Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жас сарбаздарды Кенесары ханның рухында тәрбиелеу керек – Ернат Мэлсұлы

1815
Жас сарбаздарды Кенесары ханның рухында тәрбиелеу керек – Ернат Мэлсұлы - e-history.kz

Сурет: gov.kz

Биыл Қазақтың ең соңғы ханы Кенесары Қасымұлының 220 жылдық мерейтойы. Осы мерейтойға орай ағылшын тілінің маманы, білікті аудармашы, журналист Ернат Мелсұлы Астана – Қарағанды бағытында «Кенесарыға – 220 жыл» деген тақырыпта велошеру ұйымдастырды. Аталған сапар шілденің 19-ы күні сағат таңғы 04:00-де елордадағы Хан Кененің ескерткішінен басталып, сол күні кешкі сағат 17:00-де Қарағанды қаласындағы Тәуелсіздік стелласында түйінделді. «Қазақстан тарихы» порталы 225 шақырым 420 метр қашықтықты 13 сағат 43 минутта жүріп өткен әуесқой велошабандоз Ернат Мелсұлымен әңгімелескен еді.

– Астанадағы Кенесары хан ескерткішінен Қарағанды қаласына велосипедпен шығып, жұртты тәнті еттіңіз. Бұл сапарға шығуға не түрткі болды?

 

– Кенесары ханның туғанына 220 жыл толу мерейтойына орай велошеру жасасам деп көптен бері ойлап жүр ем. Осы уақытқа дейін Хан Кенеге байланысты қандайда бір іс-шара ұйымдастырылатын шығар деп күттім. Өйткені мерейтой болып жатқан жерге велосипедпен барсам ерекше болар еді. Әйтсе де елімізде Кенесары ханның мерейтойына байланысты бірде бір іс-шара ұйымдастырылмады.

 

Жуырда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлытауда Ұлттық құрылтай өткені көпшілікке белгілі. Ал кезінде Ұлытау жерінде Кенесарыны ақ киізге отырғызып, хан етіп көтерген болатын. Өкінішке қарай ол жақта да билік тарапынан ханға байланысты ештеңе айтылмады. Ал өзіңіз секілді журналистер мен ақын-жазушылар қал-қадірінше жазып та, айтып та жатыр. Дегенмен билік тарапынан ұлы ханға арналған бірде бір іс-шараның өтпегені қынжылтты. Елордада Ақмола бекінісі салынғандықтан Кенесарымен тікелей байланысы бар жер ғой. Астана әкімдігі тарапынан ханға байланысты қандай да бір іс-шара ұйымдастырылуы керек еді. Өкінішке қарай жергілікті билік тарапынан қыбыр еткен адам болмады.

 

Негізі мұндай велошеру ұйымдастырған кезде оның қисыны мен мазмұны болу керек. Мәселен, елорда мен Қарағанды қаласының арасы 220 шақырым жер болады. Яғни, хан Кененің 220 жылдығына 220 шақырым жер велосипедпен жүріп өттім.

 

Астанадағы ханның ескерткішінен басталған велошеруде Кенесары көшесі мен Абылай хан даңғылы арқылы Астана – Қарағанды тас жолына түстім. Ал Қарағанды қаласына Абылай ханның ақылшысы болған Бұқар жырау даңғылы арқылы кіріп, сапарым Тәуелсіздік стеласында аяқталды. Өйткені Тәуелсіздік үшін күрестің басты қаһарманы Кенесары хан екені көпшілікке белгілі.

