Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Адамшылық арқылы ғана адамдар бақытқа жетеді...»

2068
«Адамшылық арқылы ғана адамдар бақытқа жетеді...» - e-history.kz

Сурет: psychologies.ru

Адамзат баласының екінші ұстазы Әбунасыр әл Фарабидің «Адамзаттың қас жауы тәрбиесіз берілген білім деген» жоталы сөзін бәріміз де білеміз ғой.  Рас, тәлім-тәрбиесіз ешбір  ұлттың келешегі жоқ. Осыны жіті түсінген  ХХ ғасыр басындағы алаш  интеллигенциясы да алғаш болып іргелі еңбектер жазды.  Аталған  еңбектер хақында   Қорқыт Ата атындағы  Қызылорда мемлекеттік университеті, Қазақстан тарихы және әлеуметтік-саяси ғылымдар кафедрасының аға оқытушысы, Философия докторы (РhD) Дәурен Омаров  мырзамен осы мәселелер жөнінде аз-кем  әңгіме құрған едік.

- Құрметті Дәурен мырза, алғашқы сұрағымды адам тәрбиесінен бастасам деймін?

- Тарихи дамуға көз жіберсек, халқымыз бала тәрбиелеуде адамгершілікке мән беріп мұны ұрпаққа, халық шығармашылығы арқылы жалғастырып отырған. Мәселен, халқымыздың мақал- мәтелдер, жай ғана айтылған ұқсас сөздер емес, олардың тәрбиесінің негізгі ұстанымы – адамгершілік мәні болған. «Атаның баласы болма, адамның баласы бол», «Заманына қарай адамы», «Әдептілік ар-ұят адамдықтың белгісі» секілді кісілік қасиеттерді парасаттылықты арқау еткен мысалдар дәлел бола алады. 

Рухани адамгершілік тәрбие тұлғаның өмірдегі өз орнын табуға, қоршаған ортадағы мәдени тұтастықты қалыптастыратын жиынтық қой. Құндылықтар сезім мен ақылдың ұштасуын және сол арқылы іс-әрекетті белгілейді. 

- Біз көркем тәрбие мен елдік мәселесіне келгенде алаш арыстарын аттап кете алмаймыз ғой. Осының мәнісі не?

- Ұлт болашағын тәрбиелеуде, жастарға азаматтық, адамгершілік қағидаларын насихаттауда ХХ ғасыр басында  қазақтың көрнекті тұлғалары, Алаш арыстары да тыс қала алмады.

Шәкәрім Құдайбердіұлының кез-келген өлеңдерін, дастандарын, прозалық шығармалары мен қара сөздерінде, оның мағынасында үлкен тәлімдік мәні бар адамгершілік мәселелердің жатқандығы көрінеді. Шәкәрім Құдайбердиевтің «Үш анық» философиялық трактаты ұлттық мәдениетіміздің ең асыл қазынасы болып саналады. Ақынның педагогикалық, психологиялық, философиялық ойлары бүгінгі таңда да өзінің құндылығымен ерекшеленеді. Шәкәрімнің «арлы азаматы» –  жақсы мен жаманның жігін ажыратып қана қоймай, сөз бен істе түзу, әділ жолдан ауытқымайтын, орынсызды айыптайтын, намысшыл жігіт.  Шәкәрім адамды басты құндылық деп білді. Ол басқаның еркіндігін мойындау арқылы адамды адам ретінде бағалау дегенді білдіретініне сенімді болды. Адамшылық арқылы ғана адамдар бақытқа жете алады.  Сондықтан, Шәкәрімнің ойынша, әрбір адам өз бойындағы адамгершілік қасиеттерді дамыту керек. Ақын үшін руханилық сапаны арттырудың бірден бір жолы – өзін өзі  тануы. Сонда ол ақиқатты таниды. Сөйтіп, ақын адамды ақиқатты тануға шақыра отыра адамдыққа тәрбиелейді. Адамдардың қоғамдық өмірдегі қарым-қатынасын, жеке адамның  мінезін, іс-әрекетін бағалағанда да Шәкәрім ақыл-ой талабын, ақыл-парасаттылықты қаңдай да іс-әрекетті ақылмен сынауды басты принцип етіп қояды. Ол әр адамның ісіне өзі сын көзімен қарап, биік талап қоя білуі, қиыншылыққа төзіп, табандылық, қажырлылық танытуы қажет екенін баса айтады. Осы секілді ойшыл ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров «Халықтың әні кетсе, әдебиеті жесір қалады, сәні кетеді. Сәні кетсе, жөні кетеді» деп тегіннен тегін айтпаған. Ақынның көтерген тәлімдік мәселенің бірі – рухани даму, рухани тәрбиенің өзегі ана тілін құрметтеу, тілге деген сүйіспеншілік. Ұлттық тіл арқылы жастарымыздың сана-сезімі, ой-өрісі кеңейіп, әдет-ғұрпын қадірлеуге деген көзқарастары қалыптасады деген ой түйеді ол.

