Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Әлемдегі алғашқы журналист әйелдер

901
Әлемдегі алғашқы журналист әйелдер - e-history.kz

ХІХ ғасырдың ортасы мен екінші жартысында  әлем баспасөз бетінде әйел үні естіле бастады. Бұл уақытқа дейін әйелдердің азаматтық хақы, ар-намысы, тұтас болмысы, әйел теңсіздігі айрықша күшейіп, қоғамдағы ер мен әйел теңсізідігі айқын көрінген-ді. 

Еуропада алғаш  Анна Маргарита Жанлис, Элизабет Маллет, Маргарет Фуллер, Нелли Блай, Хедвиг Дохер есімді арулар баспасөз ісіне араласып,  әйел теңдігі мәселесін көтеріп, газет-журналдарда ашық ойларын жеткізіп, тарихта  алғашқы журналист қыздар ретінде есімдері қалды. 

Түркістан даласында әйел теңдігі, әйелдердің баспасөз, қоғамдық-саяси жұмыстарға араласуы өзгеше өріс алды. Еуропада әйел мәселесі ХІХ ғасырдың ортасы мен екінші жартысында  күн тәртібіне қойылса, Түркістан даласында бұл мәселе ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың алғашқы жарысында ашық айтылып, талқылана бастады. Ең алғаш Қырым татары Исмаил Гаспаралы жәдид оқуы, қыздардың да оқуы, баспасөзге араласуы жөнінде насихат жұмыстарын жүргізіп, қызы Шәфиқа Гаспаралының газет-журнал ісіне араласуына жол ашады. Қазақ даласында бұл мәселе «Айқап» журналы арқылы көтеріліп, бұл журналға Сақыпжамал Тілепбергенқызы, Күләйім Өтегенқызы, Нәзипа Құлжанова, Мәриям Сейдалина бастаған қыздар әйелдердің қоғамдық-саяси жұмыстарға белсінді араласуын, әйел хақын, еркін, баспасөз бетінде үн қатуын насихаттайды. 1913  жылы жарық көрген «Қазақ» газеті әйел теңдігін көздеген, газет бетінде әйелдердің де мақалалары жарық көріне себеп болған ұлт мінберіне айналды. 1917 жылы Алаш партиясының ұлттық бағдарламасының бір тармағы әйел теңдігіне арналады. 

Құрметті оқырман қауымға әлемдегі арулардың алғаш рет қоғамдық-саяси жұмыстарға және баспасөз бетіне араласу тарихын  баяндаймыз: 

Еуропа шынарлары

Элизабет Маллет

            (XVII ғасыр – шамамен XVIII ғасыр басы)

