
Бұл жазбаның алғашқы бөлімі QAZAQSTAN TARIHY партолының 11 маусым күнгі шығарылымында жарияланған болатын.
Бұған дейін қазақ оқырмандарының рухани кеңістігіне толық сіңісті бола қоймаған «ғұн» тақырыбын көпшілік жылы қабылдағаны байқалады. Осы орайда, бабаларымыз көшпелі ғұндар туралы жазылған көне қытай деректеріне қатысты алдыңғы жазбаның жалғасын жариялап отырмыз.
Б.з.б. 222 жылы Ши Хуан деген билеуші Хань империясын уақытша құлатып жаңадан Цинь хандығының негізін салады. Ол ескі патшалық тұсында дара билек жүргізіп келген Чжао өлкесін ерекше мәртебесінен айырады. Бұл іс кіші билеушілер тарапынан қарсылыққа тап болады. Сөйтіп, патшалық ішінде берекесіздік өрістейді. Осы сәтті пайдаланған Түмен тәңірқұт Ордос өлкесін басып алады. Ши Хуан патша ғұндардан Ордосты қайтарып алу үшін Мэн Тянь деген қолбасшыға 300 мың әскер (кейбір деректерде 500 мың) беріп, қарсы аттандырады.
Бұл оқиғаны Сыма Цянь «патшаның ақымақ шешімі» деп жазады. Өйткені, бұл осы бір ойламсыз жасаған шешімінің салдарынан жаңадан құрылған Цинь хандығы құлап, бұрынғы Хань патшалығы қайтадан құрылады.
Б.з.б. 215 жылы атақты санғұн Мэн Тянь ғұндардан Ордосты қайтарып алу үшін қол бастап аттанады. Қытай деректерінде шайқас қалай өрбігені жайлы мәлімет жоқ, тек қытайлар Ордосты қайтарып алғаны хақында айтылады. Осылай көшпенділердің көз құртына айналған мекенді (Ордос) қайтарып алған қытайлар солтүстік шекараны бекемдеу үшін Линьтаодан (Ганьсу прованциясы Миньсянь) бастан Ляодун прованциясына дейін 4 мың шақырымға созылған Ақ қорған тұрғызу жұмысын бастайды. Адамзат тарихында ғаламның жеті кереметтің бірі ретінде белгілі бұл қорғанды қытайлар б.з.б. 212 жылы салып бітіреді.
Осыған орайлас, осы жылы (б.з.б. 212 ж) қолбасшы – санғұн Мэн Тянь патша жарлығымен Ордос өлкесіндегі Цзююань елді-мекенін Юньянмен жалғастыратын тасжол салдырады. Бұл жол патшалықты шеткі өңірмен төте байланыстыратын төтенше әскери стратегиялық маңызға ие болады.
– Жоғарыда жүргізілген территориялық қорғаныс үлгісінің арқасында деп жазады, - ежелгі заман тарихшысы Чжу-фу Янь: «Цинь хандығының билеушісі қолбасшы Мэн Тяньға жер қайысқан әскер жасақтап беріп, ғұндарға қарсы аттандырды. Нәтижесінде хандықтың иелігі 1000 лиге ұлғайып, Сары өзенге дейін жетті» депті.
Бар-жоғы оншақты жылдың ішінде жаңадан құрылған Цинь хандығын айтарлықтай күшейткен Ши-хуан патша б.з.б. 210 жылы ел аралай шығып Шаньдун прованциясының Шацю елді мекеніне келгенде ажал жетіп өледі. Оның орнына кіші баласы Ху Хай таққа отырады. Бұл адам әкесінің ісін жалғастыра алмайды. Салықты көбейтіп, бұқараның назарылығын тудырады. Ақыры Чэнь Шэн және У Ган деген нояндар және Хубэй прованциясында Сян Юй деген адам шаруаларды көтеріп патшаға қарсы атанысқа келеді.
Сөйтіп, б.з.б. 206 жылы Цинь хандығы құлайды да, Сян Юй мен Бю Бан деген екі ноян таққа таласады. Б.з.б 202 жылы Лю Бан жеңіске жетіп, бұрынғы Хань империясын қайта қалпына келтіреді. Қытайлардың осы кездегі ішкі қайшылағын пайдаланып, Түмен тәңірқұт Сары өзен алқабы мен Ордосқа басып кіреді.
– Түмен қағанның екі ұлы болған - деп жазады тарихшы Сыма Цянь. Дәстүр бойынша үлкен ұлы Мөде тақ иесі болуы тиіс-тін. Бірақ Түмен тәңірқұт тоқалынан туған кіші ұлын тақ иесі аттандырығысы келіп, үлкен ұлы Мөдені қазіргі Гансу өлкесін билеп отырған юэчжилерге аманатқа жібереді. Үлкен ұлын юэчжилердің қолымен өлтірту үшін Түмен тәңірқұт оларға ойда-жоқта кенет шабуыл жасайды. Ержүрек Мөде жаудың тұзағына түспей қашып шығып, еліне аман оралады. Әкесінің сатқындығын кешіре алмаған ол ақыры оны өлтіреді де, таққа отырады.
Билік қолына тиген Мөде дереу атқа қонып, дунхуларды тыныштандырып, юэчжилерді айдалаға қуып тастайды. Мөде қаған кезінде Ғұн ұлысының территориясы шығыста Корей тубегіне, батысы Іле-Тарбағатайға жетіп ұлан-асыр аумаққа иелік етеді. Қытай жазбаларында, Мөде кезінде ғұнның 300 мың садақшы-мергені болғаны туралы айтады.
Мемлекетін күшейткен Мөде қаған Хань елінің жаңа патшасы Лю Банға елші аттандырып, аса мол тарту-таралғы жасайды. Батыста күшейіп келе жатқан Ғұн ұлысының тебінінен жасқанған қытайдың солтүстік шептегі өлке нояндары б.з.б. 200 жылы бұқарасымен бірге Мөдеге бағынып кетіп жатады.
Кенет күшейген Ғұн ұлысының бетін қайтарып, мысын басу үшін оларға қарсы Бю Бан патша қосын бастап атанады. Қытай қосыны Байден тауында ғұндар қоршауына түсіп қалады. Ауыр күйге тап болған патша Мөдеге құпия елші аттандарып, онымен қоймай тәңірқұттың қатынына мол сыйлық жолдап, күйеуіне әсер етуін өтінеді. Қытай тарихшылары «бұл іс патшаның кеңесшісі Чэнь Пиннің ақылымен аса құпия жүргізілгендіктен дерек қалмаған» деп жазады.
Десе де Инь Шао деген шежіресі былай деп жазады: «Ақылшы Чэнь Пин асқан сұлу әйелдің суретін салып, оны Мөденің бәйбішесіне жіберіп, егер тәңірқұт соғысты тоқпатпаса біздің хан иеміз мына сұлуды сіздің күйеуіңізге сыйға бермекші, деп сәлем жолдаған еді. Бұл істен алаңдаған тәңірқұттың қатыны күйеуін соғысты тоқтауға көндірді». Кейінгі тарихшылар бұл әңгіме патша Лю Банды аса айлалы етіп көрсетіп, ғұндарды ақымақ ретінде таныту үшін ойдан шығарылған аңыз дейді.
Қысқасы қытай патшалары көшпенділердің жаулық әрекетін тойтару үшін әрқилы амал қолданады. Көне жазбаларда Лю Цзин деген сарай ақылманы патшаға: «Хан ием, сіз бәйбішеңізден туған қызыңызды қымбат жасауымен бірге Мөде қағанға беріңіз. Дүние қоңыз көшпенділер сөзсіз қабылдайды. Одан кейін сіздің қызыңыздан туған жиен бұйырса тақ иесі болуы мүмкін. Осыны іске асырыңыз. Екіншіден, оларға қажет дүние-заттарды қажет кезінде беріп, дәндетіңіз. Бұл олардың бізге соқтығуынан сақтайды. Үшінші тәсіл, сөзге шешен, тілі майда елшілерді жіберіп, олардың көңілін жібітетін амал табаңыз. Асау көшпенділерді қарумен емес осылай айламен бұғаулауға болады» деп айтқан ақылы хат бетінде қалған екен (Сыма Цянь. Хүннүгийн шастир (Ғұндар шежіресі). Ұланбатыр. 2014 ж. 29-бет).
Жоғарыдағы ақылманның айласын құп көрген Лю Бан патша басқа бір сұлу қызды өзімнің қызым деп ғұндарға ұзатып, б.з.б. 198 жылы екі мемлекетке ортақ «тату туысқандық» шарты деген келісім жасасады. Сыма Цянь бастатқан қытай тарихшылары бұл шартты «амалсыздық тәсілі» деп атапты. Осындағы «тату туысқандық» шартын Лев Гумилев «Бейбітшілік және туысқандық» шарты деп жазып, бұл қытайлардың ғұндарға «дипломатиялық тізе бүгуі» деген екен. (Хұндар Л.Н. «Қазақстан», 1998. 77-бет).
Б.з.б. 195 жылы Лю Бан патша қайтыс болады. Оның тақ мұрагері тым жас болғандықтан хандықтың билігі Люй-хоу қатынның қолына көшеді. Ол билік құрған жеті жылда сарай шенеуніктерінің ішкі бүлігі тым күрделі күйге жетеді.
Мөде тәңірқұт осы берекесіздікті пайдаланып, күллі қытай елін жұтып жіберудің қамына кіріседі. Ол үшін алғашқы қадам ретінде б.з.б. 192 жылы патшалықтың билігін меңгеріп отырған Люй-хоу қатынға үйлену туралы ұсыныс тастайды. Бұл хабарды естіген қатын патша ызалағаны сондай әуелі елшілерді дарға асуды бұйырып, дереу Мөдеге қарсы соғыс ашуға ниет етеді. Бірақ сарай ақылмандары болса оны сабырға шақырып, «жабайылардың әрекетіне мән бермеу» керек дегенді айтады.
Сөйтіп қытайдың қатын патшасы Мөде қаған ұсынысына өзінің жасы келген сары қарын бәйбіше екенін, тәңірқұтқа жар болатын ойы жоғын айтып, жоғарыдағы «тату туысқандық» шартын қатаң сақтауға шақырады.
– Бірақ, - деп жазады сол тұстағы қытай тарихшылары. – Өткен жылдары болған ғұндармен болған шайқас салдарынан қытайлар әлі есін жия алмай отырған еді. Сондықтан Мөде қағанның дөрекі қылығына сыпайлық танытудан басқа жол таппады. Ал Мөде қаған болса қытайлардың әлсіз екенін біле тұра оларға тиіспеді. Оның себебі – Мөденің бейбітшілік сүйгіштігінен емес, қайта батыс шекарада юечжилер тарапынан қауіп күшейіп, солармен алысып-жұлысуға мәжбүр болды.
Осындай өтпелі сәтті пайдаланып қалғысы келген қатын патша Бюи-хоу шекара шебінде отырып алып, бірде ғұндарға бірде патшалыққа алма-кезек ауытқып, кім үстем шықса соның сойыл соғуға даяр тұратын әскербасылардың десін басып, сазайын тарттырады. Кейбір бағынуға көнбеген нояндар корей түбегіне қашып жан сауғалайды. Хань елінің жыртығын жамап, жоғын бүтіндеймін деп жан таласқан Люй-хоу қатын б.з.б. 176 жылдар шамасында дүниеден өтеді де, оның орына Вэнь-ди таққа отырады.
Бұл патша б.з.б. 177 жылы Ғұн ұлысының батыс шебін өзіне қарату үшін 85 мың сарбаз аттандырады. Бұл қытайлардың б.з.б. 200 жылы Байдэн тауында жеңілгеннен кейінгі алғашқы жорығы еді. Сарбаздардың жігерін шыңдау үшін бұл жорыққа ханның өзі бірге аттанады. Кенеттен төніп келген қытай әскерін көрген ғұндар бетпе-бет соғыспай бұлтару тәсілін қолданып, жүре шайқас салады. Бірақ патшаға артқы жақта Цзи бэй деген ван көтеріліс жасап бүлік бастады деген хабар жетіп, патша амалсыз қолын кері шегіндіреді.
Сол екі арада Вэнь-ди патшаға екі еларалық «тату туысқандық» шартын бұзбау жайлы Мөде тәңірқұттың хаты келеді. Хатты алған патша сарай ұлықтарын шақырып ақылдасады. Орда ақылмандары айтады: «Тәңірқұт жуықта юэчжиларды жеңіп, рухы асқақ күйде отыр. Сол себепті, оған дәл қазір соқтығу қатерлі. Сол себепті олардың шартын қабыл алған жөн» дейді.
Патша сарай ақылмандарының шешімін мақұл көріп, «тату туысқандық» шартын қолдайтынын және тәңірқұт Мөдені өзінің туғанындай қадірлейтінін жеткізеді. Сол дәуір тарихышылары бұл оқиғаны «ғұндардың жеңісі» деп бағалапты.
