«Тарих söile» жобасының бұл жолғы түсірілімі студияда емес, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіндегі шеберлер бөлімінде өтті. Көпшілік музейге барғанда тарихтың қатпарлы қабаттарын, көне жәдігерлер мен дала өркениетінің бүгінге жеткен белгісін тамашалап қайтады. Алайда сол музей ішінде өткеннің мұрасын бүгіннің тілімен қайта сөйлетіп отырған, атадан балаға жалғасқан өнерді күнделікті тіршіліктің өзегіне айналдырып жүрген шеберлер барын екінің бірі біле бермейді. Осы бөлімде үнсіз отырып, ұлттың жадын жіппен, киізбен, кестемен, бас киіммен қайта жаңғыртып отырған жандармен тілдесу – жай ғана шеберлік туралы әңгіме емес, қазақтың тұрмыс философиясын, қалыптасқан мәдениетін, ұмытылып бара жатқан ұғымдар мен атауларды қайта тірілту деген сөз.
Бұл түсірілімдегі үш кейіпкер – жеке-жеке үш бағыт, үш мінез, үш мектеп. Бірі бас киім арқылы ұлттың жоғала бастаған рәміздік жүйесін тірілтіп жүрсе, екіншісі біз кесте арқылы қыз тәрбиесі мен қолөнерді ұштастырып отыр. Үшінші кейіпкеріміз киіз бен сырмақты тұрмыстық қажеттілік қана емес, денсаулық пен ұлттық экологияның өзегі деп біледі. Ал төртіншісі кейіпкеріміз осы шеберлердің басын қосып, шашырап жүрген мұраны жүйеге түсіріп отырған ұйымдастырушы. Төртеуінің сөзін тұтастырып қарағанда, қазақ қолөнері музей сөресіндегі сарғайып сақталған тарих қана емес, ол бүгін де жасалып жатқан, бүгін де сұранысқа ие, бүгін де қорғалуы тиіс тірі мұра екенін айқын аңғарамыз.
Алтынгүл Мәденқызы: Бас киімнің де тілі бар
Алтынгүл Мәденқызының әңгімесі ұлттық бас киімдерге қатысты үстірт түсінікті бірден терістейді. Оның айтуынша, қазақтың бас киімі жай сәндік бұйым емес, ол – адамның жасы, әлеуметтік орны, өмірлік кезеңі, тіпті ақыл-парасат деңгейіне дейін ишара беретін күрделі мәдени жүйе. Сондықтан бас киімді тек «ұлттық стиль» ретінде қарастыру жеткіліксіз, оның ар жағында ғасырлар бойы қалыптасқан рәміздік тіл жатыр. Шебер алдымен қазақ әйелдерінің бас киімдері жас ерекшелігіне қарай өзгеріп отырғанын таратып айтып берді: қыз кезінде тақия, ұзатыларда сәукеле, келін болған соң желек, босанған әйел кимешек пен шылауыш, қырық пен елу аралығында қасаба, ал ел алдына шығып сөз айтатын, әулеттің ұйытқысы болған бәйбішелер қарқара киген. Демек бұл жүйе кездейсоқ киім ауыстыру емес, қазақ қоғамының өмір кезеңдерін киім арқылы таңбалап отырғанының белгісі болмақ.

Алтынгүлдің сөзіндегі ең маңызды ойдың бірі – өңірлік айырмашылық мәселесі. Ол кимешек пен өзге де бас киімдердің руларға, жүздерге, аймақтарға қарай түрленіп отырғанын айтады. Яғни қазақтың бас киімі бір ғана қатқыл қалыппен жасалмаған, әр өңір оны өз қолтаңбасымен байытқан. Бірақ айырмашылық қанша көп болғанымен, түпкі негіз бәрібір ортақ. Бұл – қазақ мәдениетінің тамыры бір, тармақтары көп екенін көрсететін ғажайып құбылыс. Шебер осыны нақты мысалмен де көрсетті. Мысалы, Керей тымағының артқы жапсырмасы бөлек болса, найман үлгісінің дөңгелектеу келетіні, кейбірінің алқымнан байланатыны, енді бірінің пішімі өзге болатыны – сырттай қарағанда айырмашылық, ал түбінде сол біртұтас дүниетанымнан тараған пішіндер.