Ұлыбританиядағы алғашқы күнделікті газет редакторы, журналист, баспагер, кәсіпкер әйел. 1672 жылы ол Дэвид Маллетке тұрмысқа шығып, онымен бірге Fleet Street көшесіндегі Blackhorse Alley ауданында өлім жазасына кесілген тұтқындардың соңғы сөздерін жариялап отырған. Дэвид Маллет 1683 жылы қайтыс болғаннан кейін, Элизабет баспа ісін өз қолына алды. Ол ұлын бұл салаға баулып көргенімен, ұлы бұл кәсіпте табысқа жете алмады. Нәтижесінде, Элизабет Маллет екі баспахананы өзі басқарып, кітап шығару мен сату ісін жалғастырды. 1702 жылдың 11 наурызында Ұлыбритания тарихында алғаш рет күнделікті шығатын газет – The Daily Courant Лондонда жарық көрді. Бұл жаңалық тек баспасөз саласы үшін ғана емес, сондай-ақ әйелдердің қоғамдық белсенділігінің көрінісі ретінде де үлкен маңызға ие болды. Газеттің негізін қалаушы әрі алғашқы редакторы – Элизабет Маллет есімді батыл әйел болатын. Ол ХVІІІ ғасыр басындағы ерлер үстемдік құрған баспа әлемінде өзіндік жол салып, тұңғыш редактор әйел ретінде тарихта есімін қалдырды. «The Daily Courant»  газеті Лондондағы Fleet Bridge маңында, қазіргі Fleet Street пен Ludgate Hill қиылысында орналасқан King’s Arms атты қонақүйдің жанындағы шағын кеңседе басылып шықты. Бұл орын кейінірек Лондонның басты медиа орталықтарының біріне айналды. Элизабет Маллет сол кезеңдегі әлеуметтік шектеулерге байланысты өз есімін жария етпей, басылымда есімі бейтарап әрі жынысын білдіртпейтін «E. Mallet» деген бүркеншік атпен көрсетілді. Бұл тәсіл сол заманда әйелдердің қоғамдық-саяси жұмыстардан шектетілуіне байланысты қолданылған еді. «The Daily Courant»  газеті бір беттен ғана тұрды: алдыңғы жағында шетел жаңалықтары, ал артқы бетінде жарнамалар орналастырылған. Маллет өз басылымын артық сөз бен пікірсіз, тек фактіге негізделген ақпарат беретін құрал ретінде ұсынды. Ол бірінші санында-ақ: «Бұл газет – көпшілікке әдеттегі басылымдардағы орынсыз әрі қажетсіз сөздердің жартысынан болсын арылуға мүмкіндік береді», – деп жазды. Бұл ұстанымы оның жаңалықты бейтарап жеткізуге талпынғанын айқын көрсетеді.  Газеттің жарық көруі – бір адамның емес, бір тарихи кезеңнің символына айналды. Элизабет Маллет бұған дейін де кәсіпкер ретінде танымал болған. Яғни, Маллет тек газет шығарушы ғана емес, өз дәуіріндегі белсенді және ықпалды баспагер әйелдердің бірі болды. Алайда, оның бұл батыл бастамасы ұзаққа созылмады. Бар-жоғы қырық күннен кейін Маллет газетті Сэмюэл Бакли есімді басқа баспагерге сатады. Кейінірек Бакли «The Spectator» журналының редакторы ретінде де танылды. Дегенмен, Элизабет Маллеттің идеясы мен ізденісі баспасөз тарихында өшпес із қалдырды. Оның The Daily Courant-ы Лондонда күнделікті басылымдар дәстүрін қалыптастырып, кейін Fleet Street көшесінің медиа орталыққа айналуына түрткі болды. «The Daily Courant»  газеті 1735 жылға дейін үздіксіз жарық көріп, кейін The Daily Gazetteer басылымымен біріктірілді. Ал Элизабет Маллеттің есімі бүгінгі таңда әлемдегі алғашқы кәсіби әйел редактор әрі тұңғыш журналист әйел ретінде аталады.

1702 жылы, 11 наурызда жарық көрген «The Daily Courant»  газетінің алғашқы саны 

«The Daily Courant»  газетінің алғашқы беті

 

 

Маргарет Фуллер

(1810-1850)

Ол 1810 жылы 23 мамырда АҚШ-тың Массачусетс штаты, Кембридж қаласында, АҚШ Конгресінің мүшесі Тимоти Фуллердің отбасында дүниеге келеді. Тимоти ұл бала күткен еді, сондықтан қызы Маргаретті ұл бала секілді тәрбиелеуді ұйғарып, оның білім алуына ерекше мән берді. Ол қызын үй шаруасына емес, білім алып, тұлға болып қалыптасуға тәрбиелейді. Маргарет төрт жасында әріп танып, ал алты жасында ағылшын және латын грамматикасын үйрене бастаған. Маргареттің зеректігі мен өзін жоғары қоюы сыныптастарымен байланысын үзуге алып келеді. 1822 жылдың желтоқсанында ол мектепті бітіреді. Ата-анасы Маргареттің тым өзімшіл, паң болып бара жатқанын байқап, оны жеке қыздарға арналған оқу орнына – Массачусетс штатының шағын Гротон қаласындағы леди мектебіне оқуға жібереді. Алайда Маргарет ол жерде бір жыл да оқымай, отбасына қайта оралады. Себебі, ата-анасы Гротондағы оқу орнының білім деңгейін тым төмен деп бағалап, әрі бес баласымен үйде отырған анасының көмекті қажет ететінін ескеріп, қызын үй шаруасына араласуға шақырады. Алайда 1835 жылдың күзі Фуллер әулеті үшін ауыр кезең болды. Маргареттің әкесі қайтыс болып, отбасы қаржылық қиындыққа ұшырайды. Сол кезде 25 жастағы Маргарет – үйдегі үлкен бала ретінде жауапкершілікті өз мойнына алып, ата-анасының үйінен кетіп, Бостонға жұмыс іздеп барады. Бостонға барған соң, ол өз күшімен әйелдерге арналған мектеп ашады, онда неміс, итальян және француз әдебиеттерінен сабақ береді. 

1839 жылы Ральф Уолдо Эмерсон The Dial атты әдеби-философиялық журнал құрды және оның редакторлық қызметін Маргарет Фуллерге ұсынды. Дәл осы басылымда жарияланған еңбектері арқылы Фуллер кең танымалдылыққа ие болды. 1843 жылдың шілде айында журналда жарық көрген «Ұлы тартыс. Ер адам мен әйел. Әйел мен ер адам» атты эссесі кейінірек Фуллердің «XIX ғасырдағы әйел» атты кітабына негіз болды. Бұл кітап 1845 жылдың ақпанында басылып шықты. Кітаптағы Маргарет Фуллердің ер мен әйелдің теңдігі жайлы негізгі идеялары кең көлемде насихатталап, автордың есімі тұтас Америка, Франция, Англия, Щвецияға жайылды. 

1844 жылы Маргарет Фуллер «New-York Tribune» газетінде жұмыс істей бастады. Газеттің баспагері, танымал журналист әрі саясаткер Хорас Грили газет нөмірлерін мәдени іс-шаралар мен әлеуметтік әділетсіздік мәселелеріне арналған мақалалармен байытуды жоспарлап, мұндай материалдарды жазуға Маргарет ең лайықты кандидат деп есептейді. Екі жыл ішінде Фуллер «New-York Tribune» газетіне шамамен 250 мақала жазады. Оның бір бөлігі – концерттерге, спектакльдерге, көрмелерге және кітаптарға жазылған рецензиялар еді. Ол еуропада жүрген уақытында  «New-York Tribune» газетіндегі жұмысын жалғастырып, әр мақаласына 12 долларға дейін ақы алған. 1849 жылы , Италияда Австрияға қарсы ұлт-азаттық күрес өршіп, Маргаретте әскери госпитальге жаралы сарбаздарға көмектесіп, ішкі алауыздық, соғыс тақырыбында газетке мақалалар жариялап, Фуллер АҚШ тарихындағы алғашқы әскери тілші атанды.

 

 

Маргарет Фуллер «19 ғасырдағы әйел»

Сурет forbes.ru сайтынан алынды

Нелли Блай — Википедия

Нелли Блай

(1864-1922) 

