атқарғаны кейін ғана белгілі болып жатыр. Ал сіз өзіңіз оларға қатысты мәліметті алғаш рет қайдан таптыңыз?

- Алашордаға келсек, 1918 жылы Уфада жиын болды, онда жол қатынасы нашарлығы, почта, телеграф байланысының нашарлығы айтылды.  Күнбатыс Алашорда, Шығыс Алашорда деген қос қанаты қалыптасты, бағыты біреу. Мұнда ешқандай сепаратистік жоқ. Күнбатыс Алашорда жөнінде мәліметтер болмады. Біздің тарихымызда Халел, Жаһанша Досмұхамедовтер туралы ештеңе айтылмады. Ал Шығыс Алашорда жөнінде, Бөкейхановтар, оның серіктері туралы бай мұра, дүние қалыптасты. Зерттеген уақытта кітаптар шықты, алашорданың тәуелсіздік алып автономия болғаннан кейінгі құжаттар, сонда Күнбатыс Алашорданың атқарған істері, Халел, Жаһанша, әсіресе Колчакпен байланысы, жергілікті жайық казак-орыстармен байланысы жөнінде кітап шықты. Ондағы большевиктердің мақсаты – сол кітаптар арқылы алашорданы жеті қабат жердің астына салып ұмыттыру болатын. Оның орнына кітап басқа мақсатта қызмет етті, мысалы, мен сол кітаптарды жақсы пайдаландым. Ия, олар өте белсенді қызмет атқарды. Әуелі мынау үй –  біз отырған музей үйінің ғимараты қазақтың ақшасына салынған үй, қазақ ауылдары ақша жинап салдырған. Байқасаңыз, мұнаралары бар, мұны мавритандық стиль дейді. Арабтар он екі ғасыр бойы Испанияны билеген ғой, Испанияда бұрынғы үйлер сол мавритандық стильде салынған. Осы ғимаратты Алашорда өзінің мекемесіне айналдыруға большевиктерден сұрады. Большевиктер оған көнбеді. Содан Алашорда билігі 150 шақырым жердегі Жымпитыға көшті. Ойыл уәлаяты деген автономиялық мемлекет қалыптасты. Тарихты зерттегенімде ол жақтағы көп халық ысырапшылыққа, қудалауға, мал-мүлкінен айырылу жағдайына ұшырамаған, алашорда оларды қорғаған. 1920 жылға дейін қызмет етті. Бөкейхановтар Халел мен Жаншаға «беріліңдер большевиктермен күресті тоқтатыңдар» дегенге қарамай, ең соңына дейін күресті. Москвадағы орталық үкімет Алашордашыларды бекер қудаламауға, оларды жұмысқа пайдалануға, бұрынғы істеріне кешірім жасауға қаулы шығарды. Қаулы дайындалып жатқан уақытта Жаншаны, Халелді, қасындағы үш серігін Москваға шақырып, төрт ай бойы Ленин, Сталин Москвада ұстады. Олар «Біз сендерді қудаламаймыз, кешірім жасаймыз, жаңа советтік  биліктің қалыптасуына көмектесіңдер» деген. Сонда Жаншаның қолы қойылған хат пайда болды. Большевиктерге уәде беру керек қой. «Сендер тондарыңды теріс айналдырып, бізді қаратып алып тұрып, дегендеріңе көндіріп бұрынғыдай ұлтты қанаушылықты сақтайтын болсаңдар, болмаса демократия орнамай оның орнына абсолюттік монархияны қалпына келтіретін болсаңдар, біз оны ешуақытта мойындамаймыз. Біз ақыр аяғына дейін қазақтың тәуелсіздігі мен бостандығы үшін күресеміз» деп қолдарын қойған. Өздеріне үкім шығарған. Содан кейін оларды қудалаған, Воронеж қаласына жіберді, елден аластады. Голощекин деген пәле келді. Соның: «Алашорданы түп тамырына дейін қазып, құртпаса Қазақстанда социализм орнамайды, Қазақстанға кіші октябрь революциясы керек» дегені бар. Соған байланысты ма екен, әйтеуір, орталық үкімет сол алашорданы қудалап, көзін жойды. Жаншаның өлімі өте қайғылы болды, инсульт деген ауру бар ғой, денесінің жаны кетеді, ақыл-есі дұрыс емес, оны сол күйінде қинап атқан. Сол Күнбатыс Алашорданың қызметі өте көлеңкелі жағдайда ұсталды. Батыс Алашорда болғаны туралы ұмытылды. Тіпті осында қазіргі Жұбан ескерткіші тұрған жерде үш жүз адамды жинап қазақтың құрылтайы өткен ғой. Ондай үй жоқ, оны қалай істеді екен? десек, цирк болады екен, соның шатыры болады, кенептен жасалған, сонда өткізген екен. Жанша қазақтан шыққан тұңғыш прокурор. Ол Томск қаласында жұмыс істейді. Мында казак-орыстар оның қызмет істеуіне жол бермейді. Өйткені өте білімді, заңгер адам. Сондықтан Томскіде ұлт-азаттық көтерілісте ұсталған қазақтарды қамаудан босатқан, заңгерлігі, халық мүддесіне қызмет етуі жоғары бағаланып, Томскінің «Құрметті азаматы» болған екен, оның бірде біреуі айтылмайды. Оны казак-орыстармен байланысы болды, Колчакпен байланысы болды, бәлен де түген деп пәленің бәрін жауып тастағандықтан, шаңның астынан Алашорданың Күнбатыс бөлігін аршып алуға тура келді. Осыған қызмет етіп екі кітап шығардым. Ғалымдарға «үлкен бір өтінішім – ғылыми айналымға жіберіңіздер, осы мәселені қолға алыңыздар» дедім. Құдайға шүкір, өзіміздің жерлестеріміз, соның ішінде педколледж тарих пәні мұғалімі Д.Сүлейменова және Теректі ауданында прокурор болып істейтін Р. Мажитов бар, екеуі де ғылым кандидаты болып шықты. Жанша аты колледжге берілді. Екі дос деп аталған, екеуі екі рудың ұрпағы. Жанша жайлы адам болған, Халел өз мақсатына жетуде жігерлі адам болған. Атырауда Халел атында университет бар. Сырым ауданында үкімет болып отырғандағы үйі сақталған, мұражайы бар. Осы жұмыстардың басы-қасында болдым, мұны мақтану үшін айтып отырғаным жоқ, халықтың тарапынан үлкен көмек алдым. «Жымпитыға жүз жыл»кітабынан кейін Сырымды қолға алдым. Олар мені қолдамаған болса бұл еңбектерім жазылмаған болар еді. Сырымның есімін, Жанша есімін қалдыру жөнінде ұсынысым өтті. 