Шебердің тағы бір салмақты пікірі – бүгінгі заманда ұлттық бас киімдерді жаңғырту жайы. Ол бұл жерде екі шекті қатар ұстайды: бір жағынан, көне пішіндерді сол күйінде қатырып қоюға болмайды; екінші жағынан, жаңартамыз деп түпкі мағынасын бұзуға да жол жоқ. Мәселен, ол жас келіншектерге арнап қасаба мен бөріктің негізінде заманауи үлгі жасап шыққан. Бұл құлақты, шашты, желкені жауып тұратын, күнделікті тұрмысқа қолайлы, орамал түрінде де байлауға болатын, көктем мен күзге ыңғайланған нұсқа. Ондағы мақсат – көне бұйымды көшіріп тігу емес, бұрынғы мәнді бүгінгі өмірге икемдеу. Яғни жас келіншек «жат» үлгідегі бүркенуді өз қалпымен қабылдамай, өз мәдениетінен туған түпнұсқаны таңдаса деген ниет жатыр.
Алтынгүл Мәденқызы өзін тек шебер ғана емес, ізденуші ретінде де танытты. Ол өзінің қолынан шыққан сәукеле үлгісін Ұмай ана бейнесімен байланыстырып, патенттегенін айтты. Онда шебер сәукелені тек қалыңдықтың салтанатты бас киімі деп қана қарамаған, оны жартас суреттеріндегі Ұмай ананың бейнесімен байланыстырған. Оның айтуынша, бұрын сәукеле мен қарқараның биіктігі, қатпар саны, сәнделу дәрежесі де әйелдің қоғамдағы орнын көрсеткен. Осы тарихи астарды сақтай отырып, ол қазіргі заманда қолжетімді, ықшам, күнделікті өмірге де лайықталған нұсқаларын ұсынып жүр. Бұл – байырғы салтанатты бұйымды тек сахналық реквизит деңгейінен шығарып, мәдени қолданыс аясына қайта енгізу талпынысы.
Оның авторлық тақиялары жайлы әңгімесі де бөлек тоқталуды қажет етеді. Шебер кейбір үлгілеріне ертегілік, мифтік сарын енгізіп, «Жылан бабы хан» тәрізді көне сюжеттерді ою арқылы сөйлетеді. Тақияның өрнегіне айдаһарды, яғни айдаһардың айдарын, жасыл көзін бейнелеген. Мұның бәрі – үлкендерден естіген аңыз-әңгімелерді көркем кестеге, қолөнерге көшіру әрекеті. Басқаша айтқанда, Алтынгүл үшін бас киім матадан құрастырылған бұйым ғана емес, халық жадында көнеден сақталған бейнелердің материалдық көрінісі. Осы тұста шебердің қолөнері зерттеушілік сипатқа да ие болады.
Ол ерлердің бас киіміне де тоқталып, қазіргі сұраныстың көбіне жастар тақиясына ауып отырғанын айтады. Жұқа, қалтаға салып жүруге ыңғайлы, жеңіл, «Абай тақиясы» деп танылып кеткен үлгілердің жиі ізделуі – дәстүрлі форманың бүгінгі нарыққа бейімделген бір көрінісі. Бірақ шебер бұған қуана тұра, сақтықпен қарайды: бір кезде өздері ұсынған кейбір үлгілердің кейін кең таралып, тіпті өзге халықтардың да иемденуіне ұласқанын айтады. Мұнда ұлттық мұраны жаңғыртудың екінші жағы – авторлық, иелік, үлгінің түп-төркінін сақтау мәселесі шығады.