Нелли Блай – журналист, саяхатшы, әлеуметтік және гендерлік теңдік күрескері. Оның шын есімі – Элизабет Джейн Кокран. Ол 1864 жылы АҚШ-тың Пенсильвания штатында дүниеге келген. Кейін отбасы Питтсбург қаласына қоныс аударады. Элизабеттің балалық шағы қиын өтті. Әкесі алты жасында қайтыс болады. Отбасында он екі бала болғандықтан, анасы жалғыз өзі балаларды асырауға мәжбүр болды. Кейін анасы қайта тұрмысқа шығады, алайда екінші күйеуі қатыгез адам болып шығып, жиі қол көтеріп, отбасында зорлық-зомбылық орнайды. Бұл жағдайлар жас Элизабеттің өмірлік ұстанымдары мен күрескерлік рухының қалыптасуына үлкен әсер еткен. 1885 жылы жергілікті «Pittsburgh Dispatch» басылымында әйелдер жайлы мақалаға Колумнист Эразмус Уилсон  «Әйелдер не үшін қажет?» деген жауап хаты қоғамда қызу талқыға түсіп, әйел теңдігі мәселесі қайта көтеріледі. Бұл жағдай 20 жасар Элизабет Джейн Кокранды да алаңдатпай қоймайды. Ол редакцияға сол кезеңдегі әйелдердің теңсіздігі, қоғамдағы рөлі жайлы хат жолдайды. Жас қыздың хаты бас редактор Джордж Мэдденнің назарына ілігіп, ол Элизабеттің жазу шеберлігін жоғары бағалап, газетке жұмысқа орналасуды ұсынады. Осылайша, Ол сол кезеңде жиі кездесетін үрдіс бойынша бүркеншік есім алуды жөн көрді. Осылайша, Элизабет Кокранның журналистік жолы басталады.  Көп балалы кедей отбасынан шыққан, арнайы білімі жоқ Элизабет Кокран «Pittsburgh Dispatch» газетінің тілшісі – Нелли Блай атанады. Бұл псевдоним сол уақытта кең тараған Стивен Фостердің «Nelly Bly» атты танымал әнінен алынған.

1887 жылы америкалық баспасөз тарихындағы ең маңызды журналистік зерттеулердің бірі жарық көрді. Оның авторы – Элизабет Кохрейн, яғни, Нелли Блай. Ол кезде «The World» журналының бас редакторы Джон Кокерилл Неллиге аты шулы Блэквелл әйелдерге арналған психиатриялық госпиталының ішкі жағдайын зерттеу жөнінде тапсырма береді. Нелли Блай өзін үй-күйсіз Нелли Браун ретінде көрсетіп, ақыл-есі ауытқыған адам кейпіне еніп, Нью-Йорк көшелерінде кезіп жүргенде полиция оны тауып, Блэквелл аралындағы психиатриялық мекемеге орналастырады. Ол сол жерде он күн бойы емделуші ретінде болады. Сол уақыт ішінде Нелли бұзылған тамақпен қоректеніп, мұздай сумен жуынуға мәжбүр болды және қызметкерлер тарапынан қатігез қарым-қатынасқа тап болады. Он күннен кейін Джон Кокерилл оны ауруханадан шығарып алып, Нелли өзінің алғашқы журналистік зерттеу мақаласын жазды. Зерттеу барысында ол ең алдымен пациенттерге морфин мен хлороформның шамадан тыс мөлшерде күшпен тағайындалуын атап өтті. Бұл емдеудің салдарынан адамдар шынымен есінен танып, психикалық күйі нашарлаған. Сонымен қатар, Нелли медициналық қызметкерлердің алаяқтық әрекеттерін, әйелдердің өмір сүрген түрме тәрізді жағдайларын нақты әрі жан-жақты сипаттап берді. Бұл зерттеу АҚШ-тағы зерттеу журналистикасының бастауына жол ашқан маңызды оқиға болып саналады.

Нелли Блай алғаш зерттеу журналистикасының негізін қалыптастырушы әйел. Ол 1922 жылы өкпе қабынуынан қайтыс болды. Оның есімі АҚШ-тың Әйелдер даңқ залына мәңгілікке енді.