Фото: akorda.kz

- Былтыр 95 жасқа толғаныңызда кітап жазыпсыз…

- 95 жасыма келуіме байланысты «Кемел шақ» деген кітап жаздым. Отыз бес жыл не істедім, соның барлығын жаздым. Менің байлығым кітаптарым. Өзім де жауапкершілігін сезіндім барынша. 35 кітаптың 17-сін орталық кітапхана электронды нұсқасын жасап басқа кітапханаларға қолжетімді қылған. Осы жылдар аралығында атқарған үлкен жұмысым – мәдениет қайраткерлерімен тікелей байланыста болдым. Басты кеңесшім Жұбан Молдағалиев. Жұбан жөнінде екі кітап жаздым. Қадыр екеуміз бір ауылдың адамдарымыз. Қадыр да, мен де қиын өмір сүрдік. Әкем бес жасымда халық жауы болып сотталып кетті. Соғыс кезінде қайтадан отырғызып, түрмеден шыққан күні қайтыс болып кетті. Анамды нағашыларым алып кеткен. Әкемнің інісі, жеңгем тәрбиелеп оқытты, әйтеуір, қой бағып кеткем жоқ. Жұбан да Жымпиты мектебінде оқыды.   Мен олардан үлкен ұлағатты тәрбие алдым. Әбіштің де бағасы бар. Олар маған атқарған істерімді мазмұнды, нәтижелі жасауда тірек болды, осылайша баба мұрасын зерделеп, қыры мен сыры мол рухани тіршілік кешкен саңлақтарымыздың даналығына бас иіп, өлке тарихын ой елегінен өткізумен айналыстым. Ал «Кемел шақты» өзімді дәріптеу емес, халқымның алдындағы азаматтық есебім тұрғысынан жаздым. 

- Әңгімеңізге рахмет.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?