 

Бүгінде біз Тәуелсіздік үшін күрескен деп Алаш арыстарын көп дәріптейміз. Бірақ олардың алдында хандық жүйе жойылып, отаршылдық қамыты қыса бастағанда оған қарсы Хан Кене бастаған мыңдаған сарбаз күресті бастаған болатын. Қазақтың ең соңғы ханы азаттық үшін арпалыста аянып қалмаған. Ол өзінің саналы ғұмырын ел мен жерді қорғап, қазаққа қызмет етуге арнады. Біздің елде президент пен премьер-министр секілді лауазымды тұлғалар билікте жүрген кезде ғана халыққа қызмет еткен болады. Ал лауазымнан кеткен соң елге қызмет етуден тыйылып, қара басын күйттеп кетеді. Менің ойымша, өмірінің соңына дейін туған халқына қызмет еткен Кенесары ханнан біздің басшылар үлгі алуы керек. Ханның мерейтойы өз дәрежесінде тойланбай жатуына қарап – біздің басшылар Кенесарыны пір тұтпай жатыр деп ой қорытуға болады.

 

Негізі біздің елдің тарихи санасында Кене ханға байланысты үлкен үрей бар. Шындап келгенде Кенесары хан халыққа рух беретін тұлға. Мұны Сталин секілді басшылар кезінде жақсы біліп, тиімді пайдалануға тырысқан. Әу баста Совет үкіметі немістерден жеңіле бастаған кезде идеологтар қазақ секілді жауынгер ұлттың батырларын дәріптеуге көшкен. Сталиннің тапсырмасынан кейін Хан Кене туралы тарихшы Ермұхан Бекмаханов диссертация қорғады. Бірақ Совет билігі «Іс бітті, қу кетті» деп өз мақсаттарына жеткен соң хандарды дәріптеуге болмайды деп тарихшыны 25 жылға соттап жіберді. Ал Ілияс Есенберлин «Қаһар» (Хан Кене) романын жазғаннан кейін 10 жылға сотталды. Зиялы қауым өкілдері арасында сотталу мен қудалуға байланысты үрей әлі де бар. Бұл әрине отаршылдықтың зардабы. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асса да әлі күнге дейін құл секілдіміз.

 

– Өкінішке қарай, өзіңізді Хан Кененің ескерткішіне барып шығарып сала алмадық. Ал билік тарапынан қолдау-қолпаштау болды ма?

 

– Негізі бұл сапарға ойланып-толғанып жүріп бір күн бұрын ғана әлеуметтік желіде жарияладым. Сондықтан да елорда әкімдігі немесе ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне ресми хат жазған жоқпын. Оның үстіне отбасылы болғандықтан әлеуметтік жағдайымызды тиянақтап жүремін де, орайлы сәтті іштей күтіп жүремін. Нақтырақ айтсам, велоспортпен кәсіби түрде емес, жай ғана әуесқой деңгейде айналысып жүрмін. Кейде шешімдер көптен бері ойымызда жүреді де бір-екі күн қалғанда қабылданады.

 

Ал енді қолдауға келетін болсам ешкімге «Мені шығарып салыңыздар» деп айтқан жоқпын. Себебі таң атпай адамдарды ханның ескерткішіне шақырып, мазалағым келген жоқ.

 

– Әдетте тұлғалардың мерейтойына байланысты іс-шара ұйымдастырылатын болса, әкімшілік тарапынан қаржылай қолдау алып жатады. Ал сіз қаржылай көмек алу үшін басшылардың алдына бардыңыз ба?

 

– Шынымды айтсам, велошеру секілді жобаларды іске асырған кезде менің басшылыққа алатын екі қағидам бар: бірінші істеп жатқан жұмысыңды міндетсінбеу, екіншісі алақан жайып кісіге кіріптар болмау. Өйткені бұл тұлғалардың өмірі мен өсиеті кіраптар болып, жағымпазданбауға үндейді. Адам барынша тұлға ретінде дамып, елге риясыз қызмет ету керек. Осы идеямен сусындаған соң маған әлдекімнің алдына бару ұят секілді болып тұрады.

