Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Президент тапсырмалары орындалуымен құнды - тарихшы

1711
Президент тапсырмалары орындалуымен құнды - тарихшы - e-history.kz

Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Сейітқали Дүйсен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында көтерген бастамаларына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Қазақстан тарихы порталының  тілшісі

Мемлекеттің дамуы сол елдің білімі мен ғылымының дамуы деңгейіне байланысты екені белгілі жәйіт. Қ.К. Тоқаев ел басшылығына келген соң білім беру мен ғылымды дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын қайта зерделеуді қолға алды. Өйткені әлемде жүріп жатқан жаңа ахуал осы саланы түбегейлі реформалауды талап етуде. Ғылым мемлекет тарапынан қолдау жасалмаса, жеткілікті қаржы бөлінбесе жақсы дами алмайтыны дау туғызбас ақиқат.

Елімізде кейінгі жылдары ғылымға бөлінетін қаржы өсудің орнына азайып кеткені мәлім. Қазақстан ғылымына ішкі жалпы өнімнен бөліну үлесі - 2016 жылы-0,17; 2017 жылы-0,14; 2018 жылы-0,13; 2019 жылы-0,12 пайызға дейін төмендегені мәлім.

Ғылымға бөлінетін қаржыны бөлу мен жұмсауда, протекционизмге бой ұру, кейбір тұста жемқорлық фактілері байқалып қалатыны туралы әлеуметтік желіде ашық айтылып жатты. Гранттық немесе нысаналы қаржыландырудың тағдырын шешетін Ұлттық ғылыми кеңестің жұмысына да ғалымдар жиі сын айтып жүрді. Басқаларға қарағанда гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар саласындағы зерттеулерді қаржыландыруға аз көңіл бөлінгені де белгілі.

Ғылыми қауымды алаңдатқан осы мәселелерді терең сезінген президент Қ.К.Тоқаев білім беру мен ғылым саласын түбегейлі реформалауды қолға алып, отандық ғылымның әлеуетін арттыруды тапсырды. Президент өзінің 2020 және 2021 жылғы Жолдауларында білім мен ғылым саласына назар аударып отырды.

Мемлекет басшысы 2020 жылы бұрынғы жылдармен салыстырғанда білімге алты есе, ғылымға жеті есе қаржы бөлгізді. Сонымен қатар мемлекет басшысы өзінің өткен жылғы жолдауында білім және ғылым саласындағы мәселелердің шешімін табу үшін 2021 жылдың соңына дейін заңнамаға өзгерістер енгізуді тапсырған еді. Президент 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің ғылымға бөлінетін көлемін 1 пайызға жеткізуді міндеттеді.

Ғылымды жасайтын, дамытатын ғалымдар екені белгілі. Сондықтан ғалымдар еңбегін ынталандыру, бағалау және көтермелеу мақсатында ғылыми атақтар беру қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу де президент тапсырмасымен жүзеге асырылды.

Жыл сайын кемінде 100 ғалымның әлемдегі жетекші зерттеу орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өтуіне мүмкіндік жасауды тапсырды. Президент тапсырмасымен докторанттардың стипендиясы 150 мың теңгеге көтерілді.

Ғылымды дамыту саласындағы жақсы жаңалықтың бірі - ғылыми зерттеу институттарында еңбек ететін жетекші ғалымдарға тұрақты және өз еңбегіне лайықты жалақы төлеуді қолдану еді. Шын мәнінде мынадай қымбатшылық қысқан заманда зерттеу институттарындағы ғалымдардың жалақысы аздық ететіні белгілі. Ғылым министрлігі енді ғана енші бөлісуге кірісіп жатқан соң, тиісті қаржысын иемденген соң бұл мәселені ұзаққа созбай шешер деп сенеміз.

Ғылымның дамуы ондағы басқару жүйесіне де тәуелді. Білім және ғылым министрлігі жүйелі және нәтижелі жұмыс жүргізуі үшін және басқаруға, бақылауға ықшамды болуы үшін ғалымдар, қоғам және мемлекет қайраткерлері бірнеше жылдан бері министрлікті екіге бөлу қажеттігі туралы ұсыныстар көтеріп жүрген еді. Өйткені білім саласындағы, әсіресе орта және жоғары білім саласындағы қоғамды алаңдататын мәселелер осы министрлік үшін өте ауыр жүктеме екенін осы салада еңбек ететін мамандар да, ғалымдар да сезінетін еді. Қоғам пікірін ескере келе мемлекет басшылығы ғылымды білім саласынан бөліп басқаруға көшті. Айта кетерлік бір жәйіт мұндай басқару тәжірибесі кеңестік дәуірде өзін ақтаған болатын.

Қоғамдық ұйым деңгейіне төмендеп қалған Ұлттық Ғылым академиясының мәртебесін көтеру жолында шаралар қолға алынатыны байқалады. Мемлекет басшысы бүгінгі жолдауында ғылым саласына арнайы тоқталмаса да алда жүзеге асырылатын реформалардың бағыт-бағдары айқындалғанын, енді реформалардың мазмұны жан-жақты толыға беретінін ескертті. Бұл елімізде алдағы уақытта ғылымды дамыту бағытында тың өзгерістер жасалатынын білдіреді.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?