Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қара өлеңнің тарихи орыны

2488
Қара өлеңнің тарихи орыны - e-history.kz

Қоғамдық өмір мен әлеуметтік орта дегеніміз жан-жақты, ауқымды құбылыс. Осыған орай халық қазынасы да бай, сала-сала болып келеді. Фольклор туындылары мыңдаған жылдар бойына қоғамдық үрдістерге жан бітіріп, халықтың рухани тіршілігінің қайнар көзі бола білді. Олар өмір сүрулеріне өзінші баға беріп, даму жолдарын сараптап отырды.

Қара өлең–фольклордың синкретті жанры, профессионалдық поэзияның Абайдай асылы сусындаған тұнығы, қазіргі қазақ ақындарының да пір тұтатын дәстүрлі поэтикалық үлгісі. ХХ– ғасырдың ірі ақыны Мұқағали Мақатаев:

    «Күпі киген қазақтың қара өлеңін,

    Шекпен жауып өзіне қайтарамын», – деп жырлаған еді.

Қара өлең, тұрмыс-салт, этикалық және эстетикалық мұрат, сенім мен таным салауаттарының поэтикалық жиынтығы ретінде, ежелден халықтық шығармашылықтың методологиялық-көзқарастық бағытын бағдарлап, өсіп-өрбуіне ырықсыз ықпал жасап отырғаны байқалады. Қара өлең– халық арасында мейілінше кең тараған дәстүрлі поэзияның іргелі жанры. Оны білмейтін қазақ болмайтын. Ол шарықтап бір кеткенде, шөл мен шөлейт жер жазирасына айналып кетеді.

Демек, ол – бізді қоршаған дүниеге эстетикалық қасиет дарытудың бір даңғыл жолы, дүниені адамның ықпалына көндіріп, дегенін істетудің тарих сынынан өткен мықты бір амалы. Оның әр шумағы жеке-дара, тақырыбы дербез, сюжет пен фабулаға тәуелсіз болады, көбіне ой өрбітіп, айтарын бір шумақ ауқымында бастап, шиеленіске түсіріп, қақтығысты шегіне жеткізіп, шешімін тауып беріп, тәмәмдап отырады. Қазақ өлеңінің үшінші жолында арман (мотив) тоғысып отырса, ой шумақтың төртінші жолында тұжырымдалады. Негізгі идея басқа шумаққа ауыспайды, жалғаспайды. Сондықтан қара өлеңнің әр шумағы дербес әдеби шығарманың жүгін көтеріп, идеялық және көркемдік қасиетінің салмағын айқындайды.

Тақырып байлығы сандық құрамына сай. Қара өлең – мазмұн мен түр тұтас сомдалған, нағыз халық туындысы, дүниежүзілік өнердегі сирек қазына. Басқа қиырларда кездесе бермейтін сол сиректік оның ғылым зердесінен тыс қалуына да себепкер болып келеді. Оған қоса ұлттық өнер зерттеушілерінің де ден қоймай келгенін жасыра алмаймыз. Қуаныш пен шаттықтың бел ортасында парлап ұшқанмен, әдебиеттің бірде-бір жанрының табалдырығынан аттай алмай жүр. Қара өлең жанды баурап, жүректі әлдилеген, рухани дәулетіміздің қатарынан орын ала алмай жүрген жайы бар. Санда бар, санатта жоқ деген осы. Ойымыздың арқауы – қара өлеңнің әйгілі өсиетқойлығы емес. Халық арасына кең тараған қазақтың кәдуілгі қара өлеңнің күні бүгінге дейінгі көзге ілінбей келген тосын асыл қасиеті. Қара өлең телегей терең зердемен қабысады. Қара өлең өз шама-шарқы жеткенше дүние заңдылықтарының методологиялық кілтін ашуға талпынады. Заттар мен құбылыстардың шығу тегі, адам өмірінің мәні мен мақсаты, тіршілік заңдылықтары, қозғалыс пен тоқырау, даму мен сему, баяндылық пен тиянақсыздық, кеңістік пен уақыт ағымы секілді іргелі сауалдардың үдесінен шығады. Халықтық мәдениеттің көрінісі ретінде адамның ақыл-ойы жететін тұңғиықта осы өлең жүреді.Оның назары түспейтін болмыстың шеті де шегі де жоқ, қозғаған мәселесі дүниенің басқа аян болған заңдылықтарымен қатар қойылып, сыры мен қыры, мәні мен сәні, ортақтығы мен дербестігі, саны мен сапасы, тегі мен ұқсастығы шендестіріле шешімін табады. Заттар мен құбылыстардың жаппай ара байланысын, оның өрбу, тоқырау әлде сему қуатын тыстан іздемей, ішкі болмысынан табу – қара өлеңнің ең машық қасиеті. Қозғалыс пен өзгеріс бірегей заңдылық ретінде қаралып, заттардың төл қасиетіне тіршіліктің қайнар көзі тасланып жатқанын мегзеп отыру, осыны тұспалдап түсіндіру қара өлеңнің негізгі мақсаты болып табылады.

