Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ғұндар салған құтты қала

2346
Ғұндар салған құтты қала - e-history.kz
Бүгінге дейін Арқа төріндегі Астана қаласының ресми тарихын патша заманынан, яғни 1830 жылдан бастау алады деп көрсетіп келдік

Өйткені дәл сол жылы Батыс-Сібір губернаторы Вельяминовтың Қараөткел аймағында Ақмола деп аталатын төртінші округ құру жөніндегі бұйрығы негізінде қаланың қазіргі орнына қазық қағылды. 1830 жылдың 28 мамыр күні басталған қала құрылысы тұп-тура екі жылға созылып, 1832 жылдың 22 тамызында аяқталды.

Алайда бұл датаны бас қаламыздың нақты іргетасы қаланған мерзім дей алмаймыз. Ары кетсе, бертінгі «күнделігі» ғана деуге болады. Тарихшылардың айтуына қарағанда, Астананың сан ғасырлық тарихы бар. Яғни Есіл өңірінде жатқан осы бір қаланың тарихы тым әріге, керек болса, ашель-мустьер заманына кететін көрінеді. Оған Астана маңынан табылған алуан түрлі тас құралдар мен қазба жұмыстары мен құрылыс салу барысында табылған жәдігерлер куә болса керек. Өңір халқы тұрақты тірлік кешіп, біздің дәуірімізге дейінгі VIII-V ғасырларда егіншілікпен айналысқан. Оған да қала маңынан әлі де табылып жатқан сол заманға қатысты қола орақтар мен топырақ өңдейтін құралдар дәлел. Астананың дәл іргесінде жатқан көне мекен – Бозақ қаласының орнын тазалап, зерделеп көрген ғалымдар да бас қаланың тарихы тым тереңде, сонау ғұн дәуірінде жатқанын аңғарып отыр.

Ғұндардан қалған мұра

Сол ғалымдардың пайымына салсақ, көшпелі салт ұстанған халқымыздың тарихи тегі саналатын осы бір Ғұн атты алып империяның көсемдері Сарыарқаның төсінде, Нұра мен Есіл өзендерінің арасында жатқан Тайтөбенің үстіне қамал салып, оны «Ақмола» деп атапты. Ғұндардың тілінде «ақ» сөзі – батыс, «мола» – қамал ұғымын білдірсе керек. Сонда Ақмола атауы «Батыс қамал» деген сөз болып шығады. Бұл ғылыми тұжырымды алғаш жазбаша түрде жеткізген Византия ғалымы – Прокопи Кесарийский. Оның бұл Ақмола туралы жазбасы 1939 жылы «Вестник древней истории» журналында басылған дейді ғалымдар. Кейін белгілі тарихшы Ғалым Қайратханұлы қытайдың көнежазбаларына сүйене отырып, бұл пайымның аңыз еместігін тағы бір мәрте дәлелдеп өтті.

Кейін сол ғұндар соққан батыс қамалдың айналасы жанға, мыңғырған малға толып, өркениет ошағына ұласады. Үлкен-үлкен қалалардың іргесі қаланады. Солардың бірі деп – Астанадан қол созым жерде жатқан Батығай қаласын айтуға болады. Өкінішке қарай, Батығайдың бізге бір сілемі ғана аман-есен жетті. Қазіргі «Хан шатыр» ойын-сауық сауда орталығы мен болашақта салынады деп жоспарланып отырған «Батығай» жабық қаласының аумағы өз заманында Қорғалжын елді мекенінің аумағындағы Тәуке ханның ордасы болған Батығай қаласының орны дейді ғалымдар. Одан басқа да осы өңірде Сұлу там, Сырлы там, Хан сүйегі, Бозақ… секілді қалалар болған екен. Сондай-ақ, елордамыздың маңайында Анжатам, Болған ана, Жұбан ана секілді қалалар болған деген деректер де айтылып жүр.

 

Әрине, мұның барлығы аңыз, дәйексіз дүние емес. Тарихи құжаттармен, фактілермен дәленденіп, көз жеткізілген деректер. Көне карталар мен қолжазбаларға сүйеніп жасалған дүниелер. Көне карта демекші сонау 1375 жылы Италияда құрастырылған «Каталон картасынан» да Есіл мен Нұра өзенінің бойында сауда жолдары, қалалар болғанын анық байқауға болады.  Сондай-ақ, 1459 жылы Венецияда жасалған италия картогрофы, монах ди Мурандо Фра-Маураның картасынан да зерттеушілер көптеген олжаға кенелді. 1742 жылы Францияда өңделіп, тың деректермен байытылып қайта шығарылған аталмыш картада Солтүстік және Орталық Қазақстан аумақтары анық көрсетілген. Сарай, Сүзгентұра, Қашлық, Ақтоғай, Іскер, Қайнақ, Ханыкей, Батығай секілді қалалардың географиялық орналасу реті, халқы туралы мәліметтер молынан қамтылған.

Сонымен қатар, кейбір зерттеушілер «Чертежная книга Сибири» атты кітапта да Арқа аймағының географиялық бедері дәл түсірілген, табиғаты, жерасты байлығы туралы деректер келтірілген айтады. Онда Тобыл, Есіл, Қорғалжын атаулары, Нұраның сағасындағы Батығай қаласының орны туралы нақты мәліметтер беріліп, сипаттама жасалады.

1694 жылы Ресейде жасалған картадан да Батығай қаласы туралы көп дерек табуға болады. Зерттеушілердің айтуынша аталмыш картаны сол жылы әз Тәуке ханның ордасына келіп түскен орыс елшілері Ф. Скибин мен М. Трошин жасаған. Карта 20 парақтан тұрады. «Казачья орда» деген атау берілген аса құнды осы мұрағатта әз Тәукенің Нұра өзені бойында орда тігіп отырғаны, оған бару үшін Есілден өтуге тура келгені баяндалады. Сол жерден Қорғалжын көлінен алыс емес жерден (орда мен көлдің ортасы) ағатын Нұра өзенінің жағасында Батығай атты қала бар екені әңгімеленеді. Елшілер өз жазбасында бұл шаһардың тазалығы мен сәулетіне және діни орындардың тым көптігін таңданыс білдірген. Батығай қаласы сауда керуендері үздіксіз келіп-кетіп жататын айрықша қала екен деп жазған. Ресей елшілері Ф. Скибин мен М. Трошиннің мәліметіне назар аударсақ, атақты әз Тәуке ханның жазғы ордасы қазіргі Астананың дәл түбінде орын тепкенін байқауға болады. Алайда, бүгінде бұл қалалардан жұрнақ та қалған жоқ.

Кезінде дүрілдеп тұрған сондай қалалардың  бірі – Бозақ қаласы Есілдің бойында, Қараөткелден оңтүстік-шығыс бағытқа қарай бес шақырым қашықтықта орын тепкен. Шамамен VIII ғасырда іргесі қаланған қала. Көне қаланың алғашқы зерттеушісі Әлкей Марғұлан болатын. Ол өткен ғасырдың 50-70 жылдары аралығында бірнеше рет үлкен экспедиция ұйымдастырып, Бытығай және Бозоқ қалаларының жұрнағын табу жұмыстарымен айналысты.  Кейін бұл жұмысты белгілі археолог Кемел Ақышев жалғастырды. 1998 жылы Бозақ қаласының орнын тауып,  1999 жылы алғаш археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Жалпы аумағы 30 гектар жерді алып жатқан көне қаланың орны Астана қаласынан не бары бес шақырым жерде жатыр. Зертеушілер  Бозақ қаласын VIII-X ғасырларда Ұлы Жібек жолының бір тармағы Дала жолы бойындағы қала-қорған болғанын айтады. Ол сондай-ақ қыпшақ билеушісінің ордасы, діни-мәдени орталығы болған. К.Ақышев атындағы археологиялық ғылыми-зерттеу институтының директоры Марал Хабдулинаның айтуынша, Бозақ – түрік-оғыз термині. Яғни, көне түрік мемлекеттерінің әкімшілік құрылымының шығыс бөлігінің атауы. «Бозақ» сөзі түрік-оғыздың «бузук» (боз оқ) сөзінен алынған. термині – «жебе» немесе «ақ жебе» деген ұғымды білдіреді. Сонымен бірге түркі ұғымында «боз» сөзі «дала», «ақ», «қоныс» дегенді білдіреді» дейді Марал Хабдулина.

Бозақ туралы алғашқы мәліметтер қалдырған адам патша армиясының офицері, геодезист И.Шангин болып саналады. Ол 1816 жылы Есіл өзеніне таяу көл жағасында Бозақтан өзге тағы жеті көне қаланың орны бар екенін жазады. Кейін бұл мақаласы 1820 жылы Ресейдің императорлық «Сибирский вестник» журналында жарияланады.

Археолог әрі өлкетанушы Василий Солочинскидің 1955 жылғы зерттеулерінде Ақмола шаһарының астында жиырмаға жуық қалашық тапталып жатқаны туралы жазылған. Солардың біразы қаланың оңтүстік-шығыс бөлігіндегі Силикат кірпіш зауыты, Ащыөзектің бойына тұрғызылған ғимараттардың табанында тапталып жатыр. Абылай хан даңғылының бойында Ауғанстандағы соғыста қаза тапқан жауынгерлерге арналғаш ескерткіш салу барысында  жер астынан қола дәуіріне тән қоныс-зираттың орны табылған болатын. Археологтар шақырылып, ескі қорымның тарихи маңызы анықталып, мамандар құрылысты дереу тоқтату туралы мәселе көтерілді. Алайда бұдан еш нәтиже болмады. Қарағанды тас жолының бойында құрылыс нысандарын салу барысында да бағзы мәдениет ошақтары табылғанын айта кету керек.

Қамал қалаға айналды

1832 жылғы 22 тамыз күні тұсауы кесілген бекініс бірте-бірте өз іргесін кеңейте береді. 1845 жылы Ақмола станицасына айналды. 1862 жылғы 23 қазанда Ақмолаға қала мәртебесі берілді. Деректер бойынша, сол шақта шаһарда 4777 дворян, үй-жанымен 1320 солдат, 1487 қарулы казак, 130 татар, 1349 орта азиялық, 11 дін иелері, 300-ге жуық қазақ болыпты. Екі май балқытатын, бір сабын қорытатын, тері илейтін зауыт жұмыс істеген. Қаланың негізгі кәсібі сауда болды. Жиі-жиі жәрмеңкелер ұйымдастырылып тұрған. 1852 жылдан бастап, әр жылдың жиырма бірінші мамырынан бастап оныншы маусымына дейін болатын «Константинов жәрмеңкесі» өткізіліп тұрды.

1868 жылы Ақмола, Көкшетау, Петропавл, Омбы, Атбасар сияқты бес уезден тұратын Ақмола уезі құрылды. Ал қаланың өзі уезд орталығына айналды. Жеке елтаңбасы да бекітілді. Бірақ бұл таңба да бізге жеткен жоқ. Ал 1910 жылы түрлі ұлт өкілдерінен тұратын қала тұрғындары 13000-ға жетті. 1916 жылы бүкіл облыс халқының саны бір жарым миллион адам болды. Осылайша шағын ғана қамалдан бастау алған бекініс жарты миллионнан астам адам тұратын облысқа айналды. Сауда нысандары, өндіріс орындары құрылды. Білім беру мекемелері мен банк, аурухана, мешіт салынып, тіршілігі қайнаған ортаға айналды. 1898 жылдардың өзінде облыста үш қалалық, он екі шіркеулік мектеп және бірнеше ауылшаруашылық училищесі болыпты.

Татар мектебі ашылған. Бұлардың бірі бұрынғы орталық базардың жанындағы үлкен мешіттің орнында 1920 жылға (қызылдар өртеп жіберген) дейін тұрған. 1913 жылы Ақмолада 40 кәсіпорын болыпты. Бұл кәсіпорындарда 208 адам жұмыс істеді. Сонымен қатар, 100 жел диірмен болды. Сол кездері бой көтерген ас үйлер мен көрнекі нысандар елорданың ескі орталығында бүгінгі күнге дейін сақталған.

Көненің көзі

Кезінде архитектуралық кескінділігімен ерекшеленген ғимараттардың бірі – Александр-Невский соборы болыпты. 

Бізге 1881 жылғы 12 мамырда тұрғызылған бұл алып нысанның тек суреті ғана жеткен. Ол Александр үшінші мен отбасының құрметіне салынса керек. Собордың сəулетшісі – тобылдық инженер-технолог Павел Голышев. Большевиктер 1940 жылы қиратып тастаған.

Сондай-ақ, қалада бір класты училище, мешіттің жанынан (бұл бұрынғы орталық базардың жанындағы үлкен мешіттің орнында болған. 1920 жылы қызылдар өртеп жіберген) татар мектебі ашылған. 1868 жылы Ақмола уезд орталығына айналды.

Ақмола бекінісінде ең алғаш бой көтерген ғимарат бекіністің негізін қалаған Федор Шубиннің әскери казармалық бөлімшесі болды. Казармалар Есіл өзенінің жағалауында жатқан қазіргі № бірінші лицейдің аумағында болған. Бұлардың ең соңғысы 1973 жылдың қыркүйек айына дейін тұрыпты. 1890 жылдары Ақмоланың орталық алаңында екі корпустан тұратын бір этажды дүкендер, қонақ жайлар салынады. Жеке секциялар мен дүкендер шеттен келген саудагерлерге жалға берілетін болған.  Қазір бұл қонақ жайларлардың орнында «Sine Tempore»  сауда орталығы орналасқан. Сондай ғимараттрдың бірі – «Метеор» кинематографы. 1910 жылы іргесі қаланған  жекеменшік «Метеор» кинематографы қазіргі Желтоқсан-Кенесары көшелерінің қиылысындағы сауда орталығының орнында болған ағаш үйге орналасқан.

Бекіністе Сəкен Сейфуллиннің ұйымдастыруымен 1917 жылы тұңғыш қазақ «Тіршілік» газеті жарық көрген. Редакциясы Астана қаласындағы «Абай» қонақ үйіне таяу жердегі екі қабатты ғимаратта болған. Өкінішке бұл ғиарат бізге жетпеген. Сондай-ақ, 1920 жылы 1 қазанда ашылған драма театры, атақты саудагер Семеновтың үйі деген тамаша құрылыстар болған. Семеновтың үйінің орнына тың игеру жылдары «Москва» қонақ үйі салынды. Соңғы жылдары адам танымастай өзгертілген бұл нысанда көпке дейін Қазақ ақпарат агенттігі отырды.

Ағайынды Қосшығұловтар осы өңірде алғаш рет конфет фабрикасын іске қосқан. Бұл ғимараттан да бүгінде із жоқ. «Абай» қонақ үйі салынғанда ысырылып тасталған дейді көз көргендер.  Конфет фабрикасына төңкерістен соң түрлі мекемелер орналасты. Басында айтып өткен «Тіршілік» газетінің редакциясы да біраз уақыт осында болды. 1928 жылы қалада қуаты 18 квт-тық электр станциясы іске қосылыпты Деректерге қарағанда одан тартылған электр желісінің ұзындығы 8 шақырым аумақты қамтыған.

Оқи отырыңыз: Қараөткелді көтерген Қосшығұловтар әулеті

Алайда, аумалы-төкпелі заманға қарамастан көптеген нысандар жақсы сақталып қалды. Бұл ғимараттар күрделі жөндеуден өтіп түрлі мекемелерге қалқан болып, халық игілігіне жарап отырғанын айту керек. Бүгінде қалада тарихи мәні зор 40-қа жуық тарихи–мəдени орындар бар екен. Олардың 16-сы жергілікті дəрежедегі, екеуі республикалық дəрежедегі ғимараттар. Соңғыларының бірі деп Тың игерушілер сарайы (қазіргі Конгресс-холл мəдениет сарайы) мен  Отырар көшесіндегі Сəкен Сейфуллиннің үйін айтуға болады. Ол үйде ол қазақ балаларына сабақ берген.

Казенцевтің үйі 

Зұлматты жылдардан аман жеткен жәдігерлердің бірі – көпес Казанцев салдырған үй.  Ол бүгінге дейін өз қалпын бұзбай  сақталған үйлердің бірі. 1846 жылы салынған бұл құрылыс сексенінші жылдардың соңында Сəкен Сейфуллиннің мұражайына айналды. Оған жапсарлас салынған үйде Благовеценский деген дəрігер тұрған екен.

Көпес Кубриннің үйі

Қаладағы ең үлкен үй – Василий Кубриндікі  болатын. Бұл үй бүгінгі уақытқа дейін сақталған. Кубриннің үйі 1910-1912 жылдары тұрғызылған. Ауласында ағылшын стилінде бақ болған. Кәсіпкер әр ағашты өз қолымен отырғызыпты. Ол ағаштар қазір де сақталған. 1913 жылы Василий Кубриннің үйін «Ресей» сақтандыру қоғамы 40 мың рубльге бағалаған. Яғни, сол кездегі баға бойынша, 700 жылқыға тең. Отызыншы жылдары бұл үйді НКВД иеленді, кейін милиция басқармасына айналды. Соңғы жылдарды өлкетану мұражайы қоныстанды. Кеңесары және Әуезов көшелерінің қиылысында орналасқан ол үйде қазір Украина елшілігі орналасқан.

Ардагерлер емханасы

Астанадағы тарихи ғимараттардың санатындағы бүгінгі ардагерлер емханасын көпес Моисеев тұрмысқа шыққан қызы үшін салдырған. Құрылыс біткенде қалада қызылдар төңкерісі болады да, көпестің дүние-мүлкі тәркіленіп, қызы Қарағандының жанындағы Долинка концлагеріне айдалады. Мұнда кейін Ақмола уезінің Совдепі болыпты. Ресей коммунистік партиясының уездік комитетіне, одан соң облыстық кеңестің атқару комитетіне беріледі. Ұзақ жыл облыстық партия комитетінің емханасы болды.

Константин-Еленинский шіркеуі  

 

Константин-Еленинский шіркеуі 1850 жылдары әскери бекіністің жанында қазіргі Қажымұқан стадионының орнына салынған

Ол  да – өзінің бастапқы сәулет кескінін сақтап қалған ғимараттардың бірі. 1900 жылы христиан дінінің өкілдері қиратылып кету қаупін ерте аңғарып, қазіргі тұрған жеріне көшірген секілді.

Тарихтан сыр шертіп тұрған тағы бір ғимаратта бүгінгі таңда Тұрғын үй департаменті отыр. Қабырғасы 1915 жылы қаланған ғимарат бастапқыда солдаттарды емдейтін орталық болды. Большевиктер төңкерісінен соң Халық үйі атанды, кітапхана, тарихи-өлке тану мұражайы, орыс драма театры орналасты. Бір өкініштісі, тарихи жәдігерлерді өз көзімізбен көруге барғанымызда талай зұлматты бастан өткерген ғимараттың қабырғасы шіріп, кей тұстары құлап жатқанын көрдік.

Қазіргі орыс драма театры 

Қала Ақмола атанып тұрған кезде бой көтерген ғимараттың бірі деп қазіргі орыс драма (3-сурет) театрын айтуға болады. Шаңырақ көтерген кезі – 1943 жыл. Сол тұстарда театр сахнасында Мұхтар Әуезовтің «Еңлік – Кебек», Ғабит Мүсіреповтің «Қозы-Көрпеш» пьесалары қойылған. Алайда саяси режим қала басшылары өзін-өзі ақтай алмайды деген желеумен 1948 жылы қазақ тобын жауып тастаған. Ұлттық театр арада 42 жыл өткен соң, яғни 1990 жылы ғана ашылды.

С. Сейфуллин атындағы Аграрлық-техникалық университет. Ол – қаладағы алғашқы жоғары оқу орны. 1958 жылы құрылған аталмыш оқу орны Ақмола ауыл шаруашылығы институты деп аталған.

Ақмоланың одан кейінгі даму тарихы бәрімізге белгілі. 1939 жылдың қазан айында Ақмола облыс орталығы болып бекітілді. 1960 жылдың 26 желтоқсанында «Тың игеру өлкесін құру туралы» жарлық шығып, 1961 жылы аты Целиноград болып өзгертілді. 1992 жылы Целиноград қайтадан Ақмола болып өзгерді. Ал 1994 жылдың алтыншы шілдесінде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы Қаулы шығарып, Тәуелсіз қазақ елінің елордасына айналды. 1998 жылдың алтыншы мамырында Ақмола атауы «Астана» болып өзгерді. Бір қызығы, көне парсы және грек жазбаларында Есіл бойын мекендеген сақ тайпалық бірлестіктердің бірі «асседона» деп аталыпты.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?