Ұлы Даланың жылқышылық тарихы бүгінгі күні қалыптасып қалған көшпелі мал шаруашылығы туралы тұжырымдарды жоққа шығарады. Соңғы археологиялық жаңалықтар көшпелі мал шаруашылығының бастауларын тарихтың көне қойнауларынан іздестіруге мүмкіндік береді.
Қазіргі замандағы зерттеушілердің бірі В.И.Бибикова, өзінің Солтүстік Каспий аймағынлдағы археологиялық зерттеулерін қорытындылай отырып, неолит кезеңін көшпелі мал шаруашылығына өту кезеңі деп атайды /б.з.б. IV мыңжылдық делінген (Бибикова В.И. Фауна Дереивки и ее особенности //Новейшие открытия советских археологов. - Киев, 1975. - Ч.1, 110 б.). Н.Я. Мерперт өзінің бір қызықты зерттеуінде еуразиялық көшпеліліктік бастауын б.з.б. ІІІ мыңжылдықпен байланыстырды (Мерперт Н.Я. Древнейшие скотоводы Волжско-Уральского междуречья. - М., 1974., 211 б).
Бұдан да бұрын А.Тойнби, көшпелі мал шаруашылығының пайда болуын б.з.б. ІУ-ІІІ мыңжылдықтармен байланыстырып, ғылыми ортаға осындай ұсыныспен шығып еді (Тойнби А. Постижение истории /Пер. с англ. и сост. Огурцов А.П., Вступит. статья Умоловой В.И., закл. статья Рашковского Е.Б. - М., 1991., 404 б.). Алайда, А. Тойнби көшпелі мал шаруашылығын өркениеттің егіншілік сатысынан алып шығады. Түркістан аймағында жүргізілген кейбір зерттеулерге /Пумрелли/ сүйене отырып, ол егіншілік шаруашылығын ұйымдастыру малды қолға үйретудің алдында болды, сол тәжірибе бақташылық-номадтық өркениеттің қалыптасуына жол ашты деді. Оның пікірінше доместикация өнері, яғни малды қолға үйрету аңшыдан көрі егіншіге тән қасиет. Ғалымның «жануарларды доместикациялау – өсімдікті доместикациялаудан көрі қиындау, себебі ол адам ақылы мен жігерінің бағыныштылықты көтермейтін материалды жеңген жемісі. Басқаша айтқанда, бақташы – егіншіге қарағанда анағұрлым айлалы болуы керек» дегені пікірі назар аударады (185 б.).
Жылқышылықтың пайда болу тарихы туралы Д. Бентлидің «б.з.б. 4300 жылдары адамдар алғаш рет жылқыны үйретті, ал б.з.б. 4000 жылдары олар өзінің аттарына салт міне бастады» деген батыл пікірі де көңіл аударарлық.
С.П.Толстов көшпелілердің Орта Азиялық қалалық мәдениеттің қалыптасуында қомақты қызмет атқарғанына назар аударады: «Тек көшпелі малшылар мен егіншілер арасындағы «алғашқы елеулі еңбек бөлінісін» ескеріп қана, ежелгі Орта Азия экономикасының негізгі екі бағыты -далалық мал шаруашылығы мен оазистердегі егін шаруашылығының ортасында пайда болған және дамыған ортаазиялық қалалардың сол байланыс арқылы гүлденгенін түсінуге болады», - дейді автор (Толстов С.П. По следам древнехорезмийской цивилизации. - М.-Л., 1948, 275 б.).
Ежелден Орталық Азия тұрғындары бір жағынан отырықшы егін шаруашылығымен, екніші жағынан- көшпелі мал шаруашылығымен байланысты. Бақташылық ежелгі кезеңнің мәдени-шаруашылық кешенінің маңызды құрама элементі болып табылады. Ұлы даланың бірталай ескерткіштерін зерттеумен байланысты археология ғылымында «жылқыны қолға үйретудің Оңтүстік-Шығыс Еуропада, Еділ бойында және Қазақстанның далалық өңірінде бір жағдайда, немесе бір уақытта іске асқаны туралы» көптеген ойлар айтылды. Ғалымдар ежелгі жылқы шаруашылығы тараған аймақтарға қатысты Еуразия даласының неолиттік-энеолиттік кезеңінің ескерткіштерінің бір ерекшелігіне назар аударады. Мысалы неолит дәуіріндегі Дереивка қонысында жылқының қалдық сүйектері барлық сүйектердің 60% құраса, Репин-Хутор қонысында- 80%, ал Ботайда жылқы малының сүйектері -99,9% құрайды.
«Ботайда жалпы 100 мыңнан астам жылқының сүйегі табылды», - дейді зерттеуші В.Ф. Зайберт (Зайберт В.Ф. Энеолит Урало-Иртышского междуречья. - Петропавловск, 1993., 198 б.). В.И. Бибикова Оңтүстік-Шығыс Еуропада жылқы шаруашылығының ерте кезеңдегі дамуын екі кеңістікке бөледі: батыс және шығыс. Соңғы ареалда жылқы сүйектері көбірек кездеседі, осыған қарағанда жылқы ертерек қолға үйретілген шығыс аймақтардан жылқышылар басқа шаруашалық түрлерімен айналысқан көрші территорияларға ара-кідік өтіп отырған деп болжам жасауға болады...» (42-43 б.).
Оқи отырыңыз: Қазақ тарихының алғашқы қадамдары
Неолиттік-энеолиттік қоныстардағы сүйек қалдықтарын зерттеумен айналысқан авторлар /В.И.Цалкин, В.И.Бибикова, Н.М.Ермолова, Л.А.Маркова, Т.Н.Нурумов/, Еуропаның оңтүстік-шығыс бөлігі, сонымен қатар Қазақстанның жазық далалық аймағы жылқыны доместикациялау аймағы болып табылатындығы жөнінде ортақ пікірде. Л.А. Макарова және Т.М. Нурумов сияқты жергілікті мамандар бұл сұрақты басқаша қарастырып, Ботай сияқты есткерткіштер жылқы өсірудің ерте түрі және республика территориясындағы өте ерте уақыттардағы жылқыны қолға үйретудің дәлелі екендігін нақтылады.
Жайық-Ертіс өзендерінің аралығы Еуразия аумағындағы ежелгі жылқы шаруашылығы дамыған ең негізгі ошақ емес болуы керек. Қазақ халқының көптеген тарихи аңыздары мен хикаялары шаруашылықтың негізгі түрі есебінде мал өсіріудің басым дамуы Сарыарқамен байланысты екенін көрсетеді. «Қарқаралы, Қарақуыс, Едірей, Қу, Баянауыл тауын Бес Қазылық, дейді. Бұл мал кіндігі»- деп, Ә.Бөкейхановтың Сарыарқаның Солтүстік-Шығыс аймағына жоғары баға беруі сол себепті (Бөкейханов Ә. Шығармалар. - Алматы, 1994., 165 б.).
Біз б.з.б. V-III мыңжылдықтардағы неолиттік-энеолиттік кезеңде Қазақстан аймағында бірнеше мәдени-шаруашылық аймақтар болды деп жорамал жасай аламыз. Бірініші - орманды-далалы өңірдегі - Ботай мәдениеті, екіншісі - жабайы жылқы табындарының арттарынан ерген, аңшылық дәстүр негізіндегі пайда болған Меридианалды жүйедегі жылқышылық. Соңғысы отырықшы - егінші оңтүстік өңірмен, соның ішінде Түркістан аймағымен (Ташкентті қоса есептегенде) өте тығыз байланысты болды. Сөйтіп, неолиттік-энеолиттік үлкен тарихи кезеңде Қазақстан аймағында үш мәдени-шаруашылық топтар болған деген пікір айтамыз: бұл жартылай отырықшы - солтүстікте, көшпелі - орталықта, отырықшы - егінші - оңтүстікте.
Мақала “Қазақтың төл тарихы” айдарымен жарық көрді.