Бұл шомылып тұрған жұмақтың нұрының ортасынан, этнографияның ішінен, өзінің өлеңін көсілтіп алып, тарих сахнасына   маржандай қылып, тізіп тастап кеткен, бабалар аманаты. Ол қазірде біздер жете алмай жатқан кемелдікпен тереңдіктердің бірі.

Қара өлеңнің тілін түсіну екіталай. Біздің қара өлең – тілдегі біткен, бар құнардың иесі. Қазақы тілдің біткені осында уыздай дірілдеп тұр. Киелі тілді түсіну, киесі аз адамның қолынан аз келетін нәрсе. Асылды тануға шамамыз жетпесе де, осыны ұғынуға, түсінуге деген талпыныстан туған осы мақаламыз сол қажыр-қайратымыздың дәлелі.

Кез келген өнер оның ішінде қара өлең де сырттан таңылған немесе алдын-ала кесіп-пішілген теориялық үлгі үшін дүниеге келмейді. Оны тудыратын- халықтың өмір-тіршілікпен сабақтас рухани сұранысының ұлы заңдылығы. Сол ұлы заңдылық бойынша дүниеге келіп, тұлғасын айқындап, орныққан өнердің мәні мен сәніне ғылыми кемел зерденің сәулесі сонан соң түседі. Сонан соң ғана асыл өнердің ерекшелік-қасиетін анықтайтын теориялық таным орнығады. Әрбір төлтума бітімдегі өнер халық көкірегіндегі талғам-талаптың перзетіндей болып, өз үлгісімен, өз бітімімен, өзінің заңдылықтарымен пайда болады. Егер қара өлеңде алдымен ауызға «боз беткей» түссе, ол-тіршілігіне тірек, күн көрінісінің берекесі шүйгін өріске сүйсінгені. Шүйгін өрістен мал кетпейтіні береке-дәулеттің айғағы. Сол береке-дәулеттің мекені туған жері мен аңсары. Бұл шумақты айтушы да, тыңдаушы да осылай түсініп, осылай қабылдайды. Халықтың мәдени айғағына айналған тек қана қара өлеңдік үлгі, модель бойынша айтып, түсінеді.

Немес,ғашықтық сезім туралы:

       Бешпетім бар үстімде тайға алғандай,

       Қадірім бір сәулеге ойға алғандай,

       Өз елімде мен жақсы болып жүрсем,

       Менің сәулем болады бәйге алғандай.

      Осындағы алғашқы жолды – «қымбат бешпент туралы екен», екінші жолды-«жігіт өзінің сүйгеніне қадірлі екен», үшінші және төртінші «жігіт еліне сыйлы болса ғана еліне ұнайды екен» деп, жалаңаш қабылдауға бола ма? Олай қабылдайтындар өзі біледі, ал қара өлеңді рухани игілігі деп білген халық мұны әлдеқалайда бай, әлдеқайда мазмұны ассоциациямен қабылдайды. Жігіт үстіндегі бешпенттің тайға алғандай болуы, оның талғампаздығы, зиялылығы, дәулетінің де бір басына жетерлігін аңғартып тұр. Сүйгеніне осы қасиеттерімен-ақ ұнайтынын жігіт біледі. Алайда, сүйгеніне қапысыз ұнап, алаңсыз болу үшін жігіт еліне ұнауды, жұртына қадірлі болуды өмір мұраты ретінде көздейді. Сүйгеніне ұнау үшін алдымен халқының ықылас-ілтипатына ілігіп, ризашылығына бөленуді мұрат тұтудан артық аяулы идеал болар деймісіз!

Міне, қара өлеңнің жанды, әрекетшіл өнер ретіндегі құдірет-қасиеті осында. Осынау, мысал еткен соңғы шумақта «мағынасыз жолдар, негізгі тақырыптан ауытқыған жолдар, барма?» деген мәселені әрі қарай сабақтайық. Әриене, жоқ дейміз. Болуы мүмкін де емес. Сөздің айтылуы сырттай әр тектілік танытып тұрғаны, оның ішкі мазмұн-мағынасы алуан түрлі емеуірін, астар, образ теңеу арқылы бір ғана мақсатқа қызмет етіп жатады.

Қара өлең– жақсылықтың жаршысы. Шынайы адал достықтың ту ұстаушысы. Жамандық атаулының бітіспес жауы.

Көзге жылтырап, көңіліне арамдық сақтайтын, ішіне шынтақ айналмас кейбір «дос» туралы осынау қарапайым қара өлеңнен асырып айту қай ақынға болса да оңайға түсе қоймайтын шығар. Қара өлеңнің көпшілігі ел салты, ата-баба жолы, ғасырлар бойы қалыптасқан халықтың ұғым-нанымы, жөн-жосығы іспетті болып келеді:

Қара өлеңнің толайым бір парасы махаббат-сүйіспеншілік туралы жан толғаныстарынан тұрады. Қазақ қыздарының шынайы махаббатын көкейге құйып тұрған өлеңнің  түп тұнбасындай тұжырымына назар аударайықшы:

Аққу жүзер көзімнен аққан селге...

Әсірелеудің бұдан асқақ биік шыңын төл әдебиетіміз түгіл, әлем поэзиясының озық үлгілерінен  ақтара төңкеріп іздесеңіз де табу-таппауыңыз екі талай.

Бұл сияқты екі ой немесе екі суретті өрелестіру арқылы үшінші- негізгі ойын көлденең тартатын силлогикалық дәстүр әлем халықтары фольклорының қай-қайсысында да молынан кездеседі. Орыс  фольклорында:

           Наша реченка голубка,

         На ней тоненький ледок,

         Целовал меня миленок,

         Губы сладки как медок – 

деген шумақ қазақтың қара өлеңіндегі:

         Қара су есік алды өткелі жоқ,

         Жерінен өткелі жоқ өткенім жоқ,

         Жүректен шын сүйіскен тату едік,

         Жерімнен уәделі кеткенім жоқ,–сияқты шумақтарымен көркемдік тәсілі тұрғысынан да, асатарлап ой айту жөнімен де үндесіп жатқаны көрініп тұр. Екеуінде де «мұздың жұқалығы» мен «қара судың өткелінің жоқтығы» сүйгенімен қосылудың оңай еместігін, сын көздің көптігін білдіретін образды теңеу ретінде алынып отыр. Алайда,  бірі – «мұздың жұқа екенін», яғни шектен шықса бәрін бүлдіріп алатынын, екіншісі – «өткелі жоқ судан өтпегенін», яғни буынсыз жерге пышақ салмағанын айтады. Айта отырып, қимас сәттерін есіне алып, сол сәттің тағы қайталануын аңсап әнге қосады.

немесе:

          Что ты, белая береза,

          Ветра нет, а ты шумишь?

          Что ты редивое сердечко,

          Горя нет, а ты болишь?

 – деген жолдар қазақтың қара өлеңіндегі:

          Жалғыз ағаш жапанда егіледі,

          Жапырағы жел соқса төгіледі,

          Сен түскенде есіме сүйген сәулем,

          Сынбаса да қабырғам сөгіледі.

