Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Байырғы қазақ билерінің дау шешуі

2575
Байырғы қазақ билерінің дау шешуі - e-history.kz

Байырғы қазақ билерінің дау шешу ісіне куә болған еуропалық һәм саяхатшы Адольф Янушкевич өзінің күнделік жазбасында: «...өзім ойға қалдым. Осының бәрін әлем жабайы санайтын халықтың  ортасында өз құлағыммен тыңдадым ғой! Бұдан бірнеше күн бұрын өзара жауласқан екі партияның арасындағы қақтығыстың куәсі болған едім. 

Сонда Демосфен мен Цицероннен  асқан шешендерге  таң қалып, қол соқтым... Сонда бұлар жабайылар болғаны ма? Жо-жоқ! Имандай сырым! Тәңірім бойына осынша қабілет дарытқан ұрпақтың рухы бүкіл қазақ даласына жарқырап сәуле шашатын болады. Өзіне жоғарыдан қарайтын  халықтар арасынан бұл көшпенділердің де құрметті  орын алатын кезі келеді…», - деп жазған екен (А.Янушкевич. «Күнделіктер мен хаттар» 83-85 беттер).

Осы орайда, жоғарыда поляк ақыны айтқандай, байырғы заманда қазақ билері ел арасындағы дау-шарды қалай шешкені жайлы бізге жеткен бірнеше мысалға тоқталайық:

Бірінші мысал. Ертеректе Орта жүздің бір адамын барымта үстінде Ұлы жүздің жігіттері өлтіріп алып, теңдік бермей (мойындамай), құн төлемей кетеді. Осыған байланысты Орта жүзден төрт адам теңдік сұрай Төле бидің алдына келеді. Төле би түнеріп отырады.

Дау қуып келген төртеудің біріншісін тыңдап, оң қолын, екіншісін тыңдап сол қолын созады, үшінші адам сөйлегенде үстіңгі ернін, төртінші даугер сөйлегенде астыңғы ернін созады. Сөйтіп, төрт даугер Төле биден бір ауыз сөз ала алмай еліне қайтып келіп, айдабол Едіге биге жүгінеді. Мән-жайға қаныққан Едге би:

Төле би сендерді тыңдап төртеуіңе де жауап берген екен, сендер ұқпаған екенсіңдер. Алдыңғы екеуіңе екі қолын созғаны, – «Ұзын сойыл, ұрда-жық екенсіңдер» дегені, кейінгі екеуіңе ернін созғаны, «екі ортаға өсек тасып, ас ішерлік екенсіңдер» дегені, Төле би сендерді алымсынбапты,  – деп дау шешуге Едіге би өзі аттаныпты. 

Едіге биді көрген Төле  сәлемнен соң: «Алмасыңа мойным бар, асылыңа қойным бар»,- дейді де жүріп кетеді. Едіге би: «Мойын бұрыңыз Төле»,- дейді. Төле мойын бұрып: «Жарлық сізден, жабдық бізден»,- дейді. Едіге би: «Осымен дау бітті, ертең Ұлы жүз айыбын жуып жасаулы қыз беретін болды»,- деп атының басын бұрып, ол да жүріп кетеді. 

Айтқандай, ертеңінде Ұлы жүз алты арыс арғынға түйе бастатқан бас тоғыз, дау иесі дөртуылға ат бастатқан бір тоғыз, даудың бітімі үшін жасаулы қыз беріп қайтарыпты (Қанапия Омарханов. Дәстүрлі құқықтағы билер соты. Алматы. 2008 ж. 132-б).

Екінші мысал. Бірде атақты Әлібек бидің алдына екі адам келеді. Бірі – саудагер, екіншісі – жай шаруа. Арасында бір тайлақ түйе. Соған таласып жүр. Шаруа айтады: бұл тайлақ менікі, түйем туарында бошалап кетіп, таптырмады. Артынан түйемді таптым, ботасы жоқ, содан бері өткен-кеткен керуендерді шолып қарап жүрмін. Мына кісі ұрлапты, - дейді.

Саудагер айтады: -Биеке інгеннің ішіндегі ботаны көрмей-білмей менікі деген адамға қалай сенесіз, бұл тайлақ менікі,- дейді. Би айтады:

-Тайлақтың енесі бар ма? Шаруа адам:

-Бар,- дейді. Би айтады:

- Енесін осында алып келіңдер де, тайлақтың санына қылбұрау салыңдыр!

Тайлаққа құлбұрау салынады. Оның шыңғырған дауысына шыдай алмаған енесі бұйдасын үзіп, шауып келіп, үстіне шөке түседі. Оқиғаны барлап тұрған Әлібек би: - Уа, халайық, тайлақ кімдікі екені түсінікті болды ма? - деп сұрайды. Көпшілік бір ауыздан «тайлақ шаруанікі екен»,- дейді. Саудагер болса, айыбын мойындап беті күйіп шарық болады (Үш пайғамбар. Алматы: Дәуір. 1994 ж. 33-35 бб).

 

Үшінші мысал. Бір күні билердің алдына жасы ұлғайған кемпір мен шал келеді. Қасында жетектеп алған бойжеткен қызы бар. Оның аяғы ауыр жүкті екен. Ата-анасының айтуына қарағанда, қыздарын бір азамат зорлап, осындай жағдайға душар болған. Дауды тыңдап отырған Тайкелтір би қызға зорлық жасады делінген жігітті шақыртып алып, қыз екеуін ортаға шығарды. Жігіттің қолына қылыш, қыздың қолына қылыштың қынабын ұстатады. Орта да тұрған жігітке айтады:

Саған сүт пісірім уақыт берем. Қолыңдағы қылышты ана қыздың қолында тұрған қынапқа сал! Егер сала алмасаң қызды зорлағаның үшін тасборан жасатамын!

Қызға айтады:

Саған да сүт пісірім уақыт берем, қолыңдағы қынға жігіттің қылышын салдыр ма, егер салдырсаң, қарабет қылып, сиырға теріс мінгізем, - дейді.

Сөйтіп, тайталас басталады. Жігіт қанша күш салса да, қылышты қыздың қолындағы қынапқа сала алмайды. Уақыт бітіп, арпалыс тоқтайды. Би қызға айтады:

Ей, шырағым, мына жігіт қанша жанталасса да, қылышты қынапқа сала алмады, сенде жігітті жолатпайтындай күш-қуатың бар екен ғой. Демек, өткен іс сенің өз ықтиярыңмен болған екен мойында, - дейді. Қыз айтады: «Биеке, бұл сөз байласқан жігітім еді, қазір көңілі басқаға кетіп жүр, сол себепті...»

Мән-жайды түсінген би дереу молданы алдырып, екі жастың некесін қиып, батасын беріп қоя беріпті (Н.Төреқұлов. М.Қозыбаев. Қазақтың би-шешендері. 1993. 349-351 бб).

Төртінші мысал. Сүйіндік Торайғыр биге бір кейуана келіп, мейманасы асқан ауылдың байы шалы Бұзаубайға ит қосып талатқаны жайлы шағым айтады. Торайғыр би әумесер байды шақыртып алып:

Бұзаубайдың  екі аяғы – екі ту бие,

Оң қолы – атан түйе,

Бұзаулы сиыр – ит қосқан айыбың,

Осыларды тез бәйбішеге табыс қыл, 

Шал өлсе құнын төлетем,

Сен сияқты асау байды,

Шарғы салып үйретем, - депті (Н.Дулатбеков. ҚР Мемлекет және құқық тарихынан хрестоматия. Қарағанды. 1994 ж. 46-б).

 

Бесінші мысал. Ертеректе Аякөз-Ақшоқы маңында өмір сүрген Тоғайрық атты би болыпты.  Бұл Абылайдың алдын көрген, ескі билерден үлгі алған қадірлі тұлға екен. Осы кісінің туған інісі Молдақожа дейтін озбырлау пенде бірде өздеріне аталас көрші рудың түйесін олжалап әкетеді. Тегі ағасы би, руы өскен-өнген атаның балалары соны бедел тұтса керек. Түйенің иесі малының ізін індете қуып, дәл тауып келеді. Келген бетте: – Оу, ағайын, менің жоғалған түйемнің ізі осында келіп тірелді. Тез тауып беріңдер, – дейді. Барымташы айтады: – Түйеңді алмақ түгел көргеніміз жоқ, айғағың болса мойныма сал, болмаса антыңды ал, – деп жалтарады.

Түйенің иесі де қайтпайтын адам екен, «түйемді бер, бермесең биге барып жүгінеміз, соның алдында анттасамыз», - деп қоймапты. Тығырыққа тірелген Молдакең:

– Кімге жүгінеміз, қайсы биге барамыз? - десе, мал иесі:

– Сенің туған ағаң Тоғайрыққа жүгінеміз, – дейді.

– Ол менің ағам ғой…

– Тоқаң би не десе мен соған ризамын.

– Олай болса, бүгін осында қонақ болып, бір малыңызды жеңіз, ертең ертерек бидің алдына барармыз…

  Сөз осымен тәмам. Ертеңгі күні бидің алдына барып соттасқалы отырған екі тарап бір тоқтының басын мүжіп, батасын жасап жайланып қонақ болып, отырысады (бұндай сыйластық дәстүрді қазақтан басқа халықтан іздеп таппаған болар едіңіз).

  Молдақожа қонақтарын жайғастырып тастап, кешкі алакөлеңкеде атына міне шауып бір, белдің астында отырған ағасының ауылына келеді. Тоқаң бидің жасы сексенге тақаған, бойының қуаты кеміген кезі екен, төсегінде жантайып жатқан бойы, інісіне:

– Түнделетіп неғып жүрсің? – дейді. Інісі:

– Бір даукес шал түйесін жоғалтқан екен, онысын менен көріп отыр. Таңертең сіздің алдыңызға келіп, жүгініп анттаспақпыз, – дейді.

– Сен түйесін алған ба едің?

– Алған жоқпын…

– Әй, қайдам қара болмасаң қараңғыда келмес едің ғой…
         Осы сөзді айтады да Тоқаң би аунап түсіп жатып қалады. Аздан соң пысылдап ұйықтап кетеді. Ағасынан нақты жауап болмағаннан кейін отыра бермей, барымташы да үйіне қайтады.

Таң атады. Даугер шал мен барымташы шайларын ішіп, батасын жасап «биссимиллаһ» деп атқа қонады. Бидің үйіне келіп түседі. Келген бетте түйенің иесі шешен адам екен тізесін бүкпей тұрып сарнай жөнеледі.

– Ей, Тоқа, біле білсең бір атаның баласымыз, Құдай сіздерді артық жаратты, бізді ауызыңызға қаратты. Көптің де барар жері бір – қара көр, аздың да барар жері ақыры сол. Әділ болған адамға Алланың кеңшілігі мол. Ей, Тоқа алдыңда алты қадам көр тұр, алты қарыс бөз тұр. Мәңкүр-Нәңкүр сұрау бар, жауап таппай жылау бар… – деп даугер шал сөз бастаған екен. Тоқаң оның сөзін аяғына дейін тыңдауға дәті жетпей «аһ, үһ» деп жылай жөнеліпті. Онымен қоймай інісіне қарап: «Қарағым, мынау адам сен кеше айтқандай даукес шал емес қой, түйесі қайда еді, тез тауып әкел!»,- деген екен (Құрбанғали Халид. Тауарих хамса).

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?