«Шебердің қолы алтын» дейді қазақ. Сөзге де шебер, іске де ұстаз халқымыздың зор мәдениеті мен өнерін паш ететін құндылықтардың бірі – қолөнер. Қазақ қолөнерінің өзіндік көпғасырлық шежіресі бар. Ол халықтың өмірімен, тұрмысымен бірге дамып, ұрпақтан ұрпаққа беріліп, ата-бабаларымыздың ертеден қастерлеп бағалай білген дүниесі. Қолөнер дүние жүзінің әр халқында бар. Сонымен қатар әр елдің, әр халықтың тарихи дамуына, тұрмысына, тарихи ерекшелігіне және эстетикалық талғамына байланысты өзіндік ерекшелігімен өшпес із қалдырған. Осы өнерді кәсіп еткен шеберлер Отырар өңірінде де аз болмаған. Олар Тегіс ұста, Тегісұлы Арын, Сыздық Ұста, Сыздықұлы Надайымбек, Қалдаяқ ұста т.б. Бүгінде олардың қолынан шыққан бұйымдары көне жәдігер болып музейде сақталса, есімдері тарих беттерінде жазулы.
Жергілікті қолөнершілер мен суретшілердің қолынан шыққан туындыларын көпшілік назарына ұсынып, өңірімізге келетін туристердің халқымыздың қолөнеріне деген қызығушылығы мен сұранысын тудыру мақсатында «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының ұйымдастырумен Қолөнер шеберлері мен суретшілер жәрмеңкесі өтті.
Жәрмеңкеде ағаштан, темірден, түйін түйген, жүннен көз жауын алатындай бұйым жасаған, асыл тастардан сән бұйымдарын соққан, сүйек пен мүйізді, шиді қиынынан қиыстырған халық шеберлерінің мақтауға тұратын өнер туындылары көпшілікке ұсынылып, еңбектері бағаланды.
Этнограф, қолөнер шебері, Қазақстан дизайнерлер және суретшілер Одағының мүшесі Кендебай Қарабдалов қолөнер шеберлері мен суретшілерге әділ қазылардың шешімімен ұйымдастырушылардың арнайы марапаттары мен сыйақыларын тапсырды. «Ең үздік суретші» номинациясы Ринат Табылхан, «Ең жас суретші» номинациясы Башар Самат иеленсе, «Ең үздік шебер» номинациясы Амангелді Бақытқа, «Ең жас шебер» Рысбай Эльвираға берілді.
Үздік туындыларымен үш орын тағайындалып, шеберлер марапатталды. Үшінші орынды Ердіңқұл Жұмабек, екінші орынды Өте Жанна, бірінші орынды Қалдарбеков Анарбай иеленді.
Жәрмеңкеге ат салысқан барлық шеберлер мен суретшілерге алғыс білдіріп, жұмыстарына толағай табыс тілейміз!