Ал Ахмет Байтұрсынов тәлім-тәрбиелік тағылымдарынан да қазіргі күн талап-тілегімен ұштасатын тың идеяларды кездестіреміз. Ол өнер ғылым арқылы жасалады дей келе, адамның рухани сұраныстарын өтеуге қызмет ететін өнердің түрлерін талдап көрсетеді. Сәулет өнері, кескін өнері, музыка өнері, сөз өнері адамды әсемдікті көре білуге, табиғат сырларын танып білуге тәрбиелейтіндігін ашып айтады. Ахмет Байтұрсынұлы халықты оятудың жолын оқу-білімнен іздеді. Ахмет Байтұрсынұлы – өзі өмір сүрген қоғамның ең өзекті деген әлеуметтік мәселелерін биік деңгейге көтеріп, оны шешудің де жолын көрсете алған ұлы ағартушы. Ол М. Дулатұлы сөзімен айтқанда, қарапайым және халқының түсінікті тілімен бостандық туралы, ұлты туралы, оның езіліп, артта қалуы туралы айта отырып, оны білімге, еңбекке және ғасырлық ұйқыдан оянуға және әрбірін азаматтықты сезінуге шақырды.  Ғұлама ғалымның «Біз кейін қалған халық, алға басып, жұрт қатарына кіру керек. Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген сөздері ұлтымызға мәңгілік ұран болуға тиіс.

- Алғаш қазақ баласының рухани қамы жолында жарғақ құлағы жастыққа тимей, ғылыми еңбек жазған да осы есіл ерлер еді ғой. Ұлттық  педагогика мәселесінде  тұңғыш қалам тартқан Мағжанның еңбегінің өзі неге тұрады дейсіз?

- Педагогика ғылымының тарихында өзіндік орны бар ағартушы-педагог Мағжан Жұмабаев өз еңбектерінде ежелгі Шығыс ғұламаларының ой-пікірімен үндестіре, Абай тұжырымдарымен байланыстыра отырып сана-сезімі мол, мінезге бай толық адам тәрбиелеу мәселелерін көтереді. Балалардың рухани жан дүниесін қалыптастырып, эстетикалық тұрғыда тәрбиелеу туралы өзіндік ойлары «Педагогика» еңбегінде айқын көрінеді.  Осы еңбегінде М. Жұмабаев «Адам өзінің әрбір ойына, әрбір ісіне баға беріп отырады. Адамға қалайда болса, қашанда болса, пайда келтіретін ой мен іс ізгілік деп аталады. Ізгілікке ұмтылу, жауыздықтан безу, адамның жаратылысының өзінде бар нәрсе. ...Мысалы, балада біраздан соң ананы сүю сезімі оянады. Ананы сүю, анаға жауыздық тілемей, ізгілік тілеу деген сөз. Біраз ес білген соң, туысқандық сезімі, яғни араласып айналасында жүрген адамдарды сүю сезімі оянады. Онан соң білім тереңдеңкіреген кезде елін сүю сезімі оянады. Өз елін сүю сезімі жер жүзіндегі барлық адамзатты сүю сезіміне алып барады. ...Адамның шын мағынасымен «адам» болуы үшін өзін сүю, жақындарымен сүюмен қанағаттанбай, жалпы адамзатты сүюі шарт. Өзінің һәм жақындарының ғана пайдасын іздемей, жалпы момын халықтың пайдасын іздеуі шарт. Халық пайдасын өз пайдасынан ілгері қоюы шарт. Адам шын ізгі адам боламын десе, халық ісі, халық пайдасы жолында құрбан бола білсін» - деп ой айтады.

- Жүсіпбек Аймауытовтың «Психология» кітабы да осы идея төңірегінде жазылған ғой?

- Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің көрнекті қайраткерлерінің бірі Жүсіпбек Аймауытовтың да бүгінгі ұрпаққа беретін тәлім-тәрбиелік ойлары жетерлік. Жастардың рухани тәрбиесінің қайнар көзі – білімді өте жоғары бағалайды. Білім негіздерінің ана тілі арқылы меңгерілетінін айтады. Халық қазынасын  ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін халықтың тілі деп, оның қоғамдық рөлін, адамзат баласы жасаған бар рухани-мәдени байлықты меңгерудің басты құралы екенін көрсетеді. Халық ағарту жүйесінде ұзақ қызмет еткен  Жүсіпбек жас ұрпақты жаңа рухта, адамгершілікке, жақсы құлыққа- мінезге тәрбиелеуге де белсене қатысқан. Оның «Тәрбиеге көмекші», «Психология», «Жан жүйесі және өнер таңдау» атты кітаптары кезінде педагогикалық оқу орындарында оқулық қызметін де, педагогика мен психология саласындағы алғашқы ғылыми-зерттеудің рөлін де атқарған. Оның оқу-тәрбие мәселелеріне арнап жазған мақалалары  көптеп саналады. Бұл еңбектер арқылы Жүсіпбек қазақ жастарына осы ғылымдар саласынан алғашқы мәлімет берді, олардың ғылыми терминологиясының тууына негіз қалады. Жаңа қоғамның жас мүшелерін тәрбиелеу ісіне елеулі үлес қосты. Жастарды жақсылыққа тәрбиелеу мен оларға білім, өнер үйретуді жолға қою мәселесі, оны халықтың өзіндік мінез-құлқын, ерекшеліктерін ескере отырып жүргізу қажеттігі Жүсіпбектің басқа да еңбектерінің мазмұнын құрайды. Мәселен, «Қазақтың өзгеше мінездері» («Ақ жол», 22-ноябрь, 1923) атты мақаласында ол қазақ мінездерінің жақсылық жақтарымен бірге отаршылдық қанау кезінде өзгерген тұстарын сынайды, ендігі үмітті оқу-білімге артады. Оқығандарға ендігі жас балаларды өздері үлгі болып, надандықтан шығарып, адамшылықтың жарық жағына «сүйреу» міндетін артады. Бұл жолда ол қазақтың ертеден көзге түскен халықтық мінездеріне сүйенуді қажет деп санайды. «Бұрынғы уақытта, – дейді ол, – қазақ елі ұйымшыл, ері – жауынгер, биі – әділ, намысқор, адамы – әрі бітімді, қайратты, сауықшыл болған екен. Досымен достасып, жауымен жауласуға табанды, қайғыра да, қуана да білетін халық екен».  Одан әрі ол кейінгі дәуірлердің жауласушылықтың, отарлаушылықтың, көшпеліліктің, тағы басқа заманалық тартыстардың қазақтың осы мінезіне жасаған өзгерістерін санайды. Олар – ұрлық, зорлық, өтірік, өсек, жалқаулық, еріншектік тағы да осы секілді жағымсыз жәйіттер.  Жүсіпбек сонымен қатар қазақ жігіттері бойындағы шенқұмарлықты, әкімқұмарлықты, кейбір оқыған азаматтардың тұрлаусыздығын, білімі аз шалалығын, кеңсешілдігін сынайды. Олардың бойындағы шенқұмарлық «өнер қысқаннан туып отырған жоқ, бұл – бір жұқпалы дерт» деп тұжырымдайды. Ол жаңа тұрмыс құрушы жастарды отырықшы болуға, егін салуды үйренуге, шаруа тұрмысын түзетіп, денсаулығын күтуге, газет, кітап оқуға әдеттенуге, қысқасы мәдениетті болуға, алуан өнерді білетін кісі болуға үгіттейді. Жүсіпбек жас ұрпақты тәрбиелеудің бір саласы ретінде әдет заңын қарастырған, ол жөнінде көлемді мақала ( «Әдет заңын») жазған. Ол мақаласында әдеттің адам тіршілігіндегі орнын, оның жақсы, жаман боп қалыптасуы жолындағы жолын кең талдай келіп, жаман жолға түсіп кетпеу үшін адам бойында жақсы әдетті қалыптастыру ойларын ортаға салады. Баланың әдетті жасынан тамыздықтап жинайтынын, оқытушының міндеті – балаларына алдыңғы өмірінде пайдалы боларлық әдеттерді сіңіру екенін, адам іске бола тәрбиеленсе, істің табан тірейтін дерегі де әдет болатынын дәлелді әңгімелейді. 

Осылайша ХХ ғасыр басындағы ұлт мүддесі үшін қызмет жасаған Алаш зиялылары елдің, халықтың болашағы ілім-білімде, ғылымда екенін жұртшылық арасында таратумен айналысты. Бұған дәлел олардың арнайы жазған шығармалары мен еңбектері екені даусыз. Сонымен қатар білім-ғылыммен қатар азамат бойында ар-ождан, намыс, ұят, азаматтық, адамгершілік құндылықтарының қалыптасуы жөнінде өз ой-тұжырымдарымен  бөлісті.

- Тұщымды әңгімеңізге көп-көп рахмет!

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?