«Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек»
Н. Ә. Назарбаев

«Ақсақ құланды» асқақтатқан

1723 0
«Ақсақ құланды» асқақтатқан
Совет үкіметі кезінде репрессияға ұшырап, есімдері елеусіз, еңбектері еленбей қалған азаматтар қаншама. Солардың бірі – Әбілқайыр ханның ұрпағы Қамбар Медетов

Қамбар Медетов – Ақтөбе облысы Мөртөк ауданының Жайсаң ауылында 1901 жылы дүниеге келген атақты күйші. Ол – Кіші жүз ханы Әбілқайырдың жетінші ұрпағы. Әбілқайырдан Нұралы, Нұралыдан Қаратай, Қаратайдан Шонық, Шонықтан Медет, Медеттен Ерғожа, Ерғожадан Қамбар туған. Талайды таңқалдырған күйші 1923 жылы Орынбордағы заң мектебін бітіріп, Ақтөбенің қалалық прокуротурасында және губерниялық соттың мүшесі болып жұмыс істей бастайды.

Қамбардың шығармашылыққа келуінің себебі ән мен күйді жырды жақсы көретін ата-анасы, жақын туыстары, жора-жолдастары әсер етті. Қамбар Медетов алғашында күйді әкесінен үйреніп, кейін өнерін әйелі Гүлихранның атасы, есімі Батыс Қазақстан, Сыр бойы және Қарақалпақстанға танымал Үсен төреден шыңдаған. Әкесі халық ағарту жұмысында өмірін өткізген адам. Өнерге жақын, өзі де өнерлі болған. Күйшілік өнерді дамытуда Қ. Медетов сол заманның жыраулары Қабақ Пұсырман, Шүрен Ізтілеу, Естек Сабырмен таныс боылп, оларды пір тұтқан екен.

Қамбардың әкесі Ерғожа туралы өнертану ғылымдарының докторы Б. Ерзакович өзінің авторлық кітабында «Е. Қаратаев кәсіби әнші болмаса да, ол кісінің репертуарындағы әндерді басқа ешкім білмейтін. Даусы қоңырқай, жақсы қойылған табиғи тенор болып шығатын» деп естелік айтады.

Қамбар Медетовтің орындауында көптеген күйлер болған. Олар: «Ақсақ құлан», «Боғда», «Жошыхан», «Шалқыма», «Қарасай», «Қостайбек», «Ел айрылған», «Қара жорға», «Алтынай» т.б. Осылардың ішінде көпшіліктің көңілінен шығатын, күйшілердің ерекше ықыласына бөленген – атақты «Ақсақ құлан» күйі. Атақты лингвист-ғалым Құдайберген Жұбанов Қ. Медетовтің орындауындағы бұл әуенді басқа күйшілермен салыстырғанда күйші шығарманың композициялық жүйесіне көбірек мән беретінін айтады.

Оқи отырыңыздар: Алтайдан табылған атадомбыра

Ғалым Қ.Жұбанов: «...Осы күнде бізде осы күйдің жазылып алынған үш түрлі нұсқасы бар… Бұлардың үшеуі де біріне бірі ұқсамайды десе теріс болмас еді. Өйткені бірінен-бірі соншама қашық, қашық болғанда, құрылысы, композициясы жағынан қашық. Бұл үшеудің Қамбар тартатын варианты, Махамбет тартатын варианты жазылған. Бәрі де бұрынғы «Ақсақ құлан» мелодиясынан теріп алынған нәрсе болса керек. «Ақсақ құлан» күйінде «Ақсақ құлан» әңгімесіндегі құланның ақсаңдаған қозғалысы сүгіреттелген күйді ғана бөліп алып, соны ұлғайтып, соның бір өзін биге айналдырып жіберген симфонияны көреміз. Қамбардың вариантындағы «Ақсақ құлан» әңгімесіндегі барлық ұзақ-ұзақ музыкалық моменттердің басын қосып құрастырып, артығын алып тастап, қайталаған жерлерін жоқ қылып, бас-аяғы бүтін, ұзын бір симфония жасап шығарғанын көреміз. Біздің ойымызша, күйдің шығуы осы түрде болса керек…» дейді.

Яғни атақты ғалым 30-жылдардағы бір күйдің бірнеше варианттарда орындаушылық құрылымын байқай отырып, автор ондаған жылдардан соң қазақ күйі композициясының қалыптасу жолдары, даму бағыты туралы тұжырымдаған.

1923 жылы алғаш рет 22 жасында Қамбар А. Затаевичпен кездесіп, этнографқа 19 ән 3 күй жаздырады. А. Затаевич кітабының соңында берілген түсініктемелерде Қамбар Медетовтің төре тұқымынан екенін, добырашы, күйші, қазақ халық музыкасынан хабары мол екені туралы көрсетілген.  

А. Затаевич «Ақсақ құлан» күйіне байланысты айтылатын аңызды келтіріп, одан соң бұл күйдің Қамбар Медетовтің орындауындағы ерекшеліктері туралы да сөз қозғайды.

Атақты композитор Евгений Брусиловский: «Егер А.Затаевич Қамбар Медетовпен кездеспегенде «Ақсақ құлан» күйі жоғалып кетуші еді. Қазақстың кең даласында жоғалған талай дүниедей құлақ құрышын қандыратын күйді естімей қалатын едік» деп сөз еткен екен.

Отандық кәсіби музыкамыздың іргетасын қалаушы композитор Брусиловский өзінің атақты «Қыз Жібек» операсын жазу барысында «Алты қаз» күйін іздегенде, ол күйді Қ. Медетовтен басқа ешкімнің білмейтінін, күйшіден, сонымен қатар, оның атақты «нөмірі» – «Ақсақ құланды» тыңдағанын жазады. А. Затаевичтің бұл күйді Қамбардан композициялық жобада ғана жазған себебін композитор күйшінің нотаға түсіруге қиын орындаушылық шеберлігімен түсіндіреді.

Композитор Қаршыға Ахмедиярова: «Халықтың атақты күйі «Ақсақ құланды» Қамбар Медетов бізге профессионалдық тұрғыда бізге мінсіз түрінде қалдырып кетті. Осынай талантты қалай өзгелерден айырып айтпайсың? «Ақсақ құлан» – менің ойымша, күй әлемінің шыңы. Медетов сияқты оны бірде бір музыкант орындай алмайды. Әрине, оның ең басты жетістігі, өзінің шығармашылық қиялының арқасында қаншама қазақтың жоғалуға сәл қалған күйлерін алып келуі».

Оқи отырыңыздар: Саусағынан күй саулаған Саятүлекұлы

XX ғасырдың 30-жылдары Алматы қаласында музыка-драма техникумы ашылып, ұлтымыздың залық музыкасын зерттейтін кабинет, ұлттық аспаптарды өңдейтін шеберхана ашылып, оның басшылық жұмысын Ахмет Жұбанов атқарды. Осы кезде алғашқы болып жұмысқа қабылданғандардың арасында Қамбар Медетов тұрды. Шеберханаға музыкалық аспаптар шеберлері ретінде алынған Борис және Мануил Романенколар домбыраны қайта жасап, жаңа үлгіге келтірсе, ғылыми-зерттеу кабинетінің қызметкерлері М. Бөкейханов, Л. Мұхитов және Қ. Медетов сол аспаптардың сараптамашылары болды. Сол кездері Оңтүстіктің өнерпаздарын, Батыс Қазақстанның күйшілерін Алматыға топтастыруға тікелей атсалысқан.

XX ғасырдың 30-жылдары Қамбар Медетовтің дарыны мен білімі бағаланып, оркестрдің жеке орындаушысы болса, күйші өзі білетін күйлерді ансамбльдің, кейін оркестрдің мүшелеріне үйреткен. Содан соң, филармонияның администраторы және директордың орынбасары қызметіне дейін көтерледі.

Филармонияда жұмыс істеп жүріп, Қ. Медетов 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнері мен мәдениетіне арналған онкүндігінде жеке орындаушы ретінде қатысады. Және өнері өте жоғары дәрежеде бағаланады.

Осы жылдан кейін күйшінің өмірі күрт өзгеріп, қайғы мен мұңға толы болады. Себебі, Мәскеудегі тарихи оқиғадан соң 1937 жылы Қамбар Медетовты тұтқындап, 58-бап бойынша 10 жылға бас бостандығынан айырылып, Қиыр Шығысқа айдалды. Қамбардың әкесі Ерғожа мен інісі Тасболат прокуратураға шағымданғанымен, өкінішке қарай әрекеттері нәтиже бермеді.

Бұл совет үкіметі тарапынан жасалған кесапаттар күйшінің отбасына да қатты әсерін тигізді. Ата-анасы, балалары, әйелін тұрған үйлерінен қуып шықты. Осылай пәтер жалдап, жағдайдың түсуіне байланысты кіші баласы Амангелді шетінейді. Туысқандарының көбісі жұмыстарынан босатылады. Қамбардың жұбайы қалған балаларын асырау үшін тігін артелінде қызметке тұрады.

Өкінішке қарай күйші туралы ақпараттар белгісіз себептермен сол жылдары жоғалып кеткен. Сұрқия саясаттың арқасында репрессияға ұшыраған күйшінің қилы тағдыры туралы деректерді музыкашылардың бірнеше буыны білмей өсті. Оның ең атақты деген «Ақсақ құлан» мен «Қара жорға» күйлері жазылған күйтабақ бүгінгі күнге дейін табылмай келе жатыр.

Небәрі 36 жасында қияметке ұшыраған Қамбар Медетов лагерьде отырып жазған бір хатында «Осында домбырамды жіберіңдер» деп отбасына өтініш жасаған екен. Яғни, адам төзгісіз жағдайда жүрсе де, адам жанының тыныштығын іздеп, оны тек домбырасынан іздеп, әуезді күйдің дыбысын сағынып дүниеден озған екен.

Пікірлер

Пікір қалдыру үшін кіріңіз немесе тіркеліңіз
Бас редакторға сұрақ +7 707 686 75 81
Қазақша Русский English