Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттың ар-ұжданы

2929
Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттың ар-ұжданы - e-history.kz

Сурет: 365info.kz

Осы аптада Қостанай облысына қарасты Торғай топырағында Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы басталады. «Қазақстан тарихы» порталы мерейтой алдында филология ғылымдарының кандидаты, доцент Аманқос Мектептегінен сұхбат алған еді. Аманқос Құлтанұлы айтулы тұлғаның қазақ руханиятына сіңірген еңбегі туралы өз ойын ортаға салды.

– Биыл Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы. Сіз ұлт ұстазының мерейтойы қалай аталып өтеді деп күтіп едіңіз?

– Шын мәнінде Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы ұлы той болуы керек еді. Өйткені Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш арыстары мемлекеттің негізін салған қайраткерлер. Өзіңіз жақсы білесіз кейбір Ресейлік саясаткерлер «Қазақта мемлекет болмаған» деп айтып жүр. Біріншіден, олар осылай айту арқылы өздерінің надандығын білдіріп отырса, екіншіден өзіміздің ішіміздегі империялық насихат улап тастаған кейбір адамдардың өзі солай ойлайды. Мәселен олар қазақтың мемлекеттілігі 550 жыл бұрынғы қазақ хандығынан басталған деп есептейді. Ал шын мәнісінде қазақ мемлекеттілігі ежелден қалыптасқанын өзіміздің төлтума руна жазуымыз дәлелдеп тұр емес пе? Міне сол руна жазуындағы тас бітіктерді қайда қоямыз? Бітік деген сөзді араптар теріс оқып кітап деп алғанын көпшілігіміз біле бермейміз. Осындай біздің бай мұраларымыз бар. Тіпті ІX ғасырдағы қағаз кітаптың өзі Англиядағы мұражайда тұр емес пе?

ХХ ғасырдың басындағы мемлекеттердің көпшілігі монорхиялық басқару жүйесінде болды. Ал президенттік-парламенттік басқару жүйесін Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Халел және Жаһанша Досмұхамедұлы, Мұхамеджан Тынышбаев, Мұстафа Шоқай бастаған Алаш арыстары Алашорда үкіметін құрған кезде қалыптастырды. Міне осы кісілер Алаш автономиясы мен Алаш партиясын құрып, тәуелсіз мемлекттің негізін қалауға тырысты. Ресей империясының қарсылығына қарамастан Алаш арыстары табандылық танытып өз тәуелсіз мемлекетін орнатуға атсалысты. Мәселен ең алғашқы қазақтың шекарасын заңды түрде бекіткен Алаш арыстары болатын.

Сол кезден бастап біздің төлтума оқулықтарымыз, мемлекеттік кеңселеріміз құрылды. Алаш арыстарының алдында тәуелсіз мемлекетті қалыптастыруға байланысты нақты жоспар болып еді. Өкінішке қарай империя өкілдері Алаш арыстарының мақсатына жеткізбеді. Олар қазақты қазаққа жауластырып, арамызға от тастаудың неше түрлі әдіс-тәсілдерін жасады. Бізді саяси және экономикалық тұрғыдан отарлап, өтірікпен тарихымызды бұрмалады. Үшінші отарлау рухани этникалық отарлау болды. Бұл 1825 жылдан басталып, 1868 жылы арнайы мизап шығып бекіткеннен кейін бізді рухани-мәдениетімізді жұтты. Біздің қазіргі тариыхымыздың көпшілігі қате болатын. Себебі өткен дәуірімізді сипаттайтын мұраларымызды оқытуға тыйым салды. Осы арқылы біз рухани тұрғыдан жұтап қалдық. Күні бүгінге дейін рухани тұрғыдан жұтап келе жатырмыз. Өйткені жемқорлық пен жеке басқа табынудың зардабы мемлекеттің дамуына кедергі болды. Ешқандай өндіріс ашылмай, экономикалық тұрғыдан кіріптар болып қалдық. Экономикалық кіріптарлықтан кейін сенің рухани мәдениетің дамымайды.

Ал Ахмет Байтұрсынұлы империялық кедергілердің барлығына қарсы тұрып, тұңғыш рет ана тілінде «Қазақ» деген газет шығарды. Газеттің атын «Қазақ» деп қоюуының себебі, патша үкіметі бізді қырғыз деп атап, атымызды бұрмалады. Империя өкілдері біздің сана-сезімізді тұмшалап, мәңгүрт қылу үшін күресті. Осыған Ахмет Байтұрсынұлы қарсы тұрып, «Тіл құрал» деген кітап шығарды. Аталған кітапта фонетика, морфология, синтаксис деген үш кітапты «Тіл – құрал» деп атады. Лениннің бір сөйлеммен жеткізген ойын Ахаңның екі сөз арқылы «Тіл – құрал» деп жазуы Ұлт ұстазының даналығын көрсетеді. Ахмет Байтұрсынұлының «Маса», «Қырық мысал», «Тіл – құрал», «Әдебиет танытқыш», «Мәдениет тарихы» деген секілді еңбектері империямен күрестің жарқын тәсілі болатын. Біздің ілгерідегі ата-апаларымыз осы кітап арқылы білім алып, қалыптасты.


– Ахмет Байтұрсынұлы дегенде «Қазақ» газетін айтпай кетуге болмайды. Ұлт ұстазының аталған басылымды шығарудағы еңбегі қандай болды?

– Қазақ газеті 1913 жылдың 2 ақпан күні Орынбор қаласында шықты. Бұл газеттің шығуына себеп болған жағдай – қараңғы қазақтың көзін ашу болатын. Ол кезде қазақты оқытып, тоқытуға империя құлықты болған жоқ. Қайткен күнде қазақты мал бағып, төрт түліктің соңынан таңнан кешке дейін жүре бергеніне мүдделі болды. Халықты рухани байыту арқылы жұрттың саяси белсенділігін арттыру керек болды. Дүниеде не болып жатыр, біздің болашағымыз не болады деген сұрақтарды қарапайым тілмен «Қазақ» газетінде жазып отырды. Саяси әдістерді игеріп күресе алатын ұрпақ тәрбиелеу үшін жазу жазып, оқу оқи алатын азаматар керек болды.

Жазу демекші әу баста руна жазуы туралы айттым ғой. Біздің жыл санауымызға дейінгі ғасырда жазылған кітаптарымыз бар. Мәселен VІІ ғасырдағы Күлтегін, Тоныкөкке жазылған тас кітаптар Монғолия территориясында жатыр. Бізде тас кітаптар бар кезде Еуропада мұндай еңбек жоқ еді. Тіпті ол кезде орыс деген халық та болмады. Орысты орыс қылып, халық қылған біздің ата-бабаларымыз. Оларда мемлекеттік жоқ кезде бізде жазу болды. Ал жазу қалай пайда болады? Жазу мемлекеттілік болған елде қалыптастады.

Өкінішке қарай өзіміздің төлтума руна жазуына әлі күнге дейін жете мән бермей жүрміз. Біздің жағдайымыз өзіңнің балаңды қаңғытып жіберіп, біреудің баласын асырап алғандай әсер қалдырады. Қазір біздің пайдаланып отырған кириллица, араб, латын жазуы біреудің баласы секілді. Ал руна жазуында біздің психологиямыз, жандүниемізбен рухымыз бар. Мысалы қытайдың жазуын көрсең қытай, арабтың жазуын көрсең көз алдыңа араб келеді. Біздің төл жазуымыздың көпшілігі яғни, 90 пайызы біздің рулық белгілерімізден тұрады. Ал сол рулық белгілердің өзі астары ашылатын құпия жазудан тұрады. Өкінішке қарай біздің рухани мәденмиетіміздің қабаттары ашылмай жатыр. Шындап келгенде цифрлы технологияның негізі руна жазуында жатыр.

Ахмет Байтұрсынұлы ұлы данышпан аталарымыз болып келеді. Оның бар бітірген оқуы екі класты қазақ-орыс мектебі. Кейбір адамдар екі класты қазақ-орыс мектебін 6 жыл оқиды деп айтады. Неше жыл оқысада осы мектепте білім алып, қазақ тіл білімі ғылымында айтулы еңбек етті. Одан кейін екі жылдық Орынбордағы мұғалімдер даярлайтын семинарияны бітірді. Қазір институт, университет оқып, бітіріп жатқан азаматтар өте көп. Бірақ Ахаңның деңгейіне жетіп жатқан ешкім жоқ. Бұл нені білдіреді? Ахаңның даналығын, даралығын білдіреді.


– Руна жазуының тарихы қайдан басталады және біз одан қашан ажырадық? Сондай-ақ қазіргі араб жазуына қалай келдік?

– Біз дүркіреген қағанат, империя болып тұрдық. Қағанат болып тұрғанда Еуразиядағы аттың тұяғы жеткен жердің барлығын игерген мықты мемлекет болып тұрдық. Бұл менің ойдан шығарған дүнием емес, сол кездегі деректердің барлығы тас бітіктер де яғни кітаптар да сайрап тұр. Бұл кезде тіпті қағаз шықпаған болатын. Біздің жазуымыз сол қағаздың шығуына дейінгі эволюциялық жолдан өтті. Бізде тек қана тасбітік қана емес, ағаш, тері, сүйек, алтын, күміске жазылған жәдігерлеріміз бар.

Кітаптану ғылымы 1450 жылғы немістің Гутенберг деген өнер тапқышының станогынан басталады. Ал біздің ІХ ғасырдағы кітабымыз Лондондағы мұражайда тұр. Аталған кітапты сақтап отырған ағылшындарға алғыс айтуымыз керек. Олар ескіліктің көзі яғни антиквариатты жинайды ғой. Аталған кітап қазіргі қытайдағы қазақтар отырған жерден табылған екен. Ол кітапты ағылшын жиһангезі сатып алып, мұражайға өткізген. Өте құнды керемет кітап. Ол кітапта не айтылған дейсіз? Онда біздің ақыл және даналық сөздеріміз, әдет-ғұрыптарымыз жазылған. Біздің қазір әдет-ғұрып деп жүргеніміздің ежелгі тарихы сонда жатыр.

Біздің жыл санауымызға дейінгі 3 ғасырда Талас бойынан табылған оншақты тас кітап бар. Сол кітаптарда біздің әдет-ғұрыптарымыз жазылған. Нақтырақ айтсам, адам қайтыс болғанда ана дүниеге қалай жөнелту керек деген сықылды ырым-сырымдарымыз тасқа жазылған. Негізі біздің ауыз әдебиетіне ауысып кетуіміз араб шапқыншылығына байланысты болды. Қағанатымыз әлсіреген кезде араб шапқыншылығы болған. Бір жағынан қытай, екінші жағынан арабтар қыспаққа алды. Араб шапқыншылығы Орта Азиядан басталып Қазақстанды шарпыды. Ол кезде еліміздің аумағында сан түрлі тасбітіктер болды. Жаз жайлау, күз күздеу, қыс қыстауда ары-бері көшіп қонатын арнайы жолдар болды. Сол жолдардың бойында балбалтастар тұрды. Онда әр түрлі символдар болды. Ол қазіргі қаладағы бағдаршамның рөлін атқарды. Аялдап тоқтап демалатын жерлерге тас кітаптар қойылды. Мұны біз қазіргі тілмен айтқанда далалық кітапхана деп атасақта болады. Шынын айтқанда әлемде мұндай кітапхана болған жоқ. Бұл біздің рухани қазынамыз болатын. Арабтар осы тас кітаптардың бәрін мыңдаған әскер күшімен қиратты. Ал аталған кітаптарды жазатын адамдарға қарсы үлкен репреция жүріп, сайын даламыз қанға боялды.


– Ахмет Байтұрсынұлы шығарған «Қазақ» газетінің 1913 және 1915 жылғы тігінділері кітап болып шықты. Ал 1916 жылдан бастап 1918 жылға дейінгі тігінділері әлі кітап болып басылмады. Осы «Қазақ» газетінің тігінділері Ұлт ұстазының 150 жылдық мерейтойы аясында толық кітап болып неге шықпады? Жалпы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай нақты қандай шаруалар жасалуы керек еді?

– «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналының барлық тігінділері төте жазудан криллицаға аударылып қойған. Аталған еңбекті баспадан шығару үшін мемлекет қаржыландыру жағына көңіл бөлмей жатыр. Кезінде Ғарифолла Әнеспен бірге «Арыс» қорын құрып, «Қазақ» газетінің тігінділерін кітап етіп шығарғанбыз. Аталған қор репрецияға ұшыраған Алаш арыстарының еңбегін жинақтап шығарумен айналысады. Ал енді «Қазақ» газетінің кейінгі жылдарын каітап етіп шығарғу мемлекет көмектеспесе жеке адам шығара алмайды.

Қазіргі таңда «Ахмет. Ұлт ұстазы» атты телесериал шығарылды. Алдағы уақытта одан зор фильмдер шығады деп ойлаймын. Әйтсе де ұлт ұстазына арнап Астана, Алматы қаласында жібі түзу ескерткіш қойылуы керек. Кезінде Әлімхан Ермеков секілді азаматтар шекараны бекітуге үлкен үлес қосқан. Міне осы Әлімхан Әбеуұлы Ахаңды «Совесть народа» деп бағалаған. Әлімхан Ермековтен асырып Ахаңды «Ұлттың ар-ұжданы» деп айту мүмкін емес. Шын мәнісінде ол ұлттың ар-ұжданы болған адам. Ол кісі музыкада да үлкен еңбек қалдырды. Мысалы оның бір әнінің өзі неге тұрады? Сондай-ақ ол «Әдебиет танытқыш» кітабында әдебиеттің терминдері мен олардың анықтамасын талдап, оған ат қоюда шеберлік танытты. Ахаңның ақындығы мен саясаткерлігі сынды сан салалы қырлары көп.


– Қазір біз латын әліпбиіне көшеміз деп жатырмыз. Алайда Ахмет Байтұрсынұлы латын жазуынан қарағанда төте жазуды құп көрген ғой...

– Ол кезде төлтума руна жазуын айтсаң басың кететін заман болды. Ал араб жазуы ол кезде қазақты топастандыратын жазу болатын. Себебі 90 түрлі таңбасы бар арабтың әліпбиімен кітап шығару мүмкін емес еді. Өйткені ол жазу машинасының клавиатурасына сыймайтын. Ахаң араб әліпбиінің таңбаларын қысқартып, 23 таңбаға түсірді. Жуан және жіңішкелікті ажырататын дәйекше арқылы ұлттың тілінде жазу жазуға болатын реформа жасады. Осы алфавит арқылы «Қазақ» газеті мен жүздеген кітап шығарды.

Негізі ұлт ұстазының 150 жылдық мерейтойы тұлға туралы көп мәлімет беретін деңгейде ұйымдастырылуы керек еді. Мысалы туған жері Торғайға барғанда Ахмет Байтұрсынұлының еліне барғандай сезінетіндей болуымыз керек еді. Мерейтой тек қана бізде емес, өзімізбен бауырлас мемлекеттерде Ахаңның ескерткішін қойсақ нұр үстіне нұр болар еді. Мысалы біз Түркияға барғанда Ахаңның ескерткіші тұратын болса, қандай керемет болар еді.


– Тұшымды сұхбатыңызға көптен көп рахмет!

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?