 

Бірақ велошеруге Ақтоғай, Жаңаарқа аудандарына және Ақмола, Павлодар, Қостанай облыстарына, Семей қаласына шыққан кезде жергілікті билік өкілдері іліп әкетіп жатады. Жолға шыққан кезде қонақ үй мен ас-суға көп ақша жұмсамаймын. Ішкі саясат, мәдениет, спорт және жастар басқармаларының басшылары мен орынбасарлары хабарласып, саламатты өмір салтын, ел мен жерді, патриотизмді насихаттап жүргенім үшін қолдау білдіріп жатады. Алайда биыл халықаралық деңгейде велошеру ұйымдастырғалы отырмын, Қазақ елінің атынан жат жерге шығатын болғандықтан, билік пен кәсіпкерлер, жалпы халық демеуші, қолдаушы боламын деп жатса, бұл көмектен бас тартпаймын.

 

– Қарағандыда Кенесары ханды жазалауға атсалысқан Патшалық Ресей үкіметі әскерінің басшысы болған Иван Семенович Карбышевтың немере інісі Дмитрий Карбышевтың атында көше бар екен. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болғанда еліміздің ірі қаласында Хан Кенеге қарсы соғысқан адамның ұрпағының атында көше болғаны қалай?

 

– Иә, Қарағанды қаласындағы Оңтүстік-Шығыс ауданында Дмитрий Карбышев деген шағын көше бар. Бұл шағын көше болғанымен елдің назары ауатын жерде орналасқан. Бір қызығы Дмитрийдің ағасы Иван Карбышев Патшалық Ресейдің жазалаушы отрядының басшысы болған. Ал Кенесары хан Патшалық Ресейдің отарлау саясатына қарсы 10 жыл бойы күрескен. Осы күресті басу үшін баскесер, қанішер адамды тағайындау қажет болғанда ол қызметке Иван Карбышевты таңдаған. Ол Кенесарының әскерін ғана емес, сонымен қатар қарапайым халықты да қырған. Иван 1824 жылы Қарқаралыда алғашқы округті ашыпты. Кейін округтің қосшы биі (заседателі) қылып Иванның немере інісі, Қарағандыда көшесі бар Дмитрийдің әкесі Михаил тағайындалған.

 

Бір қынжылтатыны, қазақтың тәуелсіздігі үшін күрескен сарбаздарды жазалауға атсалысқан Карбышевтың туысының атындағы көшені Қарағанды қаласынан алып тастай алмай отырмыз. Оның Кенесары ханды жойып, қазақты басыбайлы бодан етемін деген адамның ұрпағы болғаннан басқа «еңбегі» жоқ. Егер біздің шын мәнінде тәуелсіз ел екендігіміз рас болса, аталған көшені ауыстыруымыз керек. Аталған адамның атындағы көше - қаланың орталығында орналасқанымен шағын көше. Сондықтан да ол көшені Хан Кененің атына ауыстыру лайықты дей алмаймын. Бірақ кейін кімнің атын берсе де Карбышев деген атты алып тастау қажет. Өйткені ол көше университеттің жанында орналасқандықтан студенттер жиі жүретін көше. Мысалы, өзім Қарағанды мемлекеттік университетінде оқыған кезде аталған көшемен жиі жүретінбіз. Ол кезде Дмитрий Карбышевтың кім екенін анық білмейміз. Кейін оның Кенесары ханның әскерін жазалаушы отрядты басқарған адамның ұрпағы екенін білдім. Дмитрий туралы жазған авторлардың барлығы «оның ағасы керемет болған, басмашыларды қырған, ерлік көрсеткен» деп мақтанады. Ондай адамның атын біз несіне сақтауымыз керек? Кенесары ханның әруағынан ұят емес пе?

 

Негізі ханды өлтіру – қазақ мемлекеттілігін жою деген сөз. Кейбір адамдар Кенесары ханды ғана өлтірді деп ойлауы мүмкін. Ал шын мәнісінде мұның астарында қазақты ұлт ретінде жойып, жерін басып алу жатыр емес пе?!!

 

Сондай-ақ елордадағы Жастар ықшам ауданындағы Қараөткел (Көкбел) зиратында Хан Кененің 200 сардары, яғни қол басқарған офицерлері жерленген. Аталған зиратқа кіреберісте мемориалды кешеннің макеті тұр. Аталған кешен 2008 жылдан бері «Әні салынады, міне салынады» деп келе жатыр. Бірақ сол мемориалды кешен әлі салынған жоқ.

 

Биыл Хан Кененің 220 жылдығы мен Қазақстан қарулы күштерінің 30 жылдығы қатар келіп отыр. Қарулы күштер саласында қызмет етіп немесе білім алып жатқан азаматтарға ханның кім екенін түсіндіретін іс-шаралар ұйымдастырылса нұр үстіне нұр болар еді. Себебі Кенесарының әскери саладағы айла-тәсілі мықты болған. Тіпті оны отарлаушы Патша үкіметінің әскери мамандары жоғары бағалаған. Оның «Дала дауылы» немесе шешендердің «Имам Шәмілі секілді» деген лақап аты болған. Өйткені ханның әскери тактикасы керемет болған. Тек қана ол жаңа заманға сай технологиялық қару болмаған соң жеңілді. Ал Қазақстан қарулы күштеріне оның қолбасшылық өнері мен әскери рухы керек емес пе? Менің ойымша, жас сарбаздарды Кенесары ханның рухында тәрбиелеу керек.

 

– Қарағанды қаласында Кенесары көшесі бар ма?

 

– Өкінішке қарай, Қарағанды қаласында Хан Кенеге арналған көше жоқ. Есесіне онда Бетонная, Асфальтная, Социалистическая деген мән-мағынасы жоқ көшелер бар. Кезінде бұл атауларды бергенде, ешкімнен пікір де сұраған емес. Сондықтан мемлекеттік идеологияға сай емес көшелерді бір қаулының күшімен, бірден ауыстыра салу керек.

 

Қазіргі таңда кенішті қала елорда секілді жылдан жылға кеңейіп, жаңа аудандар салынып жатыр. Міне осы жаңа аудандардың бірінен Кенесарының құрметіне орай даңғыл беруге болады. Көшені былай қойғанда Қарағандыда ханға арнап ескерткіш қойса да әбден жарасады. Өйткені Кенесары қазақтың ресми түрде сайланған легитимді ортақ ханы болғандықтан, оның есімі еліміздің кез келген өңірімен, оның ішінде Қарағанды облысымен тығыз байланысты. Мәселен, Қарқаралы өңірінде Үңгіртас және «Кенесары асқан» аталып кеткен жерлер бар.

 

– Көпшілігіміз 220 шақырымды айтпағанда 2-3 шақырым жерге велосипедпен бара алмаймыз. Сіздің велоспортқа деген қызығушылығыңыз қалай басталды?

 

– Мен негізі кәсіпқой спортшы емес, жай ғана әуесқой велошабандозбын. Жалпы мен спорттық дәреже алайын деп ұмтылған емеспін. 2015 жылдан бері велосипед теуіп, саламатты өмір салтын ұстанып жүрмін. Ондағы мақсатым велосипедті қоғамдық көлік ретінде пайдаланып, үй мен жұмыстың арасында қатынау болатын. Оның үстіне үлкен пәтер алу керек болды да жолақыға кететін қаржыны үнемдеу үшін Қытайдан шыққан велосипедті 48 мың теңгеге сатып алдым. Жолақыға жұмсайтын қаржыны есептеп көргенде маған екі дөңгелекті көлікпен жүру тиімді болды.

 

Негізі ауылдың баласы болғандықтан бір жағынан атқа мініп, екінші жағынан күресіп, жүгіріп, доп теуіп бұрыннан спортқа жақын болып өстім. Мәселен, әлі күнге дейін күн сайын кемінде 3 шақырым жерді тұрақты түрде жүгіремін. Қалаға келгеннен кейін фитнес залына барып, жаттығып көргенмін. Жабық ғимараттың ауасы тар, әрі абонемент алу үшін ақша төлеу керек болды. Ал велоспортпен айналысқан кезде далада жүретіндіктен денсаулыққа пайдалы. Оның үстіне экологиялық тұрғыдан таза көлік.