Б.з.б. 157 жылы Вэнь-ди патша қайтыс болады. Оның тағына баласы Цзин-ди отырады. Бұл кісі билік құрған тұста қытай елінде «жеті нояның көтерілісі» деген оқиға орын алады. Осындай ішкі бүлік кезінде көрші ғұндар шабуылынан қорғану үшін Цзин-ди патша тәңірқұтқа елдегі сұлу бикені сыйлап, оған қоса аста-төк дүние-мүлік береді. Осының арқасында азғана уақыт болса да қытайлар ғұн шабуылынан алаңсыз болған сыңайлы.
Б.з.б. 140 жылы У-ди хан тағына отырады. Бұл адамның кезінде қытай елінің жағдайы күрт өзгеріске ұшырады. Ең әуелі жоғарыдағы «жеті ноян көтерілісін» түбірімен талқандап, ел ішіне тыныштық орнатады. Халықтың жағдайын жақсартады. Хандықтың қарны тойып, қуаты артады. Одан кейін қытай жұртының өмір бойы бас ауруына айналған ғұндар мәселесіне қайырылады.
Бұл мәселе бойынша б.з.б. 133 жылы У-ди пташа жиын ашады. Сарай шенеуніктері «ғұн мәселесінде» екіге жарылады. Көп бөлігі ғұндармен соғысуды қаламайды. Олардың көлденең тартқан дәлелі – ғұндар басып алған өлке егін егуге жарамсыз, пайдасы шамалы, ол үшін шайқасып қажеті жоқ десе, Ван Хуй бастатқан ақылмандар бұл пікірге қарсы шығады. Олардың дәлелі – ғұндар «тату туысқандық» шартын ұстанбай опасыздық танытуда. Әсіресе, ғұндармен шекарадағы халық олардың опасыздығынан орасон зор зардап шегіп отыр. Қызық болғанда У-ди патша көпшіліктің емес, азшылық өкілі Ван Хуйдың пікірін қолдайды.
Сөйтіп, шекаралық өңірге ғұндарды арандатып шақырып, тұзаққа түсіріп, жойып жіберу керек деген шешім қабылданады. Осы жоспар бойынша, шекара маңында орналасқан Май шаһарының тұрғыны аса бай саудагер Не И тәңірқұтты құттықтай барып, «Мен Май шаһарының қалабасы мен көмекшісінің көзін жойып, қаланың қақпасын ашып беретін боламын. Бар байлық сізге бұйырады» дейді (Сыма Цянь. Хүннүгийн шастир (Ғұндар шежіресі). Ұланбатыр. 2014 ж. 32-бет).
Бұл сөзге иланған тәңірқұт б.з.б. 133 жылы 100 мың атты жасағын бастап шабуылға өтеді. Оларды қытайдың 300 мың әскері қала маңында жасырын күтіп жатады. Бірақ оқиға басқаша өрбиді. Ғұндардың қолына түскен қытайдың онбасы жанын сақтау үшін У-ди хан құрған тұзақты айтып қояды. Ғұндар дереу аттың басын бұрып кері қайтады. Зор мүмкіндіктен айырылған У-ди хан ақылман – қолбасшы әрі бұл істі жоспарлаушы Ван Хуйды жазаға тартады.
У-ди патша кезінде Хань патшалығы мен Ғұн ұлысы арасында шинеліскен жағдай орнайды. Ғұндар мал жайылымына қолайлы Ордос аймағынан айырылмауды мақсат тұтса, қытайлар ғұндарды ығыстыруды жөн көреді.
Ордос үшін шайқас б.з.б. 129 жылы басталды. Әрқайсысы 10 мың адамдық Хань патшалығының төрт атты қосыны ғұндарға қарсы аттанды. Бірақ нәтиже шығара алмады. Қайта жайын жатқан ғұндарды өшіктіріп алды. Екінші зор майдан б.з.б. 127 жылы болды. Осы жорықта қытайлар 80 жыл бұрын айырылған Ордосты қайтарып алады. Бұл өлкеге иелік етіп отырған Ғұн ұлысының «байян» және «лоуфань» тайпалары жерін тастап, батысқа қарай ығысты. Қытайлар азат етілген Ордосты игеру үшін 100 мың диханшы бұқара қоныстандырды. Оларға патша қазынасынан егін егуге қажет құрал-сайман, ат-көлік берілді.
Б.з.б. 87 жылы У-ди патша қайтыс болады. Оның «ғұндарды бас идірем» деген ұзақ жылғы жорығы орындалмай қалады. Қытайлардың бұл мақсаты Сюань-ди патшаның тұсында жүзеге асты. Оның өзінде қытайлардың күштілігінен емес, ғұндардың өзара таққа таласқан берекесіздігінің арқасында орындалды.