Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ұлттық мұрат жолындағы ұлы күрес

2022
Ұлттық мұрат жолындағы ұлы күрес - e-history.kz
Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен бергі отызға жуық жыл көлемінде ұлттық білім беру жүйесінде көптеген өзгерістер орын алды. Еліміз кеңестік кезеңдегі білім жүйесінен біртіндеп бас тартып, әлемдік білім беру кеңістігіне батыл қадам басты. Мұның артықшылығы мен кемшіліктерін саралау – әлі де болса, болашақтың еншісіндегі үдеріс екендігі анық. Тыңнан түрен салып, соқпақсыз сүрлеуден жол табу – әрқашан оңай болмағаны белгілі. Қазіргі кезеңде көп айтылып жүрген Болон үдерісі, Кембридж жүйесі т.б. батыстық менталитетке негізделген білім беру стандарттарының жаһандану атты алапат рухани-экономикалық үдерістің білім жүйесіндегі көрінісі екендігі анық. Осынау алапат толқынға өз тарапымыздан қалай қарсы тұрамыз, оған қалай үйлесіп, өз бет-бейнемізді таныта аламыз деген сияқты сұрақтардың қазіргі күні қазақстанды қоғам алдында кесе көлденеңдеп тұрғандығы да анық.

Білім беру саласындағы қазіргі тұста жүріліп жатқан ғаламат өзгерістердегі ұлттық мұраттың ұлықталуы мәселесінде бізге үлгі болар дәстүр, адастырмас шамшырағымыз – ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсарин негізін қалаған, білім беруді ұлттық санамен ұштастыра отырып дамыту болса керек.

 

Сан ғасырлық тарихы бар ислам мәдениеті мен түркілік таным-түсініктің синтезінен құралған қазақ әлемі Ыбырай Алтынсарин заманында да дәл бүгінгідей ұлы өзгерістердің қарсаңында тұрған болатын. Қазақ қоғамы дәстүрлі исламды ұстанып, шариғат жолы мен Дала өркениетінің тереңінен тамыр тартқан ата-баба заңы негізінде күнделікті өмір салтын үйлестіріп ХІХ ғасырға да келіп жеткен еді. Бұл кезең бір кездері біртұтас Қазақ хандығы ыдырап құлағалы да біраз уақыт өткен, жеке хандық тұр ғой, қазақ атқамінерінің осы тұстағы ең биік мансабы аға сұлтандықтың өзі қолға тимей бара жатқан болатын. Әлемдік аренада өз орнын әбден айқындап, қаншама ұлттар мен ұлыстарға мәжбүрлі түрде бодандық қамытын кигізіп үлгерген Ресей империясының отаршылдық саясаты қазақ даласына батыл дендеп ене бастаған еді. Патша үкіметі қазақ жерін толық отарлау үшін басыбайлылықтан құтылған шаруаларды молынан әкеліп қоныстандыру, қазақ арасындағы ислам дінінің рухани ордасы болып келген оңтүстіктегі қалалардың ықпалын азайтып, Қазан, Уфадан арнайы тағайындаған указной молдалар арқылы халықты барынша бағынышты ету, қазақ балаларын ебі келсе шоқындыру т.б. саясатты ашық белсенді және жасырын жымысқы түрде жүргізіп отырды.

 

