Семей полигоны – ұлт жадынан өшпейтін қасірет

25.02.2026
626
Семей полигоны – ұлт жадынан өшпейтін қасірет - e-history.kz

Семей ядролық полигоны – ХХ ғасырдағы ең ауыр экологиялық әрі гуманитарлық апаттардың бірі. Бұл тақырып қаншама зерттеліп, жазылып, айтылғанымен, оның зардабы мен тарихи сабақтары ұмытылмауы тиіс. Полигон тағдыры тек бір аймақтың емес, бүкіл адамзаттың қауіпсіздігі мәселесіне айналды. «Тарих söile» YouTube жобасындақонаақта болған тарих ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовпен болған сұхбатымызда адамзат жадынан ешқашан өшпейтін осы бір қасіретті қайта еске түсірдік. 

Полигонның құрылуы және сынақтардың басталуы

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әлемде екі жүйенің текетіресі күшейіп, ядролық қару әскери-саяси үстемдіктің басты құралына айналды. Кеңес Одағы атом және сутегі бомбасын жасауға жедел кірісіп, 1949 жылы алғашқы ядролық сынақты өткізді. Кейінгі сынақтардың негізгі бөлігі Семей полигонында жүзеге асырылды.

Полигонға қазіргі Абай облысы аумағынан 18,5 мың шаршы шақырым жер бөлінді. Бұл аумақ Абралы, Қарқаралы, Баянауыл, Май аудандарының шекараларына дейін созылды. Аймақты таңдауда бірнеше фактор ескерілді: халықтың сирек орналасуы, негізінен қазақтар тұруы, геологиялық ерекшеліктері және полигонды басқаруға арналған Курчатов қаласын салуға қолайлылығы.

1953 жылғы сутегі бомбасының сынағы ерекше қауіпті болды. Оның нәтижесін ғалымдардың өзі толық болжай алмады. Сол себепті полигон аумағындағы совхоздар таратылып, халық күштеп көшірілді. Кейбір сауатты тұрғындар эпицентр маңында қалдырылып, жарылыс салдарын тіркеуге міндеттелді.

Жарылыстардың күнделікті өмірге әсері

1953–1963 жылдары жүздеген ядролық жарылыс жасалды. Полигонға жақын ауылдардың тұрғындары жарылыстарды көзбен көріп, жердің дірілін сезіп отырды. Жарылыс алдында әскерилер мектептер мен колхоз басшыларына құпия нұсқаулар беріп, адамдарды ғимараттан шығарып, жерге жатқызуды, малды қораға қамауды талап ететін.

Жарқ еткен жарық күн сәулесінен де күшті болып, бірнеше секундтан соң жер сілкінісіне ұқсас дүмпу сезілетін. Кейін әскери құрылысшылар бүлінген үйлерді дереу жөндеп кететін.

Радиация деңгейі туралы жергілікті халыққа ақпарат берілмеді. Өлшеу құралдары тек әскери құрылымдардың қолында болды. 

Құпия зерттеулер мен жабық саясат

Полигон аймағында арнайы медициналық мекемелер құрылып, жарылыстан кейін жергілікті тұрғындарды тексеру жүргізілді. Алайда бұл емдеу емес, зерттеу сипатында болды. Жиналған материалдар Мәскеуге жіберіліп отырды.

Қазақстандық ғалымдар полигонның зияны туралы ғылыми қорытындылар ұсынғанымен, орталық билік оларды мойындамады.

Радиация зардаптары: денсаулық пен демографияға әсері

Полигон маңындағы ауылдарда онкологиялық аурулар, қан аурулары, туа біткен кемістіктер жиі тіркелді. Генетикалық әсердің ұзақ мерзімді сипаты салдарынан оның қай ұрпақта көрінетіні белгісіз.

Кейбір елді мекендерде суицид деңгейінің жоғары болуы да тіркелген. Бұл құбылыстың радиацияның жүйке жүйесіне әсерімен байланысы жөнінде болжамдар бар.

Халықтың үнін оятқан қозғалыс

1989 жылғы 28 ақпанда Олжас Сүлейменов бастамасымен «Невада – Семей» қозғалысы құрылды. Бұл Қазақстан тарихындағы алғашқы тіркелген қоғамдық ұйымдардың бірі болды.

Қозғалыс қысқа уақыт ішінде халықтық сипат алып, халықаралық деңгейге көтерілді. Оның мақсаты тек Семей полигонын жабу емес, бүкіл әлемде ядролық сынақтарға қарсы қозғалыс қалыптастыру еді.

Қозғалыс халықтың бірігіп әрекет ету арқылы билікке ықпал ете алатынын көрсетті. Ұлттық сана мен азаматтық белсенділік жаңа деңгейге көтерілді.

Полигонның жабылуы және халықаралық ықпал

Халықтық қысым мен қоғамдық қозғалыстың нәтижесінде Семей полигоны жабылды. Егер қозғалыс болмағанда, полигонның жалға берілуі немесе жұмысының жалғасуы мүмкін еді.

Қазақстан ядролық қарудан бас тартып, бейбіт саясат ұстанатынын жариялады. Бұл шешім халықаралық қауымдастықтың сенімін арттырды.

БҰҰ 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күн деп жариялады. Бұл бастама Қазақстанның моральдық жауапкершілігін әлем мойындағанын көрсетті.

Хиросима – Семей: халықаралық ынтымақтастық

Жапония халқы ядролық қасіретті бастан өткерген ел ретінде Қазақстанмен тығыз байланыс орнатты. Ғылыми зерттеулер, медициналық көмек және халықаралық конференциялар арқылы тәжірибе алмасу жүргізілді. Бұл байланыс радиология мен медицина ғылымының дамуына ықпал етті.

Ұмытылмауы тиіс тарихи сабақ

Полигон аумағында ғылыми зерттеулер әлі де жалғасуда. Топырақ, су, радиация деңгейі, адам денсаулығына әсері жан-жақты зерттеліп келеді. Қазақстан ғалымдарының тәжірибесі әлем үшін маңызды. Семей полигоны – адамзатқа ескерту. Оның басты сабағы – ядролық қарудың қауіптілігі мен бейбітшіліктің құндылығы.

Полигон қасіреті халық жадында мәңгі сақталуы тиіс. Ашаршылық, қуғын-сүргін, соғыс трагедияларымен қатар, ядролық сынақ зардабы да ұлттық жадының бір бөлігі.

Бұл тақырыпты көтерудің мақсаты – өткенді қайталамау, болашақ ұрпақтың амандығын сақтау және бейбіт әлем құру. Азаматтық белсенділік, қоғамдық жауапкершілік және бейбітшілікке ұмтылыс – Семей полигоны тарихынан алынатын ең маңызды қорытынды.

Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?
Жоғары
Орташа
Қанағаттанарлықсыз