Ұлттық баспасөз күні: өткен мен болашақ сабақтастығы

02.02.2026
6449
Ұлттық баспасөз күні: өткен мен болашақ сабақтастығы - e-history.kz

2-ақпан «Қазақ» газетінің алғашқы саны шыққан күн.  Бұл күнді атап өтудің мәні  қазақ баспасөзінің қандай тарихи жағдайда пайда болып, қандай функция атқарғанын және бүгінгі қоғам үшін нені білдіретінін байыппен таразылауда болары анық.

Қазақ ұлттық баспасөзі ХІХ ғасырдың екінші жартысында қалыптаса бастады. 1870 жылдан бастап Омбыда, кейін Орынборда жарық көрген «Дала уәлаятының газеті» – қазақ тіліндегі алғашқы ресми басылымдардың бірі атанды. Әлихан Бөкейхан тілшілік қызметін осы басылымнан студент кезінде бастады. Ол патша әкімшілігінің органы болғанымен, қазақ оқырманы үшін жазба мәдениетке, қоғамдық ойға, публицистикалық тілге жол ашты. Газет бетінде шаруашылық, оқу-ағарту, әдет-ғұрып, құқық мәселелері көтеріліп, қазақ қоғамында жаңа ақпараттық кеңістік қалыптаса бастады.

ХХ ғасыр басында қазақ баспасөзі жаңа сапалық кезеңге өтті. 1911–1915 жылдары шыққан «Айқап» журналы қоғамдық-саяси, мәдени және әлеуметтік мәселелерді жүйелі түрде талқылаған тұңғыш ұлттық басылымдардың бірі болды. Журнал бетінде жер мәселесі, оқу-ағарту, әйел теңдігі, отырықшылық пен көшпелі өмірдің болашағы сияқты тақырыптар қозғалды. «Айқап» – пікір алуандығына мүмкіндік берген, қазақ қоғамындағы ішкі қайшылықтарды ашық көрсеткен алаң болды. 1913–1918 жылдары жарық көрген «Қазақ» газеті ұлттық баспасөздің мазмұндық және идеялық деңгейін жаңа биікке көтерді. Газет Алаш қозғалысының саяси мінберіне айналып, ұлттық автономия, жер тұтастығы, тіл, білім, басқару жүйесі сияқты стратегиялық мәселелерді көтерді. Ахмет Байтұрсынұлының редакторлық қызметі қазақ публицистикасында дәлдікке, логикаға, жауапкершілікке негізделген жаңа стиль қалыптастырды. Газеттің алғашқы санында Ахмет жұртқа газеттің қызметін жан-жақты таныстыра отырып, «1909 жылғы санаққа қарағанда, Америкада шығатын газета һәм журналдың есімі –  12 435, Франсияда – 8940, Германияда – 8000, Италияда – 3120, Русияда – 2058 екен. Ең білімді һәм һөнерлі халық Америка, сол Америкада газета мен журнал бәрінен де көп. Америкада «Сон» деген газетаның үйі 23 қабат, биіктігі 61 сажен. Ондай үйдің бағасы әлденеше миллион боларға керек. Неге десең, ол үй тұрған қалада үй орнының жері ғана 2-3 миллион сом тұрады. Газетаны жұрт керек қылмаса, миллион­­дап капитал ол үшін жұмсамас еді. Осылардың бәрі де газета керек нәрсе екендігін көр­сетеді. 1907 жылғы санаққа қарасақ, Русияда сол жылы 2173 есімді газета һәм журналдар шыққан екен. Оның 1396-сы орыс тілінде, 867-сі басқа тілде. Сол 867-нің ішінде біздің татар қандастарымыздың 30 шамалы газета, журналдары болды. Бізде біреу де болмады», деп күйінішін білдіріп, газеттің алдағы функцияларын атап өтеді.  «Қазақ» газеті ұлттың өзін-өзі тану процесіне тікелей ықпал еткен ақпараттық институт болды. Кеңес дәуірінде қазақ баспасөзі мемлекеттік идеологияның бір бөлігіне айналды. Газеттер мен журналдар арқылы жаңа әлеуметтік модель насихатталды, ал ұлттық тарих пен дәстүр көбіне идеологиялық сүзгіден өтті. Соған қарамастан, баспасөз тілі, әдеби норма, қоғамдық талдау мәдениеті осы кезеңде қалыптасып, кәсіби журналистика мектебі орнықты.