Патша үкіметінің отаршылдық саясатты «кісі қолымен жылан ұстату» әдісімен Ыбырай Алтынсарин сияқты жергілікті ұлттан шыққан оқыған тұлғалар арқылы жүзеге асыруды көздегені белгілі. Бұған ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсариннің іс-қызметіне қатысты жағдайлар айқын дәлел бола алады. Ресейдің бұратана халықтарға бағытталған империялық саясатын жүзеге асыруда таптырмас кадр болады деп есептеген Н.И.Ильминский бастаған әккі миссионер ағартушылар қатты қателескен болатын. Ыбырай Алтынсарин кез келген жат пиғылды бұйрық берушінің айтқанына көніп, айдағанына жүре беретін адам емес, өзінің туған халқы алдындағы азаматтық парызын айқын сезінген жан болатын. Өзінің «қамқоршыларының» ішкі пиғылын ұлы ұстаз айқын сезінгендігі күмәнсіз. Алтынсарин заманындағы орыс отаршылдығы жайындағы профессор Бейсенбай Кенжебаевтың мына бір пікірін келтірелік: «Патша үкіметінің қазақ балаларын түрлі мектептерге алып оқытудағы, қазақ арасынан түрлі мектептер ашудағы мақсаты, бір жағынан, өлкені басқару, отарлауға жергілікті халықтан қызметкерлер әзірлеп шығару, екінші жағынан, қазақты шоқындыру, орыстандыру еді. Патша үкіметі бұратана ұлттарды күшпен «орыстандыру» саясатын жүргізді. Бірақ патша үкіметінің бұл жүргізген шаралары көп жағдайда үкімет саясатынан, үкімет адамдарының ойлағанынан тыс объективті ретте жақсы, прогресшіл нәтиже берді. Яғни, қазақ халқының орыс халқымен жуықтасуына, орыс халқының озат, прогресшіл мәдениетінің қазақ арасына жайылуына, қазақ халқының мәдениетінің өркендеуіне әкеліп соқты. Қазақтың орысша оқығандары көбейді; солардың ішінен ағартушы демократтар Шоқан, Ыбырай, Абайлар шықты.» [1, 8-бет].

 

Заман ауанын жылдам бағдарлап, қазақ халқының ендігі болашағы еуропалық білім екендігіне көз жеткізген Құнанбай сұлтан, Балғожа би, Шыңғыс сұлтан Уәлиханұлы, аға сұлтан Мұса Шорманов т.б. ел ағаларының көрегендігі арқасында туып қалыптасқан осынау үркердей топтың мақсаты біреу ғана болды. Ол – туған халқының заман көшінен қалып қоймай, ғылым-білімді игеруі болатын. Бірақ олардың осы мақсатты іске асырудағы күрес тәсілдері мен іс-әрекет амалдары әрқилы болды. ХІХ ғасырдағы қазақ зиялылары орыс отарлаушыларының Қазақстан және Орта Азияның бағынышты халықтарына ағылшындар немесе испандар, француздардың Африка мен Америка, Аустралиядағы қоғамдық құрылысы нашар дамыған тайпаларға деген көзқараспен қарауына қарсылық танытады. Миссионерлік көзқарасқа қарсылық таныта келіп, Шоқан Уәлиханов былай деп жазады: «...бәрінен маңыздысы сол - біздің қоғамдық өркендеу формаларымыз жоғары, мәдениетті дамудың нәтижелерімен көбірек ұқсас келетін жасанды емес дәрежеде тұр. Біздің халқымыздың көркемдік жағынан қалыспайтын, өскелең әдебиеті бар, бұл әдебиет шығыс халықтарының өлең-жырларынан гөрі индо-герман өлең-жырларына жақынырақ» [2, 76-бет].

 

Шоқан Уәлиханов өзінің қамшының сабындай қысқа ғұмырында қазақ халқын білімге шақырудың нақты жолын нұсқап үлгермесе, Ыбырай Алтынсарин қазақ халқының көсегесін көгертудің жолы ресейлік оқу жүйесіне негізделген біртұтас білім жүйесі деп біліп, нақты іс-әрекеттерді жүзеге асырды. 1883 жылы Торғай облысының әскери губернаторына жолдаған баяндамасында: «Қазақтарға - осы дарынды, ақыл-есі мол халыққа кешікпей рухани және қоғамдық даму жолына түсетін дұрыс бағыт беру – қалай дегенмен де аса қажет болып отыр» [3, 25-бет] , - деп өзінің ойын ашық білдіреді.

 

Ыбырай Алтынсариннің өз халқын білім-ғылыммен сусындату жолында еткен ұшан-теңіз еңбегі сол кезеңдегі билік тарапынан кедергілерге ұшырамай қоймағаны анық мәселе. Патша үкіметіне Ыбырай ойлаған көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар емес, биліктің пәрменін орындайтын шала сауатты адамдар «песірлер» мен тілмаштар керек еді. Бұл кезде жаңа оқумен жұмыс жасауға дала халқы да даяр емес еді. Ел ішіндегі ескішіл, керітартпалармен де аяусыз күрес жүргізіп, Абай айтқандай «соқтықпалы, соқпақсыз» жерде болашаққа бағыт сілтеген білімнің жылтыраған сәулесіндей болған Ыбырай Алтынсариннің қажымас ерік-жігеріне таң қалмасқа амал жоқ.

 

Ресей билігі тарапынан қолдау тауып, қазақ арасына батыл ене бастаған татар діндарларының күмәнді уағыздарына, халықты патша мен құдайға ешбір ойсыз-әрекетсіз бағына беруге үндеген пиғылдарына қарсы тұрып, діни жалаң фанатизмге ұрынбауды, исламды түсіне отырып, жүрекпен қабылдауды, қасиетті «Құранның» қазақша мағынасын біле оқуды насихаттауының өзі ұлы ұстаздың көрегендігі еді. Қазіргі күннің өзінде мазмұнға бойламастан, жалаң форма қуып жүрген, исламды жүрекпен түсініп қабылдамай, әлдебіреулердің «ағартуымен» қабылдап, тоталитарлық ағымдардың жетегіне еріп кеткен қандастарымызды қайта үйіріне қосудың өзі Ыбырай салған сара жол – ұлттық құндылықтарды ұлттық тіл мен діл арқылы сезіндіру болуы тиіс.

 

Ыбырайдай ұлы тұлғаның шығармашылық әлеуеті, ұстаздық еңбегі, педагогтік қарымы тұрғысында сөз болғанда, кеңестік дәуірде тек ұлы орыс педагогикасын оқып-үйренгендігі туралы біржақты пікірлер орын алып келді, яғни қазақ халқының сан ғасырлық халықтық педагогикасы мен Ыбырай өмірі мен шығармашылығы арасындағы байланыс көмескі қалды. Тәуелсіздікке қол жеткізген жиырма жыл ауқымында ыбырайтану ғылымының да көкжиегі барынша кеңейді деп батыл айта аламыз. Ыбырайдың шығармашылық, ұстаздық еңбектеріне жаңа заманың көзімен қарап, азат ұрпақтың көзімен баға беруді дәуір талабы алға тартты. Осы ретте ұлы тұлғаны бірыңғай ағартушы ретінде алып қарастыратын стереотипке қарсы ойлар да туындап жатуы заңды. Атап айтқанда, белгілі философ ғалым Ғарифолла Есім Ыбырай және басқа да зиялы тұлғаларымызға қатысты айтылатын «ағартушы» ұғымына жаңаша көзқараспен келу қажеттігін ұсынады. «Ағартушылық» ұғымын санамызға сіңірген большевизм идеологтері. Себебі, олар өздерін қараңғы қазақ арасына өнер-білім әкелген ағартушылармыз деп жария еткен. Сонымен қатар олар қазақтар ішінен де ағартушылар іздестіре бастаған. Бұл «Большевизм -халық қамын ойлаушы саяси ілім» деген түсінік үшін қажетті дәлел болатын. Сонымен тез арада ағартушылық концепциясы жасалып, шығармаларында әділеттілік туралы ой қозғаған қазақ ұлдары ағартушылар болып шыға келді» [4, 70-бет], - деп атап көрсеткен ғалым ағартушылық ұғымына былайша талдау жасайды: «Анығында ағартушылық қоғам болмысының заңдылығы ретінде аңғарылатын мәдени қозғалыс, оның қозғаушы күші – ұлттық идея. Ағартушылық деген батыстан тарағандықтан, мысалға, ағылшын, француз, неміс ағартушылықтарын алсақ, бәрінің де негізгі мақсаты – ұлтты идея болғанын еріксіз мойындайсыз. Орыс ағартушылығында да солай. Қазақстанға өкінішке орай, ағартушылықтың өңі айналдырылған миссионерлік түрі келіп жетті. Большевиктер болса қазақы тұрмысты жоққа шығарып, мұсылманшылық ұғымды, дінді таптады, тілін жойды, бір ауыз сөзбен айтқанда рухын қорлады. Қысқасы, ұлт болып өмір сүруге барынша кедергі жасалды. Ұлттық мүддеге қарсы саясатты ағартушылық деуге болмайды!» [4, 71].

 article_41196.jpg

Ыбырай заманында өңін айналдырып қазақ ортасына жеткен ағартушылықтың келешектегі зардабы мен зиянын ұлы ұстаз айқын түсініп, «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай», қазақ мүддесі үшін жұмыс жасады. Өзіндік жол таба білді. Бұл жөнінде кеңес заманының мектеп тарихын зерттеуші, профессор А.Ф. Эфиров былай деп жазды: «Ы.Алтынсариннің педагогикалық қызметін үстірт қараған адамға ол Ильминский жүйесін қолданды деп қалуы мүмкін... Шындығында, ол Ильминскийдің көптеген жақсы жақтарын пайдалана отырып, оның православиелік–діншілдік көзқарасын қабылдамады...Ол Ильминский жүйесінен өзгеше мектеп жүйесін жасады. Ыбырайдың көшпелі халық балаларына лайықтап ашқан мектеп-интернаттары түрі жағынан болсын, Ильминский мектебіндегіден басқаша еді» [5, 12].

 

Ыбырай Алтынсарин қолда бар мүмкіндіктерді пайдаланып, қазақ балаларына арнап пайдалы іс істеу арманын жүзеге асырды. Сол кездері қазақ-орыс мектептері атанған білім ошақтарында дүнияуи пәндерге қоса, техникалық білімге баулитын пәндер де оқытылды.

 

Ыбырайдың қазақ-орыс мектептерін ашып, дүнияуи пәндерді енгізуін көре алмаған ел ішіндегі кейбір біржақты сауатты қожа-молдалар оны «шоқынған кәпір» деп өсек таратса, енді біреулері Ресей Ішкі істер министрлігі мен Орынбор генерал-губернаторына «Үкіметке қарсы ойы бар, социалист» деп арыз жазып, қаралауға дейін барғандығында қарап, біз халық үшін қызмет еткен зиялы тұлғалардың қашан да қиын болған талайлы тағдырын көргендей боламыз. Осынау хал Ыбырай дәстүрін жалғастырушы ұлт зиялыларының көбісіне тән болғандығына көз жеткіземіз, қаншама кедергілер мен қиыншылықтарды бастан кешсе де олардың қажымай, мойымай елі үшін еңбек еткен жанкештілігіне қайран қаласың.

 

Ұлт мұраттары жолында ешбір қауіп-қатер, кедергі-бөгеттерге қарамастан, білек сыбана кірісіп, өнімді еңбек етіп, рухани өнімнің дәнін сеуіп, өзі көрмесе де болашақ ұрпақ көрер деген сеніммен өмір сүру – Ыбырай пешенесіне жазылған тағдыр болатын.

Қорыта айтқанда, Ыбырай Алтынсарин шынайы ұлт ұстазы деген атаққа лайық, туған халқы үшін кіршіксіз махаббатпен қызмет еткен зиялы тұлға. Ыбырай Алтынсариннің ағартушылығы империяшылдардың көксеген ағартушылығы емес болатын. Ыбырай Алтынсарин салған сара жол – ұлтына адал болып, жоғын жоқтап, мұңын мұңдау, осы жолда бар білімі мен білігін арнау дәстүрі әрдайым жалғаса бермек және ел егемендігін нығайту, қазақ өркениетіне теріс әсері бар жаһандық көптеген құбылыстарға төтеп беру, қайраткерлік танытуды замана талап етсе, педагогтар қауымы біздер осы үдеден шыға білуге тиістіміз деп білеміз.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?