Ауғанстандағы соңғы оқиғалар ел басшылығының ғана емес, сонымен қатар ғылыми-сарапшы қоғамдастықтың да және елдің қарапайым азаматтарының да ерекше алаңдаушылығын тудыруда. Бұл оқиғалар Орталық Азия мен Қазақстанға қалай әсер етуі мүмкін? Нені күтіп, неге дайын болу керек? Сондықтан қазір барлығы үшін басты басымдық – Орталық Азиядағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Мемлекет тарихы институтының ғылыми қызметкері, саяси ғылымдар кандидаты Б.Р. Шериязданов Qazaqstan Tarihy порталына халықтарымыз бен мемлекеттеріміз арасындағы өзара қарым-қатынастарының тарихы жайында баяндап берді.
Ауғанстан - Орталық Азия аймағының ең ірі елі, біздің көршіміз және онда не болып жатқанын елемеуге болмайды. Халқының саны Қазақстан халқынан екі есе көп, 38 миллион тұрғыны бар. Ауғанстанның ұлттық құрамы көпэтносты: халықтың 40% - ын пуштундар, 36% - ын тәжіктер, 10% - ын хазарлар, 8% - ын өзбектер, 2% - ын түрікмендер және қалған 4% - ын басқа этностық топтардың өкілдері құрайды.
Қазіргі жағдайда Қазақстан басшылығы Ауғанстандағы проблемаларды шешу мәселесіне өзіне тән прагматизммен қарайды: ол оқиғалардың қайнаған ортасына араласпайды, бірақ сонымен бірге жағдайды назарында ұстауға тырысады. Негізгі ставка, шамасы, проблемаларды және олардан туындайтын барлық қауіптерді өз аумақтарына жақын жерде шешуге тура келтірмей, оларды Ауғанстан аумағында тоқтату үшін жасалады. Осы тұрғыда Қазақстан Президенті Қ-Ж. Тоқаев ТМД елдерін «Ауғанстанды қалдырмауға» шақырған өзінің соңғы сөздерінің бірінде елдің ұстанымын нақты айқындады. Ол «біздің саяси көзқарастарымыз бен жеке сеніміміз қандай болмасын, біз Ауғанстан халқын бұрын-соңды болмаған қиындықтармен қалдырмауымыз керек» деді.
Қолданыстағы тарихнамалық материалдар негізінде қазақ-ауған қарым-қатынасының тарихын қарастырып, талдай отырып, оны шартты түрде мынадай даму кезеңдеріне бөлуге болады:
- қарым-қатынастардың ерте тарихы (XVIII ғасырдың 60-шы жылдары Абылай хан мен Ахмаду шах);
- кеңестік қарым-қатынас кезеңі (1979-1989 Кеңес әскерлерінің қатысуымен болған Ауған соғысы);
- Тәуелсіздік кезеңі (1992 жылдан бастап дипломатиялық қатынастар орнатылуы).
XVIII ғасырдың ортасында Қазақ хандығының оңтүстігінде Иран империясын алмастырған жаңа Ауған мемлекеті пайда болғаны белгілі. Тәуелсіз мемлекеттің бастауында тұрған абдал тайпалары өз атауын дуррани (інжу) деп өзгертті, ал Ахмад шах (інжу) өзі құрған әулеттің атауына айналған Дурр-и Дурран (Дуррани) – «інжу маржанның асылы» атағын алды. Содан кейін Ахмад шах 1750 жылы бүкіл Ауған жерін бағындырып, Хорасан, Панджаб, Кашмир, 1750-1754 жылдары кейбір өзбек иеліктерін жаулап алып, 1761 жылы Делиге жақындады. Дуррани державасы Орта Азия, Иран, Шығыс Түркістан елдерін Оңтүстік Азия мемлекеттерімен байланыстыратын ірі сауда торабына ие алып мемлекетке айналды. Дуррани империясы 2 100 мың шаршы шақырымға созылып, тіпті Франция, Италия, Испания және Ұлыбританияны қоса алғандағы көлемінен асып түсті. Замандастарының пікірінше, Ахмад бұл елді 80 мың тұрақты, 200-300 мың жалдамалы әскердің, 2 мың жеңіл және 40 ауыр қару-жарақтың күшімен жаулап алған. Айтпақшы, ауғандықтар артиллериялық қарудан басқа, атысы 1 шақырымға жеткен «эрабан» зымыран қондырғыларын да қолданған.
1760 жылдар ауған мемлекетінің, оның билеушісі Ахмадтың ең қуатты дәуірі болды. Бұл ретте оның мемлекеттік мүдделері шығыста алып Қытай елімен қиылыспады. Оның негізгі себебі - Қытай Жоңғар мемлекетін жер бетінен жойып, өзінің әскери күшін оңтүстік-батысқа, мұсылман елдеріне бағыттауы болды.
Орталық Азиядағы саяси-экономикалық жағдай түбегейлі өзгерістерге ұшырады. 1756-1757 жылдары қазақтар, 1758-1759 жылдары қырғыздар, өзбектер қытай әскерлерімен бетпе-бет шайқасты. Дәл осы кезде Дуррани империясының шах Ахмад пен қазақ хандары, Орта Азия хандықтары арасындағы дипломатиялық қатынастардың ерекше нығаюы заңдылық еді. XVIII ғасырдың 60-жылдарының басында Абылай хан Орта Азия билеушілеріне, Ахмад шахқа елшілер жіберіп, қытай экспансиясына жол бермеу туралы мәселені көтерді. 1762 жылы Ауған шахы қазақтың бас ханы Әбілмәмбетке жазған хатында Абылай ханды Қытайға елшілік аттандыруға ықпал еткен жағдаймен таныс екенін ашық айтады. Абылай және басқа да билеушілер Ахмадқа көмек сұрап жүгінеді. Осындай келісімдерден кейін Ауған шахы Қытайға елшілерін жібереді. 1762 жылы 18 қарашада Қытай императоры ауғандардан хабар алып, шекара бастықтарына арнайы бұйрықпен «ауғандардың алғашқы елшілігі, олардың үлкен және біртұтас мемлекеті» туралы ескертіп, оларға ерекше құрмет көрсетуді бұйырады. 40 адамнан тұратын ауған елшілігі Құтшымыр ханның басшылығымен 1762 жылдың күзінде Қытайға барып, Орталық Азияның солтүстік-батыс аймағындағы Цин империясының дұшпандық саясатына қарсылық білдіреді. Қайтып оралған елшілік қазақ даласына соғып, хандарды Ахмад шахтың жоспарымен таныстырады. Осыдан кейін Ауғанстан басшысы Абылай ханға тағы да арнайы хат жолдап, онда соғыс болған жағдайда әскери одақ құру, қытай әскерлеріне азық-түлік, көлік жағынан көмектеспеу туралы ашық айтады. 1763 жылдың бірінші жартысында Ахмад шах шын мәнінде Цин империясымен соғысқа дайындалып, әскери одақ құру ниетімен қазақ даласына, Хиуа, Бұхара, Қоқанға жаңа елшіліктер жібереді. Ауған мәселесінде қазақ билеушілері өздерінің ішкі бірлігін сақтап қалды деп айтуға болады. Көп ұзамай Әбілмәмбет хан Түркістанда үш жүздің өкілдері қатысып, қазақ-ауған мәселелерін талқылаған жиын ұйымдастырады. Құлсары батырдың мәліметінше, оған 6 мың адам жиналған. Жиында Ауған-Қытай соғысы басталса, Ахмад шах әскерлеріне қолдау көрсету туралы шешім қабылданған. Олар сондай-ақ Абылай ханның келіссөздер жүргізу үшін Қытайға елші жіберуі керектігін белгілейді. Ахмад шах хатында Абылайға Цяньлунның 40 адамнан тұратын елшілік жібергенін: «Боғдыханның мұсылман дініндегі халықтарды және Қашқар, Жаркент сияқты басқа да осы тектес елдерді басқаруға құқығы жоқ» деп ескертеді. Осының барлығы қазақ билеушілерінің Қытай саясатын дипломатиялық жолмен реттеуге және оны жүзеге асыру үшін көршілес мұсылман елдерімен тығыз келіссөздер жүргізуге ұмтылысын айғақтайды. Осы уақытқа дейін екі алпауыт – Ресей мен Қытайдың арасында ел тәуелсіздігін сақтаудың көп векторлы курсын жүргізген Қазақ хандығы Ауғанстан шахымен сұрапыл соғыс жылдарында нығайған саяси дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Осылайша Орталық Азиядағы мұсылман мемлекеттері мен Цин империясы арасындағы текетірес бейбіт жолмен шешілді. Қазақтар да, өзбектер де, қырғыздар да қанды қырғынды қалаған жоқ. Өз жолында жасалған ішкі келісімдер мен дипломатиялық қарым-қатынастардың әсерінен Қытай Шығыс Түркістаннан әрі жылжи алмады. 1760-шы жылдардағы Азия елдерінің Ауғанстанмен бірлескен саясаты кезеңін Ш.Уәлиханов былайша бағалаған «Орталық Азия билеушілері біраз уақытқа дейін өзара талас-тартысты ұмытып, Кандагар билеушісі Орталық Азияның ең қуатты билеушісі Дуррани әулетінің негізін қалаушы Ахметті басшысы етіп сайлаған одақ құрды», «Қытай өз шекараларын Ташкент, Сайрам, Созақ және Түркістанға дейін созбақ болған кезде Цин империясының қозғалысы тоқтатқан бұл одақ, дегенмен, нәтижесіз аяқталды». Бүгінде қырғыз тарихшылары да Шоқан пікірінің дұрыстығын толықтай қолдайды. 1760-1765 жылдар арасында өзара келісімге қол жеткізілгенін, соғыстың бірлесе жүргізілген дипломатиялық саясаттың арқасында аяқталғанын мұрағат құжаттары мен жоғарыда аталған мәселемен терең таныс зерттеушілер дәлелдейді. Бұл сол кез үшін үлкен жеңіс еді. Қазақ, өзбек, қырғыз, ұйғыр бауырлас халықтарына қолдау көрсеткен, елшілік жіберіп, Қытайдың назарын аударып, Абылай ханмен сенімді байланысты қолдаған Ахмад Шах тарихта «мұсылмандардың қорғаушысы» ретінде қалды. Қазақ билеушілерінің, соның ішінде Абылай ханның көрші елдермен салмақты саясаты XVIII ғасырда біртұтас мемлекетті, мемлекеттілікті, ұлтты сақтап қалды.
Екі ел арасындағы өзара қарым-қатынастың екінші кезеңі кеңес кезеңімен байланысты болды. Салыстырмалы тұрақтылықтың қырық жылдық кезеңінен кейін 1973 жылы Ауған монархиясы құлатылғаны белгілі. Билікке келген король Захир шахтың немере інісі, ханзада Дауд өзін президент деп жариялайды. Оны өз кезегінде, көп ұзамай билік үшін өзара күрес бастаған Халықтық Демократиялық партияның (ХДП) марксистері 1978 жылы тақтан тайдырады. Алайда, КСРО-ның қолдауымен олардың режимі ел азамат соғысының тұңғиығына батып кеткенше тағы 14 жыл бойы сақталды. Осылайша, Ауғанстандағы қақтығыс бірнеше ондаған жылдар бойы жалғасып келеді. Бұл көптеген әртүрлі факторлармен, соның ішінде этникалық әркелкілік, діндарлық деңгейі, сауатсыздық, өмір сүру деңгейінің төмендігі, сыртқы ойыншылардың үздіксіз араласуы және т.б. әсерінен туындап, қолдау тауып отыр. Бір жағынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті қолдаған елдің үкімет күштері мен НАТО-ның жекелеген мемлекеттері мен Пәкістан қолдаған моджахедтердің әскерилендірілген жасақтары арасындағы Ауғанстандағы әскери қақтығыс 1979 жылдан бастап 1989 жылға дейін он жылға созылды. Қазақстандықтар кеңестік әскери контингент құрамында Ауғанстандағы әскери қақтығысқа қатысты. 1979-1989 жылдар аралығында Ауғанстандағы интернационалдық борышын өтеуге Қазақстаннан 21239 әскери қызметші жіберілген. 1979 жылдан 1989 жылға дейін 947 адам қаза тауып, 1770 адам жарақат алған. Бұл соғыста қаза болғандар туралы нақты деректер әлі жоқ. Кейбір сарапшылардың есебінше, олар бір миллионнан екі миллионға дейін адамды құрайды.
Кеңес әскерлері шығарылғаннан кейін Ауғанстандағы азамат соғысы жаңа күшпен өрши түсті. Исламистермен оңаша қалған Кабул жеңілген үстіне жеңіле берді. 1991 жылғы Мәскеудегі тамыз төңкерісінен кейін Ауған билігінің жағдайы одан сайын тұрақсыз бола түсті. 1992 жылы сол кезеңдегі Ауғанстан басшысы Наджибулла кеңестік қару-жарақсыз қалды. Сәуірде моджахедтер Кабулды басып алды.
Азаматтық соғысынан пәре-пәресі шыққан Ауғанстанда аренаға жаңа исламдық қозғалыс «Талибан» (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) шықты. Лидері Мұхаммад Омар болды. 1996 жылдан бастап 2001 жыл аралығында елді радикал исламистер бақылауында ұстады. 2001 жылдың 11 қыркүйегінде ұяшықтары Ауған аумағында орналасқан «Әл-Каида» тарихтағы ең ірі террорлық шабуылдардың ұйымдастырушысы және орындаушысы болып танылды. Алайда, Талибан Усама бин Ладенді АҚШ-қа беруден бас тартты. Бұған жауап ретінде АҚШ 7 қазанда «Талибан» режимін құлату және «Әл-Каиданы» жеңу мақсатында «Мызғымас бостандық» операциясын бастады. Ауғанстанда 2001 жылы желтоқсанда БҰҰ-ның «Кабулдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және елдің уақытша басшылығына көмектесу үшін» қарарына сәйкес Халықаралық қауіпсіздік күштері құрылды. Контингент саны 2011 жылға дейін тұрақты өсіп, елу елден жіберілген 130 мыңнан астам адам болды. Алайда тәліптер елдің оңтүстік-шығысындағы және оңтүстігіндегі жету қиын аймақтарға өтіп, сол жақта тұрып қалады. Орталық үкімет тек Кабулды басқарды, аймақтар шын мәнінде Солтүстік альянс мүшелерінің дала командирлерінің бақылауында болды. 2003 жылдан бастап «Талибан» (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) Ауғанстан-Пәкістан шекарасындағы ешкім бақыламайтын тайпалық аймақтарды база ретінде пайдаланып, қайта күш жинай бастады. Жылдан жылға партизандық соғыс пен лаңкестік әрекеттердің қарқындылығы арта түсті. 2021 жылы коалиция әскерлері шығарылғаннан кейін «Талибан» (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) еш қиындықсыз билікке келді.
Өзара қарым – қатынастың үшінші кезеңі - тәуелсіздік кезеңі. Қазақстан 1992 жылы 12 ақпанда Ауғанстан Ислам Республикасымен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Қазақстандағы Ауғанстан елшілігі 1993 жылы ашылып, алдымен Алматыда болды, ал 2005 жылы Қазақстан астанасына көшірілді. Ауғанстанда 2002 жылдан бастап Қазақстанның дипломатиялық миссиясы жұмыс істеп, 2003 жылы елшілік болып қайта құрылды. Қазақстан Ауғанстанмен ЕҚЫҰ, ШЫҰ, АӨСШК, ҰҚШҰ, ОАӨАҮО сияқты халықаралық ұйымдар шеңберінде белсенді ынтымақтастық жасайды. Қазақстан қаржылай-гуманитарлық қолдау көрсетіп, ел экономикасына инвестиция құюда. Екі ел арасындағы сауданы реттеу және дамыту шеңберінде Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Ауған үкіметаралық комиссиясы ұйымдастырылды. Экспорттың негізгі бөлігін бидай ұны құрайды. Соңғы жылдары оның экспорттағы үлесі 60 пайыздан асты. 2007-2016 жылдар аралығында ұн экспорты 1,79 млн долларды құрады. Сонымен қатар, Ауғанстан Қазақстаннан 10 жыл бойы тұрақты негізде 303 млн АҚШ доллары көлемінде бидай сатып алып отыр. Негізгі экспорттық тауарлар арасында қара металдардан жасалған бұйымдар, химиялық препараттар, арпа, темекі, тыңайтқыштар және зығыр тұқымдары бар. Қазақстанның Ауғанстаннан импорты біртекті емес, оның өрлеуі мен құлдырауы көбінесе секірмелі. Білім беру саласында Қазақстан мен Ауғанстан арасында келісім бар, оған сәйкес Қазақстан 2010 жылдан бастап 2017 жылға дейін Ауғанстанның 1 мың азаматын, оның ішінде 700 адамды жоғары оқу орындарына, 300 адамды техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау мүмкіндігін білдірді. ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, қазір Қазақстанда 200-ден астам ауғандық студент білім алуда. Жалпы, Қазақстан Ауғанстандағы шиеленісті азайту үшін тұрақты түрде гуманитарлық күш-жігер жұмсап келеді. Ауғанстандағы Орталық Азияда халифат құруға ниетті діни радикалды топтардың жандануына жоғарыда аталған тарихи оқиғалардың барлығы белгілі дәрежеде ықпал етті деуге болады. Мұндай бастамаларды негізінен халифат құруды Тәжікстан аумағынан бастағысы келетін тәжік содырлары көтеріп отыр. Сарапшылардың тағы бір тобы Орталық Азияны таңдауды радикалды топтар тарапынан экологиялық терроризм әдістерін қолданудың қолайлы мүмкіндіктерімен байланыстырады. Аумағының 93% - ын таулар құрайтын Тәжікстан Орталық Азиядағы ірі су ресурстарының біріне ие. Көптеген трансшекаралық өзендер Памир тауларынан бастау алады. Бұл өзендерде ірі су қоймалары бар гидроэлектростанциялар орналасқан. Мысалы, егер өзеннің жоғарғы ағысындағы ГЭС-тердің бірі террорлық шабуыл нәтижесінде жарылса, онда Пяндж және Әмудария өзендерінің төменгі ағысында орналасқан ГЭС-тер де құлайды, бұл Тәжікстан, Өзбекстан, Түркіменстан және Қазақстан аумақтарын су басумен қауіпті. Оның үстіне, егер осы өзендердің суын улау жүзеге асырылса, Орталық Азияның биосферасына апатты зиян келтірілуі мүмкін, іргелес аймақтардың барлық тұрғындары зардап шегеді. Ауғанстан аумағында орналасқан деструктивті күштер тарапынан осындай ықтимал қатерлер мен қауіптерді «Талибан» (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) қозғалысына да байланысты мәселелер тұрғысынан қарау қажет.
Айта кету керек, «Талибан» (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) қозғалысы діни және саяси көзқарастар тұрғысынан да, этникалық жағынан да біртекті емес. Әсіресе оның діни құрылымы күрделі. Фиқһ мәселелерінде «Талибан» (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) ханафи мазхабын, діни наным мәселелері бойынша - Матуриди мен Ашари ілімдерін ұстанады. Сонымен қатар, «Талибан» (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) көбінесе бір-біріне қарама-қайшы діни көзқарастағы түрлі радикалды топтарды біріктіріп, өз қатарларына жұмылдыра алды. Атап айтқанда, олардың қатарына дәстүрлі сүнниттік мазхабтарды мойындамайтын түрлі псевдосәлафилік ұйымдар қосылды. Мәліметтерге қарағанда, қазір «Талибанның» (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) құрамында «Ислам мемлекеті», «Әл-Каида», «Лашкар-и-Тайба», «Джамаат Ансарулла», «Өзбекстан ислам қозғалысы», «Хизбут-Тахрир» және «Шығыс Түркістан ислам қозғалысы» (Қазақстанда тыйым салынған ұйымдар) сияқты террористік және экстремистік ұйымдардың жақтастары бар. Тәліптер исламның біріктіруші рөлін тиімді пайдаланып, түрлі топтардың мүдделері тоғысатын оңтайлы нүктелерді таба алды. Біріктіруші факторлар арасында: исламоцентризм, есірткі бизнесіне қарсы күрес, елді батыс күштерінен босату және теократиялық мемлекет құру. Сарапшылар Ауғанстанда, сунниттер басым аумақтарда тәліптерді өте жылы қарсы алғанын, көптеген қалалар мен ауылдардың ұрыссыз берілгенін баса атайды. «Талибандардың» (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) саяси даму, мемлекет құрудағы жүйелі көзқарасы бойынша әлі бірауыздан пікірі жоқ деуге негіз бар. Олар Ауғанстандағы соғыс - ұлт-азаттық соғыс екенін және шет елдерге, соның ішінде көршілес елдерге зиян тигізбейтінін мәлімдейді. Алайда, көріп отырғанымыздай, фактілер басқаша сөйлейді: Ауғанстан аумағындағы «Талибан» (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) қозғалысын қолдаушы радикалды топтардың экстремистік және террористік әрекеттері «Талибан» (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) қозғалысының ресми мәлімдемелеріне қайшы келеді. Халифат идеясы аясында «Өзбекстан Ислам қозғалысы» (тыйым салынған ұйым) болашақ халифаттың орталығы өзбек Ферғанасы болуы керек деп санайды. «Шығыс Түркістан ислам қозғалысы» (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) ұйымы Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы («Шығыс Түркістан») мен Қазақстанның Жетісу облысын («Батыс Түркістан») біріктіріп, ұйғыр ислам мемлекетін құруды көздейді. Осылайша, «Талибан» (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) ішіндегі топтардың мақсат-мүдделері қазіргі Ауғанстан территориясының шекарасынан шығып, Қытай мен Орталық Азия аймақтарын басып алуға бағытталған. Ауғанстанда билікке келген «Талибан» (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) қозғалысы мемлекет ішіндегі жағдайды реттеуге бар күшін салып жатқанымен, одан туындайтын қауіп-қатер әлі де сақталуда. Уақытша үкіметті құрып, тәліптер елдің бүкіл аумағын және сонымен бірге Ауғанстандағы жағдайды толығымен бақылауда екенін мәлімдеген болатын. Бірақ, тәліптерге берген уәделерін орындау әлі де мүмкін емес сияқты. Мүмкін уақыт өте келе бұл орындалар. Бұл инклюзивті үкіметке де қатысты, сондықтан көптеген елдер «Талибанмен» (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) байланысудан бас тартады. Тәліптер әзірге ел аумағын радикалды террористік ұйымдардан бақылауға, халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге: оны азық-түлікпен қамтамасыз етуге, қаржылық қауіпсіздікті қалпына келтіруге (еңбекақы, жеңілдіктер мен жұмыс орындарының барлық түрлері) және денсаулық сақтау мекемелерінің жұмысын қамтамасыз ете алмай отыр. Көптеген сарапшылар атап өткендей, көрші елдермен шекаралардың жабық болуы, мемлекеттің қаржылық активтерінің бұғатталуы, сондай-ақ өнімділіктің өте төмен болуы жағдайында Ауғанстан жаппай ашаршылық алдында тұр. Бұған қоса, қазірдің өзінде айқын байқалған азық-түлік дағдарысы аясында елде ұлттық валютаның күрделі инфляциясы және онымен бірге бағаның өсуі байқалады.
Жоғарыда айтылғандардың бәрінен маңызды сұрақ туындайды: Қазақстан тәліптерге қатысты қандай саясатты құруы керек?
Қазіргі уақытта Қазақстанның Ауғанстандағы Елшілігі белгілі бір тәуекелдерге қарамастан жұмысын жалғастыруда. Бұл біздің еліміздің тәуекелдер туралы хабардарлығын және «Талибан» (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) басшылығымен одан әрі өзара әрекеттесу алгоритмін талқылауға дайын екенін білдіреді. «Талибандар» (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) билікке келген алғашқы күндерден-ақ біздің елшілік қандастар мен қазақстандықтарды тарихи отанына көшіруге көмектесті. Ел басшылығы Ауғанстандағы қазіргі әскери-саяси жағдайды ескере отырып, «аралық» дипломатиялық шешім қабылдады және алдағы оқиғалар оның орындылығын көрсетуі керек. Қазіргі таңда біз үшін басты басымдық - Орталық Азиядағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және БҰҰ миссиялары арқылы қарапайым халыққа гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі күш-жігерді үйлестіру екені анық. Осыған байланысты үстіміздегі жылдың 5 тамызында Орталық Азияның бес мемлекеті басшыларының консультативтік кездесуі өтті, оның ішінде Ауғанстандағы жағдай контекстінде аймақтық қауіпсіздікке қатысты мәселелер талқыланды. Қазіргі күрделі жағдайды ескере отырып, Президенттің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Е.Қазыхан бастаған еліміздің делегациясы Кабулға жұмыс сапарымен барып қайтты. Қазақстан Президентінің арнайы өкілі Ауғанстанның қазіргі әкімшілігінің өкілдерімен кездесулер өткізді. Қазақстанның ауған халқына гуманитарлық көмек көрсету және сауда-экономикалық байланыстарды қалпына келтіру мәселелері талқыланды. Қазақстан делегациясының басшысы Президент Қ-Ж. Тоқаевтың өкімімен Ауғанстанға 5 мың тонна ұн түрінде гуманитарлық көмек жеткізілгенін атап өтті. Ол сондай-ақ Қазақстанның Ауған тарапына коронавирусқа қарсы отандық QazVac вакцинасын беру туралы ұсынысын жеткізді. Ауған тарапы Қазақстанның БҰҰ агенттіктерімен бірлесіп, Ауғанстан халқына гуманитарлық жеткізілімдерді одан әрі кеңейту бойынша қабылдап жатқан қадамдары туралы хабардар етілді.
Өз кезегінде ауған тарапы көрсетілген гуманитарлық көмек үшін алғысын білдіріп, Ауғанстанды қалпына келтіру жөніндегі халықаралық күш-жігерге еліміздің елеулі үлесін атап өтті. Кездесулер барысында дәстүрлі сауда-экономикалық байланыстарды қалпына келтіруге және ауған студенттері үшін Қазақстанда білім беру бағдарламаларын жалғастыруға өзара мүдделілік білдірілді. Сонымен қоса Ауғанстанның қазіргі әкімшілігінің өкілдері қазақстандық вакцинаны жеткізу туралы ұсынысты қызығушылықпен қабылдады. Е.Қазыхан сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілімен, Ауғанстанға жәрдем көрсету жөніндегі БҰҰ миссиясының басшысымен кездесті. Сондай-ақ, ел басшылығының Ауғанстанға көмек жеткізу үшін Алматыда гуманитарлық хаб құру туралы ұсынысы БҰҰ-да мақұлданғанын атап өткен жөн. Алматыда БҰҰ миссиясының уақытша кеңсесі жұмыс істейді және Ауғанстанға жәрдемдесу бойынша БҰҰ миссиясының офисін Алматыға көшіру мүмкіндігі қарастырылуда.
Осылайша, Қазақстан басшылығы Ауғанстанды Ахмад Шах заманынан бергі дәстүрлі достас мемлекет ретінде қалпына келтіру және дамыту бойынша жан-жақты гуманитарлық көмек пен күш-жігер жұмсауда. Қазақ және Ауған халықтарының, Орталық Азия халықтарының өзара қарым-қатынастарының тарихы көрсетіп отырғандай, бейбітшілікке, даму мен өркендеуге өңірдің барлық тараптарының келісілген ұстанымының арқасында, сыртқы күштердің араласуынсыз немесе әсерінсіз қол жеткізуге болады.