Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Домбыраға қанша жыл?

3011
Домбыраға қанша жыл? - e-history.kz
«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» дейді қазақтың Қадыр ақыны. Бұл сөзді ептеп өзгертсең, қазақтан бұрын домбыра болған дегенге саяды емес пе?! Иә, кәрі тарих солай дейді

Мысалға, зерттеушілердің бір парасы домбыраны тас дәуірінде пайда болуы мүмкін дейді. Мұндай пайымға Хорезм маңынан табылған домбыра аспабына келікірейтін құралдың жартастағы суреті себеп.

Археолог Кемел Ақышев та домбыраның жасын шамамен сол тас ғасырын адамның енді тастап, мыс дәуіріне өтер тұсы деп болжайды. Яғни, содан бергі уақытты есептеп қарағанда домбыраның кем дегенде 6 мың жылдық тарихы бар.

Қазақ ғалымының тапқан тастағы суреті міне, төменде: Бажайлап қарасаңыз, әртүрлі қимылда билеп тұрған бес адамның бейнесінен беріректе, алдыңғы жақта аспап салынған. Екі құлағы бар, яғни екі ішекті, ұзын мойны, бетқақпақпен жабылған шанағына дейін ұқсас. Басына үкі тағылған. Ал домбыраға үкі тағу әдеті бізге баяғыдан жеткені баршаға мәлім.

Осы суреттің өзі-ақ шындығында біздің жыл санауымыздан төрт мың жыл бұрын бейнеленген болса, «жер бетіндегі ішекті музыкалық аспаптардың арғы атасы – қазіргі қазақтың қара домбырасы» деген сөз.

2008 жылы бұл пайымды толық дәлелдейтін артефакті табылды. Түрік бабалар V ғасырда қолына ұстап күй тол­ғаған абыз домбыра Алтай тауы­ның бір сырлы үңгірінен қазып алынды. Бұл – қазір­гі заттай мәлімет бойынша әлемдегі шертпе саз аспабының ең көнесі. Ғалымдардың айтуынша, ішекті аспаптар тек Х ғасыр­дан бері кең қол­даныста болған деген тұжырым айтады. Ал,  Алтайдан табылған домбыра бақандай 5 ғасыр ескі. Бұл енді шертпе аспап­тардың ең көнесі екендігіне сөзсіз дәлел.

Жанғали Жүзбаев, күйші: Бұл – атадомбыра. Домбыраның бір ерекшелігі бар. Аспаптану дейтін ғылым ішінен шекті, ыспалы, үрмелі болып бөлінеді. Соның ішіндегі мынау қобыз сияқты ыспалы аспаптарымыз, шертер, домбыра сияқты шертпе аспаптарының бәрінің басын біріктіретін, одан ары тұрған үлкен аспап осы. Бұның ішінде сол аспаптарға тән барлық функция бар. Бұның ішінде шертерге тән, қобызға тән, домбыраға тән, сыбызғыға да тән сипат осында бар.

Атадомбыра қалай табылды?

2008 жылы моңғолдың Дандар деген бір шопаны мал жайып жүріп, үңгірден мойны майысқан музыкалық аспапты көреді. Сосын тарих мұғалімін ертіп келіп қарағанда, үңгірден сауыт-сайман асынған батырдың мүрдесіне тап болады. Жан-жағын сипалай бастағанда, жанындағы аспабымен қоса, 21 жебесімен қорамсақ шыға келеді. Содан кейін археологтарды шақырады. Ц.Төрбат бастаған археологтар тобы Нүкін-хад үңгіріне барып,қазба жұмысын жүргізеді. Олар бір апта қазып, табылған жәдігерлерді Ұлан-Батырға әкеледі. Ол жақтың ғалымдары, бұл бұйымды бірден өздеріне бұрып, Морин-хуур аспабы деп атай бастады. Қызық әрі күмәнді тұс, Алтайдан өте көне аспап табылды дегеннен бастап, моңғолдың археолог, зерттеушілері бұл көне жәдігерді қазақтың бірде-бір ғалымына көрсетпеуге тырысқандығы.

Оқи отырыңыз: Алтайдан табылған атадомбыра

Бірақ, түрколог, Қаржаубай Сартқожаұлы Ц. Төрбат атты моңғолдың зерттеушісімен достығын пайдаланып, музыкалық құралды жақыннан көреді. Содан, бұл басқа емес, домбыраның нақы өзі екенін, тыпыр еткізбес факт, ауыз аштырмас аргументтермен дәлелдейді ғой.

Қаржаубай Сартқожаұлы, түрколог: Міне, мынау бүгінгі қазақ домбырасының тиегі, міне мынау екі құлақтың тесігі, шанақ мынау, мойын мынау, перне мынау деп көрсеттік. Онымен қатар бұл монғол моласынан табылып отырған жоқ, түрік моласынан табылып отыр. Аспап мойнындағы түрік бітік жазуы мынау. Не үшін мұны монғол­дарға тарта бересіңдер деген мәселе қойдық. Сонымен қатар, қобыз деген саз аспабынан ысқылап, есіп үн шы­ғарады. Ол үшін аспап­тың мойны жуан болу керек. Ал мынаның мойны жіңіш­ке. Бұл шертіп үн шығаруға арналған аспап дегенді айтып дәлелдедік. Аспаптың мойны­ның иірілгеніне келетін болсақ, оның себебі мынау. Қандай бір осындай ағашты қабыр­ғаға тігінен қоя салсаңдар дымқыл ауа жерінен ұзақ мерзімнің ішінде мойны иіріліп қи­сайып қалады. Аспаптың ішегі болған. Сол ішекке тартыла иіріліп мойны қисай­ғаны белгілі болып отыр. Ағашты қабырғаға тігінен қойса, дымқыл ауадан мойны иіріліп, қисаяды екен...

Айтпақшы, ас­пап­тың мойнында бір жол түрік бітік жазуы бар екен. Ғалым «župar küü čöre sebit idmis» деген сөйлемді оқыдық. Енді оқырман, бұл қай тілдегі жазуға ұқсайды? Не түсіндіңіз?  Көп қинамайын, ғалымдар бұл сөзді: «Жұпар күй әуені сүйсіндірді» деп аударыпты. Не еткен әдемі сөз еді?!

«Ақсақ құлан» аңыз емес, ақиқат

«Ақсақ құлан» аңызының расымен өмірде болған оқиға екендігін, осы V ғасырдағы домбыра анық. Қаһарлы қаған ұлының өлімін кімде-кім естіртетін болса көмекейіне қайнап тұрған қорғасын құям демеуші ме еді? Сол кезде ешкімнің жүрегі дауаламай тұрғанда домбырашы келіп, «Ақсақ құлан» күйімен естіртетіні бар. Екі көзінен жас парлай тыңдаған қаһарлы қаған: «Құй мынаның көмейіне!» деген бұйрық береді. Домбырашы орнынан ұшып тұрып: «Дат тақсыр! Мен емес, мына домбыра ғой Сізге естірткен», – дейді. «Олай болса, домбыраның шанағына құй, қорғасынды!», – дейді қаған. Содан бері қазақ домбырасының шанағының бетінде тесік пайда болыпты-мыс. Мұны біз аңыз, ертегі, ойдан шығарылған оқиға деп жүрдік. Ал, Шыңғысханға дейін, расымен домбыраның шанағында үлкен жалғыз тесік болмапты.

Оқи отырыңыз: «Ақсақ құланды» асқақтатқан

Қаржаубай Сартқожаұлы, ғалым: Ал енді алғаш көргенде мен таңқалғаным, біздің домбырамыздың бетінде үлкен тесік бар ғой. Жошы ханға дейін, шынында мынау жерде тесік болмаған. Жошы хан өліп, Шыңғыс баламды өлгенін ескертсе, соның таңдайына қорғасын құям дейді ғой. Сол кезде күйші: Мен емес, естірткен домбыра деп, қолындағы аспабын алға тартады ғой. Содан домбыраға қорғасын құйған. Сол аңызды – мынау домбыра дәлелдеп тұр.

Қызық, ә! «Ақсақ Құлан» аңызы Жошы қаған дәуіріне тән. Біздің жыл санауымыздың ХІІІ ғасырдың басы. Дәлірек айтсақ, 1220-1227 жылдар шамасы. Ал мына кәрі домбыра V ғасырдың мұрасы. V ғасыр домбырасының шанағында тесік жоқ. Олай болса, «Ақсақ құлан» күй аңызы тарихи шындықтың айшықты да, анық ақпаратын бізге жеткізіп тұр.

Домбыра қалай пайда болды?

Домбыра аспабының қалай пайда болуына байланысты қазақ халқының ортасында сақталған аңыз аса мол. Соның бірі – Шығыс Қазақстан облысындағы Күршім ауданының тумасы Арғынбек Қилыбаев ақсақалдың айтуымен хатқа түскен «Қос ішек» күйінің аңызы.

«Ертеде бір аңшы жігіт болыпты, – деп айтылады «Қос ішек» күйінің аңызы. – Сол аңшы жігіт биік таудың қиясын, қалың қарағайдың арасын тұрақ еткен бұғы-маралды аулап, кәсіп етсе керек. Бірде жолы болып, биік таудың қиын қиясынан теңбіл марал атып алады да, маралды етекке түсіру үшін ішек-қарынын ақтармалап алып тастайды. Содан, арада айлар өткенде, аңшы жігіт аң атуға ұрымтал жер еді ғой деп, баяғы теңбіл маралды атқан жерге соқса, құлағына бір ызыңдаған дауыс естіледі дейді. Барлап қараса, өткенде атқан маралдың ішегін қарға-құзғын іліп ұшқан болу керек, қарағайдың бұтағына қос тін болып керіліп қалғанын көреді. Ызыңдаған дыбыстың сол ішектен шығып тұрғанын аңғарады. Қарағайдың бұтақтарына керіле кепкен ішекті сәл ғана жел тербесе ызыңдап, жанға жайлы дыбыс шығарады. Оның өзі бірде уілдеп, бірде сарнап, енді бірде сыңсып жылағандай болып, аңшы жігітті алуан түрлі күйге түсіреді. Сол жерде аңшы жігіт «қой мына қос ішекке тіл бітейін деп тұр екен, бір амал жасайын» деп, ішекті үйге алып келеді де, бір аспап жасап, соған қос ішекті тағады. Содан тартып көрсе, шынында да қос ішекке тіл біткендей сұңқылдап қоя береді. Бұл үн аңшы жігіттің ғана жанын жадыратып қоймайды, тыңдаған жанның бәрін ұйытады. Осылайша домбыра көптің сүйіп тыңдайтын аспабына айналады».

Қазақ аңызы осылай десе, осыдан V ғасыр бұрын жасалған Алтай жотасының бір үңгірінде сақталып бізге жеткен кәрі домбыра шанағының сыртқы бетіне бұғының, бұланның суреттері ойып салынған. Ол аз десеңіз домбыраның басы бұғының, бұланның басы. Сонда деймін-ау, бұл кездейсоқтық па, әлде тарихи шындық па? Аңыз не айтса, мына кәрі домбыра бітім тұрпатымен соны дәлелдейді. Бірін-бірі толықтырып, бірін-бірі дәлелдеп аңызда айтылған әңгіменің ақиқатын айғақтап тұрғандай.

Домбыра бар қазақтың басын қосады

Әр қазақтың үйінде Құраннан кейін ілулі тұратын тағы бір бұйым болса, ол Домбыра! Құранды оқи алмаса да, әспеттеп қойғаны сияқты бұл аспапты шерте алмаса да, төрінде тұрады. Себебі ол – домбыра.  Ұлттық код, генетикалық жады деп көп айтып жатамыз. Осы генетикалық жады домбыраның үні мен пернеден төгілген дыбыс иірімдерінде бар.

Қаржаубай Сартқожаұлы, ғалым: Қазақтың жүрегі де, жаны да, мұңы да, қайғысы да тек осы домбыраның үні арқылы келіп отыр ғой. Біз не көрмеген халықпыз? Қаншалық қиналдық, қаншалық дүние елдеріне тарап кеттік. Қазір 30-дан астам елге тарап кетіппіз. Сол елде жүрген азаматтардың барлығы да домбыра ұстап отыр. Осыны шертіп, бүйтіп отырған кезде қазақтың философиясы, арманы, мұңы-қайғысы – ішке бүккенінің бәрін шығарып, көзден жас ағып, елін-жерін сағынып отырған қазақтар қаншама? Соның бәрі жиналса. Домбыра соның бәрін жинайды. Сол кезде біздің ел мықты ел болар еді деп ойлаймын.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?