2019 жылдың 15 қаңтарында Елорданың сәулетті ғимараттарының бірі «Тілеп Қобыз» сарайында Мемлекет тарихы институтының директоры, профессор Б.Ғ. Аяғанның бастамасымен Қазақстанның Еңбек Ері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, түркітанушы ғалым, ақын Олжас Омарұлы Сүлейменовтің қатысуымен Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласындағы инновациялық тұжырымдар» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Алқалы жиынға Парламент депутаттары, «Нұр Отан» партиясының өкілдері, қоғамдық ұйымдар өкілдері, елімізде тіркелген дипломатиялық өкілдік қызметкерлері, Астанадағы жоғары оқу орындарының ғалымдары, орта мектептің тарих пәні мұғалімдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Кезедесуде алғашқы болып сөз алған белгілі кәсіпкер, жиһанкез, әрі ұлт мәдениетінің жанашыры, «Дешті Қыпшақ» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Сапар Ысқақов әлем тарихындағы түркі-қыпшақ феноменінің мән-маңызына тоқталды. Қазақстандық тарих ғылымында бұл мәселенің жеткілікті зерттелмей жатқанына, мектептің тарих оқулықтарында көрініс таппағанына қынжылыс білдіріп, Елбасының ұлт тарихын жаңғыртуға байланысты тапсырмаларын жүзеге асыру жоспарына сәйкес осы өзекті мәселелерді қолға алуды ұсынды.
Көрнекті ғалым, мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков Олжас Сүлейменовтің әлемдік түркітану ғылымындағы рөлі мен ғылыми тұжырымдарының маңызына тоқтала келе, ақынның қазақ қоғамын, мәдениетін жер жаһанға танытудағы еңбегіне тоқталды.
Қызылордадан осы кездесуге арнайы келген олжастанушы, тарих ғылымдарының докторы Дастан Сәтбай Олжас Омарұлының ғылыми еңбектері мен қоғамдық-саяси қызметіне жан-жақты талдау жасады.
Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшесі, саяси ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Н.П. Калашникова О.Сүлейменовтің ғылыми еңбектерінің еліміздің рухани жаңғыруы үдерісі мен Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласындағы міндеттерді жүзеге асыруда елеулі үлес қосатынына тоқтала келіп, Президенттің бағдарламалық мақаласының саяси және тарихи маңызын талдап көрсетті.
Қытайдан келген қазақ жазушысы Әкбар Мәштайұлы шекараның арғы бетіндегі қандастарымыздың Олжасқа деген ыстық сәлемін жеткізді.
О. Сүлейменов өзінің сөзінде қоғамдық-саяси жұмыстарында кездескен кейбір қиындықтар мен қызықты сәттерді еске ала келіп, қазіргі заманның ғаламдық мәселелеріне, түркітану ғылымының алдындағы келелі міндеттерге, ЮНЕСКО-ның әлемдік мәдениетті дамыту жолындағы игілікті жұмыстарына кеңінен тоқталып, іс-шараны ұйымдастырушыларға, қатысушыларға ризалығын білдірді.
ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті төрағасының орынбасары А.Б. Жәркенов ақынға министрлік атынан «Қазақстан Республикасы ғылымына еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісін табыстады.
Жиын соңында О. Сүлейменов кездесуге келгендердің сұрақтарына жауап беріп, ескерткіш суретке түсті.
Сейітқали ДҮЙСЕН, Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері,
педагогика ғылымдарының кандидаты