Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ауыл – біздің алтын бесігіміз

2792
Ауыл – біздің алтын бесігіміз - e-history.kz
Қоғамның әл-ауқатын арттыру мәселесі бүгінгі таңда өте өзекті мәселеге айналып отыр

Бұл ретте Президенттің бес әлеуметтік бастамасы мен былтыр қазан айындағы Жолдауының халықтың әл-ауқатының өсуіне арналғанын және жуырда ғана өткен «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде қабылданған алдағы 10 жылға арналған партия тұғырнамасының да әлеуметтік қоғам құруға бағытталғанын айтуға болады.

Съезде айтылғандай, тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстанда табысты жұмыс істеп келе жатқан нарықтық экономика моделі қалыптасты. Президенттің экономикалық реформаларын жүзеге асыру барысында республиканың ауыл шаруашылығында да елеулі өзгерістер аз болған жоқ. Бұл салада мемлекеттік емес агрокәсіпорындар үлесі артты, егер 1991 жылы олардың үлесі 40% болса, қазіргі кезде 99,9%-ға жетті.

Мемлекет басшысы қолымызда 7,5 млн ауыл халқының əл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік бар екенін көлденең тартты. Бұл үшін бірінші кезекте Үкіметке əкімдермен жəне мəслихаттармен бірлесіп, болашағы бар ауылдарды анықтау, сол жерлерде əлеуметтік саланы дамыту, интернаттар құру қажеттігін тапсырды. «Біз ауылдарымызды өсім мен орнықты дамудың ошағына айналдыруымыз қажет. Ауылда халық тұтынатын тауарлар өндірісі бойынша бизнесті дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жəне тағы басқалар бойынша ҚХР-дың тəжірибесін пайдалану қажет. Сол жерлерде тұрғын үйлер, жолдар салып, коммуникациялар жүргізу, əлеуметтік нысандар тұрғызу, шағын жəне орта бизнесті дамыту керек. Сондай ауылдарға болашағы жоқ елді мекендерден адамдар көшіп баратын болады. Жұмыс істеп, лайықты өмір сүруге ауылдың əлеуеті жеткілікті. Осыған орай, Үкіметке «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасын жүзеге асыру бойынша ұсыныс əзірлеп, оны 2019-2021 жылдары 90 млрд теңге көлемінде қаржыландыруды қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл жастардың ауылда орнығып қалуына көмектеседі», – деді Нұрсұлтан Əбішұлы.

Тәуелсіздік жылдары аграрлық секторды реформалау ісінде мемлекеттің түбегейлі маңызды қадамы жер қатынастарын реттеп, жерге жеке меншік құқын енгізгені болды. Бір адамның бір мезгілде меншік иесіне және тауар өндірушіге айналуының өзі ауыл шаруашылығының көтерілуіне мүмкіндік берді. Кеңес заманының жоспарлы экономикасының мұра етіп қалдырған ауыртпалықтарының бірі жерде жұмыс істейтін адамның өзін қожайын деп сезіне алмауы, оның өз еңбегінің нәтижелерінен шеттетілуі болды. ҚР Президентінің «Жер қатынастарын реттеудің кейбір мәселелері туралы», «Жер қатынастарын одан ары жетілдіру туралы», «Жер туралы», «Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы», «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және олармен жасалатын мәмілелерді тіркеу туралы» Жарлықтарында экономиканың аграрлық секторында нарықтық қатынастарды дамыту негіздері салынған. Сатып алу-сату, жер пайдалану құқын кепілге және жалға беру нақ осы нарықтық қатынастарды құру тетігі ретінде қаралған. Аграрлық секторда нарықтық қатынастардың ары қарай дамуының маңызды оқиғасы 2003 жылы маусымның 20-сында Қазақстан Республикасының Жер кодексінің қабылдануы болды, ал оған 2015 жылы бірқатар түзетулер енгізілді.

Алайда бұл түзетулердің іс жүзінде қолданылуына Мемлекет басшысының 2016 жылғы мамырдың 6-сындағы Жарлығымен қоғамдық толқу туғызуы себепті мораторий енгізілді, ал сол жылғы маусымның 23-інде жоғарыдағыдай атаумен заң қабылданды. Жер реформасы бойынша құрылған комиссия Үкіметке бірқатар ұсыныстар жолдады. Астанада 2016 жылы тамыздың 18-інде елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және жер реформасы жөніндегі комиссия жұмысының қорытындылары бойынша мемлекет басшысының басқаруымен мәжіліс өтті. Мәжіліс барысында жер реформасы жөніндегі комиссия жұмысының қорытындылары талқыланып, жер заңнамасына енгізілген түзетулерге мораторийді бес жылға ұзарту туралы шешім қабылданды. Осы шешім негізінде Парламентте қабылданған арнаулы заңмен Жер кодексінің жекелеген, атап айтқанда, шетелдік азаматтарға, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік заңды тұлғаларға, сонымен қатар жарғы капиталында шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың үлесі 50 проценттен асатын заңды тұлғаларға ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлерді уақытша пайдалану құқын беруге, сондай-ақ мемлекет меншігіне жататын ауыл шаруашылық мақсатындағы жер телімдеріне жеке және заңды тұлғаларға жеке меншік құқын беруге қатысты нормаларының қолданылуына жоғарыда аталған мораторий бес жыл мерзімге ұзартылды.

Ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты өзекті мәселелердің бірі, осы Жолдауда айтылғандай, ауыл шаруашылығы субъектілерінің кооператив түрінде жұмыс істеуіне жан-жақты қолдау көрсету керек. Тәуелсіздік жылдары ішінде совхоздар мен колхоздарды таратып, біз жаппай тәртіппен фермер (шаруа) қожалықтары үлгісіне өттік. Бірақ ол халық аз қоныстанған, соған байланысты жол, қатынас, энергиямен жабдықтау нысандары, мектептер мен ауруханалар өте аз біздің дала кеңістіктерімізде тиімсіз болып шықты. 

Қазір Қазақстанның ауыл шаруашылығында шаруашылық жүргізудің кооперативтік үлгісіне қайта оралу қажеттігін түсіне бастағандаймыз. Елбасының бастамасы бойынша, 2015 жылы қазанның 29-ында «Ауыл шаруашылық кооперативтері туралы» Заң қабылданды. сөйтіп, кооперативтер құрыла бастағанмен, қарқындары әзірше баяу. Бірақ алдағы уақытта осы және басқа да кемшіліктерді жоятын мүмкіндігіміз бар. Сондай-ақ, Президенттің Жолдауында: «Аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек», – деген нақты міндет қойылған. Бұған қоса, біз «шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз етіп, әлемдік нарықтарға жоғары сапалы дайын өніммен шығуымыз қажет, бұл мәселені шешуге барлық аграрлық кешеннің түбегейлі бет бұруы маңызды», – дейді Елбасымыз. Келесі маңызды міндет – ол аграрлық ғылымды дамыту мәселесі. Ол ең алдымен жаңа технологияларды трансферттеумен және оларды отандық жағдайға бейімдеумен айналысуы қажет деп көрсетілген Жолдауда. Осыған орай аграрлық университеттердің рөлін қайта қарау керек екендігі айтылған. Олар диплом беріп қана қоймай, ауыл шаруашылығы кешенінде нақты жұмыс істейтін немесе ғылыммен айналысатын мамандарды дайындауға тиіс. Осы салаға қатысты қойылған тағы бір маңызды міндет - агроөнеркәсіп кешенінің ғылымға негізделуін арттыру, оған жаңа технологиялар мен бизнес-модельдерді кеңінен енгізу. Ал бұл шаруашылықтарды кооперациялау қажеттігін күшейтеді.

Осыған орай, Президенттің ұйғаруынша, мемлекет бизнеспен бірлесіп, отандық өнімді халықаралық нарыққа шығарудың стратегиялық жолын тауып, ілгерілетуге тиіс. Сонымен бірге «ауыл шаруашылығын қарқынды дамыту өнімнің сапасы мен экологиялық тазалығын сақтай отырып жүргізілуі қажет. Бұл бүкіл әлемге танылатын «Қазақстанда жасалған» табиғи азық-түлік брендін қалыптастырып, ілгерілетуге мүмкіндік береді», – дейді Елбасымыз. Ауыл шаруашылығын дамытуға арналған міндеттерді қорытындылай келе, Президент Н.Ә. Назарбаев: «5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын, тиісінше, кем дегенде 2,5 есеге арттыруды тапсырамын» - деген болатын Елбасы өзінің 2018 жылғы Жолдауында.  Президент «Нұр Отан» партиясының съезінде айтқанындай, алдағы уақытта да біздің ұзақ мерзімді мақсаттарымыз өзгеріссіз қала береді, өйткені бізде қажетті бағдарламалардың барлығы бар. Ұлт Көшбасшысының стратегиялық көрегендігінің арқасында елімізде, жаһандық қаржы-экономика дағдарысына қарамастан, ел экономикасын жаңғырту өте сәтті іске асырылып жатыр. Қазақстан индустриялық әлеуетін нығайтуға және инновацияларды дамытуға нық бекінген. Ауқымды құрылымдық реформалар барысында мүлдем жаңа, технологиясы жоғары: мұнай-химия, автомобиль өнеркәсібі, теміржол машиналарын жасау, IT-технологиялар, ғарыш жерсеріктері өндірісі салалары құрылған.

Ұлт Көшбасшысының бастамасымен әр азаматтың өмір сүру деңгейін, әл-ауқатын көтеруге бағытталған: «Жол картасы бизнесі-2020», «Агробизнес-2020», «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламалары «Қазақстан-2050» даму стратегиясы негізінде жүзеге асып жатыр. 2017 жылы Қазақстанның Үшінші жаңғыруы бастау алды. Қазіргі таңда Индустрияландыру бағдарламасы табысты іске асуда. «Цифрлық Қазақстан» кешенді бағдарламасы қабылданып, жүзеге асырылуда. Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі дамуының кешенді стратегиялық жоспары орындалуда. Алдымызға қойылған озық дамыған отыз елдің қатарына кіру мақсатында 100 нақты қадам – Ұлт жоспары жүзеге асырылуда. Оның 60 қадамы қазірдің өзінде орындалып қойды. Қалғандары, негізінен, ұзақ мерзімге арналған және жоспарлы түрде іске асырылуда. Осының бәрін айта отырып, біз Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жаңа Қазақстан құру жолындағы орасан зор еңбегін атап өтуге тиіспіз. Тәуелсіздік туын көтерген Елбасымыз қазіргі қым-қуыт мазасыз әлемде өзінің халқын өрлеу жолында жүйелі басқарып, бастап келді және ары қарай солай істеп отыр. Басқа елдердің көшбасшыларымен сұхбаттасып, жұртшылықтың назарын уақыт талаптарына аудара, оларды шешу жолдарын көрсете отырып, Нұрсұлтан Әбішұлы өзін әлем ауқымындағы ірі мемлекет қайраткері ретінде танытты.

Жоғарыда айтылғандай, Елбасының бастамашылығымен қабылданған «Нұр Отан» партиясының стратегиялық маңызы бар шешімдерінде ауыл шаруашылығы саласын қарқынды дамытуға ерекше мән беріліп отыр. Бұл бізді қатты қуантады, өйткені ауыл – барлығымыздың туып өскен алтын бесігіміз. Қазіргі халқымыздың жартысына жуығы сол ауылда тұрып жатыр. Ауылды өркендету – ұлттық экономикамыз бен мәдениетімізді жаңғыртудың тірегіне айналады. Сондықтан, Қазақстанның әрбір азаматы Елбасы қойған міндеттерді орындауға белсене атсалысуы тиіс.

Талғатбек ӘМИНОВ, Мемлекет тарихы институтының аға ғылыми қызметкері,

тарих ғылымдарының кандидаты

Әдебиеттер:

1. Нұрсұлтан Назарбаев. Онжылдық перспективалары: ұлттың жаңа игілігі («Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезіндегі сөзі) //«Егемен Қазақстан» газеті, 2019 жылғы 28 ақпан №40 (29519).  

2. Елбасы жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауына қатысты мәлімдеме жасады. «Егемен Қазақстан» газеті, 2018 жылғы 09 қаңтар. 

3. Калымов А. АПК – драйвер экономического развития. Газета «Казахстанская правда», 23 июня 2016 года.  

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?