 

Осыдан 3 жыл бұрын астананың 20 жылдығы мен Әлихан Бөкейханның атақонысы Ақтоғай ауданының 90 жылдығына орай Астанадан Ақтоғайға велосипедпен бардым. Алғаш рет астанадан өзімнің туып-өскен Ақтоғай ауданына 500 шақырымдық сапарға шықтым. Ол кезде велошеруді тұрақты ұйымдастырып тұрамын деген ой болған жоқ. Тек туған жеріме айрықша құрмет көрсеткім келді. Сол кезде халық қолдап, ерекше қабылдады.

 

Одан кейін 2019 жылы Жаңаарқа ауданының 90 жылдығы мен Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына орай Қарағандыдан аталған аудан орталығына дейін сапарға шықтым. Жалпы ұзындығы 208 шақырым болатын жерді темір арбаммен бірге жүріп өттім.

 

2020 жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай астанадағы ұлы ақынның ескерткішінен бастап автобанмен Ерейментау, Екібастұз, Павлодар, Семей арқылы Жидебайдағы Абай мен Шәкәрімнің кесенесіне бардым. 1088 шақырым жерді 8 күнде кесіп өттім.

 

Былтыр Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Ыбырай Алтынсарының 180 жылдығына байланысты велошеру жасадым. Астанадағы ағартушының атындағы көше небәрі 700 метр болатын тұйық, бір сөзбен айтқанда тұлғаға лайықсыз көше. Сол жердегі нашар үйге Ыбырай Алтынсарыға арналған тақта тас қойылған. Осыған назар аударту үшін велошеруді ағартушының атындағы көшеден бастадым. Оның үстіне астанада Ыбырайға арналған лайықты ескерткіш те қойылмаған. Ахмет атамыздың атындағы көше бойындағы мектеп алдына мүсіні қойылды, бірақ ол білім ордасының ауласында болғандықтан, көпшілік бара алмайды. Астанадан басталған сапар Қостанайдағы өзі іргетасы қалаған мектепке дейін ұласты. Алты күнде 750 шақырып жолды кесіп өттім.

 

Соңғы 3 жылда жыл он-екі ай қысы-жазы велосипедпен жүре беретін болдым. Негізінде велосипед күн жылы кезде жүртін маусымдық көлік саналады ғой. Қазір мен аязды күндер мен жауынды кезде де жолда жүре беремін. Мысалы биыл Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай елордадағы триллион паркте «150 жылдыққа 150 шақырым» деген атпен велошеру жасадым. Негізі аталған парктың бір айналымы 3 шақырым екен, мен оны 50 рет айналып шықтым. Мұндай шара бұрын-соңды елімізде өтпеген соң Қазақстан рекордтар кітабы – «Кинэс» өкілі Қуандық Құдайбергенов келіп арнайы тізімге енгізді.

 

Сондай-ақ Қасиетті рамазан айында «Оразадағы 99 шақырым» деген атпен елорданың сыртындағы айналма жолмен жүріп өттім. Алайда аталған айналма жол 109 шақырым болады екен. Оразада ішпей, жемей ауыр велосипедпен жүрдім. Рамазан айындағы осы іс-шара арқылы Қазақстанның Рекордтар кітабына екінші рет ендім. Негізгі мақсатым рекорд орнатайын деген ниет емес. Жақсы идеялар келгенде оны сынап көрейін деп әр түрлі іс шараларды ұйымдастырып жүрмін. Жалпы 7 жыл ішінде белесебетпен кемінде 20 мың шақырым жүріппін.

 

– Бұған дейін біраз жобаны жүзеге асырып, жұрттың ықыласына бөлендіңіз. Болашақта алға қойған қандай жоспарыңыз бар?