Алтынгүлдің сұхбатындағы ең маңызды, тіпті ой салатын бөлік – оның бүгінгі ұлттық киім тұтыну мәдениетіне жасаған сыны. Ол ұлттық киімге қызығушылық артқанын оң құбылыс деп бағалайды: кимешек, шылауыш, түлкі тымақ, тақия қайта оралып жатыр. Бірақ сонымен қатар бұл үдерісте көп қателік кетіп жатқанын да ашық айтады. Соның бірі – жастық меженің бұзылуы. Оның пайымынша, алпысқа келген апаның қыз бала киетін тақия киюі, ал қырықтан асқан әйелдің өз жасына сай келмейтін үлгілерге әуес болуы – ұлт киімінің ішкі мәдениетін түсінбей тұтынудың көрінісі. Яғни мәселе ұлттық бұйымды киюде емес, оны парықпен пайдалануда. Шебердің «тұтынудың өзіне сауаттылық керек» деуі – осы түсініктің өзегі.
Ол көне кимешектерді көрсетіп, әрбір бөлшегінен мағына іздейді. Жүз жиырма жылдық, тіпті музейге өткізген үш жүз жылдық алтын зерлі кимешек туралы айтқанда, шебердің сөзі жай жәдігер таныстыру емес, тарихи дәлелге айналады. Оның айтуынша, қазақ кимешегінің төбесінің дөңгеленіп, ойықтау келуі де жайдан-жай емес: бұл «төбе көзің ашылсын» деген таныммен байланысты. Яғни қазақ аналарының даналығын, сабырын, нұр құятын төбелік ортаны меңзейтін ишара бар. Осы тұста бас киім физикалық жабын емес, рухани антропологияның белгісі ретінде көрінеді.
Алтынгүлдің сұхбатындағы тағы бір өткір мәселе – көне қазақ кестесінің өзге жұртқа өтіп, өзгелердің брендіне айналуы. Ол қазақтың жүз жылдан астам бұрынғы алтын зерлі, бастырма кестелерінің қазір басқа атаумен аталып, өзге ұлттың меншігінде жүргенін қынжыла айтады. Мұнда шебердің сөзі ғылыми да, қоғамдық та мәні бар ескертуге ұласады: егер біз өз мұрамызды өзіміз зерттеп, өзіміз түгендеп, өзіміз қорғамасақ, оны өзгелер осылайша иемденіп кете бермек. Сондықтан оның қолөнері тек эстетика емес, ұлттық мәдени шекараны күзету ісіне де айналып отыр.
Алмагүл Мұстафақызы: біз кесте – қыз тәрбиесінің ізі, төзімнің мектебі
Алмагүл Мұстафақызының сұхбаты ұлттық қолөнердің тұрмыстық табиғатын терең ашады. Ол біз кестені жай ғана әдемі өрнек салу емес, қыз баланы өмірге дайындайтын, жасауын әзірлететін, шыдам мен шеберлікке үйрететін ұзақ мектеп ретінде сипаттайды. Алмагүлдің өзі кесте тігуді сегіз жасынан бастап үйренген. Бұдан біз қазақ қоғамында қолөнердің «қосымша машық» емес, үй ішіндегі міндетті тәрбиенің бір бөлігі болғанын аңғарамыз. Қыз бала өзінен бұрынғы әпке-ағасының, кейінгі іні-қарындасының жасауына ортақтасып жүріп өседі. Сол арқылы ол тек тігін емес, жауапкершілікті, ұқыптылықты, үй мүлкіне жанашырлықты, отбасылық сабақтастықты бойына сіңіреді.

Шебер біз кестеге қолданылатын материалдың өзін тәптіштеп түсіндірді. Ол қалыңдау матаның артықшылығын, синтетика аралас жеңіл матаның сөгіліп, бырысып қалатынын, ал тығыз матаға түскен кестенің шымыр болатынын айтады. Бұл да – бүгінгі тұтынушы сирек ойлайтын мәселе. Көпшілік үшін ұлттық бұйымның сыртқы көркі ғана маңызды болса, шебер үшін оның астарындағы технология, матаның мінезі, жіптің тартылысы, кергіштің сапасы, біз бен қармақтың ыңғайы бәрінен маңызды. Яғни ұлттық бұйымның ұзақ ғұмырлы болуы ең алдымен материал танудан басталады.