 

Түркістан тұмарлары

 

Шәфиқа Исмаилқызы Гаспаралы

(1886-1975) 

Шәфиқа Исмаилқызы Гаспаралы 1886 жылы, 14 қазанда  Бақшасарай, Таврия губерниясында түркі дүниесінің көрнекті ағартушысы, жәдидшілік пен түркішілдік қозғалысының жетекшісі Исмаил Гаспаралының әулетінде дүниеге келген. Бала күнінен әкесімен бірге қоғамдық-саяси жұмыстарға белсенді араласып, ерте жетіледі. Исмаил өзі балаларының дұрыс оқуына, жәдид оқуын терең меңгеруіне айрықша көңіл бөлді. Ер жеткен соң, Шәфиқа әкесінің «Тәржіман» журналының редакция мен кеңсенің жұмысына жауапты қызметкер болды. 1905 жылы Шәфиқа Гаспаралы әкесі Исмаил Гаспаралы  негізін қалаған Қырымдағы тұңғыш мұсылман әйелдер журналы - «Алем-и нисван» («Әйелдер әлемі») басылымының редакторы болды. Бұл журнал «Тәржіман» газетіне қосымша ретінде жарық көріп, қырым-татар тілінде басылып отырды. «Алеми нисван» журналы жарық көрген алғашқы күндерінен бастап-ақ Шәфиқа Гаспаралы бұл басылымда әрі редактор, әрі тілші ретінде қызмет атқарды. Исмаил Гаспринскийдің бұл таңдауында үлкен мән бар еді: оның жанында тәжірибелі маман – Шәфиқа болды. Біріншіден, ол жақсы білім алған еді. Жаңа әдісті мектептің оқу бағдарламасынан бөлек, орыс тілін де жетік меңгерген болатын.. 

Екіншіден, Шәфиқа жастайынан «Тәржіман» баспаханасында көп уақыт өткізіп, әкесінің жұмысымен бірге жүріп, баспа ісінің қыр-сырын меңгерді. ХХ ғасырдың бас кезінде «Алеми нисван» - мұсылман әйелдерге арналған жалғыз мамандандырылған мерзімді басылым болды. Бұл журналдың құндылығы тек оның бірегейлігінде емес, сонымен қатар әйелдердің өздері –  мәдениет пен дәстүрдің тасымалдаушылары – өз өмірі мен қоғамдағы орны туралы шынайы жазып отырғанында еді. Олар ғана мұсылман әйелінің тұрмыс-тіршілігін ашық және шынайы жеткізіп, сол дәуірдегі Ресей мұсылмандарының тарихи болмысына тұтас көзқарас қалыптастырды. Тіпті еуропалық басылымдар да бұл журналдың жұмысына үлкен қызығушылықпен қарап, оның материалдарын жиі жариялап отырды. Бұл басылымның жалпы еуропалық қоғам үшін де маңыздылығын көрсетті. Беделді француз журналы «Revue du Monde musulman» («Мұсылман әлемінің шолуы») «Алеми нисваннан» алынған жаңалықтарға жиі жүгінетін. Себебі бұл журнал түрлі елдердің, әсіресе мұсылман елдеріндегі әйелдердің өміріне арналды. Айта кету керек, Шәфиқа Гаспринскаяның тұлға ретінде қалыптасуына оның белсенді өмірлік ұстанымы мен әкесі Исмаил Гаспринскийдің қолдауы зор ықпал етті. Ол Қырымдағы қырымтататар әйелдер қозғалысының көшбасшысы ретінде танылып, мұсылман әйелінің туған өлкесіндегі ағартушылық, қоғамдық және саяси өмірге қатысуы жолында үлкен жетістіктерге жетті. Шәфиқа Гаспринская 1917 жылдың мамырында Мәскеуде өткен Бүкілресейлік мұсылмандар съезінің қатысушысы, Қырым татар халқының І Құрылтайының делегаты, педагогикалық курстардың ұйымдастырушысы, Бахчисарайдағы мұсылман әйелдер комитетінің төрайымы және тағы басқа қоғамдық бастамалардың жетекшісі болды. XX ғасырдың бас кезінде Қырымда белсенді жұмыс жүргізген мұсылман әйелдер қозғалысының көшбасшысы. Ол «Қырым мұсылман әйелдерінің атқару комитеті» («Қатынлар күни») ұйымының негізін қалап, ислам әлемінде әйелдер теңдігінің негізін қалаушы әйелдердің бірі атанған еді. 

