Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

27 қыркүйек: Ұлт көсемі Әлихан атылған күн

2381
27 қыркүйек: Ұлт көсемі Әлихан атылған күн - e-history.kz

27 қыркүйек ұлт көсемі, XX ғасыр басындағы оянған ұлттық рухтың ұлы көсемі, сталиндік репрессия құрбаны Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан қайтыс болған күн. Әлиханды ату туралы сот үкімі 1937 жылы 27 қыркүйекте шығарылып, сол күні-ақ орындалған.

Әлихан 1922 жылдың қазанынан 1937 жылдың 27 қыркүйегіне дейін Мәскеуде тұрып, бақылау астында өмір сүрді. Ол 1937 жылы 26 шілдеде тұтқындалып, Бутырка түрмесіне жабылғанға дейін мәскеудегі Үлкен Кислов қиылысындағы 4-үй, 15-пәтерде тұрды. Бұл 7 бөлмелі, ескі сәлеттегі, сол кезең үшін аса бағалы үйлердің бірі болса керек. Бұл үйді ертеректе граф Шереметьев өзінің шаруа басқарушысына тарту еткен. 1930 жылдар шамасына дейін бұл үйде советттің жоғарғы басшылары тұрып келген. Ал Әлихан Бөкейхан тұтқындалған тұста бұл үй жеті коммуналды, бөлек-бөлек пәтерге айналып үлгерген екен. Әлекең осы үйдің бір бөлмесінде тұрған.

Тұтқындау кезінде Әлекең тұрған бөлмені тінтіп, сол жерден тапқан материалдарды қылмыстық айғақ ретінде қараған. Бұл айғақтар Алаш ұлттық қозғалысындағы, Сібір мен Қазақстанда земство енгізу жөніндегі қозғалыстағы адамдармен, сондай-ақ әріптестерімен, С.П. Швецов, С.Ф. Ольденбург, С.И. Руденко және басқа да орыс-совет ғалымдарымен, оның ішінде Лениннің жақын досы В. Д. Бонч-Бруевичпен жазысқан хаттары болатын.

Ұлт көсемінің Совет үкіметінің әділетсіз соты алдында айтқан соңғы сөзі: «Мен Советтік билікті жақсы көрген емеспін, бірақ, мойындадым!» деген сөз болыпты.

Әлиханды ату.jpg

Әлихан Бөкейханды ату жазасына кескен сот үкімінің көшірмесі 

Ұлы адамның туған күні қандай қадірлі болса, қайтқан күні де соншалықты қадірленуі керек. Мейлі қасіретті болса да, оның үлгісі, ұлтқа жасаған қызметі әр қашан санамызда болғаны абзал. Басқа еңбегін айтпаған күннің өзінде Әлиханның арқасында мемлекет шекарасы бекіп қалып еді, биыл міне оған да 100 жыл толып отыр. Біз үшін оның асыл мұрасының бірі – артына қалдырған асыл сөздері, құнды пікірлері. Осы орайда ұлы тұлғаның бүгінгі оқырман үшін бірнеше сөздерін ұсынғанды жөн көріп отырмыз.

 ***

Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын.

 ***

 Халық ісін орнын салуға көп ақыл, көп қызмет, көп жылғы шебер істеген әдіс керек.

 ***

Адам баласы бір-біріне өкімші де, құл да болған.

 ***

Байлық түбі – ақыл һәм қол ұсталығы. Осы екеуі қосылмай адам баласы қазынаға жарымайды.

 ***

 Біздің қазақ жерді меншікті қылып алса - башқұртша көріп мұжыққа сатып, біраз жылда сыпырылып жалаңаш шыға келеді.

***

 Еуропада халық партия болғанда адаспас ақ жол табамыз деп, адам аспас асқар белден асамыз деп, жұрт ілгері басатын іс қыламыз деп таласады.

 ***

 Қазақ сайлауы - жұртқа келген бір жұт: сайлау жылы мал бағусыз, егін салусыз, пішен шабусыз қалады.

 ***

 Біздің қазақ-қырғыз дін ісін көркейтетін болса - үкімет ісін бөліп қойған оң болады.

 ***

 Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық, саясат ісін ұғынбаса, тарих жолында тезек теріп қалады.

***

 Байлық басы көпке байлаулы емес - базарда ақша болатынға байлаулы.

 ***

 Француз, орыс һәм өзге жұрттың тарихынан көрінеді: молда үкіметтей ақша алса - сатылып кетеді. Рухани іс аяқ асты болады. Жалақы алған молдалар үкіметке жетекшіл болып, еріп кетеді.

 ***

 Дүниеде не болса да бірте-бірте аздап ілгері басып болады.

***

Талас-тартыс жоқ болса - өмір абақтыға айналар еді.

***

 Жұрт пайдасына таза жолмен тура бастайтын ер табылса - қазақ халқы соңынан ерер еді.

 ***

 Әр замананың өз рәсімі, өз салты бар. Біздің замандағы салт: әркім құқына таласу, хұқына тартысу болады. Жылау салты артта қалды.

 ***

 Байлықты өнермен, шаруамен, қызметпен іздер болар.

***

Жер десе дірілдемей болмайды: жер мәселесі – өмір сүру мәселесінің зоры.

***

Адам қызметіне кіріспей қазына тумайды.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?