Алмагүлдің қырық жыл бойы сақтап келе жатқан бізі туралы айтқаны да ерекше әсер қалдырады. Әкесі мүйіз саппен жасап берген қармақ біз – оның қолөнер тарихындағы жай құрал емес, отбасылық аманат. Ол оны жаңартып, қысқарып қалғанын жөндеп, әлі күнге қолданып келеді. Мұндай детальдар қазақ қолөнерінің шынайы табиғатын көрсетеді: мұнда зат пен адам, еңбек пен естелік, шеберлік пен отбасы бір-бірінен ажырап кетпейді. Бүгінгі өндірістік құралдан айырмасы да осында – ол тек функция атқармайды, тарих сақтайды.
Алмагүл біз кестемен шектеліп қалмайды. Оның сөзіне қарағанда, ол тоқымадан ойыншық, моншақтан сөмке, түрлі кәдесый, түскиіз, бау, желбау, басқұр тәрізді бұйымдар жасайды. Яғни бір ғана бағытқа байланып қалмаған, «шебердің қолы ортақ» деген қағиданың нақты мысалы. Бірақ осы көпқырлылықтың ішінде біз кесте оның негізгі мектебі екені сезіледі. Әсіресе машинка кесте мен қол кестенің айырмасын түсіндірген жері өте маңызды. Оның айтуынша, машинкамен түскен кестенің жібі үстінде бос жатады, бір тартқанда сөгіліп кетуі мүмкін. Ал қолмен біз кестеде жіп матаның артқы бетіне түйіліп, бекітіліп отырады. Сондықтан ол ондаған жыл емес, ғасырдан ғасырға сақталады. Бұл жерде шебер сапа туралы сәндік тұрғыдан емес, өміршеңдік тұрғысынан сөйлейді.
Алмагүлдің қызынның жасауына тіккен түскиізін көрсеткен тұсы да мақалаға өзек болатын маңызды эпизод. Ол 1988 жылғы қызы бес жастағы кезінде тіккен түскиіздің әлі күнге дейін өңі кетпей, қолданыста жүргенін айтады. Мұнда бір ғана бұйымның тарихы арқылы қазақ қоғамындағы жасау дәстүрінің бай мазмұны ашылады. Жасау – қыз ұзату алдындағы салттық жинақ қана емес, ана қолының, ана мейірімінің, ана өнерінің қызының жаңа өміріне алдын ала жол тартып отыруы. Шебердің сөзімен айтқанда, «алты жасында жисаң асады, жеті жасында жисаң жетеді» деген мәтел бекер шықпаған. Яғни қазақ қызының тұрмыстық шеберлігі бала кезден бастау алған.
Оның қазіргі заман балалары туралы толғанысы да назар аударарлық. Шебер бұрынғы қыздардың бос уақытын өнерге жұмсағанын, бау тоқып, терме теріп, кесте тігіп өскенін сағынышпен еске алады. Бұл жерде әжептәуір педагогикалық ой бар. Қолөнер – уақыт өткізудің амалы емес, мінез тәрбиесінің құралы. Ұсақ жұмысқа көз тоқтату, қол қимылын машықтандыру, бастаған істі аяқтау, әсемдікке ұмтылу – бәрі осы өнер арқылы қалыптасады. Сондықтан Алмагүл үшін бүгінгі негізгі мұрат – өзі үйренгенді болашаққа жеткізу, біреу үлгі алып жалғастырса екен деген тілек. Мұның астарында «өнер өлмесін» деген жалпылама сөзден гөрі, нақты ұстаздық жауапкершілік жатыр.
Шебер біз кестенің техникасын да егжей-тегжей түсіндіреді. Жіптің ар жағынан ілмекке ілінуі, үстінен шалынбай, астынан алынуы, жіптің тартылуы, желімді астар қолдану, кергішке дұрыс керу – осының бәрі қолөнерді сырттай тамашалаушы байқамайтын, бірақ бұйымның сапасын анықтайтын ұсақ дүниелер. Алмагүлдің бұл тұстағы әңгімесі біз кестені тек фольклорлық элемент емес, кәсіби шеберлікті қажет ететін күрделі техника ретінде көрсетеді. Оның үстіне бұл өнердің көздің майын, қолдың күшін алатынын, алғаш үйренгенде бізді қолға сұғып алатын сәттердің болатынын да жасырмайды. Осы шынайы детальдар қолөнердің «әдемі әлемінің» артында үлкен еңбек, төзім, машық жатқанын сездіреді.