–  деп келетін шумақпен мейлінше үндес, мағыналас айтылып тұрғанын дәлелдеудің қажеті жоқ. Ағаш жапырағының сыбдыры немесе төгілуін айтқаны тағдыр зардабын емеурін еткені. Сол тағдыр зардабы –  бірінің жүрегін ауыртып, бірінің қабырғасын сөгіп қойған қос мұңдықтың сезім-күйі. Айтушы-тыңдаушы осы күйінде қабылдап, осы күйінде қоса тебіренеді. Себебі, мұндағы символ мен мағына халықтың тарихи таным-түсінігімен тамырлас айтылып тұр. Қазақ даласының жері қуаң болғандықтан да, көнеден орныққан сезім-сананың бір парасы жаңбырды қуаныш символына айналдырған. Керісінше, аңызақ желді қайғы символына балайды. Тіліміздегі «Көңілі түссе  – көл», «күй нөсері», «сезім шіркін ақ жаңбырға ұқсайды» деп келетін сөз орамдары жаңбырды жақсы мағынаға теліп отырады. Ал, «қайғы бұлты торлау», «азынап жылау»,  «долы дауыл» деп келетін сөз тіркестерінен халық желді жамандық символына балайтыны айқын аңғарылады. Бір қызығы, осындай символды сезім Еуропа жұртында керісінше. Себебі, ол аймақта жауын-шашын жиі болып, адамдарды көк иық ете жалықтырған соң, жаңбырды қайғы-мұңның символына балайды. Демек, қара өлеңдегі «Жапырағы жел соқса төгіледі» деген жол бейнелі теңеу ғана емес, халықтың табиғатпен кіндіктес болмысы өзі қалыптасқан  табиғи ортамен астасып, төл сипаты бар символды ұғымдар қалыптастырады. Мұндай ұғымдарды тәрк ету оңай, ішкі мәнін түсіну қиын. Себебі, символдық ұғымдар ұдайы белгілі  бір тарихи-әлеуметтік және табиғи ортаның  мейлінше дара, төлтума қасиеттерімен біте қайнасып жатады.

Берісі түркі халықтарының, әрісі Алтай тілдік тобынан тарайтын халықтардың мейлінше көнеден басталған таным-түсінігі бойынша тіршілік иесінің «жаны» ауа түрінде болады деп ұққан. Өмір сүру қай кез-кезеңде де күрес болғандықтан, «жан» ұдайы мазаң күй кешпек. Осыдан барып ауа арпалыс үстінде болатын «жанның» немесе қайғы-мұңның символына айналған. Қазақ «өлді» дегенді «тынысы бітті» немесе «демі бітті» деп те айтады. Сондықтан да, көне ұғым бойынша, өлген адамдардың «жаны» ауа түрінде ұшып жүреді. Өлген, аруаққа айналған адамның «жаны» фольклорымызда екпінді жел, дауыл болып суреттеліп отырады. Сол жел ауа болып ұшып жүрген жанды шырқ үйіріп, құйынға айналдыратын жын-шайтан деп ұққан қазақ құйын келе жатқанда «Таздың үйіне бар!», «Жоғал!» деп, кейде көсеу, пышақ лақтырып қатты әбігерленіп қалатын. Карелофин эпосы «Калевалада» жел мыстан кемпір бейнесінде. Қазақ оюларындағы төрт тармақты үлгілердің басым көпшілігі ауаны, дүниенің төрт тарабынан соғатын желді білдіреді. Жел, ауа «жанның» символы болғандықтан, төрт тармақты оюлар өзінен-өзі қасиет тұтылады. Біз көбінесе жақсы көрген жанымызды иіскеп жақсы көретінімізге мән бермейміз. Батыс Еуропада сүйісу – махаббат белгісі. Ал, Азия халықтарында сүйісу күні бүгінге дейін сәлемдесу рәсімін білдіреді. Сол сияқты қазақтың жақсы көрген жақынын иіскейтіні бір-бірімізге «жанымыз» алмасып, аралассын деген сезім-түсініктен. Рас, қазір баласын иіскеп жақсы көрген қазақ, дәл жаңағыдай, «жаным алмасады, араласады» деген ұғымда болмайтыны аян. Алайда, оның баласын жақсы көрудегі бұл әдеті ғасырлар тұңғиығынан тартылып, тілімізге, ділімізге орныққан, дәстүр-әдетімізге, тіптен мінезімізге айналған қасиет екені анық.

