Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

ҚАЛЫПҚА СЫЙМАЙ ӨТКЕН АҚЫН

2922
ҚАЛЫПҚА СЫЙМАЙ ӨТКЕН АҚЫН - e-history.kz
Өмірі қандай болса өлеңі де сондай. Тіпті ол өлеңдерінде өзінің өмірін ешбір бояусыз, шынайы суреттеді. Өз заманында өзгелерден ерекшеленіп тұратын, қалыпқа сыймай өткен ақынның бірі – Тоқаш Бердияров

Бала Тоқаш 

Тоқаш Бердияровтың азан шақырып қойылған аты – Торқысбек екен. 1925 жылы 19 қыркүйекте қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданының Келес өңіріндегі Ұшқын елді мекенінде дүние есігін ашыпты. «Ол жетімдікті көп көрген, бес жасынан Ташкенттегі №6 балалар қабылдау үйінде және №23 қазақ балалар үйінде тәрбиеленген» деп жазады тоқаштанушы Әбдісаттар Әліпұлы. «Жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдарының басында ауылымыздың қасындағы Ташкент қаласын паналадық. Сеңдей соғылысқан жетімектермен бірге мен де детдомдық «пропискаға» іліктім. Ақ көйлек, ақ кереует, ақ бөлке нан...» деп еске алады қиын кездерді Тоқаш ақынның өзі. 

Туған еліне қайта оралған ол еңбекке де ерте араласыпты: 13 жасынан ұжымдық шаруашылық жұмыстарында болыпты, мақта алқабы мен қырманда тәбілші болып еңбек етеді. Бұл туралы ақынның өзі: «Жетімдікті мендей көрген бала ілуде біреу болар. Алты жасымда мектепке бардым. Есеп шығаруда, өлең жаттауда ешкімге дес бермедім. Үшінші сыныпты аттап өтіп, 13 жасымда ауылдағы орталау мектепті үздік бағамен бітіріп шықтым. Іле-шала ұжымшардың есепшотына, ауылдық кеңестің хатшылық жұмысына араласып кеттім», – дейді екен. 

Әскер Тоқаш 

Тоқаш Бердияров жасы он алтыға толғанда әдейі жасын ұлғайтып көрсетіп, сұм соғысқа сұранып аттаныпты. «Соғыс аяқталған соң да, әскер қатарында қалып, тағы төрт жыл Балтық флотында қызмет атқарғанын біреу білсе, біреу білмейді» деп жазады «Көке» кітабының авторы Болат Шарахымбай. 

Ол кезде ССРО-ның әскери-теңіз флотына азиат нәсілдерден әскер таңдау – өте сирек жағдай. Бұл азиат тектес халықтарды техника тіліне жолатпаудың салдарынан туындаған саясат болса керек. Автор ақынның естелігіне сүйене отырып, сүңгуір қайықта қызмет еткен жалғыз қазақ Тоқаш болғанын мысалға келтіреді. Жер бетінде жүруі сирек, апталап, айлап су түбінде сүңгуірде болатын қайықшылар арасында Тоқаштың үстемдікке жаны қас болғаны, әділетсіздікке қаны қарайып, әлсізге қашада қорған болып үйренген басы талай мәрте шекісіп тұрғанға ұқсайды. Бұл Тоқаш ақынның туа бітті мінезі дегенге саяды. Әлбетте әскери өмірдің мінезді шыңдауға, принципті қалыптауға тигізер пайдасы мол. 

Кітап авторы Б. Шарахымбай: «Сондай-ақ әскерде ұлттық тұрғыдан бөлініп, кімнің кім екенін дәлелдеу мәселесі де күн тәртібінен еш түскен емес. Тоқаң кей-кейде басқа ұлт өкілдерінің өзіне менсінбей, төбеден шірене қарайтынын іштей біліп жүрді. Соған қарадай жыны келетін. Бірақ мойынын ішіне тығып алып, қаршығадай түйіліп жүретін шынашақтай қазақтың қайсарлығы мен шақар мінезінен қаймыға ма екен, әйтеуір Тоқаңа тиісуге көп бата бермепті», – деп жазады. 

Соғыс біткен кезде немістің Ильменау қаласының гауптвахтасына түскен Тоқаш Бердияровты сол қаланың әскери коменданты, кейін қазақтың қабырғалы қаламгерлерінің бірі, марқұм Қалмұқан Исабай шығарып алған екен. Бұл оқиға Украинада жүрген жерінен қазақтың даңқты батыры әрі жазушы Қасым Қайсеновтің елге оралуына белгілі ақын, партизан Жұмағали Саинның көмегіне көп ұқсайды. Әлемнің қай түкпірінде жүрсе де, біріне-бірі қорған, қормал болған қайран ағалар-ай дейсіз.  

Тентек Тоқаш 

Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек аға Есдәулеттің «Әбілхаят» атты естеліктер жинағы бар. Сондағы автор «Тентек Тоқаш» атты бөлімінде өзі көрген, білген, таныған Тоқаш ақынның келбетін, кісілік болмысын, пенделік тірліктерін жан-жақты ашады. 

Өлеңдері кітап болып толық басылмай, қоғамнан, әдеби ортадан әбден запы болған ақынның алғашқы кітабына редакторлыққа бекиді. Кітапты қарап, тиісті жерге өткізген соң, арада уақыт жылжып кеткен, Тоқаш ақын кітабының жайын білгісі келіп, бір жағынан қысқан ашу-ыза бар, екіншіден өзінің туа бітті тентек мінезі, кабинетте отырған көрнекті ақын Сағи Жиенбаевтан бастап, сатирик Шона Смаханұлын, ақыр соңында шығып бара жатып редакторы Ұлықбек Есдәулетті шешеден боқтап кетеді. Шығыста шешеден боқтау мүлде жат, ақын інісі мұндай сөзді көтере алмай, ағасын тасалау жерге апарып, тиісті жазасын бермей ме. Содан кейін мән-жайға анық қанған соң, редактор бауырынан кешірім сұрап, айыбын жуады. Бұл Тоқаш ақынның тентек мінезінің ұшқындарын көрсететін мың мысалдың бір ғана. 

Тағы бір естелікте Ұ. Есдәулет Тоқаштың Əнуарбек Дүйсенбиевтің қасына барып, қарадан-қарап түрткенін, бір емес, бірнеше мәрте солай қайталағанын жазады. «Байқағаным: топыдай ғана Тоқаш аға өзінен əлденеше есе биік, таудай денелі Əнекеңнің жағасынан сол қолымен бойы жеткенше жымқыра ұстап, оң қолымен əлі жеткенше бірнеше қайтара ұрып-ұрып жіберді. Қимылы өте шапшаң екен, Əнекеңнің шықшытына бес-алты соққы бірінен соң бірі жауып кетті. Бірақ оған алпамсадай Əнекең былқ еткен жоқ. Тіпті шыбын шаққан құрлы көрмей, жоғарыдан маңқия қарап тұрды да, оң қолының жұдырығымен Тоқаңның иек тұсынан бір көміп жіберді. Тоқаң анадай жерге ұшып барып, тəлтіректеп, құламай қалды», – дейді. 

 

d7a94d913ff6be7b3851c36eb74f4c9f.jpg

У-шу, абыр-сабыр басылған соң, бәрі Ә. Дүйсенбиевтен «Не боп қалды?» деп сұраса, ол кісі: «Итім біліп пе?» деп жауап беріп, иығын қиқаңдатыпты.  

Дос Тоқаш 

Мінезі тік, бетің бар, жүзің бар демей айтып салатын өткір, десе де жанару жасаурап тұратын ақын Тоқаштың достары аса көп болмаған. Өзінің тентектігіне сай Мұқағалидай алыппен достығы ұрпаққа аңыз болып жетеді. Көзін көрген замандастардың айтуынша, қос ақынның мінездері ғана емес, өмір туралы көзқарастары мен қоғамдық ойлары, әсіресе поэзиялық мұраттастығы қатты ұқсайды. Мұқағали өзінен он жастай үлкен ағасын пана көріп, арқа тұтатын кездері де аз болмапты. 

Ақынның ақынға сүйсінетін жері, Мақатаевтың «Ақынның ақындығы – арда ғана» дегендей арлы ақындардың бір болуы. Ақиқат үшін өлең жазатын, шындықты ту етіп өмір сүретін, жасырып-жабары жоқ, тура жүріп, кесіп айтатын ақынға Мұқаңның еріп жүруі оның ешкімге ұқсамайтын біртуар қалпын жақсы көргендіктен болар, сірә. 

Бос Тоқаш 

Тентектігі бір басына жетіп артылатын ақынның алғашқы жылдарында жұмысы жөндемді бола қоймаған. Алқалап шақыратын ағасы жоқ, «аспаныңды тастап жібер» деп кергитіндей тіреуі жоқ ол көбіне кітабының қаламақысымен қолын ұзартқан. Жоғарыда келтірген Ұлықбек Есдәулеттің естелігінде жан сырын былайша ақтарыпты: «Өмірімде қиқаланбаған, ойдағыдай бір дұрыс кітабым шығатын болды ғой деп үміттеніп жүр едім. Өз арқаңда. Авансы неше ай бұрын жұмсалып кеткен. Кітабым биыл шықса, қалған қаламақысы да қолыма биыл тимек еді. Алпыс проценті. Əжептəуір ақша. Айлығы жоқ адамға қаламақыдан басқа не керек? Биыл шығуға тиісті кітабымды келесі жылға ысыратындай мен кімге не жаздым?». 

«Бос Тоқаш» деуіміздің мәні басқаша: өз еркіндігі өзінде, қолынан келсе қылып алатын ақын жаратылысына үңіліп көру болатын. Көше кезген, тұрақты жұмысы жоқ, сыбай-салтаң ретінде көру бізге жат, керісінше, осындай жағдайда жүріп ерік-жігерін еркіндігіне билетіп, қолындағы қаламақыдан түскен қаржысын ауылындағы жолға, асфальт төсеуге жұмсап жіберген сақилығын айтпақшымыз. Мұндай жомарттықты еркін, бос адамдар ғана жасай алса керек. 

Ақын Тоқаш 

Әдебиет әлеміне өз замандастарынан кеш келсе де, оның «Шалқы теңіз» атты тұңғыш жыр жинағы 1952 жылы жарық көрген. Дәл сол жылы қазақ поэзиясының нарқасқасы Қасым Аманжолов құрастырған «Жастық жыры» деп аталған ұжымдық жинаққа енген 23 ақынның арасында Тоқаш Бердияровтың өлеңдері де бар болатын. 

Тоқаш Бердияров – әдеби қауымның аса талғампаз қауымының ой елегінен өтіп, өзінің лайықты бағасын алған ақын. Оның өлеңдеріндегі жаңашылдықты «жыл келгендей жаңалық сезілген» 1952 жылдары-ақ ұлы ұстаз Мұхтар Әуезов жоғары бағалаған. 

Сондай-ақ сыншы Тәкен Әлімқұлов «Жұмбақ жан» еңбегінде: «Өлеңнің тосын түрлерін тұрақтатарлық ізденістер Абайдың бүгінгі ұрпақтарынан азды-көпті бой көрсетіп жүр... Сырбай Мәуленов, Мұқағали Мақатаев, Тоқаш Бердияровтың кейбір форма жаңалығы туған поэзиямыздың табиғатына жат емес», – деген. 

Тоқаштың ақындығын бағалау жайында Қадыр Мырза Әли өзінің «Иірім» атты естелік кітабындағы мына бір мысалды айтпай кетуге болмас. 

«…Бір жылдары (1961 жылы) өзі ақын, өзі қайсар партизан, ешқашанда ешкімнен қаймықпаған Жұмағали Саин «Қазақ әдебиеті» газетіне бас редактор болып келді. Келген бойда қызметкерлерін шақырып, жиналыс өткізеді. 

– Сен кімсің? – дейді Жұмекең біреуіне. 

– Мен пәленшемін! — дейді ол байғұс. 

– Ондай ақынды не жазушыны білмеймін! Ертеңнен бастап боссың! Арызыңды жаза бер! – дейді. 

– Сен кімсің? 

– Мен пәленшемін!.. 

– Ондай ақын, ондай жазушыны естігем жоқ! Сен де боссың! Арызыңды жаза бер! 

Жиналыс бітеді. Бүкіл аппараттан Жұмекеңнің білетіні, ұнатқаны жалғыз ғана Тоқаш Бердияров болып шығады. Көп кешікпей Жұмағали ағамыз қайтыс болды. Сондағы Тоқаш Бердияровтың жылағанын көрсеңіздер!..» деп жазады. 

Ақыр Тоқаш 

Ақын ғұмырының соңы өте өкінішпен аяқталған. Тұтқиылдан тиіп беретін, қырсық та шақар бейнесімен қаламдастарының есінде сақталған ақынның ақыры да тосын болыпты. Тоқаш Бердияровтың өмірін зерттеп жүрген журналист Әбдісаттар Әліпұлының жазуынша, «Алматыдағы демалыс үйлерінің бірінде жазатайым аяғы тайып сүрінген оның қарақұсы тасқа тиіп кетеді. Осылайша 1988 жылғы 29 шілде күні арда азамат, жаужүрек жауынгер, арқалы ақын, Ұлы Отан соғысының ардагері, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер кенеттен қайтыс болған». Тоқаш Бердияров өзінің туып-өскен көрікті өңір Келесінде мәңгілікке дамыл тапқан. 

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?