Қазақтың тұңғыш суретші қызы – Айша Ғалымбаева

Автор:
19.03.2026
55
Қазақтың тұңғыш суретші қызы – Айша Ғалымбаева - e-history.kz

Қазақ бейнелеу өнері дегенде көпшілік бірден Әбілхан Қастеевті еске алады. Бірақ осы өнердің нәзік те терең бір арнасын қалыптастырған, қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш кәсіби суретші – Айша Ғалымбаева екенін көбіміз біле бермейміз. Ол тек суретші емес, ұлттық болмысты бояу арқылы сөйлете білген ерекше тұлға.

Айша Ғарифқызы Ғалымбаева 1917 жылы 29 желтоқсанда Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Есік өңірінде дүниеге келді. Табиғаты көркем, ұлттық нақышқа бай ортада өскен болашақ суретшінің эстетикалық талғамы бала кезден қалыптасты. Киіз үй ішіндегі ою-өрнек, түрлі-түсті текеметтер мен сырмақтар, әжелерінің қолынан шыққан кестелі бұйымдар, тұрмыстағы әрбір заттың үйлесімі оның нәзік сезіміне әсер етті. Табиғаттың сан алуан бояуы – Алатаудың бөктері, жайқалған жайлау, алқызыл гүлдер мен көк майса дала – бәрі оның қиялын тербеп, сұлулықты сезіну қабілетін ерте оятты десе де болады.

Отбасындағы тәлім-тәрбие де оның тұлға болып қалыптасуына ықпалызор. Үлкендердің еңбекқорлығы мен қарапайымдылығы, ұлттық құндылықтарды қастерлеуі Айшаның бойына сіңіп өсті. Әсіресе, ісмер жандардың қолөнері, тұрмыстық әсемдікке деген ұқыптылығы оның кейінгі шығармашылығында айқын көрініс тапты. Бала Айша айналасындағы дүниені жай ғана бақылап қоймай, оны өзінше қабылдап, ішкі әлемінде қайта бейнелей бастады. Заттардың түсі мен пішініне, жарық пен көлеңкенің үйлесіміне мән беру – оның табиғи қабілетінің белгісі еді. Бұл қасиет уақыт өте келе кәсіби шеберлікке ұласып, оның өнердегі дара жолын қалыптастырды.

1943 жылы Алматы көркемсурет училищесін тәмамдаған Айша Ғалымбаева кәсіби өнер жолына нық қадам басты. Бұл оқу орны сол кезеңде Қазақстандағы бейнелеу өнері мамандарын дайындайтын басты орталықтардың бірі еді. Мұнда алған білім мен алғашқы тәжірибе оның шығармашылық бағытын айқындап, суретшілік қабілетін шыңдады. Алайда Айша Ғарифқызы тек жергілікті деңгеймен шектеліп қалмай, білімін одан әрі тереңдетуді мақсат етті. 1949 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтын тәмамдап, суретші-көркемдеуші мамандығын меңгерді. Бұл – сол дәуір үшін қазақ қыздары арасында сирек кездесетін үлкен жетістік қана емес, кәсіби өнер кеңістігіне батыл қадам саналатын. Мәскеудегі оқу жылдары оның дүниетанымын кеңейтіп, әлемдік өнер үрдістерімен танысуына мүмкіндік берді. Ол композиция, түстану, форма мен кеңістік заңдылықтарын терең меңгеріп, көркем ойлау қабілетін жаңа деңгейге көтерді. Сонымен қатар кино өнерінің ерекшеліктерін игеру арқылы бейнелеу өнеріне өзгеше көзқарас қалыптастырды.