Ақ қайың әрісі үнді-еуропа, берісі славян халықтарының ұғымында пәктіктің, тазалықтың, кейде сағыныштың символы. Яғни ақ қайыға мұңын шаққан орыс қызы өзінің тазалығын, пәктігін сол қайыңды ауызға алу арқылы астарлап жеткізіп тұр. Ал, қазақтың дәстүрлі ұғымында жапырақтың үзілуі – қайғы-қасіреттің символы. «Көктей солғыр!» деп келетін қарғыста жапырақтың жетілмей тұрып солуы, үзілуі айтылғанымен, ішкі мәні адамның қыршын кетуін, арманына жетпей ерте өлуін мегзеп тұр. «Жапырағы жел соқса төгіледі» дегендегі «жел», жоғарыда айтқандай, «жанның» немесе қайғы-мұңның символы. Демек, «жел» соғып қасірет шалса, «жапырақ» түсіп өмір өшеді дегені. Тағдыр тауқыметі сүйген жүректі осындай күйге түсірген соң, өкініштен «қабырғам сынбаса да сөгіледі» деп отыр.

Дүниені осылайша сыңғыла зердемен тінткілеу философиялық ойдың басты белгісі екені мәлім. Сондықтан қара өлең қазақ фольклорының әдеби-философиялық мұрасы болып саналады. Оның әдеби жағынан философиялық белгілері тым басым. Әдетте, философиялық шығарма дүниені мейілінше кең қамтиды да, оның заңдылықтары мен байланыстарын түсіндіруді діттейді, ал әдеби туынды үшін дүниені бірден түгелдей қамту шарт емес және ол көбіне баяндауға бейім. Әдеби шығарма дүниені көркем бейнелеуді мақсат етеді. Философиялық ой дүниенің ішкі мәніне бағыт алған белсенді зейін-зерденің нәтижесінде туады. Әдебиеттің өзегі оқиға, сюжет, көркем бейнеленген өмір тартысы болса, философиялық шығарма үшін оқиғаның болу-болмауы міндет емес. Ол ақиқат алдында жүреді.

Қара өлеңнің тұла бойы тұнған осындай әдебиетке де, философияға да тел үйлесетін қасиеттер. Сондықтан қазақтың қара өлеңін болмысты рухани игерудің поэзиядағы ерекше саласы деп түсінген жөн.

Қара өлеңдегі әрбір айтылған бір жолдың өзі қара өлең бос сөз тіркесі емес, салиқалы ой арнасы екенін аңғартып, оның мазмұн мен форма тұтастығын ашып, эстетикалық талғампаздығын меңзеп тұрады. Ендеше, қара өлеңнің ой мен поэзияның бірлігінен, тұтастығынан туатыны айқын.

Ал халық өлеңдеріне келсек, мұның жайы тіпті басқаша, демек ол өлеңдердің қайсысын алсаңыздар да, оның композициялық құрылысынан үнемі айнымай кездесетін мынандай тұрақты компоненттерді көреміз. Соның бірі қазақ халқының көшпелі малшылық өмірінен туған. Қазақ екі өлеңнің бірінде төрт түліктің түр, сипатын суреттейді. Қазақ халқының ғасырлар бойында қалыптасқан әдет-ғұрпына, салтына, этнографиялық әр түрлі ерекшелігіне орай берілген сөйлемдер, ұғымдар болады.

Қара өлеңде бір жол я екі жолмен болса да табиғат суретін айтып отырушылық. Рас, Абай, Ыбырайлар жазған жылдың төрт мезгіліне ұқсас жырлар шығару халық өлеңдеріде дәстүрге айналмаған. Дегенмен, ауыл тіршілігіне, жастардың махаббатына, тұрмысқа, салтқа байланысты туған өлеңдердің ара-арасында, жол-жолдардың ішінде ұшырасатын табиғат суреттері бар. Мысалы:

          Қараша күз қайтады қатқақ болып,

          Қалады көл суалса батпақ болып.

          Ақ кербез отыр ма екен, жатыр ма екен,

          Аққудай көлге қонған аппақ болып .

       – деген шумақтың алдыңғы екі жолы күз айының көрінісінен алынған. Қазақ өлеңдерінде көп кездесетін компоненттердің тағы да бір күнделікті күн көріс кәсіпке, еңбекке байланысты туған ұғымдар. Бұлар, әсіресе, аңшылық, егіншілік пен сауда-саттық секілді халық түсінігінен тұрады.

Қазақ халқы – ат баптауға, жүйрік жаратуға да шебер халық. Ел ішінде жылқыны бір көргеннен танитын атбегілер болады. Бұлар жылқының бар қасиет-мінезіне әбден қанық адамдар.

Мысалы:

        Шаба алмас арғымақ ат тер қатқасын,

        Көрген жер көз жаздырар ай батқансын

– дегенде, көз алдыңа сол сырмінез қазақ атбегілерінің өмірі келеді. Әрине, мұндай мысалдарды тізе берсек толып жатыр.

Халық өлеңдерінде кездесетін түрлі теңеулер мен салыстырулардың тең жарымы – қазақтың сол мал жанды, жылқы құмарлығынан туған. Талай ғасырлар бойы мал бағып, әбден сырмінез болған көшпелі елдің жігіті сүйген қызының аяқ басысын сәйгүлік аттың жүрісіне теңейді.

                   Басасың аяғыңды ырғаң-ырғаң,

                   Сылдырап шашбауың мен алтын сырғаң,

                   Жай жүріп шаттанасың әсерленіп,

                   Әсемсің жүйрік аттай мойнын бұрған.

Тегінде ру-руға бөлініп, жер-қонысқа таласып, атысып-шабысып өмір сүрген қазақ халқы өзге төрт түлік малдың ішінен жылқы баласын ерекше бөліп алып, қасиет тұтқан.

Наурыз жайындағы өлеңдердің шығу төркіні ел өміріне, елдің шаруа, кәсібіне байланысты дедік. Бұл күні ауыл-ауылдың ересек адамдары, ақсақалдары, қарттары мереке жоралғысымен қыдырып кеткенде, жастар, қыз-келіншек, бозбалалар да бас қосып, өз алдарына ойын-сауық, думан-дырдумен өткізетін болған. Мұндай кездерде ұзақ айлар бойы шаруа соңында жүрген жастардың қолы босап, бір күн болса да рухани еркіндікпен қызықты той-думан, мереке-мәжіліс құрған.

Қазақ бір нәрсені айтып дәл жеткізу үшін әрі келістіріп қызықтыру үшін оны әр уақыт хайуанат өміріндегі бір құбылыспен салыстырып, бейнелеп көрсетеді. Бұл турасында проф. М. Ғабдуллин былай дейді: «Аңшылық қазақ өмірінде ертеден келе жатқан кәсіп түрі болумен қатар ол ауыз әдебиетіне күрделі тақырып болып та енді. Бұл жөнінде халық әдебиеті әдемі әңгіме-жыр, ертегілер шығарумен бірге, сол аңшылықты елестететіндей әдемі теңеу, образды сөздер, эпитет, метафоралар жасады. Халық әдебиеті жағымды батырлар образын жасағанда, олардың мықты, күшті екендігін, сырт келбетін айтқанда «арыстандай», «жолбарыстай» немесе «арыстандай айбатты», «жолбарыстай жүректі» деп отырады. Бертін келе, ақындар айтысында айтысқа түскен әрбір ақын өзін алғыр қыран құсқа, ақиық бүркітке теңейді» дейді. Бұл қазақ халқының ұзақ ғасылар бойғы аңшылық, саятшылық өмір-тәжірибесінен туған көркемдік ой-түйіндеулері екені рас. Қазақтың ертедегі аңшылық өмірінен елес беретін мұндай көркемдік құралдар кез келген өлеңнен табылатынын жоғарыда ескерттік. Енді тағы бір мәселеге ойысайық.

Арбау дүние жүзіндегі қазақтардың бәрінде бар десе де болады. Мысалы, қырғыздар қазақтың «арбаушы» деген сөзін «арбын» дейді. Атақты «Манас» жырындағы батырлар мен олардың мінген жүйріктері – бәрі де арбын-батыр, арбын-құл болған. Қазақ ертегілеріндегі кейіпкердің бірде торғай болып ұша жөнелуі я тары болып дәнге айнала кетуі – соның бәрі арбаудың күші. Қазақта біреуді өзіне қаратып алу үшін арбау айтып, басын айналдырып алуға болады деп сенген. Пәленшенің басын пәленще айналдырып алған екен дегенде, жұрт арбау, оқу, байлау сөздерінің сиқырлы сырына иланып айтқан. Арбау өлеңдерін тәжік фольклорында көбіне балалар орындайды. Арбау, балалардың түсінігінше, жылан, бүйі, шаянның шағуынан сақтайды. Ондай-ақ, орыс, украин, белорусь сияқты славян халықтарының өткен өмірінде де арбау өлеңдері болған.

Арбау өлеңдеріндегі жылан, бүйі, қарақұрттарды қорқытып, сескендіргені секілді мұнда да індет «иесін» қорқытып, үрейлендіру әдісі бар. Бәдікті шошытып, үркітуге болады деп сенген жұрт оны атқа мініп қуалаймыз деген ырым жасап, өтірік те болса, жүген ала жүгіретін кездері де болған. Қазақтың күнделікті үй-іші тұрмысында көп айтылып, көп қолданылатын өлең түрлерінің бірі – бесік жыры. Бесік жыры нәрестенің шыр етіп жерге түскен алғашқы күнінен бастап, ат жалын тартып ерге отыруға жараған шағына дейінгі аралықтың бәрінде де айтылады.

Дәстүр бойынша бала туып, оған ат қою ата-ананың ғана қуанышы деп қаралмаған, оны бүкіл ел болып, жұрт болып ортақ қуанышқа ұластырған. Әсіресе, ер бала туса, ақ түйенің қарыны жарылды деп, аруақты атап, ата дәстүрін жалғастыратын ұл туды деп қуанатын.Ат шаптырып, атақты ақын-әншілерді шақыртып, сүйінші-шашу сөз сөйлететін. Сол алғашқы шілдехана күндерінде жастар үш түн ойын қылып, ән салып, үй иесін мақтап өлең айтатын. Бұдан үй иесі – ата-ана да қалыспайтын.

Халық лирикаларының негізгі сипаты да халықтың көңіл-күйін тербетіп, әсерлендіретін ой-сезімдерді суреттеуден туады. Өлеңші не ақын өз ойын, өз сезімі, өз күйін тікелей кейіптеу арқылы жеткізеді. Лирикаға тән үлкен қасиет – оның қысқа да сезімтал болуында, жүрек толқытып, көңіл сергітер шуақты рухында. Тегінде қазақ жұрты қара өлеңге жүйрік. «Өлеңді мен айтамын екіленіп, Жалайды қой баласын мекіреніп» деп басталатын екі жол өлеңді айтпайтын қазақ кемде-кем-ақ шығар. Халық арасында: «қара өлең – нағашы атам, мен соның жиені едім» – дейтін әзіл сөздің де бір шындығы бар. Мінекей, қазақтың қара өлеңдері – өзінің бітім-тұлғасымен де, мағына, мазмұнымен де өзге көп өлеңдерге ұқсамайтын өз ерекшелігі бар жанрдың бірі. Мұны оның композициясы мен стилінен, образдар жүйесі мен көркемдік өрнек-нақышынан да көруге болады. Қара өлең өзінің қысқалығына қарамастан, адамның ішкі жан сезімін, жастардың жүрек тебіренісін, арман-аңсарын, мұң, сағынышын суреттеуі жағынан халық фольклорының тамаша табысы мен тарихи жадысы болып саналады.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?