Қамиза Зәкен: сырмақ – тұрмыс бұйымы ғана емес, денсаулық пен далалық білімнің жалғасы
Қамиза Зәкеннің сұхбаты қазақтың киіз мәдениетін тереңірек түсінуге жол ашады. Ол әңгімесін тапсырысқа сай диван үстіне төселетін, ұзын да жіңішке, заманауи пішіндегі төсеніш тігіп отырғанынан бастады. Бұл – сырмақтың кішірейтілген, жаңа интерьерге икемделген нұсқасы. Яғни сырмақ музейдегі немесе ауылдағы ескі дүниенің қалдығы емес, бүгінгі үй жиһазына бейімделе алатын тірі өнер. Қамиза осы арқылы дәстүрлі киіз бұйымдардың сұраныстан тыс қалмағанын, тек соны қазіргі кеңістікке дұрыс кіріктіру керегін көрсетеді.

Шебер сырмақтың қазақ арасында үш түрлі болатынын айтады: ойыстырылған сырмақ, кестелі сырмақ, қос жиек басқан сырмақ. Бұл жіктеу – қолөнер тарихын білмейтін адам үшін аса маңызды мәлімет. Өйткені сырт көзге бәрі «сырмақ» болып көрінгенімен, жасалу жолы, өрнек түсіру әдісі, құрылымы әртүрлі. Біреуінде киіз ойылып құрастырылса, екіншісінде кесте басым, үшіншісінде жиек арқылы өрнек айқындалады. Осы жіктеудің өзінен-ақ қазақ қолөнерінің ішкі кәсіби тілі, терминдік қоры қаншалық бай болғаны аңғарылады.
Қамиза Зәкен жүннің «тірі жүн» және «өлі жүн» деп бөлінетінін жеткізді. Оның түсіндіруінше, жайлаудан түскенде, күзде қырқылған жүн – тірі жүн; ал көктемгі қырқым – өлі жүн. Тірі жүнге қозының жүнін қосып, соның есебінен сапалы киіз басылады. Ал өлі жүн көбіне көрпе ішіне салынатын талдырмаға жұмсалады. Бұл – тек технологиялық айырма емес, көшпелі тіршіліктің табиғатпен үндесіп отырған білім қоры. Яғни қазақ үшін жүннің өзі біртекті шикізат емес, уақытына қарай бағаланатын, қызметіне қарай сұрыпталатын дүние.
Шебер сырмақтың жасалу жолын тізбектеп берді. Яғни ең алдымен жүн қырқылады, оны жуып тазартқаннан кейін сабаумен сабайды, сабалған жүнді киіз етіп басаты. Оның өзі бөлек барыс. Осыдан соң киіз оялады. Боялған киіз ою үлгісіне қарай ойылады, одан соң оны қайта құрастырылады. Діл осы құрастырып тігуді жөрмеу деп атайды. Жөрмелген екі түрлі оюдың астына тағы бір қабат киіз қосып тігіліп, жиек басылады. Жиектің өзі «сыңар жиек», «қос жиек» деп бөлінеді. Жиек басылған соң сырмақ бекем болуы үшін тағы бір рет сырылады. Оны жай жіпен сырып шығуға да, салу жіп салып белінен басып тігуге де болады. Мұнда әр кезең – бөлек жұмыс, бөлек барыс. «Жөрмеу», «жиек басу», «сыру», «салу жіп», «сыңар жиек», «қос жиек» секілді атаулардың өзі қазақ қолөнерінің ұсақ-түйек емес, толыққанды технологиялық мәдениет болғанын көрсетеді. Әсіресе Қамизаның «жөрмеу» туралы түсіндірмесі қызық: оюдың екі түске боялған екі бөлігі бір-бірімен тең түсуі үшін аса мұқият құрастыру қажет, әйтпесе бір мүйіз озып, біреуі жетпей, тепе-теңдік бұзылады. Бұл жерде шеберлік геометриямен, көз мөлшерімен, эстетикалық үйлесіммен қатар жүреді.