Тәуелсіздік жылдарында ұлттық басылымдар жаңа жағдайда жұмыс істей бастады.  Нарықтық қысым, қаржылық тәуелділік, цифрлық медианың үстемдігі сияқты факторлар алдыңғы қатарға шықты. Қазіргі ұлттық басылым үшін басты мәселе – жылдамдық пен тереңдіктің, ақпарат пен талдаудың арасындағы тепе-теңдікті сақтау.

Ұлттық баспасөздің негізгі міндеті өзгерген жоқ. Ол қоғамдағы маңызды процестерді тіркеу, түсіндіру және бағалау ретінде қызмет етеді. Ұлттық басылым тарихи жадыны сақтайтын дереккөз ретінде де, қазіргі қоғамдық пікірді қалыптастыратын құрал ретінде де жауапкершілік арқалайды.

2000-жылдардан бастап ақпараттық кеңістікте жаңа сын-қатерлер пайда болды. Интернет пен әлеуметтік желілердің дамуы классикалық газеттің ақпарат таратушы ретіндегі монополиясын әлсіретті. Оқырман жылдам жаңалыққа үйренді, ал баспа басылымдары көбіне кешеуілдеген ақпарат көзі ретінде қабылдана бастады. Бұл жағдай ұлттық басылымды өзінің негізгі артықшылығын терең талдау мен сапалы сараптаманы қайта ойластыруға мәжбүр етті.

Бүгінгі басты мәселе – ұлттық газеттерді цифрландыруды формалды көшіру емес, мазмұндық трансформация ретінде жүзеге асыру. Газетті PDF күйінде сайтқа салу немесе әлеуметтік желіде сілтеме таратумен шектелу цифрландыру болып саналмайды. Мұндай тәсіл баспасөзді жаңа ортаға бейімдемейді, тек бұрынғы модельді цифрлық кеңістікке механикалық түрде көшірумен шектеледі. Ал цифрлық журналистика оқырманмен өзара әрекетке, дерекпен жұмыс істеуге, визуалды және аудиоформаттарды ұштастыруға негізделуі тиіс.

Қазіргі ұлттық басылым мультимедиалық форматты, дерекке негізделген журналистиканы, аналитикалық ұзақ мәтін мен қысқа цифрлық контенттің тепе-теңдігін қатар дамытуды қажет етеді. Терең сараптама ұлттық баспасөздің басты артықшылығы болып қалуға тиіс, ал цифрлық құралдар сол мазмұнды жаңа аудиторияға жеткізудің ғана тәсілі ретінде қызмет етуі керек. 

Сонымен бірге кадр мәселесі де өзекті. Тәжірибелі журналистердің тарихи ойлау қабілеті мен жас буынның техникалық дағдылары бір ортада тоғыспайынша, ұлттық басылым толыққанды жаңара алмайды. Сондықтан журналисті тек жаңалық жазушы емес, зерттеуші, талдаушы, контент продюсері деңгейінде қалыптастыру маңызды болып саналады. Бір адам бірнеше функцияны қатар атқару Алаш қайраткерлерінің де дәстүрінде болды. Мысалы, А.Байтұрсынұлы газеттің шығарушы редакторы, әрі тілшісі, әрі маркетингке жауапты маман, бүгінгі күнмен айтқанда контент продюсер де болды. 

Ұлттық газеттердің болашағы технологияда емес, мазмұн сапасында, кәсіби жауапкершілікте және тарихи сабақтастықты сақтай отырып жаңара алу қабілетінде. Осы талаптар орындалған жағдайда ғана ұлттық баспасөз қоғамдық өмірдегі өз орнын сақтап қалады әрі жаңа кезеңге бейімделе алады.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз