Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Батыста жарияланған тың дерек

1445
Батыста жарияланған тың дерек - e-history.kz

Сурет: egemen.kz

Алаш тарихының Батыс елдеріндегі зерттелу тарихына үңіліп, жіті зерттеп жүргеніме біраз уақыт болды. Батыста жарық көрген көптеген еңбектерде Алаш қозғалысының тарихы, ұлт-азаттық қозғалысының негізін салған көшбасшылары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы сынды зиялылар туралы дерек, мәліметтер жазылған. Батыс елдерінде жазылған, зерт­телген Алаш тарихына, жетекшілері мен мұраларына қа­тысты еңбектер Қазақстандағы әріптестерімнің және Алаш тари­­хына көңіл бөлетін жұртшылықтың да қызығушылығын туды­рар деген оймен, қолымдағы мәліметтермен бөлісуді жөн санадым.

Аталған тақырып аясындағы іздені­сімнің нәтижесінде тағы тың мағлұ­маттарға қол жеткіздім. Жуықта тапқан екі дерек мені 1929 және 1937 жылдарына дейін апарды. Бұл мақаламда осы екі дерекке тоқталмақпын.

Бұлардың алғашқысы – Ал­мания­дан (Германиядан) табыл­ған 1929 жылы жазылған ұлт ұстазы Ахмет Бай­тұрсынұлына байланысты дерек. Германияда құрылған Шығыс халық­тарын зерттеу қоғамы кітапханасы қорына 1929 жылының ақпан-мамыр айларында қосылған жаңа кітаптар нұсқаулығы («Zugan­gsverzeichnis der Biblio­thek der D. M. G. Februar bis Mai 1929») Zeitschrift der Deutschen Morgenländischen Ge­sellschaft атты Неміс Шығыс қоғамы журналының 2-санында жарияланған мәлімет. Бұл каталогқа енген жаңа кітаптардың арасында «Түрік халықтары» деген тақырыпша берілген. Осы тізімдегі кітаптар арасында Ахмет Байтұрсынұлына тиесілі екі кітап бар. Бұл кітаптардың алғашқысы – Ахмет (Ақымет) Байтұрсынұлының 1924 жылы Орынборда басылған «Тіл-құрал» атты қазақ тілінің грамматикасына қатысты еңбегі. Екінші кітап болса, 1925 жылы Орынборда басылған Ақымет Байтұрсынұлы мен Телжан Шонанұлының 412 беттік «Оқу құралы. 3-4 жылдарда оқылатын кітаб» (орфография сақталды – ГҚЕ) атты еңбегі. Бұл каталогтің маңыздылығы – ұлт ұстазының басына іс түсіп, Сібірге жер аударылған 1929 жылы жазылуы. Дәл осы жылдары Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми еңбектерінің КСРО шекарасынан тысқары жерлерге таралғаны және Германиядағы шығыстану тұрғысынан аса маңызды кітапхананың қорына енгені өте қызық оқиға.

Ал 1937 жылғы Батыс Еуро­пада жа­зылған Алаш туралы мағлұматқа келетін болсақ, Йо­ханнес Бенцинг (1913-2001) деген неміс ғалымының Die Welt des Islams (Ислам әлемі) журналында жарияланған Түркістан халықтарының тәуелсіздік күресі («Das turkestanische Volk im Kampf um seine Selbständigkeit») атты мақаласы. Ақиқатында, бұл Ба­тыстағы алғашқы зерттеулердің бірі деп санауға болатын тарихи маңызы зор, құнды еңбек. Осы мақалада автор Абылай хан, Кенесары сынды мемлекет қайраткерлерінің тәуелсіздік кү­ресіндегі рөлі туралы да сөз қозғайды. Мақаласында алдымен патшалық Ресей дәуіріне, сосын ХІХ ғасырдағы саяси ұлт-азаттық кү­рестерге тоқталады, содан кейін түркі халықтарындағы іш­кі өзгерістерге, қоғамдағы мо­­дер­низация үдерістеріне, ХХ ға­­сыр­дың басындағы баспасөзге және зиялылардың халықты ояту үрдісіне көңіл аударады. 1916 жылғы көтеріліс тақырыбына ерекше назар аударып, жалпы Түркістан халық­тарындағы бұл қозғалысқа баға береді. Мақалада автор ХХ ғасырда орын алған оқиғаларға, Алаш қозғалысы мен оның көшбасшысы зия­лы­­ларының саяси қызметі мен зерт­теулеріне де тоқталып, талдау жасаған.

Зерттеуші Йоханнес Бенцинг: «1916 жылдың көктемінде-ақ патша үкіметі осы уақытқа дейін әскери қызметтен боса­тылып келген халықтарды әскерге ша­қыруды жоспарлап отыр деген қауесет тарайды. Бұл мәселе 1916 жылғы 25 нау­рызда Мемлекеттік Думаның жасырын отырысында талқыланған деседі. Бірақ қазақтардың жаяу әскерге немесе атты әскерге қосылуы туралы мәселе «Қазақ» газетінің 1916 жылғы 25 қаңтардағы санында талқыланғанына қара­ғанда, бұл іс одан да ертерек жос­парланған сияқты. Бұл жө­нінде мағлұмат алу үшін Әли­хан Бөкейхан, Ахмет Бай­тұрсынұлы және Н.Бейімбет 3 ақпанда Петерборға барып, әскери министр Поливановқа жолықты»  деп жазады. Еңбектің тағы бір жерінде мынадай пікір білдіреді: «Алаш қай­раткерлері... қазақтардың әскери қызмет ат­қаруын, еуропалық қару-жарақ пен ұрыс әдістерін білулерінің өте маңызды екенін білді... Нау­рыздың 9-ы күні қазақтардың әскери қызмет атқарса елге пайдалы болатынын, 8 сәуірде болса бұл мәселені тез арада шешу керектігін жазды». Зерт­теуші қолына жеткен материал­дарды игере отырып, Батыс Еу­ропаның ғылыми қауымына өзінің тұжырымын білдіріп, патшалық Ресей отарлауындағы Түркістан халықтарының өміріне баға берген. Сонымен қатар ма­қалада пат­шаның соғысқа алу туралы жарлығына қарсы жазда көтеріліс толқынының бірте-бірте жайыла бастағаны жайында айтылады. Осыдан кейін «1916 жылы 30 тамызда Байтұрсынұлы мен Бөкейхан Орынборда Торғай, Орал, Ақ­мола, Жетісу облыстарының «Алаш Орда» өкілдерінің конфе­ренциясын шақырып, ахуалды және қабылданатын шараларды талқылаған болатын», деп жазыпты.

Бір қызығы, Бенцинг 1916 жылғы оқиғаларда да «Алаш Орда» терминін қолданады. Бұ­ған қоса мақалада Алаш қоз­ғалысы, оның басылымдары, зиялы қауым өкілдерінің есім­дері жиі аталған. 1937 жылы Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлы сынды қазақтың біртуар азаматтары ату жазасына кесілген еді. Тура сол уақытта Германияда шыққан ғылыми мақалада олардың есімдері аталып, күрестерінің талдануы да аса ерекше маңызға ие деп ойлаймын. Кеңестік билік Алаш арыстарының атын, мұрасын ұмыттыруға тырысқанымен, шет­елдерде олар туралы алғашқы әрі көлемді зерттеулер жазылып, ғылыми зерттеу нысанына айналып кеткен еді. Міне, содан бері Алаш қозғалысы, сая­си күрес жетекшілерінің өмір жолы, шы­ғармашылық ғылыми мұрасы мен пас­­сионарлығы, Алаш идея­сы – Батыс ғылымының тарих, саясаттану, әлеу­меттану, тіл білімі, әдебиеттану, жур­на­листика, т.б. салаларында әлі күнге дейін жан-жақты зерттеліп келеді. «Ал­мас пышақ қап түбінде жатпайды» деген осы болса керек.

Осы орайда, зерттеуші Йо­ханнес Бенцингтің бұл мәселе­лерге қалайша қанық бол­ғаны да қызығушылық тудырады. Бенцинг Берлинде тұ­ра­тын түркістандықтармен (ор­­таазиялық­тармен) және Еділ-Жайық өңірінен келген та­тар оқығандарымен танысып, олармен тығыз ғылыми және дос­тық қарым-қатынас орнатқан. Сонымен қатар олар­­дан түркі халықтарының тілін, мәдениетін, фольклорын үй­рен­ген. Осы достарының арасында белгілі татар зиялы­сы Аяз Исхакидің қызы, атақты түрколог ғалым Саадет Ис­ха­ки Чағатайдан татар тілін үй­реніпті. Бенцинг жоғарыда аталған ма­қаласын Берлин университетінде тәлім алып жүрген кезінде жазған, бұл оның алғашқы ғылыми мақаласы. Неміс ғалымы 1939 жылы док­торлық диссертациясын тә­мам­дап, кейін атақты түрколог және дипломат болған. Ке­зінде Йоханнес Бенцингдей танымал түркологтің докторанты болған профессор Невзат Гөзайдын (2001) мен ғалымның жақын та­нысы әрі әріптесі болған Нұ­ри Йүже (2020) Бенцинг ту­ралы құн­ды естеліктер мен өмір­баян­дық сипаттағы шолу мақала жаз­ған болатын.

Қорыта келгенде, 1929 жылы Ахмет Бай­тұрсынұлының ғы­лыми еңбек­те­рінің Германия­дағы кітапханаға алынуы және 1937 жылы Йоханнес Бен­цингтей танымал түрколог ғалымның мақаласында Алаш қозғалысы мен Алаш зиялыларының күресі туралы айрықша аталуы, ғылыми талдау жасалуы – ұлт тарихы үшін аса маңызды дерек. Бұл – Алаш зиялыларының және олардың сая­си күресі мен модернизациялық қозға­лысының әлемдік деңгейде таныл­ғандығының тағы бір ай­ғағы.

Гүлжанат ҚҰРМАНҒАЛИЕВА-ЕРДЖИЛАСУН,

тарих ғылымдарының докторы, Анкара Қажы Байрам Уәли университетінің профессоры

Анкара, Түркия 

Дереккөз: Егемен Қазақстан

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?