Еңбек жолын кино саласында бастаған Айша Ғалымбаева алғашқы күннен-ақ өзін кәсіби, талғамы жоғары суретші ретінде көрсете білді. Ол қазақ кино өнерінің қалыптасу кезеңінде маңызды рөл атқарып, «Абай әндері», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Махаббат туралы дастан», «Шабандоз қыз», «Дала қызы» сияқты фильмдердің көркемдік шешіміне үлес қосты. Бұл туындыларда ол тек костюм эскиздерін жасап қана қоймай, әр образдың тарихи және ұлттық ерекшелігін дәл жеткізуге ерекше мән берді. Кейіпкерлердің киімі, тұрмыстық заттар, сахналық кеңістік – бәрі де оның қолтаңбасымен шынайы әрі әсерлі көрініс тапты. Айша Ғарифқызы үшін кино – жай безендіру емес, ұлттық болмысты көркем тілмен жеткізудің алаңы болды. Ол қазақтың дәстүрлі киім үлгілерін, ою-өрнектерін, маталар мен әшекейлерін терең зерттеп, әр детальдің тарихи мәніне назар аударды. Соның нәтижесінде оның жасаған костюмдері тек эстетикалық тұрғыдан емес, этнографиялық дәлдігімен де құнды болды. Осы ізденістердің заңды жалғасы ретінде суретші «Қазақтың ұлттық киімдері» атты альбомын жарыққа шығарды. Бұл еңбек қазақтың дәстүрлі киім мәдениетін жүйелеп, ғылыми әрі көркем тұрғыда таныстырған маңызды туындыға айналды. Альбомда ұлттық киімдердің пішіні, өрнегі, қолданылу ерекшеліктері көркем суреттер арқылы беріліп, кейінгі зерттеушілер мен суретшілер үшін құнды дереккөзі болды.

Суретшінің шығармашылығындағы өзекті тақырып – қазақ әйелінің образы. Айша Ғалымбаева әйел бейнесін жай тұрмыстық кейіпкер ретінде емес, ұлттық рухтың, ішкі сұлулықтың, мейірім мен сабырдың символы деңгейіне көтере білді. Оның картиналарындағы әйелдер – еңбекқор, парасатты, өмірге іңкәр жандар. Олар арқылы суретші қазақ қоғамындағы әйелдің орнын, оның рухани қуатын, эстетикалық болмысын көрсетті. Суретшінің «Батыр ана», «Кестелі кимешек», «Дастарқан», «Бір кесе қымыз» сияқты туындыларында әйел бейнесі ұлттық мәдениетпен тығыз байланыста беріледі. Айша Ғалымбаева бояу арқылы тек сыртқы келбетті емес, кейіпкердің жан дүниесін, көңіл күйін, өмірге деген көзқарасын жеткізе білді.

Суретшінің шығармашылығы тек бір жанрмен шектеліп қалмады. Айша Ғалымбаева портрет, пейзаж, натюрморт, монументтік композиция сияқты бейнелеу өнерінің түрлі бағыттарында бірдей табысты еңбек етті. Әр жанрда ол өзіне тән қолтаңбасын сақтап, ұлттық мазмұнды заманауи көркемдік тәсілдермен ұштастыра білді. Оның пейзаждарында табиғаттың тынысы сезілсе, портреттерінде адам жанының тереңдігі ашылады, ал натюрморттарында қарапайым заттардың өзінен үйлесім мен сұлулық көрінеді.

Әсіресе 1960–1970 жылдар аралығы оның шығармашылық тұрғыдан кемеліне келген кезеңі саналады. Осы уақыттағы туындыларында суретшінің кәсіби шеберлігі, композициялық ойлауы мен түстік шешімдері толық қалыптасып, биік деңгейге көтерілді. Бұл кезеңде дүниеге келген шығармалар қазақ бейнелеу өнерінің алтын қорына еніп, ұлттық мәдениеттің маңызды бөлігіне айналды.

Айша Ғалымбаева тек суретші ретінде ғана емес, ұстаз ретінде де үлкен із қалдырды. Ол өз тәжірибесі мен білімін кейінгі буынға үйретіп, көптеген жас суретшінің қалыптасуына ықпал етті. Алматы көркемсурет училищесінде және жоғары оқу орындарында дәріс беріп, шәкірттеріне тек кәсіби дағдыны ғана емес, өнерге деген жауапкершілік пен ұлттық құндылықтарды құрметтеуді де үйретті.

Айша Ғалымбаеваның өнердегі ерен еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. Ол 1961 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, ал 1967 жылы Қазақстанның халық суретшісі атақтарына ие болды. Бұл марапаттар оның қазақ бейнелеу өнерін дамытуға қосқан өлшеусіз үлесінің айқын дәлелі еді. Сонымен қатар Шоқан Уәлиханов атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанып, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталуы – оның шығармашылығының биік деңгейде мойындалғанын көрсетеді.

2008 жылы 21 сәуірде Айша Ғалымбаева өмірден өтті. Алайда оның есімі мен өнері уақытпен бірге өшкен жоқ. Суретші артына мазмұны терең, көркемдік деңгейі жоғары мол мұра қалдырды. Бүгінде оның туындылары Қазақстанның ірі музейлерінде, көркем галереяларда және жеке коллекцияларда сақталып, ұлттық өнердің алтын қорын толықтырып отыр.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз