Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Атбасар өңірі – дерегі мол тарихи мекен

3064
Атбасар өңірі – дерегі мол тарихи мекен - e-history.kz

Қазақ этносының тарихы мен Қазақ мемлекеттілігі өзегінің пайда болуы Алтын Орда тарихымен тығыз байланысты. Қазіргі Атбасар ауданының аумағында Тоқтамыс хан, Едіге би, Орманбет би есімдерімен байланысты тарихи оқиғалар болып өткен. Атбасар қаласының даңқты тарихы туралы Qazaqstan Tarihy порталына Атбасар тарихи-өлкетану мұражайының ғылыми қызметкері Салтанат Тәжбенова әңгімелеп берді.

Ежелгі адам палеолит дәуірінде-ақ Солтүстік Қазақстанның далалық аумағын игеруді бастаған. Атбасар ауданының аумағында тас ғасыры кезеңіндегі адамның тіршілік әрекетінің іздері табылды.

Б.з. д. 5-3 мыңжылдықта қазіргі Ақмола және Қостанай облыстарының аумағында атақты археолог В. Ф. Зайберт Атбасар мәдениеті деген атау берген бірегей археологиялық мәдениет дамыды. Адамдар тұрған қоныс-мекендердегі шеберханалар осы мәдениеттен хабар береді, ол жерлерден шақпақтан жасалған көптеген еңбек құралдары – пышақ тәрізді пластинкалар, жапсырмалар, қырғыштар, найза мен жебенің жүздері мен ұштары және т.б. табылған. 

Елді мекендерде қыш ыдыстардың, жануарлардың сүйектері мен тұрғын үй құрылыстарының қалдықтары табылды. Атбасар мәдениеті жергілікті тұрғындардан, ежелгі аңшылар мен балықшылардан, шыққан. Жергілікті мұражайдың археология залында бірегей экспонаттар жиналған, олардың көпшілігін Ақмола облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қоры берген. Кейбір экспонаттар - жебе ұштары, пышақ жүзі, түйреуіш, түйме, қоладан, бақалшықтан, сүйектен алтын фольгамен қапталып жасалған әйелдердің әшекейлері Зеренді ауданындағы қазба жұмыстары кезінде табылды. Өткен ғасырдың 70-ші жылдары Атбасар ауданы аумағындағы ежелгі адамның қонысына Виктор Зайберт қазба жұмыстарын жүргізген, жұмыс барысында еңбек құралдары, қыш ыдыс-аяқ қалдықтары табылған. Атбасар ауданының аумағында табылған ежелгі жануарлардың сүйектері, мамонттың азуы, тісі, жіліншік және жауырын сүйектері, бизон, жүнді мүйізтұмсықтың сүйектері, бір кездері бұл жерде осы жануарлардың популяциясы болғанын айғақтайды. Мұражай экспозицияларының бірі ежелгі адамның жүнді мүйізтұмсықты, мамонтты аулағанын көрсетеді.

0c254439faeea46353daacfcfbb82881.jpg

Орта ғасырларда Сарыарқаның даласы арқылы көптеген ғұн тайпалары өткен, түркі халықтары, қимақтар мен қыпшақтар осы аумақта емін-еркін өмір сүрген, мұны көптеген археологиялық ескерткіштер растайды.

Атбасар өңірі Қазақ хандығының құрылу тарихымен тығыз байланысты. Атбасарға жақын жерде Орманбет деген жер бар. «Бұл жерде ұлыс билеушісі Мұстафа ханның ордасы орналасуы әбден мүмкін»,- деп санайды тарихшы Амангелді Қашқымбаев.

Шайбанид Мұстафа 1428 жылы Есіл өзені мен оның саласы Атбасар (Жабай болуы мүмкін) бойындағы ұлыстың иесі ретінде Әбілқайыр ханды ұлықтау үшін Чинги-Тура қаласына келеді. 1446 жылы Мұстафа Әбілқайырға қарсы қастандыққа қатысады. Ортағасырлық автор Шади «Фатх-наме» кітабында былай деп жазды: «Хакан (тәрізді) Фаридуну сол түні әскерді ретке келтіріп, әскердің ортасы мен екі қанатын ержүрек батырлармен және даңқты бахадүрлермен безендіріп, патшаларға лайықты әдет-ғұрып бойынша нық шешім қабылдаған аяғын әлемді жаулап алушының үзеңгісіне салыпп, Құдайға үміт артып, әлемді жаулап алушының асау атының тізгінін ат-Басар өзеніне бағыттады». Оның куәлігіне сәйкес, сол уақытта Мұстафа хан үлкен әскер жинап, оған қарсы шыққан, бірақ нәтижесінде жеңіліске ұшыраған.

Атбасардың сол жағалауында қанды шайқас болып, Әбілқайыр жеңіске жетеді. Мұстафа ұлысынан айырылып, Маңғышлаққа қашады.

702236e471f68d7909ab240d8c296060.jpg

Масуд бен Усман Кухистани «Тарих-и Абулхаир-хан» еңбегінде бұл шайқас Мұстафа хан мен Ваккас би арасында болғанын жазады. Олар сонымен қатар Ат-Басардың Есілге құятын өзен екенін хабарлайды. Есілге құятын ірі өзендердің бірі қазір Жабай деп аталатындықтан, Жабай-Ат-Басар өзенінің қазіргі атауы болуы әбден мүмкін.

Ежелгі кезеңнің сирек кездесетін ескерткіштері ерекше назар аударуды қажет етеді, сондықтан тарихи орындарды белгілеу үшін «Улькаяк-2021» экспедициясы киелі жерлерге бет алды. Зерттеу бір кезде осы жерде болып өткен тарихи оқиғалар туралы тұтас түсінік алуға мүмкіндік береді. Жергілікті тұрғындардың жадында бірегей ақпараттар сақталған, сондықтан да қазақтардың ел аузында сақталған аңыз-әңгімелерін жинап, зерделеуді жалғастыру қажет.

Атбасардың аты алғаш рет 19-шы ғасырдың 40-шы жылдарында атала бастаған. Сол кездері Көкшетау-Ақмола пошта жолында, Атбасар мен Керегетас өзендері қосылатын тұста, Орта Азиядан Петропавл мен Омбыға баратын керуендерді күзететін бекет пайда болады. Бекет бекініс болып, ал 1845 жылдан бастап станица болып өзгертіледі. Атбасар қаласының тарихын қаланың іргетасы қаланған 1845 ж. бастап жүргізеді. 19 ғасырдың 40-жылдары бұл жерді Ұлытаудан шыққан ірі байлардың бірі, аға сұлтан Ерден Сандыбаев билеген. Осы лауазым үшін ол Омбы генерал-губернаторына 2 мыңға жуық жылқы сыйға тартқан. 1878 жылы Атбасар уездік қалаға айналады. Революцияға дейінгі Атбасар, ақша айналымы 2 млн. рубльден асатын жыл сайынғы дәстүрлі жәрмеңкелерімен танымал болды. 1888 жылдан бастап Атбасар саяси тұтқындарды ресми жер аудару орнына айналды.

Музей залдарының біріндегі диорамада XIX ғасырдың аяғы – XX ғасырдың басындағы Атбасар бейнеленген. Ежелгі ғимараттар Атбасардың сәні болған, солардың ішінде православие шіркеуі ерекшеленеді, кеңес заманында онда Пионерлер үйі, музыка мектебі орналасқан, ақырында түк қалдырмай бұзып әкеткен. XIX ғасырдың аяғы – XX ғасырдың басында көпестер фурнитура, маталарын әкелетін мануфактура болған, бұл жерде жылына екі рет жәрмеңке өткізіліп тұрған. Айтпақшы, қала атауының Ат Базары деген нұсқасы осыған байланысты туған. Осындай жәрмеңкелердің бірінде Балуан Шолақ осы жерде өзінің атақты Ақбозатын сатып алған.

1928 жылдан бастап қала Атбасар ауданының әкімшілік орталығына айналды. Кеңес заманында Атбасар Приишимьяның ірі экономикалық аудан орталықтарының бірі болған. Қаланың өндірістік күштерінің дамуы негізінен тың және тыңайған жерлерді игеруге байланысты болды. Өнеркәсіп түрлі зауыттармен, соның ішінде жөндеу-механикалық зауытымен, темір-бетон конструкциялар комбинатымен, нан өнімдері комбинатымен, керамзит бетон бұйымдары зауытымен, автожөндеу зауытымен және басқа да өнеркәсіптік кәсіпорындармен ұсынылды.

Мұражай 1911 жылы салынған ескі ғимаратта орналасқан. Бұл үйде Атбасардың ең бай тұрғындарының бірі, көпес А. Белов тұрған. Кеңес заманында бұл ғимаратта әртүрлі қалалық ұйымдар, қалалық газ, тіпті милиция да орналасқан. 60-жылдары мұнда кітапхана болды. Кітапхана қызметкері Әмірова Клара Әмірқызы өлке тарихына әрқашан қызығушылық танытып, болашақ мұражайдың негізіне айналған түрлі экспонаттарды жинады. 1978 жылғы 5 қарашада мұнда тарихи-өлкетану мұражайы ашылды. Клара Әмірқызының құрметіне өзі тұрған қала көшелерінің біріне (бұрынғы Трудовая) есімі берілді. Ол тұрған үйде ескерткіш тақта орнатылған. Клара Әмірқызы Атбасар қаласының құрметті тұрғыны болды, өмірінің соңғы жылдары елордада тұрды.

25d329b670f24ef6f8ba6475fb7c2fb1.jpg

Атбасар Жабай өзенінің оң жағалауында (Есілдің саласы) құнарлы Есіл аңғарында орналасқан. Сондықтан аймақ бай флора мен фаунамен ұсынылған. Мұражайдың бірінші қабатында Атбасар өңірінің табиғатын көрсететін үш зал бар. Ерте көктемде осында ақ маңдайлы қаздар, қоңыр қаздар ұшып келіп, күздің аяғында жылы жаққа ұшып кетеді. Шауқарға, шіл, сайрақ, суықторғайлар осында қыстап қалады. Атбасарда суқұзғын, даурықпа шүрегей, өзен-көлдерде ұя салатын түрлі су құстары мекендейді, бұл жерде сұр үйрек, қарақұйрық үйрек, шағала, аққұтан мен көкқұтанды, қасқалдақ сияқты және басқа да құстарды көруге болады. Мұнда тіпті Қорғалжын қорығынан қоқиқаз да ұшып келеді.

Жыртқыштардың ішіндегі ең ірісі – қасқыр. Алуан түрлі түлкі де бар, бұлардың құрбаны көбінесі ақ қоян болады. Далада ірі кеміргіш – бобақ суырды кездестіруге болады.

Жабай өзенінде мөңке, қара балық, чебак, шортан, алабұға және басқа да балықтар мекендейді.

Қоңыз, өрмекші мен көбелектердің шағын топтамасын мұражайға Атбасар қаласының құрметті тұрғыны Шлоссер Ортвин Фридрихович сыйға тартқан. Ол көп жылдар бойы Атбасар қаласының «Молодость» халықтық би ансамблін басқарған. ды. Әуесқой энтомолог ретінде Ортвин көбелектерді, қоңыздарды және басқа жәндіктерді жинайды. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?