Қамиза жиек басудың өзін де бөлек өнер ретінде ашады. Оның айтуынша, сыңар жиек пен қос жиектің айырмасы бар; қос жиек «таңдай» болып түседі, яғни өрнек тәрізді ырғақпен көрінеді. Мұндай жиекті шығару үшін жіпті оңқай-солақай етіп иіру қажет. Осыны дұрыс істемесе, таңдай шықпайды. Бұл – бүгінгі адам байқамайтын, бірақ көне бұйымның көркемдігін шешетін басты тетік. Бір қызығы, Қамиза мұны тек музейлік тілде емес, жұмыс үстінде түсіндіреді. Сондықтан оның сөзі теория емес, тікелей іс үстіндегі білім ретінде әсер етеді.
Ол сырмақтың неге бұрынғыдай «берік» сырылатынын да түсіндірді. Көшпелі өмірде киіз үй, көрпе, сырмақ, жүк барлығын түйеге артып, көшіп жүрген. Сондықтан сырылуы әлсіз сырмақ тез тозып, быт-шыт болар еді. Ал бүгінгі заманда тұрмыс өзгерген соң, кейбір бұйымды жеңілдеу жіппен сыруға болады. Бұл жерде шебер дәстүрді қатырып қоймайды; қайта оның логикасын түсіндіріп, не нәрсенің неге өзгеріп отырғанын көрсетеді. Яғни жаңғырту – себепсіз жеңілдету емес, өмір салтының өзгерісіне сай бейімдеу.
Қамизаның тағы бір терең ойы – киіздің денсаулыққа пайдасы туралы тұсы. Ол қазіргі жұрттың иран кілемі, түрік кілемі секілді сырттан келген бұйымға құмар екенін жоққа шығармайды. Бірақ киіздің артықшылығын тәжірибеге сүйеніп түсіндіреді: киіз шаңды бойына сіңіріп алады, сыз өткізбейді, бала жығылса жұмсақ, денеге жайлы, жылу ұстайды. Тіпті көлік орындықтарына да киізден төсеніш тігіп беретінін айтып, белі ауыратын, тоңатын адамдарға пайдасы барын тілге тиек етеді. Бұл – сырмақты немесе киізді этнографиялық жәдігер емес, экологиялық әрі денсаулыққа пайдалы тұрмыстық өнім ретінде ұсынудың жарқын мысалы.
Оның «бала киізден жақсы энергия қабылдайды» деген пікірі де халықтық нанымның жалғасы іспетті. Мұнда ғылыми терминнен гөрі өмір тәжірибесі сөйлеп тұр. Шынында да, киіз – табиғи материал, әрі далалық ортада ғасырлар бойы қалыптасқан экологиялық тепе-теңдіктің бір бөлігі. Қамизаның сөзінен қазақтың қолөнері мен тұрмысында табиғилық, денсаулық, қоршаған ортамен үндестік сияқты түсініктер бұрыннан болғанын көреміз. Бүгінгі тілмен айтқанда, бұл – табиғатпен үндес, ысырапсыз әрі тұрақты өмір сүрудің бүгінгі нұсқасы.
Қамиза өзін сырмақпен ғана шектемейді. Ол біз кесте де тіге алатынын, терме бау тоқитынын, желбау, басқұр, үзік жиегін иіретінін, ораулы ши жасай алатынын айтады. Демек оның бойында бір ғана шеберлік емес, тұтас киіз үй өркениетінің білім қоры сақталған. Мұндай адамдарды жеке шебер деп қана емес, дәстүрлі мәдениеттің тасымалдаушысы деуге болады. Оның «білсем деген ұрпақ болса, көрсетіп беруге болады» деуі – ұрпақ жалғастығына ашық үндеу.
Рауза Балмағамбет: шеберлерді біріктірген орта – мұраны жүйеге айналдыру жолы
Рауза Балмағамбеттің сөзі алдыңғы үш шебердің әңгімесін кең ауқымға шығарады. Ол – осы қолөнер иелерінің басын қосып, орта қалыптастырып жүрген ұйымдастырушы. Оның айтуынша, бұл жол 2017 жылғы ЭКСПО қарсаңында басталған. Бастапқыда ол ерекше балаларға көмектесіп, оларға тігін және сувенирлік бағытта шағын цех ұйымдастыру ісіне араласқан. Кейін көрмелерге шығып жүргенде, Астанаға әр өңірден келген шеберлер өздері іздеп тауып, «бізді де ортаға қосыңыз» деп ұсыныс айтқан. Яғни Шеберлер альянсы әкімшілік жолмен емес, шеберлердің өз сұранысынан туған ұйым болып қалыптасқан.

Рауза Жәкенқызы осы шағын бастаманың уақыт өте үлкен ортаға айналғанын айтады. Алғашында бес-он адамнан басталған шеберлер шоғыры қазір жетпіске жуық хас шеберге жеткен. Ол іріктеп алған «хас шеберлер» – жоғары деңгейдегі ата кәсіптің шын иелері. Сондықтан да мұнда белгілі бір талап, өлшем бары аңғарылады. Яғни қолдан бір нәрсе жасап жүргеннің бәрі бірдей осы атауға лайық емес; хас шебер деген дәстүрлі өнердің биік деңгейін сақтап, сапа мен мазмұнды қатар ұстап жүрген өнер иесі.
Оның айтуынша, қазақ қолөнері – шын мәнінде креативті индустрияның көне түрі. Қазіргі «креативті индустрия» деп дабырайтып айтып жүрген құбылыстың түбі көшпелі қазақ тұрмысында әлдеқашан болғанын айтқан ол ескі заманда қазақ халқы мыңғырған малдың терісін, сүйегін, жүнін, мүйізін, тіпті тұяғын да кәдеге жаратқанын жеткізді. Біреуі ағашпен, біреуі сүйекпен, біреуі терімен, енді бірі киізбен, құрақпен, кестемен жұмыс істеген. Яғни қазақ қолөнері қалдықсыз өндірістің, табиғи ресурсты толық пайдаланудың нағыз үлгісі болған. Бұл тұжырым ұлттық қолөнерді «өткеннің романтикасы» емес, бүгінгі экономикалық-мәдени модельдерге де жауап бере алатын тәжірибе ретінде қарауға жол ашады.
Рауза шеберлердің бағыттарын тізіп айтқанда, тұтас бір тірі энциклопедияның бар екенін сезінесің. Біреуі сүйектен мүсін жасайды, біреуі ағаштан композиция құрайды, біреуі теріні илеп сақ дәуірінің батырлары мен қыздарының бейнесін сомдайды, енді бірі жүннен, құрақтан, киізден заманауи интерьерлік дүниелер шығарады. Бұл – музей сөресіне телміріп отырмайтын, үнемі қозғалыстағы, дамып жатқан орта. Рауза осы шеберлермен мақтанады. Оның сөзінен ұйымдастырушының шын құрметі сезіледі.
Сондай-ақ ол қолөнер шеберлерін хендмейкерден айырып қарау керегін де ескертті. Яғни кез келген қолдан жасалған бұйым мен атадан келе жатқан, техникасы қым-қуыт, қазақы таным мен терең философия сіңген, асқан шеберлікті талап ететін дәстүрлі өнердің арасын ажырату қажет. Өйткені қазіргі нарықта бәрі «қолдан жасалған» деген атаудың астына сыйып кетуі мүмкін. Ал Рауза бастап жүрген орта сапасы, технологиясы, тарихи негізі, кәсіби деңгейі жоғары дәстүрлі шеберлікті жүйелеуді көздейді. Осы арқылы ол ұлттық өнердің құнын арзандатып жібермеу үшін де еңбек етіп отыр.
Рауза Балмағамбет ұлттық музейдегі шеберлер бұрышының қалай ашылғанын да айтады. Шеберлерге тұрақты орын қажеттігін әкімдікке, мекемелерге талай айтып жүріп, ақыры 2022 жылы осы орын берілген. Оның өзі мұны кішкентай болса да үлкен мүмкіндік деп бағалайды. Шынында да, музейге келген адам жоғары қабатта тарихты тамашалап шығып, төменде сол тарихтың бүгінгі жалғасын көреді. Бірі – көненің куәсі, екіншісі – сол көненің қазіргі тынысы. Мұндай кеңістік өткен мен бүгінді сабақтастырудың өте сәтті үлгісі екені рас.
