Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Түркі топонимдері

2428
Түркі топонимдері - e-history.kz

Түркілердің Еуразия географиясындағы тарихи өмірінің, сарқылмас тіл мен ой-пікір әлеуетінің (потенциалының) барлық іздері, шынайы көрінісі өздері тудырған мәдениеттің ономастикалық қабатында кең түрде сақталып келеді. Түркі антропоним, этноним және топонимдерін мынадай төрт топқа бөліп қарастыруға болады.

1. Өзі пайда болған ең көне кезеңдерден бастап қазірге дейін өзгеріссіз жеткендері;

2. Белгілі бір фонетикалық, морфологиялық, лексикалық форма мен мазмұндық өзгерістермен қолданылатындары;

3. Қазіргі түркі тілдерінде тиісті тілдің грамматикалық ерекшеліктеріне сәйкес өзгеріп, жаңа форма алғандары;

4. Көнеріп, қазіргі тілдерде қолданыстан шығып қалғандары.

Түркі ономастикасының ерекшеліктерінің бірі кейде бір сөз адамның да, жердің де атауы секілді екі қызметті, ал кейде тіпті этнос атауын да қосып алып, үш бірдей қызметті атқарады. Мысалы, Алтай, түркі, көктүркі, баят, оғыз, түргеш, қара, қызыл, мұған, сарай тағы басқалары. Азияның шығысынан батысына, Еуропаның оңтүстік-шығысына дейін созылып жатқан, қазіргі Ресей, Қытай, Моңғолия, Тибет, Үндістан, Пәкістан, Ауғанстан, Иран, Ирак, Сирия, Арабия және өзгеде елдермен шекаралас аймақтарды да қамтитын территорияда ірі мемлекеттер мен империялар құрған түркі халықтары ұзақ ғасырлар бойы осынау ұшы- қиырсыз кеңістікте өмір сүргендіктен аталған аймақтардың географиясы түркі топонимдеріне өте бай. Мысалы, тек «Такла» топонимі Қытайдан Балқан түбегіне дейінгі территорияда кең таралған. Қытайдың, негізінен Шыңжан (қытай тілінде - Xinjuan) Ұйғыр автономиялық ауданын да қамтитын Такла-маканның территориясы 300 мың шаршы шақырым. Ұйғырлардан оғыздарға дейін көптеген түркі текті халықтар өздері өмір сүрген жерлерге осы атауды берген. Орта Азия республикаларында, Әзербайжан, Түркия, Иран және Арменияда (қазіргі уақытта бұл жердегі барлық түркі тарихи топонимдерін өзгертіп, армян тіліне бейімдеген) «Такла» топонимі көбірек таралған. Оның бұлай кең түрде таралуының басты себебі таклалықтардың ұзақ уақыт бойы Ұлы Жібек жолы бойында сақшылық қызметін атқарғаны болса керек. Жалпы алғанда, Ұлы Жібек жолы түркі елдерінің мыңдаған шақырымдық территориясын басып өткендіктен, түркі этногеографиясының топонимдік іздері осы жолдың координаттарында өзіндік көрініс тапқан.

Түркі топонимдері - жер атаулары Ұлы Жібек жолының бағыттары мен траекторияларын айқындаған пункттар болып саналады.

Мысалы, Алтай, Турфан, Үш Турфан, Тарым, Такла-Макан, Жаркент, Қара шахар (Янги), Куча, Ақсу, Қызылсу, Қашқар, Түркістан және тағы басқалары.

Ұзақ ғасырлар бойы Орталық Азия - тікелей көне дәуірдің түркі этнонимі ретінде «Түркістан» (кейінірек этносаяси дихотомияның нәтижесі ретінде - Шығыс Түркістан және Батыс Түркістан) деп аталған. Ал Тұран болса, Түркістанмен қатар, Моңғолиядан Түркияға дейінгі кең байтақ гео-саяси кеңістіктің этномәдени тұрғыдан қабылданған атауы. КСРО құрылған кезде құрамында «түркі» деген сөзі бар топонимдер түгелдей дерлік ауыстырылды. Белгілі саяси мақсатқа сай территориялық бірліктерге құрамында «түрк (түркі)» деген сөзі бар жер атауларынан басқа кез-келген атауды қоюға рұхсат болатын. Сол себепті түркі әлемінің территориясы жағынан ең үлкен,

әрі түркі халықтарының тығыз шоғырланған бөлігі болып саналатын «Түркістанның» атауы «Орта Азия» деген атаумен ауыстырылды. Орыстандыру және кеңестендіру саясаты Кавказ аймағы мен Орталық Азияның (Түркістанның) ұлттық- саяси құрылысын топонимикалық карталарына дейін өзгертіп, жат сипат беріп, оның өзіне тән геосаяси ерекшеліктерін адам танымастай бүркемелеу мақсатын көздеген болатын. Бірақ тарихи ақиқатты жоққа шығару еш мүмкін емес. Сол себепті аймақтың топонимикасы мәселесі оған тек бір жақты саяси мақсаттармен қараудың орнына, тарихи фактілерге сүйенуді талап етеді.

Түркі өркениеті өзінің жоғары даму сатысына қадам басқан дәуірінен - шамамен біздің дәуіріміздің V ғасырынан бастап, түркілердің төл географиялық мекені де («Қара төбе», «Топырақ қала» тағы басқалары), адамдардың антропологиялық ерекшеліктері де түркі әлеміне тән әлеуметтік-мәдени ортамен тығыз байланысты болған. Себебі түркі өркениетінің бұл аймақтағы ежелгі тарихы (б.з.д. II-I мыңжылдық) антропонимикалық, этнонимикалық және топонимикалық тұрғыдан одан да көне, терең, өшпес із қалдырған. Бұл іздер ең алдымен олардың өзі тудырған тарихи ескерткіштерде көрініс тапқан. Әрине, белгілі бір тарихи дәуірлерде үнді-еуропалық нәсілге жататын ежелгі халықтар да осы территорияда өмір сүрген, бірақ ғылым Орталық Азияның түркі өркениетінің тарихи мекені екенін еш тартыссыз түрде дәлелдеп берді. Дәл осы мекеннен түркі өркениеті Еуразияның алып территориясына кең тарала дамып, мың жылдар бойы континенттің үстем өркениеті болған. Түркі антропоним, этноним және топонимдерінің өзгеруіне тарих бойы әсер еткен ең маңызды фактор-түркі мемлекеттері мен империялары құрылып, кеңейген дәуірлерде олардың түрленіп, жаңа формалық, мазмұндық ерекшеліктер алуы; ал түркі халықтарының басқа мемлекеттер мен империялардың құрамына енген дәуірлерде осы ономастикалық бірліктер белгілі саяси, идеологиялық және діни себептерге байланысты өзгертіліп, жаңа атаулармен алмастырылды. Мысалы, түркілердің исламға дейінгі тарихында түркі антропоним, этноним және топонимдері тек кейбір сирек жағдайларда болмаса, негізінен, толықтай түркі сипатында болған (антропонимдер: Тұман (Думан, Тумын), Муған, Истеми, Бумын, Білге Қаған, Күлтегін, Тоныкөк, Білге Құтлығ, Алтун, Долы, Арслан, Болушад, Бақа-шад, Іл Күлік-шад, Тардуш-шад, Таман, Чулу хан, Итмиш-бек, Сығын, Ерентүрк, Инел, Ертүрк, Ишбар-хан, Есентүрк, Ирбис-хан, Өзтүрк, Тунчтүрк және тағы басқа этнонимдер: ғұндар, түркіттер, ғұздар, қара ғұздар, бұлғарлар, қарлұқтар, дулулар, ұйғырлар, аздар, тоғыз оғыздар, үш оғыздар, отыз татарлар, утригурлар, өзбектер, баяндар, қанғарлар, қаңлылар, қашқарлар, кенгерестер, ойраттар, сарматтар, қыпшақтар, қырғыздар, қазақтар, буряттар, басмалылар, татабтар, хазарлар, хакастар, чубандар, чумилер, шорлар, якуттар және тағы басқа топонимдер:

Өтүкен, Орхон, Енисей, Ақтағ, Теңіртағ, Алашан, Алтын-күл, Ангара (Анкара), Астана, Байбалық, Байкал, Бесбалық, Болчу-оғыз, Буғур, Бұзқала, Темір-қапығ (Темір қапы, Темір қақпа), Еділ, Гоби, Жейхун, Журжан, Ертіс, Испанақ, Ыстық көл, Қарақорым, Қарақұм, Қашқар, Құбан (Кубань), Қашқалақ, Курган, Нарын, Ока, Селенга, Талас, Ташкент, Терек, Тоқмақ, Тува, Турфан, Урал, Ұлақан, Үрімші, Хатай, Чили, Чор, Чирчик, Шудын, Удық-баш, Юлдуз, Аймын, Маңғышлақ және тағы басқалары).

Түркілер исламды қабылдағаннан кейін этноним мен топонимдер азырақ, ал антропонимдер (адам аттары) көбірек ислам діни мәдениетінің ықпалында қалып, мұсылманданған (Мұхаммед, Әли, Хасан, Осман, Фатима, Сакина тағы басқалары). Бірақ тіпті түркі-ислам мемлекеттерінде де ономастикалық жүйе өзінің төл өзегін сақтап қалуға тырысқан: салжұқтар, атабейлер, тимуридтер, қарақойлылар, ақ қойлылар және тағы басқалары.

Соңғы жүз жылда мынадай процестің куәсі болдық: XX ғасырда антропонимикалық жүйеде орыс және Еуропа ықпалы көбірек көрініс тапты (Руслан, Гамлет, Офелия, Тамелла тағы басқалары).

Ал XХ ғасырдың соңдарына жақын бейне бір осы ғасырдың басындағы ұлттық ағартушылық әрекеттің жалғасы іспетті жаңадан ұлттық есімдер (Турғут, Эртоғрыл, Октай, Яшар, Элхан, Севил) антропонимикалық жүйеде басымдық алып, классикалық түркі мәдениетіне тән есімдердің қазына-қоры біртіндеп ашыла бастады (Алтай, Бейрек, Оғыз, Гүнел, Турал, Алпер, Тунжер, Тунжай). Тек тәуелсіздік алғаннан кейін барлық түркі республикаларында табиғи түрде өзінің түп-тамырына оралудың терең процестері жүре бастады, адам, жер және тек (әулет) атаулары қайта қалпына келтірілді, не болмаса толықтай жаңартылды. Басқа түркі елдерінде болғаны секілді Ресей империясы мен Кеңестер Одағы кезеңіндегі территориялық бірліктер, жер атаулары (Гөйтепе - Пришиб) және адамдардың тектері (-ов, -ев, -ский секілді қосымшаларымен) «орыстандырылған» еді. Қоғамдық-саяси өмірдің барлық салаларында болғаны секілді, тәуелсіздік ономастикалық бірліктердің де ұлттық сипат алуына жол ашты. Мысалы, көне Гянджа қаласы 1804 жылдан 1918 жылға дейін «Елизаветполь» деп аталған болатын. Ал 1918 жылы Әзербайжан Демократиялық Республикасы қаланың «Гянджа» деген атауын қайта қалпына келтірсе де, 1935 жылы бұл атау қайта өзгертіліп, қалаға большевик қайраткер - Кировтың аты беріліп, «Кировобад» деп аталды. Әзербайжан ұлт-азаттық қозғалысының алғашқы толқынында 1989 жылы Гянджа атауы қайта қалпына келтірілді. Кезінде Баку қаласының көптеген көшелеріне саяси-идеологиялық мақсатта орыс атаулары қойылған болатын. Кейін бұлар да толықтай өзгертілді. Орта Азиядағы түркі республикалары да өздерінің ономастикалық саясатын осы бағытта жүргізуде. Түркияда бұл процесс бұдан ертерек - XX ғасырдың отызыншы жылдарында Мұстафа Кемал Ататүріктің түрік тілінің ұлттық негізде жаңғыруына бағытталып, соның ішінде ономастикалық проблемаларды да қамтитын реформалармен басталып, 1970 жылдарға дейін жалғасын тапқан болатын. Түркі өркениетінің соңғы жүз жылдағы динамикалық дамуы (бұл процестің ең үлкен оқиғасы - тәуелсіз түркі республикаларының құрылуы) оның әмбебап ономастикалық саясатының жүзеге асуына да жол ашты. Бұл үшін қажетті берік іргетаста да бар. Түркі өркениетінің шығыстан батысқа қарай бет алған тарихи қозғалысы оның бұдан да көп жаңғырып, заманауи сипат алуына себеп болған. Тек бұл процесс түркі мәдениетінің түп-тамырын ұдайы сақтап қалғанда ғана нағыз мән-маңызға ие болады. Тарихи факторлар түркі халықтарының ішіндегі ең пассионар, тәуекелшіл тайпаның оғыз түрктері болғанын көрсетеді. Соған қарамастан, олар түркі халықтарының оң мағынадағы консервативті бұтағы.

Көктүрктік негізде қайта түлеп, көтерілген оғыз түрктері Еуропаға қарай жылжып, оның іргесінде - Азияның батысында қуатты мемлекеттер мен империялар құрды. Оғыз түрктерінің XVI ғасырдан бері соңғы 500 жылда құрған топонимикалық географиясы бұл тайпаның қайда барса да, тарихын кешенді түрде өзімен бірге алып баратынын көрсетті. Тарихи тамыры тереңге жайылған оғыз түрктерінің тайпалары - қайы, баят, алқа-бөлік, языр, дөяр, додұрға, япарлы, авшар, қызық, байділі, қарқын, баяндыр, паченег, чавулдур, чепни, салур, ала-юндлу, юрегир, ығдыр, бүрдүз, йыва, қынық, және тағы басқаларына қатысты Анадолыда жүздеген жер атауы бар.

Көріп отырғанымыздай, оғыздар түрктердің топонимикалық картасын тек өздерінің тектік атауларымен – этнонимдермен қалыптастырған. Ал олардың көпшілігінің түп-тамыры ұлы түркі жұрты - Орталық Азия.

Түрк халықтары келешекке тек саяси-идеологиялық жүйелерінің беріктігімен ғана емес, тарихи атаулар жадының өзгеріп, өшпейтін біртұтастығы арқылы да қарыштап адымдап барады.

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

Жаваншир Фейзиев «Түрк әлемі»,

В.Малявин «Қытай өркениеті»,

Лев Гумилев «Ежелгі түркілер»,

Кляшторный С.Г «Түркі тайпаларының ежелгі тарихи мәселелері»,

Фарук Сумер «Оғыздар, түркімендер»,

Махмұд Қашқари «Диуани лұғат-ат түрік»

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?