Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Республика күні құтты болсын!

4631
Республика күні құтты болсын! - e-history.kz

Мемлекеттік Егемендік туралы декларация - 1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің қаулысы бойынша қабылданған тарихи құжат болып табылады.

Қазақстанның толық мемлекеттік тәуелсіздігін рәсімдеудің бастаушысы болған құжатты әзірлеу кеңестік империя кеңістігінде билік құрған экономикалық және саяси хаос жағдайында жүрді. Өздеріңіз білетіндей, КСРО Жоғарғы Кеңесінің басшылығы Қазақстанның мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылдауына барлық жағынан кедергі келтірді, сондықтан Қазақстан халқы үшін тағдырлы болып табылатын осы саяси-құқықтық құжатты әзірлеу азаматтық батылдықтың актісі болды.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Пленарлық отырысында Декларацияның жобасы қайта қаралды. Сырттай дауыс беру процесінде 261 депутат бұл құжатты қолдайтындығын білдіретін дауыс берсе, 18 қарсы, 2 адам қалыс қалды, бір депутат дауыс бермеді. Осылайша дауыс беру нәтижелері бойынша Жоғарғы Кеңес жалпы алғанда «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация қабылдады. Қабылданған Декларация 17 тармақтан тұрды.

Декларация алғаш рет басқа егемен республикалармен ерікті түрде одаққа бірігіп, олармен келісім-шарт негізінде қатынас құратын Қазақ КСР-нің егемен мемлекет мәртебесін жариялады.

Декларацияда Қазақстан халқы Қазақ КСР-індегі егемендіктің жалғыз иесі және мемлекеттік биліктің қайнар көзі деп жарияланды. Ал өз кезегінде Қазақстан халқына республиканың барлық ұлт өкілдерінің азаматтары жатқызылды.

Декларацияда Қазақстанның мемлекеттік егемендігінің барлық атрибуттары: оның өз аумағы мен азаматтығы, азаматтық және ұлттық теңдік, республикадағы мемлекеттік биліктің үстемдігі, тәуелсіздігі мен толықтығы, ұлттық Конституция мен заңдардың үстемдігі, меншіктің алуан түрлері, өзінің жеке мемлекеттік бюджеті және қаржы-несие жүйесі, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарында халықаралық қатынастардың тәуелсіз субъектісінің құқығы, сондай-ақ мемлекеттік егемендік нышандары - елтаңба, ту және әнұран болуы. «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация Қазақстанды тәуелсіз, егемен мемлекет ретінде анықтаған қазіргі ұлттық тарихтағы алғашқы конституциялық маңызы бар акт болды. Ол егеменді қазақ мемлекеттілігін қалыптастыру процесінің басталуын белгіледі және ұлттық заңнаманы құрудың негізі болды.

1990 жылғы 25 қазандағы «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңымен бірге 1991 жылғы 16 желтоқсанда жаңа тәуелсіз мемлекеттің конституциялық-құқықтық негізін қалап, Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін формальдау жолында іргелі заңнамалық акт болды. Оларда қамтылған негізгі мемлекеттік-құқықтық және қоғамдық-саяси идеялар Қазақстан Республикасының 1993 және 1995 жылдардағы конституцияларында және республиканың егемен мемлекет мәртебесін жүзеге асыратын заңнамалық актілерінде көрініс тапты.

Республика күні мемлекеттік мереке болып алғаш рет 1995 жылы жарияланған болатын. Ал 2009 жылы заңға өзгерістер енгізіліп, 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні, ұлттық мереке болып жария етілді. Ал Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталды. 

2022 жылдың 16 шілдесінде өткен Ұлттық құрылтайда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін ұлттық мереке ретінде қайта тойлауды ұсынды. Осы жылдың қыркүйегінде Ел Парламенті «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға түзетулер енгізіп, 25 қазан – Республика күні ұлттық, ал 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мемлекеттік мереке болып бекітілді. 

Мерекенің Еліміз үшін тарихи маңыздылығы өте зор, бұл дегеніміз ең бастысы ұрпақ тәрбиесі үшін қажет дүние. Сондықтан, Қазақ Елін, 13 жылдан соң қайта қауышып отырған Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! 

 

Жабай Нұрмақұлы Қалиев,

ҚР ҒЖБМ Мемлекет тарихы институты 

директорының орынбасары,

педагогика ғылымдарының кандидаты 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?