 

– Алдағы тамыз айында астанадан шығып Бурабайдағы Кенесары ханның үңгіріне баруды көздеп отырмын. Негізгі мақсатым Қазақтан мен әлем елдерін қытайдағы қандастарымыз «темір ат» деп атайтын велосипедпен аралап шығу. Бөтен елге барғанда кім мені құшақ жайып қарсы алады дейсіз?! Далада қалуым да мүмкін ғой. Сондықтан арнайы шатырмен жүріп, қос құрсам деген жоспарым бар. Бурабайға барғанда осы тәжірибені алғаш қолданайын деп отырмын. Кенесарының үңгірінің жанында шатырымды тігіп, отқа тамақ пісіріп сонда түнегім келеді.

 

Одан кейінгі мақсатым халықаралық велошеру жасау болып отыр. Ең бірінші сапарымды ЮНЕСКО көлемінде 150 жылдық мерейтойы тойланып жатқан Ахмет Байтұрсынұлының құрметіне арнаймын. Халықаралық деңгейде тойланып жатқандықтан оған өз тарапымнан үлес қосуым керек. Ахаңның туған күні яғни 5 қыркүйек күні ағартушының туған жері Сарытүбек- Ақкөлден велошеру басталады. Одан Торғай мен Әулиекөлге тоқтаймын. Әулиекөлде Ахмет Байтұрсынұлымен байланысты «Мұғалім» деген көл бар. Ахаң болашақ жары Бадрисафа апамызбен тап осы Әулиекөлде танысқан екен.

 

Одан кейін Қостанай қаласына, әрі қарай Ақтөбеге барамын. Ақтөбе облысындағы Бестамақ деген жерде Ахмет Байтұрсынұлы сабақ берген екен. Ақтөбеден кейін Атырауды кесіп өтіп Ақтау қаласындағы Құрық порты арқылы пароходқа отырып Бакуға барамын. Ахаң 1926 жылы Баку қаласында Бүкілодақтық бірінші түркологиялық сиезіне қатысып, түркі халықтарына ортақ әліпбиді ұсынған болатын.

 

Сондай-ақ Бакуде биыл туғанына 155 жыл толып отырған Дінмұхаммед Сұлтанғазин жерленген. Бірақ қай жерде екені әлі күнге дейін белгісіз. Дінмұхаммед Сұлтанғазин – Санкт-Петербор университетін бітірген, алғашқы ұлт баспасөзінің бірі – «Дала уалаяты» газетінің редакторы болған, араб, парсы, түрік, татар, орыс және француз тілдерін меңгерген. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның туысы. 1910 жылдан өмірінің соңына дейін Бакудегі діни орталықта шығыс тілдерінен сабақ берген. Бұдан бөлек, Әзербайжанда Низамидің жерленген жеріне тәу етсем және одан әрі Қазақ деген аудан мен қалаға барсам деп отырмын.

 

Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойынан бөлек Абайдың «Толық адам» деген идеясын насихаттап, осы заманда жастарға қалай жетістікке жетуге болады деген сұраққа жауап берсем деймін. Өзімнің осы бағытта «Толық адам және 4 даму» деген жобам бар.

 

Негізі «Толық адам» деген жетістікке жеткен немесе жетістікке жету жолында еңбектеніп жүрген адам. Баку, Тбилиси, Анкара, Стамбұлдағы Абай атындағы көшелер мен ескерткіштері және мәдени орындарға барып, ақын рухына тағызым етсем деген ниетім бар.

 

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, биыл Стамбұлға дейін бармақшымын. Осы 3 елмен де Тәуелсіз Қазақ елінің дипломатиялық қарым-қатынасының орнағанына 30 жыл. Бұдан басқа сапар барысында шетелге кеткен қандастармен кездесіп, оларды туған жерге оралуға шақырғым келіп отыр. «Болашақ» бағдарламасының шәкіртақы иелерімен де жүздессем деймін.

 

– Әңгімеңізге рақмет!

 

P.S. Ернат Мелсұлы Қарағандыдан елордаға қайтар сапарында тағы да велосипедпен келіп, Кенесары ханға арналған велошеруді . Салауатты өмір салтын ұстанған азаматтың Әзербайжан мен Грузия арқылы Түркияға сапары сәтті болады деп сенеміз.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?