 

Нәзипа Құлжанова

(1887-1934) 

Нәзипа Құлжанова – Орта жүздің Найман тайпасына жататын Ергенекті Найман руының биі Құлжанның немересі. Ол 1887 жылы Торғай қаласында дүниеге келген. Ұлттық рухтағы тәрбиені ерте сіңірген Нәзипа білім жолын 1902 жылы Қостанайдағы орыс-қазақ гимназиясынан бастаса, артынша 1903–1904 жылдары Торғайдағы қыздар училищесінде жалғастырып, табысты тәмамдайды. Оқушы кезінен-ақ ұлттық мүдде жолындағы күреске дайындалып, ерте есейген Нәзипа оқуын аяқтағаннан кейін, 1905 жылы Семейдегі мұғалімдер семинариясында ұстаздық қызметке кіріседі. Ұстаздықпен қатар этнографияға ден қойып, қазақ халқының мәдениеті мен тұрмысы жайлы зерттеулер жүргізіп, мақалалар жазып, шығармашылық қабілетін кеңінен танытады. Қоғамдық жұмысқа да белсенді араласқан ол 1913 жылы Орыс географиялық қоғамының Семей бөлімшесіне және «Азамат серіктестігі» сынды ұйымдарға мүше болып қабылданады. 1914 жылы 26 қаңтарда ұлы Абайдың қайтыс болғанына он жыл толуына орай Семейде тұңғыш әдеби кеш ұйымдастырып, ақынның рухани мұрасын насихаттауға зор үлес қосады.

 

Нәзипа Құлжанованың 1927 жылы Қызылорда қаласында жарық көрген «Ана мен бала тәрбиесі» атты ғылыми еңбегі

Ол қазақтан шыққан тұңғыш журналист қыз. Нәзипаның алғаш есімі «Айқап», «Қазақ», «Сарырақа», «Жас азамат» газет-журналдарында танылып, қазақ қыздары Нәзипаны үлгі етеді. Тіпті, сол кезеңдегі жас ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров, ұлы ғалым Ахмет Байтұрсынұлы Нәзипа арнап өлең шығарып, қазақ қызынның еңбегін көпке үлгі етеді. 1917 жылы Семей облыстық қазақ сиезінде Нәзипа Сағызбайқызы төралқа құрамына сайланып, қоғамдық-саяси істерге белсене араласады. Ал 1920 жылы Қырғыз (қазақ) АКСР Халық ағарту комиссариаты жанындағы қазақ тілінде оқулықтар мен кітаптар шығару, баспасөзді дамыту ісіне арналған арнайы комиссия құрамында еңбек етеді. 1923 жылы «Мектептен бұрынғы тәрбие», 1927 жылы «Ана мен бала тәрбиесі» кітаптары жарық көреді. 1922 жылы Нәзипа Сағызбайқызы «Еңбекші қазақ» газетінің редакция алқасына мүше болып қабылданады. Ал 1923–1925 жылдары «Қызыл Қазақстан», 1925–1929 жылдары «Әйел теңдігі» журналдарында жауапты қызметтер атқара жүріп, қазақ әйелінің қоғамдағы орны, құқықтық жағдайы мен білім алуы жөнінде өткір де мазмұнды мақалалар жариялайды. Бұл кезеңде оның қаламынан туған еңбектер әйел теңдігін насихаттауға, олардың қоғамдық-саяси өмірге белсене араласуына үндеулерімен ерекшеленеді. 

 

«Еңбекші қазақ» газетінің редакциялық алқасы. Солдан оңға қарай: Аманғали Сегізбай, Кенжеғали Ғабдулла, Молдағали Жолдыбай, Нәзипа Құлжан келіні, Сәкен Сейфолла баласы , Таутан Арыстанбек, Сәбит Мұқан.

1924-25 жылдар. Орынбор қаласы.

«Әйел теңдігі» журналы, 1927 жыл 

 

Суреттер ашық дереккөздерден алынды

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?