Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қолдан жасалған тарих – болашаққа жасалған қиянат

2036
Қолдан жасалған тарих – болашаққа жасалған қиянат - e-history.kz

Тарих – таусылмайтын, сарқылмайтын иен байлық. Оның бүгінгі де, келешектегі де ахуалы тарихшыларға, оқырмандарға, әсіресе, ұстаздарға байланысты. Тарих оқулықтары, мектептегі тарихтың жағдайы туралы бүгін біз Облыстық дарынды балаларға арналған Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатында тарих пәнінің оқытушысы Думан Темешевпен тілдесіп, тарихи оқулықтар төңірегінде әңгіме өрбіткен едік.

Думан Наушаұлы, әңгімеміздің басын мұғалімдік кәсіппен, сіз жұмыс істейтін білім ошағы және ондағы оқушылардың тарихқа деген қызығушылығынан бастасақ деп едім...

Білім саласында жұмыс істеу – тынбай  аққан ағысы қатты өзенде толқынмен алысып, тәуекел атты желқайықпен жүзгіштер жарысына қатысқанмен бірдей толассыз еңбек дер едім. Себебі білім бәсекесі күннен-күнге қызып, білім сапасы мен білім беру мекемелерінің материалдық жағдайын жетілдіру талабы жылдан-жылға күшейтіліп отырған заманда өзгелерден қалғың келмесе, уақытпен бірге адымдап, жүгіре басып қызмет етуге тура келеді. Міне, осылайша еңбек етуге машықтанып, жүйелі, тұрақты ырғақпен абыройлы қызмет атқарып келе жатқан бәйге-жүйрігіміз – бұрынғы «Үміт» атауымен елімізге белгілі, қазіргі "БҚО әкімдігі білім басқармасының "Облыстық дарынды балаларға арналған Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты" коммуналдық мемлекеттік мекемесі. 2001 жылы 1 қыркүйекте ашылған білім ордасы БҚО, Теректі ауданына қарасты Подстепное ауылдық округінде орналасқан. Әрине, оқушыларымыздың тарихқа қызығушылығы жоғары. Оған дәлел – балаларымыз жыл сайын пәндік олимпиада, түрлі ғылыми жобалардан облыстық, республикалық жүлделерге ие. Әрдайым ҰБТ-дан орташа балы жоғары көрсеткіштерге жетіп отыр. Биыл біздің ордамызға 20 жыл толды. Адам ұдайы өткенін іздейді, соған байланысты осы уақыт аралығында біздің гимназиямыздан түлеп ұшқан тарих, археология, мәдениеттану мамандықтарына түскен студенттер жеткілікті.

Тарих шынайы һәм тарихшы еңбегіне адал болуы үшін не қажет?

      Ащы да болса шындықты айту керек, сонда ғана шынайы тарихшының еңбегі адал болады. Ол үшін әуелі мына сұраққа жауап беруіміз керек деп ойлаймын. Ол – «Тарихшы болу үшін не керек?» деген сауал. Тек қазақ тілін білу, даурықпа патриот болу бүгінгі күні жеткіліксіз. Рулық құрылысты, шежірені білуің, өткенді аздап бағамдай алуың да мардымсыз. Тарихшы тарихи фактімен сөйлеуі керек. Яғни, тарих ғылымының концептуалды үрдістерін білуі керек. Жоғары түйсігі, білімі болуы қажет. Содан кейін ғылымды зерттеудің, жазудың жалпы әдістемесін, арғы өзегін ұғуы қажет. Бұл тұрғыдан шын тарихты, бұрмалаусыз тарихты жазуға тиіспіз. Онсыз ешқашан адал тарихшы бола алмайсыз.

Отарлаушының тапсырмасымен жазылған тарих қашанда шындықпен жанаса бермейді. Бүгінгі ұрпақ рухты кезеңдерімізді де, ақтаңдақ кезеңдерімізді де сол қалпында білуге тиіс. Ұлтымызға жасалған опасыздықтар мен сатқындықтардың себеп-салдарын ақтаратын күн жетті. Тарих жалғандықты кешірмейді. Қолдан жасалған тарих – болашаққа жасалған қиянат. Сонда ғана тарих шынайы һәм әділ болады.


WhatsApp Image 2021-10-21 at 16.39.54.jpeg

Тарих пәнінің мұғалімі Думан Наушаұлы Темешев


Мектептегі тарих пәнінде кеңестік кезеңдегі тарихты оқыту қаншалықты дұрыс? Бұл біздің өткенімізге деген өкінішті одан сайын өршіте түспей ме?

Әрине, жалпы кеңестік кезеңді оқытуды аса терістей алмаймыз, себебі басымыздан өткен тарих ұмытылмауға тиіс. Ал мектептегі тарих пәнінде кеңестік кезеңдегі тарихты оқыту сол кезеңнің оқулықтарын, авторларын қайта сүзгіден қарап шығудан басталады. Себебі тоталитарлық-казармалық жүйеде, одақтас республикалардағы ұлттарды бір халыққа айналдыру үрдісі, кеңестендіру идеологиясы, саяси қуғын-сүргінге ұшырату т.б. оқиғалары көптеп кездеседі...

...Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашаршылықтар болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында ашаршылық мәселесіне қатысты тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеудің қажет екенін айтқан еді. Сондықтан кеңестік кезеңде жарыққа шыққан әдебиеттерге, мұрағат қорларында сақталған құжаттарға ыждағаттылықпен қарауымыз керек. Кеңестік кезеңдегі тарихқа байланысты «Бұл біздің өткенімізге деген өкінішті одан сайын өршіте түспей ме?» деген сұраққа келетін болсақ, иә, расымен жоғарыда айтып өткенімдей қазақтың талай зиялылары, көшбасшылары әлдекімнің қарсы куәлік етуімен, жалған айыптаулармен еңбекпен түзету лагерьлеріне, айдауларға ұшырады. Қолдан жасалған ашаршылық, тың игеру барысында одақтас республикалардан басқа ұлт өкілдерінің ағылып келуі, қазақ мектептерінің жабылуы т.с.с. теріс әсерлердің әлі күнге дейін зардабын татып келе жатырмыз. Меніңше, қандай жағдай болмасын ХХ ғасырда еліміз өткерген жағымды, жағымсыз оқиғаларды балаларымыз біліп, қорытынды шығарып, одан сабақ алуға тиіс.

Тарихтың өзін идеология құралы ретінде көру немесе пайдалану маңызды ма? Олай дейтінім, мәселен, АҚШ пен Ресей мемлекеттері арасындағы идеологиялық күресте әрқайсы өз қоғамын ғана мақтап, дамыған деп көрсетуге тырысатын сияқты. Сол секілді осы тұрғыдан қазіргі Қазақстан тарихы обьективті шындықты жазып беріп отыр ма?

Идеология терминіне тоқталсақ, (грекше идса – ой, пікір, идея + логос – сөз) – ілім һәм қоғамдық сана деген мағына береді екен. (Халық тарих толқынында. Мақалалар жинағы. 1-том.-Астана:Фолиант, 2013. -71-72 беттер), қаламгер Қойшығар Салғараұлы: «...Ұлт санасының негізі – тарихи сана. Тарихи сана дұрыс қалыптаспай, ұлт санасын ояту мүмкін емес. Ал тарихи сананы ақиқатты арқау еткен шынайы тарих қана қалыптастыра алады. Тарих деген – ата-бабамыздың жанды өмірбаяны, басынан өткерген оқиғаларының, атқарған іс-әрекеттерінің шежіресі. Өткеннің өнегесінен үлгі алып, тарих тағылымын бойына сіңіре білген ұрпақ қана келешегін көрікті ете алады» деп жазды (Халық тарих толқынында кітабы, 101-бет). Белгілі профессор, тарихшымыз Мекемтас Мырзахметов те бір сұхбатында: «Біздің тарих – орыс пен қытай жазып берген тарих. Қазақты қазаққа қарсы қойып, үш жүзді бір-біріне қарсы қойды. Тарихты біз енді жазамыз, тәуелсіздікті алғаннан кейін, «Түркі халықтарының ұлы тарихы» жазылуы қажет...» деген еді. Әрине, осы отыз жыл ішінде елімізде «Қазақстан-2030», «Қазақстан-2050» тәрізді даму стратегиялары жасақталды, Ұлы Дала сахарасында елдік мақсат-мүддемізді сақтау мақсатында түрлі жолдаулар халыққа жарияланды. Әсіресе, тарихшыларға жақыны 2017 жылғы сәуірдегі «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» мен оның жалғасы болып табылатын 2018жылы қарашадағы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалалар туған елге сүйіспеншілгін білдіруге, тарихты обьективті жазуға, өткенімізді түгендеуге септігін тигізеді.


123456789.jpg


Тарих оқулықтарына қатысты қандай өзекті мәселелер бар? Тарихи кітаптардағы қандай қателіктерді көзіңіз шалып үлгерді?

Енді мен мұғалім ретінде мектеп оқулықтарына қатысты мәселеге тоқталғым келеді. Ешқандай сын көтермейді деп айта алмаймын, адами факторлардан болар, бірақ тарих оқулықтарында кейде қателіктер кездесіп жатады. Мысалы, Алматы, «Мектеп» баспасынан шыққан (2018ж.) 8-сынып Қазақстан тарихының 35-бетінде «1756ж. жаз айында екі топқа бөлінген қытай әскерлері қазақ даласына басып кірді. Алғашқы шайқас 1756 жылдың мамырында Шаған Оба аумағында болды...» немесе сол оқулықтың 32-бетінде «1848 жылдың аяғынан бастап Нұралы ханға 600 сом мөлшерінде мемлекеттік айлық тағайындалды» деп тұр. Жалпы 6,7,10-сынып оқулықтарын алып қарасақ, сәйкессіздіктер баршылық екенін көреміз.

Биыл қаңтар айында үкіметтің кеңейтілген отырысында "Мектептерде пайдаланылатын тарих оқулықтарында бұрмаланған мәтіндер көп. Мен өзім кейбір оқулықтарды оқып, сапасының төмендігіне таңғалдым. Тарихи оқиғалар мен фактілер оқушыларға бұрмалаусыз жеткізілуге тиіс. Сол себепті "Қазақстан тарихы" және "Дүниежүзі тарихы" бойынша бірыңғай мектеп оқулығын әзірлеуді және енгізуді тапсырамын", – деді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент ескерту жасаған соң, келешекте осы олқылықтардың орны толады деп сенемін.

Осы уақытқа дейін сіз білім беретін оқу ордасынан қанша тарихшы шықты? Мақтанышпен есімін жиі еске алатын оқушыларыңыз бар ма?

Осы уақытқа дейін гимназия ұясынан ұшқан көптеген түлектеріміз, республикамыздың түрлі ЖОО-ның тарих бөліміне қабылданды. Соның ішінде Охасова Дильназ, Нағымқызы Тоғжан сынды мақтанышпен жиі еске алатын шәкірттерім бар. Түрлі уақытта көзге түсіп, біз еңбек ететін білім ордасының мерейін үстем қылған Қадырбеков М., Аманов Б., Меңдібаева Л., Жұмағалиев С., Серікова С. сияқты оқушыларымды да ерекше ілтипатпен айта аламын.

Уақытыңызды бөліп, сұрақтарыма жауап бергеніңізге көп Рақмет!

 

 

 

 

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?