Оның айтуынша, бұл жерде тек бұйым сатып отыру ғана мақсат емес. Мұнда шеберлік сабақтары өткізіледі, адамдар көзімен көріп, қолымен ұстап, шебердің жұмысын өз көзімен тамашалайды. Әсіресе оған шетелдіктердің қызығушылығы жоғары екен. Бұл да ойлантады. Кейде өзіміз бағаламай жүрген табиғи, ұлттық, шынайы дүниені сырт көз тезірек таниды. Шетелден келіп қазақ оюы түскен жастықты, жүннен жасалған төсенішті, сүйектен ойылған бұйымды ерекше ықыласпен алып кететіндер көп. Бұл – біздің қолөнердің халықаралық мәдени тілге де өте алатынын көрінісі болса керек.
Рауза жастар мәселесіне ерекше тоқталды. Оның бастамасымен бір кезде аулалық клубтар жобасы арқылы бастауыш және орта буын оқушыларына шеберлік сабақтары үйретілген. Сол сабақтарға тек балалар ғана емес, олардың аналары мен әжелері де қызығып келген. Бұл ұлттық өнердің адамдарды ұрпақ сабақтастығы тұрғыдан жақындастыратын күшке ие екенін көрсетеді. Өкінішке қарай, жоба кейін тоқтап қалған. Бірақ Рауза оны қайта көтеру керек екенін айтады. Өйткені бұл – жай хобби үйрету емес, жастарды өз-өзін қамдай алатын, қолынан іс келетін, көңілі орнықты азамат етіп тәрбиелеудің жолы.
Шеберлікпен айналысқан адам өзіне ұнаған іспен шұғылданады, сондықтан өмірге көзқарасы да өзгереді деген пайымын жеткізген жетекші қолөнер табыс көзінен бөлек, рухани тепе-теңдікке жеткізетін еңбек түрі екенін алға тартты. Расында да, өз қолымен әдемі дүние жасап отырған адамның дүниені қабылдауы өзгеше болады. Рауза мұны практик ұйымдастырушы ретінде емес, ұлттық тәрбиені ойлайтын азамат ретінде айтып отыр.

Қорыта айтқанда, Ұлттық музейдегі сұхбатымыздың өзегінде бір ортақ ой жатыр: қазақтың қолөнері өткен күннің сарқыншағы ғана емес, бүгінгі күннің де сұранысына жауап беретін өлмес өнер. Алтынгүл Мәденқызы бас киімнің жасқа, мәртебеге, танымға қатысты тұтас мәдени жүйе екенін көрсетті. Алмагүл Мұстафақызы біз кестенің қыз тәрбиесімен, ақыл-ахлақ, төзіммен, аналық аманатпен сабақтасатын өнер екенін түсіндірді. Қамиза Зәкен сырмақ пен киіздің астарында терең технологиялық білім, денсаулыққа пайдалы табиғи тәжірибе жатқанын дәлелдеді. Ал Рауза Балмағамбет осының бәрі дара-дара адамның қолында қалып қоймай, ортақ қозғалысқа, жүйелі жұмысқа, ұрпаққа берілер мектепке айналуы үшін еңбек етіп жүр. Демек, бүгінгі қазақ қоғамы ұлттық бұйымды тек сахна киімі, мерекелік сән немесе музейлік жәдігер деп қабылдап қана қоймауы керек. Оны түсіну, парықтау, жасына қарай, жөніне қарай тұтыну, оның ішкі мағынасын білу, авторын тану, түп-төркінін қорғау қажет. Сонда ғана шебердің қолынан туған дүние көздің қуанышы ғана емес, ұлттың жадын сақтайтын рухани тірекке айналады. Бұл сұхбаттағы шеберлер дәл соны үнсіз дәлелдеп отыр. Олардың қолындағы ине, біз, жіп, киіз, ою – шын мәнінде қазақтың үзілмеген жібі.